Жер жүзін жайлаған коронавирус індеті көптеген саланың жұмысына өзгеріс әкеліп, жаңа қиындықтарға жаңаша шешім қарастыру керектігін көрсеткендей. Әсіресе, білім беру жүйесіне әсер етіп, оқушыларымыз қашықтан оқытуға көшірілді. Биылғы жаңа оқу жылы да солай басталмақ. Соңғы тоқсанда жіберілген олқылықтардың орны толып, бірқатар түйінді мәселелер шешімін тапқан жаңа оқу жылына ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қауымы да қызу дайындық үстінде. Осы орайда, білім саласындағы жаңашыл өзгерістер жайлы олардың пікірін біліп, дайындық барысын сұраған болатынбыз.

 

Мария ЖАКИПБЕКОВА, ЕГЭК директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Білімге құштар жастарға кедергі жоқ

Ғаламның бүкіл шартарабын шарпыған әлемдік пандемияның қарқынды таралуына орай 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі де  төтенше жағдайға орай қашықтықтан білім беруді жүргізіп, оқу жылын ойдағыдай аяқтады. Санаулы күндерден кейін жаңа 2020-2021 оқу жылы басталмақ. Бүгінгі күні еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеу шаралары күшейтілгені баршамызға аян. Сондықтан  колледждегі оқу үрдісін  100% қашықтықтан оқыту бойынша  бастау жоспарланып отыр.

Колледжде оқу үдерісі «Platonus-колледж» автоматтандырылған жүйесімен жүргізіледі. Қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып оқыту онлайн немесе офлайн режиміндегі қашықтықтан оқыту сабақтарының және білім алушылардың өзіндік жұмыстарының үйлесіміне негізделеді. Білім алушылар үшін онлайн-сабақтың үздіксіз ұзақтығы 35 минуттан аспайды. Барлық іс-шаралар, педагогикалық кеңес және ата-аналар жиналысы  қашықтықтан өткізіледі.

Қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқу үдерісін ұйымдастыруды және үйлестіруді жоспарлау,  оқыту үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану нұсқаулықтарын әзірлеу, техникалық және кәсіптік білім берудің мемле-кеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес қашықтықтан білім беру технологияларының ерекшеліктерін ескеретін оқу жұмыс жоспарларын жасау, оқу материалдарын, оның ішінде электрондық оқу-әдістемелік кешендерді, электрондық білім беру ресурстарын қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жүргізілді және  интернет-платформада орналастырылатын сабақ кестесін, оқу үдерісінің кестесін жасау жұмыстары басталып кетті.

54 жылдық тарихы бар іргелі, облыс көлеміне ғана емес республикаға педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орнымызда бүгінгі таңда күндізгі оқу бөлімінде мемлекеттік тапсырыс бойынша барлығы – 986 студент тәлім алады. Оның ішінде оқуын жалғастыратыны – 711 студент болса, 275 студент жаңадан қабылданған.

Күнде өзгеріп жатқан ғаламда уақыт талабынан қалмай, бәсекеге қабілетті болу – бүгінгі күннің басты талабы. Білім саласындағы басты өзгерістердің бірі ретінде білім мазмұнының жаңаруын айтуға болады. Бұл – уақыт талабынан шығуға деген талпыныстан туған жауапты қадам. Өткен 2019-2020 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің жаңартылған білім беру мазмұнына толық көшуі аяқталды. Осыған орай 2020-2021 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары, яғни колледждер  жалпы орта білім берудің білім беру бағдарламаларын жаңартылған мазмұн бойынша оқытуға толықтай көшірілді,  яғни мектептің 9 сыныбын бітіріп, колледжге оқуға түсіп, студент мәртебесіне ие болған студенттеріміз   жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқиды. Бүгінгі педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан бітіруші түлек – ертеңгі педагог-маман, жаңартылған мектеп мұғалімі. Сол себепті болашақ педагог-мамандардың даярлығының сапасы, кәсіби құзыреттіліктерінің деңгейі – көкейкесті мәселе. Сондықтан қашықтықтан оқытуды сапалы жүргізуге педагогикалық ұжым үлкен жауапкершілікпен қарауда. Оқытудың жаңа форматының көшіне ілесіп кету, тәжірибеде тиімді қолдану мен сандық технологияларды одан әрі жетік меңгеру мақсатында  ұстаздарымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамының оқу-тренингтік орталығы ұйымдастырған «Педагогтардың IT құзіреттіліктерін дамыту және жетілдіру» атты   біліктілікті арттыру курстарынан өтіп,  кәсіби біліктіліктерін одан әрі шыңдай түсуде. Оқытушыларды қашықтан оқыту жүйесі шығарма-шылыққа, технологиялық ізденіске жетелеуде.

Қазіргі жастар – ақпараттық технологиялардың қыр-сырын жетік меңгерген, бір сөзбен айтқанда сандық технологиямен қаруланған ұрпақ өкілдері.

Қашықтықтан оқыту – оқуға талап білдірген кез келген адамның білім алуға және белгілі бір ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру беру жүйесі нысандарының бірі ретінде қарастырылады және мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп еш кедергісіз білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жүйе болып табылады. Білімге құштар жастар үшін – қашықтан оқу кедергі емес. Ахмет Иүгінеки айтқандай: «Білген адам білімді өмір бойы іздейді».

 

Арсен БЕКМҰХАНБЕТҰЛЫ, №1 Рахат орта мектебінің оқушысы:

Баяу интернет – оқуға кедергі

Тышқан жылы еліміз үшін, барша әлем үшін оңай жыл болмады. Коронавирус індеті адамзатты әуреге салып, төтенше жағдай жариялап, қатаңдатылған карантин шараларын енгізуге мәжбүрледі. Тиісінше, барлық салаларда өзгерістер болып, қауіпті вирус оқушылар қауымы үшін де қиындықтар туғызды.

Өткен оқу жылында көктемгі тоқсандық демалысқа ерте шықтық. Әрине, мұның барлығы біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалған шаралар. Десек те, мектеп қабырғасында отырып, сыныптастармен бірге білім алғанға ештеңе жетпейді ғой.

Төртінші тоқсанда онлайн оқу жүйесіне ауысып, ұстаздарымыз қашықтан білім берді. Бұл тәсіл басқа өңірдің балалары үшін қиындық туғызбауы мүмкін, алайда, мен тұратын саяжай оқушыларына оңай болмады. Есік қаласының төменгі жағындағы саяжайларда интернет желісі өте нашар, сондықтан онлайн оқудың біз үшін машақаты көп. Ал алаңсыз білім алу үшін жоғары жылдамдықты ғаламтор желісі болу міндетті. Әрине, тосыннан келген қауіпті індет дайындық жұмыстарын жүргізуге мұрша бермеді. Білімді әрі тәжірибелі ұстаздардардың арқасында мектепті аяқтап, жазғы демалысқа шықтық. Бірақ, қауіптің беті қайтар емес. Президентіміз қоғамдық орындарда медициналық бетпердемен жүруді ескертіп, адам көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы да қашықтан оқыту арқылы басталатындығын айтты. Жоғарыда айтқан интернет желісінің кемшілігі биыл қайталанбайды деп сенеміз. Өйткені осы мәселе «Еңбекшіқазақ» газеті тарапынан көтеріліп, құзырлы мекемелер интернет желісі нашар жерлердің географиялық координаталарын анықтап, тізімі тиісті органдарға жіберілгендігі айтылған.

Шыны керек, онлайн оқу жүйесі маған аса ұнаған жоқ. Оның бір себебін, атап өттім. Екіншіден, мұғалімдеріміз бен сыныптастарымды сағынамын. Бір партада отырып, бәсекелесіп сабақ оқығанға ештеңе жетпейді. Сондықтан коронавируспен күрес адамзат үшін нәтижелі аяқталып, тыныс-тіршілігіміз, әсіресе, білім беру жүйесі қалпына келіп, мектеп қабырғасында алаңсыз білім алатын күн туарына сенемін.

 

Асия НУРЕББАЕВА, ата-ана:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Негізінде, қашықтан оқыту білім саласы үшін таңсық дүние емес. Бұған дейін еліміздегі көптеген жоғарғы оқу орындарында қашықтан оқыту бөлімдері ашылып, студенттер өз ісінің мамандары атанды. Осы жүйе арқылы қазақстандық жастар шетелдік оқу орындарын тәмамдап шықты. Ал әлемді жайлаған пандемия кезінде қашықтан оқыту жүйесі өзінің қажеттілігін көрсете білді. Осылайша, орта білім ошақтарының оқушылары да онлайн түрде оқуға көшті.

Әрине, бұл бірінші кезекте балалар мен ұстаздардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара болды. Алғашында олқылықтар да орын алғаны жасырын емес. Білім алу платформасы бірнеше рет өзгеріп, оқушылар мен ата-аналар абдырап қалғаны шындық. Ұлым Таутүрген орталау мектебінің 4 сыныбында оқып жүрген. Қашықтан білім алу жоғары сынып балаларына қиындық туғызбауы мүмкін. Ал бастауыштың оқушыларына тәжірибелі ұстаздар мен ата-ананың қолдауы үнемі қажет. Төртінші тоқсанда  қашықтан оқу барысында қиыншылықтар болды, интернет желісінің баяулығы және негізгі пәндерді түсінуі мектеп қабырғасындағыдай болмайтындығы  жасырын емес.

Әне-міне дегенше жазғы демалыс та аяқталып, балам 5-сыныпқа бармақ. Әлемді жайлаған індеттің әлі де беті қайтпай тұр. Сондықтан жаңа оқу жылы қашықтан білім берумен басталады. Оқушылар сағына күтіп, достарымен, ұстаздарымен қауышатын білім күніндегі алғашқы қоңырау соғу дәстүрі де биылға болмайды. Бұл балаларымыз үшін қиын болғанымен, солардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Қазіргі таңда бала тұрмақ, ересек адам үйден шықса, жанымызды  шүберекке  түйіп аман-есен оралуын күтіп отырамыз. Сондықтан, мамандардың кеңесіне құлақ асып, сақтық шараларын барынша орындағанымыз жөн.

Әр баланың мектепке барып білім алғаны, үйде онлайн түрде сабақ өткенінен мың есе артық. Ұлым 1 қыркүйек күні мектепке барып, мұғалімдермен, сыныптастарымен қауышып, білім ордасында оқуды қалайды. Меніңше, барша балалардың арманы сол. Алайда, «Сақтықта қорлық жоқ» – деген ғой дана қазақ. Сол себепті де, балаларымызға бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қазіргі жағдайда, тазалық пен сақтық шараларының қаншалықты маңызды екендігін ұғындырғанымыз абзал. Өмір бойы осылай жалғаспайтындығы анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Сондықтан, уақытша қиындық кезінде ұстаздарымызға да түсіністік танытып, балаларға білім мен тәрбие беруге өзіміз де атсалысайық. Сонда ғана, қауіпті індетті бірге жеңіп, ұл-қыздарымыздың мектеп қабырғасында сапалы білім алуына жол ашамыз.

 

Бибінұр БӨДЕНБАЕВА,

Шелек ауылындағы № 1 орта мектебінің бастауыш  сынып мұғалімі:

Жаңа оқу жылында жаңа серпін

Биылғы 2020-2021 оқу жылы да келіп жетті. Оқушылар мен мектеп табалдырығын жаңа аттағалы  отырған бүлдіршіндер 1 қыркүйекті тағатсыздана күтеді. Өкінішке қарай, еліміздегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында және әлемді жайлаған пандемияға байланысты оқушылар қашықтықтан оқуға мәжбүр.

Мектепке келуді асыға күтіп отырған бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру – мұғалімнің шеберлігі мен ізденімпаздығы және шығармашылығының жоғары деңгейде болуына байланысты. Қашықтықтан оқыту – оқушы  мен мұғалімнің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. Осыған орай, ұстаздар қауымы кез-келген жағдайда балаларды сапалы біліммен сусындатуға дайын болуымыз керек. Оқушылардың білім сапасының жоғары деңгейде болуы үшін әрбір ұстаз жауапкершілікті мойнына алады. Сол себепті биылғы оқу жылына дайындық ретінде мектеп директоры А.Қырықбайдың басшылығымен барлық мұғалім «Қашықтықтан оқытуды үйретемін» тақырыбында курс оқып, сертификатталды. Біздің мектебіміз  «BilimLand.kz – онлайн мектеп» платформасымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Баршамызға мәлім, қашықтан білім алып, онлайн оқу үшін балаларға компьютер мен планшет-смартфондар керек. Ал көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оған шамасы келмейді. Осы орайда мектебіміздегі көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы балаларына мектеп тарапынан 157  компьютер берілді. Сонымен қатар, 15 мұғалім компьютермен қамтылды. Оған қоса, мектеп ұстаздары мен сынып жетекшілердің қолдауымен қаржылай көмек ұйымдастырылып, 1 отбасына компьютер алып беру жоспарланып отыр.

Қандай жағдай болмасын, балаларымыз сапалы білім алуға құқылы. Біз, ұстаздар қауымы, осы мақсатта жиған тәжірибеміз бен білімімізді пайдалана отырып, барымызды саламыз. Қиын кезеңге қарамастан, өз саласының дамуына жаңа серпін беретін маман ғана өз елін жарқын болашаққа бастамақ. 

 

Әзірлеген Сардарбек НҰРАДИН

 

Жексенбі, 30 Тамыз 2020 09:17

Айбарымыз – Ата заң

30-тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Елімізде мемлекеттік мереке болып, осы аталған күні тойланады. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйек күні күшіне енген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Ұлт ретіндегі нышанымыз іспетті Ата заң – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, бастапқы саяси және құқықтық құжаты ретіндегі рөлді иемденеді. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген. Тәуел-сіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған еді. Дәл осы күні қабылдау жиынына сол кездегі Жоғарғы кеңес мүшелерінің 312-сі қатысып, 309 депутат жақтап дауыс берген және үшеуі қалыс қалады.

Ал, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде Қазақстан президенттік-парламенттік билікке көшті. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында былай деп айтқан еді: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ».

 Тарихқа көз жүгіртсек, өткенімізде бүгінгі егемендіктің бейнесі талайлар күткен, осы үшін күресіп, қол созған арман болды. Ата заң да айбынымызды асқақтатып тұрған, мемлекет екенімізді айқындайтын бір белгі. Сондықтан, ол халық үшін қастерлі! Атақты ақын Жамбыл Жабаев бұрынырақта заңның өмірге келуіне байланысты өлеңінде былай деп жазған:

Масатыдай түрленіп,

Отанымды гүлдентті.

Бесіктегі баламды

Ана болып тербетті.

Тоқсандағы шалыңды

Шарықтатып көңілін,

Көкке құлаш серметті.

Қанат берді халқыма

Әуелетті, өрлетті.

Ағытылған өзендей

Сарқыратты еңбекті, − деген екен. Расымен-ақ, ел мүддесін қорғап, әділдіктің туын көтеретін, күштінің әлсізге қиянат қылуына тыйым болатын заңның орнауы да үлкен қуаныш. Мұны қазақ халқы ежелден білді. Әз-Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарғаны бәрімізге мәлім. Тәуке хан ХVІІ-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастаған тұста хандықты нығайтуға күш салған көсем. Ол бұл мақсатының жүзеге асуы үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет екенін жақсы түсінді.

Бүгінгі Коституциямыздың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.  Елбасымыз салып берген сара жолмен ел іргесі берік, бейбіт және өрлеуге толы ғұмыр кешуде. Конституциялар қабылданған елдер қатарына – Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Израил мемлекеттерін жатқызуға болады.Әлемдегі ең көлемді заңдар жинағының бірі Үндістанда. Үндістанның 1949 жылы қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген, 395 баптан, 12 бөлімнен, 500 толықтыру мен түзетуден, 117 400 сөзден тұрады. Конституция күнін мемлекеттік мейрам ретінде атап өтетін елдердің бірі – Америка Құрама Штаттары. Жыл сайын 17 қыркүйекте – Филодельфияда әлемдегі тұңғыш Америка Құрама Штаттары Конститу-циясының қабылданғанын атап өтеді.

Ата-баба қастер тұтқан «заң» ұғымының аясы кең, мәні терең. Әрине, ұғына білген жанға, Конституция – қастерлі қазына. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынғанның құл болмасы  анық.

          Ілия Сұлтан

Жексенбі, 30 Тамыз 2020 09:13

Жалғыздың үні шықпас

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз». Осылай басталған еді 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияның кіріспесі. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысының» заманауи жалғасы болған Ата Заң қазақ халқының ежелден келе жатқан дала заңдарына негізделіп, ұлттық құндылықтар сақтала отырып жазылған. Сол үшін де жасампаз Қазақстанның дамуы жолында Конституцияның маңызы өте зор. Осы орайда, маңызды құжаттағы маңызды мәселені көтергенді жөн көрдік.

«...Ал екінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім» – деп, өзінің саналы ғұмырындағы үш бақытының бірін «тілім» деген ақиық Мұқағали Мақатаев жырлаған тіл мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Жаза-жаза жауыр болған тақырыпты қозғаудан біз де түңілмек емеспіз. Тіл – ұлттың өткені, бүгіні мен болашағы. Сондықтан оны қадірлеп-қастерлеу барша қазақстандықтардың азаматтық борышы. Десек те, бүгінгі күні осы қасиетті құндылықтың қадіріне жете алмай жүргендейміз.

Жоғарыда аталғандай, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы қабылдаған Қазақстан Республикасының бас құжаты – Конституцияның 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі айқын жазылған.

«1. Қазақстан Республикасын-дағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.

  1. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
  2. Мемлекет Қазақстан хал-қының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды». Міне, Мұқағалиша айтқанда, үш бақытымыздың бірі Ата Заңда осылайша айқындалған. Бірақ, мемлекеттік мекемеге жатпайтын қоғамдық қызмет көрсету орындарын қоспаған күннің өзінде, көптеген ұйымдарда ресми тілге басымдық беретіндігі жасырын емес. Оны күнделікті өмірден көріп, біліп жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желілер жарыса жазған қазақ ұлты бас қатыруы тиіс мәселені түрік азаматы Оғыз Доған көтеріп, бірқатар мекемелерді сотта жеңіп шыққандығы біз үшін үлкен сын.

Кеңестік кезеңде өмір сүріп, тәрбие алған аға буынның мемлекеттік тілге шорқақтығына сол заманның қате түсінігі мен құлдық сананы айыптаймыз. Ал бүгінгі күннің, тәуелсіз Қазақстанның жастары, әсіресе, қалалық жердің тұрғындары мемлекеттік тілді менсінгісі келмейді. Бұл сорақылыққа кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Ол аздай, соңғы кездері «Қазақ тілі Қазақстанда ғана керек. Әлемдік деңгейге жету үшін халықаралық тілдерді меңгеруіміз керек» – деген пікірлер де айтылып жүр. Рас, біздің ана тілімізді біліп қана, шет елдерде жетістікке жете алмайтындығымыз хақ. Бірақ, Қадыр Мырза-Әлінің:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп, тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құметте» – деген нақылын қайтпекпіз? Өзіміздің арымызды түзеп алмай, өзгені меңгеруге бет бұрғанымыз артық болар. Бұл тұста неміс ұлтынан шыққан қазақстандық әдебиеттанушы, публицист Герольд Бельгердің қазақ тілі жайында айтқан сөзі де еріксіз еске түседі. «Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16 893 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық» – дегені ана тіліміздің асқақтығын айқындап тұрғандай.

Хош, қарапайым азаматтар-дың қазақ тіліне деген салғырт көзқарасын өзгерту үшін аз жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Жылына миллиондаған қаражат, өз елімізде өз тілімізді дамытуға жұмсалады. Ұят та болса шындық осы. Ал қара халыққа үлгі көрсететін шенеуніктердің қазақшасы мәз емес. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» – деген Елбасы Н.Назарбаев осыдан екі-үш жыл бұрын игі бастама көтеріп, мемлекеттік қызметшілерге ана тілімізді меңгеруді тапсырып, Үкімет сағаттары мен жиналыстар мемлекеттік тілде өтуі керек деген тапсырма берген болатын. Тұңғыш Президент тапсырмасы жерде қалмады, түрі қазақ болғанымен, тілі орысша сайрап тұрған шенділеріміз, ана тілді меңгеруге уәде беріп, тіпті, кейбірі түсініксіз болса да «әупірімдеп» қазақ тілінде баяндамалар жасады. Кейіннен, бұл бастама Парламентке де жетіп, халық қалаулылары да қазақ тілінде сөйлей бастады. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Шенеуніктер баяғы әдетіне басып, жиналыстарымыз ресми тілде өз жалғасын тапты.

«Жоғарғы жақтың» күйі осы болса, басқалардан не күтпекпіз деген ойға қаласың кейде. Алысқа бармай-ақ, ауданымызда да мемлекеттік тілді дамыту жүзеге асып, заңға құлақ аспайтындармен және жарымжан жарнамалармен күрес аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан жүйелі жүргізілуде. Алайда, құзырлы мекемедегі бір-екі мамандардың күші хакім Абай секілді мыңмен жалғыз алысуға жетпейтіндігі жасырын емес. Бір ғана мысал, елімізде коронавирус індетіне байланысты карантин шаралары күшейтілгелі, қоғамдық орындар мен жабық мекемеде медициналық бетпердесіз жүріп-тұруға тыйым салынды. Сәйкесінше, ғимараттар кіре-берісіне «Медициналық бетпердесіз кіруге тыйым салынады!» деген ескерту қағаз ілу міндеттелді. Бұл тұста да қазақ тілі жайына қалды. Ескертпелердің басым көпшілігі «Без маски не входить!» деген ресми тілдегі жазумен шектелді. Халық көп жиналатын банк бөлімшелерінің өзі мемлекеттік тілді менсінбегендей сыңай танытты. Есік қаласының орталығында «Ақ тілек» мейрамханасының ғимаратында орналасқан «Еуразиялық банктің» есігінде орысша ғана жазуды байқадық (суретте). Әлде, медициналық бетпердемен ғимаратқа кіру қазақтілді азаматтарға қатысы жоқ па, түсініксіз. Енді баршамыз орындауға міндетті заңға жүгінейік. Қазақстан Республика-сындағы тіл туралы заңның тілдерді қолданылуын реттейтін 8-бабында: «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады» – делінген. Мұндағы мемлекеттік тіл дегеніміз – қазақ тілі екендігін ұмытпағанымыз абзал. Ол аз десеңіз, жоғарыда аталған медициналық бетперде туралы ескертпе қағаздың жазылу тәртібі де заң жүзінде көрсетілген. Осы заңның 21-бабы деректемелер мен көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің орнын айқын-дайды. «...Бланкілер, маңдай-шалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» – делінген. Керек десеңіз жазылған көрнекі ақпараттарды орналастыру тәртібі де қарастырылған осы бапта. «...Көрнекі ақпараттың барлығы мынадай ретпен: мем-лекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттардың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін...» – деп тайға таңба басқандай жазылған заңда. Ал бүгінгі көшедегі жарнамалар мен көрнекі ақпараттарға қарап, азаматтарымыз мемлекеттік тілді де, заңды да менсінбейтіндей күй кешесің.

«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген дана қазақ. Бір мақаланың күшімен немесе әкімдіктің бір-екі мамандары қоғамды түзей алмасы анық. Қоғамды түзеуді баршамыз өзімізден, отбасынан бастауымыз керек. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлаған азамат қана шын патриот деген атқа лайық. Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан айтқандай, «Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ». Осыны естен шығармайық, құрметті оқырман.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Дүйсенбі, 24 Тамыз 2020 15:21

Біріңді қазақ бірің дос...

 «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос» –деп хакім Абай айтып кеткен осы ғақлия бүгін маңызы күшеймесе, кеміген жоқ. Адам баласы туғанынан бірдей болып өмірге келмейді – біреу артық, біреу кем дегендей. Ол туралы қазақ атам қысқа қайырған – «бес саусақ бірдей емес» деп. Сондықтан да болар бабаларымыз да, бұрынғы, бүгінгі қоғам да сол бес саусақтың нәзіктеу, осалдауларын, яғни қоғамның әлжуаз топтарын ерекше қамқорлыққа алып, қорғап, қолдап отырған.

Алайда, қай заманда болсын қоғамның әлді топтарының бәрі бірдей әділетті болып, өзінен төмендерді алақанға салып, өбектеп отыр деу ағаттық. Тіпті, қоғамның ең үлкен екі тобы – ерлер  мен әйелдер арасында тып-тыныш теңдік бар деу қиын. Табиғи жаратылысы жағынан тепе-теңдік болу мүмкін емес. Айтпағым, ерлердің арасында әйелге, қыз балаға қол көтеру, зорлау дегендер бүгінгі күні неге көбейіп кетті? Кейбір таяз ойлы пақырларымыз әйелді теңсіздікте қысымда ұстау бабаларымыздан қалған феодалдық заманның сарқыншағы деп ұқтырғысы келеді. Тіптен олай емес! Қазағымыздың ойшыл, ақын, қоғам қайраткері Абай өскен ортада тек кещелер ғана өктемдік көрсеткенін М.Әуезовтің «Абай жолынан» білеміз, басқа да тарихи, әдеби шығармалардан білеміз. Өз басым он тоғы-зыншы ғасырдың өкілі Ахметжан бабамның қыз балаларға, келіндеріне сый көзбен, қамқорлықпен қарағанын көріп өскенмін.

Ал өз тараптарынан Абай өскен ортадағы әйел заты ерлеріне қалай сыйластықпен қарап, дәстүрді сақтап ғұмыр кешкенін де сол туындыдан білеміз. Сондықтан өткенімізге топырақ шашудан бұл тұрғыда сақ болған жөн.

Ал қазақтың басын біріктіруге кедергінің бірін рушылдыққа сілтейміз. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, тегімізді білу тектілікті, рухани кодымызды сақтаудың талабы. Бір-ақ мысал: ежелден жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген, сондықтан да басқа ұлттарға қарағанда санымыз ат төбеліндей аз болғанымен, ақыл-сана, күш-қуат, ерік-жігер жағынан көштен қалмаған қазақпыз. Көп жағдайда сол көштің алдындамыз. Ал руға бөліну, жүзге бөліну деген міне өткен өмірдің нағыз сарқыншағы десе де болады. Тіпті бөліну деп айтпай, бөлу десек те болады. Ру, тайпа, аталарға бөлу дегенді бұрынғы метрополия – орыс елі сайқал саясатпен пайдаланғанын тарихтан білеміз. Ресей патшасының генерал губернаторларының бірі қазақтар өз даласында өсетін сексеуіл деген ағашқа ұқсас. Ол өсімдікті балталап кесе алмайсың. Тек қана біріне-бірін соғып сындыруға болады. Міне, біріне-бірін, бір руды, екіншісіне айдап салып жүгендеп отыру саясатын ұстанған. Сөзім дәлелді болу үшін, жоғары оқу орнының әскери кафедрасын аяқтап, офицер погонын таққаннан кейін, оқу дивизиясында тәжірибеден өттім. Саяси-әлеуметтік бағытта. Сондағы менің жетекшімнің Украина азаматының (тәжірибені Кеңес кезеңінде өттім) сөз-дері әлі құлағымнан кет-пейді. Көрші мемлекетпен шекара бойындағы қазақ тұрғындарының қай рулардан, тайпалардан тұратыны ғана емес, солардың арасындағы кикілжің, дау-дамайлардың да тарихы туралы деректер бар екен де, кезегі келіп қалса, сол дау-дамайды отқа май құйғандай пайдалануға даяр екен. Міне, қазақ бауырлар, сонау он тоғызыншы ғасырда ғұмыр кешкен хакім Абай бізге біріңді бірің дос санамасаң, ел болуың қиын деп ескертіп кетпеді ме?! Ескертті, ал біз әлі де бөлінуден арылған жоқпыз. Бүгінгі күннің бөлшектеу тәсілі – нағыз қазақ пен шала қазақтар арасындағы қайшылықтар. «Нағыз қазақпыз» деп кеудесін ұратындарға айтарымыз сол «шала» деген қандастарды сөгіп, сынай бермей қол ұшын беріп, қатарыңа қосуға тырыс. Ал «шала қазақ» деген аттан арылу үшін ол бауырлар ана сүтімен дарымаған ана тілін өз ұлтының ортасында өмір сүре жүріп игеру қиын емес шығар, тек ынта-жігер, намыс болу керек деп есептейміз.

Абай хакімнің «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деген бір-ақ ауыз сөзінен туындайтын нақты қорытынды осы.

Хайролла

Ахметжанов.

В городе Клуж-Напока состоялась церемония открытия Дней культуры Казахстана. Об этом сообщили на странице посольства РК в Румынии в Facebook.

В своем выступлении посол Казахстана Нурбах Рустемов рассказал об истории и традициях Казахстана, особенно замечательных личностях, таких как великий поэт Абай.




 

«Организация Дней культуры предоставит румынской публике уникальную возможность узнать больше о культуре, традициях и богатой истории нашей страны. В то же время творчество Абая может стать важной связью у двух народов»,- отметил казахстанский дипломат.




 

Мэр Клуж-Напока Эмиль Боц подчеркнул, что «дни культуры внесут значительный вклад в укрепление культурных связей между Казахстаном и Румынией, а масштабы самого мероприятия впечатляют и уже привлекли внимание многих жителей город «.




 

Во время мероприятия открытие выставки молодой художницы из Казахстана Алуа Тебеновой, которая живет в Румынии.




 

Представителям научной, деловой среды, СМИ были показаны фильмы «Қазақ хандыгы. Алтын тақ «, «Шынырау» и «Кунанбай», которые рассказывают об исторических событиях казахского народа.




 

Завершением культурной программы станет шоу 23 августа в честь 175-летия Абая Кунанбаева - румынский камерный оркестр исполнит великие произведения казахского поэта.

 

Клуж-Напока - большой экономический, административный и культурный центр Румынии. Второй по величине город страны, один из старейших городов региона. Считается одним из самых гостеприимных городов Европы.

Клуж-Напока имеет богатое культурное наследие. В городе регулярно проходят концерты, театральные спектакли.

 

Сейсенбі, 18 Тамыз 2020 14:38

Елі шырайлы, жері шұрайлы

Қаражота – аудан өңірінде жермен бірге көркейіп, елмен бірге шырайланып келе жатқан өзіндік алар орны бар округтердің бірі. Батысында Жарсумен, шығысында атақты Аяққалқан шипажайымен, солтүстігінде Ілемен  шегараласып жатыр. Ес біліп, етек жинаған ықылым заманнан бері Ұлы жүз тайпаларының ата қонысы болып, жерінің түгін тартсаң майы шыққан, төрт түлік малға аса жайлы, нулы, сулы өлкенің құйқалы бір пұшпағы. Осынау өңір – қасиетті атамекенін жаудан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қасқайып, қайтпай қорғаған батырлардың, топ жарып  көсем сөз бастаған би мен шешендердің, мал өсіріп, ел тыныштығын сақтап, қабырғалы қорған болған еңбекқор шаруалардың мекені. Осы уақытқа есімдері, ерлік істері халық жадында сақталып келе жатқан Қараш би, Райымбек, Әжібай, Сұраншы, Ескене, Малай секілді көптеген тау тұлғалы, сардаладай кепілді бабалардың тұлпарларының тұяқ ізі бар құтты қонысы. Бертін келе патша өкіметінің отарлау саясатының күштеуімен келіп,  бүгінде бір-біріне бауыр басып кеткен орыс, ұйғыр, азербайжан, түрік, дүнген, т.б. ұлт өкілдерінің де қоныс тапқан жері.

Қаражота – орналасқан жері сортаң, биік жотада болғандықтан сәйкестендіріліп аталған  тарихи  атау. Димитров колхозы болып 1930 жылы құрылып, 1962 жылдың көктемінде Авангард темекі совхозы, күзінде «Қызыл-Жиде» қой совхозы болды. Осы атаумен 1995 жылға дейін аталып келді. «Қызыл-Жиде» қой совхозының тарауына байланысты 1996 жылы Қаражота селолық округі болып аталды.

Қаражота  ауылының жалпы тұрғындар саны 3321 адамды құрайды. Ал отбасы саны – 550 түтін. Олардың ішінде 357 зейнеткер, 2702 жұмысқа қабілеті адам бар. Ұлттық құрамына келсек, 2925 қазақ, 329 ұйғыр, 67 әзербайжан және түрік мекендейді. Бүгінде 400 шаруа қожалығында 1175 адам жұмыс істейді. 13 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады.

Қаражота ауылында Б.Момышұлы атындағы орта мектеп 1938 жылы ашылған. 1978 жылға дейін Димитров, 1978 жылдан бастап қазақ батыры, көрнекті ғұлама жазушы Бауыржан Момышұлының есімімен атала бастады. Оқушыларға сапалы да терең білім, ұлттық тәрбие беру жолында 57 ұстаз аянбай еңбек етуде. Мектеп директоры, білікті маман Амина Пірімқұлованың басшылығымен оқушылар, педагогикалық ұжым көптеген басқосуларда, олимпиадаларда, конкурстарда алдыңғы орындардан көрінуде. Мектепте Бауыржан Момышұлының ұлы, марқұм жазушы Бақытжан мен келіні Зейнеп Ахметова секілді атақты адамдар болып, кездесулер, көптеген қызықты шаралар өткізілді.

Негізінен жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген, оның ауыр да бейнетті жұмысына белі қайыс-пағандар отарларына отар қосуда, дәулеті шалқуда. Қуат Ибадиев, Мурат Нашарбеков, Қанат Нұрмаханов, Дәулет Игенбаев, Жеңіс Әбдрахманов, Мақсат Игенбаев, Оңал Мақашев, Тілеубек, Ержан  Саровтар, Мухамия Нұрақынов, Советай Әнисов, Жумабай Сейсенбаев, және осылар секілді ондаған мал фермерлерді көптеп атауға болады. Олардың төккен тер текке кетпейді. Еңбектері жанады. Бұлар ауылдың шынайы мақтан тұтар жандары.

«Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» демей ме дана қазақ. Кеңестер кезеңінде колхоздар мен кеңшарларды  селолық кеңес атқару комитеттерін басқарған азаматтар қазір бақилыққа аттанып кеткен. Қ.Жабықбаев, Ж.Кашкеев, Т.Тохтыбакиев, С.Айсабаевтарға көше атаулары беріліп, еңбектерін айғақтап, істерін ұмытпауға үндегендей.                                            

Осылар секілді бұрынғы сельсовет, совхоз басшылары Қ.Жабықбаев, Ж.Кашкеев, Н.Разиев,  Ж.Сабиров,  А.Байсубанов,  Н.Мұқаметқалиев, Б.Орынтаев, С.Страхов, А.Гаитов, Н.Племянников, Редько, Ысқақов, А.Шындалиев, А.Ташенов, С.Оғұлғазиев, С.Бекболатов, С.Айсабаев, А.Ілімбаев, Р.Шаймерденов сияқты басшы қызметтерде болғандарды ұрпақтары ұмытпайды.

Қаражота ауылында кеуде керіп мақтаныш тұтар азамат тұлғаның бірі – халық емшісі, шөп дәрілерімен емдеуші Асқарбек Рахимов. Атамыздың атақ-даңқы Қазақстаннның төрт бұрышына таралған. Ем іздеп, атамыздан ақыл-кеңес алуға Атырау мен Алтайдан тартып, басқа да өңірлерден келіп жатқан жандарда есеп жоқ. Халық емшісінің шипалы қолы, шөп дәрілері дімкәс жандарға шипа болып, олардың шынайы алғысы мен құрметіне бөленуде. Асқарбек Рахимовтың «Емдік шөптер» деген кітабы да жарық көрді. Ол жайлы газет, журналдарда очерктер мен бірнеше мақалалар жарияланды. «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Ауылымызда орны ерекше, өмір бойы саламатты өмір салтын уағыздап келе жатқан ғазиз ана, халық қамқоршысы, сынықшы Досберген қызы Ұлтуған апа да бар. Алматы облысы Шелек өңірінде 60 жыл уақыт алдына қиналып иық ұршығы, саусақтары орнынан тайып кеткен, аяқ саусақтарының шығып кеткен, тобық шығып, аяқ сүйектері шорт сынған, бел омыртқасы тайып кеткен адамдарға көмегін аямаған.

Қаражота ауылында қажырлы еңбек еткен мақтан тұтар азамат тұлғалардың бірі – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төс-белгісінің иегері, «Көктен биік» кітабының авторы, көп балалы ана, қарт ұстаз Тұрсынхан Шәлдибекқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, кәсіпкер Қырғызбай Нақышбеков сынды азаматтар да ауылымыздың мақтанышы.

Б.Момышұлы атындағы орта мектептің түлектері техника ғылымдарының кандидаты, доцент, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Айгүл Кәріпжанқызы Қожахан және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Жандос Сапарғалиұлы Шыныбай ауылымыздың атын алысқа танытып жүр. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының спорт шебері, Алматы қаласы БІІБ дене шынықтыру дайындығы және спорт басқарма бастығы, бүкіл-әлемдік қоян-қолтық ұрыс федерациясының маманы, полиция қызметкерлері арасындағы әлем чемпионатының қатысушысы, Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесінде спортты дамытуға үлкен үлес қосқан Мұрат Ахметжановтың да орны бөлек.

Жібек жолының бойында Ұлы Сахараның кең байтақ даласы мен заңғар биік тауларын аттың жалында, түйенің қомында жүріп, найзасын серт ұстаған ата-бабаларымыз бүгінде тарихқа айналса да, бүгінгі ұрпақтары олардың ісін жалғастырып, қазақ елінің даңқын әлемге танытпақ. Осындай ұлдары мен қыздары барда ауылымыздың мерейі асқақтай бермек.

 

Б.МАҚАШЕВ,

Қаражота ауылдық округі әкімінің орынбасары

Сейсенбі, 18 Тамыз 2020 12:00

Рухани сананы тазарту маңызды

Бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресудеміз. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатып, мінберлерден аузымызды толтырып айтқанымызбен, осының түп-тамырына қалай балта шабуға болады деген сауалға жауап іздеп жүргеніміз шамалы.

Жемқорлық дертіне қалай душар болдық?! Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?! Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Баю үшін ар, намысынан бәз кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына айналды. Жемқорлықтың да бастауы осыдан. Аталмыш қағиданы  бұзбай  қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлықтың пайда болуы – қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары. Сондықтан біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті азаматтарымыздың  жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды.

Рухани азғындау баласының әкесін, шешесін өлтіруге, баладан бас тартуға  т.б. жантүршігерлік істерге әкеліп соқтырып жатыр емес пе?! Сол себепті, азаматтарымыздың жан-дүниесіне тазалық сыйлар рухани байлығымызды кең тұрғыда насихаттаумен айналыссақ, жетер жетістігіміз толымды болмақ. Рухани байлық пен материалды байлықты тең дәрежеде ұстай алғанымызда  ғана қоғамымыздың дамуы орнықты болары сөзсіз. Жеке тұлғаның адамгершілік санасының биіктігі – оның алған тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайтын өлшем. Әрбір тұлғаның өзіне тән барлық адами  қасиеттері рухтан нәр алады. Ал жаман, жағымсыз қасиеттер  – нәпсінің көрінісі. Міне, осы себепті де біз жемқорлықпен күресті рухани сананы тазартудан бастасақ, әрбір адам нәпсінің тұтқынынан босап, елі мен жеріне адал қызмет етер азаматқа айналар еді.

Осы уақытқа дейін жемқорлықпен күресу үшін түрлі әдістерді  қолданып келдік. Соның ішінде жемқорлық фактілерімен ұсталған азаматтарды жұмыстан қысқартып, ол лауазымға қайта орала алмайтын тәсілдерді қолдандық, айыпқа тарттық, соттадық, қатаң түрде жазалап, түрмеге айдадық. Алайда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбедік. Себебі біреуін жазалағанмен, оның орнына келген екінші біреу дәл сол қателікті назарда ұстап, жаңадан айла ойластырды. Тың амал табады. Адамнан қулық артылған ба?! Бар ойға алғаны өзінің материалдық деңгейін көтеру болғандықтан, ол да жемқорлыққа жол береді.

Сыбайлас жемқорлық – індет, оған қарсы күрес – міндет деп айтып  жүрміз. Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу. Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігіне төңкеріс жасау. Яғни, оның сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату. Біздің қоғам ақниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста, соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз қажет.

Болашақта өскелең ұрпақ жемқорлыққа жирене қарауы үшін біз қандай әрекет жасап, оларға қандай бағыт сілтей аламыз?! Бүгін, ертең демесек те, алдағы 10-15 жылдан  кейін сыбайлас жемқорлықты толығымен ауыздықтап тастамасақ та, оның қазіргіден әлдеқайда әлсізденетіндігіне өз басым кәміл сенемін. Сол мақсатқа жету үшін әрбір отбасында, балабақшада тәрбиеленетін, мектепте білім алатын баланың бойына имандылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді тереңінен сіңіруіміз шарт. Жаны таза, ары ақ, елі мен жерін көркейтер нағыз азамат қалыптасуы үшін ұлттық рухты жас ұрпақ бойына дұрыс дарыта алуымыз қажет. Сонда ғана біз оны қоғамымызға қауіптөндіріп, орасан кесел келтіретін жемқорлықтай келеңсіз әлеуметтік құбылыстан арашалай аламыз. Сол себепті ұлтжанды азамат тәрбиесіне селқос қараудан аулақ болған жөн. Қайта бар назарымызды ұрпақ тәрбиесіне шоғырландыра алсақ, жарқын болашаққа  сенімді әрі нық қадам бастарымыз анық.

 

Д.МЫРЗАҚОЖА,

аудандық жолаушылар

көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы

Дүйсенбі, 17 Тамыз 2020 14:29

Предприниматели помогают врачам

 

Аким Енбекшиказахского района  Куанышбек Кашкымбаев обратился  к предпринимателям с призывом помочь медикам в борьбе с коронавирусом. 

Одной из тех бизнес-структур, кто откликнулся на обращение руководства района, стал  ПК «Вира» в г.Есике, возглавляемый Рустамом Бурнашевым. Учредители ПК «Вира» приобрели 60 комплектов многоразовых защитных комбинезонов   на сумму 700 тысяч тенге, которые 7 августа  были переданы районной поликлинике. Столь необходимую защитную экипировку медицинские работники приняли с искренней радостью и благодарностью. Директор РГП «Енбекшиказахская  межрайонная многопрофильная больница» Жамиля Абеуова отметила, что этот благотворительный дар поможет эффективно  поддерживать и соблюдать меры безопасности для медицинского персонала и облегчит его работу в период пандемии.

Мы не должны забывать, что сделали и делают для нас люди в белых халатах.   Когда в мир пришла беда, именно  они приняли на себя главный  удар, ежечасно рискуя собой.  Данная благотворительная акция является не только материальной поддержкой врачей, медсестер, но и символом признательности  за их самоотверженную  борьбу  с опаснейшим заболеванием, за спасение жизни и здоровья сограждан.

Надо отметить, что учредители ПК «Вира» делают все возможное для  арендаторов торговых мест, которые  терпят убытки из-за  карантина и локаутов. Для них   на 60 процентов снижена аренда в периоды закрытия рынка.  Для безопасности  посетителей и торговцев, когда действует  отмена карантинных мер, регулярно проводится дезинфекция торговых площадей, при входе-выходе установлены дезинфекционные туннели и санитайзеры.  Строго соблюдается правило обязательного ношения масок. 

Лязиза КОЖАНКУЛОВА,

 исполнительный директор рынка «Вира».

Санаулы күндерді артқа қалдырып жаңа оқу жылы да есігін айқара ашқалы тұр. Дегенмен, облыстағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталатын болады. Бұл туралы Алматы облысынң әкімі Амандық Ғаббасұлы баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.

Облыста 760 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр.

Биылғы жылы алғаш рет білім ұясының табалдырығын 44 мыңнан астам бала аттамақ.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім мекемелері оқушыларды төрт бағытта оқытатын болады.

Бірінші бағыт бойынша 299 653 оқушы интернет желісі арқылы оқумен қамтылатын болады.

Екінші, 84 471 оқушы яғни білім алушылардың 20 пайызы республикалық телеарналар «Аль-Фараби», «Еларна» және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білімін жетілдіреді.

Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда 15 баладан 7721 оқушы штаттық режимде оқитын болады.

Төртінші, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5214 кезекші сыныптарда 34 792 бала білім алатын болады. Бұл оқушылардың 8 пайызын құрайды.

Өңір басшысы брифинг барысында облыс бойынша оқушылардың компютерлік техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, білім алушылардың 61 пайызы техникамен қамтамасыздандырылған. Сондай-ақ мектептердегі 23 678 компьютер балаларға уақытша пайдалануға берілмек.

Алдағы уақытта мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады деп күтілуде.

Мектеп жасындағы бөбектердің басым бөлігі интернет желісіне қосылған. Олардың көрсеткіші 88 пайызға жетіп жығылады.

«Меценаттар тарапынан көмектер көрсетілуде, мәселен «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстың аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін беруі жоспарлануда»,-дейді Амандық Баталов.

Айта кетерлігі, «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен 8 Мбит-ке дейін ұлғайту күтілуде.

Сондай-ақ, интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутерлар сатып алу жоспарлануда.

Сандарды сөйлететін болсақ, Алматы облысы бойынша білім саласына 314,2 млрд. теңге қаржы қарсатырылған. Жалпы облыста аталған салаға бюджет қаражатының 65% бөлініп отырады.

Анар САБЫРОВА

Биылғы жылдың 7 айында облыс бойынша 5253 тұрғын жасына байланысты зейнетақының тағайындалуына өтініш білдірді. Айта кетейік, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 4770 азамат зейнетке шыққан.
Зейнеткерлікке шыққандардың арасында Алматы (5 мыңнан астам), Түркістан (4,5 мыңнан астам) және Шығыс Қазақстан (3,8 мыңнан астам) облыстарының тұрғындары көп. Ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі, онда 7 ай ішінде 1295 тұрғын зейнеткерлікті рәсімдеген.
Естеріңізге салсақ, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнет жасы толғанға дейін 10 күн бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі арқылы беру керек. ХҚО-ға бару үшін алдымен egov.kz порталы немесе eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы кезек уақытын брондау қажет.
Сондай-ақ коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында мемлекеттік корпорация eGov.kz порталына электронды өтінішті жіберу арқылы қашықтан зейнетақы тағайындау мүмкіндігін қарастырды.
Өтініш беру үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңба немесе біржолғы жасырынсөз арқылы egov.kz порталына кіру керек. Содан кейін «Электрондық өтініштер» сервисін таңдап, қызметке онлайн тапсырыс беру қажет. Содан кейін жеке ақпарат, оның ішінде электронды пошта мекенжайы, телефон нөмірі, қызмет атауы және т.б. мәліметтер толтырылуы тиіс.
Сондай-ақ құжаттардың сканерленген немесе фото көшірмелерін (қажет тізімді 1414 байланыс орталығынан немесе gov4c.kz веб-сайтындағы «Мемлекеттік қызметтер стандарттары» бөлімінен білуге болады), соның ішінде қызмет алушының жеке қолтаңбасымен куәландырылған өтінішті де жүктеу қажет. Жолданатын тарап бағанында – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиалын таңдау керек.
Өтінімнің соңында ЭЦҚ-мен қол қойылуы тиіс.
Сұрақтар туындаған жағдайда, мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері қызмет алушымен көрсетілген телефон нөмірі арқылы байланысады.
Мемлекеттік қызмет нәтижесі қызмет алушының жеке кабинетінде көрсетіледі.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер мен базалық зейнетақы төлемдеріне өтініш композит аясында бір өтініш арқылы ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ…

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные…
Қырқ 30, 2024

️ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН…

Халықтық штаб мүшелері Б.Рахимов, Т.Ұзақов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулері…
Қырқ 30, 2024

Бүгін Халықтық штаб өкілдері…

Ондағы мақсат – 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып,…
Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет