«Абайдың даналығы,

Әуезовтың ғұламалығы,

Жамбылдың жырлары,

Құрманғазының күйлері,

ғасырлар қойнауына жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деп жазған еді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында.

Елбасының терең ойы тұрғысынан қарағанда жоғарыда аталған төрт алыптың айналасындағы айтулы ақын-жазушыларымыз, өнер адамдары ұлттық рухымыздың сақталуына, жаңғыруына өз үлестерін қосқан танымал тұлғалар. Бүгінгі жас өскіндер аға буын өкілдері Мұқағали мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі есімдерін танып-білуі күмәнсіз. Ән-жыр, музыкалық шығармалар арқылы да ұлттық кодты келер ұрпақтар жадында жаңғырта аламыз. Осы қатарда, жиырмасыншы ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары қазақтың ақындары қатарына өзінің «Студент дәптерімен» бұза-жара кіріп, ұлттық поэзиямыздың ортасынан ойып тұрып орын алған Тұманбай ақын Молдағалиев жерлесіміз еді. Көзі тірісінде Тұмағаң айтушы еді: «Абай ай болса біз айналасындағы жұдыздармыз», – деп. Міне сол жарық жұлдыз Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне Мәдениет үйінің алдындағы алаң кеңейтіліп, абаттандырылып, алдына бюсті қойылатын және осы мәдени ошаққа ақынның аты берілетін күн бүгін.

Жыр сүйер жас пен кәрі де, қазақпын дегеннің бәрі де ақынын Тұмаш деп еркелететін еді. Тұмаш ақын Молдағалиевтің әр жылдары жазған жырларынан топтама  және көптомдығына жазған кіріспесін жариялап отырмыз.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.    

 

Жасым жетпіске қарай дөңге-лепті. Ұзақ жол жүрген жолау-шы өзінің отының басына кеп демалып, ойға шоматыны болады ғой. Сол ойға шомғанда ол не көрдім, не білдім, кімді таптым, нені таныдым, неден жирендім, нені үйрендім деп өзіне-өзі көп сұрақ беріп, соған өзі жауап беруге тырысатын болуы керек.

Сол жолаушының, жалғыз жолаушының жағдайы бүгін менің басымда бар. Ақындық жолда шексіз бақытқа да кезіктім. Сүрінген кезім де, кідірген кезім де аз болған жоқ. Дұшпанның өсегіне де құлағым үйреніп алды. Бар қолымнан келгені – көңілімді оятқан сөздерді қағазға түсіру болды. Өлең мені өзі қуалап жететін еді.Сонан соң соның айтқанымен кететін едім мен.

Көңілімде оянған аяулымды аяла-ғаным, оның айтқанын істегенім, тілін алғаным – менің ақындық өмірімнің жұмбағының шешімі осы ғана.

Адамдарды жақсы көруден жалық-қан емеспін. Айналамды туған бауырымдай сүйдім. Адал жарымдай аяладым. Ешкімнің бағына қызыққам да жоқ және біреудің бағын қызғану маған жат мінез.

Қолдарыңызға тиген көп томдық менің елу жыл жазғандарымның ең шұрайлылары. Жалпы менің еңбегімді білгілері келетін келесі ұрпақ мені әзірше осы томдардың ішінен іздесін. Басқа бұрын жариялаған дүниелерімнің әрі келмегендерін, шырайы шықпағандарын бұл томдарға кіргізбедім. Кейде әлім жетпеген тақырыптар болған екен. Ол дүниелерімді де бұнда кіргізбедім. Өмір бәрін көрсетер. Әзірге осы қолыңыздағы жарым мен сырымды қабылдай гөр, менің айнымас достарым, аға, інілерім, әпке-қарындастарым! Қатары сиреген ата мен аналарға да айтарым осы. Келер ұрпаққа, өмірім болса, әлі де жырдан сыбаға береріме сенемін біртүрлі.

Үміт үзілмесін, арман сені де, мені де аялай берсін, менің сүйікті оқырманым.

Өз Тұмаш – Тұманбайларыңыз.

28 қараша, 2001 жыл

ЕКІ ТҰМАН

 

Тұр, міне, алдыма кеп бала Тұман,

Мен оған осы сәтте аға туған.

Інісінің өлең деп жазғандарын,

Үлкен Тұман жасқанды жаратудан.

 

Үлкенінің баласы, әйелі бар,

Бұдан бұрын белгісіз қайда еді олар...

Кішісінің жанары – жанған оттай,

Үлкенінің көзінде әйнегі бар.

 

Үлкенінің болып жүр жолы құтты,

Көп достарын кешегі ол ұмытты.

Кіші Тұман сезімтал үлкенінен,

Ал, үлкені бақытпен жолығыпты.

 

Жылдар, жылдар, зымырап ақты

құйын,

Ақын Тұман жанының тапты күйін.

Кішісінің жаны адал, жүрегі пәк,

Ал, үлкенін олай деп айту қиын!

 

Үлкеніне қатты айтсаң ашуланар,

Кішісіне қатты айтсаң қашуға бар.

Кішісінің жанында көк тиын жоқ,

Үлкенінің астында машина бар!

 

Көрді өмірдің үлкені дау, талқысын,

Уақытқа жетті өзінің байқар күшін.

Кішісі қыз біткеннен ұялады,

Үлкенін ұялшақ деп айтармысың.

 

Келе бермес ақынның көңіл хошы,

Жетелейді тынымсыз өмір көші.

Үлкенінің жауы бар жер үстінде,

Кішісі кәптің бәрін көрді досы.

 

Жүрек соға береді тозбағасын,

Күндерменен сен бірге қозғаласың.

Мүсіркеймін кішісін, шыным осы,

Үлкеніне ел берер өз бағасын!

 

ТУҒАН ЖЕРГЕ

 

Ұлылықты саған бердім,

Кішілікті бер маған.

Сұлулықты саған бердім,

Кісілікті бер маған.

 

Нұрлы күнді саған бердім,

Жауар бұлтты бер маған.

Тұнығымды саған бердім,

Адалдықты бер маған.

 

Мендегінің бәрін ал да,

Өз барыңды маған бер.

Ұтылмаймыз біздер сонда,

Қасиетті туған жер!

 

 

ӨСИЕТ

 

Ұлым, сен маған тартпай-ақ қой,

еліңе тарт.

Сен маған тартпай-ақ қой, жеріңе тарт.

Анау ашық жұлдызды көгіңе тарт,

Анау мөлдір момақан көліңе тарт!

Сағыныш жүрегіңді дірілдетсе,

Мен құсап еліңе тарт!

 

Ұлым, ренжітпе біреуді мықтымын деп,

Жықпа туын басқаның, тік туым деп.

Әуре болма біреудің барын күндеп,

Арқалап өт өмірден ауыр міндет.

Сонда сен шаршауды да ұмытасың,

Иілмесін біреуге жігіт басың!

 

Ұлым, аналардың ақ шашын

піріңдей тұт,

Бақытыңды жандағы гүліңдей күт.

Түсе қалса егер де сәулең елге,

Мақтау күтіп ешқашан әуреленбе.

Елеусіз боп жүре бер, бәрі болар,

Еңбегіңді ел кейін танып алар!

КӨКТЕММЕН ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ

 

Кешіксем әйелім тергейді,

Кімдермен бөгелдің сен — дейді.

Мені ылғи шақырып тұратын,

Көктеммен қоштасқым келмейді.

 

Көңілім өткенге шөлдейді,

Өттіге, кеттіге сенбейді.

Аулаққа, тау жаққа шақырған

Көктеммен қоштасқым келмейді.

 

Үйімнен, достардан ұрланып

Көктемге қайтсам-ау бір барып!

Көңіл ғой, көңіл ғой бәрі де,     

Аяулым, қайтесің мұңданып!

 

ЕКІ ЖҰЛДЫЗ

 

Түннің қай уақ болғанын да кім білген,

Сөніп жатты жұлдыз біткен бір-бірден.

Сөніп жатты үмітімдей бәрі де

Жаным ысып, жалын құшып

тұрдым мен.

 

Үнсіз ғана бізге, сәулем, еленбей

Уақыт шіркін өте берді бөгелмей.

Екі жұлдыз қалды аспанның жүзінде

Екеуіңді қимай тұрмыз дегендей.

 

Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі

Төбемізде тұрып алды, кетпеді.

Бар аспаннан екі-ақ жұлдыз көрдік біз

Біздер де екеу едік, сәулем, өйткені.

 

Өз жолынан жаңылмайтын мәңгілік,

Келе жатты көкжиектен таң күліп.

Екі жұлдыз сөне берді ақырын

Көкірегіме ақ сәулесін қалдырып.

Күндер өтер, жылдар өтер зымырап,

Маған арнап жазбай-ақ қой жылы хат.

Сол қос жұлдыз жұбын жазбай тұр ма

 екен,

Көк аспанға карап қой тек бір уақ.

 

 

АНА ТІЛІ ТУРАЛЫ ОЙ

 

Болғанымен өзім жерім, өз бағым,

Болғанымен көңіл – жүйрік,

көз – дарын.

Бәріне де жетемін деп жүргенде

Өз тілімнен айырылып қала жаздадым.

 

Тілде жатыр жүрегіңнің жарқылы,

Тілде жырдың күмісі мен алтыны.

«Абай жолын» оқиды ғой көп қазақ

Соболевтің аудармасы арқылы.

 

Деген ешкім болмаған соң мұның не,

Сола берді көкірегімнен гүлім де.

Бола берді дүмшелердің айтқаны,

Абырой, бедел азайған соң тілімде.

Тіл болмаса тірліктегі құным не,

Тіл болмаса кетпес көңіл кірім де.

Баласы мен басы жоқтау анасы

Сөйлеспесе сор ғой ана тілінде.

 

Итсің демей иттерге де кей үрген,

Жүре бердік үміт күтіп кейіннен.

Өз анаңды танымасаң өзге ана

Саған қалай құшақ жаяр мейірмен?

 

Соны неге ойламаған мына бас,

Жүз шайысып, жылдарменен кінәлас.

Өз еліне ұнамаған азамат

Ешқашан да, ешкімге де ұнамас.

 

Ұнамаса өз еліңнің жыр-әні,

Лайланса өз тіліңнің бұлағы.

Оған басқа кінәлі емес, достарым,

Ойсыз өскен тек өзіміз кінәлі.

 

Орысты да, татарды да туыс ет,

Жұрттың саған болмасыншы бірі шет.

Ұлы Абайдың нәр алмасаң жырынан,

Онда қазақ болмағаның, інішек.

 

 

Жақсы көрем

 

Жақсы көрем өзімнің қазағымды,

Көп беруге үйреткен, аз алуды.

Қуаныш пен күлкісін берген маған,

Өзіне алып дертім мен азабымды.

 

Жақсы көрем қазақты қандасымды,

Кеште айтқан шеткі үйде ән басылды.

Бір жақсылық етсем деп сол қазаққа,

Кезіп кетем аралап сан ғасырды.

 

Бала жастан ғашықпын сол еліме,

Әндеріне, жырына, өлеңіне.

Қазағыма бір пайда тигізбесем

Тірлік етіп, ойпыр-ау, керегі не.

 

Мен қазақтың баласын жақсы көрем,

Мен қазақтың данасын жақсы көрем.

Анасына бас ием ақ жаулықты,

Алматыдай қаласын жақсы көрем.

 

Даласын да сүйемін, тауын да әсем,

Ағылады ән-жырым ауыл десем.

Табылады бәрі де керегімнің,

Бір күнінде басымнан дәуір кешем.

 

Жан анамдай анау бір төс кей маған,

Жеңгем шайын сағынам кеш қайнаған.

Сол ауылға байланған кіндігімді,

Құдай өзі кеспесе, кеспейді адам.

 

Айтылады менің де тойда өлеңім,

Құрдастарға мен қайтіп бой беремін.

Ағамның да сағынам сәлемімді ап,

Жеңешеме «тоқтыңды сой» – дегенін.

 

Ақыншықты, шыққан жоқ менен бақсы,

Ыстық қаны халқымның денемде ақшы.

Қазағымның май, құртын, айранын да

Аңсап барып ішкенді көрем жақсы.

 

Көрем жақсы қартын да, жасын да оның,

Көкірегімнен беремін ғасырға орын.

Ағылады ағайын біздің үйге,

Табылады бәріне қасымда орын.

 

Еркіндеміз бәріміз бір Алланың,

Басқа жұрттың ішіне кіре алмадым.

Қазақ атын шығару дүниеге

Таңдап алған талайғы бір арманым.

 

Жаным сүйген жар да өзі, жарлық та өзі

Сол қазақтың өзінде байлық көзі.

Мен қазақтың тілінде өлең жаздым,

Тұрғаннан соң ұйқасып барлық сөзі.

 

АҚЫН ІНІЛЕР

 

Ақындардың кішісі ем кеше ғана,

Өтті өмірден қанша аға, неше дана.

Ұзағырақ жасатып, жаратушы

Кінәм үшін кім білсін өш ала ма.

 

Мен қайтейін от болып жанса

арманым,

Әркімдердің есінде ән салғаным.

Кінә болса, сол кінә шығар мүмкін

Әйелдердің ернінен бал сорғаным.

 

Одан басқа бар қандай тағы кінәм,

Қашқамын жоқ дүние жарығынан.

ұққаным жоқ у берер сұмның ойын

Шыққаным жоқ тағдырдың қалыбынан.

 

Ақындардың қазіргі үлкенімін,

Жүрем – десем ерттеулі тұр көлігім.

Үнемдесем өмірдің қуанышын

Өлі талай мүмкін-ау күн көруім.

 

Ақындардың жасы емес кәрісімін,

Жараспас-ау жастармен жарысуым.

Жарас та асау, Шөмішбай одан

да өткен

Асау ғой деп соларға кәні суын.

 

Біреуінен біреуі қымбат маған,

Бейнелерін сағынам күн қақтаған,

Ұлықбектен кем көрсем, кемшілігім

Бақыткерей інімді бұлғақтаған.

 

Сәкен менен Сабырхан, Несіпбегім,

Мен оларсыз бақ туын құшып па едім.

Мен оларсыз тойлап па ем бақытымды,

Мәре-сәре мәртебем өсіп менің.

 

Есенғали, Жүрсіндер ескі достай,

Кездескенде боламыз кешкі қостай.

Жыртығымыз жамалып ілездемде,

Ынтығымыз тұрады басылмастай.

 

Нұрланым мен Жәркенім, Иранбегім.

Інілерім секілді туған менің.

Исраил, Ибрагим, Серік серкем

Мүшәйрада озуға буған белін.

 

Рафаэл, Түтқабай ту көтерген,

Қыздарменен қырқада гүл де терген.

Шыңғыстауды бет алып бара жатыр

Аманханға жалғасып ұлы керуен.

 

Дәуітәлі, жас Нұрлан, Теміршені,

Көргенімде шығады көңіл шері.

Бәрі маған мұңдарын айтушы еді,

Бәрі маған жүрегін беруші еді.

 

Темірхандар, Айтақын, Серікбайлар,

Көңілімде жүретін көрікті ойлар.

Жеткіншектер емес пе соңымдағы

Жеңісімді үйіме келіп тойлар.

 

Мүмкін емес шығу да бәрін атап,

Мерейленді бәрі де менен бата ап.

Бәрінің де желеді құнандары

Бәріне де келеді абырой-атақ.

 

Осылардың өзіме бәрі қымбат,

Әрі сүйіп сүйеймін, әрі құндап.

Мен кеткенде дүниеден осылар ғой

Осылар ғой жылайтын бауырымдап.

 

Тұлпарларын олар да жүгіртеді,

Бірін мақтап, кемітпен бірін тегі.

Өлтірсе де осылар өлтіреді,

Тірілтсе де осылар тірілтеді.

 

Биікте арман, үміт орамалы,

Жеткені желге мініп соны алады.

Мен көрген қорлық, зорлық дегендерді

Бәрі де аман болса көреді әлі.

 

Биікте арман, үміт орамалы,

Сол жолда мендей олар тоналады,

Мен көрген жыр бақытын барлығы да,

Бәрі де аман болса көреді әлі. 

 

Жексенбі, 22 Қазан 2017 11:54

Қос бәйтерекке құрмет

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, алаш ардақтылары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қазақ руханиятының күретамыры, төл мәдениетіміздің мәуелі бәйтеректері Жамбыл мен жерлесіміз Тұманбай ескерткіштерінің салтанатты ашылуы өтеді деп күтілуде. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп елдікке шақырған Жамбыл ескерткіші жастар саябағының кіре-берісіне, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай ақынның ескерткіші аудандық мәдениет үйінің алаңына орналасты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл бюстінің тұрғызылуына Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жангелді Осан 4,5 млн теңге қаражат бөлсе, аудандық мәслихат депутаты Сейітхан Қырқынбаев ескерткіштің тұғырын тұрғызып берген.

Ал Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халқы Тұмаш деп төбесіне көтерген жерлесіміздің бюстінің бой көтеруіне облыс әкімі Амандық Баталов тікелей қолдау білдірген. 24 млн теңгеге бюстін көтеріп қана қоймай, мәдениет үйінің алаңын абаттандыруға 76 млн теңге жұмсалған. Болашақта аудандық мәдениет үйіне Тұманбай Молдағалиевтың есімін беру жоспарда.

 

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт

Өсиет

Ой-хой, дүние серуен!

Адам бір көшкен керуен.

Дүниені қызық қалдырып,

Асамыз өмір белінен.

Кірсе лебіз - шықса жоқ,

Қауіп етіңдер өлімнен.

Қылышбайдан таралып,

Сөз нұқсасы келінген.

Дос-жаранға, кемтарға

Қайырлы бол делінген!

Қылған қайыр болмаса,

Не әкетесің өмірден?!

Дәулетіңнен не пайда

Таусылмастай көрінген?!

Жалғыз мұраң сол болар –

Қол қайырың берілген.

Басқа дүние бірі де

Көмілмейді кебінмен.

 

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашанда жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға.

 

Жамбыл ақын толғаса

 

Асқар тау ғаріп емес пе,

Айдынды көлі болмаса.

Ер жігіт ғаріп емес пе,

Белгілі елі болмаса,

Ел де ғаріп емес пе,

Белгілі жерге қонбаса.

Ағаш ғаріп емес пе,

Мәуесі өсіп тұрмаса.

Су да ғаріп емес пе,

Арнасы тасып толмаса.

Әйел ғаріп емес пе,

Ерден бағы жанбаса.

Жаз да ғаріп емес пе,

Кұрғақшылық торласа.

Ұста ғаріп емес пе,

Темірдін суын таппаса.

Ақын ғаріп емес пе,

Байды өтірік мақтаса.

Заман ғаріп емес пе,

Әділеттен аттаса!

Халық ғаріп емес пе,

Айтқаны іске аспаса.

Жігіт ғаріп емес пе,

Еңбегі алға баспаса.

Арғымақ ғаріп емес пе,

Арам тер болып ақсаса.

Малшы ғаріп емес пе,

Малын жөндеп бақпаса.

Бақсы ғаріп емес пе,

Өтірік айтып ақтаса.

Көл де ғаріп емес пе,

Қаз-үйрек келіп қонбаса.

Шебер ғаріп емес пе,

Ағашты дұрыс жонбаса.

Заманның сыры емес пе,

Заманға қайғы жемес пе,

Домбырасын қолға алып,

Жамбыл ақын толғаса!

 

Жаратылыс сыры

 

Жігіттіктің кезінде

Жігерлі болса, ер болар.

Тұрмаса жігіт сөзінде,

Нәсілі оның кем болар.

Қажырлы болса майданда,

Халыққа сөзі ем болар.

Ел үшін туған ерлердің

Алды-арты дария - кең болар.

Бірлігі кетсе ағайын,

Әркімдерге жем болар.

Білімсіз болса жолдасың,

Кылған қайырың сел болар.

Артықша туған азамат

Халыққа үлкен бел болар.

Серт адамды байлайды,

Ер жігіт серттен таймайды.

Өршеленген кезеңде

Өлімді кім ойлайды.

Жігері болса жігітің,

Орындамай қоймайды.

Атқан оқтан қайтпайтын,

Өтірік сөз айтпайтын,

Кезеңді жерде кез болса,

Қорқып тізгін тартпайтын

Батыр Қараш, Саурық,

Шапырашты, Өтеген,

Батырлардың еңбегі,

Таныс маған ертеден.

 

Ағайын-туған есен бол

 

Ел едің құт дарыған Есім - Малай,

Қыдырып қызығыңды көрдім талай.

Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,

Қайтқалы бет түзедім елге қарай.

Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,

Беріпті саған дәулет соған жарай.

Балаңа бесіктегі белгілі ғой,

Санатқа ілінбеген Қожан қалай?

Барармын баян қылып бәрін төске,

Пейілің, берекеңмен болар есте.

Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,

Көруге құмартары сол емес пе?!

«Жан екен жағын сауған алармаңда»,

Артымнан мен кеткен соң солай деспе.

Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,

Жөнім жоқ сені мақтап сөйлемеске.

Ағайын-туған, есен бол,

Алшайып атқа мінейін.

Енді айналып келгенше,

Аңсай-аңсай жүрейін.

Шүйгініңе сонылап,

Шынарыңа түнедім.

Қош, аман бол, құрметті ел,

Қадіріңді білейін!

 

 

Менің өмірім

 

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен

туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.

Ел үркіп жүрген кезде күні-түні,

Сары аяз көш-жөнекей боран күні

Қар қауып, мұзға түскен Жамбыл екем,

Жұтынып суық ауа, шыққан үні.

Мен емес, суық дәмді ел де алыпты,

Тарылтқан қысаң заман кең жарықты.

Қара күн хан билеген, қаңды жорық

Дегендей ел аузында сөз қалыпты.

Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім.

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудың зарды көрдім.

Бой бермес ел өмірі асау шері,

Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.

Бірде от, бірде суды көктей кешіп,

Талпынып, тілегіне басты ілгері.

Өмірмен араласқан өсті Жамбыл,

Ел басқан отты, суды кешті Жамбыл.

Құлыннан құнанда өрлеп,

дөненде өрлеп,

Шыққандай бола қалды бесті Жамбыл.

Он жаста ойнап жүрдім бала болып,

Өлеңге бөлдім көңіл алаң болып.

Райыттап тана мініп, қозы бақтым,

Еңбекті иемденгенде шама келіп.

Қойшымен кеңес құрдым қыр басында,

Өлеңмен ермек болдым жолдасыма.

Сол еңбек-қалытқыдай кетті алып,

Байлардың жақындатпай мырзасына.

Өлеңді өркендеттім, өршіп өстім,

Көргенде жақсы жырды құстай ұштым.

«Жас ақын», «Жап-жақсы ақын»,

«Жамбыл ақын»

Дегенде, дара болып көзге түстім.

Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,

Тең басқан төрт аяғын болдым жорға.

Он алты желі ұзатты, өрістетті,

Түскендей бұлтартпайтын

даңғыл жолға.

Топ десе, он жетімде тартынбадым,

Семсердей майдандағы жарқылдадым.

Ақынды ауылға ермек басып озып,

Жұлдыздай көзге түсіп, жалтылдадым.

Еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа,

Бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа.

Бір жағы – қайнап өскен қалың елім,

Бір жағы – атқа мінген бай мен датқа.

Жауларды ел қарғаған жамандадым,

Манапқа жақсы сөзді таба алмадым.

Аз сөзім бай, манапқа арналғанда,

Жалтақтап, ел не дер деп, алаңдадым.

Келгенде жеме-жемге, елде қалдым,

Шалшыққа шатылмадым,

көлде қалдым.

Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы,

Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым.

 

Ленинградтық өренім

 

Отыздың екеуі жоқ. Ауылдың аузы дуалы ақсақалының сүйікті алғашқы немересі – бірі, екіншісі одан сүйіктілігі кем емес ауылшаруашылық бөлімше басқармасының ерке кенжесі.

Ленинградтың (бүгінгі Санкт-Петербург) үлкен бір көшесінің жаяу-лар жолына тротуарға отыз баланы жылқының үйірінше иіріп қойып қайыра – қайыра санаймын – 28. Екі ұл жоқ. Ерік пен Берік жоқ. Көмекшім-пионер вожатыйы Галинаға зіркіл-деймін. Ол байғұста: «Не знаю где отстали Ерик с Бериком» дегеннен басқа сөз жоқ.

Теміржол вокзалынан түсе балаларға ескерттім: ешнәрсеге алаңдамай бізге – Батыр қала Ленинградқа келе жатқан экскурсияға даярлап қойған мектеп-интернаттың жатақханасы бар. Сонда орналасып алғанша біріңнен бірің ажырас-пай қол ұстасып қана жүріңдер – дедім ауылда еркін өсіп, еркін жүрген ерке-тотайы бар, тәртіпті тұйығы бар, орыс, қазағы бар сол отыз балаға, үлкен қалаға пойызбен тақала бергенде.

Дағдарып тұрмыз. Көзіммен көшені барлап екі тентекті іздеймін. Енді бірде милиция ойыма түсіп телефон автоматты тапқанша болған жоқ: «Ой, мои дорогие, что случилось? Почему стоите на улице? Откуда приехали? деп екеуі кем менің отыз туристеріме сұрақты жаудырып  жатыр отыз бес қырықтар шамасындағы орыс әйелі. Сескеніп қалдым: бөтен қаланың ортасында бейтаныс әйелдің менің балаларымда не жұмысы бар деп. «Что вы хотели, женщина?» – деп аузымды ашқанша болған жоқ әлгі әйел менің абыржулы ұсқынымнан-ақ түсінген болу керек: «Кого-то потеряли, кто-то отстал?» – деп  Галина вожатыйдан сұрап алып, көше бұрышында мен көре алмаған телефон будкасынан «Алло, милиция?..» деп жатты. Әлгідей болған жоқ ағылған көп машинаның ішінен сигнал-жарығын жарқылдатып милицияның газ-24 «волгасы» тоқтай қалды. Орыс әйелі машинадан түскен милиция офицеріне түсіндіріп жатыр: «экскурсияға келген топтан екі бала бөлініп, адасып қалыпты деп. Көп сөзге келмей милиция капитаны рация-мен: «Всем постам, отстали от группы два мальчика азиатского облика, десяти-двенадцати лет, прошу тех подвезти на угол улиц такой-то, такой-то». Маған мәңгіліктей болып көрінген он-онбес минөт ішінде әлгі әйел өзіме сұрақ қойып жатыр: «Откуда приехали? Из Казахстана? Как хорошо, мои родные. Не бойтесь-ленинградская милиция быстро найдет ваших ребятишек. А я вас доведу до школы интерната. Казахстан. Джамбул. Ленинградцы дети мои» – деп қояды арасында бейтаныс әйел. Көп ұзамай біз тұрған жерге милицияның тағы бір «Волгасы» тоқтап, ішінен менің Ерігім мен Берігім түсіп, келе жатыр милиционердің жетегінде.

«Нетіп, киоскіден значок... алайын деп, нетіп... қалып қаппыз, – деп күмілжиді Ерік.

«Милициядан қорқып қашып едік ұстап алды деп» – ыржыңдайды пысық Берік.

«Көрсетемін мен сендерге значокты, киоскіні», – деп кіжінемін мен мұғалім екенімді бір сәтке ұмытып. Бірақ милиция офицерлеріне алғысымды айтып, қолдарын қысуға әдептілігім жетті-ау әйтеуір.

Екеу-екеуден колоннаға тұрғызып алдына өзім, артына Галина-вожатыйымды қойып, жүре бергенде әлгі ленинградтық алғашқы танысымыз: «Меня зовут Анас-тасия, можете звать тетя Настя. Я помогу вас довести до школы-интерната» – деп отыз баланың алдына түсіп алды.

Сонымен метроға түсуге сескеніп, автобус, троллейбусқа отыруға да балаларды шашыратып алам ба деп қорқып, жаяу-лап келе жатқан екі мұғалімнің бағына жолыққан әйел бастап діттеген жерге жетіп, жуынып-шайынып шай-суымызды ішіп, орналасып алғаннан соң  бейтаныс мейірімді әйелге  алғысымды жаудырып шығарып салайын десем:

«Ленинградцы дети мои!

Ленинградцы гордость моя!

Мне в струе степного ручья

Виден отблеск невской струи.

Если вдоль снеговых хребтов

Взором старческим я скользну, –

Вижу своды ваших мостов,

Зорь балтийских голубизну,

Фонарей вечерных рои,

Золоченых крыш острия...

Ленинградцы, дети мои!

Ленинградцы гордость моя!» – деп тақпақтай жөнелгені ғой тетя Настя.

Сөйтсем, Ұлы Отан соғысы жылдары  тоғыз жүз күнге таяу фашистік армияның қоршауында аштықта, суықта қаза тапқан жүздеген мың ленинградтық тұрғындардан тірі қалғандардың ішінде осы Анастасия да бар екен. Бұл кісінің тарихы Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңімен байланысты болғанын және өзімнің әкем қолына қару алып, сол соғыста Ленинградты қорғаған  әскер қатарында болғанын айтқаннан кейін тіпті жақын тартқандай болды тетя Настя.

«Сол тоғыз жүз күн блокадада  әсіресе, қыс мезгілі аса ауыр болды, – деп әңгіме-сін бастады Анастасия. – Тамақ жоқ. Карточкамен күніне 125 грамм нан аламыз. Қардың суын ерітіп ішеміз. Үйдегі жиһаз, қағаз атаулыны отын орнына жағып жібердік.  Жақындарым аштықтан, суықтан о дүниелік болып кеткен. Кіресілі, шығасылы есім бар сол күндерімнің бірін-де нан алатын карточкамды жоғалтып алдым.  Ол кезде он екіде едім. Мына алдымда отырған өзіңнің балаларың құрпылас. Карточка жоғалып нансыз қал-ған бірінші күні-ақ  өмірден үміт үзілді десем өтірік емес. Соңғы күшімді жиып сол карточка беретін жерге баруға жиналдым. Қарды оппалап карточка беретін мекемеге жетпей әлім құрып құладым. Менің өмірім туысқандарымнан артық па? – деп өле салғым келді. Көзімді жұмып қар үстінде шалқамнан жатқаным есімде. Соңғы рет жарық дүниені көрейін деп көзімді аштым. Дәл төбемде үйдің қабырғасында плакат ілулі тұр екен.  Аяз атаға ұқсас аппақ сақалы бар жылы жүзді, қысықтау көзді  бейтаныс қария тура маған қарағандай суреттен.  Үстінде «Ленинградцы, дети мои!» деген жазу тұр. Ірі әріптермен. Джамбул Джабаев.

Что же слышит Джамбул теперь?

К вам в стальную ломится дверь,

Обезумевший от потерь

Словно вечность проголодовав, –

Обезумевший от потерь

Многоглавый жадный удав», – дейді маған плакаттағы ата.

Не бывать им  в нашем жилье,

...Предстоят большие бои.

Но не будет врагам житья,

Пусть подмогой будут, друзья,

Песни вам на рассвете мои,

Ленинградцы, дети мои!

Ленинградцы, гордость моя!

Мен танымайтын, мені танымайтын ақсақалды қария «тұр орныңнан, өлме, жауды жеңеміз!» – деп тұрғандай көрінді. Соңғы күшімді жиып тұрдым да плакатты жыртпай ғана алып ілби басып, нан карточкасын бөлетін кеңсеге кірдім. Екі көзімнен жас парлап қартаң әйелге плакатты көрсете берем. «Все мои умерли. Я тоже хотела умереть.  Дедушка Джамбул запрещает умирать. Карточку потеряла».

Ол әйел маған қосыла жыласын. «Я тоже хотела умереть, я тоже потеряла всех своих. Этот бабай Джамбул и меня спас!» – деп қолыма жаңа карточка ұстатты да, бір бума қағазды әперді артында тұрған шкафтан: «Пусть дедушка Джамбул спасает ленинградцев и дальше». Жүзге тарта плакат ілген болуым керек  – күніне бірден-екіден. Карточка таратушы тетя  Маша еңбегің бар деп 250 грамм нан алатын карточка берді, – деп әңгімесін аяқтауға бет қойды  Ерік пен Беріктің басын сипай отырып тетя Настя.  Он күн бойы Ленинградтың Эрмитажын, Петродворец, Кунсткамера, не бір ғажап музейлер  мен сурет, өнер галереяларын  бірге жүріп аралатты тетя Настя. 

Міне, ұлы сөздің күші қанша өлімге мойынсұнып түңілген жандарды өмірге күреске шақырған өлеңнің күші. Жыр алыбы Жамбыл өлеңінің күші де осындай өміршеңдікте болса керек.

Жауда қалып Ленинград,

Жаралған жоқ көнгелі! –

Жасағамын өмірді

Жау біткенді жеңгелі!

Саудыратып сүйегін

Топыраққа көмгелі,

Қазақстан жерінен

Тұтағандай ел кегі

Жолды кернеп қол кетті

Сендерге дем бергелі.

Нева алаңын қорыңдар

Ленинградтың ерлері! –  деп жырлаған екен Жамбыл баба орыстың көрнекті ақыны М.Тарловскийдің аудармасында...

 

Х.Ахметжанов.

 

 

«Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен  ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген          сүйіспеншіліктен басталады.                                                                                      

Н.НАЗАРБАЕВ.

15 қазан. Жексенбі күні күн шуағын молынан шашып, Нұра ауылы ерекше нұрға бөленіп тұрды. Ауылға кіре-беріс қақпасының бір жағына «Туыңды туған жерге тік», екінші жағына «Сағыныш Есбергенов алғаш қазығын қаққан ауыл» деген жазу ілініп, одан әрі  жол бойына түрлі-түсті жалаушалар  ілініп, ерекше безендіріліпті. Ауылдық әкімдік, зәулім мәдениет  үйі, мектеп, балабақша орналасқан орталық көшесіне қаз-қатар Шелек өңірінің округтерінен 11 ақшаңқан үйлер тігіліпті. Бұл – осы ауылдың алғаш қазығын қағып, Сөгеті кеңшарын құрып, 30 жыл өзі басқарып, жапан далада жаңа қонысты өркендеткен азамат, марқұм Сағыныш Есбергеновке  орнатылған ескерткішті ашу қуанышы еді.

Сағыныш аға өзі айтқандай: «Әр адамның, әр ауылдың өзінше тарихы бар. Сөгетімнің тарихын тартып айтар болсам, осыдан  1-2 ғасыр бұрын «Бақай Бұғыты, Қызыл Сөгеті» деген атпен ел бірігіп, үлкен болыстық құрған жерге» 1870 – 1882 жылдары осы Сөгеті болысында Сабаншы би болып, бабалардың табаны тиген құтты қонысты қайта өркендеткен ауылдағы қуанышты басқосуға берісі аудан, облыс, әрісі Елордамыз – Астанадан келген қонақтар, жұртшылық өте көп жиналды. Құлазыған қу далада әуелі киіз үй тігіп,  ел болуға бас болып,  бүгінгідей айтса адам сенгісіз ауылға айналдырған, іргелі кеңшар болып, аты Қазақстанға әйгіленген, 60 мың қойы маңыраған, 1500  жылқысы кісінеген  малды ауылда бүгін үлкен той. Бұл – осынау ерен еңбектің ұйытқысы болып, күш-жігерін жұмсап, білікті басшы бола білген Сағыныш ағаның құрметіне арналған қуаныш. Енді «С.Есбергенов кім?» деген сұраққа жауап.

Атақты қыстық Малай батырдың ұрпағы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, ел ағасы, ауданның және облыстың құрметті азаматы Сағыныш Есбергенұлы бұрынғы Шелек ауылындағы Сарытау елді мекенінде 1926 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келді. Сұрапыл Отан қорғау соғысы басталғанға дейін Малыбай ауылындағы мектепте білім алды. 16 жасында «Дехан» колхозында еңбекке араласты. 18 жасынан Шелек ауданы шаруашылықтарында есепші, кейін бас бухгалтер қызметтерін атқарды. 33 жасынан бас-тап колхоздың партком хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып, соғыстан кейінгі ел еңсесін көтеруде ерен еңбек етті.

1963 жылы асыл тұқымды кеңшарын құру қолға алынып, бұл жауапты істі Сағыныш Есбергенұлына сенім артып, тапсырды. Жаңа құрылған сол шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, республикаға танылған «Сөгеті» кеңшарын 30 жыл өзі басқарып, іргелі мал шаруашылығына айналдырды. Елсіз жерге ел қоныстандырып, сәулетті де сәнді елді мекенге айналдыруға көп еңбек сіңірді. Халқы да іскер басшыны құрметтеп, 1973 жылы Қазақ  КСР-інің Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайлады. Бірнеше рет партияның съездеріне делегат болып, шебер ұйымдастырушы ретінде «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», екі рет «Құрмет» ордендерімен, жеті медальмен және көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды. 30 жыл бойы аудандық, ауылдық, 4 рет облыстық, бір рет Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануының өзі іскер басшыға деген құрмет болса керек-ті. 1987 жылы Республика Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығы бойынша ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.Бабасы Малай батыр Туған елін жаудан қорғап, ерлігі еліне мұра, ұрпаққа ұран болып қалса, марқұм Сәкең еңбегімен елін өркендетуде еленіп, есімі ұмытылмастай мәңгі сақталып қалды.

Бүгінгі өзі құрып, 30 жыл өзі басқарып, өркендеткен ауылына ескерткіші орнатылуы соның айғағы болса керек». Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артында өшпес ізі – еңбегі, өлмес мұрасы – «Жаңа қоныс», «Ата қоныс» атты және  Қыстық руының шежіресін жинастырып,  жарыққа шығарған  кітабы қалды. Ерен еңбегі, ұйымдастырушылық қабілетімен нұрландырған Нұра ауылы ел тәуелсіздік алғаннан кейін де көркейіп келеді.

Мәдениет үйінің алдында жиналған жұрт алдында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ  ауылдың, оны құрып, ұзақ жыл басқарған Сағыныш Есбергеновтың ерен еңбегі жайлы толыққанды әңгімелеп берді. Елбасының рухани жаңғыруы өткен тарихымыздан бастау алып, оны одан әрі жаңғырту бүгінгі ел болудың басты міндеті екеніне тоқталды. Ал мемлекет, қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев осындай туған жерге туын тігіп, қажырлы еңбек еткен азаматқа, өзі құрып, өзі 30 жыл басқарып, өркендеткен ауылға атын беру керектігін де атап айтты. Одан кейін сөз алған облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі,  ауданның ардақты азаматтары Өмірғали Кенжебек, Аянбек Дауытқұлов С.Есбергенов туралы естеліктерін, елге сіңірген еңбегі жайлы айтса, сөгетілік белгілі журналист Мәмет Сүлеймен ағасына арнау өлеңін оқыды. Сағыныш ағаның жары Айкен апа, ұлы Ұлан өздері ұйытқы болып осынау игі істің іске асуына үлкен күш салғаны жайлы атап өтілді. Ұлан Сағынышұлы көпшілікке алғысын айтып, әкесімен кезінде бірге еңбек еткен, ескерткіш орнату ісіне белсене атсалысқан азаматтарға шапан жауып, кәдесыйлар табыс етті.

Кезек ескерткішті ашуға келді. Мүсінші Шоқан Төлешовтың қолынан шыққан Сағыныш Есбергеновтың ескерткіш бейнесін қонақтар ашып, жұрт естелікке суретке түсіп, шашу шашылып, көптен күткен қуаныш, әуезді ән мен мың бұралған биге ұласты. Елімізге танымал жұлдыздар – композитор осы өңірдің тумасы Ермек Елгезеков «Сөгетім» деген арнайы әнін тарту етсе, әншілер Айбек Мұхаметжанов, Мұрат Тоқашбаев, Ермек Стамғазиев, Рустем Сулайманов ауыл аспанын асқақтаған әнге бөледі. Аудандық мәдениет үйінің, әр ауыл өнерпаздары да өз өнерлерімен елді тәнті етті. Күрестен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктар, қомақты бағалы сыйлықтармен марапатталды. Той тойға ұласып, Сағыныш ағаның музейін аралап көріп, соңынан дастархан басында Туған жерге туын тіккен азаматты еске алысып, тарасты.

Анарбек Бердібаев.

 

Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі 

жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті,

деп  хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып əзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мəселелердің бірі екенін атап өтті. – Бұл күндері қазақ тілінің жаңа əліпбиіне байланысты мəселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тəуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі əрдайым менің айрықша бақылауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мəні бар екеніне тоқталып, бұл мəселені бірлесе шешу қажеттігін айтты. – Əлемде ешбір ел өзінің жаңа əліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін əрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Əкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа əліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нəтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек жəне Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-əдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мəн беруді қажет ететін жекелеген мəселелерге тоқталды. – Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында əлемдік тəжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге қазақ əліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды. – Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыстілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа əліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту жəне оны əлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа əліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен əдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар əзірлеуді тапсырды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ əліп-биін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

Президенттің баспасөз қызметінен алынды.

Жексенбі, 15 Қазан 2017 21:21

Құрмет көрсетілді  

 

Жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Іле Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақши ауылындағы Бөлек батыр атындағы орта мектепте «Қарттарым – асыл қазынам» атты кеш өткізілді.

Округтегі түрлі сала ардегерлері мен ақ сақалды аталар, ақ жаулықты аналардың басын қосқан шараның ашылу салтанатында округ әкімі Сабыржан Айтбаев:

– «Қарты бар үйдің қазынасы бар» – деп бекер айтпаған дана қазақ. Қарттарымыз – біздің ақылшы, жөн сілтер темірқазығымыз. Оларды құрметтеп, әрдайым көмектесу – азаматтық борышымыз – дей келе жастарға үлкендердің батасын алу керектігін айты. Сонымен қатар, Бөлек батыр атындағы орта мектептің директоры Салтанат Жошыбаева, қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Қымбат Құрманжанова қазыналарымыздың қо-ғамда алатын орны жайлы сөз қозғап, олардың алдында бас иетіндігін жеткізді. Кейіннен, ауыл өнерпаздары жиылған көпшілікке өзде-рінің ұйымдастырған кон-церттік бағдарламасын қойып, кештің сәнін келтірді. Шара соңында қарттарға сыйлықтар табысталып сыйлықтар ұсынылды.

Сардарбек НҰРАДИН.

Жексенбі, 15 Қазан 2017 21:20

Балаларға қамқорлық  

 

Жақында Есік қаласындағы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта Елбасының биылғы Жолдауы аясында қайырымдылық акциясы өтті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Іле Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруы-мен өткен шара барысында ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы, қоғамдық бірлестік төраға-сының орынбасары Қымбат Құрманжанова балалармен тілдесіп, спорттық құрал-жабдықтарды табыстады. Қуаныштан төбелері көкке жеткен оқушылар алғыстарын жеткізіп, сабақтарын жақсы оқуға уәделерін берді.

 

В далеком теперь 2005 году с участием Фонда «Евразия Центральной Азии» и компании «Филип Моррис Казахстан» в Енбекшиказахском районе стартовала Программа развития местных сообществ. У истоков движения НПО и создания ФМС  вместе с ФЕЦА и ФМК  были акимат района и районный отдел внутренней политики, акиматы сельокругов. В течение трех лет в районе  были созданы свыше 30 НПО, действующие до сих пор. На итоговом этапе Программы в 2007 г. была учреждена самая крупная неправительственная организация – Фонд местных сообществ. Его задачей стало инвестирование в человеческий капитал, обеспечение качественными социальными услугами, координация взаимодействия трех секторов государства: власти, НПО и бизнеса. Задачу обеспечения    партнерства трех секторов, направленного на   развитие сельского региона, расширения гражданских инициатив местных сообществ, их активного включения в решение социальных проблем ФМС успешно решает в течение 10 лет. ФМС под управлением попечительского и учредительского советов  аккумулирует средства местных доноров-предпринимателей, сотрудничает с казахстанскими и зарубежными физическими и юридическими лицами, является  инвестором собственных программ и проектов НПО района. За короткий срок были отработаны механизмы социальных инвестиций в развитие территории,  предназначенные  для  продвижения   общественных программ. В сотрудничестве с государством, бизнесом, общественными организациями  реализованы десятки масштабных проектов   по повышению социальной активности местных сообществ.

Свое 10-летие Фонд местных сообществ отметил организацией  регионального   форума   «Формула модели сотрудничества   для развития  сельских территорий», состоявшегося  27 сентября в г.Есике. Форум стал  открытой  площадкой  для  разработки, внедрения и тиражирования инновационных механизмов  взаимодействия гражданского общества с органами власти  и бизнесом в сельской местности.

Аким Енбекшиказахского района Бинали ЫCКАК, открывая форум, говорил о значимости сотрудничества государственных структур с неправительственными организациями  и совместном решении проблем сельских регионов. Опыт, накопленный ФМС в реализации гражданских инициатив, формировании благоприятной среды для сельского предпринимательства и фермерства, служит большим подспорьем для разработки государственных программ социально-экономического развития.

Приглашенные на форум  партнеры ФМС: представители органов государственной власти, бизнесмены, эксперты, лидеры неправительственных организаций, бенефициары и волонтеры проектов ФМС, фермеры, журналисты могли познакомиться с практикой решения социально значимых вопросов сельского региона,  вовлечением местных сообществ в работу, направленную на поддержку социально уязвимых групп населения, сельского предпринимательства, фермеров, трудовых мигрантов, молодежи.

Участники  форума  были приглашены на ток – шоу «Партнерство без галстуков» в форме дискуссии о роли и месте НПО  в развитии сельских территорий.  Они также познакомились с  новыми идеями взаимовыгодного сотрудничества НПО со стратегическими партнерами и местными сообществами. Гости посетили ярмарку  недавно созданного по программе развития сельских территорий СПК «Шелек фермерлері», выставку социально значимых проектов ФМС.  Изюминкой форума стало награждение победителей конкурса «Фермеры Шелека» и заключение соглашений о поставках фермерской продукции в  ТОО «Оптомаркет» Арзан и ТОО «Magnum Сash&Сarry».

С первых дней образования ФМС его исполнительным директором является Бахыткуль ЕЛЬЧИБАЕВА. В интервью для прессы она  рассказывает о деятельности фонда:

 – Наш Фонд был учрежден как  некоммерческая организация, которая  продвигает идеи социальной ответственности бизнеса, благотворительности и меценатства. За 10 летие ФМС, реализовано свыше 50 социально значимых проектов. По основным программам: «Развитие сельских регионов», «Развитие местного сообщества», «Поддержка молодежных инициатив», «Поддержка и защита прав социально уязвимых слоев населения» в развитие сельских территорий привлечено 515 млн. тенге инвестиций.  

Программа «Развитие сельских реионов» охватывает малообеспеченных сельских жителей, которым ФМС помогает открыть свое дело, более эффективно вести фермерское хозяйство. В селе Шелек основан  Агробизнес-центр,  где бесплатно  проводятся семинары-тренинги по выращиванию овощей, маркетингу фермерских хозяйств, работают  курсы  компьютерной грамотности,  бухгалтерского учета.  Сельчанам обеспечен бесплатный доступ к информации, государственным программам по содействию и поддержке малого и среднего бизнеса. Создан СПК «Шелек Фермерлері» для сбыта сельхозпродукции участников программы, заключаются договоры с оптовыми торговыми сетями г.Алматы. ФМС также проводит конкурсные гранты и финансирует проекты по программам  «Развитие местного сообщества», «Поддержка молодежных инициатив», обучает лидеров, проводит тренинги, консультации, издает методические пособия и брошюры по правовым знаниям.  По программе  поддержки социально уязвимых слоев населения Фонд местных сообществ реализует  проект «Правовая поддержка трудовых мигрантов». В его рамках ФМС  оказывает информационную и консультационную помощь трудовым мигрантам и фермерам-табаководам Шелекского региона, содействуя обеспечению социальной защиты  мигрантов в сфере условий труда и проживания.

Ценности гражданского общества являются наиболее стабильными и демократическими. ФМС делает все возможное для их продвижения, участвуя в провозглашенной Главой государства Третьей модернизации страны.  

 

И.ТУРАНИН.

Жексенбі, 15 Қазан 2017 20:07

Әскери бөлім құрамасы топ жарды

Жастар бойына пат-риоттық сезімді қалып-тастыру, ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмыла кірісетін өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойындары өтті жақында. Қаракемер 6654 әскери бөлімінің алаңында Мемлекеттік Тудың жалауы желбіреген салтанатты шараға қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі, округ әкімдігі және 6654 әскери бөлім. Ұйытқы болған – «Елім-ай» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы.

Сонымен аудан бойынша 8 команда 6 сынақта өздерін сынады. Атап өтсек: Жаңашар, Ават, Рахат, Бәйтерек, Қаракемер, Қаратұрық және 6654 әскери бөлім құрамалары. Алғашында сөз алған қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов шара маңыздылығына тоқталды: – Кезінде біздер әскерге бару үшін құжат жинап, жанымызды шүберекке түйіп жүретін едік, қазіргі жас буын арасында әскерге бармаудың түрлі сылтауларын көріп, біліп жүрміз. Ал дүниеге ер азамат келгенде Отанымызды қорғайды деп қуанатын еліміз үшін бұл ауыр жара. Түсінген жанға Отанға деген шексіз сүйіспеншілік әскерде қалыптасады. Ал міне, бүгін нағыз елінің шын патриоттары бас қосты. Мейлі жеңіл, мейлі жең, мәселе онда емес, Сіздердің осындай шараға белсенді атсалысқандарыңыздың өзі жеңіс. Еліміздің әр азаматтары Сіздерден үлгі алсын! – деді.

Сөз алған 6654 әскери бөлімінің командирі, полковник Б.Оспанбеков те жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен жарыс қатысушы-лары автоматты уақытқа жинау, белтемірге тартылу, гір тасын (24 кг) көтеру, әскери эстафета, арқан тарту, және швед эстафетасынан сынға түсті. Жастық жігер мен намысты қолдан бермеу жолында жанын салған жастарымыз әр сайыс сайын шыңдала түсті. Тіпті, жүлдені кім алады екен деген сұрақ жанкүйерлердің көкейінде сайрады. Соның ішінде бізді де бұл сұрақ мазалағаны шындық. Үш сағатқа созылған қызу бәсеке нәтижесінде Бәйтерек командасы үшінші орынға тұрақтады. Екінші – Қаракемер, жүлделі бірінші орынды 6654 әскери бөлім жеңіп алды.

Кейіннен әскери бөлім жасақтары арнайы әзірлеген дайындықтарын көрсетті. Қорытындысында қойылған талаптардың туралығын әрі әділ өтуіне ұйытқы болған әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Берік Мунтиновқа қатысушылар алғысын білдіріп, естелік суретке түсті.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Жексенбі, 15 Қазан 2017 20:00

Меморандумға қол қойылды

 

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында партияның аудандық филиалында   

аудан әкімдігінің ішкі саясат  бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі,  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық аурухана, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылары  бас қосып, өзара меморандумға қол қойды.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын бірлесіп жүзеге асыру шеңберіндегі өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумды жасау-дағы мақсат – Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, тыл еңбеккерле-рінің және  63 жастан асқан адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірлескен және келісілген  іс-қимылдарды жүзеге асыру мәселелері бойынша  өзара қолдау көрсету болып табылады.

Кездесуді ашқан партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы:

– Ардагерлерге барынша қолдау көрсету, жастарды қарт кісілерді құрметтеуге, сыйлауға үйрету – біздің міндетіміз. Партия қашан да мұндай азаматтарға көңіл аударып, проблемаларын шешуге барынша атсалысып келеді. Ауданымызда қазіргі таңда 14 Ұлы Отан соғысының ардагері бар.  Қолдан келгенше оларға қамқорлық көрсетіп, патриоттық, отансүйгіштік туралы ойларын аудио, видео таспаларға жазып алып, болашақта жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсету үшін сақтап қоюымыз қажет. Сонымен қатар, ауданымызда 52 жалғызбасты қарт адам қамқорлыққа алынып, үнемі біздің назарымызда. Бұл кісілердің қысқы отын-суына көмектесуіміз керек. Еңбек ұжымдарына хат жолдап, бұрын сол ұжымда қызмет еткен, қазіргі таңда жалғызбасты  болып отырған азаматтарға көмек беруге шақырамыз, – деп атап өтті.

Жиынға қатысушы өзге азаматтар бұл пікірді қолдап, өз тараптарынан ардагерлерге жасалатын қамқорлықтар туралы ойларымен бөлісті.

Нұрбану КАМАЛ.

Жексенбі, 15 Қазан 2017 19:57

На защите граждан

29 сентября  на базе районного суда в г.Есике прошли практические ученья по предотвращению актов терроризма. Были задейстованы сотрудники КНБ, РУВД, ОЧС, медики, пожарные, военнослужащие Каракемерской военной части. Целью учений была отработка слаженных действий силовых структур в устранении террористической опасности.

Ернар ЖАХАНГЕР,

главный специалист районного отдела

чрезвычайных ситуаций и гражданской обороны.

Соңғы жаңалықтар

Мам 09, 2025

«Ұлы дала жорығы» Тарих пен…

Алматы облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Халықаралық «Ұлы дала жорығы»…
Мам 08, 2025

Ғибратқа толы ғасыр

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Иә, елдің тыныштығы, Отанның қауіпсіздігі үшін қан…
Мам 08, 2025

МСАК-ТЫҢ 550-ДЕН АСТАМ МАМАНЫ…

Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы…
Мам 08, 2025

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту…

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және…
Мам 08, 2025

Промежуточные итоги запуска…

Комитет государственных доходов МФ РК продолжает поэтапное внедрение информационной…
Мам 08, 2025

Алтын өндіру өнеркәсібінде 3400…

Алдағы үш жылда Қазақстанның алтын өндіру саласында жалпы құны 780 миллиард теңгені…
Мам 06, 2025

Адам папилломасы вирусына қарсы…

Адам папилломасы вирусы (әрі қарай АПВ) – адам ағзасында кездесетін вирустар тобы, олар…
Мам 06, 2025

Бруцеллездің алдын алу бойынша…

Бруцеллез адам мен ауылшаруашылық жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллез…
Мам 06, 2025

Қазақстан мен Вьетнам Әділет…

Бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет