Дүйсенбі, 15 Маусым 2020 09:28

Туған жердің өткені мен бүгіні

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі...» – деген еді Елбасы Н.Назарбаев. Расында, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Қаншама ғасырлық тарихы бар Рахат ауылы да талай түлек түлеткен қасиетті мекен. Рахат ауылдық округі – ауданымыздың шекарасында орналасқан ірі елді мекен. Қойнауы жасыл баққа, көрсең көз тоймайтын сұлу табиғатқа толы мекеніміздің тамыры тереңде жатыр, сонау сақ дәуірінен бастау алады.

«Есік» қорық-музейінің берген мәліметтеріне сүйенсек, жалпы аумағы 5,2 гектар болатын Рахат қалашығы 1999 жылы ашылған. Рахат қала жұрты  Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік – Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Қалашық тауды бөктерлей шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Қоныстың орталық бөлігінде тау жағынан 10 метр, солтүстік жағынан жазық даламен шектесетін тұста 50 метр болып келетін трапециялық үлгідегі төбе бар. Орталық бөлікті айнала жасалған орлар маңайында өте ыңғайлы фортификациялық құрылысқа айналған, жасанды баурайлар мен дуалдар орын тепкен. Рахат қалашығы сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар.

– 2004 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты қызметкерлері Рахат қалашығына алғашқы барлау жұмыстарын жүргізіп, Есік қорымдарымен сәйкес келетін мәдени қабатты тапқан болатын. 2017 жылдың мамыр айында  «Есік» қорық-музейінің кешенді археологиялық экспедициясы қалашық орнына барлау жұмыстарын бастады. Экспедиция құрамына қорық-музей қызметкерлері мен ҚХР-ң мамандары кірді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнси аймақтық археология институтымен (ҚХР) арадағы әріптестік туралы келісім-шарт бойынша бірлескен барлау жұмыстары алдағы 5 жыл бойы жүргізілетін болады. Осыдан кейін ғана ескерткішті фундаментальды археологиялық зерттеу жұмыстарының жоспары жасалатын болады – дейді музейдің бөлім жетекшісі  Досым Зікірия. Сөзіне сүйенсек, 2017 жылдың 7 шілдесінен бастап «Есік» қорық-музейі қызметкерлері мен қытай мамандарының Рахат қалашығындағы бірлескен жұмыстары басталған. Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы бірнеше бұйымдар табылған. Барлау жұмыстарының көмегімен қалашық орнының аумағы шамалап белгіленген.   Осындай барлау жұмыстарының бірінде табылған қыш күйдіруге арналған пеш сол маңдағы төбелердің қолдан тұрғызылғандығы туралы ойды одан әрі бекіте түскен.

Бұл Рахат ауылының әрідегі тарихы. Одан кейінгі кезеңдерде ауыл талай оқиғаларды бастан өткеріп, Кеңес үкіметі тұсында өзгелерге үлгі боларлық ұжымшар еді. 1930 жылдары Шарықбаев Жамаш Рахат ұжымшарының бірінші төрағасы болған. Сол кездегі ауылдың тұрмыс-тіршілігін білу мақсатында Рахатқа ат басын бұрып, ауыл ақсақалы Нұрәлі Жарылқасымовпен тілдескен едік. 1941 жылы осы ауылда дүние есігін ашқан ақсақал әлі күнге дейін Рахатта тұрады. Бар өмірі өзінің туылған ауылында өткен. Ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеп отырған Нұрәлі ата ауылдың тарихын ұжымшарларды біріктіру кезеңінен бастады:

– Мен 1941 жылы Рахат ауылында дүниеге келдім. Ол кездері округке қарасты Азат, Қайназар, Рахат, Өрікті ауылдары өз алдына жеке төрт ұжымшар болған. 50 жылдары Рахатты Өріктімен, сол кездегі Красный востокпен қосып, Ильич атындағы ұжымшар құрылды. Ал Қайназар мен Азатты қосып, партияның 20 съезі атындағы ұжымшар атанды. Кейіннен осы екі ұжымшар, төрт ауыл Ильич атындағы ұжымшарға біріктіріліп, төрағасы Жолдан Иманқұлов болды – деп еске алады ақсақал. Айтуынша, Жолдан Иманқұлов білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы бола білген. Жолдан Иманқұлов Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған, ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген азамат болған. Жолдан Иманқұлұлының тұсында ұжымшар әлеуметтік жағдайы көтерілген. Сол кезеңде әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған шарап зауыты салынған. Адамдардың еңбегіне ақшалай ақы төлене бастаған. Оның алдында, төрт ауыл жеке ұжымшар болып тұрған тұста, әр адамның еңбек еткен күні есептеліп, жыл соңында астық берілетін.

Ұжымшар негізінен егін шаруашы-лығымен, астық өсірумен айналысқан. Рахатта 1500 бас сауын сиыр ұстайтын сүт тауарлы фермасы жұмыс істеген. Сонымен қатар, әр бөлімшеде алма бақтары өсірілетін. Ұжымшарда 38 мыңға жуық қой болған. Төрт түлік 2 айға жуық жайлауда болып, Сарытауқұмнан Қараойға көшіп келгеннен кейін, сол жерде жүнін қырқады. Қыркүйек айында ауыл төңірегінде біраз болып, Қараойға қарай жөнелтіледі. Қараша айында Сарытауқұмға апарылып, сонда қыстайтын.

60 жылдары Қараойда 2-2,5 мың гектарға дейін арпа егілетін. Сол жылы жауын-шашын көп түсіп, су мол болса егін бітік шығатын. Құрғақшылық болса сепкен дәнді де қайтарып ала алмайтын кездерді де рахаттықтар басынан өткерген. Кейбір жылдары өнім мол болып, орылған арпа ауылға жеткізілетін.

Тарихқа көз салсақ ашаршылық пен қуғын-сүргін кезінде көптеген рахаттықтар құрбан болған. Ол кездерді көзімен көрмеген Нұрәлі ақсақал бұл жайында айта алмайтындығын жеткізді. Алайда, Рахат  ауылында  2008 жылы  1930   жылдардағы  ашаршылық  құрбандарына арналған  ескерткіш бой көтерген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, сол  аймақтан әрдайым адам сүйектері табылып тұрған екен. Ашаршылық  кезінде  көптеген адамдар  осында жерленген деген жорамал бар.

Ауылдың тыныс-тіршілігін еске алған Нұрәлі ата ұжымшарды басқарған төрағаларды да тізіп өтті. Жолдан Иманқұловтан кейін Балтабайда бас инженер болып жүрген жерінен ауысып келген Нүсіп Мэлсбаев ұжымшарға төраға болған. Аудандағы басшылармен келісе алмай, аз уақыттан соң орнына Кеген жақтан келген Ақан Нұрғожаев төрағалық етті. Рашид Қамбарұлы, ауданды басқарған Смади Абдиев те ұжымшарды басқарған. Ильич ұжымшарының соңғы төрағасы Бағжан Сабаншиев болған.

– Қытайдан қазақтар мен ұйғырлар 1955 жылдан бастап келе бастады. Оған дейін аз ғана ұйғыр мен шешен, түрік ағайындармен тату-тәтті өмір кештік. Іргетасы тастан тұрғызылып, қабырғасы балшықтан қаланған «тоқал тамда» тұратынбыз. Үйдің төбесіне бөрене тастап, қамыспен жауып, үстін балшықпен 50 сантиметрге дейін сылап қоятын. Екі ауыз үйдің кіре-берісінде қазан-ошақ болатын. Ол бөлмеде ас дайындалады. Түпкі жатын бөлмеде қыстыңгүні темір пеш қойылады. Қыста мал туса, төлі ауызғы бөлмеге кіргізілетін. Түрік ағайындар қыстай таудан алма, өрік ағаштарын тасып от жағатын. Қазақтар үйін малдың тезегімен жылытатын. Ұйғырлардың «каң» деп аталатын пешін де сол кезде көргенбіз. Ауызғы үйден от жаққанда түтіні қара кірпішпен жасалған құбыр арқылы екінші бөлмені айналып шығатын. Сол құбырдың үстінде балалар ұйықтайтын – деп еске алады Нұрәлі ақсақал. Айтуынша, ол кезде барлығы бірдей өмір сүрген. Жұртшылықтың тіршілігі бір сарында болатын.

– Аллаға шүкір, қазір не ішеміз, не киеміз деп қиналмаймыз. Кеңес үкіметі тұсында мен анамның аяқ киімімен мектепке барып келетінмін. Жалғыз мен ғана емес, ауыл балаларының барлығы бір киімді кезектесіп киетін. Мұндай тапшылық барлық ауылдарда болды. Ашаршылық көрмесек те, жетіспеушілік болатын – деп таршылық көрген күндерін еске алған ата бүгінгі күн – қазақтың маңдайға біткен бағы екендігін айтты.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1869 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет