Сонау ежелгі заманнан бері батыс пен шығысты тоғыстыратын керуен жолдың бойына орнығып, шартарапқа өркениеттің шам-шырағын жаққан шаһарлар қаншама. Өйткені жол – халық қажет ететін тауар тасымалының тамыры, өркениет ағысының өзені. Бүгінде әлемдік нарықтың айналысы теңіз жиегіндегі порттардың экономикасына тебін берумен бірге құрлықтағы күре жолдың да маңызын күн санап арттырып келеді. «Жол жағалаған жоғын табады» демекші, жақында халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдың жиегінде қоныс тепкен ауданымыздағы іргелі елді мекеннің бірі Бәйдібек би ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Қарқынды қадам
Бүгінде ауданымызды өзге өңірлермен жалғайтын күре жол ауылдық округ экономикасының күретамырына айналған. Ертелі-кеш толас таппайтын көлік керуені жол бойын жағалай мекендеген Бәйдібек би ауылының тіршілігіне тыңнан серпін беруде. Дамылсыз жөңкілген жүргіншілерге қызмет көрсететін сауда нысандары мен дәмханалар бұл округте шағын және орта бизнестің қарқынды дамып келе жатқандығын аңғартады. Осыған орай ауылдық округтің тұрақты тұрғын саны да артуда. Округтің тыныс-тіршілігін таныстырған әкім Ержан Әмірденов ең алдымен өткен жылғы экономикалық өсім мен тындырылған жұмыстарды тіліне тиек етті.
– Округ бойынша 205 шаруа қожалықтары тіркелген, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ауылшаруашылығының өнім көлемі 4,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2020 жылы алма бақ жерлері 1300 гектардан асып, өнім құны 4,2 млрд теңгені құрап, 2019 жылдан 38,7 пайызға артты. 2020 жылы Бәйдібек би ауылының ағымдағы жол жөндеу жұмыстары аясында 23 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 7720 шаршы метрді құрайтын Ж.Зорманов көшесі асфальтталды. Ауылдық округ бойынша көпқабатты үйлердің аулаларына жалпы сомасы 5 млн 600 мың теңгеге балаларға арналған үш алаң салынды. Абаттандыру бойынша 1 млн 500 мың теңге, жарықтандыруды қамтамасыз етуге 4 млн теңге және санитарлық тазалау жұмыстарына 1 млн 600 мың теңге бөлініп, барлық қаражат толықтай игерілді. Ағымдағы жылы бұл бағытқа 30 млн теңге бөлініп,абаттандыру мен жөндеу жұмыстары жалғасады, – дейді Ержан Әмірденұлы.
Жасыл бақтар жайқалған
Бүгінде алма шаруашылығы округэкономикасының тірегі саналады. Сондықтан бұл аумақта алма бағын өсіріп, өңір экономикасының әлеуеттенуіне жол ашқан шаруа қожалықтары жетерлік. Солардың бірі «Алдажаровтар» шаруа қожалығы. Өткен жылы аталған шаруа қожалығы 150 гектарға жуық алма бағынан 2500 тонна өніп алыпты. Бүгінде шарауа қожалығы 22 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жиын-терін кезінде жүзден аса адам еңбекке тартылады екен.
– Қазір бізде алманың сегізге жуық түрі өсіріледі. Жақсы өнім беретін алма сұрыптарын жетілдіру мен алма бақты суару технологиясын жаңалауға басымдық беріп келеміз, – дейді шаруа қожалығының иесі Саида Алдажарова.
Өнер өрінде, табыс төрінде
Бәйдібек би ауылындағы мәдениет ошағы бүгінде округ руханиятының ордасына айналған. Аталған өнер ордасы 2018 жылы мәдениет үйлері арасында өткізілген облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауда «Үздік мәдениет үйі» номинациясын жеңіп алған.Сонымен бірге «Самғар» ұлттық би тобы 2019 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған.
– Өткен жылы Ұлттық домбыра күні мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн концерттер өткізідік. Ал биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай мәдени іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің көптеген іс-шаралармыз өнер ордасының әлеуметтік парақшасында тікелей көрсетілім арқылы өз көрермендеріне жол тартып келеді, – дейді мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Рахат Әлқожа. Бүгінде аталған мәдениет үйінде ән және би, домбыра, қолөнер, «Әжелер» тәлім шежіре отауы сынды үйірмелер ауыл руханиятына нәр беріп келеді. Округтегі өнерпаздар өздерінің толағай табыстарының толыға түсеріне сенімді екендіктерін айтады.
Көп тілегі – көпсалалы емхана
Бәйдібек би ауылдық ауруханасында бүгінде 46 адам толық штатта қызмет атқарады. Аталған аурухананың 15 орынға арналған терапия және жаңа ашылған невралогия бөлімдері бар. Аурхана мамандарының сөзінше 2020 жылы 14200 адам стационарлық ем, ал 1200 адам амбулаторлық ем қабылдаған. Ал ауыл тұрғындары елдімекенге көпсалалы емхана керектігін жиі айтады.
Кәсіпкерлерге қолдау зор
Округ аумағындағы тұрғындарды «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту және кәсіп ашқысы келетіндерге әкімдік тарапынан қолдау көрсету ешқашан назардан тыс қалған емес. Әкімдік мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 57 адам қатысып, 8 адам қайта даярлау оқуларына жіберілген. 2 адам жастар тәжірибесіне жолдама алыпты. Сонымен бірге өз кәсібін дамытуға талпынған 4 адамға жалпы 13 млн 800 мың теңге несие беріліп, 38 ауыл тұрғыны қоғамдық жұмыстарға тартылған. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін семинарларларды тәмамдаған 5 ауыл тұрғыны арнайы гранттарға ие болған.
Бүгінде округ аумағында 400-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген.Тоғыз жолдың торабында ірге тепкен ауылдың сауда-саттықпен айналысқысы келетіндерге берер мүмкіндігі мол. Нұрсұлтан Сейітжанов осыдан үш жыл бұрын құрылыс материалдарын сататын шағын дүкен ашып, кәсіп бастапты. Бүгінде жас кәсіпкердің шағын дүкені аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда орталығына айналған. Ол қазіргі таңда құрылыс материалдарына сұраныстың жоғары екендігін, болашақта сауда көлемін ұлғайтқысы келетіндігін айтады.
Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға барынша қолдау көрсетілген. Айталық, 279 көпбалалы отбасылары, 138 алтын алқа және күміс алқа иегерлері және 34 тыл ардагерлерін қамтыған жалпы 2 236 адамға 1 млрд 520 млн 896 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген.Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының қолдауымен 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты, округ бойынша жағдайы төмен 237 отбасына бір реттік 50 000 мың теңге көлемінде ақшалай көмек берілген.
Қашықтан оқытудағы үздік нәтиже
Округтегі іргелі оқу орындарының бірі Н.Островский атындағы орта мектепте 1357 оқушы білім алады, 112 ұстаз тәлім береді. Бұл оқу ордасы бұдан бұрын да сан мәрте үздік атанса, бүгінде сол қарқыннан жаңылар емес. Аталған мектеп қашықтан оқытуда республика бойынша алда келеді. Онлайн мектеп платформасындағы бұл жетістікті мектеп ұжымы өздерінің кәсіби шеберіліктерімен байланыстырады. Өңірдегі Т.Әубәкіров атындағы орта мектептің оқушылары да облыстық және республикалық додаларда топ жарып жүр. Демек бұл мекеннен болашақтың дарынды ұл-қыздары түлеп ұшатынына сенім мол.
Бәйдібек би ауылындағы100 бүлдіршінге арналған «Нұршуақ» балабақшасында қазіргі уақыт-та 92 балдырған тәрбиеленуде. Мұнан өзге жеке меншіктегі 4 балабақша 200-ге жуық бүлдіршін болашағының іргетасын қалауда.
Жарық көше, жаңа жолға қол жетсе...
Өңір жұртшылығын жыл сайын артып келе жатқан экономикалық және демографиялық өсім қуантады. Әрине, халық бар жерде қажетсіну бар. Қоғамдасқан өмірде қордаланған мәселелердің болатыны шындық. Осындай шешімін күткен түйткілдің түйініне округ басшысы арнайы тоқталды.
– Жалпы округ бойынша ұзындығы 42,7 шақырымды құрайтын 41 көше болса, қазіргі таңда оның 5 шақырымы ғана немесе 11,7 пайызы жарықтандырылған.Қазір Алмабеков, Васильев, Сейфуллин сынды 11 көше жарықтандыру жұмысына өтінім бердік.Сонымен қоса, маңызды ішкі жолдардың түйілісіне бағдаршам орнату, орталық көшелерге арық жүйесін салу, ескірген құбыр жүйелерін жаңалау сынды өз шешімін күткен мәселер бар, – дейді округ әкімі Ержан Әмірденов.
Татулықтан тәтті сый бар ма?!
Статистикалық деректерге үңілер болсақ, округте 18 ұлт пен ұлыс өкілі өмір сүруде. Көпұлтты округте тұрғындар бір атаның балаларындай тату-тәтті күн кешуде. Сонымен қоса этнос белсенділерімен өңірдің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін түрлі мәселелер талқыға салынады. Татулық пен ынтымақты ту еткен ауылдағы этностар бір жағадан бас шығарып, жаңа мешіттің қабырғасын қалай бастаған. Мұндағы ауыл тұрғындары бәрін ізгілік пен бірілікке шақыратын тағы да бір ғибадат үйінің жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарарына сенімді.
ТҮЙІН:
Бәйдібек би ауылдық округі топырағында түтін түтеткендерді саясына алған мәуелі бәйтеректей бұтағын кеңге жайып, тамырын тереңге тартып келеді. Ондағы жұртшылықтың тірлігіне тың серпін беретін мүмкіндіктер жеткілікті, экономикалық өсім де көңіл қуантады, тұрғындардың татулығы да тамаша. Жаңа өмірге талпынған ауыл жұртшылығы жарқын болашаққа сеніммен қарайтындығын сезіндік. Ондағы көптің көкейінде жаңа әлеуметтік нысандар мен жарық көшелерге деген сұраныс барын байқадық. Берекесі жарасқан, белестерден ары асқан елдімекеннің келер күні толағай табыстарға толы боларына сенім артып қайттық.
Ерзат АСЫЛ