Әлі сиясы, баспахана мен компьютер принтерінің бояуы кеппеген баяндар, репортаждар мен басқару жүйелерінің шешім-қаулылары мұрағат-архив сөрелерінен орын ала қоймаған 2019 өтіп, 2020-ның жарты жылын еңсеріп тарих қойнауына енді-енді ене бастаған кезі. Бұл кезең - елімізді, әлемді дүрліктіріп тығырыққа, небір қиындықтарға тіреген жер шарына жайылып кеткен коронавирус атты індеттің шарықтау кезіне жетіп тұрған кезең. Тек жеңілдігін берсін деп тілеп қана қоймай, өзіміздің сақтануымызбен індетке бой алдырмауға тырысуымыз қоғамымыздың да қауіпсіздігіне қосқан үлесімізі деп білейік, ағайын!
Биылғы жылға қарағанда мамыражайлау ғұмыр кешкен 2019 жылы аудан әкімі Еңбекшіқазақ ауданының 90 жылдық мерейтойын өткізуді ұйымдастыру ниетімен комиссия түзіп, дайындықтар жұмысы басталғандай болып еді. Бізге беймәлім, әртүрлі себептермен соның ішінде қаржылық та бар болар, басталған іс жалғаспай, биылғы жылғы қиындықтарға тірелген еді. Әрине, қаз-қатар қазақи үйлер тігіп, ат шаптырып, ұлан-асыр той жасауға жүздеген миллион қаржы керек шығар. Оның үстіне әлемді, елімізді жайлаған аты жаман тәжілі тажалдың алдын алу үшін той-томалақ, басқа да көп адам жиналатын іс-шараларға ел басшылығы заңды шектеу қойып отыр. Десек те, кең ауқымды іс-шаралардың ішінде тоқсан жыл тарихы бар Есік-Шелек өңірлерін біріктіріп отырған еліміздің ең ірі аумақтарының бірі – Еңбекшіқазақ ауданының тарихы туралы осы жолдар авторының ұйымдастыруымен біраз материалдар, деректер жинақталып та қалған еді. «Өткен күнде белгі жоқ» деп қазақ атам тек құмдай сусып, судай ағып өтіп жатқан уақыт-күндер, жылдар жайлы айтқаны рас.
Ал өткен күндердің белгілері – архивтердегі жазылып, сақтауға тапсырылған жылнамалар, мұрағаттар, құжаттар. Сол белгілердің негізгі бір бөлігіне тарихи, деректі, көркем әдебиет туындылары жатады. Олай болса, 1928 және 1929 жылдарда іргесі қаланған бүгінгі үш жүз мыңнан аса тұрғын мекендеген Алатаудың аса бір құнарлы сулы, нулы, егінді, жемісті алабындағы ауданымыз туралы деректі де суретті туынды жарық көрер деген ниетпен, үмітпен ардақты азаматтарымыз, Еңбек ерлері, Батыр бабаларымыз хақындағы, өнер, әдебиет, мәдениет, бай табиғаты мен шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік салаларды да сараптай отырып өткеніміз бен бүгініміз, болашағымыз туралы да қалам тартып, ой салар мақала-очерктер жарияланады.
Ауданымыздың Есік-Шелек аумақтары сонау өткен ғасырдың жиырмасынышы жылдарының соңында әкімшілік-территориялық бірлік болып заңдастырылған болса, арасына бірер жыл ғана салып, аудан айнасы – газеттері де шыға бастағаны белгілі. Өкінішке қарай, Еңбекшіқазақ ауданының 1930 жылғы 10 шілдеде алғашқы саны, аудандық газеттің отызыншы жылдарғы нөмірлері сақталмаған. Тек он жылдан кейін латын қарпінен кириллицаға көшу кезеңіндегі газет сандарын Республикалық кітап палатасынан тауып, көптеген архивтік материалдардың көшірмесін алған едім. Газеттің алғашқы санын шығарып, оқырманға ұсыну мәртебесіне сол кездегі республикалық басылым бүгінгі «Егемен Қазақстанның» «атасы», «Еңбекшіқазақ» газетінің үдесіне тиген екен. Республика газеті жаңадан құрылған аумақтық-әкімшілік бірлікке өз атын беріп қана қоймай, баспахана және аудандық газет редакциясын құрып басқаруға білікті журналист Аманғали Сегізбаевті жіберген екен. Бұл жайында газеттің басқа да басшылары, қызметкерлері хақында газетіміздің келесі санында – «Үлгілі Колхоз» деген атпен шыға бастаған 10 шілде күні «Газет тарихы – аудан тарихы» деген жалпы тақырыппен шығатын толыққанды материалдарда қамтылады демекпіз.
P.S. Көптен бері қозғалып келе жатқан аудандар атауы туралы мәселе еліміздегі індетке байланысты карантинге, яғни ойын-сауық, сауда-саттық, жүріс-тұрыс, жиындар-жиналыстарға шектеу қойылып тұрса да тағы да көтерілген сыңайлы. Бұл тақырыпты қозғамай-ақ қоюға болмайтын болды. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген Ұйғыр ауданына Қарадала атауын қайтару мәселесі қозғалғанда, неге Еңбекшіқазақ ауданында «Қазақ» атауы тұру керек деген қарсы пікір бүгін де туындап тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, ғасыр толған мерейлі датасын атап өткен «Егемен Қазақстан» алғашқы жылдары «Еңбекші қазақ» деген атпен шығарылған болатын. Біздің аудан құрылғанда қамқорлығына алған бүгінгі еліміздің бас газеті сол кездегі атауын аумағымызға сыйға тартқан. Бірде ұлғайып, бірде кішірейіп келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданы тоқсан жылдан бері атын абыроймен алып келеді. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдары аудан тұрғындары «Еңбекшісі бар, қазағы жоқ» аудан деп өздерін әзілдейтін. Кейін қазақтар саны ауданда көбейіп, бірақ өтпелі кезеңде жұмыссыздық белең алғанда: «Қазағы көп, еңбекшісі жоқ аудан» деп те кейіс білдірді, жұмыссыз қалған тұрғындар. Бүгінгі күндері жұмыс жоқ, еңбекші жоқ деуге ауыз бармайды. Іргедегі екі миллиондық Алматы мегаполисін айтпағанда, көрші мемлекеттер де, алыстағы елдер де бізде өндірілетін азық-түлік түрлеріне қызығушылық танытып отыр, яғни сұраныс бар. Ал туризм дегеніңіз тұнып тұрған табыс көзі, тек әлемдік деңгейдегі стандарттарға жеткізсек. Тек мынау қол-аяқты байлап аттатпай тұрған індетті жеңсек. Әрине, жеңеміз деген мақсат күн тәртібінен түспей, соған ұмтылу - парыз, міндет!
Хайролла Ахметжанов,
бас редкатор,
Қазақстанның құрметті журналисі