Жұма, 15 Мамыр 2020 11:17

Ер есімі ел есінде

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына соғыс ашты. Бұл соғыс Қазақстандағы әрбір отбасын шарпыған алау өртке ұласқаны аян.

Менің атам - Күлембаев Серікбай 1918 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Әлгі айтылған алау өрттің аласапыранында қолына қару алып жау бетін тойтару жолында шейіт болған. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Нижний-Новгород қаласындағы атты әскер сапында 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Еліне қайту мерзімі таяған тұста соғыс басталады да, көппен бірге соғысқа аттанған.

1943 жылы атамнан хат келеді. Онда: «Екі мың сарбаз тойға дайындалып жатырмыз»,-делінген екен. Той дегені – соғыс та, дайындалып жатырмыз дегені – оқу-жаттығу жиындары болса керек.Осы хат атам соғыстан жазған соңғы хат болған. Қара қағаз келген кемегені белгісіз, бәлкім қара қағаздың келенін әжемізден жасырып қалса керек. Қасық қаны қалғанша Отан үшін жан қиған аталарымыздың алдында басымды иіп, тағзым етемін. Ер есімі ел есінде!

 

Ғазиза ЕРЛАНҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы орта мектептің 4 «А» сынып оқушысы, 

Бәйтерек ауылы

Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 15:24

Айша бибі туралы аңыз

 

Сонау орта ғасырларда елі мен жерін жау найзасынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр қас жауының қызына ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады.

Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады.  Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады.  Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі киіне бастайды. Ақырында сәукелесін кие берген кезде жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. Бейкүнә екі жастың отбасылық бақыты небары бірнеше минутқа созылады.

Даналардың «Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал бұл жер «Әулие ата» деп аталып кеткен.

Айша бибі кесенесі ХІІ ғасырда Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Тараз қаласынан 18 шақырым жерде тұрғызылды. Қазір мемлекеттік дәрежедегі архитектуралық ескерткіш. Кесенені өңдеу үшін Қазақстанның ертеректегі андрон, сақ тайпаларының геометриялық, зооморфты мотиві бар ою-өрнектері пайдаланылған. Төрт бұрышында батпан тіреуіші бар. Оның қалай салынғандығы жайлы тарихта нақты деректер жоқ. Алайда, халқымызда Айша бибінің сүйген жігітіне деген махаббатын баяндайтын аңыз бар. Ол аңыздың 28 нұсқасы сақталған. Жоғарыда сол аңыздың 1 нұсқасы келтірілді. Алғаш Айша бибі кесенесін 1893 жылы орыс археологы Василий Бартольд зерттеген. 2002 жылы кесене мен оның айналасындағы саябақты ретке келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Нишан Рамето сайланған.

Кесененің жалпы көлемі – 7,6 х 7,6 метр. Кіру есігі шығыс бөлігінде орналасқан. Ал керегесі – 80 сантиметр, қалыңдықтағы – 3 қабаттан құралған. Бұдан өзге кірпішінде 60 түрлі ою-өрнек түрлі пайдаланылған.

 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Дереккөз 

Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 15:16

Кәсіпкерлерге ескерту жасалды

 

Осы аптада Есік қаласының орталығындағы базарларда әкімдік өкілдері рейд жұмыстарын жүргізіп, карантин кезінде заңсыз жұмыс істеп жатқан сауда орындарының иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали, қала әкімінің міндетін атқарушы Досжан Сейдахмет, учаскелік полиция қызметкерлері Фрунзе және Тіккелдиев көшелерінде орналасқан  сауда орындарын аралады. Карантинге байланысты рұқсат етілмесе де, саудасын жүргізіп отырған кәсіпкерлерге ескерту жасалды. Облыстың бас санитар дәрігерінің шешіміне сәйкес базарлардың жұмысына әлі рұқсат етілмегенін түсіндірді.

С.НҰРАДИН

Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 15:12

Дәрігерлерге серпін берді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында берген тапсырмаларымен Еңбекшіқазақ ауданаралық көп салалы ауруханасының ұжымы мұқият таныстық.

Әсіресе, денсаулық саласына қатысты нақты шешім біз үшін үлкен қолдау болып табылады. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңестің құрылуы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, медициналық мекемелерді жаңа технологиялық жабдықтармен толық жабдықтау және ең маңыздысы медициналық қызметкерлердің құзыретін арттыру біз үшін үлкен мәртебе әрі нақты бағыт-бағдар. Ауданымыздың медицина қызметкерлері өз тарапынан халық денсаулығын қорғау үшін бар күшін салып, қазіргі қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сынақтан сүрінбей өтетінімізге бек сенемін. Біз әрдайым біргеміз!

Диана СУЛЕЙМАНОВА,

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы

директорының сапа жөніндегі орынбасары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірлеуді бастап кетті.

Жаңа қанатқақты жоба 5-10-20 шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендіруді қарастырады:

– несие мөлшерлемесі 5%;

– бастапқы жарна 10%-дан бастап;

– несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

«5-10-20» пилот жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Қазір жобаның шарттары талқыланып жатыр және мына параметрлер ұсынылуда:

– Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн аспайды;

– Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 млн теңгеден аспайды;

– басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспайды.

Әкімдіктер салған несие тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бойынша мынадай баға параметрлері белгіленген:

240 мың теңгеге дейін – Алматы қаласында;

220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта;

200 мың теңгеге дейін – Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта;

180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында;

160 мың теңгеге дейін – басқа аймақтарда.

«5-10-20» пилот жобасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған қосымша шара ретінде әзірленіп жатыр.

«Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі базасында жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады. Ол тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлістіруді бір орталықтан атқаратын болады. Қойылып отырған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынатын болады», – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Тұрғын үй қолжетімділігі сатысы белсенді түрде ендіріледі. Бір мүше үшін бір КМ-нан (күнкөріс минимумы) төмен табыс табатын отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз үйді жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. 2 КМ-на дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар (көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар) «Бақытты Отбасы» бағдарламасына, ал 3,1 КМ-на дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар «5-10-20» пилот жобасына қатыса алады.

ИИДМ ұсынған 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша, жергілікті атқарушы органдарда 540 мыңнан астам адам кезекте тұр. Оның ішінде:

– мемлекеттік қызметкерлер, бюджет ұйымдар қызметкерлері – 212,5 мың адам;

– толық емес отбасылар – 120,5 мың адам;

– ата-анасыз балалар – 60,8 мың адам;

– 1 және 2-топтағы мүгедектер – 43,5 мың адам;

– мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар – 21,1 мың адам;

– зейнеткерлер – 18 мың адам; – басқа санаттар – 16 мың адам.

«Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы» ҚР ДСМ «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК филиалы індетпен күресуде ауқымды жұмыс атқаруда. 

Қытай Халық Республикасынан тараған «аты жаман» кеселдің таралуынан бастап, станция қызметкерлері Қазақстан Республикасында аурудың алдын-алуға және таратпауға барын салуда.

Мамандар Қытаймен шекаралас СБП-де жұмыс істеп жатыр. Медицина мамандарды даярлықтарын пысықтап, өткізу пунктерінде қызмет жасап жүр. Сондай-ақ, дезинфекциялық шараларды жүргізіп,халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын өткізіп жүр.

COVID-19 пандемиясымен күресуде жедел және сапалы диагноз қажет дейді мамандар.  Бұл жерде ПТР диагностикасы жетекші рөлге ие.

«М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК «Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы»филиалы Алматы облысында Талдықорған қаласында орналасқан және Қарасай ауданында орналасқан екі ПТР зертханасын ұйымдастырды.Зерттеулер ҚХР тест- жүйелерін қолдана отырып жүргізіле бастады, қазіргі таңда «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК өндірген тест – жүйелер жұмысқа берілді. Бұл тест- жүйелері сынақтан сәтті өтті және орталық референс- зертхана жұмысында қолданылады»,- деді Алмас Тоқтамысұлы.

Қазіргі таңда жаппай тест жүргізу өзекті болып тұр. Сол мақсатпен Алматы облысында тест жүргізуге жататын контингенті анықталды. Оған медициналық қызметкерлер, блокпостарда жұмыс істейтін күш құрылымдары, әкімдік жұмысшылары, әлеуметтік нысан тұрғындары мен қызметкерлері және  тағы басқа тұлғалар  кіреді.

            

 

Сәрсенбі, 13 Мамыр 2020 12:00

Халифа Алтайдың өсиеті

1992 жылдың мамыр айы еді. Бір шаруамен Өскемен қаласына барып, сондағы «Өскемен» қонақ үйіне табан тіредік. Кештетіп далаға шықсақ, қонақ үйдің маңайы толған сақшы-қосшылар. «Не болды?» десек, біз жатқан мәртебелі қонақ үйге Түркиядан аса қадірлі мейман келіп түсіпті. Мына шапқын сол адамның «қамы» көрінеді. Бопты, дедік те, өз жайымызға кеттік... Қонысымызға қайта оралсақ манағы даладағы дүрлігіс біз жатқан қабатқа көшіпті. Сақшы-қосшылар осында жүр. Себебі, қадірлі қонақ бізбен көрші бөлмеде екен.

Бастабында, қызметтік-іскерлік шаруамен жүрген көп түріктің бірі шығар деп аса мән бермедік. Десе де, пендеауи қызығушылық қалған ба, қадірлі қонақты бір көрмекке ынтамыз ауып, ақырын барып барлай-шолып байқасақ... о, жасаған, күллі жұрт түрік деп дүрлігіп жүрген қонақ кәдімгі өзіміздің Халифа Алтай атамыз екен. Жарықтық көзіме оттай басылды. Бір көруге арман боп жүрген ардақты қарияның кездескен жерін қарамайсыз ба!? «Ассалаумағалейкумді» азандата созып, иіліп барып атаның ыстық алақанын қос қолдап қымқыра ұстадым. Атамыз бәсең дауыспен сәлемімді алды. Шүйдесі еңкіш тартқан жұқалтаң адам екен «бұл кім болды» дегендей, бетіме  бажайлап қарап алды да, үнсіз отыра берді.

Қасында жары Бәтіш апа (Бибәтіш Жүнісқызы) бар екен. Қайта апамыз: «Төрлет, қарағам, қайдан жүрсің?» деп, қазақы әдетпен жөн сұрай қалғаны. Маған да осы сұрақ керек еді... Қайда туып, қайдан келгенімді айтып сарнадым кеп. Атамыз үнсіз тыңдап отыр. Бір кезде бұрылып қарады. – Жөн, қарағым, Қобда бетінің қазағы екенсің ғой... – деп әңгіме ауанын өзі кеңітіп, ана-мынаны сұрап... әңгіменің көші түзелгендей болғаны. Мен де қарап қалмай, ақсақалдың бұл қалаға неге келгенін сұрадым. Жарықтық көпті көрген көрік кеудесін бір көтеріп қойып, шанағы кепкен көне домбыраның үніндей қоңыр дауысымен сөз бастады. Менің түсінгенім: атамызды бала кезінде оқытқан руы найман-сарыжомарт ұстазы болған екен. Сол кісі 1960-шы жылдары арғы беттен осы жаққа өтіпті. Соны іздеп келген беті. Тірі болса көзін көріп батасын алмақ, жоқ болса үрім-бұтағын тауып батасын бермек.

Осы мәселе бойынша ертеңінде атам екеуміз іздеуді бастадық. Алдымен облыстық «Дидар» газетінің редакциясына бардық. Ол жерде қаланың зиялы қауым өкілдері жиналып күтіп отыр екен. Барлығымыз фотоға түстік (суретте). Ақсақал ұстазының дерегін де тапты. Ертеректе Күршім жаққа қайтыс бопты. Кейін жарықтық сол ұстазының немере қызын әдейі Алматыға алдырып, өзінің үйінде тұрғызып, оқуын аяқтатты. Өз басым әлі күнге дейін осы оқиғаны есіме аламын. Ұстазға деген неткен құрмет, неткен адалдық...

Күн бесін ауғанда атаммен бірге қоналқы орынға келіп жайғастық. Бұл кісілер таңмен таласа жолға шықпақшы. Содан қарап отырмай әңгіме өрбіттім. Бір жыл бұрын от орнымнан ұшып атажұртқа қоныс тепкенімді айта келіп, тұрмыстық жағдайдың онша болмай тұрғанын, «атамекен деп аңсап жеткенде...» өзімше іштегі шер-шеменді төгіп жатырмын. Атам жарықтық үңіліп бетіме қарады (бұл не айтып кетті дегендей). Орыннан тұрып келіп қарсы алдыма отырды. – Қарағым, - деді. – Сен бақытты адамсың, мен сияқты жер әлемді шырқ айналып, тісі барға тістетіп, азуы барға алдырып, арман болған атамекенге зорға жетіп отырған жоқсың. Мені тыңда, шырағым, 1930-жылдары Алтайдан ауа көшіп Гансу өлкесіне келгенде біз 18000 адам едік. Осылардан 5000 адам Тибетке тірі өттік. 1941 жылы Үндістанға 3000 адам өтіп, 1942 жылы осыдан 1000 адам ғана тірі қалдық. Ақсақал осыны айтып, терең күрсінді. Өткен өмірі, бастан кешкен қиын күндері елес берсе керек. Үнсіз қалды. Аздан соң еңсесін қайта тіктеп алып:

 –  1941 жылдың күзінде босып жүріп Үндістанның Мұзапар-Абат қаласына зорға жетік. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Біз өзеннің бергі шетіне шатыр тігіп орналастық. Күнде жаңбыр. Су тамшылары баспанамыздан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп кетті. Алды иістеніп шіри бастады. «Жұт жеті ағайды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Аурудың сырын ешкім білмейді. Көп адамдар есінен ауысып жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп,  тұлабойына жара қаптап, тіпті тірідей тістері шіріп кеткендер қаншама. Күн   сайын оншақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, ұлықсат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз өлген адамдарды шатырлардың арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Бітіретін жұмысымыз күні бойы тек зират қазу. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды... Осылай Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық. Ешкім бізді азаматтыққа қабылдамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Ел бөтен, жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиынын бастан өткердік. Алғаш барған алты жылда әйел затының жатыры шошынып, бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Егер бір жаққа көшпегенде сол күйі тұқым-тұяғымыз құрып жоғалар еді...  Шырағым, құдай берген құтты шаңырағыңа реніш айтушы болма! Қазіргі азаттықтың  қадірін білмесең, ешқашан ел болмайсың, балам! Тыныштық бар жерде бақ тұрады, деп аталық өсиетін айтты.

*****

Атамның бұл әңгімесі сол кезде қатты әсер етті деп айта алмаймын. Бірақ, бір үтірін қалдырмай жазып алыппын (қолжазба әлі сақтаулы). Бірақ бұл сөз көкейімде әрқашан жаңғырып жүрді. Кейін, тіпті бертінде түсінгендей болдым. Атам жарықтық азаттықтың не екенін, басында өзінің жеке шаңырағы бар тәуелсіз мемлекет болудың қадірі қанша қымбат екенін, терең де, толық түсінген һәм соны өмір бойы аңсаған жан екен. Сондықтан да қазақ елінің амандығын тілеп, көзі жұмылғанға дейін ел-жұртты жақсылыққа шақырудан таймады.

Сонау 1992 жылы табанының ізі қалған Өскеменде бертінде сән-салтанаты келіскен мешіт тұрғызылды. Сол мешітке оқымысты діндар, ағартушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш лаураеты Халифа Алтайдың есімі берілді. Қазақ айтатын: «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» деген осы шығар.

Бекен Қайратұлы

Кешегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған мәлімдесінен кейін Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері жаңа қаулы қабылдады.

«Алматы облысының аумағында үшінші сатыны іске асыру кезеңінде карантин және карантиндік шараларды босаңсыту туралы» қаулыда карантин шараларын жеңілдету шарттары белгіленген.

Қаулыға сәйкес көршілес облыстармен шекараларда блок-посттар, аудандар мен қалалар арасында мобильді посттар жұмысы жалғасады.

Сол сияқты санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз жұмысын бастайтын нысандардың тізімі кеңейтілді.

Бұл қатарда алаңы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түліктік емес дүкендер, автобөлшектер, құрылыс материалдарын сататын, тұрмыстық химия, тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар.

Сонымен қатар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып ұзақ және тығыз қатынасты болдырмайтын нысандар, құрылыс дүкендері, саяжай құралдарын тарататын дүкендер, оптика (дүкендер), фотосалондар, гүл сататын дүкендер, зоодүкендер, техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, шиномонтаж, автосалондар, алдын ала жазылу бойынша медициналық бетперде киген келушілерге қызмет көрсететін сұлулық салондары, шаштараздар, бизнес орталықтары (сақтандыру компаниялары, адвокаттың, нотариустың, бухгалтердің және консалтингтің қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және т.б) да жұмысына кіріседі.

• 30 адамға дейін қатысатын жеке және топтық дайындық жасайтын мәдениет нысандары да іске кіріседі.

• Типографиялық қызметтер, тігін ательелері, аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, кір жуу және сол сияқты тұрмыстық және электрондық техниканы жөндеу қызметтері кешкі сағат 17:00-ге дейін ашық болады.

• Әуежайлар, халыққа қызмет көрсету орындары да жұмысын бастайды.

• Сол сияқты сағат 10.00-ден бастап 15.00-ге дейін банктік емес ақша айырбастау пункттері де есігін қайта ашады.

• Қоғамдық көлік сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, бұл ретте қоғамдық көліктің толымдылығы отыратын орындардың санынан артық болмауы тиіс.

• Қаулы күшіне енді. Барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтау талабы сақталады.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет