Дүйсенбі, 13 Шілде 2020 15:35

Пейіліміз бұзылмасын

Әлемді жайлаған індет елімізде де қауіпті көлемде етек алып отыр. Коронавирусты жұқтырғандар мыңдап есептеліп жатыр. Өмірмен қош айтысқандар да аз емес. Оның ішінде осы коронавирус індетінен зардап шеккендер негізінен. Бұл кіріспені нақты статистикалық деректерсіз-ақ жалпылама сөзбен бастап отырмын. Өйткені бұл деректерді телерадио, әлеуметтік желілер күнделікті жариялап жатыр. Менің оқырмандар назарын аудармақ болып отырғаным ақпарат саласы, сол ақпараттарға зейін қойып оқып, тыңдап, тәртіпке бағыну, бүгінгідей еліміз үшін, әрбір тұрғынымыз үшін, халқымыз үшін ауыр жағдайда ақ-адал пейілімізді сақтап, өз денсаулығымызды, алыс-жақын туысқандарымыздың амандығын сақтауға, елімізді індеттен арылтуға қолымыздан келер үлесімізді қалай қосамыз деген сауалдар төңірегінде.

Үлестің ең біріншісі – ол еш материалдық-қаржылық шығынсыз санитарлық тазалық шарттарды сақтай отырып, адамдар көп жиналатын жерлерге аяқ баспау және сондай жиындарды жасамау. Осы мәселеге тиым болмай тұрғаны өкінішті. Қарапайым есеп: жүз адам жиналған жерден 1 адам індеттен сау болмаса, сол жүздің кем дегенде онына жұқтыруы анық. Ол онның әрқайсы отбасы мүшелері, таныс-білісі бар, көрші-қолаңы бар, кем дегенде, тағы он адамға жұқтырады. Яғни 100 адамдық тойға барғандардан 100 адам індет «арқалап» таратады деген сөз. Орташа әлеуетті қазакем жүз адамға той жасауы мүмкін емес. Кемі 150, әйтпесе, 200-300-ге дейін барады. Байшікештердің тойы жайында айтпай-ақ қояйын. Осы жерде өз тәжірибемнен қоса кетейін. Жақсы көретін немерелес қызымның ұлы үйленетін болып, карантинге дейін «ағалап-жағалап» сырға салу дәстүріне баратын тізімге атымды енгізіп қойды. Ол – ақпандағы көрініс. Наурызда карантин басталды. Жазға көшірілген құдалықта карантинге тірелді. Әулетіміздің үлкен-кішісі болып, бір мәмілеге келдік: жастар азаматтық хал-ахуал жағдай бөлімінде тіркеле берсін. Індет аяқталғаннан кейін той тойланар. Сөйтіп, елімізде тағы бір отау «түтін түтетті». Бұл – қуанышты жағдай. Өкінішке қарай, қайғылы жағдай да болып жатқанын білеміз. Қазақстанның бір қиырындағы құдамыз қайтыс болды. Егер бәріміз жиналып барсақ, дүние тыныш заманда бір қауым ел болып барар едік қой. Қазіргі карантин жағдайында көңілімізді байланыс жүйесі арқылы жеткізіп, көмек қолын да осы жолмен созып, індет таратпау талабын орындауға тырыстық. Ешқандай өкпе де жоқ, ағайын арасындағы бірлік, татулық та орнында.

Ал осы әлемге жайылған індеттің өршіп тұрған қиын кезінде ындыны ақшадан кеуіп, көлденең табыс көзін пайдаланып қалушы мародерлер жайында қайтіп айтпай кете алармын.

Мародер деген сөздің мағынасын айқындай кетпек болсақ, сөздіктер оны былай түсіндіреді. «Мародерлік» дегеніміз – хал-хадері мүлде төмендеген немесе өмірден өтіп кеткен адамның мүлкін тонау деген сөз. Ал дәріхана аралап, індет жұқтырып алған жақынына дәрі таба алмай жанталасқан жандардың жанайқайы сол аптекалардан, қоймалардан арзан «оптовый» бағамен сатып алған дәрілерін еселеп өсірген бағамен сатып жүрген алыпсатарлардың құлағына жетер ме екен?! Мародерлікті «кәсіп» қылған қылмыскерлерге соғыс кезінде ату жазасына дейін жаза қолданылғаны тарих беттерінде сақталған. Ал дәрі-дәрмекті алып-сатарлық табыс көзіне айналдырғандар қанша жазықсыз жандардың обалына қалғанын білер ме екен? Білмесе, қатаң жаза арқылы білдіру керек!

Әлеуметтік желілерде еліміздің басшысының 13 шілдені коронавирустан қайтыс болғандарды аза тұту күні деп жариялауын сынаған болыпты. Әлі індет пандемиясы аяқталмай тұрып, аза тұтқанымыз дұрыс па деп күмәнданатын көрінеді бұл «сыншылар». Ондаған, жүздеген азаматтарымыздың о дүниелік болып жатқанын, мыңдаған тұрғындарымыздың бұл індетті жұқтырып алып жатқанына сенбейтіндер қайда? Неге топталып той-тойлап, дінбасылардың өлік шығару, жаназа тағы басқа діни рәсімдерге қатысушылар санына шектеу қойғанына қарамастан, үкіметтің заңына да қарамастан, діннің, шариғаттың шектеулерін де аяққа басып, індет таратушыларға не айтуға болады?

Бүгінгі таңда ақпарат «таратушылар» көбейіп тұр. Бір құлағымен тыңдап болмай жатып, екінші құлағын өсек-аяңға тосып әлеуметтік желіге қазіргі интернет тілімен айтқанда «фейковый» хабар таратушылардың біреуі биік лауазымды басшыны «өлгендер тізіміне» енгізіп үлгеріпті. Ол кісі ем-домын алып, айығып, апта басында қызметіне кіріскендігін хабарлады жуырда. Жүзге келіңіз! Абай тілімен айтсақ, ақпараттың да естісі бар, есері бар, айтушысы келіспесе, кеселі бар!

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Дүйсенбі, 13 Шілде 2020 15:17

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАҒАН ЕЛ БОЛМАЙДЫ

Көк аспанда желбіреген көк туымыз бүгін төмен түсірілді. 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Оның себебі – бүкіл әлемді жалмаған аты жаман дерттің елімізде де дендеп кетуі.

Билік басындағылардың ескертулерін ерен санамай, таралып жатқан вирусты көпшілік ойын-күлкіге айналдырды. Тіпті жасырын той тойлап ұсталғандар қаншама. Сақтық шаралары мен пандемия кезіндегі жоғарыдан бекітілген талаптар сақталмады. Ал енді бүгін елдігіміз бен еркіндігіміздің символы – тудың төмен түсірілуі жағдайдың қаншалық қиын екенін көрсетудің жалғыз жолы болғандай көрінеді маған. Бұл – меніңше, дер кезінде қабылданған шешім. Өйткені, өкінішке орай, әлі күнге «Мен аман-есенмін. Демек, елдің даурығып жүргені – далбаса» деген ойдан ары аса алмайтын азаматтар жоқ емес. Ал бүгінгі бір минуттық үнсіздік аз да болса, ой салар деген үміт бар, әрине.

Арқаны кеңге салмай, ес жиятын кез келді. Соңғы екі-үш аптада ауруды жұқтырғандар саны күрт көбейіп, 59 899 болды. Бір жұмада 111 адам көз жұмды. Жан-жақтан қаралы хабар жеткізіп, жоқтау айтқан ағайын. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, коронавирусқа пневмония да қосылып, өршіп тұр. Мұндайда тек бірлік жеңеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», күш-жігерімізді біріктіре отырып, індеттің алдын алайық, ағайын!

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Елдің ең үлкен байлығы – оның тәуелсіздігі. Еркін елдің таңы ақ, аспаны ашық, көңілі тоқ. Жоқшылық көрмей - тоқшылықта, бағынышты болмай - бостандықта өмір кешіп жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне келесі жылы 30 жыл толады. Осыған орай арнайы логотип те бекітілген-ді. 

 

Жұма, 10 Шілде 2020 15:29

Аудан өмірінің айнасы

 

Есік пен Шелек – ұлы тау бөктеріне жайғасқан құтты мекеніміз. Сонау бір зұлмат жылдары бастары қиыншылыққа тап болған талай ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басты, оларды құшағына алды. Олардың тірлігіне нәр, қуат берген саясына, жайлы қонысына айналды. Жүректер қауышты, тілектер тоғысты.

Аудандар біріккенге дейін Шелектің шежірелерін хаттаған «Еңбек туы» - «Эмгэк туғи» газеті де 1934 жылы шыққан «Колхоз еңбегі» деген басылымнан бастау алады. Ол алғашқы санынан-ақ парасат пен адамгершілікті насихаттады. Елді жақсылыққа, имандылыққа үндеді. Достықты, туыстықты, бірлікті жалау етті. Біз бүгін көз майын тауысып, осы газетке жетекшілік жасаған Х.Розиев, М.Абдуллин,М.Насыров, Ә.Арзиев, Ө.Идрисов, К.П.Чуканов, Ш.Қонақбаев, Ә.Бөпебаев, Ә.Ысқақбаев, Б.Өтелбаев, Ж.Нұрғожаев, А.Рақымбаев сынды жаны жайсаң, қаламы ұшқыр қаламгерлерді ризашылықпен еске аламыз.

Шежіресіз уақыт жоқ. Адамзат ықылым заманнан бері құпияларын, дәуір оқиғаларын қағаз бетіне түсіріп келген. Оның айқын дәлелі аудандық басылымдар десек те болады. «Еңбек туы» газетінің тілшісі болып қызмет жолын бастаған, қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен кешегі жас журналист Қуаныш Сұлтанов осыдан 56 жыл бұрын үш бірдей шопан баласын өлім аузынан, ажал тырнағынан құтқарып қалған дәрігер Николай Марковичтің шеберлігі мен біліктілігін дәріптеп жазыпты. Жақсы хабар тарих қойнауында осылай сақталып қалыпты. Осы күндері ақ халатты абзал жандардың қатерлі індетпен бетпе-бет келіп, онымен жан аямай күресіп жатқан ерлігі өткенмен үндесіп, жалғасын тауып тұрғандай. Дәрігерлер жайлы ақпарат құралдарында жазылып, айтылып жатқан мақала, хабарлар да – келер ұрпаққа қалдырылған эстафета аманатындай. Бұл да ұмытылмайды.

Аудандық газеттің шаңырағынан кімдер тәрбие алмады, кімдер түлеп ұшпады десеңізші! Бүгін олардың біреуі бар, біреулері мәңгілік сапарға аттанып кетті. Республикаға танымал болған Б.Әдетов, С.Садықбаев, С.Сариев, М.Әбдірахманов, Н.Мұрәділов, С.Бейісбаев, А.Байбатша, Б.Үсенбаев, М.Тоқашбаев, Б.Мәжитұлы, Ә.Батталғазиев, Е.Рақымбаев, И.Үмбеталиев, Б.Зәкіров, т.б. осылар сынды от ауызды, орақ тілді, ойы жүйрік журналистер – мақтанышымыз. Оларды біз ұмытпаймыз.

Газетті жасаушы журналистер болғанмен оның, шынайы иесі – халық. Жергілікті тілшілер тірегіміз, жанашырымыз болды. Олардың хат-хабары газет мазмұнын байытты. Кемшілікті сынға алды. Жақсылыққа үндеді. Толғақты мәселелерді қозғады. Тәуелсіздік алған мемлекетіміздің алғашқы қадамдарына қанат бітірді, талаптарына қолдау көрсетті. Оны көпшілікке ұғындырды. Оның бір айғағы – жаман әдет-ғұрыптардан сақтандырып, өнеге істерге бас-тамашы бола білді. Мәселен, Шелек ауданы ақсақалдар алқасының бастамасы, оның өнегелі істері облысқа, арысы республика жұртшылығына таратылды. «Қаламгер» шығармашылық бірлестігі, халық университеті секілді шығармашылық, өнерпаздық отаулары құрылып, «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей жас таланттар мен дарын иелеріне қолдау көрсетілді.

Сөз – ұлы қару. Оны ғұлама хакім Абай айтқандай, «жүректен тербеп» қолдана, пайдалана білсек жетістікке жол ашары хақ. Газет – тәрбие мектебі, аудан айнасы, оның хатталған шежіресі. Қуаныш қуанышқа ұласып, той құтты болсын, құрметті оқырмандар, қадірлі әріптестер.

Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,

Бұрынғы Шелек аудандық «Еңбек туы»-«Эмгэк туғи» газетінің бас

редакторы, журналистер одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарының «Құрметті азаматы»

Жұма, 10 Шілде 2020 09:18

Майданға жіберілген байпақ

Газет редакциясына бас сұққан зейнеткер ұстаз Ғалия Тоқтабулетова Қызылорда облысының бір ауданында жарияланған естелік әңгімені ұсынған еді. Біздің аумақтан қашықтағы оқиға болса да, өмір-дің осындай көріністері бүкіл елімізге ол кезде тән еді.  

1942 жылдың қыс айы. Абай атындағы колхозда 1 сыныпта оқып жүргенмін. Сол қыста әкем аяғыма қара байпақ әкеліп берген-ді. Апам күнде жүн түтіп, ұршық иіріп, шұлық, қолғапты көп-көп етіп тоқи беретін. Сонда мен балалық қызығушылықпен анамнан:

– Неге күнде-күнде қолғап, шұлық тоқи бересің, – деп сұрағанымда ол:

– Ол керек, бәрі майданға ғой, майданға дейтін күрсініп.

Кісілер келген соң әкем маған қарап:

– Балам аяғыңдағы байпағыңды бере ғой, сен ауылда тоңбайсың ғой, тағы да алып беремін. Ал мынау майданға кетсін, – деп мені алдарқатты.

– Әке бұл солдаттың аяғына симайды ғой, оны не істейді? – дедім.

– Кейін түсінесің, балам. 

Бұл кезде шешем көптен бері тоқып жүрген оншақты қолғап, шұлықтарын келген кісілерге қара байпағыма қосып беріп жатты.

Анамыз іс тігіп отырып та, бір мұңлы әнді ыңылдап, соғысқа аттанған екі баласын күнде ойлап отыратын. Ақыр соңында «қарғыс атқыр Гитлер» деп жалын ата күрсініп ұзақ-ұзақ жылап алатын. Біз бетіне жалтақ-жалтақ қарағанымызды байқаған ол дереу көз жасын сүртіп, шаруасына кірісіп кететін. Әрине, ол кезде анамыздың кімді қарғап жүргенін біле алмай, кейде мұның мәнісін сұрайтынбыз. Сонда ол:

– Ол – нағыз жауыз адам. Сол жауыз соғыс ашпаса, Әлмен, Әлменбет, Шайқыслам, Дүржан, Есжан және басқалар ауылда, өз колхозымыздың жұмысын істеп, ойнап-күліп жүрмес пе еді? – деп, ауылдан соғысқа аттанғандардың аттарын атап күрсінетін.

Әлмен, Әлменбет майданға аттанған ағаларым еді. Әлмен соғысқа 1942 жылдың наурыз айында алынып, сол жылдың 22 желтоқсанында Ленинград шайқасында хабарсыз кетті. Ленинград майданында жүрген әкеме талай рет саусағым майысып хат жазғаным да есімде.

1945 жылдың 9 мамыр күні болатын. 3 сыныпта оқимын. Жайлауға қонған 30-40 шақты қараша үйдің ішіндегі үлкендеуі – біздің мектебіміз. Үзіліске шыққан кезіміз еді. Жайдақ атқа мінген бір кісі қолын бұлғай «Біз жеңдік, жеңіс, жеңіс!» дегенін естіген ауыл адамдары тайлы-тұяғы қалмай мектепке жиналды. Мектеп директоры митинг өткізді. Сондағы жаулықтары желпілдеп мектепке келе жатқан аналардың талай жығылып-тұрғаны, сөйте тұра, келген кісіден әрқайсысы өз ұлдарының қашан келетінін сұрағаны әлі күнге көз алдымда.

Содан бері талай жылдар өтіпті. Сөз соңында айтайын дегенім, әкеміздің баласының аяғындағы соңғы киімін майданға жақын жердегі балаларға жіберуі Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде елестейді де тұрады көз алдыма.

Қанымша НҰРМАШЕВА

Сәрсенбі, 08 Шілде 2020 14:10

Ауылымыздың мақтанышы

Тарих деген ұлы жазбаның әр бетінде бедерленер тұлғалар болады. Олардың бірі көмейінен сөз нілін тамызған көсем, бірі кәрі еменнің тамырындай шатысқан дүниені бірауыз лепеспен шешер шешен, енді бірі аттың жалын жастанып, қара жұрттың қамы деп қара адырларда шашақты найзасына сүйеніп қалғыған батыр болуы бек мүмкін. Ал солардың қатарында ерен еңбектің көрігін қыздырған атан жілікті, қара нардай қажырлы тұлғалардың есімі қосарлана айтылып, қапталдаса таңбаланып жататыны бар! Міне, сондай тұлғамыздың  бірі профессор, «Фармация» компаниясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Үшбаев Кеңесбай Үшбайұлының туғанына 80 жыл толды.

К.Үшбайұлы Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданы, Асы-Саға ауылында 1940 жылдың 2 шілдесінде ата жолын қуған шопан отбасында дүниеге келген. 1947 жылы 1 май ауылына /қазіргі Ащысай ауылы/ қоныс аударып, осы Ащысай ауылындағы сегізжылдық қазақ мектебінің бірінші сыныбына барып, 1958 жылы аудан орталығы Шелекте  онжылдықты медальмен бітіріп шығады. 1960 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне өз күшімен оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай бітірген. Атамыз білім жолында да, ғылым жолында да биік белестерге жеткенін бүкіл әлем біледі десек артық айтпаған болар едік. Ауылымыздың мақтанышы, келешек ұрпаққа үлгі тұтар тұлғамыз Кеңесбай Үшбайұлы тек қана еңбектегі табыстарымен ғана емес, ол өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен де елге танымал азамат. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші 2019 жылы өзі оқыған Ащысай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебімізде мектеп директоры Нүркен Ыдырысұлы және мектеп ұжымының ұйымдастыруымен болған арнайы кездесу өтті. Кездесуде мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, сұрақта-рын қойып, мәні зор жауаптарын алды. Кездесуге мектебіміздің бұрынғы директорлары Нұрманбетова Баян Қаппасқызы мен Төргеев  Айдос мырза да келіп лебіздерін білдірді, атамыздың сыныптастары Асылбүбі апа мен Қайныш апа да кейіпкеріміздің балалық шағына саяхат жасады. Өмір жолын дәріптеуде «Ауыл мақтанышы» атты ғылыми жобасымен өлкетану бағыты бойынша аудандық білім бөлімі ұйымдастырған КҒА-на 2018-2019 оқу жылында қатысып мектебіміздің мәртебесін көтеріп аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде 1-орындарды иеленген Арай Абдрахман қызымыз атамызға өзінің шығарған өлең жолдарын оқып берді. Жетекшісі тарих пәні мұғалімі Ұлтуар Ерғали жоба жұмысы барысында Кеңесбай атамызбен арнайы кездесудегі бейнежазбаларымен бөлісті. Атамыз оқушылардың бойына сенімділік ұялатып, алдыларына үлкен мақсат қоя білулеріне үлкен үлесін қосып ақ батасын берді. Осы кездесудің соңына қарай атамыз өз ауылының түлектеріне сәттілік тілеп ҰБТ-да 100 балдан жоғары жинаған оқушыларға 100 мың теңгеден сыйақы беретінін және өте жақсы оқитын оқушыларға ай сайын 1 жыл бойы шәкіртақы тағайындап, ақшалай көмек көрсететінін айтқан болатын. Аталған оқу жылында 4 оқушы Бек Керімбек, Әсем Әліппек, Гаухар Кайымбек, Мирас Асқар 100 балдан жоғары жинап, атамыз өз сыйақысын табыс-тап және үздік 10 оқушыға шәкіртақы тағайындады. 2019-2020 оқу жылында 10 оқушыдан ауыспалы түрде шәкіртақысын ай сайын алып отырды. Бұл қайырымдылық бір ұшы ғана, айтылмағаны қаншама. Атамыздың еңбегі ауылымыз үшін де, мектебіміз үшін де өте зор.

Міне осындай аты дүние-жүзіне белгілі Кеңесбай Үшбайұлының еңбек жолын келер ұрпаққа мақтанышпен жеткізе аламыз. Кеңесбай Үшбайұлы достың, туыстың қадіріне жете білген тұлға, өз замандастарымызға үлгі ретінде мақтанышпен көрсете аламыз. Дара тұлғаның туған ауылымыз Ащысай үшін еңбегі айтып жүрерліктей. Ауылымыздан осындай үлкен, кереметтей жетістіктерге жеткен, өмірдің зор белестерін  бағындыра білген ел мақтанышы деп атауға лайықты тұлғаны сұраса біз осы Кеңесбай Үшбайұлын айтар едік. Әрқашанда жадырап, жарқырай беріңіз! Аман болыңыз Кеңесбай ата!

 

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ұжымы

 

Дәстүрлі ұйымдастырылатын түрлі іс-шаралар биылғы пандемияға байланысты бір-қатар өзгеріске ұшырағаны белгілі. Алайда, ұлтаралық татулықты насихаттауда шектеу жоқ.

Осы ретте аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Біз біргеміз!», «Біргеміз, берік іргеміз!» акциялары аясында арнайы видео-ролик түсіріліп, әлеуметтік желілерге кеңінен таратылды. Бұл өз кезегінде ынтымақты – ырысымыз, бірлікті – табан тірер тұғырымыз деп түсінген тұрғындарымыздың ыстық ықыласын тудыруда.

Айталық, enbekshikazak_audan_akimdigi, mezet.kz желілік басылымы, enb_shelek_akimat, enbekshikazakh_zhastar инстаграм аккаунттарына салынып, аз уақыт ішінде аудандағы 54 ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын насихаттайтын роликті 2000-ға жуық адам көріп үлгерген.

Сол секілді ауданымыздың қасиетті өлкелерін кеңінен насихаттау мақсатында да аталмыш қоғамдық қордың ұйытқы болуымен «Тарихыңды таны, жас өркен!» атты ауданның көрікті, тарихи жерілерін бейнелеген тағылымдамалық видеоролик түсірілді.

Рас, Еңбекшіқазақ – қойнауы кенге, жайлауы малға толған қасиетті мекен. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демей ме көнекөздер. Ауданның киелі, көрікті жерлеріне саяхаттау нәтижесінде түсірілген роликті жоғарыда бейнеленген сайттар, желілік басылым арқылы 3000-ның үстінде адам көрген. 

Ал биылғы Конституцияның 25 жылдығына орай түсірілген «Ата заңым – айбыным!» видеоролигі тарих пен шежіреге толы. Оны көру арқылы Конституцияның шығу тарихы мен осы күнге дейінгі орын алған өзгерістерді айқын барлай аласыз. Әлеуметтік желілер арқылы таратылған роликті қазірдің өзінде 2000-ның үстінде тұрғындар көріп үлгерген.

– Әр мәселенің екі ұшы бар. Шынын  айту керек, биылғы елімізде орын алып жатқан пандемия қалыпты өмірімізге айтарлықтай өзгеріс енгізді. Алайда, осы уақыт аралығында жаңалыққа жақын болу арқылы біз өзімізді дамытуға жол аштық. Мойындауымыз қажет, онлайн іс-шаралардың артықшылығы өте көп. Біріншіден, аудиторияны қамтуда ауқым кең. Айталық, осы уақытқа дейін арнайы тақырыптарда өткен семинарларда ауылдық жерлерде асып кетсе 50-70 адамның басын қосса, қазір 1000-2000 адам көруде. Екіншіден, қазақта сөз бар, «Он рет естігеннен, бір рет көр» деген. Міне, қазір арнайы тақырыптық видеороликтер арқылы тұрғындар эмоциясын ашық көре аласыз. Түрлі көңілге қонымды жазбалар да қалдырып жатыр. «Заманың түлкі болса,тазы боп шал» демей ме көнекөздер. Ендеше, біз де өзгерістерге тез бейімделуіміз тиіс. Бұл заман талабы, қоғам талабы» – дейді «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы Қайнар Жұмағожа.

 

С.НҰРАДИН

Жұма, 03 Шілде 2020 11:01

Бірінші орын бізде

Әріптесіміз Сардарбек Нұрадин өзгелерден оза шапты. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауда І орын иеленді.

Байқау ұйымдастырушылары мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауды, әрі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді мақсат еткен. Осы орайда айта кетерлігі, «Еңбекшіқазақ» газетінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілімізді өз дәрежесіне шығару турасында кең көлемді мақалалар үнемі жарияланып келеді. Сардарбекке де байқауда жүлде алып берген – тілдің ахуалы туралы өзіміздің аудандық газет беттерінде жарық көрген өткір де өзекті, сыни мақалалары. Бұл тұрғыда газет редакциясы, әріптестеріміз мемлекеттік деңгейде де жүлделі орындарға қол жеткізіп жүргенін атап өткен жөн.

 Әріптесіміздің жеңісі – біздің жеңісіміз. Сүйіншілеп айтар жаңалығымыз көп болсын, ағайын!

Сәрсенбі, 01 Шілде 2020 16:06

На крыльях золотых коней...

В 2020 году в календаре культурной и общественной жизни района сразу три «круглых» даты: 50-летие открытия некрополя «Алтын Адам», 10-летие музея-заповедника на сакских  курганах «Есік» и 85-летие со дня рождения ныне покойного археолога-популяризатора и исследователя древней истории Казахстана, подвижника казахстанской исторической науки Бекена ага Нурмуханбетова, участника раскопок Есикского могильника  в 1970 году.

Есикский некрополь – убедительное свидетельство тому, что в VI-IV веках до н.э. сакские племена создали свое первое государство, центр которого находился в Семиречье. Захоронение сакского правителя в костюме из чистого золота – шедевр ювелирного искусства древних мастеров Великой Степи. Изучение Есикского могильника подтвердило, что саки  не только создали  прикладное искусство мирового уровня, но также имели свою  письменность. На дне обнаруженной в Есикском кургане серебряной чаши высечена надпись из 26 знаков. В научном мире существует аргументированная точка зрения, согласно которой сакские племена говорили на прототюркских языках и были предками казахских племен. В любом случае, именно в этот период начинается формирование облика и языка современных казахов, их культуры, быта, народных обычаев.

Человек-легенда, который выдвинул идею  создания музея на Есикских курганах и более сорока лет посвятил ее осуществлению - старший научный сотрудник Института археологии им. А.Х. Маргулана, исследователь археологических памятников Кок-Мардана, Отырара, Баянжурека  –  Бекмуханбет Нурмуханбетов.

В 1969-1970 годах он был непосредственным участником раскопок на кургане Есик, в ходе которых был обнаружен «Золотой человек». Именно с тех пор Бекен ага продвигал идею о консервации земель Есикского могильника и открытия на его базе музея под открытым небом.  В 1992 году он  устроил первую экспозицию древностей в помещении аптеки напротив есикского почтамта, привез для демонстрации есикчанам реконструкцию Золотого Человека. Его  поддержала наша скромная районка «Еңбекшіқазақ». Из номера в номер она публиковала хронику небывалой выставки. При содействии главного редактора газеты «Еңбекшіқазақ» Х.Ахметжанова в Есик с визитом прибыл сам Первый Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев. Именно после  встречи Первого Президента РК и аксакала-археолога  крылатые кони – элемент костюма Золотого Человека, украсили  герб молодого суверенного  государства.

газета "Еңбек жалыны" ("Еңбекшіқазақ") 1992 г

Итогом долгой беседы Елбасы с Бекеном ага было еще одно  решение: музею быть! Но прошло еще немало лет, прежде чем состоялось его открытие.  Между тем Бекен ага из года в год  устраивал самостоятельные экспедиции, с помощью добровольцев вел раскопки и добился, чтобы  курганы, уже «обраставшие» дачами, крестьянскими хозяйствами, были спасены от уничтожения и вошли в госпрограмму «Возрождение историко – культурного наследия». Тогда же на основе его рекомендаций был разработан проект «Музей под открытым небом «Есикские курганы (Есикский могильник и городище Рахат)». В 2010 году, в год своего 75-летия и 40-летия  обнаружения некрополя «Алтын Адам», аксакал увидел исполнение своей мечты – на курганах начал работу  музей-заповедник «Есік», в котором он до самых последних дней был  главным консультантом.

В 2010 году по инициативе Первого Президента РК  страны Н.Назарбаева, в рамках общенациональной программы «Культурное наследие» свершилось долгожданное событие –  был создан государственный музей-заповедник «Есік», в охранную зону которого ныне входят Есикские курганы, городища Тальхир (Талгар), Рахат, Орикты.

Раскопки вблизи села Рахат

Визит-центр музея в стиле восточного дворца расположен на северо-западной окраине г.Есика. Значительная  часть представленных  экспонатов  – археологические находки из сакских поселений и могильников в Алматинской, Южно-Казахстанской и Восточно-Казахстанской областях, а также подлинные предметы из захоронения «Алтын Адам».  Самый большой интерес посетителей вызывает  реставрация Золотого Человека. Реставратор В.Садомсков в 1970-73 годах воссоздал одежду, головной убор, обувь и оружие сакского правителя.  В 1995 году художник-реставратор А.Танабаев  изготовил другой вариант одеяния Золотого Человека. А в 1997 г. реставратор Крым Алтынбеков произвел третью, новейшую  реконструкцию, которая  теперь экспонируется в визит-центре музея «Есік». 

Музей-заповедник «Есік» выступает в роли базы научных исследований казахстанских и зарубежных ученых. На могильниках и городищах совместно с казахстанскими археологами приезжают работать коллеги из Китая и Кореи:  ведь  тюркский мир средневековья  охватывал огромную территорию от Японии до Адриатики. Именно  в районе сакских курганов берет начало история всего Центральноазиатского региона.  Здесь истоки современного Казахстана как наследника древних государств саков, тюрков и Золотой Орды. В 2020 году собственными силами музея продолжаются исследования городища Рахат,  где обнаружен средневековый некрополь. В местах поселений, насчитывающих до десяти культурных слоев,  найдены осколки керамики и фрагменты металлических изделий.   Курирует раскопки директор музея, кандидат исторических наук Гульмира Мухтарова, под руководством  которой коллектив молодых сотрудников продолжает дело Бекена ага, восстанавливая историческую память о значении Великой Степи в мировой истории.

И.ТУРАНИН

 

Қазақ елінің мемлекеттігі болған жоқ деп көкіді Алматының мөлдір суынішіп, қып-қызыл апорт алмасын, Қазақ Республикасының миллиард пұттап алған әлемде теңдесі жоқ астығының нанын жеп өскен Жириновский. Қазақстан тұрған жерде мемлекет болмаған деп, тіпті Ресейдің басшысы  да жаңсақ «жаңалық» ашты. Ал тарихи шындық саяси астарлы жалған сөздерді жоққа шығарды.

Сауаттылығы Ресей тұрмақ, Еуропа, Америка құрлықтарының саясаткерлерінен артық болмаса, кем емес алаш ардақтылары текті де терең білімді азаматтарымыз ақпан және қазан революцияларының нәтижесінде құрылған федерацияның құрамына 1918 жылы Қазақ автономиясын кіргізуге қол жеткізгені – тарихи шындық. Бұдан кейін 1936 жылы Қазақ елі сол Ресеймен, Белорусь, Украинамен тағы басқа, жалпы, он бес  республикамен тең құқылы Республика болып кірді Одаққа. Әрине, Ресейді метрополия демесек те, қалғандары колония деп аталмағанымен, соған жақын күй кешкеніміз де ақиқат.

Ал мемлекет қазақта болмаған деп шатаса бергендерге Керей, Жәнібек хандар осыдан 550 жыл бұрын іргесін қалаған Қазақ хандығы мемлекет емей, тайпа, не ру ғана деп кім айта алады?!

Түбіміз бірге түркілерден де әрі тереңдесек, осыдан мыңдаған жыл бұрынғы сақ бабаларымыздың іздері тек қана тасқа қашалған петроглифтерде ғана емес, тағы жылқыны көлік қып мініп, етін азық, сүтін сусын қылып пайдаланғын Ботай қазбалары дәлелдеп берді.

Ал біздің өзімізді де, бабаларымызды да өркениеттен ада, тек көшпелі малшылар ғана болған деген «болжамды» Жетісу өлкесіндегі көне сақ обаларынан табылған құнды өнер туындылары, металл бұйымдар-ақ жоққа шығарды ғой.

Есік қаласының іргесіндегі ежелгі сақ қорғандарының бірінен археологтарымыз КемалАқышев, Бекмұханбет Нұрмұханбетов бастаған ғалымдардың тапқан алтынға, «оранған ханзада» «Алтын адам» деген атпен әлемді дүр сілкіндіріп, нағыз сенсация  жасаған еді ғой. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын ғұмыр кешкен сол бабалардың өткен жолын, құрған мемлекеттері мен салған қалаларын тарихшыларымыз әлі де ашып, зерттеп-зерделеп үлгере алмай жатқаны  да – бүгінгі күннің шындығы.

Мыңдаған жылдар бұрын тағы жылқыны әскери көлік, жауынгер аты қылып үйретіп, үстіне ер, сарбазға ат үстінен шіреніп тұрып садақ атуға болаттан үзеңгі,  қолына акинак қанжар, кеудесіне кіреуке сауыт кигізу үшін сол 25 ғасыр бұрынғы ұстахана шеберлері металлургияны қай деңгейде меңгергенін көрсетіп тұрған жоқ па?!  Аң стиліндегі өнер туындыларын, сол Алтын ханзаданың алтын бешпеті мен бас киіміндегі төрт мыңнан аса алтын детальдарын айтпағанда.

Бүгін мен неге жоғары пафоспен қазақтың, бабаларымыздың ұлан-ғасыр даланы қорғап, меңгеріп қана қоймай, айшықты іздерін бай тарихи деректерін қалдырғанын. Біріншіден, сол Есіктің Алматы қаласы жағынан кіре берісіндегі обадан табылған  Алтын Ханзадамыздың әлемге айғақталғанына елу жыл толып отыр. Сол сенсация авторының бірі Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы тірі болғанда сексен беске толып отырған кезінде өткен ғасырдың тоқсан екінші жылы «Еңбекшіқазақ» газетінің ақпараттық та, тікелей де қолдауымен ұйымдастырған Алтын адам көрмесіне Нью-Йорктен келген іскер қонағына бірінші Президентіміз Н.Назарбаевтың өз  айтуынша экзотикалық бір жәдігерін көрсеткен эпизодты еске алып отырар ма еді?!

Сондағы Бекен ағамыз көрме қонақтарының, Елбасының Алтын адамның алтын бас киіміндегі мифтік қанатты аттар қандай мағына береді деген сұрағына: «Сақ бабаларымыздың алға, болашаққа ұмтылуының символы деп жауап берген еді. Сонымен қоса Бекен аға музей туралы да сұрағын қойған-ды. Алғашқы музей сол кездесуден кейін құрылды. Ал екіншісі –  Есік қорық мұражайының эксклюзивті жобамен салынып,  қызмет атқарып жатқанына да он жыл болыпты. Бұлнысан да Елбасының тікелей тапсыруымен тікелей бақылауымен салынған.

Өтпелі тоқсаныншы жылдар ұлы бастамалар, ұлы істер жылдары десек, Ұлы бабаларымыздың басқан іздерін жаңғырту жылдары деп те айтуға тұрады.

Бір классик өз кейіпкерінің аузына: «Ашкөзіңді, принц, алғақара – сізді ұлы істер күтіп тұр» деген мағынадағы сөздерді салған екен. Бұл сөздерді бүгінгі ұрпаққа қарата айтсақ: тарихымызды таразылап ұлыларымыздың ұлы істерін алға бастырайық.

 

Хайролла Ахметжанов,

Қазақстанның құрметті журналисі

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 30, 2024

ПАРИЖСКОЕ СОГЛАШЕНИЕ И ПАРНИКОВЫЕ…

Изменение климата является одной из самых серьёзных угроз современности, и углеродные…
Қырқ 30, 2024

️ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІМЕН…

Халықтық штаб мүшелері Б.Рахимов, Т.Ұзақов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулері…
Қырқ 30, 2024

Бүгін Халықтық штаб өкілдері…

Ондағы мақсат – 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша референдумға қатысып,…
Қырқ 30, 2024

Энергетиканы дамытудың бір жолы- АЭС…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қырқ 30, 2024

Жас ақындар мен жазушылар арасында…

ЕРЕЖЕСІ1. Жалпы ережелер 1. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы (бұдан әрі –…
Қырқ 30, 2024

АЭС салудың халықаралық тәжірибесі

Атом электр станцияларын (АЭС) салу және пайдалану – әлемдегі көптеген елдер үшін энергия…
Қырқ 30, 2024

Безопасность АЭС для Балхаша: мнение…

С ростом потребности в устойчивых источниках энергии Казахстан всерьез рассматривает…
Қырқ 30, 2024

Хайрушев: Если мы откажемся от АЭС,…

Вопрос строительства атомной электростанции в Казахстане поднимается с самого момента…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет