Ауданымыз мемлекеттік сындарлы саясат пен қолдаудың, бағытты, бағдарлы, кең ауқымды жоспарлы жұмыстың, еселі еңбектің арқасында мақсат еткен белестерді бағындырып келеді. Жылдан жылға ауданымыздың барлық салалары дамудың оң динамикасын көрсетуде. Десек те, жеткен жетістіктерімізбен қатар орын алып отырған кемшіліктер де жоқ емес, атқарар жұмыс шаш-етектен. Осы орайда, қараша халық пен билік өкілдері арасында алтын көпір болып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде жетекші рөл атқарып жүрген мәслихат депутаттары жақында ауданымызды аралап, әрбір елді мекендегі шешімін таппай тұрған мәселелермен танысты. Аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған жұмыс тобы тұрғындармен кездесті, әлеуметтік нысандарды аралады.
Инфрақұрылым
Бірнеше күнге созылған сапар барысында Есік қаласы мен 25 ауылдық округте болған мәслихаттың жұмыс тобы көптің көкейінде жүрген бірқатар түйіткілді мәселелерді өз көздерімен көріп, саралап қайтты.
Кез келген елді мекеннің көркі оның инфрақұрылымы мен халқының тұрмыс-тіршілігіне байланысты. Ауданымызда соңғы 4,5 жылдың ішінде стратегиялық маңызды кешендер бой көтерді, бағдарлы жұмыстарға нәтижелі қол жеткізілуде. Бірқатар ауылдардың мәселесі шешілді. Соған қарамастан мәселелері назардан тыс қалып жатқан ауылдар да бар.
Осыны көзбен көріп, көңілге түйген халық қалаулылары көтерілген мәселелерге барынша көңіл бөлу қажеттігін және тиісті шараларды уақытылы қабылдау керек екенін айтты.
Жоғарыда атап өткендей соңғы жылдары халық игілігі үшін берілген мәдени-қоғамдық нысандардың саны артуда. Дегенмен жұртшылықтың демалуына арналған мәдени орындардың бұзақылық әрекеттерден қорғалуына байланысты сын ескертпелер жетерлік. Бұл бағытта бейнебақылау камераларының санын арттыру маңызды. Аталған жұмыстардың бір бағытын Шелек ауылында және аудан орталығы Есік қаласындағы Жамбыл даңғылы (аудан әкімдігінің алдында), Абай, Тоқатаев, Уәлиханов, Алматы көшелері (мешіт маңы) мен Алтын адам аллеясында жүргізу керек.
Жұмыс тобы сапар барысында тазалық жұмыстары мен қала бойынша қоқысқа арналған арнайы орындардың салуынуын қолға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар ғимараттарға жүйесіз ілінген жарнамалар да қала келбетін кетіруде. Осыны назарға алған депутаттар елді мекендердің сәнін кетіретін ескірген жарнамалармен күресу қажеттігін жеткізді.
Сапасыз құрылыстардың, апатты жағдайдағы ғимараттардың сүрілуін қадағалау, жабайы сауда орындарының, жолаушы тасымалдаушы көліктердің арнайы тоқтайтын орындарын нақтылау керек. Осы тұрғыдан ауданымыздың қақпасы мен бет-бейнесі болып табылатын Есік қаласы мен Бәйтерек, Бәйдібек би, Нұра, Байсеиіт сынды жол бойындағы ауылдарда аталған бағыттағы жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Көптен көтеріліп жүрген Алматы мен Ш.Уәлиханов көшелері аралығындағы Есік өзенінің арнасын абаттандыру мәселесі де жұмыс тобының назарынан тыс қалмады. Өзен арнасын тазартып, жағалауды қалыпқа келтіріп, тұрғындарға арналған демалыс орындарын жасақтап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет.
Тескенсу ауылының саябағын абаттандыру жұмыстары жүргізілу барысының сапасы бойынша жергілікті тұрғындардың бірқатар сын-ескертпелері тыңдалды.
Елді мекендердің инфрақұрылымы бойынша осындай ұсыныстарды көтерген Бекет Төлегенұлы мен мәслихат депутаттары басқа салалардағы кемшіліктерді жоюға күш салатынын жеткізді.
Суармалы су тапшы
Ауданымыздың экономикалық дамуы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, ауылдық аймақтағы тұрғындардың басым көпшілігі қара жерден нәпақасын айырып, төрт түлікпен жан бағуда. Бірақ осы бағытта орын алып жатқан кемшіліктер саланың дамуына тұсау болып отыр.
Статистикалық мәлімет бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінде 9 901 шаруа қожалығы және 396 заңды тұлға жұмыс жасайды, бұдан басқа 54 мыңға жуық ауланың тұрғындары мал және құс өсірумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін үй жағдайында өсірумен айналысады.
Ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 117 млрд 34 млн теңгені құрады. Бүгінде бұл көрсеткішті ары қарай арттыру көзделуде. Бірақ округтердің маңындағы төрт түлікті жаюға арналған жайылымдық жерлердің күнен-күнге азаюы өткір мәселелердің біріне айналуда.
Ауданымызда жалпы су тапшылығы мәселесі соңғы бірнеше жылда көрініс беруде. Сондықтан ең алдымен ауданның ауыл шаруашылық жерлеріне қажет су тапшылығын болдырмау үшін жаңа каналдар, бөгеттер құрылысын салу, жерасты суларын пайдалану, жайылымдарды суландыру жөнінде зерттеулер жүргізу керек. Сондай-ақ, каналдардың гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңғырту жобасын жалғастыру қажеттігі туындап отыр. Ауыл тұрғындарының күн көрісі және ауыл шаруашылығы өндірісі тіршілік нәріне тікелей байланысты. Ал шаруаларды сумен қамтамасыз етіп отырған Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының басшылығы тарифті бірнеше есеге арттырып, ағымдағы жылы бұл фактор шаруалардың арасында наразылық тудырған еді.
Оған қоса, арықпен келген судың белгілі мөлшері жерге сіңіп кетеді. Мұны ешкім есептемейді, шаруалар егіс алқабына жетпеген судың ақысын төлеуге мәжбүр. Ал су жүретін каналдардың жағдайына мониторинг жұмыстары жүргізілмегендіктен, олардың басым көпшілігі жарамсыз халге түскен.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығын барынша оңтайландыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Жыл сайын бірді-екілі қосылған мал басы мен шаруалардың егістігін санау арқылы ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Ол үшін қазіргі уақытта саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс жүзеге асыра отырып, нақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бос жатқан жерді тиімді пайдалану туралы жобалар жасалынып, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген азаматарға көмек берілуі қажет.
Тіршілік нәрінен таршылық көруде
Ауданымызда азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріліп, олардың әл-ауқаты артып келеді. Алайда ауыз судың сапасы жоғары болмай, жұртшылықтың тіршілігін жақсы деп бағалау мүмкін емес. Бұл қала және ауыл тұрғындарына бірдей қатысты мәселе. Көктем шығып, жаз келісімен тұрғындар үшін ауызсу тапшылығы ең негізгі мәселеге айналады. Кейбір ауылдардың су құбырлары жарты ғасырға жуық уақыт бойы жөндеу көрмеген. Оның үстіне соңғы жылдары халық саны да артқандықтан, тіршілік нәріне деген сұраныс та жоғары. Сапар барысында жұмыс тобына тұрғындардан қосымша су жинақтайтын қойма салғызу туралы ұсыныстар көптеп түсті. Тіршілік нәрінің тапшылығын шешу мақсатында атқарылар жұмыс көп.
Сарыбұлақ ауылының 1600-ден астам тұрғынын ауыз сумен қамтып отырған су станциясы ескіргендіктен құбыр жиі жарылады. Ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңғыртуды қажет ететін ауылдар да аз емес. Бөлек ауылдық округінің тұрғындары талай жылдан бері сапалы ауызсуға жарымай отыр. Қырбалтабай, Малыбай, Тауқаратұрық, Қазақстан, Ашыбұлақ, Бірлік, Алмалы, Төле би, Ақбастау, Жаңашар, Қорам ауылдарының бас ауруы – ауызсу мәселесі. Тұрғындары осы күнге дейін ауыз суды өзеннен немесе жақын ауылдардан тасып ішіп отырған Көкпек, Ақбастау, сонымен қатар Есік қаласы мен Ақши, Бәйдібек би, Бәйтерек ауылдарының жанынан жаңадан қосылған шағын ықшам аудандар мен саяжайлардың проблемалары да депутаттардың назарынан тыс қалмады.
Түрген ауылындағы су құбырларын жүргізудің екінші кезеңін бастау үшін қаржы бөлу осы күнге дейін күн тәртібінде.
Бірнеше ауылдық округтердің маңында тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған қоқыс алаңдары қарастырылмаған. Бүгінгі таңда тұрмыстық қалдықтардың қайда шығарылып жатқандығы белгісіз.
Жол инфрақұрылым саласындағы мәселелер
Соңғы жылдары ауданымызда жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлініп, қарым-қатынас көзінің сапасы жақсарып келеді. Ағымдағы жылы барлық санаттағы жолдарды жөндеп, күтіп ұстауға бөлінген қаражат 3 млрд 638 млн теңгені құрады, оның ішінде аудандық маңызы бар жолдарға 1млрд 234 млн теңге бөлінген, осы арқылы жолдардың сапасын кезең-кезеңімен жақсарту мақсатында, жөндеу жұмыстарымен 657 шақырым жол қамтылған.
Алайда, бұл бағытта да түйіні тарқатылмаған түйіткілдер бар. Жөндеу көрмеген жолдардың негізгі бөлігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Ауылдардағы көшелердің ой-шұңқырлары көп. Көктөбе, Түрген, Бәйдібек би, Шелек, Балтабай, Бәйтерек ауылдық округі тұрғындарынан осындай шағымдар түсті. Аудан аумағындағы ауылдардың арасын жалғап тұрған негізгі жолдардың басым көпшілігіне жыл сайын шұңқырларды жамау жұмыстары ғана жүргізілгендіктен, көлік жүргізушілері үшін қиындық туғызуда. Атап айтсақ, Шелек-Ақтоған-Қаражота, Бөлек-Есік, Екпінді, Толқын тас жолдары.
Медицина
Даналықты өмірдің өзінен дарытқан халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп сан ғасырдың сырын бір ауыз сөзбен түйіндеген болатын. Шынында да адамзат үшін сарқылмайтын қазына, таусылмайтын байлық – денсаулық екендігіне дау жоқ.
Денсаулықтың қалыпты, мықты болуы үшін сапалы медицина қызметінің маңызы зор. Бүгінгі таңда ауылдық округтерде медициналық маман тапшы, қазіргі таңда 20-дан астам түрлі бағыттағы жалпы тәжірбиелік дәрігерлер қажет. Ал бағдарламамен келген жас мамандарға тиісті қолдаудың болмауынан тұрақтамай, кетіп қалуда.
Жедел жәрдем қызметіне тұрғындардың көңілі толмайды. Ауылдарға шақырғанда келмейтін көрінеді. Ал окрутердің дәрігерлік амбулаторияларында тек санитарлық көліктер ғана бар. Оны күні-түні науқастарға қызмет көрсету үшін пайдаланып келеді. Сондықтан жедел-жәрдем қызметіне байланысты шаралар қабылданып, олардың аумақтық бөліністерін қайта қарастыру қажет. Себебі бүгінгі таңда көптеген округтер тұрғындарының саны едәуір артқандығы белгілі.
Аудандағы 77 денсаулық сақтау мекемелерінің 39 типтік ғимаратта орналасқан, 25 бейімделген, 13 елді мекенде жалданбалы ғимараттарда орналасқан. Ескірген және бейімделген ғимараттарда орналасқан нысандардың орнына жаңа 35 денсаулық сақтау объектісін салуды және 22 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалы, жұртшылыққа қызмет көрсетіп отырған Қаражота, Тескенсу, Ж.Қайыпов, Талдыбұлақ, Өрікті, Рахат ауылдық дәрігерлік амбулаторияларының құрылысы мен Сарыбұлақ, Ақтоған, Таутүрген, Лавар, Май, Торғайбаз ФАП-тары мен МП-ге жаңа ғимарат пен күрделі жөндеу қажет.
Оқу ордалары жөндеуді қажет етеді
Аудан бойынша 84 мемлекеттік мектеп бар, оның 65-ы типтік, ал 19-ы бейімделген ғимаратта орналасқан. Соның өзінде үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Осы мәселені шешу мақсатында Есік қаласында 1500 орындық, Ташкенсаз және Қазақстан ауылында 300 орындық мектептердің құрылысын жүргізуге келісім жасалған.
Ташкенсаздағы нысанның құрылысын қазіргі уақытта мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр, құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты қаражат уақытылы бөлінбеген. Ал Қазақстан ауылындағы жұмыстар бөлінген аумақтың орналасқан жері сор, батпақты болуына байланысты тоқтап тұр.
Ж.Қайыпов ауылындағы 2015 жылы қолданысқа берілген Қазақстан орта мектебінің асханасы мен бірнеше ғимараттарында жарықтар пайда болып, керегелері айырылып кеткен. 1-ші қабаттағы 5 бөлме апаттық жағдайда тұр. Аталған мектеп орналасқан аумақтың сазды болуына байланысты алдағы уақытта мәселенің алдын алу жұмыстары жүргізілмесе, іргетасы отырып, басқа балалар білім алып отырған сыныптар осындай жағдайға түсіп, төтенше жағдай туғызуы мүмкін.
Масақ округіне қарасты Нұрлы ауылындағы мектептің ғимараты жедел күрделі жөндеуді қажет етеді. Білім ордасының жылу жүйесінен бастап есік-терезелері мен еденіне дейін ескірген, жауын-шашын, еріген қар суының кесірінен тозығы жеткен шатырынан су өтіп, қабырғаларында жарықтар пайда болған, техникалық базасы да стандартқа сай келмейді.
Бүгінгі таңда ауданымызда дәл осындай уақыт күттірмей күрделі жөндеуді қажет ететін 20-дан астам білім ордасы, жаңа мектептің құрылысын қажет ететін 19 бейімделген ғимарат бар. Олардың қатарында М.Әуезов атындағы, М.Мақатаев атындағы, Н.Бубенцов атындағы, М.Горький атындағы, Абай атындағы, И.Таиров атындағы, Б.Момышұлы атындағы, сондай-ақ Масақ, Сарыбұлақ орта мектептері және Баяндай, Қазатком орталау мектептері, Н.Островский атындағы орта мектептің бастауыш сыныптары оқитын ғимараты, Қайнар ауылындағы Қызылқазақ бастауыш мектебі бар. Аталған нысандарға салынған уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.
Мәдениет үйлерінің мәселесі
Тоқырау кезінде жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет нысандары нысаналы түрде пайдаланылмағандықтан тоналып, қаңырап қалған. Оларды қайтару майқсатында бірнеше рет талпыныс жасалғанмен, нәтижесіз қалып отырғандығы мәлім. Сондықтан бүгінде мәдениет үйлері жоқ Балтабай, Ташкенсаз, Бартоғай, Қазақстан сияқты округтердің мәселесін шешу – күн тәртібінде. Сонымен қатар жағдайлары сын көтермейтін, соған қарамастан барынша халыққа қызмет көрсетіп отырған бірқатар мәдениет ошақтары бар. Атап айтқанда Түрген ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бұдан бөлек, округ әкімдігі орналасқан ғимараттардың да жағдайы мәз емес. Жаңашар, Қаражота, Қаратұрық, Көктөбе, Қырбалтабай сияқты ескі ғимаратта отырған ауылдық округ әкімдері аппараттарының ғимараттары жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын қажет етеді.
Жұмыс іздеп ауылға келген мамандарға қандай көмек қарастырылған?
Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық іс. Бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүргізетін мамандарды тарту, оларға қолдау көрсету маңызды.
Қазіргі таңда жастарды қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резерві» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Аталған бағдарламалардың арасында «Дипломмен ауылға» жобасының орны бөлек. 2009 жылы басталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 10 жылдан астам уақытта берген нәтижесіне көңіл көншімейді. Ауданымызда мамандарға мұқтаж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мұғалімдер мен дәрігерлер міндетті жылын өтеген соң, жүктерін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп кетіп жатқан фактілер де кездеседі. Ал нақты қызмет етіп отырған жас мамандар бұл бағдарламаға іліге де алмаған.
Осы тұста маман тапшылығы сезіліп отырған ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету күн тәртібіндегі негізгі бағыттарды бірі екендігі сөзсіз.