Жақында Астана қаласының 20 жылдығына орай «Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы» және Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бірлесе ұйымдастырумен Бәйтерек ауылындағы Бәйтерек және
Әл-Фараби орта мектептерінің спорт залында атындағы қыздар арасында волейболдан аудандық жарыс өтті.
Жарыс шымылдығы мем-лекеттік Гимнмен ашылды. Алғашқы құттықтау сөз «Еңбе-шіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының» бас кеңесшісі Сұлтан Тойғанбайға беріліп, ол өз сөзінде спортшылар мен жиналғандарды келе жатқан Астана қаласының 20 жылдық мерекесімен құттықтады.
– Бұл шара Елбасының сарабдал, салиқалы саясатын қолдау, бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деп атап өтті.
Бұдан соң бас төреші Бәйтерек орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрболат Байзақов жарыстың өту барысын, шарттарын түсін-діріп, алдын-ала тартылған жеребе арқылы ойын ретін белгіледі.
Жарысқа «ЕГЭК», «Бәй-терек», «Әл-Фараби», «Қазақ-стан», «Толқын», «Көлді», «Масақ», «Бәйдібек би», «Қара-кемер», «Жаңашар», «Балтабай», «Рахат» т.б. жалпы саны 12 команда қатысып, 2 топқа бөлініп өнер көрсетті. Бірінші топ Бәйтерек мектебінде, екінші топ Әл-Фараби атындағы орта мектебінде сынға түсті.
Жүлделі орындарға талас Бәйтерек мектебінде жалғасты. Өте тартысты өткен дода нәтижесінде ІІІ орын Бәйтерек ауылдық округінен «Бәйтерек» құрама командасына бұйырды. ІІ орынды «Балтабай» командасы, жүлделі І орынды Есік қаласының «ЕГЭК» құрама командасы жеңіп алды. Жүлдегерлер дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы.
***
Жуырда Есік қаласындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен командалық ойындар федерациясының ұйымдастыруымен 2007-2008 жылғы жеткіншектер арасында шағын футболдан аудандық біріншілік өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Сарабеков, спорт ардагері Рафик Наргилов, аудандық ойын федерациясының басшысы Артем Троян қатысушыларды спорттың маңызын терең ұғынуға және осы қарқыннан таймай үздіксіз шұғылдануға шақырып, командаларға сәттілік тіледі.
Жалпы 12 команда қатысқан біріншілікте Азат орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асқар Фазылов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Кирилл Коробов төрелік етті. Турнирдің нәтижесінде Алмалы ауылының И.Шорманов атындағы орта мектебінің «Шорманов» командасы ІІІ орынды иеленді. «Ирбис ФОК» ІІ орынды және Ташкенсаз ауылдық округінен қатысқан «Ташкенсаз» құрамасы жүлделі І орынды қанжығаларына байлады. Жеңімпаздар алғыс хаттармен, кубокпен марапатталды.
Зина ЕРЛЕНОВА.
Өткен аптаның қасиетті жұмасында Көктөбе ауылындағы мешіттің жанынан асхана ашылды. Кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары болып қолға алған игі шараның тұсаукесеріне «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы, ауданның құрметті азаматы Хайролла Ахметжанов, ауданның бас имамы Сапархан Төреқұлов, округ әкімі Болат Жасыбаев, ауыл имамдары мен жергілікті тұрғындар келді.
Жиылған көпшілік үшін жайылған ақ дастархан басында құран оқылып, түрлі тағылымды әңгімелер айтылды. Көктөбеліктерді қуаныштарымен құттықтаған Хайролла Ахметжанов кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Округ әкімі Болат Жасыбаев асхананы салуда көмек қолын созған азаматтардың иығына шапан жапты. Ауданның бас имамы уағыз айтып, асыл дінімізде жақсылық жасау – әр мұсылманның міндеті екендігін жеткізді.
– Осыдан бір жыл бұрын қасиетті Рамазан айында ауылымызда ауызашар бердік. Өкінішке орай, сол күні ауа-райы бұзылып, жаңбыр жауып, ауызашарымыздың берекесін кетірді. Содан ауыл тұрғындарымен ақылдасып мешіттің жанынан асхана салуды ұйғардық – дейді ғимараттың негізгі демеушілері, кәсіпкерлер Дулат Юсупов пен Берік Сыдықов. Алдымен кәсіпкерлер жеке меншікте болған жерді сатып алған. Кейіннен, сол жерге шатыр жасауды ғана жоспарлаған. «Көп түкірсе – көл» – деп бекер айтылмаса керек. Тұрғындар аталған кәсіпкерлермен ақылдаса келіп, асхана салуды бастап кеткен. Сыйымдылығы 350 адам болатын нысанның құрылысына 25 млн теңге жуық қаржы жұмсалған. Оның 5 млн теңгеге жуығын ауыл тұрғындары жинап берген. Қалған шығынды Дулат Юсупов пен Берік Сыдықов мойындарына алған.
Қуанышқа басқосқан ауыл тұрғындары жомарт жандарға алғыстарын білдіріп, сый-сияпаттарын ұсынды.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін...
Осы өлең шумақтарымен жау құрсауында жатқан ленинградтық батырларға күш-жігер берген Жамбыл Жабаевтың есімі әлемге әйгілі. Әсіресе, «Ленинградцы, дети мои» өлеңінің авторы «Джамбул» ретінде танитын кеңес халқы қарт Жамбылды қадір тұтқан. Қазіргі таңда да, жыл алыбының өлеңдері жастарды тәрбиелеуде таптырмас құрал. Қыстың соңғы күні, яғни, 28 ақпан қазақ жыраулық өнерінің алыбы, айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың туылған күні. Ақынның 172 жылдығын аудан тұрғындары атаусыз қалдырмады.
Есік қаласындағы Жамбыл атындағы жастар саябағында ақынның ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Шараға аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, ауданның құрметті азаматтары, қала тұрғындары мен жастар қатысты. Жиында сөз сөйлеген Бекет Төлегенұлы Жамбылдың рухты өлеңдеріне тоқталып, барша қазақ халқының мақтанышы екендігін айтты. Шаяхмет Құсайынұлы, Даубай Әбдісаев сынды ақындарымыз арнау өлеңдерін оқыды. Жиылған қауым ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.
С.НҰРАДИН.
Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады.
Құрметті қазақстандықтар!
Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар. Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сонымен бірге, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйелдерімізді де мерекесімен наурыз айында құттықтаймыз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған. Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды. Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді. Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда. Жақсылықты жадында сақтай білген елдің рухы қашан да биік. Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Мен этно-мәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін. Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын. Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді. Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс. Жаңа ұсыныстардың маңыздылығын ескеріп, мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым. Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз. Қымбатты достар! Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз. Мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын ұсынамын. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады! Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд. Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым. Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді. Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді. Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президенттің бес бастамасы – осы. Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын. Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін. Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады. Құрметті отандастар! Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймын. Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспек. Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз. Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін. Ардақты ағайын! Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген. Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы! «Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида. Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан. Қазақтың осынау 3 ханы – ел тарихындағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі. Сонымен бірге, алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер де аз емес. Бұл да – тарихтың ащы сабағы. «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде. Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді. Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық! Іске сәт!
Толығырақ: https://egemen.kz/article/165743-nursultan-nazarbaevtynh-prezidenttinh-bes-aleumettik-bastamasy-atty-khalyqqa-undeui
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!
Ұлттың ұлттық болмысын айшықтап, халықтың сана-сезімін, таным-түсінігін паш ететін, мемлекеттің әлем алдындағы мәртебесін асыратын бірден-бір құбылыс – елдің мәдениеті. Ақпараттар тасқынының қаттылығынан мәдениеттер тоғысып, салт-сана мен болмыс-бітім біте қайнасып кеткен бүгінгі заманда барлық ұлттың өз ұлттық мәдени мұраларын, рухани құндылықтарын сақтап қалуға, оны жаңғыртып, барынша жарқыратып, әлемге паш етуге деген зор ұмтылысы байқалады.
Егемендік алғаннан кейін «алдымен – экономика, содан соң – саясат» деп ұрандатқан еліміз, енді міне, араға ширек ғасыр салып, жаңғырудың үшінші кезеңі – рухани жаңғыру жылдарына да жетті. Саяси-экономикалық реформалардың рухани жаңғырусыз толыққанды болмайтынын айтқан Елбасымыз бұл тарихи кезеңнің бүгін ғана басталып отырмағанын тілге тиек еткен еді. Расында, елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елдерде Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау мақсатында басталып, кейіннен бүтін бір елдің стратегиялық ұлттық жобасына айналып кеткен «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің мәдениет саласына әу бастан-ақ ерекше назар қойғанының бір дәлелі. «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған 2004 жылдан бері қыруар жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, 2014 жылы мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру мақсатында Елбасымыздың тапсырмасымен ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Саланың даму бағытын айқындауда темірқазық іспетті болған тұжырымдама қабылданғалы да біршама оң өзгерістер болды. Екі кезеңге бөліп жүзеге асыру көзделген тұжырымдаманың 2015-2019 жылдарға арналған бірінші кезеңінде тұжырымдаманы толық жүзеге асырудың алғышарттары жасала бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы халық алдында берген есебінде соңғы екі жылда 160 құқықтық-нормативтік акті дайындалып, «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Лотореялар және лоторея қызметі туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заңдарына өзгерістер енгізілгенін айтты. «Осы өзгерістердің арқасында салада қордаланған көптеген мәселелер шешімін табуда», – деді министр.
Әрине, бір ғана министр есебі бүтін бір саланың бет-бейнесіне анықтауыш бола алмас. Десе де, соңғы жылдары мәдени саланың едәуір алға жылжып, ел өмірінде елеулі орынға ие бола бастағаны шындық. Халық болып күтіп, тілеуін тілеген «Қазақ Елі», «Алмас қылыш» фильмдері соңында көрермен қауымнан оң баға алды. «Анаға апарар жол», «28 Панфиловшылар» тәрізді патриотизм мен жоғары адами құндылықтарды дәріптейтін салмақты фильмдер отандық кинематографияның жаңа бір сатыға көтерілгенін айғақтайтындай. Ұлттық әдебиетті дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет елімізде көркем шығарма авторларына қаламақы төлеу мәселесі заң жүзінде реттелді. Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлерін басып шығару ісінде министрліктен арнайы комиссия құрылып, шығармаларды іріктейтін болады. Бұл да Тәуелсіздік алғаннан бері қалам ұстаған қауымды толғандырған, түйіні шешілмей келе жатқан мәселе болатын. Елдің мәдени өмірінде елең еткізер тағы бір жаңалық мәдени-туристік кластерлерді дамыту бағытында болып отыр. Тұжырымдамада бұл туралы нақты міндеттер көрсетілген. Сакральді туризмді дамыту мақсатында Ұлттық музейдің жанынан Қазақстанның тұтас аумағындағы ескерткіш орындардың бірыңғай желісін зерттеу және қалыптастыру, Сакральдық объектілердің картасын әзірлеу бойынша «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
Мәдени саладағы осы тәріздес басты жаңалықтардан бөлек, театр, мұражай, кітапхана ісі, ұлттық музыка, сурет, бейнелеу өнері тәрізді салаларда да қызу жұмыс, қайнаған тіршілік. Мұражайларды барынша ұлттық мәдени мұралармен толықтырып, заманға сай жабдықтап, үлкен ағарту орындарына айналдыру ісі, кітапхана қорын молайтып, электронды форматқа түгелдей көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көптеген жәйттердің басын ашып көрсетті. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді Елбасымыз. Өркениет көшінен қалмайын, заманымнан ұтылмайын деген саналы қазақтың алдында жаңа заманға сай бәсекеге қабілетті маман болумен бірге, түптамырға оралып, өз рухани әлемін ұлттық құндылықтарымен толтыру қажеттілігі тұр. Дәстүрлі музыканы қолдаудағы айтулы істердің бірі – Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы болды. Қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен ашылған театр дәстүрлі өнер өкілдерінің қарашаңырағына айналып, халыққа дәстүрлі ән, жыр-терме мен күй, айтыс өнері тәрізді сап өнерден рухани сусындауға жағдай жасалды.
Ал ауданымызға келсек, былтырғы жылы аудандық мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, мәдениет ордасына ақын Тұманбай Молдағалиевтің есімі берілді. Есік қаласындағы жастар саябағына Жамбыл Жабаевтың есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Нұра ауылында қоғам қайраткері Сағыныш Есбергеновтың ескерткіші ашылды. Ономастика саласында да айтарлықтай оң өзгерістер жүзеге асырылуда. Биыл бірінші тоқсанның аяғына дейін кеңестік идеологияны насихаттайтын және ескірген 350 көшенің, Май, Лавар, Космос, Казатком ауылдарының атауын тарихи-жер су атауларына ауыстыру міндеті қойылыпты. Қазіргі уақытта облыстық ономастикалық комиссиясына – төрт, аудан әкіміне – сегіз ұсыныс жолданған. Аудандық кітапхана мен 15 ауылдық кітапхана оқырмандардың сұранасына сай қызмет көрсетуде. Осы орайда бір айта кетерлігі, ауданымызда, Есік қаласында заман талабына лайықты кітап дүкенінің жоқтығы. Қазіргі уақытта сәнге айналған, еліміз және әлем бойынша сатылымда алдыңғы қатарда тұрған түрлі мотивациялық, бизнес-психологиялық кітаптардың аудан тұрғындарын да қызықтыратыны сөзсіз. Ауданда кем дегенде бір кітап дүкені болып, онда ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кітаптар сатылғанда тұрғындарымыздың рухани азық алуына тағы бір қолайлы мүмкіндік болар еді.
Жоғарыда аталған жақсы істердің бәрі, әрине, еліміздің мәдени өмірінде болып жатқан тың серпілістің бір парасы ғана. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарапынан мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау осындай мысалдардан айқын көрінеді. Бұл серпіліс ұзағынан болып, тұжырымдамада көрсетілген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылған сайын, ұлттық мұра жауһарларының төрткүл дүниені тамсандырып, әлемдік мұралардың қатарынан орын алуына мүмкіндіктер ашыла бермек.
Нұрбану КАМАЛ.
«Үш күндігін ойлаған әйел ақылды, үш жылдығын ойлаған еркек көреген, үш ғасырын ойлаған көсем кемеңгер» дейді дана халқымыз. Көзін көкжиекке қадаған, даңқы шартарапқа тараған, елінің қабағына қараған, ұлт тағдырын өз тағдырына балаған Елбасы тағы бір жылдың жоспарын жүйелеп берді. Жауапты да сауапты Жолдауды жүзеге асыру мақсатында жер-жерлерде жұмыс басталып та кетті. Атты да болдыртпай, арбаны да аман сақтап қалудың жолдары қарастырылуда. Себебі, міндет ауыр, жол шалғай. Осы мақсатта 15 қаңтарда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жолдауды орындау жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Видео-конференцияға әр аудан толық көз тікті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы келелі жиынға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, әкім орынбасарлары, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Иә, дәуірлер бойы тәуелсіздікке талпынған, ұлт болуға ұмтылған, азаттыққа алқынған, жауына қылыш сермеген, досын жолда қалдырып көрмеген, малын жанына, жанын арына құрбан еткен қабырғалы халық шаңырақ көтерді. Еңсесін тіктеді. Аз ғана уақытта тамырымыз болмысымызбен үнсіз үйлесіп, табиғат тылсымымен үндесті. Дархан көңіліміз, көлдей пейіліміз, қысқа қайырсақ, шығыстың реңі, батыстың сілемі, бәр-бәрі – ұлт болып ұйысқан қазақтың тілегі. Енді міне, Бауыржан Момышұлының: «Екі сырттан қанға батып таласса, қарақұсқа жем болады» ескертпесін есте ұстап, Асан қайғының «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа» дейтін өсиетін қасиеттей сезініп, алға жылжуды тапсырды Елбасы дәстүрлі Жолдауында. Шоқанның «Халық кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» дегенін тағы да бас-ты ұстаным етті. Сөйтіп, 10 бағыт бойынша нақты тапсырмасын берді Көшбасшымыз. Жолдаудың әр жолында жүгенсіздікке жол берілмейтіндігі, кесіп айтылды, түбірімен шешіп айтылды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп айдар таққан Жолдауды түсіндіріп, нақты міндеттемелер жүктеген облыс әкімі Амандық Баталовтың сөзінен кейін бірқатар азаматтар үн қосты. Кейіннен аудан басшысы Бинәлі Ысқақ іргелі өңіріміздің он бағыт бойынша атқаратын жұмыстары хақында мінберден сөз алды.
– Баршаңызға мәлім, Елбасы Нұр-сұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылдың 10 қаңтарында – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» – атты халқына Жолдауын жариялады.
Төртінші өнеркәсіптік революция бүгін адам өмірінің әр тармағына цифрлық технологияларды енгізуді міндеттеп отыр. Бұл – заман талабы. Он бағытты талдасақ, бірінші – инновацияларды енгізуді күн тәртібіне қойып отыр Елбасы. Бұл мәселе бойынша біз бес жыл алды жұмыс істей бастадық. Осыдан бес жыл бұрын «Адал» агроөнеркәсіп кешені 2,5 млрд теңгеге заманауи құрылғыларды әкелді. Нәтижесінде, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуден республикадағы кәсіпорындар ішінен үздік үштікке кіріп отыр. Заманауи озық технологияларды енгізу нәтижесінде 2011 жылы 17 млрд теңгенің өнімін өндірсек, 2017 жылды 35 млрд теңгемен аяқтап отырмыз. Сонымен қатар жемістерді сақтайтын қоймаларымыздың өзі заманауи үлгіде. Тіпті, уақыты жеткен өнімдердің өзін далаға тастамай, қайта өңдейтін арнайы құралдарды да сапалы игеруде. Әрине, бұл біздің бірінші баспалдағымыз. Енді осы Жолдау тағы да үлкен жетістіктерге жол ашпақ.
Екінші – «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Бұл бағытта ауданымыздың табиғи басымдықтарын оңтайлы пайдалануымыз керек. «Бұл тұста, заман талабына сай өзгерістер ағынымен біз де – «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырып, 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізуіміз қажет» деп астын сызып атады Президент. Ал бүгінде бізде 7 жел электр стансасы тестік режимде жұмыс істеп тұр. Есіктің жоғарғы жағында төртінші су электр стансасының құрылысы аяқталуға жақын. Түргендегі су электр стансасы іске қосылды. Биылдан бастап Шелек өзенінің бойында қуаттылығы 100 мегаватт болатын 4 су электр стансасының құрылысы басталады. Қуаттылығы 200 мегаватт беретін күн электр стансасының құрылғылары да қойылады осы көктемде. Бұл дегеніміз екі-үш жылда ауданда 300-500 мегаватқа дейін электр энергиясы өндіріледі деген сөз. Ауданымыз бүгінде бар болғаны 25 мегаватт қолданады. Демек, болашақта осы бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінеміз.
Үшінші – «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Иә, өндірісті ғылыммен ұштастыруда үздіксіз еңбектеніп келеміз. 2011 жылы 38 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімін өндірген болатынбыз. Жылды 87 млрд теңгемен тәмамдадық. Бұған жақын келетін республикада аудан жоқ. Бұл жоғарыда атаған ғылым мен жаңа технологиялардың жетістігі.
Интенсивті технологиямен суарылатын алмабақ көлемі 900 гектардан асты. Ендігі мақсат – голландық технологиялармен өнім өндіретін жылыжайлар салу. Сондай-ақ, оңтүстік Кореяның ең соңғы ғылыми жетістігі саналған технологияларды жылыжайларымызға енгізу. Бұл үшін ауданды газдандыру маңызды еді. Ол да жүзеге асты. Сондықтан «Ақылды технологияларды» үздіксіз енгізуге енді кедергі жоқ.
Төртінші – көлік-логистика инфрақұ-рылымының тиімділігін арттыру. Бұл бағытта жұмыстар биыл да қарқынды жүргізілетін болады. «Есік-Әймен-Қыр-балтабай», Аваттан Космосқа дейінгі, Түрген-Қаракемер-Бәдібек биге дейінгі және одан әрі Казаткомға баратын жолдарды ретке келтіруіміз керек. Сол сияқты Таусүгірден Құлжа күре жолына дейінгі үлкен жолдарды жөндеуіміз қажет.
Бесінші – құрылысқа және коммунал-дық секторға заманауи технологиялар-ды енгізу. Ашығын айту керек, құрылыс-тарды жоспарлаған кезде бірқатар кемшіліктер жіберіліп жатыр. Сондықтан құрылыс бөлімі, архитектура бөлімі бұл бағыттарда үздіксіз ізденісте болуы керек. Мысалы, сау адамды ауру қылатын Қазақстандағы, Ташкенсаздағы, Азатта-ғы амбулаторияларға көңілім толмайды. Екі қабатты ғимараттың онда керегі қанша? Мәселен, Таусүгірдегі амбулатория қандай тамаша салынды. Бір қабатты ғимаратқа бәрі сыйып тұр. Емделушілерге де ыңғайлы жағдай жасалған. Ендігі кезекте жауапты бөлім басшыларына жоба әзірлегенде өте мұқият болуды тапсырамын. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуде 88 пайызға жетіп отырмыз. Бұл жұмыстарды да жүйелі жоспарға сәйкес жүргізе беретін боламыз. Себебі, Жолдауда орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге республикада 100 млрд теңге қарастырылып отыр деп ашық айтты Елбасы.
Алтыншы – қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Қарапайым азаматтардың мүддесін ескеру арқылы, қаржы секторының жүйесін қайта қарау, несиелендіруді кеңейту және қор нарықтарын дамытуды қамтамасыз етуді талап етеді.
Жетінші – адами капитал – жаңғыру негізі. Бұл негізгі бағыт.Ең алдымен, білім берудің – жаңа сапасын қалыптас-тыру. IT-білімді, гуманитарлық және математикалық бағыттағы кадр дайын-дығына баса назар аудару керек.
Жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлардан құрылған – білім жүйесінің жаңа мазмұның енгізу міндеті белгіленді.
Осы тұста, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізу.
Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу арқылы болашақта толық қамтылуын ұйымдастырып, жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгерген жастарды тәрбиелеу.
Заманына қарай жас буынды тәр-биелеу мақсатында 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен екіжақты келісімге келіп отырмыз. Ауданымыздағы 86 мектеп заманауи білімнің тәжірибе алаңына айналатын болады.
Ауданымызда 6-7 колледж жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 60 жылдық тарихы бар Есік гуманитарлық-экономи-калық колледжінен басқасы заман талабына сай дәріс беріп отыр деп айта алмаймын. 2,5 млрд теңгеге салынған Қаракемер кәсіптік колледжі шаштаразшы, болмаса аспазшы дайындап жатыр ма? Біз оны сол үшін салдық па? Бізде қазір жел, су, күн электр стансалары салынып жатыр, газ келді. Жақын жылдары осы бағытты білетін мыңдаған маманға тәуелді боп қаламыз. Неге осы бастан қолжетімді мамандарды даярламасқа?
Шелек өңірінен 237 гектар, Ақшиден 100 гектар жерге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізуге қаржы сұрап отырмыз. Себебі, аудан бойынша 17 мың адам жер алуға кезекте тұр. Мұның бәрі де адами капиталдың сапасын арттыруға өзіндік ықпалын тигізеді.
Сегізінші – тиімді мемлекеттік басқару.
Мемлекеттік әкімшілендіру кезін-де кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланыс-ты жұмыстар жалғасын табады. Бұл тұста, бизнесті реттеуге бағытталған заң қабылданып, бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакеті дайындалады.
«Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыру енгізіледі.
Мемлекеттік органдардың ақпарат-тық жүйелерінің интеграциясы үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшу процесін және нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдану жүйесіне өту жұмысы ұйымдастырылады.
Бұл өз кезегінде, тұтынушыға бағдар принципіне негізделіп, мемлекеттік қызмет ұйымдарындағы қажетті мекемелердің бірігіп, факторлық – балдық шкала бойынша мемлекеттік қызметшілердің бағаланып, тиісті жалақасын алуға мүмкіндік береді.
Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде ал, 2020 жылдан бастап барлық елді мекендерде күшіне енетін, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заңы негізінде, Сіздер бүгін, 4 деңгейдегі бюджетте жұмыстарыңызды бастап кеттіңіздер.
Осы нормалардың өзгеруі - салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрін, сондай-ақ шығындардың 19 бағытын ауыл бюджетіне беруді көздейді.
Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді.
Тоғызыншы – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Жемқорлықтың алдын алу бағытында да цифрландыру жүйесі енгізіледі – яғни мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасына электрондық бақылау орнатылады.
Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап ала алады.
Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелер енгізілетін болады.
Оныншы – «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
Бұл бағыт бойынша Астана, Алматы я болмаса, Талдықорған ғана дамысын деген сөз емес бұл. Қалаға бергісіз елді-мекендеріміз қаншама. Бәрі де өз ретімен дамуға бет алатын болады.
Дегенмен, 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Еуразияның ортасында қалыптасқан бұл қаламыз – баршамыздың ортақ мақтанышымыз.
Астана қаласының тәжірибесі негі-зінде заманауи технологияларды қолдана отырып, жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге ұмтылуымыз қажет. Бұл тұста, «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.
Себебі, кез келген адам, өз-өзіне жұмыс істейтін, тұруға қолайлы қалаға бет алады. Осы ретте біз, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек.
«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың жоспары – инновацияны тарату, тұр-ғындардың тұрмыс сапасын арттыру арқылы еліміздің қалаларын күн-күнге дамитын локомотивтерге айналдырады.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерінде» аталған 10 бағыт – әр саланы қамтыған, дамыған елдердің қатарына қосылатын жаңа бағыттарды ұсынды. «Еңбегіне қарай – өнбегі» дейді халық даналығы Елбасының жаһандық даму жолына бет түзеген тәуелсіз еліміздің қуатты да, шуақты ұлысқа айналуы мақсатындағы, ел игілігі жолындағы міндеттерді бірге жүзеге асырайық, – деп қорытты ойын.
Үндеуге үн қосамын деп шыққан «Адал» компаниясының ауылшаруашы-лығы директоры Медетхан Игіліков агросектордың адымы туралы айтты: – Елбасымыз былтырғы жылғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген болатын. Енді міне, бір жыл жылжып өткенде әлемдік экономикаға орасан ықпал еткен құлдыраудан еліміз еркін тыныстап шығып, дамудың сара жолына түсті. Бұл тапсырма үдесінен шығудың кепілі – ең бірінші жылт еткен әлемдегі инновациялық технологияларды енгізу, ғалымдармен қоян-қолтық еңбек ету, технологиялық процестерді компьютерлік жүйе арқылы басқару, сандық экономикаға жол ашу. Осы мақсатта ауданымыздағы ерекше серпінмен дамып келе жатқан «Адал» агроөнеркәсіп кешені өндірісті бүгінгі кезеңдегі жаңғырту мен жаһанданудағы бәсекелестікке қабілетті ету мақса-тында 2,5 млрд теңгеге жуық инвес-тиция салып, мегаферма құрылысын евростандартқа сай пайдалануға берді. Сүт зауытын ең озық үлгідегі қондырғылармен жарақтандырды, содан өнім сапасы артып, шетелдерге сүт өнімдерін экспорттауға әлеуетіміз жетті.
Еңбек процесін автоматтандыру арқасында ауыл шаруашылығында бар болғаны 165 адам жұмыс істеп, 2017 жылы нарықтық бағамен 2 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Бір кездері бұл бағытта 700 адам еңбек еткен.
Бүгінгі жеткен жетістік ертеңге кепілдік емес. «Адал» агроөнеркәсіп кешені де Елбасымыздың Жолдауын қызу қолдайды,аудан, облыс көлемінде ауыл-шаруашылық құрылымдарына, өзінің озық тәжірибесін бөлісуге әзір және базалық негізінде ауылшаруашылығы кооператив-терін құрып, өңір шаруашылығын алға сүйреудің үздік үлгісін көрсетуге дайын екенін жеткіземін, – деді.
Кезекті мінберге көтерілген А.Мәлкеев атындағы қазақ-түрік лицей-интернаты директорының орынбасары Амирхан Саулембеков «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының білім ошағы аумағында қай деңгейде атқарылып жатқанын атап берді.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама-сының 4 негізгі бағыттары ауыл-аймақтарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, экономиканың салаларына цифрлы технологияларды енгізу, мемлекеттік органдар жұмы-сының сапасын арттыру, ІТ мамандарды даярлау секілді міндеттер бойынша интернатта бірқатар ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылды. Лицей кең жолақты оптикалық 20Мб/с жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. Локальды сеть құрылды, лицейімізде барлық кабинеттер заманауи интерактивті тақтамен және физика кабинеті интерактивті қабырғамен жұмыс жүргізеді. «КҮНДЕЛІК.КZ» электронды журналын пайдаланудамыз, – дей келе ІТ саласы бойынша оқушыларға білім беру де оң жолға қойылғандығы турасында ойын жеткізді.
Бәрін айт та, бірін айт. Шын мәнінде табиғаттың төрт мезгілін түгелдей нәсіп еткен тағдырымызға сансыз шүкіршілік етіп, жатқа алақан жаймайтындай, кісіден сауын саумайтындай, барымызды бағалап, дарындарды даралап, асылды саралап, дарияда балықтай жүзіп, сайын далада тұлпардай жүйткіп, алысты жақын, жатты туыс ететін қазақы болмысымызбен-ақ айдай әлемді тамсандырайық. Сең бұзатын сенімге сүйенген, шыңға шығатын тәуекелден туған Ұлы бастама ұлы жолдың басы болсын!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА,
аудандық мәслихат депутаты.
Өткен аптада ауданымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Зағипа Балиева жұмыс сапарымен келді. Әлеуметтік нысандарды аралап, мектептердің құрылысымен танысты. Сонымен қатар, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ұстаздарымен, студенттерімен кездесті.
Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев бастаған әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары алдымен Бәйтерек округіне қарасты Алға ауылындағы жаңа мектепке ат басын тіреді. Құрылыс барысымен танысқан Зағипа Яхянқызы мектептің сапасына көңілі толатындығын жеткізді. Оқу ордасының құры-лысы мерзімінен бұрын аяқ-талуға жақын. Айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын апатты жағдайда тұрған мектепті көрген мәжілісмен жаңа ғимарат салуды тікелей қадағалайтындығын жеткізген болатын. Тар, қараңғы сыныптар, спортзалының өзі 20 шаршы метрге жетпейтін ғимаратта білім алып жатқан оқушылардың мәселесі өткен жылы шешімін тапқан. Бюджеттен 815 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 300 орындық мектеп салынуда. Жалпы, ауданы 4979 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 50 балаға арналған шағын орталық болады.
Кейіннен, Зағипа Яхянқызы Есік қаласындағы гуманитарлық -экономикалық колледжінің ұстаздарымен, студенттерімен кездесіп, ашық әңгіме алаңын құрды. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Дәу-рен Жүнісов қатысты. Алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына тоқталды. Сананы жаңғыртудың алты бағыты бойынша мысалдар келтіріп, осы жолда көп еңбектену керектігін айтты:
– Әрбір азамат өзінің туған жерінің, тұрып жатқан мекенінің тарихын, сол жерден шыққан атақты азаматтарын танып-білуі міндет. Және де, барлық қазақстандықтар татулықты ту етіп, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуымыз тиіс. Ол үшін ең алдымен, сапалы білім алу маңызды. Жаман әдеттерден арылып, тәртіп пен тазалық сақтауымыз керек. Алдымызға Қазақстанның «100 жаңа есімінде» менің де атым болады деген мақсат қойып, соған жету жолында еңбек етуіміз керек – деді.
Сондай-ақ, болашақ ұстаз-дармен кездесіп отырған Мәжіліс депутаты қоғамдағы ұстаздардың мәртебесін арттыру керектігін ерекше атап өтті:
– Дамыған мемлекеттерге барсаңыз мұғалімдерге ерекше құрметпен қарайды. Айталық, Жапонияға барып өзіңіздің мұғалім екендігіңізді айтсаңыз, көресіз, ұстаздардың мәртебесі қандай дәрежеде тұрғанын. Біздің бала күнімізде де ұстаздардың алдын кесіп өтпейтінбіз. Менің әкем ұстаз болған. Көшеде жүргенде бәрі әкеммен сыпайы амандасып, жол беретін. Барлық ұстаздарға осындай құрмет көрсетілетін. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі ұлағат иелерінің жалақысын арттырып, қоғамдағы дәрежесін көтеруді тапсырды. Ал оның барлығы мына сіз бен біздің қолымызда. Ұстазын сыйлаған халық ешқашан жаман болмайды – деп сөзін түйіндеді. Сонымен қатар, бүгінгі жастарға жетістікке жетудің сырын ашты:
– Мен де сіздер секілді жас болдым, алайда, білім алудан еш жалыққан емеспін. Ол кезде қазіргідей кез-келген нәрсе қолжетімді болған жоқ. Біз жаңа кітаптарды сатып алу үшін Алматыға баратынбыз, киім мен опа-далап іздемей, оқулықтарға таласатынбыз. Қазіргі жастардың барлығына топырақ шашудан аулақпын, әрине. Бірақ, технология қарыштап дамыған заманда әрдайым ізденіс үстінде жүруіміз керек. Білім алудың ерте-кеші жоқ. Осы орайда, үш жүздің басын қосқан Абылай хан: «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» – деген сөзін сіздерге арнап айтқандай – деп, табыс пен жетістіктің кілті – білімде екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ағылшын тілі мен компьютерсіз де болашақтың бұлыңғыр екендігін алға тартты.
Болашақ ұстаз ретінде студенттерге компьютердің тілін он саусақтай білу керектігін тапсырды. Және сол білімді үлкен жастағы жақындарына да үйрету керектігін айтты. Себебі, болашақ – ақпараттық технологиямен тікелей байланысты.
– Қазақстан бірте-бірте ақпараттық технологиялар ғасырына аяқ басып келеді. Яғни, барлық нәрсе компьютердің көмегімен жүзеге асады. Осы орайда, елімізде «Кибер-щит» бағдарламасы қабылдануда. Ол жастар мен балалардың ғаламтордағы порнография, эротикалық және сол секілді тыйым салынған сайттарға кіруіне кедергі жасайды. Кез-келген ата-ана балаларына смартфон сатып алғанда аталған бағдарламаны орнатуға міндеттеледі. Бұл туралы заң жобасы қазіргі таңда талқыланып, қаралу үстінде – деген Зағипа Балиева кәрі-жас демей, барлығын жаңа технологияларды меңгеруге шақырды. Сонымен бірге күні кеше ғана жарыққа шыққан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 10 негізгі міндеттерге тоқталды. Жиын соңында ұстаздар қауымы мен студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.
Жастармен тағылымды әңгіме тиегін ағытқан Зағипа Яхянқызы Шелек ауылында орналасқан облыстық мамандан-дырылған балалар үйіне арнайы барды. Мекеме директоры Зәуре Отарбаеваның айтуынша, мұнда тәрбиеленіп жатқан балалар 0-4 жас аралығында. Негізінен балалардағы церебралды сал ауруымен және даун синдромымен ауырады. Тәрбиеленіп жатқан 18 науқас бүлдіршіндердің жағдайымен танысқан Мәжіліс депутаты кез-келген уақытта балаларға қол ұшын беруге дайын екендігін жеткізді.
Зағипа Балиеваның ауданы-мыздағы жұмыс сапары Асы округіне қарасты Жаңашаруа ауылында аяқталды. Мәжілісмен жаңашаруалықтардың көптен күткен қуанышымен бөлісті. Ауылдағы оқушылардың көктен сұрағаны жерден келіп, жаңа жылда жаңа ғимаратқа ауыс-ты. Ескі заманды еске түсіретін ескі мектеп ғимаратынан заман талабына сай зәулім оқу ордасына көшкен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Осы күнге дейін іргетасы жерге сіңіп, қақырап тұрған ғимараттың орнына 120 балаға арналған мектеп салуға Зағипа Яхянқызы тікелей араласқан болатын. Енді міне, сметалық құны 456 млн 674 мың теңге болатын жаңа нысан бой көтерді. Мектептің ашылу салтанатында сөз сөй-леген мәжілісмен көпшілікті қуанышымен құттықтады:
–- Құрметті оқушылар, еліміздің жарқын болашағы сіздерсіздер. Сондықтан, бүгін сіздердің ешқандай кедергісіз сапалы білім алуларыңызға мемлекет жағдай жасап отыр. Болашақта сіздер мемлекеттің алдындағы қарызды өтейсіздер. Яғни, жақсы тәрбие мен білім алып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуларыңыз керек – дей келе мектепке теледидар сыйға тартты. Алматы облысының құрметті азаматы Өмірғали Кенжебеков:
– Бір жылда облыс аумағында 35 мектеп салу оңай шаруа емес. Осыны іске асырып, балалардың болашағына алаңдаушылық білдіріп отырған облыс басшылығына, Елбасына айтар алғысым шексіз – дей келе ұлағатты ұстаздар қауымына да ризашылығын жеткізді.
– Заманымыз қарыштап дамып, әлем өркениетке қадам басуда. Біздің сол көшке ілесу үшін осындай заманауи мектеп қажет еді. Бүгін сол арманымызға жеттік. Ендігі жастарымыз біз жетпеген биік шыңдарды бағындыруға тиіс – деді зейнеттегі ұлағатты ұстаз, ауыл ақсақалы Дүкенбай Секілбаев.
Құрметті қонақтар мен оқушылар, ауыл қарттары жаңа мектептің лентасын қиып, әжелеріміз шашу шашты. Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов мектепке спорт жабдықтарын табыс-тап, мектеп ұжымына жаңа табыстар тіледі. Ауыл тұрғындары оқу ордасының ішін аралап, таңданыстарын жасыра алмады. Мультимедиялық, лингафонды кабинеттер, химия-биология, ағылшын тілінің кабинеттері интерактивті тақтамен жабдық-талған. Компьютерлер интернет желісіне қосылған. Мұны Зағипа Яхянқызы өзі тексерді. Ең бастысы, оқушылардың еш алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.
– Мектебімізде 135 бала оқиды. Биыл мектеп бітіруші 5 түлектің барлығы да ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстінде. Білім көрсеткішіміз де ойдағыдай – дейді мектеп директоры Шайнұр Әбітқожаева.
Сардарбек НҰРАДИН.
Жаңа жыл қарсаңында қаракемерлік балаларға ерекше сый жасалды. Ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Қаракемер» балалар театры М.Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» ертегісінің желісімен қойылым жасады. Қоюшы режиссері Ж.Барақбаев.
Қызықты ертегіні тамашалауға округтің балалары түгелдей дерлік жиналды. Сондай-ақ, көрші ауылдың балалары да қалыс қалмады. Жеткіншектердің қуанышын бөлісуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева, округ әкімі Алтынбек Исаков та келді.
Бұл қойылым өзгелерден ерек. Себебі, мұнда Өрмекші адам (Человек-паук), әйгілі «Тачки» мультфильміндегі Маккуин, «Маша және аю» мультфильміндегі Маша өнер көрсетеді. Оқиға желісі бай мен кедейдің тауып алған дорбасынан өрбиді. Дорбаны қулықпен өзіне қалдырған Алдар ішіндегі дүрбі арқылы болашақты көре алады. Дүрбімен әр қараған сайын жаңадан кейіпкерлер пайда болады. Барлығының болашақтан келгендегі мақсаты бір – алып Диюдың көзін жою. Қойылым барысында болашақ кейіпкерлері қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, кейбірі өз мемлекетінен базарлық әкеліп жатады. Соңында барлығы бірігіп, Диюды түзу жолға салады. Сосын Алдар дорбаның өзінікі еместігін мойындап, дүрбіні иесіне қайтарады.
Зал толы балалар қойылымды ерекше ықыласпен қабылдады. Өздерінің сүйікті кейіпкер-лерін көргенде, тіпті, қуаныштарын жасыра алмады. Қойылым соңында ауыл әжелері шашу шашып, театр ұжымына алғыстарын жеткізді.
С.НҰРАДИН.
Бәрек
Медицина, денсаулық сақтау саласында ең қымбат, ең таза қызмет хирургия, фельшер, акушер-гинеколог және медбике мамандығы деп білеміз. Ал медбике мен фельдшер қызметі – нағыз адал, ауыр және ең жауапкершілігі жоғары қызмет болып табылады. Бұған өмірде көзіміз әбден жеткен.
Міне, осындай адал да ауыр қызметте 45 жыл еңбек еткен замандасым Айтбүбі Нұржаханова жақында Республика дәрежесінде Алматы қаласында «Еңбек үздігі» медалімен марапатталды. Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ерен еңбегі үшін жалғыз өзі үздік шығып, осындай үлкен марапатқа ие болды.
Фельдшер маман Нұржаха-нова Айтбүбі Алипбайқызы 1949 жылы 10 қазанда Таутүрген ауылында дүниеге келген. Жамбыл ауданы Ұзынағаштағы медучилищені бітіріп, 1970 жылы Қалшеңгел деген жерге 2 жылға жолдама алып, ең алғашқы еңбек жолын осы жерден бастаған. Тұрмысқа шығып, үш баланың анасы болды. Үлкен ұлы Қайрат, ортаншы қызы Динара анасының жолын қуып, фельдшер мамандығын алған. 24 жыл Есік қаласында жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Кіші қызы Венера да фрмацевт-провизор мамандығын алған. Жолдасы Нұртас Баймұханбетұлы запастағы зейнеткер, ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған. Саймасай ауылдық-дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Бағлан Әбдіқайымұлы Саматаев басқарады. Амбулаторияда 6 дәрігер, 2 фельдшер, 14 медбике еңбек етеді. Ұжым өте ұйымшыл, дәрігерлік көмекті дер кезінде өте сапалы, жауапкершілікпен атқарады.
45 жыл ауыл тұрғындарына қалтқысыз медициналық қызмет көрсеткен адамға алтын медаль берсе де артық болмас еді. Марапат иесі Айтбүбі Әліпбайқызын Құттықтай отырып, еңбегінің зейнетін көрсін, ізін басқан жас мамандар да осы кісінің жеткен жетістігіне жетсін деп тілейміз.
Айзахан МӘДІРЕЙҚЫЗЫ,
Серікбай Қорабайұлы Жылқыбаев жастайынан еңбек сүйгіштігінің арқасында шымыр болып өсті. Балалық шағы жері шүйгін, топырағы құнарлы, көк-жасыл таулы бұрынғы Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылында өтті. Ата-анасы бүкіл ауыл сыйлаған абыройлы қарапайым адамдар болатын. Содан шығар, Серікбай қабырғасы қатпай жатып ерте еңбекке араласты. Кезкелген ауыр жұмысты жапырып істейтін азамат.
Сабаққа да өте зерек, мұғалімдерінің айтқанын бірден қағып алатын сұңғыла оқушы атанды. Оқушы кезінен есеп-қисапты жанынан жақсы көретін. Арманы физика-математика мұғалімі болу еді. Ұстаздарына қарап, ойын да, бойын да түзейтін. Көп оқушылар физика-математиканы жаны сүймейтін, Серікбай болса достарының арасынан озып шығып, осы мамандықты таңдады. Талай достарының есеп шығаруына көмектесіп, есеп амал-тәсілдерін үйретіп рахмет арқалаған азамат. Солай жүріп он жылдықты өте жақсы бітіріп, Абай атындағы (қазіргі университет) институттың физика-математика факультетіне оқуға түсті. Оқушы кезіндегі арманы орындалды. Білікті де, білімді ұстаз атанды. Қолына жоғары білімді дипломын алғаннан кейін Тараз қаласының аруы Кәмила Ыбрайымқызымен қол ұста-сып жүріп, үйленді. Жаңадан отбасын құрған екі жас қажетті маман ретінде, жолдамамен 1970 жылы Тараз қаласына аттанды. Тараз қаласындағы Абай атындағы орыс-қазақ орта мектепте математика пәнінен сабақ беріп, ұстаздық жолын шыңдады. Алдыңғы қатардағы ұстаз атанды. Ұжымдағы абы-ройлы мұғалім болып жүріп Жамбыл облысының білім басқармасынан бірнеше рет мақтау қағаздар алды. Алматы облысындағы туған-туыстар «Елге қайт, мұнда мұғалімдік табылады» деп қояр да қоймаған соң, қайтадан Алматы облысына келді.
Шелек, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы он жылдық мектеп қатардағы қара-пайым мұғалім етіп қабылдады. Сол мектепте жиырма бес жыл математикадан сабақ берді. Серікбай дайындаған оқушылар талай рет облыстық жарыстарда жеңімпаз атанды. Осы жылдар ішінде ұлағатты ұстаз атанып, аудандық, облыстық білім басқармасы тарапынан мақтау-марапатқа ие болды. Төсбелгілерді иемденді. Аз ғана жылдың ішінде мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, мек-тептің кәсіподақ ұйымын басқарды. Отыз жыл ұстаздық еткен мұғалімнің алдынан неше мыңдаған шәкірттер білім алды. Сол шәкірттері қазір егеменді еліміздің нығаюына үлкен үлесін қосып жатыр. Кейбіреулері алыстан болса да телефон шалып қазіргі зейнеткер ұстаздарының хәл-жайын біліп тұрады. Міне, ұстаз абыройы, мерейі деген осы. Серікбай балаларға үйретуден еш жалыққан емес, уақытпен де санаспады. Жоғары оқу орындарына оқуға түсем дегендерге де қол ұшын беріп, өзінің тәжірибелі білімін пайдаланды. Үш ұл, бір қыздан сегіз немере көріп, оның бірі Ерасылы биыл мектеп есігін ашты. Ауданға сыйлы, үлгілі әке, Кәмила апамызбен шаңырақ құрғанына да қырық жеті жыл болыпты. Осы уақытқа дейін сыйластығы жарасып, бір рет те ышай деспепті. Қазір жасы жетпіске келсе де аттан түспей, 1995 жылдан Есік аймақтық селден қорғау мекемесінде еңбек етіп келеді. Жүрісі ширақ, денсаулығы мықты ағамыз, әлі де жастарға үлгі-өнеге көрсететініне кәміл сенеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас» деп кемеңгер Абай айтқандай зейнеткерлікке шықса да еңбек етіп келеді.
Елге сыйлы ағамызға ұзақ өмір, отбасына бақыт тілейміз.
Шаяхмет Құсайынұлы,
Қазақстан Жазушылар,
Журналистер
одақтарының мүшесі.