Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019 11:52

Желтоқсанның ызғары

Сайын даланы мекен еткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген аумалы-төкпелі сырларға толы тарихы бар. Атақты Қазыбек бидің:

«Біз – қазақ деген мал баққан елміз,

           Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

          Елімізден құт-береке қашпасын деп

         Жеріміздің шетін жау баспасын деп

        Жылқы қылын найзасына таққан елміз.

       Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

    Басымыздан сөз асырмаған елміз», – дегеніндей «ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің» ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған халық екенін көреміз. Бірақ бейбітшілікті қаншалықты сүйсе де, басынған жауды тәубесіне келтіретін алапат ашуымыздың да бар екені рас. «Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды» демекші біздің тарихымыз да  қуаныш пен қайғы, дәурендеу мен қасірет егіз өрілген. Дегенмен тек жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемсіну тарихқа жасалған қиянат екені шындық. Сондықтан біз өткенімізді бар қайғы мен қуанышын, жеңістері мен жеңілістерін бірдей қабылдауымыз керек. Себебі, тарих деген тұтас құбылыс. Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерді. Сонау сақтар заманындағы Томирис пен Шырақтан басталған ерлік дастаны соңғы хан Кенесарыға дейін, одан кейін М.Шоқай мен Ә.Бөкейханов секілді Алаш арыстарына, бертінде Қайрат, Ләззаттарға дейін жалғасып қанша рет сары дала қызыл қанға бөкті. Деседе, осы бір қиын өткелдерден аман өтіп Тәуелсіздік таңын көруді тәңір маңдайымызға жазды. Осы бір ерлікке толы төл тарихымыздың ішінде әрбір сәттеріміз өзінше бір Ұлы белес. Алайда Желтоқсан оқиғасының орны бөлек. Барша халықты тоталитаризмның тас бұғауымен таңу арқылы «Халықтар түрмесіне» айналған қаһарлы КСРО-ның іргесін шайқалтқан бұл оқиға кезінде бастарын бәйтіккен оғландарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмасы анық.

1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы М.С.Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды. Бiрақ бұл шешiм тек сөз жүзiнде қалды. Соның айқын дәлелі Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алуы. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В.Колбин сайланды.

Мұның өзі қайта құру мен демократия-дан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек» деген ұран бар еді. Міне, осындай күрделі жағдайда Г.В.Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, митингіні басуға тырысты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.

17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды.

Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына саяси айтыстан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдары өкілдері себепкер еді. Соның салдарынан құқық қорғау органдарына жастарға қарсы қара күш қолдануға рұқсат берілді.

Алдын-ала ойластырылған үлкен күш Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарға қасақана жұмылдырылды. Бірақ күш қолдану үшін оған негіз болатын себеп табу керек болатын. Сондықтан «алаңға шыққандар маскүнемдер, нашақорлар және бұзақылар еді» деген қауесет таратты. Сонымен бірге оларды содыр, бұзақы ретінде көрсету үшін көптеген қитұрқы әрекеттер жасалды. Мәселен, алаңға арнайы дайындалған кеспелтек темірлер мен ағаштар шашып тастады, араларына төбелес тудыратын арнайы құрылым адамдары кіргізілді т.б.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен сипаты ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация ретінде басталып, мемлекеттік құрылысты құлатуға тырыспаған болатын. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны «Қазақ ұлтшылдығы» деп айыптауға дейін барды.

Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайы-зы, ал қалалық және аудандық партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орнынан алынды. Мұндай тазарту жұмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді.

Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді. Тағы 52 адам КОКП қатарынан қуылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылып, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

Кеңес империясының керегесін шайқалтқан Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қаншалықты тұқыртып, мемлекеттік ауқымда тазарту жүргізсе де бастарына келген зауалдан қашып құтыла алмады. Яғни, төрт аяғы шатқаяқтап тұрған КСРО-ның ыдырауы жеделдеп, ол да тарихтың толқынына шыдас бермей тереңге батып кетті. Коммунистік биліктің күні батып, тоталитаризмның көбесі сөгілді. Есесіне қазақ халқының сан ғасыр армандаған тәуелсіздігі қайта оралып, демократияның таңы атты. Бірақ тағдыр желтоқсаншылардың маңдайынан сипай қойған жоқ. Ерліктерін ел қадірлесе де, әміршіл биліктің нысанасына айналды. Сондықтан еншілеріне тигені азап пен тауқымет, қуғын мен сүргін болды.

Иә, олар «атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін» ертегі кейіпкерлері емес еді. Олар да өзіміз секілді ет пен сүйектен жаралған әлсіз пенделер болатын. Бірақ рухы биік, санасы сергек, ойлары азат, бойларында намысы, жүректерінде ерлігі бар тұлғалар еді шетінен. КСРО-ның айбатынан ықпай, төніп тұрған қауіп пен қатерді елеместен еліміздің намысы мен азаттығы үшін өздерін арнаған сондай азаматтар арамызда жүр. Соның бірі – Қаражота ауылының тұрғыны, бүгінде Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде ұстаздық етіп жүрген Қойбағаров Марат Кеңесұлы.

М.Қойбағаров 1961 жылы 17 қарашада Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ағамыздың жастық шағы осы оқиғамен тұспа-тұс келеді. Сол себепті қазақ халқының ар-намысы таразыға түсіп жатқан тарихи оқиғаға куәгер болуымен қатар, өзі де оқиғаның бел ортасында болып қатысқан азаматтардың бірі. Ағамыздың ғана емес, еліміздің де тағдырына әсер еткен Желтоқсан оқиғасы туралы ағамыздан басынан өткен жағдайлары туралы сұраған едік. Ағамыз да өткен күндеріне шолу жасап, көргендерін бізбен бөлісті.

«Мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде ҚазПИ-дің (ҚазҰПУ) тарих факултетінің V курс студенті болатынмын. Үйленіп, бір баланың әкесі болған кезім. 17 желтоқсан күні КСРО тарихынан беретін ұстазымыз Р.Несіпбаева сағат онға қосымша сабаққа шақырған болатын. Сол кісіні күтіп отырғанымызда Советский (Қазыбек би) көшесімен кетіп бара жатқан жастарды көрдік. Сабақ болмады. Сондықтан біз де жастармен еріп алаңға бардық. Осылайша сағат он екіде алаңда болдық. Басында аз болатынбыз. Бірақ уақыт өткен сайын көбейе берді. Барлығымыз Д.Қонаевтың орнынан алынуына наразылық білдіріп, «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек» деп ұрандаттық. Бірнеше басшы келгенімен сұрағымызға жауап ала алмадық. Кешке әскерлер мен арнайы жасақтар келіп қуа бастады. Сонымен бірге үлкен көліктер, өрт сөндіру машиналары, бронды техникалар болды. Олар қара күшке салып жігіттер мен қыздарды аяусыз ұра бастады. Осылайша жастардың қарсылығын оятты. 18-19 желтоқсан күндері де алаңнан табылдық. Ал 21 желтоқсан күні әйелім екеумізге үш әріптен (КГБ) шақырту келді. Әйелім М.Абилдаева 17 желтоқсан күні ауыр соққы алып, сонымен бірге тапталып қалғандықтан ауырсынып бара алмады. Мен барған соң 2-3 сағат тергеуге алып, қоқанлоққы жасады. Сол кезде үздік студент ретінде ҚазПИ-де комсомолдың хатшысы болуым керек болатын. Бірақ Желтоқсанға қатысуыма байланысты одан шеттетіліп, Торғай облысы, Амангелді ауданы Коммунизм жолы совхозындағы Жасбуын орта мектебіне барып орналастым. Соның өзінде 1987 жылдың 6 қыркүйегінде КГБ-ның Арқалық бөлімшесінен адамдар келіп мені тергеуге алды. Мұндада бұрынғыдай қорқыту мен үркітулер болды. 1991 жылы ақтау туралы Жарлық шыққанға дейін «нашақор», «бұзақы» айдарымен жүрдім. Деседе қуануға әлі ерте екенін кейін аңғардым. Өйткені інім әскерден келіп арнайы қызметке тұрмақ болғанда менің Желтоқсанда көрсеткен «сенімсіздігімді» алға тартып жұмысқа алмады. Осыдан-ақ, біраз жайды аңғаруға болатындай. Өзімді ерлік жасап, батырлық көрсеттім деуден аулақпын. Бірақ еліміздің тәуелсіздік алуына аз да болса үлес қосқанымды бүгінде шәкірттеріме мақтанышпен айтып отырамын», – дейді Марат ағамыз.

«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», – деді ақын Мұхтар Шаханов. Демек бұл жай ғана ауыз толтырып айтуға ғана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек.

Қазіргі таңда 16 желтоқсанды Тәуелсіздік мерекесі ретінде білеміз. Сондықтан 16 желтоқсанның қуанышты ғана емес, қасыретті де күн екендігін жадымызда сақтауымыз әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні ретінде сезінуіміз қажет.

Н.Тілеуқабыл

Оқылды 3055 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет