Сәрсенбі, 07 Қазан 2020 10:40

Ақпарат бар жерде қарекет бар

Көктем айларының бірінде газетімізде «Жетісу» телеканалының бағдарламасы басылмай қалды. Газетіміздің байырғы оқырманының (атын айтуға болады, бірақ телефон шалатын көп оқырманның атынан жалпылама атпен «Оқырман» деп-ақ айтсам болар) сұрағы:

– Неге «Жетісу» телеканалының бағдарламасы жоқ «Еңбекшіқазақ» газетінде?!

– Апталық телебағдарламаны дайындап, газеттерге тарататын «Жетісу» каналының қызметкері басқа жұмысқа ауысып, орнына келген жас маман бағдарламаны уақытылы дайындап үлгермеген екен, – деп түсіндіріп жатырмын оқырманға.

– Ешқандай ақталудың қажеті жоқ. Маған уақытылы газетімізді, қажетті ақпараттарды алып отыруым керек. Сол үшін жазылдым аудандық газетке, сол үшін «Жетісу» телеканалын қараймын! – деген оқырман өкпесіне не жауап?!

Ақпараттың маңызы ата-бабаларымыздың өмірінде де, кейінгі ұрпақтың өмірінде де бір мысқал кеміген жоқ. Керісінше, бүгінгі әлемдік деңгейде жүріп жатқан ақпарат майданында дер кезінде алынған хабардың маңызы зор. Бұрынғы көшпелі қазақ қоғамында шабарман, жаушы арқылы, оған қоса бір жолаушыдан екінші жолаушыға ауызекі айтылатын жаңалықтар жолымен – ұзынқұлақ деген атпен ақпарат алмасу жүріп жататын болған.

Қазіргі кезеңде аяғыңды аттап бассаң ақпарат көзіне кезігесің. Теледидар, газет-журнал, радио, әлеуметтік желілер дегендей. Сол ақпарат құралдары дамыған сайын ақпарат таратушылар да еселеп көбеюде екені де ақиқат. Үйінде, жұмысында компьютері, ноутбугі, яки планшеті бар адам, ең аяғы қалтасында смартфоны, телефоны бар адам ақпарат таратушы рөліне ұмтылатын заманда ғұмыр кешудеміз. Бірақ сол ақпараттарды таратумен нан пісіретін наубайшы, етік тігетін етікші мамандар секілді жаңалықты жинап, «пісіріп» беретін ақпарат құралдары айналысса дейміз.

Бүгінгі күндері әлеуметік желілерде интернет тілімен айтылатын көптеген жаңа сөздер, жаңа ұғымдар пайда болып жатыр. Мысалы, «фейк» деген ағылшынша сөздің (fake) тура мағынасы «жалған» болса, оны неге желіге қояды?! «Атың шықсын десең, жер өрте» дегенге саяды бұл әрекеті желі пайдаланушының. «Хайп» ұғымы да осы төңіректе. Қазекем оны ғайыптан хайп пайда болды деп мысқылдап та үлгерді. Өйткені өзін білгіш те ірі қылып көрсету үшін, елден ерен екенін дәлелдеу үшін «хайптауға» баратындар да бар бұл өмірде. Ал бұл ақпараттандырудың теріс жағы. Оң жағы қайсы? Оңдысы қане? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын-ұлы «Әркім өз білгенін, өзінің қолынан келетінін істеу керек» деп үйретті ғой. Олай болса бүгінгі бас редактордың бағамындағы басты тақырып ақпараттандыру, жаңалық алмасу болғандықтан, жағымды жаңалықтар жайында да атап кеткен жөн.

Жақсыны жаның тез қабылдайды, жақсыға жедел үйренеді дейміз. Газет редакциясына бас сұққан тәжірибелі автокөлік жүргізушісі: «Есік қаласындағы тазалыққа, автокөлік пен жаяу жүргіншілерге жасалып жатқан жағдайларға назар аударып, бұл жайында неге жазбайсыңдар?» – деген өкпе-назын жайып салды. Расында да «автошкола» деп атап кеткен көшелер қиылысы ұтымды пайдаланылатын етіп жолдары жөнделіп, жол белгілері жарқырап сызылған. Саяжай аумағындағы автожол да, тротуарлар да тұрғындарға, әсіресе, мектеп оқушыларына жайлы етіп жасалуда. Тек карантин аяқталып, оқушылар мектептеріне барып оқитын болса екен! Оқырман өкпе-назы көрініп тұрған жаңалықтар жайында болса, көзге бірден көрінбейтін, бірақ елдің қамы үшін жасалып жатқан жағдайлар тұрғысында жедел ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдары – газет, радио, әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Осы ақпарат құралдарының әзірге негізгісі саналатын газет шығаруды ұйымдастырушы ретінде айтарым ақпарат алу көздерін пайдалана білмейтіндеріміз көбейгенге ұқсайды. Газет беттерінде аудан, қала, ауылдық әкімдіктер мемлекеттік қызмет көрсету жолдарын үздіксіз жариялау үстінде. Бірақ соны оқып, ұтымды пайдаланушылар қатары көбейе түсті деп айта алмаймын. Өйткені сол аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне келушілер қарасы көбеймесе, азаймай тұрғаны да рас. Ең аяғы отбасы жағдайы туралы анықтама, пәтерге кезекке тұру, т.б. анықтамалар алу үшін билік органдарына жүгінбей-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары (ЦОН) арқылы тіпті компьютер, гаджеттермен әлеуметтік желілер көмегімен үйде отырып-ақ ақпарат алу ісі жолға қойылуда.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың талабымен тұрғындардың сұранысын еститін үкімет құру бағытында «Ашық әкімдік» (сервисный акимат) қызмет көрсете бастағанын жариялады «Еңбекшіқазақ» газеті, mezet.kz желілік басылымы. Сол жаңалықтарды қаперіне алған адамдар қане? Олай болатын себебі баспасөз, желілер құралдарынан ақпарат алу мәдениетіміз төмендеу. Оның есесіне «фейк» пен «хайпты» көбірек қабылдап неше түрлі пирамида, қаржылық аферистер қармағына ілініп зардап шегушілер де азаймай тұрғаны да бүгінгі күннің өмір шындығы.

Жедел ақпараттардан басқа Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қабылданған заңдарымызды, Ата Заңымыз Конституциямызды білмеуіміз ақпараттан мүлде жұрдай екендігіміздің дәлелі. Әлемді жайлаған індетті тоқтату үшін мемлекет те, қоғам да күш-жігерді, қаржыны аямай жұмсауда. Осы бағытқа жұмсалатын шығынның ең арзаны да ең қолжетімді қарапайымы – бетперде тағып жүру. Мекемелер мен сауда-саттық орындарына кіре берісінде «Без маски не входить!» деген жазуды көріп кілт тоқтап, сол бетпердені сөмкеден, қалтадан алып таға бастаймыз орысша білетіндеріміз. Алматы қаласындағы бір сауда орнына бетпердесіз кіріп келген қазақ азаматын сатушының жерден алып, жерге салып ұрсып жатқанының куәсі болдым. Ол қазақ Қытайдан қонаққа келген қандасымыз екен, маған қарап: «Мынау қызым неге маған сонша ренжіп тұр» – деп сұрады. Мен: «Бетперде ки деп тұр», – деймін орысшасы жоқ қазақ бауырымызға. «Е, неге есікке қазақша жазып қоймайды ол ақпаратты?»

Өзіміздің Есік қаласындағы Бәйтерек ықшам ауданындағы дүкенде де бетперде пайдалану талабы тек ресми тілде, яғни орысша жазулы екен. Оның қазақшасы мемлекеттік тілдегі нұсқасы неге жоқ деген сұрағыма сөзіне қарағанда сауатты сатушы: «Орыс тілі де мемлекеттік тіл ғой», – деп жауап қатты беті бүлк етпестен.

Өткен ғасырдағы еліміздің өтпелі кезеңінде қаржы үнемдеу үшін жергілікті ақпарат құралдарын қысқарту керек деген ұран тастаймын деп жоғары деңгейдегі басшының басы дауға қалған. Әсіресе, соғыс және еңбек ардагерлері қатты наразылық көрсеткен болатын: Ұлы Отан соғысы кезінде де шығарылып тұрған баспасөз құралдарын жабу – қылмыс дегенге дейін барды ол белсенділер.

Енді бір депутат – облыстық деңгейдің «қалаулысы» болса керек, кітапханаларды жауып, қаржы үнемдеу керек деген «жаңалық» ашыпты. Міне, бұл нағыз ғайыптан шыққан «хайп» деп бағамдап отырмын өз басым. Кітапханаларды – кешегінің, бүгінгінің, болашақтың ақпарат көздерін құрту деген жұмсартып айтқанда мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың тамырына балта шабу деген сөз.

Енді тікелей жергілікті ақпарат құралдарымызға оралсақ, басқа БАҚ-тар мен қатар "Еңбекшіқазақ" газеті мен газетке жедел қосымша іспеттес mezet.kz желілік басылымы бірін-бірі толықтырып ақпарат таратумен айналысуда. Газет аптасына бір мәрте шығатын басылым болғандықтан жедел ақпаратты «mezet.kz»-ке шығару қолайлы болып отыр. Бұл үрдісті пайдалануға да оқырман бейімделіп келеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ойшылдың айтқан «Ақпаратпен қаруланған» адам жағдайды да уысында ұстай алады, өз ісін алға бастыра алады» деген сөздерімен аяқтайық.

 

Хайролла Ахметжанов

Оқылды 1566 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет