Дүйсенбі, 26 Қазан 2020 10:03

«Төрт елі топырақ асты алтын екен, ішпей-жемей тоятын айналасы»

«Төрт елі топырақ асты алтын екен, ішпей-жемей тоятын айналасы» mezet.kz

Қарт Алатаудың баурайынан қоныс теуіп, тұрмысын қасиетті қара жермен байланыстырған Түрген ауылдық округі аудандағы ірі елді мекендердің қатарында. Құрамына Түрген, Таутүрген ауылдары кіреді. Тұмса табиғаты көз тартатын округ тұрғындары бірлікте күн кешіп, еңбекпен көркейіп келеді. Ырыс қонып, бақ дарыған мекенге  арнайы бардық жақында. Округ әкімі Ержан Карибаевпен Түрген, Таутүрген ауылдарын аралап, өңірдің әлеуметтік-эконо-микалық жағдайымен таныстық.

Таутүрген мектебіне спортзал керек

Округ басшысы сапарымызды әлеуметтік нысандардан бастады. Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы, М.Ломоносов атындағы, А.Жексембеков атындағы орта мектептерде, Таутүргендегі орталау мектепте жалпы 2635 бала білім алады. Түргендегі білім ошақтарының барлығы соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен. Тек Д.Қонаев атындағы орта мектепке қосымша ғимарат салу мәселесі туындап отыр. Ол үшін бюджеттік сұраныс берілген. Жақын арада шешімін табуы тиіс.

Таутүрген орталау мектебі 4 жылдық болып 1937 жылы құрылған. Кейіннен 1965 жылы 10 пәтерлік тұрғын үй кешені оңтайландырылып, 8 жылдық мектеп пайдалануға берілген. 1992 жылы орта мектеп болып, оқушылар саны жетпегендіктен 9,10 сыныптар қайта жабылған. Қазіргі таңда негізгі орталау мектепте 1-9 сынып балалары оқиды.  Мектеп директоры Қуандық Карбузовтың сөзіне сүйенсек, 2009 жылы жылу жүйесі ауысқан, есік-терезелері жаңартылған, қыста жылы. Тек едені мен электр жүйесінің сапасы сын көтермей тұр. Оған қоса, оқушылар кең спортзалға зәру.

 

Түрген шатқалындағы патша балығы

Түрген округі өзінің патша балығы аталған «форель» балық шаруашылығымен де әйгілі. Түрген сайына көтерілетін жолдың бойында демалушыларға құшағын жаятын форель шаруашылығына да арнайы бас сұқтық. Мұнда туристерге барлық жағдай жасалған. Табиғат аясында серуендеп, қармақпен балық аулап, демалысты көңілді өткізуге мүмкіндік бар. Шаруашылықта 35 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Жарқын Агитаеваның айтуынша, шаруашылық 1969 жылы құрылған. Кейінірек жұмысы тоқтап, жабылып қалған. 20 жылдан астам уақыт бұрын кәсіпкер Ардақ Әмірқұлов патша балығын өсіруді өз қолына алып, шаруашылық бүгінде туристердің сүйікті орнына айналған. Демалыс аймағы қысы-жазы жұмыс істейді. Қыс мезгілінде бассейндегі мұз ойылып, балық аулауға қолайлы жағдай жасалады. Мұнда форельдің екі түрі өсіріледі. Қарапайым және сары форель (альбинос). Бірақ көбейту жұмыстары жүргізілмейді. Себебі уылдырықтар шетелден жеткізіледі. 1-2 апта аппаратта жатқан уылдырықтар көзі мен құйрығы шыға бастағанда, арнайы бассейндерге көшіріледі.

«Аты айтып тұрғандай, бұл балық ертеректе патшалардың сүйікті тағамы болған. Өйткені форельдің адам денсаулығына пайдасы мол. Сәйкесінше, оның күтімі де өте жақсы болуы керек. Тазалықты жақсы көретін форельдер көбіне ағын суда өмір сүргендіктен, бассейндегі су үнемі тазаланып тұрады. Жемді де су бетінен жейді. Азықтары да шетелден жеткізіледі», – дейді Жарқын Агитаева.

 

Түргеннің балы шетел асады

Түргеннің табиғаты мен климаты барлық шаруашылыққа қолайлы. Әсіресе, таулы аймақта ара ұстап, бал өндірісі жандануда. Осы кәсіппен айналысқанына ұзақ жылдар болған Сергей Степаненко бүгінде ауданымыздағы омарташылардың басын қосып, кластер құрып, бірігіп жұмыс жасауды жоспарлаған. Ол үшін мемлекеттен 1 гектардан астам жер телімін де алған. Тек коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантин шаралары кедергі болған. Алдағы уақытта Шелек, Бәйдібек би, Қаракемер, Есік пен Түрген омарташыларының басын біріктіріп, Украинадан асыл тұқымды аралар әкелуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде омарташы таулы аймаққа төзімді  «Карпатка» тұқымды аралардың 200 отбасынан бал өндіруде.

«Біздің балымызға шетелдіктер, әсіресе, Біріккен Араб Әмірлігі қызығушылық танытуда. Катардан арнайы келген азаматтар өндіріп отырған балымызға жоғары баға берді. Себебі, таулы, өсімдігі көп жердің балы өте ерекше әрі емдік қасиеті жоғары болады. Сондықтан алдағы уақытта омарташылар бірігіп, өндіріс көлемін арттырып, экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз», – дейді омарташы Сергей Степаненко.

 

Жолдарды жөндеу қарқынды жүзеге асуда

Округ аумағында 46 көше бар. Таутүргенге қарасты 5 көше толықтай асфальтталған. Ал Түргендегі жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүзеге асқан. Ең ірі жоба – ұзындығы 3 шақырымға жуық Қонаев көшесінің орташа жөндеу жұмыстары. Оған бюджеттен 117 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігер «ДСУ-13» компаниясы жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Қазіргі уақытта тротуар жасалып, жол белгілері орнатылуда. Сонымен қатар Береке, Желтоқсан, Алтын адам және округке кірер жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Оған қоса, түн мезгілінде көшені жарықтандыру мақсатында Құлманбет көшесіне 98, Таутүргенге 40 шам бағаналары орнатылған.

 

Ғимараттың сапасы сын көтермейді

1986 жылы салынған сыйымдылығы 500 адам болатын мәдениет үйіне осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Директоры Қадыр Бақытұлының айтуынша, 2012 жылы шатыры ауыстырылған. 2013 жылы жылу қазандығы жасалған. Былтыр жылу жүйесі ретке келтірілген. Бірақ ескі терезеден кірген суық жел қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Бұл мәселе бойынша округ және аудан әкімдігіне күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсыныстар жіберілген. Алайда қаржының қашан бөлінетіндігі белгісіз. Округ басшысы Ержан Серікұлының сөзінше, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін.

Осыған қарамастан мәдениет үйінің қызметкерлері жұмысын жүйелі жүргізуде. Бүгінгі таңда сазсырнай, домбыра, оркестр, фортепиано, күрес, футбол, қолөнер, сурет, би үйірмелеріне 120-ға жуық бала қатысып, өнерлерін шыңдауда. Жеткен жетістіктері де жетерлік. Республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Мәдениет ошағының жанынан Нұржан Мұратбектің жетекшілігімен «Алатау сазы» оркестрі құрылған. Карантиннен кейін ауыл қарттары ретро ансамбль құруды қолға алуда. Жақын арада тұсаукесері болмақ.

 

 

Интенсивті алма бағы

Ауыл шаруашылығы саласын игерген түргендіктер алма бағын өсіру бойынша да ауданымызда көш бастап тұр. Жылдан-жылға заман талабына сай жаңа технологиямен отырғызылған алма бақтарының аумағы артып келеді. Соның бірі «Интеграция Тургень» ЖШС. 8 гектардан астам жерге алма бағын отырғызған серіктестікте қазіргі таңда «Клаус», «Ред Фри», «Макентош», «Либерти», «Золотое-превосходное» сынды алманың 10 шақты түрі бар. 2014-2015 жылдары заман талабына сай технологиямен, тамшылатып суару жүйесімен 28 мыңға жуық көшет отырғызылған. Қазіргі уақытта терім науқаны аяқталуға жақын.

«Бағымыздың аумағы шағын. Сондықтан алмаларды қоймаға сақтамай, осы жерден сатылымға шығарамыз. Жергілікті саудагерлер өздері 10-15 күннің ішінде жинап, алып кетеді. Негізінен, біздегі алманың түрлері сақтауға өте ыңғайлы. Оны тәжірибе жасап көргенбіз», – дейді «Интеграция Тургень» серіктестігіне қарасты алма бағының басқарушысы Мұхит Жайлаубаев. Айтуынша, бұрындары бақпен айналыспағандықтан, осындай шағын жерге алма бағын өсірген. Оларды күтіп-баптау, дәрілеу жұмыстарының барлығын игеріп, тіпті, шетелмен тәжірибе алмасқан. Нәтижесі де жаман емес. Жылдан-жылға өнім көлемі де ұлғайып келеді. Қазірдің өзінде 1 гектардан 30-35 тоннаға дейін алма жиналады.

Алма бағында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жиын-терім науқаны және тағы басқа жұмыстар кезінде 20-ға жуық адам еңбек етеді.

«Біз алма бағын өсіруде шетелдік тәжірибені қолдану үшін басқа мемлекеттерде болдық. Сонда олар: «Алманың отаны Қазақстан ғой, сіздер мұнда не істеп жүрсіздер» дейді. Расында, Қазақстан, оның ішінде Жетісу жеріндей құнарлы топырақ пен жайлы климат еш жерде жоқ. Байқасаңыз, бұрындары бос жатқан жерлер, жүгері мен жоңышқа егілген алқаптардың басым бөлігі алма бағына айналуда. Осыған қатты қуанамын. Біз табиғатымыздың мүмкіндігін тиімді пайдалануымыз керек», – деді Мұхит Айыпұлы.

 

Денсаулық бақылауда

Заман талабына сай жасақталып, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған денсаулық сақтау мекемесінде 52 адам жұмыс істейді, 6 жалпы тәжірибелі дәрігер бар.

«Соның өзінде амбулаториямызда маман тапшылығы сезілуде. Бір учаскелік дәрігердің бақылауында 1700 тұрғын болуы тиіс. Округімізде осындай 8 участок бар, ал дәрігерлер саны 4-еу ғана», – деген Марина Жомартова соның өзінде түргендіктердің денсаулығы жіті бақылауда екендігін айтты. Амбулаторияда аптасына бір күн хирург, кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог дәрігерлер келіп, қабылдау өткізеді. Түргенде жылына 230-дан астам нәресте дүние есігін ашады. Ана мен бала денсаулығы қатаң бақылауда.

 

Су мәселесі шешілмек

Түрген ауылында соңғы жылдары су жүйесінің мәселесі көтеріліп жүр. Ескірген құбырлар жиі жарылып, тұрғындардың мазасын қашыруда. Ержан Карибаевтың сөзінше, 2011 жылы 27 шақырымға жаңа су құбыры жүргізілген. Бұл су құбырларын жаңартудың бірінші кезеңі болатын. Екінші кезеңде 50 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Бюджеттен қаржы бөлінсе, тіршілік нәрі жаңа құбырмен тұрғындарға жол тартады. Жоғарыда аталған 27 шақырым «Есік су» мекемесінің, қалғаны «Бастау» ЖШС теңгерімінде.

 

Көгілдір отын Түргенде

Қазіргі таңда аудан бойынша бірнеше елді мекенге ғана газ құбыры тартылуда. Оның ішінде Түрген ауылы да бар. Округ әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 500-ге жуық үй көгілдір отынға қол жеткізген. Сондай-ақ 200-ге жуық үй келісім-шарт жасап, кезек күтіп отыр. Жалпы ауылға магистральдық құбырдың 30 пайызы ғана жүргізілген.

«Мердігер «АПЛ Констракшн» ЖШС-і биыл 1000-ға жуық отбасын көгілдір отынға қосуды жоспарлаған. Коронавирус індетінің алдын алу бойынша енгізілген карантиндік шаралар кезінде құбыр тарту жұмыстары тоқтап, енді ғана жандана бастады. Қазіргі кезде ауылдың жоғары жағына құбыр тартылуда», – дейді Ержан Серікұлы.

 

Желмая мініп желдіртіп, қазақ халқына жайлы қоныс іздеген Асан қайғы Алатауға келгенде: «...Төрт елі топырақ асты алтын екен, ішпей-жемей тоятын айналасы» деп баға берген мекені – бүгінде экономикасы өрлеген, ауылшаруашылығы дамыған құтты мекен. Төбесі көк тіреген осы таудың баурайын мекендеген түргендіктер несібесін қара жерден айырып, тату-тәтті күн кешуде. Тек жоғарыда аталған бір-екі мәселенің түйіні тарқатылса екен деген өтінішін жеткізді ауыл тұрғындары.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1818 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ерлікке қойылған ескерткіш Елі шырайлы, жері шұрайлы »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет