Жексенбі, 22 Қазан 2017 11:27

Туған  жерге  туын  тіккен  азамат

«Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен  ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген          сүйіспеншіліктен басталады.                                                                                      

Н.НАЗАРБАЕВ.

15 қазан. Жексенбі күні күн шуағын молынан шашып, Нұра ауылы ерекше нұрға бөленіп тұрды. Ауылға кіре-беріс қақпасының бір жағына «Туыңды туған жерге тік», екінші жағына «Сағыныш Есбергенов алғаш қазығын қаққан ауыл» деген жазу ілініп, одан әрі  жол бойына түрлі-түсті жалаушалар  ілініп, ерекше безендіріліпті. Ауылдық әкімдік, зәулім мәдениет  үйі, мектеп, балабақша орналасқан орталық көшесіне қаз-қатар Шелек өңірінің округтерінен 11 ақшаңқан үйлер тігіліпті. Бұл – осы ауылдың алғаш қазығын қағып, Сөгеті кеңшарын құрып, 30 жыл өзі басқарып, жапан далада жаңа қонысты өркендеткен азамат, марқұм Сағыныш Есбергеновке  орнатылған ескерткішті ашу қуанышы еді.

Сағыныш аға өзі айтқандай: «Әр адамның, әр ауылдың өзінше тарихы бар. Сөгетімнің тарихын тартып айтар болсам, осыдан  1-2 ғасыр бұрын «Бақай Бұғыты, Қызыл Сөгеті» деген атпен ел бірігіп, үлкен болыстық құрған жерге» 1870 – 1882 жылдары осы Сөгеті болысында Сабаншы би болып, бабалардың табаны тиген құтты қонысты қайта өркендеткен ауылдағы қуанышты басқосуға берісі аудан, облыс, әрісі Елордамыз – Астанадан келген қонақтар, жұртшылық өте көп жиналды. Құлазыған қу далада әуелі киіз үй тігіп,  ел болуға бас болып,  бүгінгідей айтса адам сенгісіз ауылға айналдырған, іргелі кеңшар болып, аты Қазақстанға әйгіленген, 60 мың қойы маңыраған, 1500  жылқысы кісінеген  малды ауылда бүгін үлкен той. Бұл – осынау ерен еңбектің ұйытқысы болып, күш-жігерін жұмсап, білікті басшы бола білген Сағыныш ағаның құрметіне арналған қуаныш. Енді «С.Есбергенов кім?» деген сұраққа жауап.

Атақты қыстық Малай батырдың ұрпағы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, ел ағасы, ауданның және облыстың құрметті азаматы Сағыныш Есбергенұлы бұрынғы Шелек ауылындағы Сарытау елді мекенінде 1926 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келді. Сұрапыл Отан қорғау соғысы басталғанға дейін Малыбай ауылындағы мектепте білім алды. 16 жасында «Дехан» колхозында еңбекке араласты. 18 жасынан Шелек ауданы шаруашылықтарында есепші, кейін бас бухгалтер қызметтерін атқарды. 33 жасынан бас-тап колхоздың партком хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып, соғыстан кейінгі ел еңсесін көтеруде ерен еңбек етті.

1963 жылы асыл тұқымды кеңшарын құру қолға алынып, бұл жауапты істі Сағыныш Есбергенұлына сенім артып, тапсырды. Жаңа құрылған сол шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, республикаға танылған «Сөгеті» кеңшарын 30 жыл өзі басқарып, іргелі мал шаруашылығына айналдырды. Елсіз жерге ел қоныстандырып, сәулетті де сәнді елді мекенге айналдыруға көп еңбек сіңірді. Халқы да іскер басшыны құрметтеп, 1973 жылы Қазақ  КСР-інің Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайлады. Бірнеше рет партияның съездеріне делегат болып, шебер ұйымдастырушы ретінде «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», екі рет «Құрмет» ордендерімен, жеті медальмен және көптеген құрмет грамоталарымен марапатталды. 30 жыл бойы аудандық, ауылдық, 4 рет облыстық, бір рет Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануының өзі іскер басшыға деген құрмет болса керек-ті. 1987 жылы Республика Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығы бойынша ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.Бабасы Малай батыр Туған елін жаудан қорғап, ерлігі еліне мұра, ұрпаққа ұран болып қалса, марқұм Сәкең еңбегімен елін өркендетуде еленіп, есімі ұмытылмастай мәңгі сақталып қалды.

Бүгінгі өзі құрып, 30 жыл өзі басқарып, өркендеткен ауылына ескерткіші орнатылуы соның айғағы болса керек». Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, артында өшпес ізі – еңбегі, өлмес мұрасы – «Жаңа қоныс», «Ата қоныс» атты және  Қыстық руының шежіресін жинастырып,  жарыққа шығарған  кітабы қалды. Ерен еңбегі, ұйымдастырушылық қабілетімен нұрландырған Нұра ауылы ел тәуелсіздік алғаннан кейін де көркейіп келеді.

Мәдениет үйінің алдында жиналған жұрт алдында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ  ауылдың, оны құрып, ұзақ жыл басқарған Сағыныш Есбергеновтың ерен еңбегі жайлы толыққанды әңгімелеп берді. Елбасының рухани жаңғыруы өткен тарихымыздан бастау алып, оны одан әрі жаңғырту бүгінгі ел болудың басты міндеті екеніне тоқталды. Ал мемлекет, қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев осындай туған жерге туын тігіп, қажырлы еңбек еткен азаматқа, өзі құрып, өзі 30 жыл басқарып, өркендеткен ауылға атын беру керектігін де атап айтты. Одан кейін сөз алған облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі,  ауданның ардақты азаматтары Өмірғали Кенжебек, Аянбек Дауытқұлов С.Есбергенов туралы естеліктерін, елге сіңірген еңбегі жайлы айтса, сөгетілік белгілі журналист Мәмет Сүлеймен ағасына арнау өлеңін оқыды. Сағыныш ағаның жары Айкен апа, ұлы Ұлан өздері ұйытқы болып осынау игі істің іске асуына үлкен күш салғаны жайлы атап өтілді. Ұлан Сағынышұлы көпшілікке алғысын айтып, әкесімен кезінде бірге еңбек еткен, ескерткіш орнату ісіне белсене атсалысқан азаматтарға шапан жауып, кәдесыйлар табыс етті.

Кезек ескерткішті ашуға келді. Мүсінші Шоқан Төлешовтың қолынан шыққан Сағыныш Есбергеновтың ескерткіш бейнесін қонақтар ашып, жұрт естелікке суретке түсіп, шашу шашылып, көптен күткен қуаныш, әуезді ән мен мың бұралған биге ұласты. Елімізге танымал жұлдыздар – композитор осы өңірдің тумасы Ермек Елгезеков «Сөгетім» деген арнайы әнін тарту етсе, әншілер Айбек Мұхаметжанов, Мұрат Тоқашбаев, Ермек Стамғазиев, Рустем Сулайманов ауыл аспанын асқақтаған әнге бөледі. Аудандық мәдениет үйінің, әр ауыл өнерпаздары да өз өнерлерімен елді тәнті етті. Күрестен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктар, қомақты бағалы сыйлықтармен марапатталды. Той тойға ұласып, Сағыныш ағаның музейін аралап көріп, соңынан дастархан басында Туған жерге туын тіккен азаматты еске алысып, тарасты.

Анарбек Бердібаев.

Оқылды 2090 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет