Бейсенбі, 11 Тамыз 2016 11:30

Атасы аян берген арқалы ақын

Мірдің оғындай сөз маржанын теріп айтатындығы мен жүйріктігіне сөз жетпейтін әйгілі ақпа айтыскер ақын Құлмамбет Құланаян биыл 190 жасқа толады. Құлмамбет 1881 жылы жыр жампозы жамбыл Жабаевпен 55 жасында – нағыз кемеліне келген кезінде айтысқан. Ол кезде Жәкең орда бұзар 35 жасқа толған кезі. Осы айтыстан кейін бірін ұстаз, бірін шәкірт тұтып,  жыр додаларында бірге жүрген екі алып ақын өле-өлгенше сыйласып өтіпті. Өйткені, Жамбыл: «Құлмамбетпен айтысқаннан кейін атақ-даңқым дүркіреп жүре берді» деп, айтыстарының ішінде Құлмамбетпен айтысын ерекше санаған.

 

1881 жылы Жамбыл атақты Құлмамбет ақынмен кездесіп, айтысқаны туралы:

–  Ол айтыс Ұзынкөпірдің қасында болыпты, – дейді Жәкеңнің ауылындағы Ыбырай қарт, – сол жерде бүкіл Жетісу елінің билері, болыстары жиналып, үй тігіліп, көпшілік куә болған. Жамбылды шақырып ап, Құлмамбетпен айтыстырған Есқожа руының Құдайберген деген кісісі» деп жазады жазушы Сәбит Мұқанов.             /Таңдамалы шығармалар. 15-том, А. 1979ж. 264-бет/. Бұл айтысты Тұрсын Сыдықов «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі» атты зерттеулер жинағында былай деп нақтылай түседі: «Талантты құрметтеу, кешірімді болу, жақсының жақсылығына ұйып, сыйлай білетін тегін адам емес. Жамбыл айтысқа түскенде «таз, ұры, төбет» деп Құлмамбетті қара есекке теріс мінгізетін. 1881 жылдан кейін оны құрметті аға, айнымас дос тұтып, ағалы-інілі болып жарасып, бірінің шашбауын бірі көтеріп, бірге жүрген күндері көп. Құлмамбет – құрметтеуге лайық, эпик әрі ауыздыға  сөз, аяқтыға жол бермеген айтыс ақыны, өте азулы, «алды қатты» ақпа жырау. Жамбыл өзінің оны жеңуіне жағдай себепші болғанын мойындаған. Егер Құлмамбет Құланаян руының арасына сіңіп кеткендігін Құдайберген би қанына тартып, құлағына салмаса, Жамбылды оның «бүріп тастауы» да мүмкін еді. Ол онан ойды түйдектеп, төпелеп, нөсерлете төгу өнерін меңгерген. Өзінің шәкірт ақындарына өткеннің өнегелі жақтарын үнемі айтып, соны үлгі алуға шақырған». /Алматы-2008 ж. 20-бет/. Жамбыл өзінен 11 жас үлкен Бақтыбаймен кездесіп, айтысқанда да:

Қаздай қалқып ерінбей,

Өлең тердім жасымнан.

Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан.

Майлықожа, Құлыншақ –

Пірім еді бас ұрған, – деп ақындық жолында өзінің кімдерден үлгі алғанын айтады.

Нәзір Төреқұловтың жазуынша, Жамбыл Құлмамбетпен төрт рет кездес-кен. Құлмамбеттің мықтылығы – оған «Құланаян» деген ат берілген. Кеңестік идеолегияның санада қанды шырыны сорғалап тұрған кезде, Құлмамбетті бай-манаптарды мақтаған соң жеңілгенін себеп етеді. Дегенмен, Мұхтар Әуезов: «Айтыс өнерінің жүйрігі болып аты шыққан Біржан, Сара, Майкөт, Сүйімбай, Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Әсет, Ырысжан, Кемпірбай, Манат қыз,Түбек, Сабырбай, Тойбайлар сол шаршы топтың алдындағы сөз жарыстарында жеңіс тәсілдерін үлкен орамды шеберлікпен қолдана білетін тәсілдер» деп, шынайы сөз айтыскерлерін жоғары бағалады. Жамбыл мен Құлмамбет айтысындағы ұтымды сәттерін де тап басып танып, дәл айқындап берген болатын.

Тезек төре Құлмамбетті қасына алып, жалайыр Түбекпен айтыстырады. Айтыс енді қызып, кезек Құлмамбетке келгенде, оны төре тоқтатып: Жасап қалған, 1780 жылы туған Түбекке: «Сен жеңдің енді менімен айтыс» деп,  сосын «мені мақта, енді жаманда» деп ақпа ақындығын бағалап, сыйлап аттандырған екен. Кеңес кезінде «үстем тапты ұлықтаушы» деп кінә артқан Құлмамбет Майкөтпен айтысқанда қанаушы таптың   озбырлығымен қатар, сол кездегі еңбекші халықтың ауыр тұрмысының сүреңсіз жақтарын былай деп сипаттайды:

Неге мақтай бересің,

Ақымақ, шіркін еліңді.

Менде барып көргенмін,

Қаратау деген жеріңді.

Қаратаудың қазағы,

Арылмаған азабы.

Ертеменен тұрысқан,

Шөппен белін буысқан,

Жауырыны құрысқан,

Шеке тамыры тырысқан.

Бидайығын егін деп,

Орып алып тегін деп,

Бет-терісі қырысқан.

Қозы жауырын, қурай бұт,

Алыса кетсе күші жоқ,

Қатыны семіз, ері арық,

Өмірі бейнет, тері ағып,

Несін мұны мақтайсың –

Қураған топырақ, жері арық!

Көкектен басқа құсы жоқ,

Көкпектен басқа шөбі жоқ,

Қымыз ішіп уыздай.

Толықсыған кісі жоқ...

Сөйтіп, Майкөттің бос мақтанып тасқанына тегеурінді тосқан қояды.

Түрген ауылында көп жыл болыс болған шапырашты Жүнісбай 90 жасқа келіп, 1950 жылы Талдыбұлақ ауылында дүние салған. 13 жасынан атқа мінген сол пысық болыс өзінен 34 жас үлкен Құлмамбетті қасынан тастамай,өзіне серік етіп, бірге алып жүреді екен. Ол: «айтысқа түссе, Құлмамбет түссін, сусының қанып қалады» деп отыратын көрінеді. Өйткені, Құлмамбет алқалы топта тартынбай айтысатын  дарабоз, дастандарды таусылмай толғайтын кемел ақын болған. «Айтып жібермейсіз бе?» деген мезетте-ақ қызыл-қоңыр домбырасын қолына алып, шертіп-шертіп жіберіп, адамды селт еткізетін зор үнді даусын көтере жөнеледі екен. Маңдайы тершіп, шабыттанғанда отырған жерінен дастарханға қарай қалай жылжып кеткенін де байқамай қалатынын кездері де болатын көрінеді. Жыр алыбы Жамбыл «Мың бір түнді» жырлауды Құлмамбеттен үйренгенін Т.Сыдықов өз кітабының 17-бетінде мысалға келтіреді.

Құлмамбет Таутүргенде туып-өсіп, айтыскер ретінде елді аузына қаратқан ақын. Оның алтыншы атасы Құлан ағайын-туыстарымен осы Түрген, Қаракемер, Атамқұл ауылдарын  бұрыннан мекендеп келген жері. Бұл деректі «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалықта былай деп нақтылайды. «Әжібай батыр Найманбайұлы /шамамен 1699 – 1778/ Албан тайпасынан Жетісудың Таутүрген мен Таушелек өңірінде өмір сүрді. Әжібай Өтеген, Хангелді, Райымбек, Тауасар, Есбол батырлармен тізе қосып, Жетісуды жаудан тазарту жолындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Есімі қызылбөрік руының ұранына айналды. Құба қалмақтар жөңкіле қашқан кезде Әжібай батыр Сарыарқаға, Қаратауға, Түлкібас пен Қазығұртқа бытырай ауып кеткен Ұлы жүз қазақтарын атамекені Алатауға қайта жинап, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, бау-бақша егумен айналысуға жөн сілтеп, жол көрсетті.Түрген өзенінен тоған салдырып, ұзындығы 15 шақырымдай арық қаздырды. «Әжібай тоғаны» аталған сол арна осы кезге дейін ел кәдесіне жарап келеді. Ш.Уәлиханов «Ұлы жүз туралы» мақаласында Әжібай батырдың баласы  Бердіқожаның, немересі Қожамқұлдың, шөбересі Атамқұлдың би болғанын жазады. Жауды туған жерден тазарту жорығында осында қаңлылардың біразы тұрақтап қалғанда, қамқор бола білген. Қазіргі Бәйдібек би ауылы кезінде осы Атамқұл атымен аталатын.

Қызылбөрік аталығының Есенінен Еламан, Шағаман, Сапы, Қонақбай, Аталық Найманбай, Құлан есімді балалар тарайды. Ал,Құланнан Қатамерген, одан Құлбарыс, одан Ысмайыл,одан Жидебай, одан туған Байшора, Байқошқар, Танабай, осы үшеуінің біреуінен Құлмамбет 1826 жылы дүниеге келген. Жерлес өнер зерттеушіміз, марқұм Дәркенбай Шоқпарұлы «Бір айтыстың ақиқаты» деген «Ана тілі» газетінің 1992 жылғы 24 желтоқсанындағы санында жарияланған мақаласында, әдеби басылымдарда Құлмамбет пен Жамбылдың айтысын 1887 жылы өткен делініп жүрген жаңсақтықты нақты мысалдармен 1881 жылы  болғанын дәлелдеп берді. Сондай-ақ ақынның елі Құланаян екенін, бабасы Құланнан тарайтыны жөнінде қисынды ойлар қозғаған. Құлмамбет жас кезінен-ақ көзге түсіп, жиын-тойларда айтыстарға қатысқан. Оның арғы бабасы Құлан да қара тілден сары май қайырған ақын, шешен адам болғанға ұқсайды. Ол өзінің бойына дарыған өнерін «Маған Құлан бабам аян берді. Қызыл тілін тіліме тигізіп кетті. Бабамның қасиеті қолдаса, ешкімге де есемді жібермеймін» деп айтып отыратын көрінеді. Демек, Құлмамбеттің алтыншы бабасы Құлан ақын ұрпағына аян беруі себепті жұрт оны Құланаян немесе Құланаяқ деп атап кеткен. Ақынның өзі де Жамбылмен айтысқанда:

Құлмамбет менің атым – Құланаян,

Менің Құлан екенім тәңірге аян.

Албан, Дулат жиналып бата берсе,

Кеңес етіп жырлайын етіп баян, – деп әрі дәл, анық жырлайды.

Қызылбөрік, қоңырбөрік елінің Түрген, Құрметі елді мекенінен біраз отбасы Шымкент аймағына қоныс аударғанда, Құлмамбет те көшеді. Төрт, бес жылдан соң туған жерін сағынып, әуелі Алматыға келіп аялдайды. Ақын-жыраулар бас қосқан жиыннан соң, түргендік таныстары Батталғазы, Қазыбаймен бірге ауылға аттанып кетеді. Батталғазы деп отырғанымыз би болған кісі. «Бий Тургенской волости Батталгазы Садыков. В службе и должности с 25 мая 1881 г.» / «История Казахстана в русских источниках ХYІ – ХХ веков» YІІІ том. Часть -2. А. 2006г./  Жол-жөнекей ауырып, Түргенге әзер жетеді. Тататын дәм-тұзы таусылғанын сезген ақын, Қағазбай деген кісіге соңғы сағыныш әрі қоштасу сөздерін жаздырады. Сол өлеңнің біраз жерін мысалға келтірсек:

Айналып келіп түстім мекеніме,

Келеді ердің ері екі елуге.

Құлмамбет бір-екі ауыз сөз айтыпты,

Дүниеден қаза жетіп өтерінде.

 ....................................................

Алпысқа талмай келді шоқырағым,

Қолында асасы бар сопылардың.

Қаңғырып талай жерді көріп едім,

Түргеннен бұйырды кеп топырағым.

......................................................

Аман бол, бәрің тегіс Түрген елі,

Әркімнің көзіне ыстық жүрген жері.

Тілім де көп айтуға келмей қалды,

Сендерге қайтып жазам ары-бері.

Бұдан кейін түгел таныс-достарына сәлем жолдап, соңында:

Сәлем де жалғыз қызым Арызханға,

Науқасы қатты батты шыбын жанға.

Жүзіңді аңсап келіп, көрмей кеттім,

Бермеді тілеуімді қадыр-алла.

Көрмедім Нарынбайдай жиенімді,

Көре ме, көрмейді ме сүйегімді?

Жүзіңді аңсап келген көрмей кеттім,

Бермеді жаббар алла тілегімді.

Баламды алып, жасынан балам

                                                    болған,

Оспандай көрмей кеттім күйеуімді.

Аман бол, Сатайдағы Жүнісбайым,

Сендерден аяймын ба сөздің майын.

Амандасып сіздерді көре алмастан,

Түргенде қаза берді бар құдайым.

Қазаққа әйгілі  айтыскер ақын, жампоз жыршы /«Мың бір түнді» 33 күн жырлаған/жерлесіміз Құланаян Құлмамбет өзі айтқандай 60 жасында, 1886 жылы өмірден озды.

Түрген мен туған жері Таутүрген жолының қиылысындағы, Қаракемер ауылының шетін мәңгі мекен етті. Түрген – Есік жолы осы ақын атамыздың атымен аталып, мәдениет сарайы алдына ескерткіші орнатылған. Өзі өмірден озса да, өнерімен кейінгі ұрпақпен бірге жасап келеді. Алматылық айтыскер ақын, марқұм Оразалы Досбосынов өзін «Құлмамбеттің құлынымын» деп оны пір тұтқан. Міне, осындай ауданымыздан шыққан, маржан сөзден моншақ тізген Құланаян Құлмамбеттің осындай атақты адам екенін кейінгі жастар біліп жүрсін деген ниет біздікі. 

Анарбек Бердібаев,

Қазақстан журналистер

одағының мүшесі.

Оқылды 4322 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет