Сейсенбі, 30 Тамыз 2022 21:31

Тәуелсіздіктің алтын тұғыры

Үш жүздің басы қосылып, Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап, «Қазақ» деген ұлы халықтың туы көтерілгелі бес жарым ғасырдан аса уақыт өтті. Сол заманның өзінде тәртіптің, әділдіктің нышанына айналған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің Жеті Жарғысы» атты дала заңдарының негізгі принциптеріне негізделген Ата Заңымыз бүгінде Қазақ елінде әділдік орнатуда, азаматтардың құқықтарын қорғауда, мемлекеттік басқаруда, сот билігі мен парламенттің өкілетін айқындауда негізгі рөл атқаруда. Әрбір дербес елдің өзінің мемлекеттік айшықтары мен құндылықтары бар. Сол секілді егемен еліміздің басты құндылықтарының бірі Ата Заңымыз – Конституция. Онда мемлекеттік барлық құрылымдардың, жеке азаматтардың, ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаты, міндеті мен құқықтары көрсетілген. Бұл құжат алмағайып заманда уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына сай екендігін дәлелдеді.

Конституция – қоғамның мәдени өмірінің маңызды факторы, осы қоғамға тән рухани-мәдени құндылықтардың пайымдамасы. Конституция – қоғам мәдениетінің маңызды элементі. Қоғамдағы мәдени өмірдің деңгейі, білім алу кепілдігіне, әдеби, көркемөнер, ғылыми, техникалық және басқа шығармашылық түрлерімен айналысу еркіндігіне, оқытуға және зияткерлік меншікті қорғауға тәуелді болады. Жалпылай алғанда, Конституция мемлекет тарапынан адамның өмірі, бас-бостандығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Бұл туралы маңызды құжаттың бірінші бабында жазылған.

Еліміз егемендік алғанына көп уақыт болмаса да, әлемдегі талай алпауыттарға үлгі болып, дамушы елдерден көш ілгері келеді. Осы уақыт ішінде ынтымақтастық пен бірліктің арқасында толағай табыстарға қол жеткіздік. Экономикамыз қарыштап дамып, жыл сайын ішкі жалпы өнімнің пайыздық көрсеткіші артып келеді. Осындай жетістікке жету жолында Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Контитуциясының ықпалы зор. Еліміздегі заңдардың қайнар көзі болып саналатын Ата Заңның әлі күнге мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын рөлі ерекше. Бәз-біреулер айтқандай, Қазақстанның мемлекет болып құрылуы кешегі тәуелсіздік жылдарынан бастау алған жоқ. Ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы қазақтың алтын бесік атажұрты. Осы жерді мекен еткен бабаларымыздың өз заңы, Конституциясы болған.

 

Ежелгі қазақ заңдары

Ел тәуелсіздігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздер сынды Контитуция да – егемендіктің бір символы. Тағылымды тарихымызға зер салсақ, ұлан-ғайыр атырапты мекен еткен қазақ халқының алғашқы заңдар жинағы салт-дәстүрге, халықтың тұрмыс-тіршілігіне негізделді. Қасым хан билік құрған жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы заңдар жинағы – «Қасқа жол» жарыққа шықты. Бұл заң жергілікті халық арасында бұрын-нан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. «Қасқа жол» сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген шариғат заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» «ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар» сынды өзгерістер енгізілді. Қара халық Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін құп көріп, заңдар жинағын «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. Кейіннен 1598-1628 жылдары билік құр-ған Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған «Қасым ханның Қасқа жолын» іс жүзінде қолданып, «Есім ханның Ескі жолын» қабылдады. Бұл заңдар жиынтығы да жерге қатысты заңдарды, малға байланысты ережелерді, мүліктік қатынастарды, қылмыстық іс туралы, әйелдердің қоғамдағы жағдайы туралы, әскери міндеттілік туралы, дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қамтыды.

Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» – қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Бұл туралы Қазақстан Энциклопедиясында айқын жазылған. «Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. «Жеті жарғыға» сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және «Жеті жарғының» өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің, Я.Гавердовскийдің, А.Левшиннің жазбала-рында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.Словохотов, А.Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада «Жеті жарғының» аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген. Бізге белгілі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы хан кеңесінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді».

 

Конституция тарихы

Дербестік алып, егемендікке қол жеткізгенге дейін ХХ ғасырда Қазақстанда үш рет Конституция қабылданып, толықтырылды. Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18  ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Респубиликасының Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені бұл кезде Қазақстан РКФСР-ның бір бөлігі еді. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РКФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

Араға 11 жыл салып, 1937 жылы 26 наурызда Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды. Онда «КСРО Конституциясының 14-бабының шегінен тыс Қазақ КСР-і өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», – деп жазылған еді.

ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР-інің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл маңызды құжат кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрды. Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

Қазақстан Республикасы дербес мемлекет болып құрылғаннан кейін Тәуелсіз еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Ата Заң Қазақстан егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды қамтыды. Маңызды құжатта халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану мәселелері қамтылды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

Тәуелсіздік тұсында алғаш қабылданған Конституцияға 2 жылдан кейін, яғни, 1995 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бүкілхалықтық референдум негізінде 30 тамызда жаңа Ата Заң қыбалданды. Сонымен қатар, осы дата Конституция күні болып бекітілді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.

 

Жаңа Қазақстанның Ата Заңы қайта жаңғырды

Уақыт өткен сайын адамзаттың өмір сүру принципі өзгеріп, заман талабына сай жетілдірілуі тиіс. Осы орайда, биыл, 2022 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ұсынысымен қолданыстағы Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Әрине, бұл тарихи маңызды шешім бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылды. Биылғы конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды қадам болды. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылды. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Референдум арқылы өзгертілетін заң жобасы халықтық талқылауға түсіп, қазақстандықтардың ұсыныс-пікірлері ескерілді. Осылайша, 5 маусымда Ата Заңымыз толықтырылды. Бүкілхалықтық науқанға дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы қатысты. Дауыс берушілердің қатысу көрсеткіші 68,05 пайыз. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Ал 18,66 пайызы (1 490 470 адам) түзетуге қарсы болды. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылған және 1,58 пайызы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген. Бұл туралы орталық референдум комиссиясы жариялап, өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Конституциямыз әлемдегі ең жас Конституциялардың қатарында болғанымен, жоғарыда атағанымыздай, болашаққа деген бағдарды айқындайтын Ата Заң тамырын тереңге жайған тарихымыздан бастау алады. Конституциямыз ата-бабаларымыздың ұстанған «Жеті Жарғының» заманға сай жетілдірілген түрі. «Жеті Жарғының» өзі де үстіртін жазылған құжат емес, ол жүйелі түрде жасалған заңдар жинағы. Бұл заңда да қазақ даласындағы азаматтардың бостандығы мен құқығы, қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Сондықтан, заманауи Ата Заңымызды жазу барысында «Жеті Жарғының» негізгі принциптері сақталған. Сонымен қатар, Конституцияның басқа елдердікінен ерекшелігі, мұнда заңдар қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен ұлттық дәстүр және ұлттық қағидамен астасып жатыр. Бабалар салған сара жолмен жүрген ұлт ешқашан адаспақ емес. Біздің Ата Заңымыз кешегі 90-шы жылдардың басында жазылған жоқ. Ол ықылым заманнан өмір тезінен өтіп, осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоймай сақталып келеді.

Дайындаған С.НҰРАДИН.

Оқылды 1700 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет