Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020 09:32

Төр – ұстаздікі

 

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мектеп табалдырығын жаңа аттап, оң-солын танымаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға жол ашатын ұстаздар қауымына ақын Мағжан Жұмабаев осындай баға беріп кеткен. Ал бүгінгі таңда ұстаздар сол төрінен айырылып бара жатқандай. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындауды тапсырып, ұлағат иелерінің құқығы заңмен қорғалу керектігін айтқан еді. Бүгінде аталған заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әлеуметтік желілерден ұстаздардың беделіне нұқсан келтіретін түрлі бейнероликтер жарияланып, көпшіліктің қызу талқысына түсуде. Баланың тәртіпсіздігі мен білімсіздігіне ұстаздарды жазғыру да белең алып бара жатқандығы баршамызға аян. Қоғамда білім берумен қатар, баланың тәрбиесімен де ұстаз айналысуы тиіс деген қате түсінік қалыптасып кеткен. Оқушы қандай жайсыздыққа тап болса да, мектеп пен мұғалімдерді кінәлап шыға келеді ата-аналар. Оған қоса, мерекелік жиындар концерттерде залды толтырып отыратындар да ұстаздар қауымы. Көше сыпырып, қоқыс жинатындар да осы ұлағат иелері. Осыдан-ақ,  өз заманында Мағжан Жұмабаев төрге шығарған ұстаздардың бүгінгі таңдағы абырой-беделін бағамдай беріңіз. Қоғамдық қызметшіге айналған мамандыққа жастар қауымының барғысы келмейтіндігі де содан болар. Әсіресе, аталған саладағы ер-азаматтарымыздың қатары азайып, тіпті, жоқ десек те артық айтқандық емес. Мұның себебін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызы былай түсіндірген болатын:

– Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Кейбіреулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұмыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтып жатырмыз. Әлеуметтік желіде жер-жердегі мектептегі ұл балалардың төбелесіп жататын бейнелері белең алып кетті. Бұл білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асыраушысы емес пе? Ол тұрмақ әйел азаматтарға да бұл айлық аздық етеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастау керек. Заңда көрсетілген дүниелерді іске асыру қаражатқа келіп тіреледі. Ұстаздарға көше тазалатпау, міндетіне кірмейтін жұмыстарға жұмсаудан бөлек, олардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді де баса назарға алған абзал. Егер мемлекетіміз осы іске барын салып жұмыла жұмыс істесе, болашағымызға құйылған инвестиция деп ойлаймын. Бұл ретте дәрігерлер де, мәдениет саласының қызметкерлері де біз кімнен кембіз, бізге де сондай жағдай жасалсын деп шығуы мүмкін. Біз аталған мамандық иелерінің ең бірінші ұстаздың алдынан тәлім алатынын ұмытпауымыз керек – деп, ұстаздыққа ер азаматтарды тарту арқылы бала тәрбиесін түзеуге болатындығын жеткізді.  Қазіргі қоғамдағы осындай олқылықтарды ескерген Тұңғыш Президентіміз мұғалімдерді заңмен қорғауды тапсырған еді құзырлы мекемелерге. Елбасының тапсырмасымен бірден іске кіріскен Білім және ғылым министрлігі «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасымен қатар, тұжырымдамасын қоса дайындаған. Заңда болатын мәселелердің бәрі тұжырымдамадан табылу керек болған. Министрлікке қарасты «Білімді ел» газеті арқылы 300-ден астам ұсыныс түсіп, ашық үкімет порталында талқылауға түскен. Осылайша, бір жыл бойы жетілдірілген «Педагог мәртебесі» туралы заң Парламентте бірінші тыңдалымда-ақ қабылданған. 2019 жылдың 31 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталмыш заң жобасына қол қойды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Жалпы заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты.

Әрине, бұл туралы қоғамда түрлі пікір туындап, ұсыныстарын жеткізгендер де болды. Заң жобасы турасында жерлесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, журналист Сүлеймен Мәмет:

– Жақында ел арасында мұғалімді ата-ананың ұрғаны туралы оқиға талқыланды. Таяуда ғана ол мұғалімнің жұмыстан кеткені және оқушының ата-анасына 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін естідік. Жұмыс орнынан мұғалім кеткеннен кейін оның беделін қалай көтереміз? Мұғалім сол жұмыс орнында қалуы тиіс еді. Шешімді шығарған сот органдары істі қайта қарап жатыр. Бізде заң жоқ емес, бар. Тек өз деңгейінде жүзеге аспайды. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Білім туралы заңның ішінде мұғалім мәртебесі туралы айтылған. Енді тағы жеке заң қабылдау керек деп жатырмыз. Ертең сонда ата-ана, бала туралы заңдарды да қабылдау керек пе? Заңның орындалмайтын себебі неде? Бізде заңнан бұрын басшының сөзі жүріп тұр. Тиісінше, басшыдан асып ешкім ешқайда бара алмайды – деген еді «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Рас, заң барлық адамдардың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Алайда, ұстаздардың беделі төмендеген кезеңде «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы да өте оңтайлы шешім.

Қабылданған заң жобасы жоғарыда аталған мәселелердің барлығын қамтып, ұстаздар мәртебесін арттыруға негізделген. Ендігі ұлағат иелері ауыл-аймақтың қоғамдық жұмысшысы деген «қосымша қызметінен» мәңгілікке босатылды. Бұл туралы «Педагог мәртебесі» туралы заңның 6 бабы 2 тармағында көрсетілген. Онда: «педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» делінген. Яғни, мектеп қабырғасынан тыс іс-шаралар ұстаздарсыз өтеді. Сонымен қатар, педагогтен ҚР-ның заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге; педагогтің кәсіби қызметіне ҚР-ның заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге; педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді. Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеледі.

Сонымен қатар, заңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру, материалдық ынталандыру, қосымша ақы төлеу, көрсетілетін жеңілдіктер де қарастырылған.

Былтыр сайланған Президентіміз де педагогтардың мәселесіне бей-жай қарамаған болатын. Дәстүрлі тамыз кеңесінде еліміздегі мұғалімдердің жалақысын 4 жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және алдағы төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Бұл да заң жобасына енгізілген. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.

Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.

Мұғалімдер үшін қуанышты жаңалық, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Шәкірттерін үздік дайындаған мұғалімдер де енді құралақан қалмайды. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Алдағы уақытта, үш тоқсан бойы тынымсыз еңбек еткен ұстаздар 14 күнге ұзақ демалатын болады. Заңда педагогтердің еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген.

Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының құқығы да бір деңгейде қорғалады. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына да балабақшалардан бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы жылдан бастап жалақылары да 25 пайызға өседі. Міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген.  Айта кететін жайт, бұл өзгерістер мен толықтырулар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне де қатысты.

Оған қоса, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған. Айталық, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларға міндеттегені үшін 20 мен 120 Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 трлн 3 млрд теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 3317 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 25, 2024

2024 жылғы су тасқыны: азаматтарға…

2024 жылғы су тасқыны елімізде соңғы 80 жылда орын алған ең ірі су тасқыны болды.…
Желт 25, 2024

Қазақстандық оқушылар халықаралық…

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 1816 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға…
Желт 24, 2024

Әлеуметтік әмиян: 703 мыңнан астам…

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан…
Желт 23, 2024

Жемқорлықпен күресте қоғамның рөлі…

Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес белсенді түрде жүргізілуде. Бұл туралы…
Желт 23, 2024

«Таза Қазақстан» объединила миллионы…

По инициативе Главы государства Касым-Жомарта Токаева с апреля текущего года была…
Желт 23, 2024

Қазақстанда «Халықтың экологиялық…

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экологиялық сананы ұзақмерзімді…
Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет