Рубасылары мен тайпа көсемдерін өздері сайлап, әр ру өз алдына әскер жасақтарын құрған көшпелі қазақ әу баста өзін-өзі басқаруға, ел ішіндегі мәселелерді өз бетінше шешуге қауқарлы еді. Әрдайым жоғарыдан бұйрық күтетін, пәрмен болмаса аузына түскен асын жұтуға қорқатын жалтақ қасиет қанымызға орталық-тандырылған басқару жүйесі мықтап енгізілген бодандық жылдары сіңді десек, қате айтқандық емес. Енді осы бір қисық мінез түзетіліп, жергілікті басқару жүйесін дамытуға үлкен жағдай жасалып отыр. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігі бұл бағыттағы негізгі реформалардың бірі. Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Бақыт Есенханұлы Жексембиев аталмыш жаңалық жөнінде, бюджет саласындағы өзге де мәселелер туралы әңгімелеп берді.
– Бақыт Есенханұлы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамында «селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі» деп атап көрсетілген еді. Келер жылы жүзеге асырылғалы отырған осы реформаға дайындық қалай жүргізілді?
– Негізінде бұл мәселені жан-жақ-ты зерттеу, талқылау одан да әріден басталған еді. Алғашқы ресми құжаттардың бірі – ҚР Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы. Үкімет, министрлер тарапынан да бірқатар құқықтық актілер қабылданды. Бұқаралық ақпарат құралдарында да жиі талқыланып келді. Нәтижесінде, «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 98 қадамында бұл мәселе нақты айтылды. Осы жылдың 11 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №90-VI Заңы қабылданды. Сол арқылы бірнеше заңнамаларға – Азаматтық, Бюджеттік, әкімшілік жауапкершілік туралы кодекс-теріне, «ҚР жергілікті мемлекеттік бас-қару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Жарнама туралы», «Кәсіподақтар туралы» заң-дарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұлардың бәрінде аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімдіктерінде дербес төртінші деңгейдегі бюджет және ком-муналдық мүліктің дербес үшінші деңгейін енгізу туралы мәселелер қаралды.
– Бұл ауыл әкімдерінің жұмысына қандай өзгерістер әкеледі?
– Қазіргі уақытта ауылдық әкімдіктер-дің кірістері мен шығыстары, сондай-ақ, теңгерімдеріне бекітілген мүліктері аудандық бюджет пен аудандық коммунал-дық мүлікке қарасты. Яғни, қандай да бір шығыстарды жүзеге асырғанда қаржы ауданның қазынашылықтағы бірыңғай есепшотынан беріледі. Сондай-ақ, ауыл-дық әкімдіктер коммуналдық мүліктің меншік иесі емес теңгерімұстаушысы болып есептеледі және аудан әкімдігі белгілеген мөлшерде ғана басқара алады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындар саны екі мыңнан асатын аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтерде бөлек есепшоттар ашылып, өздерінің барлық шығындарын, соның ішінде әкім аппараттарын, оларға бағынатын басқа мемлекеттік заңды тұлғаларға, құрылыс, жөндеу, абаттандыру, өзге жергілікті мәселелерді қаржыландыруға мүмкіндік заңмен берілген. Жаңа заңмен жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес коммуналдық мүлікті басқаруы барысында әкімдерге кең көлемді уәкілеттер беріледі. Мысалы, қазір әкімдіктер мүлікті тек қана кейіннен сатып алу құқығынсыз жалға беретін болса, 1 қаңтардан бастап басқаруындағы мүлікті сатуға, яғни, жекешелендіруге, кейіннен сатып алу құқығымен жалға, сенімгерлік басқаруға беруге, коммуналдық меншікке алу мен шығаруға, оларға бағынатын мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгерімдеріне бекі-туге немесе алуға, сонымен қатар, жаңа мемлекеттік коммуналдық заңды тұлға-ларды құруға құқылы болады.
– Жергілікті шығындарды дербес бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту деген мәселе пайда болады. Бұны реттеуге ауыл әкімдерінің іскерлік қабілеті, өз шығынын өзі жабуға ауылдардың экономикалық әлеуеті жете ме?
– Әрине, алғашқы жылдары аудан бюджеті бұл мәселеде оларға көмектесіп тұрады. Бірақ, әрдайым солай болады деп ойламаймын. Сондықтан, ауыл әкімдері қазірден бастап өз бюджеттерінің кіріс бөлігін толтыру жолдарын ойлауы қажет. Бұл реформаның алдымен тұрғындар саны екі мыңнан асатын ауылдық округтерден басталуының да мәні сонда деп білемін. Тұрғындар саны көп ауылдарда шағын және орта бизнесті дамытуға, сол арқылы салықтық түсімдерді арттыруға болады. Дербес бюджеттің кіріс бөлігі тек қана салықтық және салықтық емес түсімдермен шектелмейді. Жоғарыда айтқанымдай, дербес коммуналдық мүлікті басқарудағы уәкілеттіктер де ауыл әкімдерінің кіріс кіргізуіне мол мүмкіндіктер береді деген ойдамын. Ал әкімдердің іскерлік қабілеті дегенге келсек, ауылдық әкімдіктерде бұған дайындық жұмыстары әлдеқашан басталды. Жергілікті деңгейде осы мәселе бойынша әртүрлі семинар-кеңестер өткізілді. Ауыл әкімдері мен мамандар арнайы оқу курстарына қатысты. Республикалық деңгейде биыл барлық өңірлерді қамтитын төрт үлкен форум өткізілді. Жақында Шымкент қаласында өткен осындай форумға ауданымыздан төрт ауылдық округтің әкімдері қатысты. Оған қоса, ауылдық округ әкімдіктерін кезең-кезеңімен дербес бюджетке өткізуге үйрету мақсатында соңғы екі жылда оларға қазынашылықтан ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшасын бақылау шоттары ашылды. Аталған уақытша шоттарға түскен түсімдер әкімдіктердің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруға бағытталған. Мәселен, көшелерді жарықтандыру, оқушыларды тасымалдау, ауылдарды абаттандыру т.б. Әрине, бұл шығындарды олар жергілікті қауымдастықпен келісе отырып жүзеге асырған. Сондықтан, ауыл әкімдерінде бұл мәселе бойынша ақпарат жеткілікті деп ойлаймын.
– Реформаның жай-жапсары туралы бірталай мәлімет бердіңіз. Осы орайда, «аудандық бюджеттің жай-күйі қалай?» деген сауалдың оқырмандарымызды ойлантатыны сөзсіз...
– Аудандық бюджеттің жай-күйі жақсы. Соңғы бес жылда екі есеге жақын мөлшерде өсіп, бүгінде 20 млрд. теңгеден асты. Осы жылдың он айының қорытындысы бойынша аудандық бюджет 98,9 %-ға, жылдық жоспар 79,9 % -ға, ал, кіріс бөлігі 100,6% - ға орындалды. Жалпы, өткен жылдың осы кезеңге дейінгі көрсеткіштерімен салыстырғанда бюджеттің орындалуы бойынша оң динамикасы бақылануда.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Нұрбану КАМАЛ.