Хантәңірінің баурайында туып, Қарасаздың қойнауында түлеген Даубай Әбдісай жуырда Қазақстан Жазушылар одағының, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі болды. Өткен жылы ғана «Дария ғұмыр» атты тұңғыш жыр жинағы оқырманға жол тартқан еді. Ақын кітабының кіріспесінің өзінде:
Дария толқын ғұмырым,
Дария қарттың ұлымын.
Көктүрік тегім бөрі емген,
Бөрідей көкке ұлыдым...
Мұхаммедтің үмбеті
Алланың ғана құлымын, – деп бастайды.
Расында, ақын поэзиясына үңілер болсақ, елең етіп, көңіл аударып, қайталай оқымасаң, түсіну әсте қиын. Тілі күрделі, ойы орамды, әр жолы салмақты метафора, эпитет, теңеу секілді көркемдеуіш құралдарды ұтымды қолданған. Өлеңдеріне тән ерекшелік – шындықты бұрмаламай дәл тұстан айту. Иә, ақын ағамыздың шығармашылығы жайлы айтар ой көп, әйткенмен сөзден гөрі іс оң болар, бірқатар отты өлеңдерін оқырман назарына ұсынғанымыз жөн болар. Десе де, тілек біреу: ұрпағыңызға ұран болар, жас буынға жыр-ән өлеңдеріңіз көбейсін.
"Еңбекшіқазақ" аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакциясы
Даубай Әбдісай өлеңдерінен:
Хакім Абайға
Мен де өлеңге таласым бар Ұлы Абай,
Жарылқа Алла, жақсылық па бұ қалай?
Сенімменен қалам алдым қолыма,
Жүрек тулап арқа қозып, шыдамай.
Жаратылған жігер менен намыстан,
Бар әлемге даусы жеткен алыстан.
Қалың елім, қазағым деп қайғырып.
Қайран бабам мыңмен жалғыз алысқан.
Нұрға бөлеп, желсіз түнде жарық ай,
Ай сәулесі шабыт берген жаныңа.
Тау өзені гүрілдеген терең сай,
Тұнық толқын қосты ма екен қаныңа.
Өлеңдерің асқақ биік арымдай,
Қара сөзің тулап аққан қанымдай.
Жетеліні жетелейді биікке,
Жетесізді қарып түсер жалындай.
Тағдырыңмен тайталасқан таңдарда,
Тоқтау айтып қара тобыр жандарға.
Бар қазақты туғанындай бауыр ғып,
Сендей сынап, сендей сүйген жан бар ма?
Әділдік пен Алла болды тірегің,
Бар халықтың жанына иман тіледің.
Қаның қайнап, жаның ашып тұрса да,
Қазағым деп соқты сенің жүрегің.
Тебіреніпті сен туғанда жер Анаң,
Ал дәретсіз емізбепті Зере анаң.
Кешір баба, кешіре алсаң кеш мені,
Теңеу таппай отырмын ғой мен оған.
Сені оқысам көзге елестеп мұнар күн,
Сені оқысам қуантады шығар күн.
Өзің айтқан сенім, қайрат, ақылмен,
Бар қазақты қиындықтан шығардың,
Айтқан сөзі анаң таққан тұмардай,
Ақыл ойы шыңға біткен шынардай,
Бала байдан дана Абай жасаған
Әруағыңнан айналайын Құнанбай.
Абай сөзі бар әлемнің елінде,
Абай жыры бар қазақтың төрінде.
Бар қазақтың бағы үшін жаралған,
Хакім Абай, түркі әлемнің көгінде.
*****
Мұқағали ескерткішінде оқылған өлең
Ассалаумағалейкум алып тұлға,
Саудалауға келмейтін нарық пұлға.
Әр жыл сайын ақпанның тоғызында,
Толғаныспен батады халық мұңға.
Қалаңды қадағалап күні-түні,
Тарықтың ба, тарланым, жалықтың ба,
Тас та болсаң мен саған мұң шағамын,
Сарғайған сағынышымды салып мұңға.
Мен саған келген жоқпын жылағалы,
Жылағалы жасымды бұлағалы.
Тас та болсаң кеп тұрмын қуантқалы,
Гүлденді өзің салған жыр алаңы.
Ағатай өзің туған Қарасаздың,
Ортайған жоқ өлеңнің бұлағы әлі.
Сөздің туын жыққан жоқ қариялар,
Қалт-құлт етіп тұрса да құлағалы.
Тілі шыққан сәбиге ымдап қалсаң,
Аузынан ағыл-тегіл жыр ағады.
Өзің жайлы толғансам неге менің,
Жыр емес қаламымнан мұң ағады.
Осы жайлы келіп ем сұрағалы.
Бақұл бол, аға.
Алатаудай ардақтым,
Сары атандай салмақтым,
Сағындым аға мен сені!
*****
(Еркін Ібітановқа)
Тірлігіңде дәмдес болдым сыйластым,
Жалындаған жырыңменен сырды аштың.
Өзіңменен бірге болған бір күнді,
Аға бүгін мың күніме қимаспын.
Ғашық едім жырларыңа мен сенің,
Жырмен жаздың қысқа өмірдің өлшемін.
Аға сені аңсап жүрмін сағынып,
Сағынып жүр Қарасазың, Елшенің.
Сағынышым сары жездей бұл менің,
Дауысыңды сағындым-ау бір керім.
Сені есіме түскен сайын ағатай,
От көңілім жетімсіреп жүр менің.
Нар тұлғалы ағамыздың бірі едің,
Тірлігіңде деп жүрішу ем тірегім.
Қарасудың толқынындай сені аңсап,
Тулап-тулап басылады жүрегім.
Сүйіп жаздың жүрегіңмен жырды шын,
Сенен алдым жыр жазудың үлгісін.
Қолтықтап ап Тұманбайдай досыңды,
Мұқаңменен қалжыңдасып жүрмісің?
Сағыныштың салмақты екен мұңдары,
Мәңгі өшпейді шын ақынның жырлары.
Қарасазым қашан туар екен деп,
Күтіп жүр ел дәл өзіңдей тұлғаны.
Күтіп жүр ел дәл өзіңдей тұлғаны.
Күтіп жүр ел дәл өзіңдей тұлғаны.
*****
Бірлік керек
Әрқашан жақ болады аққа Құдай,
Жақсылық жақсылықты тапқан ұдай.
Ел аман жұрт тынышта адамды атқан,
Қаніпезер қорқаудан сақта Құдай.
Мін іздеген адамдар табады айып,
Жамандықтың кірпішін қаламайық,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына,
Жақсыны жағадан ап сабамайық,
Татулықтың көтеріп керегесін,
Бірліктің кірпіші боп қаланайық.
Бұл қазақ қызық халық қарасаңыз,
Жұлқынып жоқ нәрсеге бал ашамыз,
Тірлігінде бөлініп быт-шыт болып,
Өлгенде бабамыз деп таласамыз.
Кейбіреудің аузынан қан ағыздық,
Кей адамның аузынан бал ағыздық,
Жоғары өрлегенді кейін тартып,
Көзін құртып біткенше алағыздық.
Тірімізді өлідей қадірлесек,
Қазақта болмай еді алауыздық.
*****
Қауіптенем
Біз келеміз бабалар жүрген ізбен,
Кезім жоқ болашақтан күдер үзген.
Салт-дәстүрдің ешқашан туын жықпай,
Ұрпақтар да жүрсе екен бірге бізбен.
«Іштен шыққан жау жаман»
деген сөз бар,
Ірітуші кірмесін іргемізден.
Айда керек аспанға күнде керек,
Тіл тағдыры ел үшін мүлде бөлек.
Ана тілдің білмейтін қасиетін,
Мансапқор мәңгүрт ұрпақ
кімге керек?
Бағымда бақытым да халық деген,
Не көрсем де бір көрем халықпенен.
Ата-ананың бетіне тік сөйлейтін,
Иманы жоқ ұрпақтан қауіптенем.