ХХ ғасырдың аяғында интернет аудиториясының кеңеюі бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрі – интернет журналистиканың қалыптасуына себепші болды. Осылайша, ол тек журналистика саласына ғана емес, бүкіл қоғамға үлкен өзгеріс әкелді. Ол қандай өзгеріс? Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың айырмашылығы қандай?
Ақпарат таратуда ең алдыңғы орында тұрған радио 50 миллиондық аудитория жинау үшін 38 жыл тер төксе, телевизия бұл межеге 13 жылда жеткен екен. Ал интернет бар болғаны 4 жылда аталған көрсеткішті еңсеріп, екпінінің қаншалық екенін айқындап берді. Күн санап емес, сағат санап интернет қолданушылар санының өсуі бастапқыда дәстүрлі БАҚ-қа төнген үлкен қауіптей көрінді. Әсіресе, «газет-журналдарға тықыр таянды» деген қорқыныш басым болды. Уақыт өте бұл пікірдің де салмағы байқалды. Интернет жоғары қарқынмен дамыған АҚШ пен Еуропа елдерінде интернет журналистиканың көлеңкесінен шыға алмаған алғашқы газет-журналдар жабыла бастады. Ал нарықтан қуылып қалмаудың амалын қарастырғандар газет-журналдардың интернет нұсқаларын жасап, ондағы ақпаратты күнделікті жаңартып отыруды қолға алды. Өйткені интернет журналистиканың ең бірінші артықшылығы – жеделдік еді, яғни ақпаратты оқырманға оперативті түрде тарату.
Апталық газеттердің, әрине, жаңалықты жылдам жеткізу мүмкіндігі жоқ. Бұл қиындық газет журналистерін жаңа жағдайға бейімделе отырып, оқырманнан айырылып қалмау жолын жедел іздестіруге итермеледі. Осылайша, басылым беттерінде ақпарат жанрынан гөрі, сараптамалық материалдар көбірек жарияланатын болды. Бұны интернет журналистиканың газетке тигізген оң ықпалы деп бағалауға болады.
Сараптамалық материал демекші, бастапқыда жылдамдықты алдыңғы орынға қойған интернет журналистикада салмақты материалдар, сараптамалық мақалалар жоқтың қасы еді. Интернет толассыз ақпарат ағыны болды. Көз ілеспес жылдамдықпен көбіне-көп жалаң ақпараттар таралды. Олар сараланып, сарапталып, себебі мен салдары, түп-төркіні талқыланбады. Мұндай екшеудің болмауына жаңалықты жылдам жариялау жарысынан бөлек, оқырманды ұстап тұру саясаты да себеп еді. Осылайша, оқырманның психикасына, көңіл күйіне әсер ететін, бірсәттік таңданыс тудырып, елітіп, елеңдетіп қоятын басы бар, аяғы жоқ ақпараттар «сәнге» айналды. Тақырыптары айғайлап тұрғанымен дәм-тұзы жоқ бұл ақпараттар негізінен өсек-аяңнан ары аспады, сенсация қуып, жанжалмен оқырманын «қыздырып» отырды.
Өкінішке қарай, мұндай саржағал сайттар қазақ қоғамында әлі күнге бар. Тіпті қазіргі қазақтілді сайттардың басым бөлігін солар құрап отыр десек те, артық айтқандық емес. Бұл сайттардың тағы бір аянышты тұсы – қоғамға белгілі азаматтардың әлеуметтік парақшаларында жариялаған жеке жазбаларының тонын айналдырып, аудиторияға ұсынуы. Осылайша, оқырман жинап, рейтинг үшін тартысқа түсіп отыр. Журналист этикасын ысырып қойып, рейтинг үшін жұмыс жасап жатқандардың қоғамға пайдасынан гөрі зияны көбірек екені анық. Бұл жерде екі мәселенің басы қылтияды. Бірі – сұранысқа сай ұсыныс десек, саржағал сайттардың рейтингі «Оқырманның өресі соншалық төмен бе?» деген сұрақтың тууына толық негіз бола алады. Ал екінші мәселе – «Оқырманның деңгейін сол нүктеге түсірген журналистің өз ісіне деген жауапсыздығы ма?» деген сұрақ. Бұл сұрақтардың жауабын көзіқарақты оқырман өзі берер. Ал мен жоғарыдағы сөзіме оралып, оқырманды интернет сайттарда ұстап тұру жолдарын жалғайын.
Интернет журналистика оқырманды ұстап тұрудың тағы бір тәсілін тапты. Өйткені алаяқтық алысқа апармасы анық, сол секілді өсек-аяң мен жалған сенсация да ойлы оқырманды ұйыта алмайтыны белгілі болды. Осыны ескерген интернет журналистері жеңіл жолды қойып, этикаға сай еңбектене бастады. Ақпаратты қағаздан оқып үйренген оқырманның көзі экраннан шаршамауы үшін интернет басылымдағы материалдарды барынша сығып, оқырманға ең негізгісін, керектісін беруді үйренді. Сылдыр су мен бос сөзден арылып, оларды нақты фактілерге алмастыру интернет журналистикаға жаңа серпін берді.
Бұдан бөлек интернеттің өз мүмкіндіктері – мәтінге қоса, бейне мен видео, түрлі инфографикалар, анимация, сілтеме қою интернет журналистиканың қарқынын арттырды. Қарапайым мәтінді осы аталған мүмкіндіктермен керегінше толықтырып беру аудиторияны кеңейтті. Кеңейгенде де, жазған жаңалығыңыз мұхит асып, бүкіл әлемге әп-сәтте жетті. Сондай-ақ интернетте оқырманмен кері байланыстың болуы да сайттар арасындағы жарыстың мейлінше сапалы бола түсуіне жағдай жасады. Жағдай демекші, интернеттегі жарияланған материалды қайта өңдеу және кез келген уақытта жоя алу мүмкіндігі дәстүрлі БАҚ-та болмаған артықшылық екенін айта кету керек. Сонымен қатар интернет бетінде жарияланған жазбаның жоғалмай сақталатыны да – жаңа медианың бір басымдығы. Газет бетіне шыққан мақаланы табу үшін сарғайған архивтерді ақтару керек болса, сайттағы материалды сан жылдан кейін де еш қиындықсыз таба аласыз. Әрі кез келген жан үшін қолжетімді.
Интернетке қолжетімділік оның территориясын жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Тиісінше, мұндағы талас-тартыс та толастар емес. Ал үнемі қозғалыс бар жерде жаңалық та көп болатыны сөзсіз. Осылайша, интернет журналистиканың өнімдері де көбеюде. Өнімнің көбейгені – тұтынушының артқаны. Соңғы жылдары төрдегі теледидарды тамашалаған жұрттан интернет ТV көрермені артты, радио тыңдарманынан подкаст тыңдаушылар қатары өсті. Бұдан бөлек блог жүргізушілер пайда болып, бүгінде екінің бірі ақпарат өндіруші, өңдеуші, әрі таратушыға айналып отыр. Ал бұл өз кезегінде ақпараттық қоғамның құрылуына қадам жасады. Ақпаратты өндіріп-өңдеп, жедел тарату мүмкіндігіне ие болған белсенділер бүгінде елімізде азаматтық қоғамның алғашқы қадамдарын жасап жатыр десек, артық айтқандық болмас. Десе де, азаматтық қоғам құру жүйелік пен жауапкершілікті, мәдениет пен заңның аясында әрекет етуді талап етеді. Айтылған сөздің ақ-қарасы қаншалық маңызды болса, оның артар жүгі де соншалық салмақты екенін ескере бермейтін көпшілік, өкінішке қарай, ғаламтор кеңістігін керексіз, өсек-аяң мен алыпқашпа әңгімемен толтырып отыр. Еш сүзгіден өтпеген жалған сөздің көбеюі, оған қоса интернет алаңдарында жазылатын пікір мәдениетінің төмендігі үлкен мүмкіндіктің кейпін кетіріп-ақ жатыр. Кезінде Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың эпистолярлық жанрда бір-біріне арнап «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жазған хаттары ел мен жердің тағдырын қозғап, қазақ оқырманына талай ой салғаны елдің есінде шығар. Осы бір керемет мысалды журналистер мен блогерлер қаперіне алса, интернет кеңістігінде ғана емес, жалпы қоғамда тамаша өзгерістердің орын алары сөзсіз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
mezet.kz желілік
басылымының редакторы