Қаражота – аудан өңірінде жермен бірге көркейіп, елмен бірге шырайланып келе жатқан өзіндік алар орны бар округтердің бірі. Батысында Жарсумен, шығысында атақты Аяққалқан шипажайымен, солтүстігінде Ілемен шегараласып жатыр. Ес біліп, етек жинаған ықылым заманнан бері Ұлы жүз тайпаларының ата қонысы болып, жерінің түгін тартсаң майы шыққан, төрт түлік малға аса жайлы, нулы, сулы өлкенің құйқалы бір пұшпағы. Осынау өңір – қасиетті атамекенін жаудан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қасқайып, қайтпай қорғаған батырлардың, топ жарып көсем сөз бастаған би мен шешендердің, мал өсіріп, ел тыныштығын сақтап, қабырғалы қорған болған еңбекқор шаруалардың мекені. Осы уақытқа есімдері, ерлік істері халық жадында сақталып келе жатқан Қараш би, Райымбек, Әжібай, Сұраншы, Ескене, Малай секілді көптеген тау тұлғалы, сардаладай кепілді бабалардың тұлпарларының тұяқ ізі бар құтты қонысы. Бертін келе патша өкіметінің отарлау саясатының күштеуімен келіп, бүгінде бір-біріне бауыр басып кеткен орыс, ұйғыр, азербайжан, түрік, дүнген, т.б. ұлт өкілдерінің де қоныс тапқан жері.
Қаражота – орналасқан жері сортаң, биік жотада болғандықтан сәйкестендіріліп аталған тарихи атау. Димитров колхозы болып 1930 жылы құрылып, 1962 жылдың көктемінде Авангард темекі совхозы, күзінде «Қызыл-Жиде» қой совхозы болды. Осы атаумен 1995 жылға дейін аталып келді. «Қызыл-Жиде» қой совхозының тарауына байланысты 1996 жылы Қаражота селолық округі болып аталды.
Қаражота ауылының жалпы тұрғындар саны 3321 адамды құрайды. Ал отбасы саны – 550 түтін. Олардың ішінде 357 зейнеткер, 2702 жұмысқа қабілеті адам бар. Ұлттық құрамына келсек, 2925 қазақ, 329 ұйғыр, 67 әзербайжан және түрік мекендейді. Бүгінде 400 шаруа қожалығында 1175 адам жұмыс істейді. 13 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады.
Қаражота ауылында Б.Момышұлы атындағы орта мектеп 1938 жылы ашылған. 1978 жылға дейін Димитров, 1978 жылдан бастап қазақ батыры, көрнекті ғұлама жазушы Бауыржан Момышұлының есімімен атала бастады. Оқушыларға сапалы да терең білім, ұлттық тәрбие беру жолында 57 ұстаз аянбай еңбек етуде. Мектеп директоры, білікті маман Амина Пірімқұлованың басшылығымен оқушылар, педагогикалық ұжым көптеген басқосуларда, олимпиадаларда, конкурстарда алдыңғы орындардан көрінуде. Мектепте Бауыржан Момышұлының ұлы, марқұм жазушы Бақытжан мен келіні Зейнеп Ахметова секілді атақты адамдар болып, кездесулер, көптеген қызықты шаралар өткізілді.
Негізінен жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген, оның ауыр да бейнетті жұмысына белі қайыс-пағандар отарларына отар қосуда, дәулеті шалқуда. Қуат Ибадиев, Мурат Нашарбеков, Қанат Нұрмаханов, Дәулет Игенбаев, Жеңіс Әбдрахманов, Мақсат Игенбаев, Оңал Мақашев, Тілеубек, Ержан Саровтар, Мухамия Нұрақынов, Советай Әнисов, Жумабай Сейсенбаев, және осылар секілді ондаған мал фермерлерді көптеп атауға болады. Олардың төккен тер текке кетпейді. Еңбектері жанады. Бұлар ауылдың шынайы мақтан тұтар жандары.
«Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» демей ме дана қазақ. Кеңестер кезеңінде колхоздар мен кеңшарларды селолық кеңес атқару комитеттерін басқарған азаматтар қазір бақилыққа аттанып кеткен. Қ.Жабықбаев, Ж.Кашкеев, Т.Тохтыбакиев, С.Айсабаевтарға көше атаулары беріліп, еңбектерін айғақтап, істерін ұмытпауға үндегендей.
Осылар секілді бұрынғы сельсовет, совхоз басшылары Қ.Жабықбаев, Ж.Кашкеев, Н.Разиев, Ж.Сабиров, А.Байсубанов, Н.Мұқаметқалиев, Б.Орынтаев, С.Страхов, А.Гаитов, Н.Племянников, Редько, Ысқақов, А.Шындалиев, А.Ташенов, С.Оғұлғазиев, С.Бекболатов, С.Айсабаев, А.Ілімбаев, Р.Шаймерденов сияқты басшы қызметтерде болғандарды ұрпақтары ұмытпайды.
Қаражота ауылында кеуде керіп мақтаныш тұтар азамат тұлғаның бірі – халық емшісі, шөп дәрілерімен емдеуші Асқарбек Рахимов. Атамыздың атақ-даңқы Қазақстаннның төрт бұрышына таралған. Ем іздеп, атамыздан ақыл-кеңес алуға Атырау мен Алтайдан тартып, басқа да өңірлерден келіп жатқан жандарда есеп жоқ. Халық емшісінің шипалы қолы, шөп дәрілері дімкәс жандарға шипа болып, олардың шынайы алғысы мен құрметіне бөленуде. Асқарбек Рахимовтың «Емдік шөптер» деген кітабы да жарық көрді. Ол жайлы газет, журналдарда очерктер мен бірнеше мақалалар жарияланды. «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Ауылымызда орны ерекше, өмір бойы саламатты өмір салтын уағыздап келе жатқан ғазиз ана, халық қамқоршысы, сынықшы Досберген қызы Ұлтуған апа да бар. Алматы облысы Шелек өңірінде 60 жыл уақыт алдына қиналып иық ұршығы, саусақтары орнынан тайып кеткен, аяқ саусақтарының шығып кеткен, тобық шығып, аяқ сүйектері шорт сынған, бел омыртқасы тайып кеткен адамдарға көмегін аямаған.
Қаражота ауылында қажырлы еңбек еткен мақтан тұтар азамат тұлғалардың бірі – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төс-белгісінің иегері, «Көктен биік» кітабының авторы, көп балалы ана, қарт ұстаз Тұрсынхан Шәлдибекқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, кәсіпкер Қырғызбай Нақышбеков сынды азаматтар да ауылымыздың мақтанышы.
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің түлектері техника ғылымдарының кандидаты, доцент, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Айгүл Кәріпжанқызы Қожахан және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Жандос Сапарғалиұлы Шыныбай ауылымыздың атын алысқа танытып жүр. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының спорт шебері, Алматы қаласы БІІБ дене шынықтыру дайындығы және спорт басқарма бастығы, бүкіл-әлемдік қоян-қолтық ұрыс федерациясының маманы, полиция қызметкерлері арасындағы әлем чемпионатының қатысушысы, Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесінде спортты дамытуға үлкен үлес қосқан Мұрат Ахметжановтың да орны бөлек.
Жібек жолының бойында Ұлы Сахараның кең байтақ даласы мен заңғар биік тауларын аттың жалында, түйенің қомында жүріп, найзасын серт ұстаған ата-бабаларымыз бүгінде тарихқа айналса да, бүгінгі ұрпақтары олардың ісін жалғастырып, қазақ елінің даңқын әлемге танытпақ. Осындай ұлдары мен қыздары барда ауылымыздың мерейі асқақтай бермек.
Б.МАҚАШЕВ,
Қаражота ауылдық округі әкімінің орынбасары