Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасын тіреп тұрар алып бағаналардың бірі. Мемлекет байлығы саналатын газ бен мұнай қорының осы жүзжылдықта таусылары сөзсіз. Сондықтан, бизнес ортаны дамыту арқылы біз болашағымызды айқындай аламыз. Бұл турасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтып, екінші басымдықты кәсіпкерлік саласына түсірген болатын.
«Біздің стратегиялық мақса-тымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады» – деген Мемлекет басшысы аталған межеге қол жеткізу үшін орындалар қадамдарды нақтылап берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласын дамытуда көптеген бағдарламалар қолға алынды. Осы бағдарламалар мен жеңілдіктердің жемісін аудан тұрғындары көруде.
Ауданымыздың экономика-лық даму көрсеткішінің негізгі қантамырларының бірі ауылшаруашылығы мен шағын және орта бизнес екендігі баршаға аян. Аталған салада экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың үштен бір бөлігі еңбек етуде. Сондықтанда, дәл осындай бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласында да бірқатар үлкен жобалар жүзеге асырылды.
Бизнестің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан әртүрлі қолайлы экономикалық және құқықтық жағдайлар жасалынып, қолдау тұрақты түрде көрсетілгендіктен шағын және орта бизнес жоспарлы дамуда. Қазірдің өзінде қайта оқудан өтіп, несие алып, кәсіпкерліктің тізгінін ұстауға ниет білдірушілердің саны күн санап артып келеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша өз ісін ашып және кәсібін ұлғайту мақсатында 600-ге жуық адам шағын несие алуға ниет білдірген. Аталған бағыт бойынша сәуір айынан бастап «Бастау бизнес» жобасы бойынша 226 азамат оқу курстарынан өткен. Өтінішін жазып, оқып қана қоймай, нақты іске көшкендер азаматтар да жеткілікті. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін 53 азамат 230 млн 68 мың теңге көлемінде несие алды. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы бойынша 39 адам 154 млн теңге шағын несие және «Ырыс» «Еңбекші несие» несие серіктестіктері арқылы 14 адам 76 млн 68 мың теңге көлемінде қаржы алған. Берген өтініші бойынша қаражатын алғандар бүгінде кәсібін дөңгелету үстінде.
Туристік сала да кәсіпкерліктің бір бағыты болып саналады. Аталған бағыт бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып, туризммен қатар, кәсіпкерліктің де тамырына қан жүгіруде. Аудан бойынша туризм саласын дамыту мақсатында бірнеше бағытты шаралар қабылданды. Түрген шатқалының 6 шақырымында жоба құны 10 млн теңге болатын этно-мәдени қалашықтың құрылыс жұмыстары аяқталуда.
Малыбай ауылдық округіне қарасты Шелек өзенінің бойында жүзу спорты негізінде, кемпинг лагерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, іске асырылды. 2016-2017 жылдар аралығында екі қонақ үй кешенін, 2020 жылы ауданымыз үшін маңызды үлкен жоба аспалы жолы бар таушаңғы курортын салу жоспарлануда. Бүгінгі күнде аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынуда. Аудан экономикасын дамыту мақсатында тартылған негізгі инвестициялар көлемі 2017 жылдың 1 қыркүйегіне 16,3 млрд. теңгені құрап, тиісінше 2017-2018 жылдар аралығында 10 инвестициялық жобаны жүзе-ге асыру көзделуде.
Ауылшаруашылық саласы кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындарды жұмыспен қамту-дың бір көзі болып саналады. Аграрлы ауданымызда аталған секторды дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Алдымен статистикаға көз жүгіртсек, 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда 61,4 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға артық. Демек, ауылшаруашы-лығы саласында еңбек еткен тұрғындар мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек арқылы табыс көлемін ұлғайтуда. Сонымен қатар, жалпы ішкі өнімнің артуына үлес қосуда. Аудан бойын-ша 3586 га жүзім, 4601 га жерге жеміс-жидек отырғызылған, оның 3928 га алқапты алма бақтары құрайды. Соңғы жылдары бізде интенсивті жеміс-жидек отырғызу қарқынды жүргізіліп келеді. 2017 жылы «Био Терра», «Степной холм», «АррІе World» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Агро сад», «Мэлис» шаруа қожалықтары қосымша жаңа технологияны қолдана отырып барлығы 395 гектар аумаққа бақтар отырғызған. Сондай-ақ, елімізде алғаш рет Орта Азиядағы ең үлкен жаңғақ бағы пайда болады. Түрген ауылының маңындағы 20 гектар жерге демонстрациялық әртүрлі сорттағы жаңғақтар егіліп, тәжірибеден өткізілуде.
Ауылшаруашылығы сала-сының қызметкерлері де мемле-кеттік бағдарламадан құралақан емес. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 300 бас ірі қара, «Алтын асық» бойынша 700 қой, «Кұлан» бағдарламасы аясында 100 жылқы сатып алынды.
Сардарбек НҰРАДИН.
Егер жаңғыру елдің рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар
Мұқағали Мақатаев.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбымен жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласымен танысып, талқылап жатқанымызға да жеті-сегіз айдың жүзі өтіп кетіпті. Редакциямызға телефон арқылы немесе ауызекі әңгімеде сұрақтар түсіп жатады. «Елбасымыз неге қазіргі кезеңде кесек-кесек бағдарламалар туындатып отырған өзекті мәселені Жолдау немесе басқа да ресми жолмен жеткізбеген халқына деген мазмұнда негізінен бұл сұрақтар. Біріншіден мақала жанарын биліктің шынар биігінің таңдауы – оз ойын, ұстаным ұсынысын қалың бұқараға қазақ халқына, еліміздің барлық тұрғындарына демократиялық жолмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізу жолы деп білу керек. Екіншіден, мақаланың өзегі – ұлттық сананы жаңғырту болғандықтан бұл мәселе ешкімді де – мектептегі ұстаз бен баланы, сол балалардың әке-шешесін, ата-әжесін, қарапайым еңбеккерден бастап биіктегі билік өкілдеріне дейін бей-жай қалдырмау керек.
Кеңестік кезеңде «сананы тұрмыс билейді деген бір жақты материалистік тұрғыдағы ұғым болған. Ал неге сана тұрмысты билеп, қоғамға бағыт бағдар бермеуі керек?!
Н.Ә.Назарбаев өз мақаласының ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тарауын-да бүгінгі күнгі әлемдегі әртүрлі бағыттардағы қатып қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ» дүбірлі дәуіріміздің даму даңғылынан шеткері қалауымыз мүмкін екенін ескертеді. Жиырмасыншы ғысырдағы батыстық даму жолының бүгінгі заман талабына сай келмеуінің сырын зерделеп, сол батыстық үлгілерді еріктен тысқары, ұлттық сана-сезімді ескермей түгелдей бір қалыпқа салуға ұмтылудың салдары екенін де ұғынықты түрде түсіндіреді. Мысалы әлемдік экономикалық көшбасшылар қатарындағы Жапон, Оңтүстік Корея елдерін алайық. Дәстүр-салттарына, ұлттық код деген ұғымдағы ата-бабаларынан келе жатқан рухани жадыларына ерекше мұқият қарайтын халықтар екенін білеміз сол елдердің тұрғындарының. «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса ол адасуға бастайды» – дейді Н.Назарбаев сана туралы тараудағы ойларымен бөлісе отырып. Сонымен, қарапайым тілмен айтқанда рухани жаңғыруымыздың жолы қандай? Ұлттық сана, ұлттық код деген терминдерді қалай түсінеміз, тағы басқа сұрақтарды талдай отырып, оқырман ой бөлісуге бағытталған мақалалар циклын бастай отырып, жалаң хабардан танымдық-талдау жолына шақырамыз көзі қарақты оқырмандарымызды.
«Саналы азамат екен дейміз мінезіне ақылы сай ізетті, ізгі адамға мінездеме бергенде. «Санасыз, тоғышар, топас, дөрекі, дөкір» – деп те жерден алып, жерге салып сөгеміз жаман әдетке жақын тұрған, әдепсіздікке бой ұрған замандастарымызды. Сана-сезімі терең, таным-білімі таяз ұғымдары тағы бар. Тұрмыстық деңгейдегі сана ұғымы қалыптасқан әдет-ғұрыпты сақтаудан басталады десек қателеспейміз. Менің кеңес кезеңінде биік деңгейдегі қызметте болған жақсы танысым, жерлесім оңтүстік облысқа қызмет бабымен ауысқанда екі нәрсеге таң қалғанын жырдай қылып айтып берген еді. Көшіп келген бетте үй-жайды реттеп алмай қызмет бабы келіспейтіні белгілі. Көмекшілерім жеке «особняк» іздестіргеніне қарамай көп пәтерлі үйден кеңірек жұмыс кабинетін жасай алатын пәтер қарастыруын өтініп, көп ұзамай екінші қабаттан төрт бөлмелі пәтердің кілтіне ие болдым. Көршілеріммен танысып, үй төңірегін көрейін деген оймен бес қабатты ғимаратты айналып келе жатсам төрт кіреберіс (подъезд) бірыңғай қарап тұр да, бесіншісі сыртқа қарап бөлектеніп тұр екен. Осы үйде тұратын ақ сақалды қария кездесіп, содан мына бөлек сыртқа қаратып салынған кіре берістің сыры неде деп сұрадым. Ақсақал көзін шарасынан шығара дөңгелетіп: «Ойбай білмейтін бе едіңіз – бұл үйде дәу бастық тұрады. Қарапайым халықпен қатар подъезден бірге шығып-кіре алмаймын деп кіреберісті теріс қаратып салғызған сол кісі, байқаңыз ол кісі елмен амандас-пай өте шығатын өте тәкаппар жан, –дейді әлгі көршім. «Япырмай осы өңірге бірінші басшы етіп мені жіберіп еді, менен де дәу кім екен бұл деп ертесіне планерка жиынында бәленінші үйдің бесінші подъезінде тұратын кім екен, орныңыздан тұрыңызшы деп өтіндім. «Менмін» – деп тәпелтек бойлы қарны қабақтай, беті табақтай дегендей кеше ғана танысқан бөлім басшысы орнынан тұрды. Олай болса көршілеріңмен ең болмаса сәлемдесуден қашып, теріс қаратып салған кіреберіс подъезіңді оңға бұрып екі күннен кейін маған баянда деп бұйырдым қоластымдағы «дәу» бастыққа, – деп күлді Ерекең ағам.
Екіншіден таң қалдырғаны сол көп қабатты үйдің ересектерімен сәлемдесумен қатар кіп-кішкентай жөргектен жаңа арылған тәмпіш мұрнын тартып қойып «ассалау» деп қолын созған көрші балалармен сәлемдесу дағдыға айналды. Бұрынғы қызмет еткен орыс тұрғындары басым өңірде бұндай әдет жоғалып кеткендей еді, – деп ағынан жарылып еді Ерекең жерлесім.
Ұлттық санамызда, дәстүрімізде, ең бастысы, дінімізде сәлем беруге аса назар аударылады. Ізгі ниетті адамды қазағым «Сәлемі түзу азамат» дейді. Сәлем беріп үйге кіріп келген бейтаныс жолаушыға да қазақ «Сәлемші болсаң төрге шық! деп алдына барын жайып салады. Үлкенді сыйлау, иіліп сәлем беру сау-саламаттығын сұрап, тілегін айту жөнінде де сол Ерекең басшының үлгісінен бір көрініс келтіре кетейін. Шаруашылық басшысы өз кәсіпорнымен бүге-шігесіне дейін таныстырып болып, Ерекеңе, ертіп келген қосшы көмекшілері мен журналист тілшілеріне қоғамдық тамақтану орны жоқ екенін, сондықтан өз үйінде дастарқан жайып қойғанын айтып, түскі асқа шақырды Отбасы мүшелерімен танысып сәлемдесіп болғанан кейін Ерекең жан жағын бажайлап қарап алып үй иесінен: «Отбасында қария бар ау, шамасы, таяғын көріп отырмын. Ол кісі қайда? – деп сұрады. Күмілжіп қалған шаруашылық басшысы:» – Сексенге келген әкем бар, үйге қонақтар келетін болған соң өз бөлмеңнен шықпай күте тұр кісілер кеткенше, деп отырғызып қойып едім, – дегенде Ерекең кейіген кейіппен «Үлкенге сәлем бергеннің не айыбы бар, сәлемдеспеу күнә, – деп орнынан тұрып қарияның бөлмесіне бет қойды. Сәлемдесіп, өмір көрген өнегелі қариямен біршама әңгімелескеннен кейін Ерекең дастарханға бірге отыруын өтінді. Ақсақал асқа бата беріп дәм татқаннан соң «Балаларым, өмірлерің біте қайнасып, бірге жүрсіңдер, әңгіме өзегі де өздеріңше өзгеше, маған рұқсат беріңіздер, – деп рахметін айтып тұрып кетті. Міне сәлем беру жолын ұстай білген адамның жөні осы дейміз.
Санадан бастаған жаңғыру жолын жаңғырта бермей-ақ күнделікті өмірдегі қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты да дұрыс сақтай алмай жүргенімізді де қозғай кеткенді жөн көрдім.
Қазақта «қайыр» деген сөз бар. «Қайырлы таң» деп бас-таймыз әр күнімізді, қайырлы күн деп күндіз сәлемдессек, «қайырлы кеш, қайырлы түн болсын» деп тәулік соңында қоштасамыз. Алладан не берсең де қайырымен бер деп тілейміз. Еліміздің орталық, батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік өңірлерінде жаңа баспана, көлік алғандарға, келін түсіріп той-томалақ болғанда. «Қуаныш қайырлы болсын» деп айтып жатады. Өмір бар жерде өлім бар дегендей қаралы үйге көңіл айта келгенде «Қазаның қайырын берсін, арты қайырлы болсын, – деп толықтап, анықтап айтады ғой. Ол жоқ, кейбір асығып-аптығып жүретін азаматтарымыз: қазалы үйге, қаралы адамдарға қарап: «Қайырлы болсын» деп қысқа қайырғанда құттықтап тұр ма, көңіл айтып тұр ма деп аңырып қалып жүрдім алғашында. Сөз білмеген сөздің құнын кетіреді – деген осы да.
Сана – сөзден басталады, үлгі өнегемен жалғасады. Өмірімнің біраз бөлігі Есікті қаламыздың екінші шағын ауданында көппәтерлі үйде өтті. Бес қабатты төрт-бес үйдің ортасындағы ауласы кең: бір бұрышы кір жаюға арналған алаң, тағы бір бөлігі балалардың ойын аланы да, дәл ортасына зейнетке шыққан қарияларға әдейі арналғандай жасыл желектің көлеңкесіне орындықтар мен үстел орнатылған екен. Күнде таңсәріде бұл ауладағы әр жасқа арналған кірін жуып, киімін кептіретін жердегі алаңдар бос тұрады да түс әлетінде, түскі үзілістен кейін, кешке дейін ауланың ортасындағы орындықтарға зейнеткер жасындағы жасамыс жандар алғашында дойбы, домино, шахмат дегендей «бейбіт» ойындар ойнап жүрді. Кейін келе байқасам сол ойыншылар «домино-дойбыдан» гөрі «серъезный» – картаға көшіп алыпты. Әрі-бері өтіп жүргенде көп аңғара бермейді екенмін орталарында сыра шишалары да одан мықты ішімдіктер де тұратын болыпты. Алғашында араласпадым «қариялардың» бұл «қарекетіне». Жаздың бір жаймашуақ кешінде жұмыстан ертерек оралып ауланы кесіп өте бергенде «қариялар бұрышындағы» шаң-шұңның үстінен шықтым. Мәселенің мәнісі сыра-шараптың буына әбден «піскен» қария-сымақтарымыз картаға ұтыс ойнап отырып, келіспей қалған көрінеді. Тыңдап тұрсам «ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шықты» дегендей қазақша «әкең-атаң» деген боқтық сөздер мен орысша «мат»-былапыттар араласып жаға жыртысуға дейін барып қалыпты. Сақалынан алысар еді қазіргі қарттарда «сақал модасы» жоқ. Бұл ойыншы зейнеткерлерді түгеліндей танушы едім ортаға түсіп, сабырға шақырып, әдеп сақтауды өтініп едім «Сенің бізде не шатағың бар жөніңе кет деген сөздерді және өрескел орысша сөзді естіп» дағдарып тұрғанда абырой болғанда сол ауладағы бес қабатты бес үйдің егде жастағы он шақты әжелері шықты алаңға. Шыдамның де шегі бар дегендей зейнеткер шалдардың өрескел «тірліктеріне» тойып болған әжелерге қарташылардың жанжалы бас көтеріп, қарсылық көтеруге себеп болды.
– Ішімдік ішіп, карта ойнағанша немерелеріңді тәрбиелесеңші, – дейді бір әже. Екіншісі:
– Енді бұл жерде сыра ішіп, темекі тартсаңдар, учаскелік полицияны шақырамыз,– дейді. Ал үшінші әже:
– Анау кір жайып, балаларын ертіп жүрген келіндерден ұялсаңдаршы,–деп көзге шұқығандай шырылдаған шындықты жайып салды сыра-шараптан көздерін шел басқан шалдардың алдында ашулы әжелер.
Сонымен басбұзар-бұзақы шалдардың карта ойындары да, аулада отырып арақ-шарап ішуі де сап тиылды бұл мөлтек ауданның мөлтек ауласында. Бұл жерден қаланың басқа аумағына көшіп кеткелі көп жылдар өтті. Әрине, сондағы «шалдар шатағын» әсерлеңкіреп суреттеген болармын. Бірақ бұл жерде айтпағым, кеңес кезеңінде де кейінгі кезде де, сол қоғамның жуан ортасынан шыққан шал-шауқандарың қазақтың немерелерін тәрбиелеу, оларды еңбекке баулу, ерлікке елсүйгіштікке бағытталған ертегі-аңыздар, әдеби кітаптар оқыту деген ұғымнан ада ұрпақ десем қателеспеген болар едім. Неліктен еліміздің экономикалық дамуынан, халықаралық қатынастар мен әлемдегі бейбітшілік мәселелерінен қолы босамай ат үстінде, самолет ұшақ салонында дамылсыз жолда жүрген Елбасымыз қолына қалам алып рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отыр?! Ұлтымыздың ұнамды салт-дәстүрін сақтап, ұнамсыз әдеттен аулақ болсақ дейді Президент. Шетелдердің тілін біліп, ілімін, ғылымын игерсек, – кәсібімізді дамытып «өз нанымызды өзіміз жеп, артылғанын экспорттасақ, – дейді Елбасымыз. Шетел мәдениетінің бәрін де таңсық деп елімізге тасымалдай бермей ұлттық кодымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтасақ дейді «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында Нұрсұлтан Нзарбаев. Міне, сондықтан,сөз басы сәлемнен басталады дегендей ұлтымызға тән сәлемдесу тәртібінен, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін саналы ата, әже де бола білу мәселесінен бастап отырмыз ашық әңгіме циклын. Әркім өзінен бастаса әдепті, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді ұстанса сонда ғана адасудан айығып ел болу жолына түсе аламыз.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ.
Бала тәрбиесі ата-ана үшін үлкен жауапкершілік екені айтпаса да мәлім. Алайда, комиссия отырысында қаралған балалардың тағдырына қарап, бұл міндеттің кейбіреулерге үлкен ауыртпалыққа айналғанының куәсі болдық. Қанаты қатпаған нәрестелердің құқықтарының тапталып, жаутаңдай күн кешуіне кінәлі басқа емес, туған ата-аналары.
Жақында Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың төрағалығымен өткен отырыста алты отбасының бала-ларының тағдыры талқыға түсті. Алдымен қаралған мәселеде, Шелек ауылының тұрғыны Әлғазы Иманғазы есімді азаматтың 2-сынып оқитын қызы үйінен қашып кетіп, бір тәуліктен соң ауылдағы ескі үйдің шатырынан табылғандығы жөнінде айтылды. Қарт анасымен бірге тұратын азамат үш қызының тәрбиесі мен оқуын қадағалай алмауына байланысты оларды Шелек ауылындағы интернатқа өткізу туралы өтініш беріпті. Қыздардың анасы балаларын 2015 жылы тастап кеткен. Ал Оспановалардың отбасында шаңырақтың шайқалуының зардабы екі бейкүнә нәрестеге тиіп отыр. Әкесі мен шешесі ажырасып, бөлек отбасын құрған қыздарға әжесі өзін қамқоршы ретінде заңмен бекітуді сұрайды. Тірі жетім болған балаларды кішкентайынан бағып-қағып келген әжей бұрын бұл мәселенің заңдық аспектілеріне көңіл аудармапты.
Комиссия мүшесі Қалдыкүл Айсина:
– Қамқоршылыққа алу үшін қыздардың әке-шешесі нотариалды түрде ата-аналық құқынан бас тартуы қажет. Егер бұрынғы келініңіз бұған келіспесе, оны аналық құқынан айыру жөнінде сотқа арыз түсіре аласыз, – деп, комиссияның өзге де мүшелері процесті жеделдетудің заңдық жолдарын талқылады.
Ендігі мәселеде балалардың жағдайы тіптен қиын. Әкесі өмірден өткен, анасы ішімдікке салынып кеткен ұл мен қыздың барар жер, басар тауы жоқ. 45 жастағы Гүлзат Сұлтанбаева өзінің аналық міндетін дұрыс атқармай, керісінше, спиртті ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда бүлік шығарып, 5-6 рет құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Алматы облыстық наркологиялық диспансеріне де жатқызылған. Бірақ, оң нәтиже жоқ. Ал балалар достарының, кейде анасының туыстарының үйін паналап жүрген көрінеді. Сондықтан да, отырыста Гүлзат Сұлтанбаеваны аналық құқынан айыру жөніндегі мәселе қаралды. Өкініштісі, аналары керек етпеген балаларға өзге туысқандарының да қамқорлық танытып отырғаны шамалы. Отырыста бұл әулетте балалардың әкесінің жоқтығына байланысты берілетін жәрдемақыға таластың да болып жатқаны айтылды.
Кейбір аналар туған баласы алдындағы міндетін орындай алмай жатқанда, басқа бір ананың балалар үйінен 4 баланы қамқорлыққа алғаны қуантады. Алайда, бір шешеден туған төрт бауырдың біреуі жаңа ата-анасын жатсынып, үйден қашатынды шығарған. Оны балалар үйіне қайта тапсыратын болса, ата-анасына бауыр басып қалған үш баланы да қоса өткізу керек. Заң бауырларды бір-бірінен ажыратуға рұқсат етпейді. Сондықтан да, өтпелі кезең деп аталатын жасөспірім жастағы қызға ата-анасынан қашудың жөн еместігін түсіндіріп, психологиясындағы қиыншылықтарды жеңуіне көмектесу керек. Бұл – мектеп психологтарының міндеті. Отырыста аталған мәселе бойынша психологтардың жұмысына қатаң сын айтылды.
Күйеуімен ажырасып, екі ұлдың жауапкершілігін жалғыз арқалаған ана күнкөріс қамы үшін Алматы қаласынан жұмыс іздеп жүргенін, жұмыс тапқан күнде балаларына қарауға мүмкіндігі болмайтынын айтып, комиссия мүшелерінен оларды интернатқа орналастырып беруін сұрады. Ал бұрынғы күйеуінің сот тағайындаған ай сайынғы 20 мың теңге алиментті төлемей қашып жүргені – өз алдына жеке мәселе. Аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев:
– Балаларды интернатқа орналастырып, бір шетке ысыра салу оңай. Бірақ, бұл – мәселені түбегейлі шешпейді. Одан да, Сізге Есік қаласынан жұмыс тауып берудің жолдарын қарастырайық. Жақын жерден жұмысыңызға барып, балаларыңыздың да тәрбиесімен айналысар едіңіз, – деген ұсынысын айтты. Бұл ұсынысты ана да, балалар да қуана қабылдады.
Келесі мәселеде бес баланың кенжесі деп еркелеткен сайын тәртібі нашарлап, ақырында үйден қашып, апталап жоғалып кететінді әдетке айналдырған жасөспірімнің анасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127 бабы бойынша айыппұл салынып, баласының тәрбиесімен мықтап айналысуы керектігі ескертілді. Бала қаңғыбастығын қоймай, тағы да құқық қорғау органдарын жөнсіз әлекке салатын болса, оның анасын аналық құқынан айыру жөнінде мәселе қаралатын болады.
Нұрбану КАМАЛ.
«Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын тынысын сезінеміз. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын
бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген».
Н.Ә.Назарбаев.
Менің соғыстан кейін өмірге келген замандастарым, соғысқа дейінгі қазақ елінің ұрпақтары ел тарихында айшықты із қалдырған, өркениетті демо-кратиялық бейбіт жолмен қазақ мемлекетінің іргета-сын қалау үшін күрескен Алаш ардақтылары туралы мәліметтен бейхабар еді. Өйткені Кеңес Одағы құрамын-дағы қазақ республика-сының тарихын пышақтың қырынан аз-ақ қалың тарих оқулығынан оқыдық. Соның өзінде де Алаш қозғалысының қайраткерлерін халық жауы ретінде ғана көрсетті кеңестік идеология ықпалындағы тарихшылар. Биыл азаттық үшін, мемлекеттіліктің негізін қалау үшін арпалысқан арыстар қозғалысына жүз жыл толып отыр. Осы тарихи оқиғаға орай Мемлекет тарихы институты мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді Астана қаласында 10 қарашада.
Жиынға қатысып сөз сөйлеген Қазақстан Республика-сының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар-баевтың құттықтауын оқыды:
«Алаш қозғалысының ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси-əлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолын-дағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады. Алаш арыстарының пассионарлық идеялары біздің ата-бабалырымыздың азаттық алу, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тəуелсіздігіне бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, əлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда: тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлту-ма мəдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біз қоғамдық сананы қазіргі заманға сай жаңғырту арқылы елімізді жаңартуды мақсат тұтып отырмыз. Еліміздің экономикалық əлеуеті артқан сайын, халқымыз бай рухани мұрасын дəріптеуге де зор мүмкіндік жасалады».
ЭКСПО-2017 аумағындағы Конгресс орталығының ауқымды залына еліміздің барлық аймақ-тарынан, Астана, Алматы қала-ларынан келген оқымыстылар, жазушы-журналистер, зиялы қауым өкілдері қатысқан кон-ференцияның еліміздің Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Рухани жаңғыру идеяларын іске асыру жолындағы маңызды кезең болғаны анық.
Конференцияға қатысушы ретінде, елімізге танымал азаматтардың баяндамаларынан түйген ойлар төмендегідей.
Тәуелсіздік қолға тигеннен кейінгі ширек ғасырдан асқан кезеңдегі жаңғыртуларды батыл жалғастыру керек. Мысалы, Уральск қаласын – Орал, Актюбинскіні – Ақтөбе, Алма-Атаны – Алматы, Боровоены – Бурабай деп өзгерттік. Бірақ Петропавл, Павлодар сынды еліміздің солтүстігіндегі ірі қалаларымыз өзінің ежелгі Қызылжар, Кереку атауларын қайтара алмай отырғаны қынжылтады. Ал Көкшетаудан Қостанайға беттеген күре жол бойындағы елді мекендер атары елге беймәлім кісі аттарымен Еленовка, Антоновка, Киририлловка тағы басқа «овкалармен» міз бақпай осы күнге дейін тұр. Абырой болғанда осы жол бойындағы аты алашқа әйгілі Айыртау өз атын қайтарып, осы аудан орталығының іргесінде мәңгілік дамылдау мекенін тапқан Қарасай, Ағынтай батырлар бейіті орналасқанын білеміз.
Бұл да үлкен жетістік дей тұрғанмен ұсақ-түйек мәселе емес екендігіне назар аударды конференцияға қатысушылар.
Конференция мінберінен кезек-кезек баяндама жасаған отандық жəне шетелдік ғалым-дар, бір ғасыр өткен алаштық-тар идеясына тарихи тұрғыдан баға беріп, Алашорда үкіметі кеңестік басқаруға қарсы балама билік ретінде құрылған ұйым десе, Парламент Мəжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов, дербес мемлекет құруды көздеген алаш арыстарының талаптары дəл бүгін іске асып отырғанын, сол себепті, тəркіленген тарихымызды қалпына келтіріп, аталарымыз армандаған тəуелсіздік, бостандық, теңдік, құқықтық, жасампаздық идеяларды келер ұрпақтың жадына сіңіру асыл мұратымыз екенін жеткізді.
Сонымен қатар көпшілік қауым Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған отандық зиялылармен бірге, əзербайжандық ғалым Мұса Ғасымлы, өзбекстандық тарихшы Ильхомжон Саидов, қырғыз профессоры Зайниддин Қурбанов, башқұрт оқымыстысы Марсель Фархшатовтың алаш арыстарына қатысты баяндамаларын тыңдады.
Азаттық жолында өз өмірлерін қиған алашордашылар азаматтық белсенділікті, сауаттылықты дамыту үшін де аянбай еңбек еткені аян. Осы жолдағы алаш арыстарының аттары белгілі. Ал осы қозғалыстың қатардағы мүшелері неге белгісіз болып қала бермек? – деген сұрақ туындады конференция барысында. Бұған жауап ретінде «Қаһармандар» қоғамдық қоры құрылғаны туралы ақпарат та айтылды.
Алашорда қозғалысы туралы қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жариялап жатса, еліміздің орыс тілді БАҚ-тары әрісі бұл тарихи оқиғаға топырақ шашып, берісі үнсіз қалып жатқаны да шындық.
Сонымен қатар конференция Алашты таптық қозғалыс деген ұғымнан аластатып ұлт-азаттық, өзін-өзі билеуге ұмтылған саяси партия деп бағалауды, осы тұрғыда саяси ағартушылық әдебиетте, тарих оқулықтарында түзетулер енгізуді ұсынып, бұл істегі енжарлықты да жою жөнінде пікір айтылды.
Конференцияның идеялық ұраны болған Н.Ә.Назарбаев-тың «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса ол адасуға бастайды» – деген сөздері тарихи оқиғаларды, оның ішінде Алаш қозғалысын әділ бағалап, ел дамуына тиімді қолдануға шақырады.
Хайролла Ахметжанов.
Предлагаемая реформа уголовного процесса и правоохранительной деятельности являются новым этапом проводимой политики по обеспечению верховенства права. Большая работа в этом направлении проведена в рамках практического исполнения Плана Нации, инициированного Главой государства.
В целом реформа ориентирована на реализацию задач по укреплению защиты прав человека в уголовном процессе, повышению состязательности сторон, расширению судебного контроля, а также исключению дублирования и чёткому распределению полномочий между органами расследования, прокуратурой и судом.
В частности, предлагается сократить категории преступлений, по которым применяется мера пресечения в виде ареста. Это в первую очередь касается экономических преступлений, за исключением тех, которые совершены преступными группами.
Также предполагается сократить срок доставления задержанного в суд для избрания меры пресечения, исключить практику сбора доказательств, выходящих за рамки расследуемого уголовного дела.
Важной является новелла о наделении адвокатов более широкими правами по сбору доказательств, что позволит усилить состязательность уголовного процесса на досудебной стадии.
Все эти и другие инициативы вошли в проект Закона, основные направления которого, в целом, одобрены Главой государства. Законопроект сейчас находится на стадии активной разработки.
Аида ЖУНУСБЕКОВА,
заместитель руководителя Штаба (управления) Департамента Национального бюро по противодействию коррупции
(Антикоррупционной службы)
по Алматинской области
квалификационный класс первой
категории.
Жапон елінің тарихынан күні бүгінге дейін жібі үзілмей келе жатқан джиу-джитсу әлемдік сахнадан ойып тұрып орын алған спорт түрі. Жыл сайын джиу-джитсудан дәстүрлі өткізілетін әлемдік турнир биыл да жалғасты. Италия мемлекетінде тізе қос-қан кіл мықтылар арасында жерлесіміз Қанат Жақыпбаев та бар-тын. 77 кг салмақта қайыповтық Қанат топ жарып, Әлем чемпионы атанды.
Иә, бұл Қанат Еркінұлының алғашқы асуы емес. Ол осыдан 3-4 жыл бұрын да бұл ерлігін қайталаған еді. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы Польшада өткен, 2014 жылы Португалияда өткен әлем чемпионатында топ жарған. Сөйтіп, небәрі 28 жасында әлемнің үш дүркін чемпио-ны деген атақты ерен ерлігімен қорғап шықты. 10 жылға жуық спорттың осы түрімен айналысып келген Қанат Жақыпбаев финалда польшалықты тізе бүктірген. «Біз Италияға 7 спортшы боп бардық Қазақстан атынан. Соның бесеуі алтын, біреуі күміс, енді бірі қола медальды еншіледі» дейді жерлесіміз. Ия, бүгінгі орталық ақпарат құралдарының берген мәліметіне сүйенсек, спорттың осы түрінен әлемдегі ең үздік үш мемлекеттің қатарына ендік. Әрине, мұнда жерлесіміз Қанат Жақыпбаевтың да толағай еңбегі бар екені даусыз. «Өзімнің үш ұлым бар. Соның ортаншысы – Қанат. Жасынан спортқа әуес болды. Бастапқы жылдары бокспен шұғылданған еді. Кейіннен джиу-джитсуға ойысты. Алдына қойған мақсат жолында жанын салатын бала боп өсті. Ж.Қайыпов ауылында туып, сонда мектебін тәмамдады» дейді әлем чемпионының әкесі аудандық мәслихат депутаты Еркін Жақыпбаев. Жерлесіміз бүгінде Алматы қалалық Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында қызмет етеді. Бәрекелді, Қанат! Өмірде де спортта да қанатың талмасын!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Армандар орындалады! 14 қарашада аудан орталығында алғаш көгілдір отын жанғанда есіктіктер дәл осылай қуанды. Себебі, Тәуелсіздік алған жылдардан бері бізде газ болса деген арман тұрғындар көкейінде тұрса, бұл осыдан 2 жыл алды аудан атқамінерлерінің нақты мақсатына айналған еді. Былтырғы жаңа жыл қарсаңындағы аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың газетімізге берген сұхбатында «...Аудан аумағының 152 шақырымын қамтитын «Қазақстан-Қытай» газ құбырының 3 желісінің де құрылысы аяқталуға жақын. Оған тартылған инвестиция көлемі 2013 жылы 26 млрд теңгені құраса, жалпы көлемі 58 млрд теңге. Биылдан ірі 34 елді-мекенге газ құбырларын тарту жұмысы жоспарлануда» деген еді. Міне, бір жыл ішінде жемісін көзімізбен көрдік. Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, аудан басшысы Бинәлі Ысқақ бастаған топ Есіктің солтүстік-шығыс өңірінде орналасқан газ тарату стансасын салтанатты жағдайда ашты.
2016 жылы құрылысы басталған станса биылғы наурыз айында аяқталған еді. Бұған «АПЛ Констракшн» ЖШС өз қаражатынан 4,2 млрд теңге жұмсады. Мәлімет бойынша, қуаттылығы сағатына 50 мың текше метр болатын «Есік» автоматтандырылған газ тарату стансасы 10 мыңнан астам тұрғын үй мен 300-ден астам түрлі кәсіпорындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Болашақта Есік қаласы мен ауылдық округтердің 51 елді-мекені осы құбырдан газ алатын болады.
Алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов: «Бүгін біз тарихи сәтке куә боп отырмыз. Еңбекшіқазақ ауданына алғаш газ жағу құрметі Сіз бен бізге бұйырып тұр» дей келе игі шара Елбасымыздың Жолдауында айтылған «Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің маңызын сақтауға тиіс» деген тапсырмасы аясында атқарылып жатқанын айрықша атады
Әрі облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей бақылауындағы негізгі тапсырма деді. Ал Жетісу өндірістік филиалы «КазТрансГаз» «Аймақ» директоры Жайық Әлішев қала тұрғындарын қуанышпен құттықтады, табиғи газдың басымдықтарын баса айтты. «АПЛ Констракшн» компаниясының директоры Марсель Кажи: «Соңғы он ай ішінде Еңбекшіқазақ ауданы аумағында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. 39 шақырым жерден газ тартылып, осы жыл соңына дейін Есіктегі 1000-ға жуық үйге газ кіргізу жоспарда бар, – деді. Иә, компания басшысы атап өткендей, «Күш – Түрген – Есік» магистралінен тартылған газ құбырлары арқылы үйімізге қыста газ келеді деп қуанышын жеткізді қала тұрғыны Савелий Карасавиди. Сондай-ақ, әр үйге құбыр тартуда баға тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстап тұрса екен деген тұрғындар тілегін жеткізді басшыларға. Қазіргі қолда бар ресми мәліметке сүйенсек, әр жеке түтінге газ кіргізу 350 мың теңгені құраса, көппәтерлі үй иелеріне 94 мың 700 теңгеге саяды. Ал ай сайынғы ақшасы әр текше метріне 33,95 теңгеден айналады.
Сонымен салтанатты рәсімге де кезек келді. Басшылар мен ақсақалдар бірігіп көгілдір отынның алауын жақты. Кейіннен Пушкин көшесі 29 үйдің табиғи газбен жылуын барлады көпшілік.
Қазіргі уақытта аудан орталығынан бөлек Шелек өңірін газдандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Әрі Азат, Қайназар ауылдарына да газ құбырлары тартылып келеді. Болжам бойынша жақын арада аудандағы 2000-ға жуық үйде көгілдір отын жанады деп күтілуде. Бұл тұрғыда аудан басшысының «Бұйыртса 3-4 жылда іргелі өңіріміздің тұрғындары толықтай көгілдір отын қызығын көретін болады» деген сөзін тұздық еткенді жөн көрдік. Лайым, бастаған істің берекесін берсін деп тілейік.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Профилактика коррупции занесена в постоянный график коллективных мероприятий районного управления государственных доходов. Изучению антикоррупционного законодательства, выступлениям в прессе, проведению круглых столов с участием представителей правоохранительных органов отводится ведущее место.
Содержательным был круглый стол сотрудников управления с прокурором районной прокуратуры Чингисом Оспановым. Вел встречу руководитель управления Нуржан Журынбаев. Он предоставил слово Ч.Оспанову, который дал налоговикам разъяснения по антикоррупционным статьям Административного и Уголовного кодексов РК, Закона РК «О противодействии коррупции». Ч.Оспанов также рассказал о недавних фактах выявления коррупционных преступлений в Енбекшиказахском районе. К уголовной ответственности за получение взяток в 2017 году были привлечены директор ГККП «Каракемерский профессиональный колледж» С.Даберов и инспектор пробации УИС Х.Рузбакиев. Енбекшиказахским районным судом они приговорены к многомиллионным штрафам, конфискации имущества и пожизненному лишению права занимать должности на госслужбе. Это наглядный пример государственной антикоррупционной политики, включающей меры жесткого преследования госслужащих, использующих свои полномочия в корыстных целях.
Н.Журынбаев и Ч.Оспанов напомнили сотрудникам управления о необходимости добросовестно исполнять должностные обязанности, постоянно повышать квалификацию, чтобы избежать возникновения коррупционных поводов и нарушений.
И.ВИКТОРОВ.
«Отан – отбасынан басталады». Осылай деген Елбасы қазанның екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген еді. Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананың жаңғыруы, отбасы құндылықтары туралы алға қойған мақсат-міндеттерді айқындап берді. Осы орайда, жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Іле Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Отбасы – Отанымыздың ошағы» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Мерейлі мерекеге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов, қала мен округ әкімдері, жастар қауымы мен талайға үлгі болып жүрген ауданымыздың мерейлі отбасылары қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қуат Байғожаев жиылған көпшілікті мерекемен құттықтап:
– Елбасының «...Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі бар. Расында да, тәрбиенің бастапқы әліппесі – отбасында, онда адамгершілік пен ізгіліктің негізі бар. Қай халық болсын, ол – өз ұрпағымен биік. Біз – қариясын қадірлеп, әкесін арқа тұтқан, анасын ардақтаған елміз. Жетімді жұбатып, қиналғанға қолұшын беріп, сүрінгенді демеген халықпыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз, қоғамдағы беделдеріңіз – жастардың бойына рухани қазынаны дарытып, оларды тәрбиелейді. Өйткені, сіздер – ұлттық салт-дәстүрді сақтаған, көпті көрген, елге үлгі болатын тұлғасыздар – деді. Сондай-ақ, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуда қосқан үлестері үшін 26 отбасына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Кейіннен, үлгілі жанұялар атынан аудан басшылығына алғысын жеткізген Есік қаласының тұрғыны Серік Спатаев жас ұрпақты тәрбиелеуде аға буын әрқашан белсенділік танытатындығын айтты. Сонымен қатар, Қаракемер мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерқуат Оңашхан «Рухани жаңғыру» атты өлеңін оқып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ернар Мұқанов, Нұртас Қайратұлы, Құралай Сәбетова сынды жас әншілеріміз әуелете ән салып, көпшіліктің көңілін көтерді.
Сардарбек НҰРАДИН.
8 қараша – статистика күні
Алуа ЕЛЕУСІЗОВА:
Иә, кейіпкеріміз айтқандай, бүгінгі қоғамда
статистика бөлімінің сандарды сөйлетуде рөлі орасан. Себебі, нақты цифрларсыз артық жақ
та аша алмайсыз. Бұл тұрғыда аталған сала
мамандарына артылар жауапкершілік
орасан. Көзжұмбайлық, болмаса салғырттық салдары тұтас қоғамды дүрліктіруге душар етеді. Ауданымыздағы құрамында 13 маманы бар аталмыш бөлімді бүгінде Алуа Серікқызы Елеусізова тізгіндеп отыр. Кәсіби мерекелері қарсаңында бөлім басшысымен біраз әңгімелескен едік... – Құрметті Алуа Серікқызы, небәрі 13 маман ауданның сандық сапасын шығаруға аздық етпей ме?
– Бастапқы жылдары әр ауылдық округтерде 1 маманнан жұмыс істейтін. Әрине, олай бізге жеңілдеу. Әйткенмен, қазіргі уақытта онлайн жүйесі арқылы санақты алып отыру уақыт үнемдеуге, жұмысты жүйелендіруге жол ашты. Сондықтан білікті мамандарымыз бұл жүкті абыройлы арқалап жүр деуге негіз бар.
– Онлайн жүйе деп қалдыңыз, толығырақ түсіндіріп өтсеңіз оқырмандарымызға.
– Онлайн жүйе дегеніміз – интернет желісі арқылы стат есебін жіберу. Яғни, кез келген заңды тұлғалар ай сайын сабылып ауданға келіп, қағаздарын сапырып, есеп берудің қажеті жоқ. Қолы бос кезде, мейлі үйінде болсын есебін бізге электронды түрде толтырып жібере алады. Бұл бізге де оңтайлы. Себебі, ауданымыз үлкен болғандықтан 202 мемлекеттік, 1466 жеке мекемелер, 12536 шаруа қожалықтары, 9589 жеке кәсіпкерлер ай сайын, тоқсан сайын есеп беруі тиіс. Осының барлығын жинақтап, өңдеп салыстырмалы түрде ауданның статистикалық көрсеткіштерін шығарып отырамыз.
– Өзіңіз атаған мекемелердің қаншасы онлайн жүйе арқылы есебін береді?
– Бәрі толық онлайнға көшіп кетті деуге әлі ертерек. Қазіргі уақытта 40 пайызға жуығы заман жетістіктерінің жақсылығын көріп отыр.
– Негізгі жұмыстарыңыз жинақтау және өңдеу екені белгілі. Қазір аудан тұрғын-дарының саны қанша болды?
– Салыстырмалы түрде атасам 2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 294 мың 400 адам нақты ауданымызда тіркелген. Ал осы жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп 297 200-ді көрсетіп отыр. Бұл аудан тұрғындарының саны күн санап өсіп келе жатқандығының айғағы. Ал аргарлы ауданымызда 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 61 млрд 405 млн 700 мың теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Бұл пайызға шаққанда 101,9-ды көрсетеді. Демек, облыс бойынша ауылшаруашылығы өнімінің 13,4 пайызын ауданымыз игеріп отыр деген сөз бұл.
– Аудан статистикасының ашықтығына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Статистика дегеніміз –атқарылған жұмыстың нақты сандық көрсеткіші. Ал оның ашықтығына біз барынша көңіл бөліп отырамыз. Жалпы, әр тоқсан сайын аудандағы статистикалық көрсеткіштерді біз аудан әкімінің ресми сайтына жариялаймыз.
– Өзіңіз басшылық қызметке дейін бұл саланың әрқилы белесінен өтіп шықтыңыз ғой?
– Әрине, алғашқы жылдары Түрген округінде маман боп бастадым. Қысқасы, 12 жыл жетекшіліктен, басшы орынбасарына дейінгі жолды жүріп өттім. Қазір басшы боп отырғаныма 3 жыл.
– Әр 10 жыл сайын халық санағы жүретіні белгілі. Бұндай жауапты сәтке дайындықтарыңыз қалай болады?
Расында, бұл біз үшін өте жауапты сәт. Осы турасында жақында ғана облыста кеңейтілген жиын өтті. Халық санағын 2019 жылдың қараша айына белгілеп отыр. Оған дайындық бір жыл алды жүргізілгендіктен келесі жылдың басынан жұмысымыз күшейеді. 2019 жылы планшеттік жүйе арқылы санақ жүргізіледі деп күтілуде. Бұл дегеніміз, санақшылардың қолына планшеттер беріледі, олардың әрбір азаматпен сөйлесіп тұрғаны жазылып, тікелей Астанадан бақыланып отырады. Заманауи жүйе санақтың анағұрлым сапалы жүргізілуіне мүмкіндік туғызады.
– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге тілегіңіз...
– Жауапты саланың жүгін арқалап жүрген жандарға тек табысты еңбек, асқан жауапкершілік және зор денсаулық тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.