Сенбі, 25 Қараша 2017 20:06

Сана мен сезім, озық дәстүр-ұлттық код негізі

Егер жаңғыру елдің рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар

Мұқағали Мақатаев.


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбымен жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласымен танысып, талқылап жатқанымызға да жеті-сегіз айдың жүзі өтіп кетіпті. Редакциямызға телефон арқылы немесе ауызекі әңгімеде сұрақтар түсіп жатады. «Елбасымыз неге қазіргі кезеңде кесек-кесек бағдарламалар туындатып отырған өзекті мәселені Жолдау немесе басқа да ресми жолмен жеткізбеген халқына деген мазмұнда негізінен бұл сұрақтар. Біріншіден мақала жанарын биліктің шынар биігінің таңдауы – оз ойын, ұстаным ұсынысын қалың бұқараға қазақ халқына, еліміздің барлық тұрғындарына демократиялық жолмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізу жолы деп білу керек. Екіншіден, мақаланың өзегі – ұлттық сананы жаңғырту болғандықтан бұл мәселе ешкімді де – мектептегі ұстаз бен баланы, сол балалардың әке-шешесін, ата-әжесін, қарапайым еңбеккерден бастап биіктегі билік өкілдеріне дейін бей-жай қалдырмау керек.
Кеңестік кезеңде «сананы тұрмыс билейді деген бір жақты материалистік тұрғыдағы ұғым болған. Ал неге сана тұрмысты билеп, қоғамға бағыт бағдар бермеуі керек?!
Н.Ә.Назарбаев өз мақаласының ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тарауын-да бүгінгі күнгі әлемдегі әртүрлі бағыттардағы қатып қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ» дүбірлі дәуіріміздің даму даңғылынан шеткері қалауымыз мүмкін екенін ескертеді. Жиырмасыншы ғысырдағы батыстық даму жолының бүгінгі заман талабына сай келмеуінің сырын зерделеп, сол батыстық үлгілерді еріктен тысқары, ұлттық сана-сезімді ескермей түгелдей бір қалыпқа салуға ұмтылудың салдары екенін де ұғынықты түрде түсіндіреді. Мысалы әлемдік экономикалық көшбасшылар қатарындағы Жапон, Оңтүстік Корея елдерін алайық. Дәстүр-салттарына, ұлттық код деген ұғымдағы ата-бабаларынан келе жатқан рухани жадыларына ерекше мұқият қарайтын халықтар екенін білеміз сол елдердің тұрғындарының. «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса ол адасуға бастайды» – дейді Н.Назарбаев сана туралы тараудағы ойларымен бөлісе отырып. Сонымен, қарапайым тілмен айтқанда рухани жаңғыруымыздың жолы қандай? Ұлттық сана, ұлттық код деген терминдерді қалай түсінеміз, тағы басқа сұрақтарды талдай отырып, оқырман ой бөлісуге бағытталған мақалалар циклын бастай отырып, жалаң хабардан танымдық-талдау жолына шақырамыз көзі қарақты оқырмандарымызды.
«Саналы азамат екен дейміз мінезіне ақылы сай ізетті, ізгі адамға мінездеме бергенде. «Санасыз, тоғышар, топас, дөрекі, дөкір» – деп те жерден алып, жерге салып сөгеміз жаман әдетке жақын тұрған, әдепсіздікке бой ұрған замандастарымызды. Сана-сезімі терең, таным-білімі таяз ұғымдары тағы бар. Тұрмыстық деңгейдегі сана ұғымы қалыптасқан әдет-ғұрыпты сақтаудан басталады десек қателеспейміз. Менің кеңес кезеңінде биік деңгейдегі қызметте болған жақсы танысым, жерлесім оңтүстік облысқа қызмет бабымен ауысқанда екі нәрсеге таң қалғанын жырдай қылып айтып берген еді. Көшіп келген бетте үй-жайды реттеп алмай қызмет бабы келіспейтіні белгілі. Көмекшілерім жеке «особняк» іздестіргеніне қарамай көп пәтерлі үйден кеңірек жұмыс кабинетін жасай алатын пәтер қарастыруын өтініп, көп ұзамай екінші қабаттан төрт бөлмелі пәтердің кілтіне ие болдым. Көршілеріммен танысып, үй төңірегін көрейін деген оймен бес қабатты ғимаратты айналып келе жатсам төрт кіреберіс (подъезд) бірыңғай қарап тұр да, бесіншісі сыртқа қарап бөлектеніп тұр екен. Осы үйде тұратын ақ сақалды қария кездесіп, содан мына бөлек сыртқа қаратып салынған кіре берістің сыры неде деп сұрадым. Ақсақал көзін шарасынан шығара дөңгелетіп: «Ойбай білмейтін бе едіңіз – бұл үйде дәу бастық тұрады. Қарапайым халықпен қатар подъезден бірге шығып-кіре алмаймын деп кіреберісті теріс қаратып салғызған сол кісі, байқаңыз ол кісі елмен амандас-пай өте шығатын өте тәкаппар жан, –дейді әлгі көршім. «Япырмай осы өңірге бірінші басшы етіп мені жіберіп еді, менен де дәу кім екен бұл деп ертесіне планерка жиынында бәленінші үйдің бесінші подъезінде тұратын кім екен, орныңыздан тұрыңызшы деп өтіндім. «Менмін» – деп тәпелтек бойлы қарны қабақтай, беті табақтай дегендей кеше ғана танысқан бөлім басшысы орнынан тұрды. Олай болса көршілеріңмен ең болмаса сәлемдесуден қашып, теріс қаратып салған кіреберіс подъезіңді оңға бұрып екі күннен кейін маған баянда деп бұйырдым қоластымдағы «дәу» бастыққа, – деп күлді Ерекең ағам.
Екіншіден таң қалдырғаны сол көп қабатты үйдің ересектерімен сәлемдесумен қатар кіп-кішкентай жөргектен жаңа арылған тәмпіш мұрнын тартып қойып «ассалау» деп қолын созған көрші балалармен сәлемдесу дағдыға айналды. Бұрынғы қызмет еткен орыс тұрғындары басым өңірде бұндай әдет жоғалып кеткендей еді, – деп ағынан жарылып еді Ерекең жерлесім.
Ұлттық санамызда, дәстүрімізде, ең бастысы, дінімізде сәлем беруге аса назар аударылады. Ізгі ниетті адамды қазағым «Сәлемі түзу азамат» дейді. Сәлем беріп үйге кіріп келген бейтаныс жолаушыға да қазақ «Сәлемші болсаң төрге шық! деп алдына барын жайып салады. Үлкенді сыйлау, иіліп сәлем беру сау-саламаттығын сұрап, тілегін айту жөнінде де сол Ерекең басшының үлгісінен бір көрініс келтіре кетейін. Шаруашылық басшысы өз кәсіпорнымен бүге-шігесіне дейін таныстырып болып, Ерекеңе, ертіп келген қосшы көмекшілері мен журналист тілшілеріне қоғамдық тамақтану орны жоқ екенін, сондықтан өз үйінде дастарқан жайып қойғанын айтып, түскі асқа шақырды Отбасы мүшелерімен танысып сәлемдесіп болғанан кейін Ерекең жан жағын бажайлап қарап алып үй иесінен: «Отбасында қария бар ау, шамасы, таяғын көріп отырмын. Ол кісі қайда? – деп сұрады. Күмілжіп қалған шаруашылық басшысы:» – Сексенге келген әкем бар, үйге қонақтар келетін болған соң өз бөлмеңнен шықпай күте тұр кісілер кеткенше, деп отырғызып қойып едім, – дегенде Ерекең кейіген кейіппен «Үлкенге сәлем бергеннің не айыбы бар, сәлемдеспеу күнә, – деп орнынан тұрып қарияның бөлмесіне бет қойды. Сәлемдесіп, өмір көрген өнегелі қариямен біршама әңгімелескеннен кейін Ерекең дастарханға бірге отыруын өтінді. Ақсақал асқа бата беріп дәм татқаннан соң «Балаларым, өмірлерің біте қайнасып, бірге жүрсіңдер, әңгіме өзегі де өздеріңше өзгеше, маған рұқсат беріңіздер, – деп рахметін айтып тұрып кетті. Міне сәлем беру жолын ұстай білген адамның жөні осы дейміз.
Санадан бастаған жаңғыру жолын жаңғырта бермей-ақ күнделікті өмірдегі қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты да дұрыс сақтай алмай жүргенімізді де қозғай кеткенді жөн көрдім.
Қазақта «қайыр» деген сөз бар. «Қайырлы таң» деп бас-таймыз әр күнімізді, қайырлы күн деп күндіз сәлемдессек, «қайырлы кеш, қайырлы түн болсын» деп тәулік соңында қоштасамыз. Алладан не берсең де қайырымен бер деп тілейміз. Еліміздің орталық, батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік өңірлерінде жаңа баспана, көлік алғандарға, келін түсіріп той-томалақ болғанда. «Қуаныш қайырлы болсын» деп айтып жатады. Өмір бар жерде өлім бар дегендей қаралы үйге көңіл айта келгенде «Қазаның қайырын берсін, арты қайырлы болсын, – деп толықтап, анықтап айтады ғой. Ол жоқ, кейбір асығып-аптығып жүретін азаматтарымыз: қазалы үйге, қаралы адамдарға қарап: «Қайырлы болсын» деп қысқа қайырғанда құттықтап тұр ма, көңіл айтып тұр ма деп аңырып қалып жүрдім алғашында. Сөз білмеген сөздің құнын кетіреді – деген осы да.
Сана – сөзден басталады, үлгі өнегемен жалғасады. Өмірімнің біраз бөлігі Есікті қаламыздың екінші шағын ауданында көппәтерлі үйде өтті. Бес қабатты төрт-бес үйдің ортасындағы ауласы кең: бір бұрышы кір жаюға арналған алаң, тағы бір бөлігі балалардың ойын аланы да, дәл ортасына зейнетке шыққан қарияларға әдейі арналғандай жасыл желектің көлеңкесіне орындықтар мен үстел орнатылған екен. Күнде таңсәріде бұл ауладағы әр жасқа арналған кірін жуып, киімін кептіретін жердегі алаңдар бос тұрады да түс әлетінде, түскі үзілістен кейін, кешке дейін ауланың ортасындағы орындықтарға зейнеткер жасындағы жасамыс жандар алғашында дойбы, домино, шахмат дегендей «бейбіт» ойындар ойнап жүрді. Кейін келе байқасам сол ойыншылар «домино-дойбыдан» гөрі «серъезный» – картаға көшіп алыпты. Әрі-бері өтіп жүргенде көп аңғара бермейді екенмін орталарында сыра шишалары да одан мықты ішімдіктер де тұратын болыпты. Алғашында араласпадым «қариялардың» бұл «қарекетіне». Жаздың бір жаймашуақ кешінде жұмыстан ертерек оралып ауланы кесіп өте бергенде «қариялар бұрышындағы» шаң-шұңның үстінен шықтым. Мәселенің мәнісі сыра-шараптың буына әбден «піскен» қария-сымақтарымыз картаға ұтыс ойнап отырып, келіспей қалған көрінеді. Тыңдап тұрсам «ауыздарынан ақ ит кіріп, қара ит шықты» дегендей қазақша «әкең-атаң» деген боқтық сөздер мен орысша «мат»-былапыттар араласып жаға жыртысуға дейін барып қалыпты. Сақалынан алысар еді қазіргі қарттарда «сақал модасы» жоқ. Бұл ойыншы зейнеткерлерді түгеліндей танушы едім ортаға түсіп, сабырға шақырып, әдеп сақтауды өтініп едім «Сенің бізде не шатағың бар жөніңе кет деген сөздерді және өрескел орысша сөзді естіп» дағдарып тұрғанда абырой болғанда сол ауладағы бес қабатты бес үйдің егде жастағы он шақты әжелері шықты алаңға. Шыдамның де шегі бар дегендей зейнеткер шалдардың өрескел «тірліктеріне» тойып болған әжелерге қарташылардың жанжалы бас көтеріп, қарсылық көтеруге себеп болды.
– Ішімдік ішіп, карта ойнағанша немерелеріңді тәрбиелесеңші, – дейді бір әже. Екіншісі:
– Енді бұл жерде сыра ішіп, темекі тартсаңдар, учаскелік полицияны шақырамыз,– дейді. Ал үшінші әже:
– Анау кір жайып, балаларын ертіп жүрген келіндерден ұялсаңдаршы,–деп көзге шұқығандай шырылдаған шындықты жайып салды сыра-шараптан көздерін шел басқан шалдардың алдында ашулы әжелер.
Сонымен басбұзар-бұзақы шалдардың карта ойындары да, аулада отырып арақ-шарап ішуі де сап тиылды бұл мөлтек ауданның мөлтек ауласында. Бұл жерден қаланың басқа аумағына көшіп кеткелі көп жылдар өтті. Әрине, сондағы «шалдар шатағын» әсерлеңкіреп суреттеген болармын. Бірақ бұл жерде айтпағым, кеңес кезеңінде де кейінгі кезде де, сол қоғамның жуан ортасынан шыққан шал-шауқандарың қазақтың немерелерін тәрбиелеу, оларды еңбекке баулу, ерлікке елсүйгіштікке бағытталған ертегі-аңыздар, әдеби кітаптар оқыту деген ұғымнан ада ұрпақ десем қателеспеген болар едім. Неліктен еліміздің экономикалық дамуынан, халықаралық қатынастар мен әлемдегі бейбітшілік мәселелерінен қолы босамай ат үстінде, самолет ұшақ салонында дамылсыз жолда жүрген Елбасымыз қолына қалам алып рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отыр?! Ұлтымыздың ұнамды салт-дәстүрін сақтап, ұнамсыз әдеттен аулақ болсақ дейді Президент. Шетелдердің тілін біліп, ілімін, ғылымын игерсек, – кәсібімізді дамытып «өз нанымызды өзіміз жеп, артылғанын экспорттасақ, – дейді Елбасымыз. Шетел мәдениетінің бәрін де таңсық деп елімізге тасымалдай бермей ұлттық кодымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтасақ дейді «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында Нұрсұлтан Нзарбаев. Міне, сондықтан,сөз басы сәлемнен басталады дегендей ұлтымызға тән сәлемдесу тәртібінен, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін саналы ата, әже де бола білу мәселесінен бастап отырмыз ашық әңгіме циклын. Әркім өзінен бастаса әдепті, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді ұстанса сонда ғана адасудан айығып ел болу жолына түсе аламыз.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ.

Оқылды 2103 рет

Кескіндер галлереясы

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет