Қадірлі Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары!

Міне, жыл басы – Наурыз мерекесі сағындыра келіп жетті. Сіздерді осынау 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – жыл басы, құт-береке бастауы. Бұл күнi Күн мен Түн теңеседi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойына қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Халқымызда: «Әз-Наурыз келгенде Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады» – деген тамаша сенім бар. Бұл кезеңде Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды- жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже пісіріп, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап келеді. Өткенімізге көз жүгіртсек, бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болуды мақсат еткен. Ақсақалдарымыз: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» – деп батасын берген. Көгілдір көктем мерекесін – Наурыз мейрамын аудан тұрғындары да еңбектегі лайықты табыстарымен, ынтымақ-берекесімен және ыстық ықыласымен қарсы алып отыр. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту, және т.б. мәселелер күн тәртібінен түскен емес.

Өздеріңізге белгілі, мемлекетте болып жатқан оқиға короновирустың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуін жариялаған болатын. Үндеуде Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы наурыздың 16-ы, сағат 08:00-ден 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізген болатын. Сол себепті аудан бойынша 22 наурыз мерекесі тойланбайтынын естеріңізге салғым келеді. Алайда өз үйлеріңізде отбасыларыңыздың арасында атап өтсеңіздер болады.

Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен тағы да құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады, - дейді. Олай болса, қасиетті Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер мен жеңістер, молшылық пен татулық әкелсін. Еліміз тыныш, әрбір жаңа күн барлық отбасына шадыман шаттық пен бақ-береке сыйласын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына ҮНДЕУІ

Қымбатты отандастар!

Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз.

Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда.

Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді.

Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде.

Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық.

Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз.

Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды.

Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік.

Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын.

Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады.

Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам.

Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау.

Қазір коронавирус инфекциясының залалалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр.

Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда.

Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бәрі де орындалуда.

Елдегі құқықтық тәртіп қамтамасыз етіліп отыр.

Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда.

Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды.

Мен мұны толық қолдаймын!

Сонымен қатар, қазіргі дағдарыс ұзағырақ уақытқа созылар болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуге тиіс.

Ондай жағдайда елімізді және азаматтарымызды қатаң үнемшілдікке, кешенді орнықты даму бағдарына шығуға дайындау керек.

Құрметті қазақстандықтар!

Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер.

Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс.

Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті.

Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады.

Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн.

Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс.

Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын.

Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін.

Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет.

Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.

Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік.

Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін.

Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін.

Компаниялар иелері өздерінің қол астында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін.

Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде босатқан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал.

Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан шығармауға шақырамын.

Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлықтарыңызды көрсетесіздер.

Еліміздің кен өндірісі мен шикізат ресурстарын өңдеу және өнеркәсіп саласындағы ірі инвесторлар да Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұрғындарына қолдау көрсетуге тиіс.

Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет.

Үшіншіден, қазіргі уақытта ең әуелі аса мұқтаж жандарға көмек көрсету керек.

Менің тапсырмаммен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді.

Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін менің шешіммен Тұңғыш Президент Қоры есебінен тағы 200 миллион теңге бөлінді.

Жалпы, коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын «Nur Otan» партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын.

Төртіншіден, үлкен кісілерді, балалар үйі тәрбиеленушілері мен арнаулы аураханалардағы науқастарды қажетті заттармен үзбей қамтамасыз етуге баса көңіл бөлген жөн.

Еліміздің көмекке мұқтаж әрбір азаматына қамқорлық көрсетілуге тиіс.

Қазақстандықтар қиын кезеңдерде әрдайым бір-біріне жәрдемдескен.

Бұл іске еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысады деп сенемін.

Бесіншіден, біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек.

Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр.

Жұртшылықтың оларға көмектесіп, түсіністік танытуға және барлық нұсқауын жауапкершілікпен орындауға тырысқаны жөн.

Қадірлі отандастар!

Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік.

Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз.

Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін.

Қазақстанның жолы қиындықсыз болмайтынын мен тәуелсіздіктің бастапқы кезінде-ақ білгенмін.

Бұл ретте тарих пен уақыт біздің жоспарымызға өзгерістерін енгізетінін ескерген едім.

Жайма-шуақ кездердің өзінде де біз алдымыздан шығуы мүмкін сын-қатерлерге дайындалып, алмағайып уақыттарда қажет болатын резерв қалыптастырдық.

Жинақталған алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор қаражаты әрдайым біздің қабылдаған шараларымыз бен жалпы ұлттық экономиканы қолдауға септігін тигізді.

Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті.

Бұл – біздің «Алдымен экономика, сосын саясат» қағидатына негізделген бағыт-бағдарымыздың нақты нәтижесінің бірі.

Жаңадан мемлекет құру оңай емес, ал оны сын-қатерден қорғау және тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын.

Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар.

Мен ұлтты ұйыстырудың, бірлік пен қоғамдағы келісімнің маңыздылығын үнемі айтып келемін.

Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды.

Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын.

Бірлік барда алынбайтын асу жоқ.

Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны.

Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін!

Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей.

Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін.

Біз біргеміз!

Жұма, 20 Наурыз 2020 09:20

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Дүниежүзілік тарих айту күні

Алғаш рет Швецияда 1990 жылдардың басында Барлық жыршылар күні ретінде аталып өтілді. Мереке ауызша әдебиетін насихаттайтындарға арналған. 1997 жылы оны түрлі атаумен Аустралия мен Латын Америкасында атап өтті. 2001 жылы Интернеттің арқасында бұл мереке Скандинавияға таралды. Кейін Швециядан Норвегияға, Данияға, Финляндия мен Эстонияға, Канадаға жайылды. 2005 жылдан бері мереке Дүниежүізілк тарих айту күні ретінде рәсімделді.

Бүкіләлемдік астрология күні

Астрология (грек тілінде astron - «жұлдыз» және logos - «сөз, ілім») - жер шарына және адамға жұлдыздардың әсер етуі туралы ілім. XX ғасыр аяғында батыс жұлдызшылары астрология күнін наурыздың 20-ында, астрономиялық және астрологиялық жыл басталған уақытта атап өтуді ұсынды. Күн бұл кезде тоқты белгісіне енеді (көктемгі күн мен түннің теңесу күні 20-21 наурызға сәйкес келеді).

Халықаралық бақыт күні

БҰҰ бастамасымен аталып өтетін мереке. 2012 жылы бұл күнді Бутан корольдігі ұсынды. Ұйымның Бас Ассамблеясы өзінің разолюциясында бақытқа ұмтылу адамзаттың негізгін қалаушы күш екенін атап өтіп, бұл күні көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын шараларды жүзеге асыру қажеттігін алған тартқан.

Жер күні

1971 жылы БҰҰ шешімімен наурыздың 20 күні көктемгі күн мен түннің теңелуіне байланысты Жер күнін атап өту ресми түрде бекітілді. Дегенмен, халықаралық мерекелер күнтүзбесінде Жер күні мерекесі екі рет рәсімделген. Яғни, көктемнің күн мен түннің теңелуіне байланысты бүгін өтуде. Ал, екінші дата - 22 сәуірге бекітілген. Бұл датаның негізін қалаған американың қоғам қайраткері Джон Мортон. 1840 жылдары ол табиғатты қорғау және оған күтім жасау бағдарламасы аясында әр адамды аймақты көгалдандыруға шақырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы «Төте оқу» деген атпен апталық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Газеттің алға қойған мақсаты мектептерге, мұғалімдерге, өз беттерінше сауат ашушы адамдарға іс жүзінде көмек беру болды. 1939 жылдан «Сауатты болуға көмекші» деген атпен, латыншадан орыс графикасына көшуге байланысты 1940 жылдан «Жаңа жазу» деген атпен шықты. 1952 жылдың қараша айынан «Қазақстан мұғалімі» деген атпен жарық көрді. Бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оку орындарының студенттеріне арналған.

1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумның Жарлығымен Ақмола қаласының (1830-1961) атауы Целиноград (1961-1992) деп өзгертілді. Тәуелсіздік жылдары Ақмола атауы қайтарылды. 1998 жылғы 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Казақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Жамбыл облысы «Фурманов» ұжымшарына Жазылбек Қуанышбаевтың атын беру туралы» Қаулысы қабылданды.

1992 жылы республика тәуелсiздiгiнiң символына айналған «Алтын Сарбаз» атты Қазақстанның алғашқы пошта маркасы шығарылды. Дәл осы кезден қазақстандық маркалар дүниежүзi пошта тізбелеріндегі пошта миниатюралары арасында және филателистер каталогтарында өз орнын тапты. Қазiргi күнге дейін 300 жуық марка мен блок шығарылды.

1994 жылы Алматыда Польша Елшілігі ашылды.

2009 жылы «Қазпошта» АҚ көктем мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы аумағында «Наурыз» сериялы пошталық марканы айналымға шығарды.

Маркаларда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты көріністер бейнеленген. Ол төрт түспен безендірілген офсеттік тәсілмен басылған. Өлшемі - 50 х 38 мм, тиражы - 30 000 дана. Маркалар Бейжің пошталық төлем белгілер фабрикасында басылды. Безендіруші - Николай Соколов.

2010 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тоныкөк және Теркін атты байырғы түркі ескерткіштерінің ашылу салтанаты өтті.

Түркі қағанатының бас қолбасшысы болған Тоныкөктің ерлік істері туралы баяндайтын екі тас ұстыны Күлтегін ескерткішінің жанында орналасса, Біріккен түркі қағанатын құрған Ел-етміш Білге Тұр-айын есіміне арналған Теркін ұстынының бірінші ескерткіші Еуразия ұлттық университетінің «Жазу тарихы» мұражайында қойылды.

Тоныкөк (646 - 738 ж.ж.) - Елтеріс Құтлұғ қағанмен бірге 679 жылы Таң патшалығына қарсы көтеріліп, II Түркі қағанатын орнатқан тұлға. Ол үш бірдей қағанның - Елтеріс Құтлұғ, Қапаған және Білге қағанның кеңесшісі әрі қағанат әскерінің бас қолбасшысы болған.

Зиялы қайраткер «ел абызы» атанған. Тоныкөк - шығыста Таң патшалығының солтүстігіндегі Шандунға, ал батыста Темір қақпаға (Дербент) дейінгі аралықта 10 мың шықырымдық жорық жасап, 22 мәрте алапат соғысқа қатысып, атақ-даңққа бөленген қаһарман сардар. Аталған ескерткіш қазіргі Моңғол жеріндегі Туул дариясының бойында 739 жылы орнатылған. Ескерткіштерді жасанды тастан қашап шығарған алматылық шебер - Қырым Алтынбекұлы.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін ұлы қолбасшы, түркі тарихының жарқын тұлғасы Күлтегін батырдың өміріне арналған деректі фильм көрсетілді.

2014 жылы Алматыда ҚР халық жазушысы, алғашқы қазақстандық гимн авторларының бірі Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне соңғы жылдары тұрған үйінде мемориалдық тақта орнатылды.

2015 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы және Тонга Корольдігінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Махи Улиули Сандхарст Тупоюниюа екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуы туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

2015 жылы София университеті Шығыс тілдері және мәдениеті орталығында қазақ тілі мен тарихы және Қазақстан мәдениеті кабинетінің ресми ашылымы өтті.

2015 жылы Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы АҚШ микробиологиялық қоғамдастығы биоресурс орталығы (ASM) ашылды

2017 жылы Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығында Юнус Эмре атындағы жаңа саябақ ашылды.

2019 жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан елордасына елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды. Астана ресми түрде Нұр-Сұлтан болып өзгертілді.

2019 жылы 12 сағат 00 минутта ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің міндетін уақытша атқарушы ретінде Қазақстан халқына ант берді.

Дереккөз: inform.kz 

Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 10:24

Мед.масканы қолдан жасап алыңыз

Медициналық масканы дәріханалардан іздеп, таппай жатқан халық көп. Маска қашан болады деп күтіп отырмай, өздеріңіз қолдан жасап алуларыңызға әбден болады. Оған түрлі мысалды интернет беттерінен таба аласыздар. Солардың бір түрін назарларыңызға ұсынамыз.

19 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап жарияланған карантин ережелерін сақтау мақсатында Алматы полициясы қаланы облыс аймағы арқылы айналып өту жолының сызбасын картада белгіледі.

«Бұл облыс аймағы арқылы қаланы айналу бағытын көрсетеді. Шартты түрде Талғар ауданынан Қарасайға және басқа аудандарға қалай жетуге болатыны белгіленген. Картада нүкте сызықпен қаланы Алматы облысының елді мекендері арқылы айналып өту жолдары көрсетілген» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, полиция маршруттарды алдын ала жоспарлап, реттеу, төтенше жағдай мен карантин ережелерін, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң сақтау және короновирус инфекциясымен күресу және алдын алу шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Қазір бүкіл әлем, соның ішінде біздің еліміз де коронавирустың таралуына байланысты туындаған жаһандық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарып, вирустың кең таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында отандастарымыздың арасында инфекция жұқтырған оқиғалар тіркелді. Осыған байланысты мемлекет басшылығы ертең түнгі сағат 00-ден бастап Алматы қаласында карантин енгізу туралы шешім қабылдады.
Қалаға кіреберісте блокпосттар қойылып, кіру жолдар жабылады. Бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады, сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мейрамханалар жабылады. Біз бұл мәселені Алматы қаласының әкімдігімен бірге қарастырып жатырмыз.
Сіздердің көпшіліктеріңіз Алматы қаласындағы мекеме-кәсіпорындарда жұмыс істейсіздер, қалаға қандай да бір шаруаларыңызбен, базарға, дүкенге барасыздар. Осыған байланысты түсіністікпен қарап, карантин кезінде қалаға баруды қоя тұруларыңызды сұраймын.
Қазір бірінші кезекте өз денсаулығымызға ерекше назар аударып, санитарлық дәрігерлердің барлық ұсыныстарын толық сақтауымыз керек. Біз биліктің үндеуіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларына жеңіл-желпі қараған бірқатар еуропа елдері (Италия сияқты) тұрғындарының қателіктерін қайталамауымыз керек. Оның арты неге әкеліп соққанын өздеріңіз білесіздер.
Біздің облыста барлық азық-түлік дүкендері штаттық режимде жұмыс істейді. Бірінші кезектегі қажет азық-түліктер толық көлемде жеткілікті. Тауарлар мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.
Құрметті жерлестер, қабылданып жатқан барлық шаралар сіз бен біздің қауіпсіздігімізді, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ең бірінші кезекте өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарай білейік!
Жағдайдың салмақты екенін түсініп, вирустың таралуына жол бермеуіміз керек.
Рақмет!

Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 08:49

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Халықаралық клиенттер күні

Алғаш рет 2010 жылы атап өтілген. Содан бері жыл сайын бұл мерекені Еуропа және Америка елдері қолдап келеді. Атап айтқанда бұл күні кәсіпкерлер клиенттеріне ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, өздерінің ризашылығын білдіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР


1931 жылы Қазақстандағы алғашқы әрі алдыңғы қатарлы медициналық оқу ордасының бірі - С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы ашылды.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Жоғарғы сот кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.

2007 жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Катардың жоғары мемлекеттік наградасы – «Тәуелсіздік» орденімен марапатталды. Орденді 1978 жылы Катар әмірі Халифа бин Хамад әл-Тани елдер арасындағы достықты дамытуға қосқан үлесі үшін шетелдік мемлекет басшыларын, үкімет басшыларын марапаттау үшін бекіткен.

2013 жылы Алматыда қаржыгерлер аллеясы ашылды. Оған 70 Тянь-шань шыршасы отырғызылды.

2014 жылы Қытай астанасының орталығында «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған ескерткіш ашылды (мүсінші Юань Сикунь).

2015 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) хатшылығында ұлттық нақыштағы «Астана» мәслихат залы салтанатты түрде ашылды. ШОС хатшылығының бірнші қабатында орналасқан залдың ауданы 60 шаршы метрден асады.

2017 жылы қазақстандықтар Сұңғат Закарин мен Аслан Қанатбек джиу-джитсудан Грекия астанасы Афинада өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында әлем чемпионы атанды.

Жеке және командалық есепте үздік атану үшін әлемнің 45 елінен жиналған 1000-нан астам спортшы күрес жүргізді.

2018 жылы Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин (АТР рейтингінде - 89) Американың Ирвинг қаласында өткен жүлде қоры 150 000 доллар Челленджердің жеңімпазы атанды.

2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтататынын мәлім етті. Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысының өкілеттігі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты.

Дереккөз: inform.kz 

Мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі тиіс. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

«Біріншіден, барлық мекеме, ұйымдар мүмкіндігі болса, бүкіл жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруы қажет. Кеше ел Президенті бүкіл мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйым қызметкерлерінің 70 пайызын қашықтан жұмыс істеу режіміне ауыстыру туралы тапсырма берді. Басқа мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да осы тәртіпке көшуі қажет. Бұл жұмыс тәртібі Еңбек кодексінің 138-бабымен реттелетін болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, мекеменің, ұйымның басшысы бұйрығын шығарады және жалақы төлеу тәртібі өзгермейді.

«Егер жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеу режіміне ауыстыруға мүмкіндік болмаса, жұмыс беруші өз тарапынан қысқартылған жұмыс уақытын белгілеуге құқылы. Бұл жағдай Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі. Жұмыс беруші апта ішінде жұмыс күнін немесе бір күнгі жұмыс сағатын азайтуына болады. Бұл ретте жұмыс істеп жүрген азамат жалақыны сол жұмыс істеген сағатына байланысты алатын болады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар министрдің сөзіне қарағанда, жұмысын мүлдем тоқтатқан мекемелер жұмысшыларына ең төменгі жалақыдан төмен емес айлық төлеуге міндетті.

Еліміздегі ең төмені жалақы көлемі - 42 500 теңге.

Премьер-Министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссияның жұмысы және ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдер жайында баяндады.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, экономика субъектілерін қолдау шаралары, коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы айтты.

Қазақстан Президенті комиссия мүшелері жүйелі жұмыс істеп, аймақ басшыларымен өзара ынтымақтаса әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, фискалды саясатты тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беру керек. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді іс-қимылдары аса маңызды.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет