«БАСШЫ ҚАБАНДАЙ ҚАЙСАР, ҚАСҚЫРДАЙ КҮШТI, САУЫСҚАНДАЙ САҚ, ҚАРШЫҒАДАЙ ҚЫРАҒЫ БОЛСЫН. БАСТЫҚ ЕЛДI БИЛЕУ, ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ҒЫЛЫМНЫҢ НЕГIЗIН ЖАҚСЫ БIЛУI ҚАЖЕТ. ХАЛЫҚТЫ ДҰРЫС БАСҚАРУ ҮШIН БАСҚАРУ ҒЫЛЫМЫН МЕҢГЕРМЕЙ БОЛМАЙДЫ» ДЕГЕН ЕКЕН АҚЫН, ОЙШЫЛ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН. ОСЫДАН МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫН ӨМІР СҮРГЕН МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ БАСШЫ ТУРАЛЫ ОСЫ СИПАТТАМАСЫ ЗАМАННЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВҚА АРНАП АЙТЫЛҒАНДАЙ. ҚАНША БИІККЕ КӨТЕРІЛСЕ ДЕ ӨЗ ХАЛҚЫНАН ТӨМЕН ЕКЕНІН ҰМЫТПАҒАН Д.ҚОНАЕВ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ҚАЗАҚ ЕЛІН ӨРКЕНДЕТУГЕ АРНАДЫ.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Димаш Ахметұлы қазіргі Алматы қаласында қарапайым шаруа Меңліахмет пен Зәуренің шаңырағында 1912 жылы дүниеге келген, 11 баланың үшіншісі. Кішкентайынан зерек болып өскен Димаш оң-солын тани бастаған шағынан бастап-ақ тау-кен инженері болуды арман еткен. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз деп сұрағандарға екі себебін айтқан екен: біріншісі, бала кезінен үлгі тұтқан тұңғыш қазақ инженері Мұхаммеджан Тынышбаев болса, екіншісі, тау-кен ісімен шұғылдану қазақ үшін ол кезде сирек кездесетін мамандықтың бірі болуы. Мамандығына деген сүйіспеншілігін және адами жоғары қасиетке ие екенін мына әңгімеден байқасақ болады. Зейнет жасына шыққан Димаш ата жаңадан визитка жасатса керек. Визиткада аты-жөні және тау-кен инженері дегеннен басқа артық ауыз сөз жазылмапты. Тіпті, мамандық бойынша докторлық дәрежесі, профессор, академик екені де жазылмаған. Бұл ісіне таңқалғандардың сұрағына: «Оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал тау-кен инженері деген өмірлік нәрсе», - деп жауап беріпті.
Д.Қонаев алғаш еңбек жолын 1937-1939 жылдары мамандығы бойынша бастаған. Балқаш мыс қорыту комбинаты мен Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында директор лауазымына дейін көтеріліп, алып өндіріс орындарынан бастаған Димаш Ахметұлы 1942-1952 жылдары Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының президенті болып қызмет жасаған. Одан кейінгі ғұмыры партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде өтеді. 8 жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 16 жыл СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болған.
Өз халқының баянды болашағы үшін еңбек еткен Д.Қонаев жайлы естеліктер өте көп. Қайсыбірін алып қарасақ та, заңғар тұлғаның ұлт мүддесі үшін атқарған ісіне куә боламыз. «Орысты ренжiтсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжiтсең қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуi бар. Қазақтың артында Мәскеуi жоқ, қазақтың Мәскеуi – бiздермiз Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой, бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», - деп Асанбай Асқаровқа айтқан сөзі соның айқын дәлелі.
Н.Хрущев билікке келген тұста оның қазақ жерлерін талан-таражға салу жайлы идеяларын қолдамаған Д.Қонаевты биліктен кетірді. Хрущев Қазақстанның солтүстігін Ресейге, оңтүстігіндегі бірнеше ауданды Өзбекстанға бергісі келді. Осындай мәселеге келгендегі Дінмұхамед Қонаевтың ұлтжандылығы Хрущевке ұнамады. Астыртын тартыс уақыт өте келе ашық қақтығысқа ұласып, 1962 жылы Дінмұхамед Ахметұлы қызметінен шеттетілді. Шаруалардың жеке мал ұстауына тыйым салынып, қазақ жеріне жаппай жүгері еккізген Н.Хрущев елімізде қазақ халқына мүлде жат шошқа өсіруді қолға алды.
1964 жылы Никита Сергеевич қызметінен түсіп, орнына билік басына Л.Брежнев келгеннен кейін Д.Қонаев басшылық қызметіне қайта сайланды. 1 жылдың ішінде-ақ еліміздің шаруаларын титықтатқан шошқа мәселесін шешіп береді.
1965 жылдың күзінде, яғни Қонаевтың хатшы болып сайланғанына әлі жыл толмаған кезде шошқа мәселесі алдынан шықты. Сол кездері харам малды ұстау мұсылман баласына қалай ауыр тигенін жеткізу қиын. Көптеген қазақы ауыл шошқаны бақтыру үшін басқа ұлттың адамын іздеумен әлек болған. Шошқаның жағдайын жасаймыз деп жергілікті атқамінерлер әуре-сарсаңға түскен. Ал Шәуілдір ауданында шошқаға жайлы қора саламыз деп көне қала – Отырарды бұзып, байырғы күйген кірпіштерін алғызған. Көнекөздердің айтуынша, оңтүстікте сол кезде шошқа ұстамаған ауыл кемде-кем сияқты.
Қонаевтың орнына Никита Сергеевич әкелген басшы И.Юсупов шошқамен шектелмей, есек етін де пайдаға асыруды армандапты. Халық жазушысы Х.Ерғалиевтің бұл жағдайды еске түсіріп: «Юсупов, яғни «Исмаил әка түркімен жазушыларын қабылдай отырып: «Біз жеңсік тағам ретінде ет комбинаттарына есектің етін тапсыртамыз» дегенде қасында тұрған қазақ атаулының бастары салбырап, жерге қарағаны өмірі есімнен кетпейді», - деп жазады. Құдай сақтап, Хрущев пен Юсуповтардың жойқын жоспарлары іске аспай қалады.
1964 жылдың қазан айында КСРО-дағы билік басына Леонид Ильич келді де Ташкентте өткен бір жиналыста И.Юсуповты шақырып алып: «Қазақстан Ресейден кейінгі ең үлкен республика, онда ауқымды өнеркәсіп те, ауыл шаруашылық өндірісі де бар, зор құрылыстар салынуда. Мұндай алыпты тек білімі терең, тәжірибесі мол адам ғана басқара алады. Ал сізді басшы еткенде біз қателесіппіз, біліміңізді ескермеппіз. Сіз бар-жоғы Талғар сельхозтехникумын бітірген екенсіз, осы қателікті қалай жойсақ», - деп сөзін түйіндегенде Юсупов арызын жазуға дайын екенін білдіріпті. Желтоқсан айында Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланады. Исмаил Юсуповтың жұмыстан кетуімен есекті ет комбинаттарына өткізу жоспары да ұмытылады. Ал шошқаны өсіруден қазақ қалай құтылды?
Соғыс және еңбек ардагері Әдіһам Шілдерхановтың естелігіне назар салсақ, 1965 жылы Алғабас ауданындағы бітік шыққан жүгеріні көруге Д.Қонаев келеді. Кездесу аяғында ұжымшар басшысы, облыс басшыларына ұсынысың болса айт дегенде: «Кеңшарымызда қой өсіріледі. Қара мал мен жылқымыз да бар. Соған қоса тағы да шошқа өсіру жоспарланған. Шошқаның еті қойдың етінен 8 есе қымбатқа түседі. Осының жоспарын қой етімен өтеп, шошқа өсірмей-ақ қояйық деген өтінішіміз еш жерден қолдау таппай жүр», - дейді. Ә.Шілдерхановтың сипаттауынша, Димекең Ливенцовқа сұстана қарап ызғарлы үнмен: «Ей, сен қазаққа шошқа бақтырып қоймақсың ба?!» – дейді. «... Димеке! Димеке!», - деп Ливенцов кібіртіктей сөйлеп, өзіміз де таза қазақы аудандардағы шошқаларды алсақ па деген ойда жүр едік. Қалай да орындаймыз», - деп уәде береді. Ізбе-із кеңшарымыз шошқа өсіру тауқыметінен құтылды. Жалғыз біз емес, тек қазақтар тұратын Алғабас, Созақ, Шәуілдір аудандарының бәрінен де шошқаны жиып әкетті», - деп көрсетеді соғыс және еңбек ардагері Ә.Шілтерханов.
Ұлт жанашыры еліміздің жетекші салаларын дамытумен қатар, әдебиетті, руханиятты жоғары қоя білді. М.Әуезов, І.Есенберлин, О.Сүлейменов сынды белгілі қазақ жазушыларына, әдебиет саңлақтарына қамқор болды. Атақты ғалым, жазушы Құлбек Ергөбек Димаш Ахметұлының қазақ әдебиетінің тарихын тереңдеткен профессор Бейсенбай Кенжебаевпен де хабарласып отыратынын, қала ортасынан үй бергізгенін, көлік ұсынғанын айтады.
Д.Қонаевтың І.Есенберлинге, басқа да зиялы топ өкілдеріне жасаған жақсылығын жазушының інісі, ғалым Раунақ Есенберлин былай сипаттайды: «Ол оған көмегін тура да, жанай да аяған жоқ. Әсіресе, екі оқиға Ілияс үшін өте мәнді еді. Бірінші жолы Димаш Ахметұлы Қонаев Ілиясты өте ауыр жаладан аман алып қалды. Олжас жайлы халық біледі, ал Димекең талайды тоталитарлық жүйенің құрбаны қылмағанын тек кіші шеңбер түсінеді. Екінші жолы Димаш Ахметұлы Ілияс дарынына сенім артты. Нәтижесінде қазақ халқының бетке ұстар мақтанышына айналған «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары жарық көрді». Олжас Сүлейменовтің айтуынша, Д.Қонаев әдебиет пен өнердегі әрбір жаңа тұлғаны байқап отыратын. «Он замечал появление каждого нового имени в литературе и искусстве. Его внимание испытали на себе многие», - дейді жазушы. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовты арнайы шақыртып, қала орталығынан үш бөлмелі үй бергізгені, баспадан әндер жинағын шығаруды міндеттегені баршамызға белгілі. Димаш Ахметұлы қолдаған өнер адамдарының ішінде Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кеңбаев, Нұрғиса Тілендиев те бар. «Отырар сазының» да, оны қалыптастырған Нұрғиса Тілендиевтің де өсіп-өркендеуіне Димекең тікелей қамқорлық жасады», – дейді жазушы Әзілхан Нұршайықов.
Д.Қонаевтың шығармашылық адамдарына қамқорлық танытумен қатар, олардың шығармаларымен терең танысып, өздерін қатты құрметтеген. Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовпен алғашқы кездесуін Д.Қонаев ерекше тебіренсіпен өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында баяндаған. Қос алыптың жүздесуі Димаш Ахметұлы Риддер қаласындағы кен орынында директорлық қызмет атқарып жүрген кезде болған екен. «Сол жылы менің есімнен ешқашан шықпас және ерекше бір кездесудің куәсі болдым. Омар Һайям айтқандай, жақсылармен әрбір жүздесуің жылға бергісіз өмір ғой. Ой, қайран Мұхаңның мүлде жөні бөлек еді ғой. Ондай ұлы адамның әр сөзі, әр қимылы, әр ісі жанға азық, жастарға ғибрат. Көшелі кісіні көргеннің өзін айта алмай отыратын қазекемді, онымен тонның ішкі бауындай сыйлас, сырлас болған менің Мұхаң жайындағы естелігім енжар қалдырмас деп білемін.
Жұмыс бабы сіңбіруге шама келтірген бе? Кеңсеге бас сұқсаң болды, алдың босамайды. Оның үстіне жеке шаруасымен келген кісілерді қабылдайтын күнім, уақытқа шек қойып, пәлсініп жату жоқ. Кімнің де болса құдайдан бір үміті бар, шаруам тынса деп, ол күпті көңілмен табалдырығыңнан аттайды, алдыңа келген адамға қолыңнан келген жақсылығыңды жасап, риза қылып аттандырсам деп, сен намысқа тырысып отырасың. Сондай бір қарбалас күн еді. Хатшы қыз асығыс кіріп:
– Жазушы Әуезовпін деп бір кісі қабылдауыңызға келіп отыр. Жазушы дейін десем, жұпыны киініпті. Қарапайым. Түсінсем бұйырмасын, жұмысшылармен пәленбай жылдан аралас-құралас жүрген адамдай емен-жарқын әңгімелесіп отыр, – деді.
Мен де өз құлағыма өзім сенбедім. «Апыр-ау, ұлы суреткер ат артып, тон тоздырып бір шеттегі күнгей елге де ат ізін салады екен-ау», – деді бір ой қуаныш отын үрлеп. Сонда да секемшіл көңіл:
– Рас айтасыз ба? – деп қайталап сұратты.
Мұхаңды естуім болмаса, шығармаларын оқығаным болмаса, өмірі көрген жан емеспін. Алматыдағы №14 мектепте оқып жүрген кезімде, шамасы, тоғызыншы кластың оқушысы шығармын. Ойдың да, бойдың да өсіп, айналаңа іңкәр көңілмен көз тастап, сұлулық әлемінен сыр сабақтай бастаған шағымыз. «Қаракөз» сахнадан түспей, үлкен-кіші түгел жапырылып кеп, театрға барып жатқан. Қызық көріп мен де бардым. Әлі көз алдымда, Қаракөздің ролін тамаша өнер иесі, бірақ сахнадан тым ерте қол үзіп кеткен Зуһра Атабаева, ал, Сырымды оның күйеуі Құрманбек Жандарбеков ойнады. Келістіріп ойнағандары сонша, Қаракөздің қасіретпен аяқталар тағдыры жан баласын жайбарақат қалдырмаған. Көзіне жас алмаған, әділетсіз өмірдің құрбаны болған пәк сезімге аянышпен қарамаған кісі кемде-кем еді. Онан кейін «Қаралы сұлуды», «Қараш-қараш» оқиғасын, «Қорғансыздың күнін», «Кінәмшіл бойжеткенді», «Көксеректі» оқып, Мұхаңның жазғандарына бауыр басып кеткен едім. Міне, енді ол кісінің өзімен жүздескелі тұрмын.
Жасыратын несі бар, тірі жазушымен тұңғыш рет бетпе-бет келуім, қуанышым қойныма сыймаған да шығар, қызығу да жоқ емес еді, құштар көңіл мені қабылдау бөлмесіне қарай дедектете жөнелді. Директорлық лауазым жайына қалды.
Шынында да, ол кісі бір топ жұмыскердің ортасында әңгіменің қызығына түсіп, дүниені ұмыт қалдырғандай әдемі бір көңіл күйде отыр екен. Қайдан тапқанын білмеймін, үстінде жұмысшы киімі, аяғында керзі етік.
Біз ұзақ әңгімелестік. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі ме, әлде жеті қат жер астында жүріп, кен қазған қазақ өмірден шет қалмай, оның да өнерді, әдебиетті жанындай сүйгенін аңғартқым келді ме, әйтеуір, сөз орайы келген тұста ол кісінің жоғарыда аты аталған шығармаларын оқығанымды айттым...», – деп Димаш Ахметұлы белгілі жазушымен тұңғыш жүздесуін баяндаған.
Сондай-ақ, Димаш Ахметұлының қарапайымдылық қасиеті әлі күнге ел есінде. Мемлекеттің бірінші басшысы бола тұра, қарапайым үйде тұрып, күзетсіз ел аралау, халық арасында емін-еркін жүру – Д.Қонаев үшін үйреншікті жағдай еді. «Осындай үлкен республиканы басқарып отырған адам қалайша кішкене үйде тұруы мүмкін? Бар дүниең осы ма?» - деп сұрағанда Д.Қонаев: «Зухра Шәріпқызы екеуімізге осы да жетеді», - деп жауап берген екен. Осылайша, Кеңес Одағының басшысы Л.Брежнев Д.Қонаевтың үйінде бірнеше мәрте қонақта болып, екеуі ауылда емін-еркін жүріп әңгіме-дүкен құрған, бірге аңға шыққан. Ең бастысы, Дінмұхамед Қонаев бұл достығын халықтың игілігіне қолдана білді.
Димаш Ахметұлы туралы естеліктердің барлығында дерлік ол кісінің қарапайым, сабырлы да кеңпейіл жан болғаны жазылады. Үйде де, түзде де ашу шақырып, дауыс көтеру секілді әдеті болмаған. Үкімет қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Бұл кезде коммунистік партия басшылары керісінше қос-қостан күзет ұстайтын. 17 жыл жанында жүріп, Қонаевтың жеке күзетшілерінің басшысы болған Анатолий Горяйнов оның, расымен де, оққағарлармен жүргенді ұнатпағанын еске алады:
– Шындығын айтқанда Димаш Ахметұлы қауіпсіздік шаралары дегенді жақтырмайтын. Сол себепті біз қызметімізді жасырын жүріп атқаратынбыз. Күзетті көргенде: «Мені жыртқыш құс құсатып жетектеп жүргендеріңді қаламаймын!» - деп ренжитін, – дейді ол. Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаевтың оққағары болған Михаил Алексеев сұхбаттарының бірінде көпшілік естімеген әңгімені айтып берді. «Димаш Ахметұлын халық жақсы көрді. Ол кісіге ешкім жамандық ойламайтын. Біз Демекеңді қорғау үшін ешуақытта табельді қаруды пайдаланып көрген емеспіз. Бірақ, бірде тосын оқиға болды. Қонаев үкімет үйінен шыққан бетте оған қолында пышағы бар әйел тұра ұмтылды. Әрине, оның жолын оққағарлар кесті. Әйелдің ақыл-есі ауысқаны кейін белгілі болды. Тексерудің нәтижесін Қонаевқа баяндағанда ол кісінің бар айтқаны бірауыз сөз ғана болды: «Ауруханаға жатқызып емдесін. Оны ешкім ренжітпейтін болсын!» – дейді М.Алексеев.
Д.Қонаевтың тұсында Қазақстанның экономикасы мен ауыл шаруашылығы өркендеді. Республиканың көптеген өңірінде зауыт-фабрикалар салынып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді. Бұдан өзге өнерге жасалған қолдаудың арқасында қазақ өнерін бар әлем таныды. Оның кісілік келбеті, адами қасиеттері, туған елі мен жеріне деген махаббаты уақыт керуені ілгерілеген сайын мейлінше айқын көрінуде.
– Жастайымнан атқа міндім. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кештік. Жақсылыққа мастанбасқа, жамандыққа жасымасқа бел буып өстік. Кем-кетіксізбін деуден аулақпын. Барды емес, жоқты іздедік. Жоқ іздеген кісі бұрынғы жоғын табатын кезі болады. Меніңше, оны ойға тоқып қана қоймай, бойға сіңіре білуден асқан байлық бар деп білмеймін. Жоғыңа жолыққан сайын көп нәрсеге қолың жете береді. Алысың жақын, жатың дос-жаранға айналады, – деген Димаш Ахметұлының ұлағатты сөзі, заманның заңғар тұлға даналығының жарқын дәлелі болса керек.
Дайындаған С.НҰРАДИН.