Бейсенбі, 11 Ақпан 2016 12:07

Мен білетін Мұқағали

Өнер әлемі өзінше бір өмір. Ондағы айналаға көзқарас, өзара достық шынайы өмірден өзгеше. Тіпті, бөлек десек те жалған айтпаспыз. Бұған ақиық ақын Мұқағали мен «Тянь-Шаньның диюы» атанған Еркін Ібітанов арасындағы шынайы достық, ағалы-інілі сыйластық дәлел. Жақында Еркін ағамыздың ұлы Ерлан Ібітанов сиясы кеппеген, жарыққа шықпаған «Мен білетін Мұқағали» деген әкесінің жазған дастанын әкелді. Онда Қарасаздың қос құлынының басынан өткен елеулі жәйттер, жыр шумақтардың уысына ұстатпаған өрелі ойлар әңгімеленген. Әттеген-айы, түйіндеуге автордың тағдыры мұрсат бермеді. «Хантәңірі қайдасың?» деген Еркіннің ағасын аңсап жазған өлеңі де қазақ поэзиясының қайталанбас туындысы боп қалғанын да көпшілік біледі. Хантәңірі мұзбалағының туғанына 85 жыл толуына орай оқырманға Еркін Ібітанов жазған естеліктерден үзінді жариялауды жөн көрдік.


Аңсайтын-ақ әже еді... 

Мен сияқты Мұқағали да әже тәрбиесінде өсті. Тек қана айырмашылығы – ол кісі менің әжем құсап есімін құбылтпай, өзінің Тиын атын сақтап өтті. Сірә, бұл басқа кемпірлерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ, қатардағы қарапайым жандардың бірі болғандығынан шығар.

Мұқағалидың әкесі Сүлеймен майданнан қайтпай қалды. Нақаң болса (шешесін ол осылай атап кеткен) абысыны Дәмеш екеуі колхоздың бір отар қойын бағады.

Менің әкем Жұмәділ соғыстан жараланып оралған соң көп ұзамай байырғы мұғалімдік кәсібінен біржола қол үзіп, осы сыртқы Қарасудағы Энгельс атындағы колхоздың қой фермасын басқарды. Ол кездегі ферма бастықтары қазіргі мамандардай машинамен аралап, істі алыстан басқармайды, малшылармен бірге көшіп-қонып, бірге болады. Ферма бастықтың үйі көбінесе Нағиманың отарымен қоныстас болды.

Әжем екеуміз де қоныс аударғанбыз. Мұқағали үйімен қоралас Ауғанбай шалдың қоржын тамын (өзі қойшы болғандықтан бос тұр екен) мекендегенбіз. Ендігі жерде оқуға бір барып, бір қайтып жүрдік. Сөйтіп тыныс-тіршілігіміз аралас болды.

«Дерсу Узала» деген кітапты тез көруге ынтыққан мені Мұқағали үйіне ертіп кіргенде, Тиын әже салалы саусақтарымен қатық сығымдап құрт жасап, оны тоқымдай өрешеге қатарлап тізіп отыр екен. Сезімтал жан құрсағымызда бөрі шулап, ашығып келгенімізді бірден ұқты-ау шамасы, шаруасын доғара салып, тамақтандыруға кірісті. Сол мезет қойдың бал татыған ақ қатығын құрсаулы кеселерге толтыра құйып, қолымызға ұстата қойды. Мынаны осыған шалып ішіңдер деп алдымызға бір тостаған қарма талқанды және қойды. Алғыс айтуға да мұрша келмей бас салдық...

... Әйгілі саяхатшының қаламынан жаратылған «Дерсу Узала» шым-шытырақ уақиғалы, шымыр жазылған тартымды шығарма екен. Мұқағали қозы-лақтарын көздеуге шығып кетісімен кітапқа бас қойдым. Төр алдында етпетімнен жата қалып оқуға кірістім.

Қалтқысыз сендіретін, қапысыз өрілген кітаптағы оқиғалар желісіне қалай көгенделіп қалғанымды өзім де аңғармаған екенмін, терезеден іңір қараңғысы құйыла бастағанда бірақ бас көтердім. Жаңа ғана оқылған тарауларда жанкешті кейіпкерлердің орнына өзімді қойып, қиялмен құшақтасып жатып ұйықтап кеткенімді де байқамаппын...

...Мен  оянғанда шырақтың әлжуаз, ала көлеңке жарығымен екі әже шай ішіп отыр екен. Дауыстары сары самаурынның дамылсыз ыңырауынан да бәсең. Сірә, біздің ұйқымызды бұзбайық деген болар, сыбырмен тіл қатысады. Төрдегі ағаш төсекке Мұқағали екеумізді қатар жатқызып, Сүлейменнің отаудай қара сеңсең ішігімен қымтап жауып тастапты...

Іле-шала Мұқағали да оянды. Әжелеріміз нанын қазанға қарып, сүтке қайнатып пісірген жұлма көжені түн ортасы ауып кеткеніне қарамай-ақ, қайта от жағып ысытып берді. Ол кезде тойым болған ба, қарын сыздағанша «аттың басын» бірақ тарттық-ау.

Әжем үйге ертіп кетпек болғанда, абысыны қолқа салды.

–       Еркін бүгін осында-ақ қона салсын. Таң да таяу қалды ғой, екі бала оқуына бірге кетер.

Мұқағали да қуанған шырай білдірді.

Сол түні екеуміз алғаш рет қойындасып жатып таңды атырдық. Осыны біз өмірлік дағдыға айналдырдық. Кейінгі ел аралап, су кешіп жүргенімізде бөтен үйлерге бірге түней қалсақ, төсек-орын жеткілікті болса да, Мұқаң жатар орынды Еркін екеумізге бірге сал деп отыратын-ды. Бұл ұйқы меңдегенше емін-еркін сырласуға аса қолайлы еді.

...Ақынның Тиын әжесіне деген ықыласы арада қанша жыл өтсе де суыған емес. Ол кісі дүние салғанша, Нақаңды анам деп мойындамады, өзін Тиын кемпірдің ұлымын деп санады. Әжесіне арнап «Ақ кимешек көрінсе» деген өлең жазды:

«...Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса...

Нені көрем?».

Жалпы, Мұқағали жырларында әжелердің, аналардың, қарттардың қасиетін қастерлейтін тұстары жетіп жатыр. Менің ойымша қыран секілді түғырымы тұңғиық кемеңгер ақын қарттардың табиғи сом тұлғаларын, кейінгі құйтырқы-құбылмалы, жасанды-жәдігөй құбылыстарға қарсы қою үшін қаруға балаған сияқты.

...Әжем жүз жасап, ғұмыры ғасырмен жанасқанда «Менің әжем міне биыл жүзге келді, жарықтық» деп басталатын екі-ақ шумақ өлең жаздым. Ол «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Сонда әдейі іздеп келіп қол қысып құттықтағаны, разылық білдіріп, маңдайымнан иіскегені, менің жазғанымның талғампаз ақынға айрықша ұнағаны, таңғалдырып тастағандығымнан емес еді, әрине.

Ол көңілде жүрген бір түйткілге таяу барып, кездейсоқ болса да, өзімен үндес сезімге бір сәт жарағаныма елжіреп, еміреніп болар, бәлкім.

...Мен дардай болып қалдым.

 

Алғашқы қудалану

 

Соғыс сойқандаған тұрмыс жуық арада түзеле қоймады. Фашистер талқандалып, жеңіс тойы дүркіреп өткен соң, ауылдың күйзелулі күйбең тірлігі, шаруашылықтың қырсығы мол, қиюы кеткен ескі арбадай керуені баяғы мимырт жүрісімен жылжуда. Тапшылыққа тосырқаған өмірді қаншалықты қамшылағанмен қолтық жазып, алға озып, қайғы-қасырет жүректі қалыпқа шығара алған жоқ.

Рас, әскер қатарынан аман оралған солдаттар ел бейнетін біршама жеңілдеткендей. Отағасы келіп, түтіні түзу шыққан шаңырақ астында бірер күн той болады. Ауылдың үлкен-кішісі ешқандай шақырусыз жиналады. Ән мен жырдың тігер тиегі сонда ағылатын. Жүдеулі көңілдің желпінін емес, мұң мен зардың ышқынған үні болып естілетін олар.

Мұқағали екеуміз өлең жазамыз. Олардың кейбір көңілділері – Отан, Партия, Ұлы Октябрь, Ұлы жеңіс деген сөздер араласқандары мектептің «Білім ошағы» деп аталған қабырға газеттерінде жарияланды. Газет редакторы майдангер жас мұғалім Баданбек Әлімбеков.

Ол екеумізді де газет жұмысына тартты. Мұқағалидың табан астында тақырып тапқыш, әжуа суреттердің астына қалақай шумақтар жазуға қабілеттілігі үшін, мені қатесіз оқып, жаза алатындығыма бола «іш тартқан» болуы керек.

Бірте-бірте Баданбек ағай, нұсқау болмаса, газет шығару жұмысына тікелей араласуды сирете бастады. Тізгін-шылбыр өз қолымызға тиген соң біз «Білім ошағын» сын-сықақтың ошағына айналдырып жібердік.

Алайда, журналистік қызметіміз ұзаққа бармады. Баданбек ағамыз Алматыға оқуға кеткеннен кейін іле-шала өзіміз тілеп алған бір қырсыққа арандадық.

...Жағрапиядан сабақ оқытатын Қырылдақов деген мұғалім болды. Жүріс-тұрысы оғаш, сөзі одағай. Қарасаздың қорасалпақ тірлігіне әлі үйрене қоймаған-ды.

Сол Қырылдақовтың бір қасиеті айрықша малжанды, әсіресе көшіп келісімен мектептің завхозы Мойдынбек қариядан сатып алған көк құнажын алыс өріске беттемей, үнемі мектеп маңында, күншығыс жақтағы там қоршаудың жиегінде жайылады. Үнемі сылбыр, тартымсыз өтетін Қырылдақовтың сабағында ұйқы меңдеп, есінеп отырған бір қуақы бала терезеге жалт қарап:

–       Ағай көк сиырды бұзау еміп жатыр, – десе малсақ мұғалім сабақты тастай салып, тапырақтап есікке қарай ұмтылады.

Көбінесе бұзау емген сиыр бөтен болып шығады. Мұғалімнің осы ерсі қылығы қабырға газетіне мен жазған әжуа өлеңнің арқауына айналды. Алайда, Мұқағалидың сақтандыруымен кейіпкері мұғалім емес, өзімізбен бірге концертке қатынасатын қалжыңбас Қадырбек болды.

«Мөңіреді көк сиыр,

Өңіреді көк бұзау!

Қадырбектің мұндайда,

Малжандығы шексіз-ау,

Туа біткен дағдысы,

Тұла бойда қалады ә?

Тастай салып сабақты

Тұра ұмтылды далаға!...».

Газеттің осы санында өзеннен іңірде әкелінетін сумен бірге, қазанға түскен, кешкі тамақта тәрбиеленушілердің қасығына ілесе шыққан бақа туралы «Қасыққа ілінген қара бақа» фельетоны да жазылып, жарияланды. Авторы Мұқағали еді.

«Білім ошағының» жаңа саны түске дейін ғана өмір сүрді. Алайда, оны шәкірттері де, мұғалімдері де оқып үлгерді. Атын ауыстырғанымызбен, Қырылдақов газеттегі өзін адаспай тауып, газеттің жойылуын талап етті. Интернат балаларын бақамен асырағаны әшкере болған директорымыз Үлкенбаев ағай да қарсы келмесе керек.

–       Оқушылар комитетінде газетті шығарушылар алқасы қайта сайланды. Оның құрамына Мұқағали екеуміз енбей қалдық...

Еркін   Ібітанов.

Оқылды 4080 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ол қызға үйленбе Мен білетін Мұқағали »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет