Бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысында ерекше ерлікпен қанды қырғында көзге түскен қазақ азаматтары аз емес. Сол ерлердің қатарындағы жерлесіміз Рахымжан-аға Тоқатаев туралы біздің «Еңбекшіқазақ» газеті ондаған мақалалар жариялаған екен. Соның айғағы ретінде Кеңес Одағының батыры Р.Тоқатаевтың қызы Гүлнәр Рахымжанқызының ұқыптап жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған Батырдың ерлігі жайлы жарияланымдар тігіндісін ақтарып шықтым. Шынымды айтсам мен журналистік, бас редакторлық қызметіме Есік қаласына келіп кіріскеннен бастап қызығушылық білдіріп бірден Рахымжан-ағамен етене жақын болып кетуімнің екі себебі болды.
Біріншіден, өз әкем Қасым Ахметжанов соғысқа дейін екі жыл атты әскер қатарында кавалерист-сарбаз міндетін атқарып келіп, қырық бірдің соғыс басталған алғашқы күндерінен қолына қару алып Ленинград майданында минометчик болып шайқасқан екен. 1943-тің қысында қатты жарақаттанып бірнеше ай госпитальда емделіп, елге әскери қызметке жарамсыз деген қағаз алып оралған.
Мен бірінші сыныпқа барғанда соғыстан бір аяғынан айырылып оралған Төкен-аға Әбілқасымов оқытқан еді. Міне – соғыс ардагері дегенде тік тұрып қызмет істеуге дайын тұратын мінездің қалыптасуының бір себебі. Екінші себеп – бүгінгі Рахымжан Батыр Тоқатаевтың өмірге келгеніне жүз жыл толуы және ол кісінің қарапайымдылығы, «Батырмын» деп кеудесін соқпай сыпайы қалпын сақтауы.
Алғашқы кездесуім былай болды. Одақ тараған өтпелі кезеңнің алдындағы жалақы жоқ, экономика тұралап қалғанда жаяулап жүрдім. Үйден қызметке, қызметтен үйге, арасы біраз жер – 4-5 шақырым. Сонда бір бағытта келе жатып автокөлігін кілт тоқтатып ала кететінін ұмытпаймын. Әңгімеден әңгіме – менің әкем майдангер екенін біліп, өзіне жақын тартты.
Бірде аудан басшысының қабылдау бөлмесінде кезек күтіп отырғанын көріп:
– Аға, сіз Кеңес Одағының батырысыз ғой, кезексіз кіре бермейсіз бе аудан басшысына? – дедім.
– Асығысым жоқ, келген адамдардың да шұғыл жұмысы бар ғой, – деп жымиып отыра беріп еді.
Кеңес Одағының батыры. Қарапайым, жібек мінезді, орта бойлы, салмағы спорт тілімен айтқанда ең жеңіл салмақ (наилегчайший) болатын адамды көрген жан: «Бұның қай жері батыр?!» – деп, күмәнданушылар да болған екен.
Салмақ демекші, комиссия «Соғысқа аттанардағы салмағы елу келіге де толмаған» деп қару ұстауға жарамсыздар қатарына қосқаны да рас. Келесі жолы комиссияға барғанда салмағының елу килограмнан асуына амал тауып соғысқа аттанған екен.
Жоғарыда атап өткендей мен Рахымжан-аға жайлы көп рет әңгімелер, мақала, сұхбаттар жариялаған екенмін. Сондықтан Кеңес Одағының батыры Рахымжан Тоқатаев туралы сол кездегі кеңестік, одан кейінгі Тәуелсіз Қазақстан басылымдарында жарияланған материалдардан үзінділер келтіруді, фотосуреттерді жарыққа шығаруды жөн көрдім.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы.
«Рахымжан батырдың күнделігі» деген көлемді мақала «Егемен Қазақстан» газетінің 1995 жылғы 6 мамырдағы 86-санында жарық көрді. Авторы белгілі журналист-жазушы – Балғабек Қыдырбекұлы. Артиллерист «За отвагу» медалінің, үшінші дәрежелі Даңқ орденінің, басқа да көптеген орден медальдардың иегері, ең бастысы бір шайқаста фашистердің 9 жыланбауыр танкісі мен төрт бронетранспортерін отқа орап, тұтастай елу бірліктен тұратын колоннаны тоқтатқан Рахымжан Тоқатаев пен көмекшісі Федор Керданьның ерлігі жайында және сол ерліктің еңбекпен, өз зеңбірегін және жау техникасының осал жерлерін тәптіштеп жазған зеңбірек көздеушісі сержант Р.Тоқатаевтың күнделігі жайындағы мақала болатын. Содан үзінділерді назарларыңызға ұсынамыз.
«Денсаулығы нашар, өзі әлі әлжуаз, сондықтан да әскери комиссия үйіне үш мәрте қайтармақ болған солдаттың қырық үшінші жылы Днепрдегі Студенко селосында №8339 Шпагиннің пулемет-тапаншасын алғанын, онымен бірге зеңбірекке керекті №712260 панорама, №13888-76 мм ұңғылы зеңбірек алғанын осы дәптерден білеміз. Батырдың кішкентай дәптерінде талай жауынгердің аты-жөні, мекенжайы жазылған. Егер жауынгер дүниемен қоштасқандай болса, оның үй-іші, туған-туысқанына оның жағдайын естіртуі керектігін солдат ұмытпаған. Мұнын бәрі бүгінгі біз сияқты оқ-дәрі иіскемегендерге оғаш көрінуі де мүмкін. Ал, соғыста тірі жүрмін, аман боламын, үйге барамын деп ақылы бар солдаттың біреуі нық, байламды сөз айта ала ма? Қазір тірі адам қас қағымда жоқ, кірсе – лебіз, шықса – жоқ деген нағыз осы майдан даласында. Ондайдың Рахымжан төрт жылда талайын бастан кешірді.
...Рахымжан өз зеңбірегіндегілермен бірге қарудың ұңғысын жау жақ деп сілтенген бағытқа беттетіп қойды. Қаруды соғыс жағдайына келтіріп, дайындады. Алғы беттен жау атқан зымыранның жарығы найзағай отындай жарқ-жұрқ етеді. Снаряд зуылдап, оқ шыжылдап, бытырлап түсіп жатыр. Кім атып, қайдан, қалай атып жатқанын біліп болмайсың. Жүкті түсіре салып-ақ, зеңбіректі орнатып болмай жатып жан соларға ғана керектідей қару командирі Харитоновтан бастап бәрі әп-сәтте жоқ болды. Зеңбірек жанында зеңбірек оқтаушы кіші сержант Федор Кердань мен Рахымжан екеуі ғана қалды. Рахымжан келгелі бері-ақ көздеп-атушы болған, оны әскери тілде наводчик дейді. Бір кезде Кердань да кетті.
...Күн түске таянып қалды. Аспан ашық. Рахымжан тамақ ішіп болып отыр еді, жаяу әскерлер қашып барады. Зер салып қарап еді, жаудың танкісі қаптап келеді. Ол үстіндегі шинелін лақтырып тастай салып, терезеден атып шықты. Дереу зеңбіректі броньбұзғыш снарядпен оқтап. танкіге қарай атып жіберді. Оқ қызыл шоғы жарқырап көрініп, ағып барды да, танктің біріне тура тиді. Танктен от лап ете түсті. Рахымжан көмекке келер жан бар ма дегендей жан-жағына қарап еді, ешкім жоқ. Зеңберекті тағы өзі оқтады. Тағы көздеп, оқ ататын жазылыны басып қалды. Оқ тағы тура тиды, танк жанды. Тағы атты, танктің бірі тағы жанды. Тағы атты, тағы от лап етті. Танкілер енді жаңағы әуселесі жоқ, тосылыңқырап қалды. Енді тағы атайын десе, қаруды бұру керек, айналымы жетпей, көмек іздеп жан-жағына қарады. Қысылғаннан бұрқ етіп суық тер шықты. Байқаса Федор Кердань орға түсіп алыпты. Бұл не істер екен дегендей қарап тұр. Рахымжан бар даусымен бақырып жіберді:
– Федор, келсеңші бері! – Екеулеп қаруды бұрып, тосылып топталып қалған танкілерге қарады. Панорамадан көздеп еді, бұтадан түк көрінбеді. Көрінбесе де мөлшерлеп жеделдетіп үсті-үстіне үш снаряд атты. Тағы бір танктен от жалп ете түсті. Тағы бір танктен люгін ашып бір фашист шыға бергенде ол да жалын оранып қала берді. Енді танкінің бірінен бір солдат көтеріліп, бізге бөгет жасамақ болып, түтін шығаратын шөңке лақтырды. Түтін саябырси бергенде көздеп тұрған Рахымжан жазылыны қайта басты. Зеңбірек қалтқыға қойған жәшіктің үстіне шығып кетті. Түсіре алмай әуре болып жатып, Федор неге көмектеспей тұр, десе, ол жоқ. Сөйтсе ол оқпанада отыр. Жандарына жарылған снарядты қалың шаңда Рахымжан ет қызуымен білмеген екен, содан Федордың қасы, сақалы, күйіп, бұзау жалағандай болып қалыпты. Көзі қызарып, кетіпті. Оны қайта шақырып алып, зеңбіректі бұрып, бірнешеуі жанып кеткен соң, жан сауғалап, кейін шегініп бара жатқан танкті атып, тағы өртеп жіберді. Тілі жалаңдаған жалын көз қаратпастай болып, сәл ызыңдаған желмен қою қара түтінін будақтатып, мен міне жанып барамын дегендей ұйытқып-ұйытқып кетеді.
Енді түтіні будақтап, жанып жатқан танктер арасында әлі қарайып танкілер тұрғанын бойын жазған Рахымжан анық байқады. Бәрі тына қалды. Не атылған оқ, не жарылған снаряд жоқ, тыныштық орнады. Рахымжан енді не істеу керектігін пайымдап тұрған сол бір тып-тыныш сәтте алдағы үш үйден кеңұңғылы пулеметтен бұларға оқты жаудырды-ай келіп. Енді ойланып тұруға уақыт жоқ. Рахымжан Федор Кердань екеуі Алатауда жазғы жауған бұршақтай оқ астында-ақ зеңбіректі зорға бұрып, пулеметті құртпақ болды. Алдымен броньбұзармен, артынан фугасныймен бірнеше снарядты жіберген соң, кеңұңғылы пулемет күзді күні бітеу картоп жұтқан сиырдай үні өшті. Тағы тыныштық орнады.
Жан алып, жан берген атыс бір сәт болса да тыныстаған соң, Рахымжан жан-жағына көз салып еді, 9-10 метр жердегі үйдің қабырғасына жабысып, жанын сақтап тұрған біздің солдаттарды көрді. Бәрі де жауыннан қорғанған ешкі-ше дуалға жабыса түсіпті. Бірақ бәрі Рахымжан қимылын бажайлап тұр екен. «Шіркін, жанның тәттісі-ай! Жан осыларға ғана керек! Бір сәт Кердань екеуімізді әдейі өлім үшін бөліп қойған адам сияқты көрінеміз-ау!» деген ой Рахымжанды бір шарпып өтті. Нақ осы бір күн төбеге келіп, шаңқай түс болған шақта алдағы үш үйдің арасынан тағы да танктер келе жатыр. «Бәрін құрттым-ау, әйтеуір!» – деп тұрған Рахымжанға бұл бір іннен өріп шығып жатқан май айындағы қара қоңыз қаптап кеткендей көрінді. Қайдан ғана өніп шығып жатыр бұл темір қоңыз? Ол Керданьға:
– Федор, оқта! – деп ышқынып қалғанда, комбаттың айғайлаған даусы енді ғана естілді:
– Токаташа, по танкам! – дегенде түнімен, күнімен жоқ, осы зеңбіректің тұтқасын Рахымжанмен бірге ұстасып тұруға тиісті қару командирі Харитоновтың да бақырған, тарғыл-тарғыл даусы комбаттың әмірін қайталап жатыр. Рахымжан көздеп, зеңбіректің жазылын басқанда ол әлі әмірін, яғни комбатты қайталауын аяқтаған жоқ еді. Рахымжан үй жаққа қарап Харитоновты да жарға жабысқандар арасынан көрді. Тигенін өртейтін оқ әдетте қызыл шоқтанып ұшады. Ол атқан адамға анық көрініп тұрады. Рахымжан оқтың жерге түсіп барып танкіге әлсіреп тигенін байқады. Ол енді оғының тимей қалғанына долданып жаңағыдан жоғарырақ көздеп, қызыл шоқты тағы жіберді. Оқ тағы да жерді сүйкеп барып, танкіге тиді. Оқтың тигенін көріп тұрған жарға жабысқандар: «Ура!» деп шуылдасты. Бірақ оқ тағы дарымады. Дәлірек айтсақ, жарылмады. Люкті ашып танктен бір фашист шықты. Оқталып үлгерілген зеңберкетің панорамасына үңіліп, көздеп тұрған Рахымжан нысананы жаңағыдан жоғарырақ алып, жазылыны басып қалды. Оқ дәл тиді. Қызыл жалын лап етіп, тілін жалаң-жалаң еткізіп, лаулап кетті. Тағы да дуал түбінен:
– Ура! – деген дауыс гу ете түсті. Зеңбіректі оқтаған Федор Керданьді уралаған дауыс көтеріп тастады білем:
– Бей, Токаташа! – деп жіберді. Немістерге де жан бітті. Жан-жаққа снарядтар гүрс-гүрс түсіп, не болғаны белгісіз болып, шаң-тозаңнан түк көрінбей қалды. Рахымжан зеңбіректің астына жата қалған еді, ал Федор зеңбіректің жақтауына жабысып қалыпты. Олардың атқылауынан ұшқан кесек бұларға тиіп те жатыр. Бірақ ол қалайда оқ емес қой. Жарылыс бітіп, шаң басылды. Бұлар орындарынан тұрғанда майдан даласында фашистердің танктері бәрі жайрап қалып еді...
Рахымжан жер үйдің астына бүкшеңдеп кіріп, басын көтергенде комбат Кузьменков оны құшақтай алды. Қасында бір майор бар екен, Рахымжанның қолын қысып:
– Откуда, юлдаш? – деді.
– Алматыдан, қазақпын, – деді Рахымжан. Ол комбатқа қарап:
– На поле боя присвоим звание Героя Советского Союза, – деп қалды. – Санаңдар қанша екен!
Бірнеше солдат қобырап далаға бір-ақ шықты. Біреу айғай салып, дауыстады:
– 13 танк, 9-ы жанып жатыр. 4-еуі тұр.
Түстен кейін көп ішінен Федор Кердань Рахымжанды оңашаға шақырды. Өңі қызарып, булығып кетіпті. Тіпті екі иығынан дем алып, ентігіп сөйлей алмайды. Қарап тұрып қара терге малшынып тұр:
– Токаташа! Сенімен Харитоновты батыр атағына ұсынатын көрінеді. Ол болған жоқ еді ғой...
Федор қайта булығып қалды. Тағы біраз нәрсе айтпақ еді, бірақ айта алмады. Қайта-қайта демін екі иығынын алып үһлей береді...
Ертеңіне Рахымжанды штабқа шақырды. Ол ұрыстың қалай болғанын тәптіштеп айтып берді. Ақыры әділет жеңді. 1945 жылдың 29 маусымы күнгі КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен сержант Рахымжан Тоқатаев пен Федор Кириллович Кердань екеуіне Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Егер штабта Рахымжан бастықтардың көңіліне қарап бұлталақтаса, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігін біреулердің пайдаланып кеткеніндей Керданьға да батыр атағы бұйырмай қала еді.
«За счастье Родины!»
В одном из майских номеров победного года красноармейская газета «За счастье Родины» опубликовала открытое письмо матери Рахимжана, которое подписали его однополчане старший лейтенант И.Кузьменков, сержанты И.Гаврилов и М.Киселев, младший сержант С.Артюхин. «Уважаемая Улжалгас! – говорилось в нем. – Все бойцы и офицеры батареи гордятся вашим сыном как героем. В одном бою, отбивая контратаку гитлеровцев, он подбил девять танков и четыре броне-транспортера. Мы просим вас прочитать это письмо колхозникам. Пусть они разделят вашу гордость за их храброго земляка».
«Бір шайқаста қалай жаудың он үш бірдей жыланбауыр жалмауызын жойып жібердіңіздер? – деп тікелей сұрақ қойсам жымия күліп: – Өздері ғой жолымда кезіккен, сосын Федор екеуіміз атқылап өртеп жібердік.»