Оның өмірге құштарлығының сыры – жақындарының махаббатында. «Қиын сәттерде өзіңді жақсы көретін адамдарды ойлау керек. Анаңды, мысалы. Бауырларыңды. Олардың қиналғанын көргің келмесе, қандай қиындықтарға да шыдайсың», – дейді ол. 15 жасында жоғары кернеулі тоққа түсіп, 100 күн ауруханада, 2,5 ай үйде төсекке таңылып, сол қолынан айырылған Дінислам Елұзақ – бүгінде таэквандодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Мақаламызда түрлі спорт сайыстарында ауданымыздың абыройын қорғап, көпке үлгі болып жүрген азаматтың жан сыры, спорттағы жетістіктері, өмірлік ұстанымдары туралы сыр шертпекпіз.
1985 жылы сонау Моңғолияда дүниеге келген Дінислам 1991 жылы атамекенге қарай ағылған ұлы көште ата-анасымен бірге елге оралып, Түрген ауылына қоныстанды. Сондағы қазақ орта мектебінде білім алып, әке-шешесіне де қолғабыс етіп жүрген Дінислам жастайынан спортты сүйетін еді.
– Жарыстарға қатысып, жүлде алмағаныммен бала күнімнен футбол, күрес тәрізді спорт түрлерін жақсы көретінмін. Күресуден шаршамайтынмын. Мектепте оқып жүргенде ең сүйікті сабағым да дене шынықтыру пәні болды. 10 сыныпқа келгенде әлгіндей қайғылы жағдайға тап болып, қиын жағдайда қалдым, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, қайғылы жағдай 2000 жылы Дінислам 10 сыныпта оқып жүргенде болыпты. Абайсызда жоғары жиілікті тоққа түсіп қалған жасөспірім Бәйдібек би ауылындағы дәрігерлік емханаға жеткізіліп, сонда үш күн жатқаннан кейін Алматы қаласындағы №4 ауруханаға ауыстырылады. Аурухана дәрігерлері тексеру жасағаннан кейін Дінисламның сол қолын аман алып қалудың ешбір мүмкіндігі қалмағанын айтып, шынтақтан төменгі жағын ота арқылы алып тастайды. Тоққа түсудің себебінен тек сол қолынан айырылып қана қойған жоқ, оң қолының үш саусағы мүгедек болып, аяғында да тоқ соғудың салдары қалған. Дінислам:
– Үйге келгеннен кейін аздап оңала бастадым. Сол бір қиын кезеңдерде анашым әрдайым жанымнан табылды. Ата-анам, бауырларым, дос-тарым, көрші-қолаң қамқор болып, хәл-жағдайымды біліп, әңгімеге тартатын. Әуелі Алла, содан соң осы жақын жандардың махаббатының арқасында аяққа тұрдым. Дегенмен, екі жылға дейін мүмкіндігі шектеулі өмірге бейімделе алмай, физиологиялық, психологиялық тұрғыда көп қиналдым. Содан кейін ғана аздап өз-өзіме келе бастадым. Мектепті бітірген соң әпкеме көмектесіп, отбасылық бизнесіміздің өркендеуіне қолғабыс еттім. Мүгедектігіме қарамай пластик терезе, жиһаз жасаумен айналыстым. Осы кәсіпті 7-8 жыл бойы жаныма серік етіппін, – деп әңгімелейді тағдырында кезіккен талайлы жылдар туралы.
Биылғы жылдың рамазан айында өмір оған жаңа қырынан көрінді. Достарымен күреске түсіп, теледидардан спорт сайыстарын тамашалаудан жалықпайтын Дінисламға ауылдастары «пара-олимпиадаға қатысуға талпынып көрсеңші» деген кеңес береді. Бұл ақылды жөн көрген ол аудандық спорт және дене шынықтыру бөліміне келіп, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт сайыстарына қатысуға өтініш жазады. Он күннен кейін Дінисламға аталмыш бөлімдегілер пара-таэквандодан жарыс өткізілетінін хабарлайды. Қаскелең қаласында өткен облыстық сайыста 3-орынға ие болған Дінислам ендігі кезекте аудандық спорт бөлімінің басшысы Ерболат Сарабековтың ұсынысымен Талғар қаласында орналасқан Алматы облыстық мүгедектерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы Таһир Махмутовқа барып, пара-таэквандодан өзінің техникалық мүмкіндіктерін одан әрі жетілдірді. Бір ай бойғы дайындықтан соң 14-25 қыркүйек күндері Атырау қаласында өткен «Тірек-қимыл аппараттары зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында Қазақстан Республикасының 5 спартакиадасына» пара-таэквандодан және жеңіл атлетиканың 800 метрге, 400 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру түрлерінен қатысты. Тартысты өткен додада Дінислам Елұзақ 400 метрге жүгіруден – 3 орын, ұзындыққа секіруден – 2 орын, ал пара-таэквандодан – 1 орынға ие болып, қара белбеу иегері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақты иемденді. Осылайша, бас-аяғы бірер айда тағдыры жаңа арнаға бұрылып, спорт әлеміне дендеп енген кейіпкеріміз қарашаның басында Португалияда өткен әлемдік пара-таэквандо ойындарына қатысуы керек болатын. Алайда, «спорт шебері» деген атақты жақында алғандықтан құжат жұмыстарын реттеп үлгере алмауына байланысты бұл мүмкіндікті жіберіп алды.
– Халықаралық спорт шебері деген атағым болғандықтан осындай әлемдік сайыстарға қатысуға құқылымын. Алдағы уақытта мүмкіндіктерді жібермеуге тырысамын. Негізгі үлкен арманым – 2020 жылы Токио қаласында өтетін пара-олимпиада ойындарына қатысу және әлем чемпионы болу. Спорттағы жолымды енді ғана бастаған соң спорттың қай түрімен түбегейлі айналысатынымды әлі шешкен жоқпын. Пара-таэквандодан бөлек, жеңіл атлетика, стол теннисі сайыстарына қатысып жүрмін. Қысқы спорт түрлерінен шаңғымен жүгіру, бассейнде жүзу спорттарынан бағымды сынап көрмекпін. Бірқатар сайыстарға қатысып, қай түрі өзіме ыңғайлы екенін анықтаған соң, сол спорт түрімен мықтап айналысып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етіп отырмын, – дейді спортшы.
Иә, қатал сыннан мойымай өтіп, айналасындағы дос-жаран мен туған-туысқа өмірге құштарлықтың өнегесін көрсетіп жүрген мүмкіндігі шектеулі азамат бүгінде өмір жолындағы биік бір белеске қадам басып, жаңа армандарға қол созуда. Армандар да, оған жетер шама да зор болғанымен қолдың қысқалығы, тұрмыс-тіршіліктің қиындығы сол жолда кедергі бола ма деген қауіп те жоқ емес. Спортта жетістікке жету үшін оған көп күш, энергия және уақыт жұмсаудың қажеттігі рас. Спорт шебері деген атақты алғаннан кейін Дінислам Елұзаққа айына 30 мың теңге стипендия тағайындалыпты. Бірақ, жаттығулар мен сайыстарға үнемі қатысу үшін бұл қаржы аздық етеді. Ал күнкөріс қамымен баяғы кәсібіне оралып немесе кейінгі кездері айналысып жүрген сауда-саттығын жасаған күнде дайындыққа уақыт қалмайды. Сондықтан да, мүмкіндігі шектеулі жандар тұрмақ он екі мүшесі сау адамға оңай соқпайтын мұндай жолда жанашыр жандардың, ауданның абыройын ойлайтын азаматтардың демеуі, қолдау-көмегі керек-ақ...
Нұрбану КАМАЛ.