Сонау маңға орда тіккен обалардың қандай жәдігерді жасырып, қарт алатаудың нендей сырды баурына басып жатқаны бәймәлім. Әйтеуір осы топырақты ежелгі тарихтың елесі кезіп жүргендей әсерде қаласың. Ғалымдар Рахат ауылдық округінің тереңде жатқан тарихының темір дәуірінен бастау алатындығын, оған аталған ауыл маңындағы көне қала жұртының қазба жұмыстары дәлел екендігін алға тартады. Аталған округ Кеңес кезінде Ильич атындағы сауыншылардың ұжымшары болып талай жұрттың аузын аққа жарытыпты. Қазір де округте шаруашылықты шалқытуға, шағын-орта бизнестің көсегесін көгертуге мүмкіндіктер жеткілікті. Оған округ аумағын аралаған сапарымызда көзіміз жетті.
Шаруашылықты дамытуға мүмкіндік зор
Аудан шекарасындағы ауылдық аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын таныстырмаққа сөз алған округ әкімі Қуат Ақшабаев ең алдымен өңірдің демографиялық жағдайына тоқталды. Округ әкімінің сөзінше, аумақтағы тұрғындардың саны жедел артып келеді. Құрамына Өрікті, Рахат, Қайназар, Азат ауылдары мен 54 саяжай кіретін округтің халық саны 2018 жылы 24 мыңнан асса, өткен жылы 25650-ге жеткен.
Бүгінде ауылшаруашылығы округ экономикасының тірегі саналады. Қолда бар ақпаратқа негізделсек, округте 4461 гектар аумақ егіндікке, 83 гектар шабындыққа және 1003 гектар жер жайылым ретінде пайдалануға берілген. Биыл егіндік аумаққа жүгері, соя, картоп пен өзге де көкөністер егіліп, оны өсіру мен баптауға 1500-ден астам жұмыс күші тартылған. Қара жердің қасиетіне бас ұрып, қажырлы еңбегінің арқасында шаруашылығын дөңгелетіп отырғандардың бірі – Исмаил Тамазов. Еңбекқор шаруа 1994 жылдан бері жер өңдеумен айналысыпты. Биыл 140 гектарға жуық жерден 17 тонна картоп, 195 тонна соя алыпты. Сонымен қоса шаруа қожалық иесі жаңа алма сорттарын өсіріп, өнім ала бастапты.
– Биылғы төтенше жағдай елімізге ауыл шаруашылығын өркендетудің қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды. Біз жеміс-жидектер мен көкөністердің көп бөлігін өзіміздің мүмкіндігіміз бола тұра шетелдерден аламыз. Енді бізге ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді қолға алудың сәті жетті. Бұдан бұрын бір гектар жер игермегендерге көрсетілген қаржылық қолдаулар енді қара топыраққа ащы терін төгіп, адал еңбек еткендерге берілуі керек. Округ әкімдігінің ақпаратына негізделсек, ағымдағы жылдың қаңтарына дейін ірі қара саны 5573 басқа, ұсақ малдың саны 13 900 басқа жеткен. Округ тұрғындары арасында соңғы жылдары мал өсірумен айналысатындардың қатары молайған.
Мәдениет үйінің табыстары толағай
Округтегі мәдениет үйінің іргетасы 1990 жылы қаланып, 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қайназар ауылындағы мәдениет ошағы бүгінде округ руханиятының ордасына айналған. Мәдениет үйінің директоры Базарбек Сәтеннің айтуынша, жыл басы толағай табыстармен басталыпты. Айталық, Республикалық «Ел болашағы – жастар» байқауында Қайназар ауылынан «Айбегім» ансамблі «хореография» номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығаласа, «Бахар» би тобы 1 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жұлдызбын» атты халықаралық байқаудың Гран-приін жеңіп алыпты. Базарбек Сәтен жыл басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени шаралардың жоспарланғанын, алайда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты түрлі ойын-сауық кештерінің өтпей қалғандығын айтады. Деседе, «Көппен көрген ұлы тойды» көлденең тартпай, Ұлттық домбыра күні мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн концерттер өткізіліпті.
Асыға күткен көгілдір отынға қол жетті
Еліміздің әр өңіріндегі тоқырау жылдарының тозаңында қалып, шаң жолдардан шаршаған, тіршілік нәріне сусаған ауыл тұрғындарының үміт отын «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы қайта жаққандай. Соның нәтижесінде жылдардың тұғырында тұйықталып қалған мәселелер оң шешімін тапты. Аталған бағдарлама аясында инфрақұрылымдарды жақсарту жұмысы округ аумағында қарқынды жүрілуде. Өңір әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы жол жөндеу жұмысына 65 млн 200 мың теңге қарастырылған. Бөлінген қаржының 36 млн теңгесіне 1.2 шақырым аумаққа жөндеу жұмысы жүріліп, Ушурбакиев көшесіне асфальт жабындылары төселген. Азат ауылындағы Ұлы тау көшесі жөнделіп, оған 20 млн теңге қаражат жұмсалған. Сонымен қоса 9 млн 800 мың теңгеге Өрікті ауылындағы Жас-қыран, Алатау, Алтын Орда, Хан Тәңірі көшелеріне асфальт төселген. Округ тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету осы күнге дейін қиындық тудырған мәселелердің бір еді. Әсіресе, саяжай тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көрді. Оның үстіне тозығы жеткен су құбырларын жаңалау жұмысы көп қаржыны қажет етті. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 36 млн теңге қаржы бөлініп, Өрікті мен Рахат ауылдарының су жүйесі жөндеуден өткен. Деседе,округ тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің мүмкіндігі болмады. Алайда, қазір қолға алынған Есік топтық су құбыры Қайназар, Рахат және Өрікті ауылдарын қамтып, су жүйесі толықтай жаңартылып, ондағы тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Көпшілік асыға күткен көгілдір отынға қол жеткізудің де ауылы алыс емес. Қазір округ аумағына 36428 шаршы метр газ құбыры жүріліп, 300 отбасымен құбыр желісіне қосылуға келісім-шарт жасасып, 230 үй газдандырылған. 2022 жылға дейін округ аумағын газдандыру жұмысы толығымен аяқталмақ.
Ойын алаңы ашылды
«Ауыл балаларына жаңа салынған шағын ойын алаңы серік болды. Осы үшін шынайы қуанып жүрміз», – дейді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақберген Әшімов.
Жақыннан бері округ тұрғындары селбесіп, құлыншақтарға қуаныш сыйлау үшін ойын алаңдарын сала бастапты. Ауыл азаматтарының айтуынша, олар ойын алаңына қажетті құрылғыларды Алматыдағы жаңартылған нысан аумағынан тегін алыпты. Жұмыс күштерін де өздері ұйымдастырыпты. Біз балдырғандарға «базарлық» сыйламаққа тер төгіп жатқан ауыл азаматтарын көрдік. Қазір алғашқы ойын алаңы Өрікті ауылында бой көтеріпті. Алдағы уақытта өзге ауылдарда да ойын алаңы салынбақ. Ойын алаңдары дерлік салынып біткеннен кейін қара домалақтардың төрт қабырғаға қамалмай асыр салып алақайлауына мүмкіндік берілмек.
Кезекші сыныптар санитарлық талапқа сай оқуда
Округтегі білім мәселесіне мән беріліп, білім беру ошақтарының көпшілігі жаңартылған. Айталық, 2010 жылы Рахат ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, Б.Майлин атындағы орта мектепке қосымша ғимарат салынған. Азат №1 орта мектебі 2016 жылы бой көтерген. Аталған мектептегі заманауи зертханалар мен балаларды өнерге баулитын шеберханалар білім ордасының замана сұранысына сай ұрпақ тәрбиелеп жатқандығын аңғартады. Жаңа мектептер көшін 2017 жылы саяжай маңында салынған №1 Рахат орта мектебі аяқтады. Тек, Қайназар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп пен Азат орталау мектебінің ғимараты ескірген. 1977 жылы қолданысқа берілген Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте бүгінде 990 оқушы екі ауысымда білім алады. Осы күнге дейін тек шатыры ауыстырылған білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал 308 баланы білім нәрімен сусындатып отырған Азат орталау мектебінің қолданысқа берілгеніне бір ғасырға жуық уақыт болған. Қазір ескірген мектептің орнына жаңа мектеп салу жоспары қаралуда.
Рахат ауылындағы «Әдемі» балабақшасының ғимараты 1968 жылы салынған. 2010 жылға дейін орта мектеп болған нысанға сол жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, 2011 жылы 100 бүлдіршінге арналған балабақша ашылған. Қазіргі уақытта 92 бала тәрбиеленуде. Мұнан өзге жеке меншіктегі 15 балабақшада 911 бүлдіршін болашағына бой созып келеді.
Инвестиция – өңір әлеуетін арттырудың кепілі
Сарапшылар әр аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру үшін инвестиция тартудың маңызы зор екендігін айтады. Осы бағытта округ әкімдігі дамуға мүмкіндігі зор салаларға инвестиция тарта бастапты.
– Қазір жылыжай шаруашылығын өркендету округіміздің басты экономикалық бағыттарының бірі. Осы бағытқа сай 2020-2022 жылдар аралығында «Жами Агро» ЖШС-і 15 гектар жерге жылыжай салуды жоспарлап отыр. Осы межеге сай «Жами Агро» ЖШС-і округімізге 5 млрд теңге инвестиция салып, 30-дан артық адамды жұмыспен қамтымақ. Сонымен қоса «Fresh Land» ЖШС-і 100 гектар жерге алма бағын отырғызуды жоспарлауда. Аталған жобаның инвестиция көлемі 1 млрд 286 мың теңгені құрап, 20 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, «Алма Жер» ЖШС-і 49 гектар жерге алма бағын отырғызуға ниетті. Егер жоба жүзеге асатын болса 47 млн теңге инвестиция құйылып, 3 адам жұмысқа тартылмақ. Округ экономикасын әлеуеттендіру және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында өңірге инвестиция тарту жұмысы өз жалғасын табады, – дейді округ әкімі Қуат Ақшабаев.
Қазір округтегі шағын және бизнес субьектілері 365 бірлікті құрап, 548 адамды жұмыспен қамтып отыр. Округ бойынша 4 ЖШС, 3 өндірістік кооператив, 358 жеке кәсіпкер тіркелген.Округ аумағында өндіріспен айналысатын ірі нысандар да бар. Соның бірі – Өрікті ауылына ірге тепкен «Дионис» шарап зауыты. Бүгінде шарап зауытында 55 адам тұрақты жұмыс істейді. Аталған кәсіпорынның 168 гектар жүзімдігі де бар. «Дионис» шарап зауыты Ркацители, Алиготе, Рислинг, Пино, Саперави сынды жүзім сорттарынан-ақ қызыл шараптарды өндіреді.
Бүгінгі таңда округ бюджетінің салмақты үлесі шағын және орта бизнеске тәуелді. Айталық, 2019 жылы округтің бюджет түсімі 92 млн теңгені құраса, соның ішінде шағын және орта бизнестен түскен салық түсімдері 49,4 млн теңгеден асқан. Алда бюджет түсімін арттыру үшін шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсетілмек.
Электр желілері мен амбулаториялар ескірген
Қазір округ бойынша 4 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Азат ауылының амбулаториясы 2012 жылы салынса, Қайназар ауылындағы амбулаторияның қабырғасы 1990 жылы қаланған. Ал Рахат ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1960 жылы, Өрікті ауылындағы 1970 жылы салынған. Екі ауылдағы ескірген амбулаториялардың қазіргі халі мүшкіл, олар осы заманғы медициналық қызмет көрсетуге жармайды. Сондықтан аталған амбулаториялар күрделі жөндеуді не жаңадан салуды қажет етеді. Сонымен қоса Қайназар ауылындағы 36 км электр желісінің 7,2 км жаңалау көзделуде. Қайназар ауылындағы полиция бөлімшесінің ғимаратына да күрделі жөндеу күтілуде.
ТҮЙІН:
Тарихтың тегершігі қайта айналып, өз өрісіне соғады, – дейді екен ғұламалар. Өркениеттің өшпес ізі қалған өлкеден заманалық құндылықтардың қайта бой көтеруі заңдылық емес пе? Біз соған сенгіміз келеді. Ырысың арта берісін, құт мекен!
Ерзат АСЫЛ