ҚАН МАЙДАНДА ТУҒАН ЖЕР ҮШІН ҚАСЫҚ ҚАНЫ ҚАЛҒАНША КҮРЕСІП, ОТАН ҮШІН БАСЫН БӘЙГЕГЕ ТІККЕН БАТЫР АТАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА МҰРА. СЫРҒЫП УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ, ЗАМАН ӨЗГЕРСЕ ДЕ, АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС. МАЙДАНДАҒЫ БАТЫРЛЫҒЫ ӨЗ АЛДЫНА, ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНАН АМАН-ЕСЕН ЕЛГЕ ОРАЛЫП, ӨЗІ ӨМІР СҮРГЕН ЗАМАНЫ МЕН ӨМІРІНДЕ ЕҢБЕК ЕТУДЕН ТАНБАҒАН, СОЛ АРҚЫЛЫ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ЖАЛЫҚПАҒАН ТҰЛҒА – КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ РАҚЫМЖАН ТОҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 100 ЖЫЛ.
Р.Тоқатаев Қаракемер ауылына қарасты Киров колхозында 1923 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Еңбек жолын Есiк қаласында ұстаз болып бастаған Рақымжан Тоқатайұлы кейін Кеңес әскерiнiң қатарына алынып, Отанды қорғауға аттанады. Украина майданы құрамында Курск, Киев, Житомир бағытындағы шайқастарға қатысып, Чехословакия жұртшылығын жаудан азат еттi. Старшина дәрежесiнде танкке қарсы зеңбiректiң жетекшiсi болған.
Әскери комиссариатта салмағы жетпей, ауылға кері қайтарылған Р.Тоқатаев қалай да әскерге баруды көздейді. Бұл жайтты өзінің берген сұхбаттарында айтқан еді. «Мен де денім сау, білімім бар, мені неге соғысқа жібермейсіңдер деп сұрадым. Сол жерде қабылдап жатқан майор сенің салмағың аз, ауылға барып, семір, дем ал, өсіңкіре, деп күліп шығарып салды. Мен оған намыстанып, Түрген деген ауыл бар, сол жерде әскери комиссариат қабылдау өткізіп жатқан болатын. Мен сонда барып, келе сала тізімге жазылып, салмақ пен бойды өлшейтін дәрігерге кірмей өте шықтым. Содан әскерге алынып, Алматының Малая станицасындағы қамалынан бір-ақ шықтым. Мені артиллерия училищесіне алмай, жасақталған атты әскер полкіне жіберді. Кейін Тастақта бөлімше командирлері курсына оқуға бардым. Одан Ташкент маңындағы Шыршық қаласында артиллерия училищесінде көздеуші мамандығын оқыдым. Сол жерден 1943 жылы мамыр айында соғысқа аттандым. Мен 4-ші Украина майданының Қызыл тулы Станиславск, кейін 4-ші Украина майданының Қызыл тулы Станиславск артиллериялық 1672 атқыштар полкында көздеуші (наводчик) болдым. 76 мм-лік артиллериялық қару біздің жан серігіміз болды. Алғашқы ұрысым Днепрде, І-ші Украин майданында басталды. Одан кейін, Киев, сосын Житомир, Фастово, Винницк, Бердичев және тағы да басқа қалаларды азат етуге қатыстым. Бұдан басқа 4-ші Украин майданының құрамында Батыс Украинаны, Иваново-Франково, Мукачев, Ужгород жерлерін жаудан босатуға атсалыстым. Одан әрі қарай, Венгрия мен Чехославакияны фашист басқыншыларынан азат ету жорықтарына қатыстым. Прага қаласын азат етуде жеңіске жеткендігіміз туралы хабарды естідім. Хабарды естігенде қуанышымызда шек болмады, бақытымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірімізді-біріміз танысақ та, танымасақ та құттықтап жаттық. Бұл соғыс мәңгілік болып кеткендей көрініп еді. Мен жеңіс күнін сол 1945 жылы мамырдың 9-да Чехословакияның Оламауц қаласында қарсы алдым. Ол жерден мені мұғалім болғандығымнан елге қайтарды», – деп, бір сұхбатында өзінің қан майдандағы естелігімен бөліскен еді батыр ардагер.
Рақымжан Тоқатаев 1945 жылдың көктемiнде Карпат жотасында болған ұрыста 13 немiс танкiсін жойған. 1945 жылы 29 маусымда Чехославакияны азат ету үшін сол шайқаста көрсеткен ерлiгi үшiн «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болып, III дәрежелi «Даңқ орденiмен» марапатталады. «Сталинское знамя» атты майдан газетi бұл оқиға туралы 1945 жылы былай жазған: «Н… елдi мекенi маңайында болған оқиға бiздiң бөлiмге, тiптi, бүкiл әскери құрамға танымал болды. Сержант, 76 мм зеңбiректiң жетекшiсi Рақымжан Тоқатаев танкке қарсы жауынгерлiк ерлiк көрсетiп, бiр ұрыста 13 немiс танкiсiн атып жойды. Түн. Кеңес жауынгерлерi автомат, мылтық, пулемет арқылы немiстерге қарсы атыс жүргiздi. Артеллерия атысқа қосылмады, оқты бұдан маңызды шайқасқа сақтады. Тез арада танк шабуылы басталуы мүмкiн. Қарымта шабуыл сағат 14:00-де басталды. Жау түтiн бүркеуiн пайдалана отырып, 18 броне бiрлiгiн шайқасқа шығарды. Сол кезде сақтаған артиллерия оқтары iске жарады. Зеңбiректiң жетекшiсi Тоқатаев Рақымжан бұл ұрыста 13 немiс танкiсiн жойды. Әдiсшiл және ержүрек жауынгер бұл күшi тең емес ұрыста жеңiп шықты».
19 жасында өзі сұранып майданға кетіп, 1945 жылы батыр атанып аман-есен елге оралады. 1951 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика пәні мұғалімі мамандығын алып, еңбек жолын Есік қаласындағы Молотов атындағы қазақ орта мектебінде ұстаздықтан бастайды. Сабақтан тыс мезгілде мектептегі шахмат пен дойбы үйірмелеріне жетекшілік еткен. 1959 жылы ауданның 1-хатшысы А.Мәлкеевтің қолдауымен мектеп жанындағы балалар үйі жабылып, сол кездегі оқу үдерісінің жаңа сапасы мектеп-интернат етіп ашылғанда, оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры қызметін атқарады. Табанды еңбегінің арқасында ҚазССР, КСРО білім беру ісінің озық қызметкері атанды. «КСРО халық мұғалімі» орденімен, медалімен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Бүгінде туған жері Қаракемерде, Есік қаласында, Алматы қаласының Өжет шағын ауданында көше аттары Рақымжан Тоқатаев атымен аталады. Сонымен қатар, Есік қаласындағы білім ошағына батыр ардагердің есімі берілген. 80 жасқа толғанда атақты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, Б.Бүркеев, Ә.Күлкібаев, Ә.Нұрсәлімбаев, А.Байтулақов сынды оқушыларының бастамасымен көзі тірісінде-ақ ескерткіш-мүсін орнатылды.
40 жылдан аса бір мектептен табан аудармай, жан жары Роза апай екеуі иық тіресе ұрпақ тәрбиелеуде, білім беруде абыройдың биік шыңына шыққан ұлағатты ұстаздар болды.
Рақымжан Тоқатайұлы екі рет «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен және Жоғарғы Кеңестің құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше рет ауылдық Кеңестің депутаттығына сайланған, сонымен қатар, бірнеше жыл қатарынан аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде сайланған.
Өмірі үлгі-өнеге боларлық парасатты иманды жандардың артында ел-жұрт үшін істеген еңбектері, жоғалмайтын іздері қалды. Ұстаздық жолында зейнетке шы-ғып, 2011 жылы 6 желтоқсанда 88 жасында өмірден озды.
Батыр – Отан қорғаған жүректі адам,
Қисын тапқан қиынынан шын епті адам.
Батыр – тұлға, қоғамның қайраткері,
Ел сүйенер бойынан тірек табамын.
Осындай бір ағам бар ауылымда,
Бой таласып бұқпаған жауығында.
Днепрге тоғытқан фашистерді,
Ер шайқастың оқты өрт-дауылында.
Иә, ақын, журналист, профессор Марат Ысқақ «Алтын жұлдызды ағасын» жырлағандай, Р.Тоқатаев ел басына күн туғанда қан майданға аттанып, ұлтарақтай жер үшін жан берісіп, жан алысты. Батыр ардагердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды!
С.НҰРАДИН.