Отты жырдың қызыл жолбарысы Жамбыл мен сұлу сөздің сардары Тұманбай ақынға көне Сақтың астанасынан ескерткіш қойылды. Анығын айтсақ, атқамінерлеріміз қос ақынын тұғырына қондырды, сөйтіп алаш жұртының ақ батасын арқалап, руханиятқа басқан қадамды оң қылды. Тірісінде-ақ, «Бір ескерткіш тұрғыздым мен өзіме» деп кестелі сөз, орамды ойымен ұлт жүрегіне тұғыр орнатқан жерлесіміз Тұмағаңның есімі де аудандық мәдениет үйіне берілді. Сонымен не керек, бұл күні әуезді ән көгімізден нұр болып төгілді, жас ақындардың еркін үні өлең болып өрілді. Жастар саябағының кіре-берісінде Жамбыл, аудандық мәдениет үйінің алаңында Тұмаш ақын «тұғырға қонды» дегенді естіген алаш зиялыларын Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастап келсе, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ақжарма тілегімен шара шымылдығын түрді. Қос қуаныштың басында тұрған аудан басшысы Бинәлі Ысқақ алыс-жақыннан сүйіншілеп келген атпал азаматтарға қошеметтің биік үлгісін көрсетті.

Жастар саябағының алдында қаумалаған қоғам зиялылары алдымен Жамбыл ескерткішін ашуға беттеді. Алғаш боп сөз алған Жақсылық Мұқашұлы Алматы облысы әкімінің құттықтауын жеткізе келіп: – Жыр дүлдүлі Жамбыл ақынға Елбасының тапсырмасымен былтыр Сербияда ескерткіші бой көтергенін білесіздер. Бұл мемлекет тарапынан ақынға деген зор қошеметтің көрінісі. Ал қазақтың арғы-бергі тарихында жыраулық, ақындық өнердің төрінде тұрған, посткеңестік кезеңде өз биігін бағындырған, халықтың ыстық ықыласында болған Жамбыл ақынға қандай құрмет, қошемет көрсетсек те артық болмас – деді.

Кейіннен 5 метр ескерткіштің бой көтеруіне ықпал еткен Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жангелді Осанға, ескерткіш тұғырын  орнатқан аудандық мәслихат депутаты Сейітхан Қырқынбаевқа алғысын жеткізді. «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» жобасының тағы бір көрінісі бұл» деді Жақсылық Омар. Иә, «Аспанда ай ортақ, күн ортақ, жақсылық ортақ» деп жырлаған еді мұндайда Жамбыл атамыз. Сөз алған Нұрлан Оразалин: – Қуаныштың үлкен-кішісі болмайды. «Жамбыл менің өз атым, Халық менің шын атым» деп өзіне-өзі баға берген Жәкеңе бұл сөзді айтқызып отырған қандай құдірет десеңізші. Дәлелін бүгін көріп отырмыз, үш ғасыр бойы қазақ халқымен бірге жасап келеді. 19 ғасырдаелмен елді атыстырып, шабыстыру заманында Жәкең Жаратушының тапсырмасын орындау үшін келген секілді көрінеді мен үшін. Себебі, Жәкең болса қазақтың тарих сахнасынан сытылып қалмауы үшін қолына домбыра алды. Анарыстың заманынан бері үш мың жылға жуық тарихы бар еліміздің  санасына сәуле септі. Міне, бүгін Сақ бабамыздың табанының табы қалған қасиетті топырақта Есіл ерлеріміздің бюсттері бой көтерді. Мұның өзі өскендіктің, өркендегендіктің көрінісі, – деп облыс, аудан басшылығына алғысын білдірді. Жамбыл ұрпақтары атынан сөз алған Алматы облысының құрметті азаматы Әскербек Абаев та игі шараның  ұйытқысы болған азаматтарға рахметін айтты.

«Менің пірім Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай...» деп Жамбыл ақын айтқандай, бүгінде жырдың қызыл жолбасырын пір тұтқан бала Жамбыл да ескерткіш жанынан табылып, отты жырларын көпшілікке тарту етті. «Дана Жамбылдың әруағына бас иіп, бүгін бала Жамбыл өлеңін сіздерге арнап келді» деп бастаған Жамбыл Дүйсенов «Мен жалғаймын» деген өлеңін оқып берді:

Жырдың қызыл жолбарысы атанған,

Бабам сенен қиялымда бата алғам.

Сен данасың, мен баламын –

Жамбылмыз,

Мен тірімін, сен оралмас сапардан.

 

Жыр кемені айдағансың сен дағы,

Жыр кемеге міндім жаңа мен дағы.

Толқын ойлар тулатқанда

шабытты,

Қорға деймін қарт бабамның әруағы.

 

Қара өлеңнің қасиетті пірісің,

Қазақ барда сен өлмейсің, тірісің.

Майдалардың мазағына қалады,

Бағаламай жатса кімдер ұлысын.

 

Бағалысың, биіксің сен ұлысың,

Шың басында шынардайын жыр мүсін.

Мен жалғаймын, бала Жамбыл

 жалғайды,

Қарт Жамбылдың өнердегі үлгісін.

Жамбыл атындағы, Д.Қонаев атындағы, Б.Момышұлы атындағы медальдардың иегері бала Жамбылға көпшілік риясыз қошемет көрсетті. Сонымен құрметті қонақтар бюсттің жанына беттеп, гүл шоқтарын қойып, ескерткішті ашты. Айтып өтейік, Қарақыстық ауы-лына тұрақтаған, Анкараның төріне қойылған Сүйінбай ескерткіштерінің авторы Нұрғалым Исабаевтың туындысы бұл. Автордың айтуынша, бұл жұмысына 6 айға жуық уақыт кеткен. Қоладан құйылған мүсін гранитке бекітіліпті. Ақын образын ашу үшін көнекөздермен тілдесіп, талай түнін ұйқысыз өткізген Нұрғалым Исабаев «Ұстазы мен шәкіртінің ескерткішін жасау менің еншіме бұйырды. Мұның өзі Алланың сыйы деп білемін» деп ағынан жарылды.

Кейіннен құрметті қонақтар Тұманбай Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңына бет бұрды. 76 млн теңгеге айналасы толық абаттандырылған мәдени ошақтың көркі көз сүріндірерлік. 30 орындық, 120 Тянь-Шань шыршалары, 70 жарықшамдар орнатылып, айналасы гүлдермен көмкерілген.  Оған қосымша биіктігі 5 метрге жуық Тұмаш ақынның ескерткіші қойылды. Алтай Бейсеновтың қолынан шыққан бұл туынды да қоладан құйылған. Тірісінде, «300-ге жуық әнге сөз жазыппын» деп өзі айтқандай, қазақ лирикасының қаймақтары Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлармен етене жұмыс істеді. Нәтижесінде, рухани мұрамыздың негізін қалыптастырып кетті.

«Лыпылдап түскеніммен жылдам

көзге.

Мен жолдас таба алмадым жырдан

өзге...»

деп өзі жырлағандай жүрегінің сөзін жұртына сыйлаған тұма жырдың тұнбасы жерлесімізге қандай мақтау айтсақ та лайық. Құрметті қонақтарымыз бұл тұрғыда төгіліп сөйледі. – Оның даладай дархан, самалдай жұмсақ, тау бұлағындай таза сыршыл өлеңдері күллі оқырмандарын ізгілікке баулыды. Өркениетті ұлт ең алдымен өнерді өрге оздырған ұлы тұлғаларымен, олардың халқына арнаған асыл мұрасымен мақтануға тиіс. Сондықтан Тұманбай ақынның мүсінін туған жерінде асқақтату айтулы шараға айналды. Бұл ескерткіш арқылы алғыр, сезімі шексіз, көңілі жүйрік Тұмағаңның есімі мен шығармаларының өміршеңдігін дәлелдеп тұрғандай, – деп Жақсылық Мұқашұлы ойын білдіріп, игі іс облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын жеткізсе,60-шы жылдары қазақ әдебиетіне өзіндік үнімен үлес қосқан Тұмағаң жайын-да Нұрлан Оразалин де естелік айтып, кесек пікірлерін білдірді. Шөмішбай Сариев «Менің алғашқы кітабымның жарыққа шығуына Тұмаш ақын қолдау білдірген еді. Сондықтан Тұмағаңа, оның ескерткішіне, туған жер, өскен өлкесіне ізетпен басымды иемін» дей келе ойын өлеңмен өрнектеді. М.Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры жазушы-журналист Уәлихан Қалижан да ақын ағасы жайлы жарқын естеліктерін жұртпен бөлісті.

«Сен Күлтәй енді менің қасымда бол,

Тұп-тура кездестірді басында жол.

Жығатын жауым мықты әлі менің,

Шығатын тауым биік, расында мол... – деп ақын жырлағандай микрофон алған жан-жары Күлтәй анамыз зор тебіреніспен шара ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Дәл сол күні қос ақынын қараша халқы төбесіне қалай көтерсе, қара жердің маңдайын да күн өбіп тұрды. Жарты әлемге сөзін жүргізген Сақ бабамыздың астанасы да қос ескерткішпен төрін толтырып, арқа-жарқа болды.

Мақпал даусымен қазақ даласын тербеген Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова бастаған сахна саңлақтары Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған әндерді шырқады. Ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, шара соңы думанға ұласты.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Суреттерді түсірген Сардарбек НҰРАДИН.

 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:45

Үстем болсын мерейің ...

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі, бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында» деп текке айтпаса керек. Білім – ұрпақ тағдыры, ал сол ұрпақ тағдыры – ұстаз қолында. Мектеп ұстаздары – оқушы мен үлкен өмірді байланыстыратын алтын көпір.Сондықтан болар әр ұстаз өз еңбегінің жемісін көру үшін бар ғұмырын шәкіртіне арнап, жаңа заман талабына сай білім беруде ізденіс үстінде жүріп аянбай еңбек етеді. Осы орайда, шәкірт жүрегіне жол тауып өзінің біліктілігімен танылған ұстаз жайлы сыр шерткенді жөн көрдім.

Еркінбеков Темірлан Сүгірәліұлы 1954 жылы 11 шілдеде  Алматы облысы Кеген ауданы, Тасашы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітіріп, өзінің еңбек жолын Шелек ауданындағы «Таусүгір» орта мектебінде директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінен бастады. Осы жылдар ішінде ол еңбекқорлығының арқасында өзін жан-жақты көрсете білді. Соның нәтижесінде 1985 жылы Жамбыл атындағы орта мектепке директор болып келді. Осы жылдар ішінде  өзін білікті басшы, өнегелі ұстаз ретінде танытып, үлкенге іні, кішіге аға бола  білді.

Шәкірттеріне шабыт сыйлап, өз өмірін білім беру саласына арнаған, отыз жыл бір білім ордасын басқарған білікті ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Темірлан Сүгірәліұлының есімін құрметпен атауға лайық. Өзінің қырық жылға жуық ғұмырын білім беру саласына  арнаған ұстаздың есімі көпке танымал.

«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» – дегендей, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып, өзі еңбек еткен білім ордасынан мыңдаған шәкірттерін қанатын қатайтып ұшырған  ұстаз. Шәкірттерге  өз елінің тарихын танытып қана қоймай, оны сүйіп, қорғауға баулуда оның өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан болар, мектеп бітірушілер де  ҰБТ-да тарих пәнін көптеп таңдады.

Бүгінде  ол еңбек еткен білім ордасынан ұшып шыққан шәкірттер өмірдің әр саласында түрлі қызметтер атқарып, өз еңбектерімен елге танылып жүр. Атап айтар болсақ,  Назгүл Ақжолова медицина саласында қызмет атқарып, аспирантураны қорғап ғылымға ден қойған. Назым Байғожаева, Арай Қуатбекова шетелдерде білімдерін жетілдіруде. Ал Мақсат Ыдырыс  ұстаз жолын қуып,  мектепте  басшы қызметін атқарып жүрсе, Сәбит Бектеген, Аян Ыдырыс, Жұлдыз Белғожаева, Жәнібек Құдабеков сынды шәкірттері өз ауылының гүлденуіне үлестерін қосуда.

Темірлан  Сүгірәліұлы бүгінде жары Гүлзейнеп екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып немере қуанышын көріп отырған қадірлі ата. Халқымызда  «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана сөз бар. Темірлан мен Гүлзейнептің ұл-қыздары да  ата-ана жолын қуған ұстаздар. Өзінің осындай ерен еңбегімен танылған ұстаз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті еңбек демалысына шығып отыр. ардагер ұстазға алда немере мен шөбере қызығына бөленіп зейнетіңіздің жемісін жеңіз дегіміз келеді.

 

Күлзия ТЕМІРБЕКОВА,

Жамбыл атындағы орта

мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:42

Аталар ақылы – алтын қазына

 

Жақында аудандық кітап-ханада ауданымыз-дың ардагер-лері мен мектеп оқушылары арасында кездесу өтті. Жастарға ардагер ата-әжелердің өнегелі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін тың-датып,  өскелең ұрпақты кітап оқуға шақыру, ұлттық тәрбие беру мақсатында өткізілген кездесуге  ардагер ұстаздар – Жұмахан Бұқаев, Алтын Найманбаева, Күлімкөз        Шаяхметова,  Хадиша Ережепова, ауданымыздың құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әділбай Талқанбаев, «Еңбекшіқазақ ауданының әйелдері одағы» қоғамдық қорының төрайымы Роза Исатаева,  танымал ақын Шаяхмет Құсайынұлы қатысты.

Кездесуді ашқан Күлия Саурықова жиналғандарға қонақ-тарды таныстырып, алғашқы сөз кезегін  ұзақ жылдар білім беру саласында басшылық қызметтер атқарған, зейнеткерлікке шыққан соң да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан қарт ұстаз Жұмахан Бұқаевқа берді.

Өз сөзінде мектеп оқушыла-рына кітап оқудың маңыздылығы жөнінде әңгімелеген ардагер:

– «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім», – деген еді Абай аталарың.  Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің өзі қандай?! Осы аталарыңның айтқанын істеп, жас күндеріңде көп оқып, білім алсаңдар, сендерден асқан ақылды, бақытты адам болмайды, – деген аталық ақылын айтты.

Ауданымыздың дамуына елеулі еңбегі сіңген, бірқатар басшылық қызметтерді атқарып, қазіргі уақытта халқының алғысына бөленіп отырған Әділбай ағамыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мәнін балаларға түсіндірді. Сондай-ақ кітапхананың негізін қалап, еңбегімен ел есінде қалған азаматтарды еске алды.

– Мен екі кезеңде – Кеңестік дәуірде және Тәуелсіздік жылдары еңбек еттім. КСРО тұсында біз білмеген жымысқы саясат – қазақты ұлтсыздандыру, ұлттық салт-дәстүрден, менталитеттен алыс-тату ісі астыртын жүргізіліп келген екен. Егемендіктің арқасында біз ұлттық санамызға қайта оралдық. Елбасының биылғы жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Ұлттық код дегеніміз – қазақ халқының болмыс-бітімі – салт-дәстүрі, тілі, ділі, діні. Міне, осының бәрін сақтап, барлық этнос өкілдерімен бірге тату-тәтті өмір сүруіміз керек, – деді Әділбай Талқанбаев.

Бұдан соң сөз сөйлеген қонақтар да балаларға  ғибратты әңгімелер айтып, кітап оқудың пайдасы, білім алудың қажеттілігі жөнінде мазмұнды сұхбат өткізді. Кітапханашылар балаларға  ақсақалдар ақылы –  шамшырақ болар алтын қазына екенін айтты.  Кездесу барысында Рахат ауылдық округінің №1 орта мектебінің, В.Терешкова атындағы, Р.Тоқатаев атындағы орта мектептердің оқушылары ән айтып, кейбірі өз жанынан шығарған өлеңін оқып, өнерлі жас-тар екенін көрсетті. Кездесуге Абылайхан атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.

Нұрбану КАМАЛ.

 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:41

Демеушілерге құрмет көрсетілді

 

Жақында Қайназар ауылындағы мешіт құрылысына демеушілік көрсетіп, атсалысып жүрген азаматтарға рухани қолдау көрсету,  олардың игі істерін  жұртшылыққа насихаттау мақсатында аудандық  ауған соғысы ардагерлерінің «Қаһарман» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен марапаттау рәсімі өтті.

Ауыл ақсақалдары,  жастары, ауданымыздың белді азаматтары, ауған соғысының ардагерлері т.б. жиналған шараны  ауыл ақсақалы, Рахат ауылдық округі қауымдастығының төрағасы, мешіт құрылысына демеушілік етіп,  басы-қасында жүрген азамат Бақберген Ашимов ашып, сөз кезегін ауданымыздың құрметті азаматы, Руслан Қалиевке берді.

– Ауданымызда қазіргі уақытта 280 ауған соғысына, Чернобыль апатына т.б. қатысқан ардагер азамат бар.  Олар патриоттық,  отансүйгіштік қасиеттерді жастар арасында насихаттау мақсатында жұмыстар атқарып келеді. Бүгін ауылдағы мешіттің салынуына тілекші болып, қаржылай да, басқа да көмектерін беріп, атсалысып жүрген азаматтарға алғыс айту, құрмет көрсету, жастарға үлгі ету үшін бірқатар медальдар мен грамоталарын алып келіп отыр, – деді ол.

Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері  Әскер Мұңалбаев жиналғандарға батасын беріп,   оған ауған соғысы ардагерлері шапан жауып құрмет көрсетті. Бұдан соң аудандық  ауған соғысы ардагерлерінің «Қаһарман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амантай Маметов,  қоғамдық бірлестіктің белсенді азаматы Андрей Шляхов, мешіт имамы Дидар Төлепбергенов т.б. сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін жеткізді. Марапаттау рәсімінде «Қарулы күштерінің  ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Отан  патриоты» медалімен мешіт құрылысына қомақты қаржы беріп, демеушілік еткен азаматтар – Ақат Боканчиев, Бақберген Ашимов марапатталды. Сонымен қатар, аудандық  «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжановқа, автобекет директорының орынбасары Садық Оспановқа «Отан пат-риоты» медалі тапсырылды. Аудандық  ауған соғысы ардагерлерінің «Қаһарман» қоғамдық бірлестігінің «Қолдаушы» медалі демеушілер – И.Якимец, Ж.Уазымбай, Б.Нұрманов, И.Арсамаков, Т.Ахметов, Б.Рахметов, А.Толқынов, А.Карипбаевқа табыс етілді. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтар аталмыш қоғамдық бірлестіктің құрмет грамоталарына ие болды. Жиында мешіт құрылысының келесі көктемде аяқталатыны айтылды.

 

Нұрбану КАМАЛ.

 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:39

Ағым және алаңдаушылық

Өткен аптада Есік гуманитарлық-экономи-калық колледжінде «Ағым және алаңдаушылық» та-қырыбында ауданымыз-дың бас имамы Сапархан Төреқұлов пен колледж сту-денттері арасында кездесу өтті.
Студенттерге ислам дінінің тарихын ұғындыру, олардың теріс ағымдарға бағытталған көзқарастардан аулақ болуына, өзіндік діни дұрыс бағдар таңдауына ықпал жасау, дәстүрлі емес түрлі діни ағымдардан сақтандыру, адам-гершілік қасиеттерді қалып-тастыра отырып, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткен кездесуде сөз сөйлеген колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Байтукенова қонақтарды таныс-тырып, шараны ұйымдастырған психологтар – Жеңісгүл Хабаева мен Индира Қаңлыбаеваға алғыс білдірді.
Алдымен «Ағым және алаңдаушылық» тақырыбында ҚМДБ тапсырысымен дайын-далған бейнесюжет көрсетіліп, онда жат ағымдардың жетегінде кеткен жастардың тағдыры, қара ниетті миссионерлердің жымысқы әрекеттері туралы айтылды. Сюжет мәліметі бойынша, елімізде шет елдерге кетіп, діни білім алып жатқан жастардың 90 пайызы бейресми орындарда оқитын көрінеді. Әсіресе, жеке пәтерлерде бар-жоғы 3-4 ай оқытып, шәкірттерін «жиһадқа барасың» деп алдап, Сириядағы соғысқа айдап салатын дәстүрлі емес діни ұйым басшылары ел жастары үшін үлкен қауіп тудыруда.
Кездесуде сөз алған ауданы-мыздың бас имамы Сапархан Айдарханұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) «Отанды сүю – иманнан» деген хадисін айтып, жастарға имандылықтың, мұсылмандықтың басты шарттарының бірі – ата-ананы, Отанды сүю, қастерлеу екенін ұқтыруға тырысты.
– Біз Алла берген ұлы нығмет – ақылымызды пайдаланар болсақ, ешқашан адаспаймыз. Көрінгеннің соңынан еріп, әртүрлі ағымдардың жетегіне ілесу – ақылсыздық. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кезінде бір сахаба: «Ата-анам әлі мұсылмандықты қабылдаған жоқ, менің олармен қарым-қатынасым қандай болуы керек?» – деп сұраған екен. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Ата-анаң кәпір болса да оларды сыйлап, ардақтау – парыз. Өйткені, олар сенің дүниеге келуіңе себепші болған жандар», – деп жауап берген. Ал қазіргі адасқан жастар әке-шешесіне «кәпірсің» деп, ауыр сөздерді айтып, олармен қарым-қатынасын үзуде. Осындай арсыздыққа, жауыздыққа шақыратын жат ағымдардан жас-тар саналы түрде бас тартып, аулақ болуға тырысулары керек, – деді Сапархан Айдарханұлы.
Бас имамның әңгімесінен кейін жастар өздерін толғандыр-ған сауалдарын ортаға салды. «Пайғамбарымыздың туған күні әр кітапта әртүрлі жазылады, қайсысы дұрыс?» дегеннен бас-тап, «Мекке, Мәдинеге қандай адамдардың барғаны жөн?», «Салафи, жиһад» дегеніміз не?» «Әнге, биге діннің көзқарасы қандай?», «Бақсыға бару дұрыс па?» тәрізді ондаған сұрақтар қойып, бәріне тұшымды жауаптар алды. Кездесу соңында әнші-термеші Дәурен Сәрсенбаев «Алладан басқа жоқ Тәңір» әнін орындады.

Нұрбану КАМАЛ.

Жексенбі, 22 Қазан 2017 18:35

Рухани мәдениет құбылысы

«Кез келген шынайы мәдениеттің негізінде Құдайға табыну жатыр. Мыңдаған жылдар бойы сенімге негізделген мәдениеттер өзінің тарихтағы сөзін сақтап отырған. Өзінің діни рухын сақтау тұтас халықтардың тарихта қалуының кепілі болады».
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ.
Ислам – он төрт ғасырдан бері бүкіл азаматты сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабыр-лылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан Алла тағаланың бірегей діні. Тарих сахнасында көтерілгеннен бері, өмірдің өзі көрсеткендей, ислам дінінің ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем мойындауда.
Дін – қоғамның ішінде интеграциялық үдерістердің күшеюіне, адамдардың арасында бауырмалдық пен бір-біріне деген сүйіспеншіліктің артуына, қоғамның ішіндегі бірлік пен ынтымақтың жалғасуына ықпал етеді.
28 қыркүйекте Шелек ауылының мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы облысы дін істері басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қазақ халқының рухани дамуындағы ислам Ханафи мәзһабы және орыс Православ шіркеуінің рөлі» тақырыбында облыстық конференция өтті. Оған ауыл әкімдері, бюджеттік мекеме қызметкерлері, діни бірлестіктер өкілдері, құқық қорғау, ІІБ мен әскери қызметкерлері, дінтану пәнінің мұғалімдері, жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ашып, жүргізіп отырды. Алматы облысы дін істері бас-қармасы мемлекеттік меке-месінің бөлім басшысы Қазбек Омаров кіріспе сөзден бас-тады. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келгені, ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жататыны, діндегі адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық отансүйгіштік, тағы басқа көптеген құндылықтар болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланғаны туралы айта келе, бүгінгі таңда мемлекетімізде, облыста, дін бірлестіктері тіркелгені, облыста дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының құрылып, атқарған жұмыстары туралы мәлімет берді.
Әл-Фараби атындағы Қа-зақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, Phd докторы Құдайберді Бағашаров «Рухани жаңғыру – рухани дамудың бастауы» тақырыбында ислам дінінде сүннет және шейіт деп аталатын екі тармақ барын айта келе, Ханафи мәзхабы – біздің жолымыз екеніне, Ислам діні қазақ даласына келгеннен бері ХІІ ғасырдан аса уақыт халқымыз атақты ислам ғұламасы Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит /р.а./ 699-767 жылдары негізін қалаған Ханафи мәзһабын ұстанып келе жатқан әуелгі тарихынан сөз бастады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханафи мәзһабы ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деп атап айтқанына, бұл жолдың ерекшелігіне тоқталды.
Он екі ғасырдан аса уақыт ішінде халқымыздың атақты ислам ғұламасы, Фиқхһтың /мұсылман заңы/ білгірі Нұғман ибн Сәбит /р.а./ негізін қалаған Ханафи мәзһабын /діни құқықтық мектеп/ ұстанып келе жатқанын, мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіретінін, шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «мәзһаб», ал «фиқһ» сөзі терең, жан-жақты түсіну деген мағынаны білдіретініне кеңінен тоқталды. Фиқһ пәні ғибадат, қоғамдағы өзара қарым-қатынас, әдет-ғұрыптардың шариғатқа сәйкес тәртіп-қағидалары мен оның қайнар көзін үйрететінін, бұл саланың маманын фақиһ /мұсылман заңгері/ деп атайтынын, Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты жүйелеп жинақтаушы, жалған діни көзқарастарға қарсы күресуші, олардың қателерін паш етуші имам Ағзам Әбу Ханифа, имам Малик, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал секілді ислам ғұламаларының мәзһабтары дүниеге келгенін тілге тиек етті. Бабалар ұстанған жол Ханафи мәзхабының салт – дәстүрді құрметтейтін, Ханифа мәзхабының ерекшелігіне көңіл аударды.
«Әбу Ханифа» деген сөздің мағынасы «хақ жолдың бастаушысы, тура жолдың жетек-шісі» дегенге саяды. Әу бастан адамзатқа түсірілген, адам табиғатына ең лайық, нағыз тәухид дін – ол ханиф дін. Құранда Алла Тағала: «Ендеше, /Ей, Мұхаммед/ бетіңді ханиф /тура, шынайы/ дінге бұр. Адамдарды Алла әу баста сол дін үшін жаратқан. Құдай жаратқанды өзгерту мүмкін емес. Сенің дінің хақ дін, тек көп адам соны білмейді», дейді. /«Рум» сүресі, 30-аят/. Келесі сөз алған философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Биялова «Қазақ халқының рухани дамуындағы жетістіктер» тақырыбында діннің рухани мәдениеттің феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды екенін, қазіргі Қазақстан еліндегі бірлік пен татулық, түсіністік баянды өмір сүрудің басты құндылығы екенін, бұл жағынан Елбасының салиқалы саясатының өзгеге үлгі, осындай ауызбіршіліктің арқасында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқандығын нақты мысалдармен әңгімелеп берді. Өзі төрт жыл болған Тәжікстандағы жағайды айтты.Ғалымдардың ұсынысын ескерген Қазақстан Республикасының Президенті Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер өнгізіп, заман ағымына қарай бет бұруы, зайырлы ел болып, озық отыз ел қатарынан көрінуге, жаңғыру жаһандық әлемнен қалыспайтын жаңалыққа ұмтылудағы, кері-тартпа, ескі әдеттерден арылуда батыл қадам басқанын, жасампаз тарихымыздың бүгіні мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақ-тастыратын ұлт жадының тұғырламасын тәптіштеп талдап берген еңбегінің нәтижесі екеніне көз жеткізді.
Есік қалалық мешітінің бас имамы Хазірет Ратбек қажы Нысанбайұлы Ел тәуелсіздігін алған кездегі жағдаймен одан кейінгі кезеңді салыстыра отырып, нақты мысалдармен әңгімелеп, бүгінгі жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды. Әлемде ислам діні атына кір келтіріліп жатқан оқиғаларға өз көзқарасын білдіріп, түрлі ағымдарға ерген жастардың отбасында дұрыс тәрбие алмағанының салдары екеніне тоқталды. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі, рухани мәдениет феномені екенін, дін барлық қоғамдарда мәдениет түзуші қызметінін атқаратынын өз сөзіне арқау етті. Ал, Қазақстан Республикасы орыс православ шіркеуінің округтік митропологиялық жастар ісі комиссиясының төрағасы, Есік округтік священигі Игнатий Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында айтқан «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқашан жаңғыру болмайды» деген сөзіне толық қосылатынын, жоғарыда Хазірет Ратбек қажы айтқан жат қылықтар – арақ ішу, есірткі қолдану тағы басқа да жағымсыз әдеттерден арылмайынша, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды «егіп» тәрбиелемесе, олардың өзгедін ағымдарына еріп кететінін, сондықтан оның алдын алуда рухани мәдениетіміздің барлық салалары – ойлау жүйеміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, өнеріміз дәстүрлі діни танымдармен тікелей байланыста даму, содан нәр алып тамырлану керектігін өз сөзіне арқау етті.
А.Бидаев конференцияны қорытындылап, Тәуелсіз Қазақстанның қысқа тарихында еліміздің дін саласы көптеген өзгеріске ұшырағанын, дін атын жамылған ағымдар мен жат топтар діни сауаты аз азаматтардың санасын улап, өзгеге қарсы қойып үлгерге-нін, жалған ағымдармен күресу жеке адамның емес, бар-шаның міндеті екенін айта келе мемлекеттің өркендеу жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Посольства РК в Швейцарии с 10 по 13 октября состоялся визит делегации Алматинской области во главе с акимом области Амандыком Баталовым в кантон Тичино.

В состав делегации вошли сотрудники акимата, руководство Жетысуского государственного университета им. И.Жансугурова, АО «Алатау по развитию Алматинской области», АО «НК «СПК «Жетысу» и представители деловых кругов области.

Налаживание торгово-экономического, финансового и научно-технического сотрудничества с кантоном, ознакомление с инвестиционными преференциями, благоприятными условиями ведения бизнеса в РК, а также совместный поиск путей расширения действующих и новых сфер взаимодействия в рамках подписанного в ходе визита Федерального Президента Швейцарии Д.Лёйтхард в Казахстан в августе текущего года меморандума о сотрудничестве между регионами двух стран стали основными задачами визита.

По сообщению Посольства Республики Казахстан в Швейцарии, в рамках визита состоялись встречи с Президентом кантона Мануэле Бертоли, Министром экономики и финансов Кристианом Витта, Государственным канцлером АрнольдоКодури, мэром г.Лугано Марко Боррадори, председателем Совета директоров кантонального банка ТичиноФабрициоЧислаквичем, заместителем директора по исследованиям и инновациям Университета прикладных наук и искусств Южной Швейцарии (SUPSI) профессором ЖанбатистоРавано, а также главами более 20 швейцарских компаний. Наряду с этим, делегация Алматинской области посетила крупнейшие в регионе компании по переработке мусора «AziendaCantonaledieRifiuti», производству шоколада «ChocolatStella», энергетическому машиностроению и информационным технологиям «ABB», а также ознакомилась с деятельностью горнолыжного комплекса, фермы племенных коров и завода по производству сыров и молочных продуктов в г.Айроло.

Следует отметить, что «AziendaCantonaledieRifiuti» является самым крупным заводом по глубокой переработке мусора и отходов в кантоне Тичино мощностью свыше 100 тонн в сутки, при этом вырабатывающей 10 мегаватт энергии и более 2 мегаватт тепла.

В ходе переговоров с руководством кантона Тичино обсуждались вопросы развития торгово-экономического сотрудничества, а также пути взаимодействия в области образования, науки, туризма, сельского хозяйства и финансов. Президент кантона Мануэле Бертоли подчеркнул, что Алматинскаяобласть и кантон Тичино имеют широкий потенциал для двустороннего сотрудничества и выразил уверенность, что визит акима области Амандыка Баталова будет содействовать практической его реализации.

Особый интерес у швейцарских деловых кругов вызвали широкие инвестиционные преференции в Казахстане, упрощенные условия ведения бизнеса и преимущества от членства РК в ВТО и общего экономического пространства Евразийского экономического союза.

По итогам визита стороны договорились подробно изучить возможности реализации инвестиционных проектов в Алматинской области, наладить обмен опытом, особенно в сфере образования и науки с Университетом прикладных наук и искусств Южной Швейцарии (SUPSI). Также руководство кантона и представители бизнес-сообщества были приглашены посетить Алматинскую область с ответным визитом.

Стоит отметить, что Кантон Тичино является одним из крупных финансовых центров Швейцарии с развитым сектором информационно-коммуникационных технологий, образования, туризма, строительства, машинного оборудования, фармацевтики и биомедицины. ВВП кантона составляет 28,6 млрд. долл. США, ВВП на душу населения – 82,1 тыс. долл. США, а доля в ВВП Швейцарии - 4,5%.

Алматинская региональная служба коммуникаций

 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 15:36

Ел боламын десең, экраныңды түзе

Әрбір қазақстандықтың төріндегі «Көк сандықтың» сәуле шашқанына жарты ғасырдан асты. Осы уақыт аралығында ол түрлі техникалық, шығармашылық өзгерістерге ұшырап, күн санап дамып отырды. Алғашқы кездері 100-150 киллограм болатын теледидарлар бүгінде жеңіл әрі қарапайым техникаға айналды. Ал оның ішінде көрсетілетін бағдарламалар, сериалдар мен кинолардың тәрбиелік мәні, маңызы өзгерді ме? Мақаламызда осы тақырыпты саралап, сараптайтын боламыз.

Елімізде алғаш рет 1958 жылы 1 қаңтар күні Өскемен қаласында көгілдір экранға жан бітсе, ал ресми күн, яғни, қазақ жеріндегі алғашқы телестудия тұңғыш хабарын 1958 жылы 8 наурызда іске қосты. Сол күні камералар мен техникалық телеорталық Алматы қаласында шымылдығын ашты. Алғашқы кезеңде қазақ телевизиясы негізінен ақпарат таратушы, бұрыннан бар кино, театр туындыларын қалың көпшілікке жеткізетін техникалық мүмкіндікті ғана пайдаланса, кейіннен, телевизияның ерекшелігіне сай өз туындылары да көріне бастады. Жедел түсірілген жаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы оқиғаның ортасынан жүргізілген репортаждар, студияның ішінде қойылған түрлі жанрдағы телетуындылар көрерменге жол тарта бастады. Осылайша, балаларға, жастарға арналған танымдық хабарлар, оқулық бағдарламалар дүниеге келді. 70-80 жылдардағы шығармашылық топтың ең-бектенуінің нәтижесінде ауыл-шаруашылығы, медицина саласындағы қызметкерлер сынды түрлі сала мамандарының мәселесін қозғап, жетістіктерін бөлісетін авторлық бағдарла-малар шыға бастады. Айталық, «Телевизиялық кафе», «Пай-пай жиырма бес», «...Автограф береді», «Мыңдар жарысының маршрутымен», «Сырласу», «Жолдас» хабарларын қазақ елі қызығушылықпен қарап, бағдарламалардан өзіне керекті ақпараттарды алып жүрді. Сонымен қатар, бірнеше сериалық деректі фильмдер мен отандық фильмдерді түсіру қолға алынып, өз жемісін берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да көпсериалы фильмдерді түсіру де күн тәртібінен түскен емес. Нәтижесінде «Қара шегіртке» (Саранча), «Тоғысқан тағдырлар» (Перекресток) сынды отандық өнімдер көпшіліктің көзайымы болды. Осы замандағы телетуындылардың қай-қайсысын қарасаң да қазақылықтың исі аңқып тұрады, тәрбиелік мәні де зор.

Бүгінгі таңдағы қазақ телевизиясына келер болсақ, техникалық жағынан барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, даму үстінде. Алайда, көгілдір экранның арғы жағындағы көріністер біздің тәрбиемізге кері әсерін тигізуде. Бұл пайдалы, көруге тұрарлық арналар мен бағдарламалар жоқ деген сөз емес, әрине. Қазіргі уақыттағы балалардың айнымас серігіне айналған «Балапан» телеарнасы бүлдіршіндерді тәрбиелеуде таптырмас құрал болып отыр. Көптеген танымдық бағдарламалар арқылы балаларымыз үш тілді оңай меңгеруде. Бірақ, барлық арналардың күйі «Балапандікіндей» болмай тұр.

Елімізде енді ғана танылып келе жатқан Жания Қалиева есімді жас актрисаға еліктейтін 6 жасар қарындасым бір күні: «Аға, мен Жания сияқты болғым келмейді. Ол кеше Бақытпен сүйісті ғой» – деді. Қарындасымның бұл сөздерінен ештеңе түсінбеген мен мән-жайды анықтап сұрадым. Сөйтсем, «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп жатқан «Айжан» телехиякасында Айшаның рөлін сомдайтын Жания Қалиева Бақыт есімді кейіпкермен сүйісіпті. Ерінбей, аталған телехикаяның сол бөлімін тауып алып, қарап шықсам, расында да әдепсіз көріністер бар екен. Бұл – бір бөлімінде көргенім, бүтін сериалдың тәрбиелік мәні қандай екенін осыдан пайымдай беріңіз. «Еліміздің бетке ұстар жалғыз ұлттық арнасы бейәдеп телехикаяларды көрсетіп жатқанда, басқа арналар не істемейді?» – деген ойға қалдым. Байқасақ, бүгінде телеарналардың арнайы тапсырысымен түсіріліп жатқан сериалдардың барлығында дерлік осындай ұятсыз көріністер бар. Мамандардың айтуынша, аудиторияның сұранысы, заманның талабы сол әрі батыс-тан келген «жақсылық». Кәріс, филипин, үндіс пен түріктің сериалдары экранымызды жаулады, балаларымыздың бойына өзінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сіңірді деп жар салдық. Қарап тұрсақ, отандық режиссерларға осы мемлекеттерден үлгі алған жөн секілді. Бірнеше жылға созылған телехикаяларында бірде-бір анайы әрекеттерін көрсетпейді. Батыс дейміз, басқа дейміз, әр елдің озық тәжірибесін пайдаланған дұрыс. Алайда, қазақ халқының әдебін, болмысын да естен шығармаған жөн.

Сонымен қатар, телеарналарымызда «жарымжан» әншілер мен сазгерлер, актерлер өздерінің «проектісін» ашып, журналист болып шыға келеді. Олар кәсіби журналист болмағандықтан, сөздерді қолдану аясын білмейді, орысша сөздердің қазақша баламасын дұрыс айтпайды. Қазақ тілінің зарын айтып жүрген уақытта бұл да ана тіліміздің шұбарлануына әкеп соғады.

Қазақ телевизиясындағы мәселелерді қозғай отырып, тәрбие құралы саналатын – радионы ұмыт қалдырғанымыз әсте болмас. Қазақ радиосының тарихы тереңде жатыр. Сонау Кеңес үкіметінен бері ұлттық радио өзінің бағытынан тайған емес. Сол кездің өзінде эфирге қазақша бағдарламалар шығарып, ана тіліміздің дамуына өз үлесін қосқан. Айтпағым, 300 мыңнан астам тұрғыны бар ауданымызда соңғы бірер жылда радиомыз қайта жанданып, «Радио-Иссык» деген атпен еңбекшіқазақтықтарды қуантқан еді. Алайда, қазақтілді тыңдармандардың қуанышы ұзаққа созылмады. Үнемі ресми тілде болып жататын жарнамалар мен ән-шашулар. Оның өзінде, құлаққа түрпідей тиетін, ойына не келсе соны айтып жататын «рэп» әндер. Ішінде анайы сөздері бар орыстың «шансондары». Түн жарымында қойылатын әндер мүлдем іріктелмейді десе де болады. Бүгінде бұның барлығынан құлағымыз тыныш. Себебі, белгісіз себептермен аудандық «Иссык» радиосы өз жұмысын тоқтатты. Алдағы уақытта радиомыз қайта жанданады деген бейресми ақпар бар. Кеңес үкіметі тұсында радиодан жіберілетін бағдарламалар мен әндер көркемдік кеңестің алдынан өтіп, рұқсатынсыз эфирге жіберілмейтін. Сонымен қатар, екінің бірі диктор бола алмайтын. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар, даусы жағымды әрі дикциясы мықты адамдар ғана диктор деген атаққа лайық болатын. Құдай қолдап, радиомыз қайта жанданса, құзырлы мекеме тарапынан осы мәселелерді қадағалайтын бір маман бекітілсе құба-құб болар еді.

«Халықты басқарудың ең оңай жолы – қолына нан беріп, сосын әртүрлі көрсетілімдер қойып отыру» – деген екен ежелгі Рим билеушілері. Рас, бүгінгі жас ұрпаққа теледидар мен радио арқылы қалай тәрбиелесек, еліміздің келешегі де сондай болмақ. Ел боламын десек, экранымызды түзейік. Сондықтан, көк сандықтан көріп, біліп отырған дүниемізді сараптап, саралайық, құрметті оқырман.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Жексенбі, 22 Қазан 2017 13:14

Зарина — Азия чемпионы

Жақында Алматы қаласында ережесіз жекпе-жектен Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, Корея елдерінің мықтылары қатысқан шарада ауданымыздың 4 спортшысы бақ сынады. Халықаралық додада ел намысын қорғаған жерлестеріміз Дидар Мақсұт (54 кг), Сайболат Бисетай (58 кг), Жәнібек Тұқан (66 кг) тамаша өнер көрсетті. Алайда, төрешілер қайта-қайта қосымша раунд тағайындап, спортшыларымызға қысым көрсетті. Десек те, спортшы аруымыз Зарина Есполова (78 кг) қырғыздық қарсыласынан басым түсіп, 1 раунда-ақ жеңіске жетті. Осылайша, WEF версиясы бойынша Азия чемпионы атанды. WEF Федерациясы Қырғыз Республикасында болғандықтан жарысты көршілес ағайындарымыз өткізді. Ұйымдастырушылардың көзіне ерекше түскен Зарина Есполова көпшілікті таңқалдырып, бас бапкер қырғыздық чемпион Бегімжан Қасымовамен жекпе-жек өткізуге ұсыныс білдірді. Қазіргі таңда 26 қарашада аталған спортшымен кездесуге қызу дайындық үстінде жүрген Заринаға сәттілік тілеп, жеңісті күндер көп болғай дейміз.

 

Ерұлан САЛЫҚОВ, самбо, әскери самбо күресінің  бапкері. 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 13:08

Ұлттық мәдениет – рухани болмыс

Қазақ халқының көнерген ұлттық аспаптарын таныстыру, насихаттау, балалар шығармашылығын дамыту мақсатында «Қазақ халқының көнерген аспаптары мен би өнері» атты байқау өтті жақында. Бәйдібек би мәдениет үйінде шымылдығы түрілген шараны «Елім-ай» қоғамдық қоры және аудандық мәдениет үйі ұйымдастырды. Аудандық ішкі саясат бөлімі қолдау білдірді.

Иә, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ-қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген еді. Ал рухани тамырымыз ол біздің ана тіліміз, мәуелі мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз. Осыны темірқазық етіп, тарихи соқпақта сүрленіп қалған құндылықтарымызды қозғауға күш салған қордың бұл үшінші шарасы. Бастапқыда облыстық деңгейде айтыс ұйымдастырса, ауданымызда жыршылық өнерді дамыту мақсатына кеңейтілген дөңгелек үстел де өткізген-тін. Енді міне, ауданымызда алғаш рет көнерген ұлт аспаптарын насихаттау мақсатында «Үні кетпес құлақтан» атты ұранмен байқаудың бастамашысы боп отыр. Сонымен аудан бойынша көнерген аспаптарда ойнау номинациясына 10-ға жуық үміткер қатысты. Сазсырнай, тастұяқ, асатаяқ, домбыра, шертер аспаптарының дау-сын естіген көпшілік қошеметін де аяған жоқ. Шертер аспабында ойнаған қайназарлық Арайлым Макетаева Раздықтың күйі «Аңшының зары» арқылы талайды тәнті етті. Ал  екі бірдей аспапта өнер көрсеткен Қарақат Әсет тайтұяқтың сүйемелдеуімен ән де орындап берді. Әрі ойнап жатқан аспаптарының тарихымен де таныстырды. Нәтижесінде, әділ-қазылар алқасының шешімімен кіші топ яғни 15 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында бірінші орынды түргендік М.Ломоносов атындағы орта мектеп оқушысы Дана Алтынбек, екінші орынды Қарақат Әсет иеленсе, космостық Фуат пен Карина (І.Жансүгіров атындағы орта мектептің 2 сынып оқушылары) үштікті қорытты. Ал үлкен топта (15-25 жас аралығы) қаракемерлік «Кемер сазы» үшінші, Космос ауылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің оқушылары Мирас пен Ілияс екінші, қайназарлық Арайлым Макетаева бірінші орынды жеңіп алды.

Ал би байқауына үлкен және кіші топтан 26 үміткер қатысты. Алайда, арнайы үйрететін мамандардың (хореограф) болмауынан көптеген кемшіліктер орын алды. Дегенмен Рахат округіне қарасты «Бахар»,  түргендік «Әдемі-ай» би топтары кәсіби шеберліктерін көрсете алды. Нәтижесінде жүзден жүйрік шыққан кіші топта Жаңашар оркугінің бүлдіршіндері үшінші, қайназарлық «Бахар» би тобы екінші, түргендік «Әдемі-ай» тобы бірінші орынды қанжығалады. Ал, сәйкесінше  «Бахардың» үлкен тобы 15 жас-тан жоғары жасөспірімдер арасында біріншілікті иеленсе, «Қаражорға» биімен талайды тәнті еткен Нүрия Сәрсенәлі екінші орынға табан тіреді. «Бүркіт» образын би арқылы жоғары дәрежеде сомдаған жаңашарлық «Іңкәр» тобы үздік үшіншілікті қорытты.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2025

Адам папилломасы вирусына қарсы…

Адам папилломасы вирусы (әрі қарай АПВ) – адам ағзасында кездесетін вирустар тобы, олар…
Мам 06, 2025

Бруцеллездің алдын алу бойынша…

Бруцеллез адам мен ауылшаруашылық жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллез…
Мам 06, 2025

Қазақстан мен Вьетнам Әділет…

Бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық…
Мам 06, 2025

Қазақстан мен Вьетнам Әділет…

Бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық…
Мам 06, 2025

Бывшие студенты военных учебных…

Бывшие студенты военных учебных заведений могут подать заявку на восстановление в учебном…
Мам 06, 2025

Әскери орындарының бұрынғы…

Әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттары оқу орнына түсу үшін үйден шықпай-ақ оқуға…
Мам 06, 2025

Китай, Россия и Италия — лидеры во…

В 2024 году Казахстан продемонстрировал стабильный рост внешнеэкономической активности,…
Мам 06, 2025

Қытай, Ресей және Италия –…

2024 жылы Қазақстан сыртқы экономикалық қарым-қатынасы тұрақты өсуіп, дәстүрлі…
Мам 06, 2025

Правовое просвещение студентов

В рамках реализации концепции «Закон и Порядок» состоялась встреча прокурора города…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет