Дүйсенбі, 03 Тамыз 2020 14:35

6 оттегі концентраты табысталды

 Тосыннан келген індет біздің елімізді ғана емес, көш басындағы алпауыттарды да есеңгіретіп жіберді. Жайбарақат тіршілікті абыр-сабыр етіп, медицина саласын сынға салды. Осындай сәтте мойымаған ақ халаттылар өздерінің кәсібилігін көрсетіп, қаншама адамды ажалдан арашалап қалды. Еріктілер жылында оларға еріктілер қосылып, өмірлік маңызы бар істердің басын қайырды.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ауруханаларда жасанды тыныс алу (ИВЛ) аппараттары мен оттегі концентраттары жетіспеушілігі айтылып келеді. Осындай олқылықтың орнын толтырғысы келген ауданымыздың ерікті жастары аудан әкімдігінің бастамасымен тұрғындарға үндеу жасап, небәрі бір жарым күннің ішінде 700 мың теңге қаражат жинаған. Тез арада түскен қаржыға оттегі концентраттарына тапсырыс беріп, өткен аптаның аяғында аппараттар аудандық ауруханаға тапсырылды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Айбек Ілебаев та арнайы барып, сын сағатта ерен ерліктерімен көзге түсіп, игі істердің ұйытқысы болып жүрген ерікті жастарға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі жастардың жасап жатқан жақсылықтары медицина саласының қызметкерлері мен індеттен зардап шегіп жатқан науқастарға жасаған үлкен сый болды. Сендердің арқаларыңда қаншама адамның өмірі аман қалады, қаншама науқасқа үміт отын сыйладыңдар. Мұның өзі – батырлық. Қиын-қыстау күнде елінің қамын жеген жастардан іргетасымыз қаланса, болашағымыз жарқын болмақ – деді Қуат Байғоджаев.

Бұдан бөлек, еріктілер аурухана маңында кезекшілік ұйымдастырып, медицина қызметкерлеріне көмек көрсетеді. Кіреберісте адамдардың дене қызуын тексеру, жол көрсету, науқастарға берілген азық-түлікті жеткізу сынды жұмыстармен айналысады.

Ерікті жастар жеткізген 6 оттегі концентраты бірден іске қосылады. Осы айдың аяғында тағы 8 оттегі концентраты жеткізіледі. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Гүлмира Отынбекованың айтуынша, қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Соңғы 2 күнде коронавирус індетін жұқтырған азаматтар мүлдем тіркелмеген.

 

С.НҰРАДИН

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігерлердің санын мәлімдеді.

«Елімізде коронавирус инфекциясы расталған медицина қызметкрелерінің саны 8 518 адамды құрайды. Бүгінгі күні дәрігерлердің арасында өкпе қабынуымен ауырғандар туралы мәлімет жоқ», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол коронавируспен күресте өкпе қабынуына шалдыққан дәрігерлерге бір реттік әлеуметтік төлем берілуі мүмкін екендігін де айтты.

«Егер коронавирустық өкпе қабынуымен күрес барысында ауырып қалған медицина қызметкерлері төлемге өтінім беретін болса, онда біз оларға қолдау көрсетеміз. Аталған медициналық құжаттар жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссияға жіберілетін болады», – деді Ажар Ғиният.

 

Шаң басып, келмеске кеткен тарих беттерінде небір аласапыран замандар болды. Әлем жұртшылығының басынан небір зұлматты жылдар өткен десек қателеспейміз. Оның кейбірін қауымдар, халықтар мен мемлекеттер бір-бірімен соғысып қолдан жасаған болса, енді біразы адам баласының еркінен тыс табиғи апаттар мен індеттер түрінде орын алды. Әр ғасырда айналып келіп отырған обаның адамзатқа қандай қайғы-қасірет әкелгеніне қарт тарих куә. Бірақ адамзат өркениеті соның бәрінен аман-есен өтті.

Қазақ халқы да өз тарихында талай рет басынан аса ауыр қасіретке толы алапат, аласапыран қиын-қыстау кезеңдердің куәсі болды. Расында да, «мың өліп-мың тірілген» халқымыз талай нәубетті бастан кешіп, осы күнге аман-есен жетті. 

Бұл тұрғыдан қай жағынан қарасақ та, адамзатты апаттардан алып өткен – оның бойындағы күрескерлік рух пен сабыр-төзім, ақыл-парасат пен ғылым-білім, ынтымақ-бірлік пен тәртіп дейтін құндылықтар.

Бүгінде коронавирус инфекциясымен күрес бүкіл әлемде көзге көрінбейтін дұшпанмен арпалысқан қан майданға айналды. Өмір мен өлім таразыға түскен сол майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар жүр. Әрине, науқастың өмірін сақтау үшін өз денсаулығын қатерге тігіп, күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің, басқа да медицина қызметкерлерінің қаһармандығы ешбір цифрмен, ешбір соммамен өлшеуге келмейді. Олар – бүгінгі күннің нағыз батырлары.

Тұтас халықтың алғысына бөленген ақ халаттылар еңбегінің ешбір өлшемі жоқ, десе де оларға ризашылығымызды білдіру – парыз. Осы орайда аудандық мәслихат аппараты 22 шілде күні Шелек ауылындағы аурухана басшылығы мен инфекция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс хат пен арнайы сыйлықтарын табыстап қайтқан болатын.

Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штаттық режімде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың стационарға келіп түскен уақытынан бастап, толық емдеу жұмыстарын жүргізуде.

 

Сақтықта қорлық жоқ

Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер экономикасы қуатты, ғылым-білімі мен медицинасы жетілген болғанына қарамастан індеттің таралуын бақылауда ұстай алмай жатыр. Бұл өз кезегінде елімізде де біраз шектеулерге әкелді.

Қазіргі кезде эпидемиялық жағдайды реттеу үшін облыс, аудан әкімдігі шұғыл, батыл қадамдарға барып, маңызды әрі қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Соңғы мәлімет бойынша COVID-19 індетімен Еңбекшіқазақ ауданында, жалпы, 427 адам тіркелген. Иә, бұл – қауіпті ауру,  оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл сын-қатерге бірлесе қарсы тұрып, одан аман-есен абыроймен өтеміз деп сенемін.

«Жұт жеті ағайынды» дейді дана халқымыз. Бір жағынан пандемия алқымнан алып жатса, екінші жағынан экономикалық дағдарыс елімізге қосымша ауыртпалықтар әкелді.

Сол айтқандай, елімізде карантиндік режим бекітілгендіктен көптеген азамат табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болғаны жасырын емес. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Қазақстанның бұл уақытша қиындықтарды жеңіп шығатын қаржылай қоры да, халқының бойында күш-жігері де бар. Бұл бағытта «үкімет не береді?» деп  емес, «біз азаматтарға қандай көмек бере аламыз?» деген Еңбекшіқазақ ауданының белсенді азаматтары, кәсіпкерлер аудан әкімдігімен бірлесіп еңбек етіп, өздерінің үлестерін қосып, мүмкіндігінше түрлі көмек түрлерін көрсетуде. Әрі бастамалары ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Ұлтымыздың қанында бар қайырымдылықты берік ұстанған ізгі ниетті азаматтар індетпен күрес шарасына білек сыбана кірісіп кетті. Әрине, қай бағытта жұмыс атқарсақ та, әрбір істелген сауапты іс пен жүйелі жұмыс елдің игілігі мен жастардың жақсылығына істелген еңбек деп білемін.

Сол атымтай жомарт бір шоғырдың ішінде аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мүшелері, жастар ресурстық орталығының бастамасымен құрылған «Жақсылықта жарысайық», «Иманды жастар» еріктілер тобы, белсенді кәсіпкерлеріміз бар.

Аудандық пробация ұжымы, аудандық жастар орталығы және ауданымыздың ерікті жастарының бірлесе ұйымдастыруымен көпбалалы, жалғызбасты және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қажетті азық-түлікпен және медициналық маскалармен қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық жұмыстарын жүргізді. Жалпы, бүгінгі күнде ТЖ кезінде ауданымыздағы 883 отбасына жалпы сомасы 14 000 000 теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмектер көрсетілді. Қайырлы іс жалғасын табады. Аталмыш жұмыстардың барлығында ауданымыздың белсенді және ерікті жастарының ерен еңбегі жатыр деп білеміз. Қазіргі таңда ауданымызда 300-ге жуық ерікті бар.

Ауданымыз көлемі мен халқының тығыздығы жағынан үлкен аудандардың бірі екендігі баршамызға мәлім. Алайда,  қазіргі үлкен проблеманың бірі – тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осынау аппаратты ауруханаға алып беру және жеткізу жұмыстары бірден қолға алынып, аудан жастары болып қор ашылып, қорға жиналған қаражатқа Қытай еліне алты аппаратқа тапсырыс берілді. Аппараттар аудандық ауруханаға ағымдағы жылдың 24 шілде күні табыс етілді.

Бұдан бөлек, вирустық індет пен күресте ақ халаттыларға, емделушілерге күш-қуат қажет. Ал қазақтың ұлттық сусындары ағзаға керек дәруменге толы. Сондықтан да аудан әкімдігінің ұсынысымен мың бір дертке шипалы қымыз бен саумалды ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары ауруханаларға тегін жеткізіп беріп отыр.

Біраз бұрын дәрі-дәрмек іздеп түңілген, дәріхана жағалап дәрменсіз күй кешкен жұрттың жанайқайы қатты шыққаны белгілі. Қайта сол сыннан нәтиже шығару үшін аудандағы дәрі-дәрмек қорын жасақтау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіп, қасқалдақтың қанындай болған аса қажетті дәрілердің дәріхана сөрелерінен табылуы үшін шаралар қабылданып, қатаң бақылауға  алынуда.

Әрине, әр кезеңде ел ішінде топалаңда тоқаш ұрлайтындар табылып жатады. Міне, сондай ел басына күн туып, адам шығыны болып жатқан тұста да құлқынның құлы болғандар арамызда әлі жүр.

Жергілікті билік тарапынан қаншама тексеру жұмыстары жүргізілсе де, қулығын асырып, дәрі-дәрмекті заңсыз сақтап, сатқан іс-әрекеттер мен карантиндік режимді бұзып тығылып той жасағандардың іс-әрекеті тыйылмауда. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралары тұрақты түрде өткізілуде.

Бүгінгі таңда  баршамыз үшін қойылатын негізгі үш талап бар. Біріншіден, жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі рационалды шешімдерді дер кезінде қабылдай білу. Екіншіден, сол шешімдерді жүзеге асыру барысында жедел әрекет ету, яғни, мобилділік. Үшіншісі, халық пен билік арасындағы тиімді кері байланыс орнату. Бұл талаптар былайғы жаймашуақ кезде де маңызды. Ал қазіргідей аласапыран жағдайда тіптен маңыздылығы арта түспек.

Бұл – біздің жалғыз мүмкіндігіміз. Екіншісі болмайды. Егер қазір пандемияның таралуын тежей алмасақ, бірнеше айдан кейін, яғни күн суытып, ауа райы адамдарды жабық орындарда уақыт өткізуге мәжбүрлейтін кезеңде, тіпті қиын жағдайға тап келуіміз мүмкін.

Шетелдік ақпарат құралдары күз айларында пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп хабарлауда. Әлем елдерінде коронавирустың жаңа түрімен ауырғандар тіркелуде. Мұндай деректерді еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығармайды. Демек, бұл жолы да коронавирус пандемиясын сөзімнің басында айтып кеткен құндылықтарға арқа сүйеу арқылы ғана жеңе аламыз.

Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген сөзі бар. Халқымыздың босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік міндет, бағымыздың жанбағы барымызды бағалай білуімізге байланысты. Дана халқымыз айтпақшы, бұл – «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез.                               

Бекет АХМЕТОВ,

Еңбекшіқазақ аудандық

мәслихат хатшысы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі қауым!

Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

 

Құрметті отандастар!

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктері қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтықтан жүзеге асыруды қолға алдық.

Құрбан айттың тарихына терең бойласақ, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ жібергеннен кейін оны сүйінші хабармен қуантқан. Бұл туралы Құранда баяндалған: «...Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибрахимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 106-111-аяттар).

Аса Мейірімді, ерекше Кеңшілік Иесі Раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай.

Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!

 

Жұма, 31 Шілде 2020 10:47

Құрбан айт – ұлық мереке

 

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Құран кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибрахим мен Исмаилдың дәуіріне дейін келіп жетті.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауапты істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау дегенге саяды.

Құрбандықтың мәнін ұғу үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жоқтан бар еткен Құдіретті ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Оларға қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек қана құлшылық жасасын деп жараттым» деген аят келтірілген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған иенің әмірлеріне бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу – тек мал бауыздау емес. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқаларда жұмысым жоқ деген түсінік оған жат. Өйткені, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес» деген. Пайғамбарымыздың хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 

Құрбандық шалудың үкімі

Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Осы турасында Алла тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп құрбан шалу бұйрық райда келген. Пайғамбарымыз «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту де құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп. Бірінші, Мұсылман болу, екінші, ақылды және балиғат жасына толуы, үшінші, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және төртіншісі, негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки, соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат етіледі.

 

Құрбандыққа шалынатын мал және оның ерекшеліктері

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынандай болуы қажет.

Алғашқысы, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкруһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушыларға еліктеудің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

Екіншіден, құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Үшінші, құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы тиіс.

Төртінші, құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнінде Алла пенделердің құлшылығына да құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниеті негізге алынады.

 

Құрбандық шалудың жөн-жобасы, уақыты

Мұсылман – Аллаға толықтай мойынұсын-ған адам. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Сондықтан Алла мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды. Пайғамбарымыз «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын» деп бұйырған. Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн: бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Екінші, Құрбан шалатын жерге малды ұрмай соқпай апару. Үшінші, Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төртінші, оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу Әкбар» деп бауыздау. Бесінші, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмау. Алтыншы, малдың қаны толық ағып біткенше күту. Жетінші, Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу.

Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалынған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларға беруге болады.

 

Бірігіп құрбан шалу

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

Сұлтанбек КАРИБАЕВ,

 Қызылжар ауылдық

«Қалыбек батыр» мешітінің имамы

 

Адам өзінің ата-анасын таңдай алмайтыны секілді отанын да таңдай алмайды. Яғни, өзің өмірге келіп, кіндік қаның тамған отаның, мейлі қандай жер болсын, оны сүюге, құрметтеуге, қорғауға міндеттісің. Ал жас ұрпаққа отанды сүю мен қорғау азаматтық парыз екенін ұғындыруда кез келген жанның қасиетті борышы екені анық. Осындай киелі міндетті мойнына алып, жас ұрпақтың болашағы мен отанымыздың келешегін байланыстырып жүрген ұстаздардың еңбегі бәрінен бағалы. Ал олардың ішінде патриотизм рухын оятып, жас ұрпақты адал да батыр, әділетшіл де турашыл болуға баулып жүрген алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің еңбегі бір төбе. Болашақ отан қорғаушыларды әскери өмірдің әліппесімен таныстырып, елін шексіз сүюге үндейтін бұл азаматтар қашанда биіктен көріне берері даусыз. Осындайда әл-Фарабидің: «Адамға алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек. Өйткені тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әйгілі сөзі ойға оралады. Біздің ауданымызда да әл-Фарабидің ақылиясын ту етіп, ұстаздық деген ұлы міндетті арқалап, шәкірттерін отансүйгіштікке баулып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Алжанбай Әсет Көшербайұлы.

Запастағы капитан Ә.Алжанбай – бүгінде 70 жасты еңсерген зейнеткер ұстаз. Бірақ зейнетке шықтым екен деп қоғам өмірінен бөлектеніп қалған жан емес. Өзінің сабақ берген алғашқы әскери дайындық пәнінің мәртебесі артып, жастардың отанын сүйетін, адал азамат болып қалыптасуы үшін жар құлағы жастыққа тимей, қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсетіп, өзгелерге үлгі болып келеді. Мәселен ағамыздың ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаев, «Даңқ» орденінің толық иегері Ыбырайым Қалдыбаев, Ұлы Отан соғысы ардагері, Алматы облысының «Құрметті азаматы» Ү.Нұрғазиев, Ұлы Отан соғысы ардагерлері Қ.Жауғашев, С.Иванов, Ж.Беркімбаев, М.Құрманқұлов, тыл ардагерлері О.Тәкібаева, И.М.Устьянова, Т.Я.Камальникова, Т.Т.Иванов, С.Бабаева, Д.Хасетов, М.А.Михайлюкова, Ж.Акпию-мов, еңбек ардагерлері Е.Сапаев, І.Құсайынов, А.Қозыбақов, М.Сабазбеков, Е.Сәдуақасов, Ә.Нәдірбеков т.б. секілді өмірі өнегеге толы тұлғалармен кездесулер өткізілді. Мұның бәрі бүгіні ұрпаққа біз өмір сүріп отырған замандағы бейбіт қоғамның оңай келмегенін түсіндіруге септігі зор. Өйткені аталған тұлғалар соғыс пен жоқшылықты бастан кешіп, небір қиын кезеңдерді қайыспай жеңіп шыққан рухы мықты азаматтар екені анық. Ал олардың ақылын тыңдап, барлығын өзіне өнеге тұтқан жеткіншектердің болашақта нағыз азамат болып қалыптасары анық.

Сонымен бірге, ағамыздың шақыруымен ҚР Парламент мәжілісінің депутаты болған Серік Әбдірахманов, ауған соғысының ардагерлері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл секілді азаматтардың жастармен кездесуі ұйымдастырылды. Олардан бөлек, ауған соғысының ардагері, генарал-лейтнант Р.Миратурдиев, генарал-майор С.Қазақбаев, Алматы қаласындағы «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Баймолдиновтармен де келелі кездесу, мәнді сұхбат өткізілді.

Әрине, бұл аталған жұмыстар айтуға ғана оңай екені анық. Ал осынша жұмыстарды атқару тек Әсет ағамыз секілді тәжірибелі де кәсіпқой ұйымдастырушылардың ғана қолынан келетіні анық.

Ағамыз тек қоғамдық жұмыстармен ғана емес, ұстаздық жолда да табысты еңбек етті. Соның арқасында Ш.Уәлиханов атындағы, Ы.Алтынсарин атындағы, «ҚР Қарулы Күштеріне – 20 жыл», «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек үздігі» медальдарынан басқа да ондаған марапаттарға ие болған.

Бүгінде Әсет ағамыз жетпістің желкеніне мінсе де жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етуде. Алда әлі талай жемісті жұмыс атқарып, халық пен мемлекет тарапынан марапаттарға қол жеткізетініне сенімдіміз. Тек осы бағытыңыздан айнымай, жас ұрпақтың тәрбиесі мен еліміздің ертеңі үшін еңбек етіңіз демекпіз.

 

Н.Тілеуқабыл

Дүйсенбі, 27 Шілде 2020 10:16

Бәрекелді, Бағлан!

Биылғы жыл талап басқа, алайда, тілек бір: жас буынды елін, жерін сүюге үндеу, бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал ету. Бұл мемлекеттің басты назарында. Осы ретте, дәстүрлі «Ұлт рухы» байқауы биыл онлайн форматта ұйымдастырылды. Қолдау білдірген – аудандық ішкі саясат бөлімі, ұйытқы болған – «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры мен аудандық жастар ресурстық орталығы.

Артықшылығы сол, былтырғы жылы аталмыш байқауға 11 жас қатысса, биыл қатысушылар саны 23-ке дейін өсті. Олар белгіленген ереже бойынша видеосын ұйымдастыру алқасына ұсынды. Нәтижесінде, жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Жарыс қорытындысында, жүлделі үшінші орынды Жаңашар ауылдық округінің қатысушысы Никита Герасименко және малыбайлық Бахтияр Сонуров иеленді. Ал Ават тұрғыны Тайржан Мансуров екінші орынға жайғасса, жүзден жүрік деп шелектік Бағлан Тынышпаев танылды.

 

Өз тілшіміз

Дүйсенбі, 27 Шілде 2020 10:05

Бірлік – береке негізі

 

Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын елімізде – болашағы біртұтас ұлт құру кезеңі кеңінен насихатталып келеді. Онда Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған құндылық жүйелерінің «Мәңгілік Ел» және ұлттық бренд болып табылатын «Ұлы Дала елі» атты жалпыұлттық патриоттық идеялар негізінде даму үдерістері қарастырылған. Мәдени, этностық, тілдік және діни тамырлардан нәр алатын жалпыұлттық құндылықтар қазақстандық біртектілік пен бірліктің іргетасы. Бұл дегеніміз – әрбір азаматтың өзінің шығу тегіне қарамастан, тағдырын Қазақстанмен байланыстыруы елді біріктіретін үлкен күш болып табылады.

2019 жылдың 1 мауысымын-дағы деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 18 млн 489,7 мың адам өмір сүреді. Тұрғындардың саны бойынша әлем елдерінің тізімінде біз 64-ші орында тұрмыз. Бүгінгі Қазақстанда саны 11,5 миллионға жуық қазақпен бірге 130-ға тарта басқа этностардың және этностық топтардың өкілдері өмір сүруде. Солардың ішіндегі ең көбі – 4 миллионнан астам – орыс ұлтының өкілдері. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамының 66,01%-ын қазақтар, 21,05%-ын орыстар құрайды. Бұдан басқа, украин, неміс, өзбек, әзербайжан, күрд, қырғыз, шешен, кәріс, ұйғыр, т.б. ірі диаспорлар бар. Олар әрқилы тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты қазақ жерінде қоныстанып қалған болатын.

Ал ауданымызда 54 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Мәңгілік Ел тұжырымдамасының негізі бір мақсат, бір мүдде принциптеріне өзге ұлт өкілдерін күштеп көндіру емес, біртұтас тарихи және саяси өткенімізге байланысты, кемел келешекті бірге құру. Бір мүдде аясында ұйымдасу, ұйысу.

Жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан бабаларымыздың дана да даңғыл жолы бұл.

Бүгінгі таңда Германия мен Ресейге және өзге де отандарына оралған қазақ жерінің тумалары, қазақ жеріне қайта келуге мүдделі екендіктерін жеткізуде. Мұны Youtube ғаламтор желісінен анық аңғаруға болады көзі қарақты оқырман. Себебі, қазақ даласында туылған неміс немесе орыс ұлтының өкілдері қазақтың еркін өмірімен ақ пейіл, адал ниеттерін аңсайтындығын жеткізуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Біз өзіміздің тұрақты-лық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқық теңдігіне кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет» – деді. Әсіресе, Елбасы қазақтарға мемлекет құрушы ұлт ретінде айрықша жауап-кершілік жүктелетінін ерекше атап өткен еді. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие.

Бейбіт әрі берекелі қоғам, дамыған мемлекет құру үшін осы қағидаттар қатаң сақталуы тиіс. Бұл ұрпақ үшін, Мәңгілік ел болу үшін әрбір ел азаматына жүктелетін жауапкершілік болса керек.                   

Ә.МАНАСБЕК

 

 

Жұма, 24 Шілде 2020 12:40

Ауыз су сапасы назарда

Жақында «NurOtan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақов және партия филиалының кеңесшісі Бағдат Рахимов Әймен ауылына ауыз су беру мақсатында мердігер «Сапа Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатқан құбырлардың сапаға сай төселу жолдарын бақылап қайтты.

Есік қаласы аумағындағы елді-мекендерді толығымен ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 4 млрд 476 млн теңге бөлінген. Бас мердігер – «Сапа Құрылыс» ЖШС. Аталған жоба партияның ерекше бақылауында. Осы мақсатта Әймен ауылына қарай ауыз су құбырларының төселу сапасын көрген комиссия мүшелері бірқатар ескертпелер айтты. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының әр сатысында партия қадағалау жүргізетіндігін жеткізді. Атап өтетіні, аталған жоба аясында 8 елді-мекенге ауыз су тарту көзделген. Олар: Бөлек, Әймен, Қызылжар, Қарасай, Қайназар, Көктөбе, Рахат және Өрікті.

 

Ә.МАНАСБЕК

Жұма, 24 Шілде 2020 12:36

Дәрі іздесеңіз...

Елімізде коронавирус індеті өршіп, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып», дәріхана сөрелерінде дәрі тапшылығы байқалды. Пандемия кезінде ең қажетті дәрі-дәрмектер табылмай, жұртшылық әбден әбігерге түсті. Осындай қиын сәтте пайда ойлаған кейбір дәріхана иелері бағаларды негізсіз өсіріп, қымбатшылықты қолдан жасаған.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан әкімі өткен аптада дәріханаларды аралап, ахуалмен танысқан. Мониторинг жұмыстары кезінде аудан орталығындағы екі дәріханада дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екендігі, мүлдем болмағандығы анықталған болатын. Соның бірі – Қ.Орымбетов атындағы көшеде орналасқан «Рауза» ЖШС-нің дәріханалар желісінің Есік қаласындағы филиалы. Осы аптада аталған дәріханаға барып, меңгерушісі Алуа Ашимановамен (суретте) кездесіп, жұмыс барысымен таныстық. 

Ғимарат табалдырығын аттағаннан-ақ, дәріхана белгіленген талапқа сай жұмыс жасайтындықтары көрініп тұр. Екі-үш адамнан артық кіруге болмайды. Медициналық маскасыз да аттап баса алмайсыз. Қызметкерлері де санитарлық нормаларды сақтауда.

Барлық дәріханаларда қара-пайым парацетомол мен аспирин табылмай, бар болған күннің өзінде бірнеше есе жоғары бағамен сатылып жатқанда, мұндағы дәрілер бағасы мүлдем өзгермеген.

– Аспирин 45 теңге, парацетомол 95 теңге, антигриппин 200 теңге. Пандемияға дейін де осы баға болған. Қазіргі уақытта барлық дәрілер жеткілікті деңгейде. Себебі, біз қойманы алдын-ала толтырып, дәрілерді көптеп аламыз. Сондықтан, індет өршіген кезде дәрі тапшылығы болмады. Тек, әр адамға 1 қораптан артық берілмеді. Қажетті дәрілер қоймада болмаған күннің өзінде, басқа қоймалардан жеткізіліп, сол бағамен сатылды, – дейді Алуа Қуандыққызы. Сөзіне сүйенсек, Есік қаласындағы бірнеше дәріхана дәрілерді осы жерден алып сатады екен. 

Шыны керек, дәрілерді таба алмаудан үрейленген жұрт бірнеше қорабын алып, дәрі тапшылығына себеп болуда. Осыны айтқан дәріхана меңгерушісі тұтынушылардың басым көпшілігі 20-30 қорабын бірден алғысы келетіндігін жеткізді. Тіпті, шу шығарып, жалынып тұратындар да табылатын көрінеді. Біреуге жан қайғы болса, енді бірі қысқа сақтауға қияр басу үшін бірнеше қорап аспирин сұрайды екен. Сол себептен де, бір адамға 1 қорап дәрі беріледі.

Алуа Ашиманованың сөзі-ше, қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақталғандай болған. Өткен апталарда дәріхана алдында кезек қаптап тұратын. Бүгінгі таңда қалыпты жұмыс жасап жатыр. Соның өзінде санитарлық талаптарды қатаң сақтайды. Ғимарат едені күніне бірнеше рет хлормен тазартылады. Қызметкерлер бетперде мен қолғапты шешпейді, санитайзерлер орнатылған.

– Ел басына күн туған қиын сәтте халықпен бірге болған «Рауза» ЖШС-нің басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Кейбір дәріханалар дәрі тапшылығын қолдан жасап, бағаны қымбаттатқан кезде, біздің дәріханалар желісінде ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Дәрілер бұрынғы бағамен саудалана берді. Адамгершілік пен адалдықтың арқасында біз қиын жағдайдан шыға білдік. Осылайша, аты жаман індетті де жеңетінімізге сенімдімін, – дейді Алуа Қуандыққызы.

С.НҰРАДИН

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ…

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные…
Қырқ 30, 2024

️ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН…

Халықтық штаб мүшелері Б.Рахимов, Т.Ұзақов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулері…
Қырқ 30, 2024

Бүгін Халықтық штаб өкілдері…

Ондағы мақсат – 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып,…
Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет