Сәрсенбі, 19 Ақпан 2020 14:34

Ырыс жайлы аңыз

Баяғыда бір жолаушы жолаушылап келе жатып шағын бір ауылға түсіпті. Ауылдың сыйлы кісінің үйіне дәл түскен екен, ол да жолынан жығылмай қонағын жік-жапар болып күтіп алыпты. Түннің бір уағында қонақ иттің ұлығанынан оянып кетіпті. Бұл қонақ жәй қонақ емес еді. Жер бетіндегі жан - жануардың тілін меңгерген ғалым адам болатын. 

Ауыл сыртынан

– Қонақтың атын жеймін! –  деп ұлыған қасқырға үй иесінің иті:

– Қонағымның атын жер болсаң, сені адамдарға ұстап беремін, – деп жауап қатып тұр екен. Қасқыр болса:

– Бұл ауылды таң ата жау шабады, – деп тайып тұрыпты.

Қонақ үй иесін оятып, дереу ауылдың көшуін сұрапты. Ауылды көшіріп болған соң, ертесіне ескі жұртқа келсе көнбей қалып қойған екі үйдің шаңырағы ортасына түсіп жатыр екен.

Жаңа қоныста түстеніп отырған қонақ:

– Бұл үйдің ырысы итінде екен-ау, бұйымтай ретінде осы итті сұрармын, – деп ойлапты. Сол мезетте ит киіз үйдің туырлығын иіскепті. Қонақ:

– Ырыс туырлыққа ауды, туырлықты қалаймын, – деп ойлап отыра беріпті. Сол оймен отырғанда маңайда жайылып жүрген жетім тоқты келіп, сол туырлыққа сүйкеніп өтіпті. Бұйымтайын сұраған үй иесіне: 

– Маған анау қара тоқтыны сойып, етін түгелдей асып беріңіздер. Тек бір шартым бар еттен менен бұрын ешкім ауыз тимесін, – депті. 

Ауылдың бір жігіті тоқтыны әп-сәтте сойып тастайды. Бәйбіше етті толығымен қазанға салып асып енді әкеле бергенде үй иесінің ерке ұлы жүгіріп өтіп бара жатып, бастың құйқасынан жұлып жеп үлгеріпті. Ет үстінде ауыл иесі: 

– Қадірлі қонағым, сен кеше ауылды ажалдан аман алып қалдың, сырыңды айтшы, – депті. Сонда қонақ: 

– Сізге ырыс қонған екен, сол ырысыңыз ауылды асырап отыр. Ырысыңыздың иесі итіңіз екенін сездім, соны қалаймын-ау деп ойлағаным сол еді, итіңіз туырлықты иіскеп ырыс туырлыққа ауысты. Туырлықты қалайын деп отырғанымда, оған тоқты сүйкенді. Сол тоқтының етін жеп ырысты болайын деп ойлаған едім, етті мына балаңыз бірінші жеп үлгерді.  Ырыс енді осы балада. Құдайдың оң назары түскен пендесі екенсіз, – деп сөзін аяқтапты қонақ.

Дереккөз: balakai.kz 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыда өткен азаматтық қоғаммен кездесуде «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңы туралы айтты.

«Мен бірінші кезекте бұл жерге сіздерді тыңдау үшін келдім. Сосын сұрақтарыңызға жауап беріп, пікірлеріңізді тыңдағым келді. Екі сөзбен айтқанда, 1995 жылы қабылданған заңға өзгеріс енгізсек пе деп ойладық. Бірақ талқылау мен талдау кезінде өзгеріс енгізгенше жаңа заң қабылдаған дұрыс екендігі анықталды. Нақты өзгеріс енгізу мүмкін болмай шықты. Жаңа концептуалды заң қабылдау керек», - деді Дәурен Абаев «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңын талқылау кезінде.

Министр жаңа заңның күшті тұстарын да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, жаңа заңда ұйымдастырушылардың, журналистер мен қатысушылардың құқығы мен міндеттерінің мәртебесі айқындалған, мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі бекітілген, митинг өтетін арнайы орындар белгіленген. Митинг өткізу тәртібін хабарландыру ережесі енгізілген. Өтініштерді қарау тетігі нақтыланған.

«Біздің айтпақ болған барлық новелламыз жайлы сіздер білесіздер. Осы арада отырған әріптестеріміздің көпшілігі бұл заңның өте салмақты екендігімен келіседі. Бейбіт жиналыстар туралы жаңа өзгерістер енгізіледі», - деді министр.

Сәрсенбі, 19 Ақпан 2020 09:57

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Бүкіләлемдік киттер күні

Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы 19 ақпанда Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау мен кит етін сатуға тыйым салған. Бірақ 19 ақпан киттерді ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді мүлдем жойылу алдында тұрған бірегей бір сүтқоректіні қорғауға арнайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан мен Аустрия Республикалары арасында алдағы уақытта саяси-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

1994 жылы Қазақстан Республикасының құрамасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда қазақстандық спортшылар бір алтын және екі күміс жүлдені жеңіп алды.

2009 жылы Иранның Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды.

2013 жылы Тараз қаласының маңында сақ алтынының бөліктері табылған қорғандар қазып алынды.

2013 жылы Қазақстан мен Италия арасында Ауғанстаннан әскери мүлік және персоналды ҚР аумағы арқылы әуе және теміржол арқылы транзиттеу туралы келісімге қол қойылды.

2014 жылы Ақтауда Түрікменстанның консулдығы ашылды. Бұл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

2015 жылы Мәскеудегі Ардагерлер үйінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Т. Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Бұл тарихи деректі фильм Ұлы Отан соғысына аттанған 19 жастағы Талғат Бигелдиновтің тағдыры туралы баяндайды. 1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда талай қиындықтарды бастан кешіп, ерліктің мәңгі өшпес үлгілерін көрсеткен батырдың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Талғат Бигелдинов өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Бұл ұшақты фашистер «Қара ажал» деп атаған. Аты аңызға айналған ұшқыштың 1966 жылы жазған «Илдер шабуылдайды» атты кітабы фильмнің негізгі арқауына айналған.

2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасы «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында жалпыға бірдей оқуға басты кітап болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясы таңдалды.

2015 жылы Алматыда Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің отбасына ІІ дәрежелі ҰОС орденін тапсыру рәсімі өтті. Сағадат Нұрмағамбетов Отан соғысы орденіне 1985 жылы ұсынылған. Алайда награда оған жетпей қалған.

2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Дереккөз: inform.kz

Сейсенбі, 18 Ақпан 2020 14:15

Досы көп көрші

Баяғыда екі көрші болыпты. Қыс келіп, алғашқы қар жауады. Бір көршісі ерте тұрып, күрегін алып, есіктің алдын қардан тазалайды. Мойынын созып, көршісінің ауласына қараса, оның есігінің алды тап-таза екен.

 Ертесі күні қар түнімен жауып шығады. Әлгі жігіт одан ерте тұрып, көршісінен бұрын қар тазалап тастамақ болады. Таң сәріден тұрып, қар күреп болған соң тағы көрші аулаға қарайды. Ал ол жақ тап-таза.

 Үшінші күні қар көп жауып, тізеден келіпті. Күн шыға сыртқа шыққан жігіт тездетіп ауланың қарын күреп, тазалайды. Әдеттегісінше, көршісінің ауласына мойынын созып қараса, түнде қар жаумағандай-ақ тапталып жатыр. Жігіт таңғалады.

 Сол күні екі көрші көшеде кездесіп қалады. Ананы-мынаны бір сөз етіп тұрып, әлгі жігіт көршісінен: «Осы сен есігіңнің алдындағы қарды қай уақытта тазалап үлгересің?» – деп сұрайды. Көршісі: «Мен ешқашан қар тазалаған емеспін, үйіме достарым келеді. Есігімнің алды тапталып жатқаны содан болар», – деп жымия жауап беріпті.

Достарыңыз көп болсын!

 

 

Аударған: Құралай Мұратқызы

Сейсенбі, 18 Ақпан 2020 11:29

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан балаларының «Бөбек» қайырымдылық қоры құрылды. Оның негізгі мақсаты - ана мен баланы қорғау.


1992 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан республикалары арасында мемлекетаралық су ресурстарын бірлесе басқару және пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылды.

1993 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне ғалым-этнограф, фольклоршы Әубәкір Диваевтың есімі берілді.


2003 жылы Ресей және Қазақстан президенттерінің қатысуымен Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақстанның Ресейдегі жылының ашылу рәсімі өтті.
Мерекелік шаралардың аясында 2003 жылдың 17-20 ақпан күндері Мәскеудегі Кремльде «Алтын адам. Сақ қорғандарының қазынасы» көрмелері, қазақстандық кино апталығы, Қазақстан өнер шеберлерінің концерттері, т.б шаралар өтті. Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті мен «Әлем мойындаған Қазақстан» атты кітап көрмесі болып өтті.


2008 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы актуарий мектебі ашылды. Актуарий — тәуекелдер мен мүмкіншіліктерді бағалай алатын арнайы білімі бар әрі сақтандыру компанияларынын қаржы кызметінің негізі саналатын есептеу жүйесін іске асыратын маман.

2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ISO50001 энергоменеджмент жүйесін енгізді. Осылайша университет аталған жүйені өзіне енгізген ТМД аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз ұйым болды.

ISO 50001 – Энергожүйелерді басқару үшін стандарттау жөніндегі Халықаралық ұйым арқылы құрылған халықаралық стандарт, бұл энергоменеджмент жүйесін жақсарту және орнату, енгізу және оған көмек көрсету бойынша талаптарды айқындайды.

 

2014 жылы Түркияның Эскишехир қаласындағы Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VI Конгресінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік «2013 жылғы Түркі әлемінің үздік жазушысы» атағына ие болды. Төлен Әбдіктің ең танымал кітаптары 13 түркі тіліне аударылған.
2015 жылы Бүкіләлемдік Универсиада туы Алматы дирекциясына тапсырылды. Қазақстан - Универсиада өткізген ТМД елдері арасындағы тұңғыш мемлекет.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия жүктерді Қытайдың порттарынан Батуми портына, ол жерден Түркия және Еуропаға тасымалдау мүмкіндігін беретін теміржол консорциумын құруға келісті.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды.

Академия қызметінің негізгі бағыттары – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын; судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, қайта даярлауды; ғылыми қызметті жүзеге асыру.

2018 жылы Мағжан Жұмабаев шығармаларының жинағы түрік тілінде жарық көрді. Аударған – түріктің белгілі ақыны Әли Акбаш. Ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Осыған орай Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығару қолға алынды.

Дереккөз: inform.kz 

Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 15:31

«Koktobe winter»

Жақында Көктөбе ауылдық округі әкімдігінің және Алмалы ауылы И.Шорманов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қанат Бірімбаевтың ұйымдастыруымен Алмалы ауылының орталық алаңында жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын оятып, салауатты өмір салтына тарту мақсатында аудан мектептерінің оқушылары арасында «Koktobe winter» атты шаңғыдан жарыс өтті. Бәсекеге 7 құрама қатысып, нәтижесінде  жүлделі 1-орын И.Шорманов атындағы орта мектеп оқушыларына берілді. 2-орын Қайрат орталау мектебінің оқушыларына бұйырса, үздік үштікті Таутүрген орталау мектебінің оқушылары қорытындылады. Жеңімпаздар алғыс хаттары және медальдармен марапатталды.

 

Акмарал КЕТПЕНОВА,

Көктөбе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы

Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:42

Маусымашар

Жақында аудан жастары арасында «Көңілді тапқырлар алаңы» ойынын дамыту, талантты жастарды ел ішінен екшеп халықпен қауыштыру мақсатында Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде көңілді тапқырлар алаңының маусымашар ойыны өтті.

Оған Есік қаласы және Қазақстан, Асы, Масақ, Қаракемер, Рахат, Көтөбе ауылдық округтерінен барлығы 15 құрама қатысты.  Аталмыш ойынға халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Нұртас Қайратұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебаев және ауданымыздың Көңілді тапқырлар алаңы ойындарының президенті Бақытжан Қаби төрелік етті. Тартысты да қызықты өткен  ойын тек бір ғана бөлімнен, яғни 7 минуттық фристайл «Сәлемдесумен» өткізілді. Нәтижесінде алдағы сәуір айында өтетін ойынның 1/2 кезеңіне 10 құрама жолдама алды. Төрешілер ойын соңында келесі ойынға өтпеген топтарды алғыс хаттармен марапаттап, сәттілік тіледі.

Арайлым БАҚБЕРГЕНҚЫЗЫ,

аудандық жастар ресурстық орталығының маманы

Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:21

Қара өлеңнің Хантәңірі

Жақында Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай  «Қара өлеңнің Хантәңірі» атты байқау өтті.

Байқауға Қаракемер, Талдыбұлақ, Түрген ауылдық округтерінен сексенге жуық өнерпаз  жастар қатысты. Олар ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан өзара сайысқа түсті. Жатқа әрі мәнерлеп, ақын жанының қалтарыс-бұлтарыстарын ақтара келіп, өлеңі арқылы сол бұлқан-талқан қуатты халыққа жеткізе білу өнердің төресі болса керек. «Сәби болғым келеді, сәби болғым, мына өмірден хабарсыз жаңа туған» – деп, ақын өмірдің қиын-қыстау сәттерінде күйзелген болса, бұл өлеңді оқыған жас та дәл сондай күй кешуі қажет. Құры сөз бен өлең дейтін әлемнің айырмашылығы міне, сонда. Зыр еткізіп, тісі тісіне жұқпай ағызып өте шығатын жандар қара өлеңнің өлкесінен аулақ жүрсін. Мұнда:

«Ойпырмай көктем, көктем,

Дүние-оу сен осындай көкпенбек пе ең...

Қымырандай ашимын қырға шығып,

Өзегімде жылайды өткен-кеткен» – деп, шынайы күйініп, шынайы қуанатын ақ жүрек адамдар ғана керек. Әділдік жолында бәйгеге басын тігіп, тайсалмай қарсы жүретін қаһармандар керек. Байқау осыны ұқтырғандай. Мұқағалидай ғажап ақынның өлеңдері де осы құдіретті құндылықтар үшін күресу қажеттігін меңзегендей. Жастар жарыса өлең оқыды. Нәтижесінде, бас жүлде Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Санжар Амангелдіге берілді.  1-орынды Талдыбұлақ орта мектебінен Мақпал Тұрған, Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Айгерім Тәңірбергенова өзара бөлісіп алса, 2-орынды Талдыбұлақ орта мектебінің оқушылары  Инабат Шаяхмет, Наргиз Камалова,  Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушысы Олжас Шамейхан бөлісті. 3-орынға Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп оқушылары - Рамазан Кәкім, Жансая Қылышова, Фатима Қаржау ие болып, әділ қазылар алқасы тарапынан бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын алды.

Әділет САРЫБАЙ

Дүйсенбі, 17 Ақпан 2020 14:17

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Риясыз мейірім көрсету күні

Бұл мейрамды азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бүкіл адамзат атап өтуге болады. Бұл күні, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, айналадағылардың бәріне шексіз мейірімді болуға тырысу керек.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2005 жылы Парламент Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор, танымал мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы «Даналар кеңесінің» мүшесі болды. «Даналар кеңесіне» Ванкуверден Владивостокқа дейін ЕҚЫҰ қызмет ететін барлық аймақтың өкілдері кіреді.

2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметі - «Сырбар» құрылды. Жарлықта атап өтілгендей, ҚР-ның 2007-2012 жылдары Ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және Қазақстанның арнайы қызметтер құрылымын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі құрылды. Мемлекеттік орган ретінде ол тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынып, есеп береді. Аталған Жарлыққа сәйкес сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі таратылды.

2010 жылы 9-сыныпқа арналған «Дінтану негіздері» оқулығы жарыққа шықты.

2013 жылы қазақстандық оператор Әзиз Жамбакиев «Уроки гармонии» фильмі үшін Берлин кинофестивалінің жүлдесіне ие болды. Бұл әйгілі Берлин кинофестивалінде қазақстандық киногерлердің алған алғашқы жүлдесі еді.

2016 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.

2017 жылы Бішкекте «Қырғызкино» кинотеатрында қырғыз режиссері Өмірзақ Толобеков түсірген «Әлемдік Назарбаев» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Премьерада болған Қырғызстанның танымал мемлекеттік қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қарапайым көрермендер қазақстандық көшбасшыны жаңа қырынан танытып, екі бауырлас xалықтың тығыз байланысын ашып көрсеткен фильм авторларына үлкен алғысын айтты.

2017 жылы Астанада 10 жастағы Аймен Нұржан ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтары мен келушілеріне ыңғайлы болуы үшін «ЭКСПО-гид» мобильді қосымшасын әзірледі. Онда халықаралық көрмеге қатысушы елдердің павильондары геолокациямен көрсетілген. Қосымша көмегімен кез келген адам көрменің қай павильонына қалай бару қажеттігін біліп қана қоймай, мейрамханалар, такси мен автобустар, анықтама бюросы қызмет түрлерін де ала алады.

2018 жылы Түркияның Кастамону қаласында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен 2017 жылды қорытындылау жиынында түркітілдес елдердің рухани өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтардың есімдері үздіктер қатарында аталды.

ТҮРКСОЙ ұйымының және бауырлас мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен бірлігін насихаттауға ерекше еңбегі сіңген Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Гагаузия, Солтүстік Кипр, Болгария, Македония, Түркия елдерінің ақын-жазушылары мен журналистеріне «Баспасөз сыйлығы» мен арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының редакторы Мәдина Әйтпенбетова мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің редакторы Жанар Мұхамедиярова да бар.

Дереккөз: inform.kz 

Сұлулығымен тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, талайларға ән салдырған киелі Жетісуды сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісудың өзен-көлдері, тау-тастары мен жазық даласы сан мыңдаған тарихтан сыр шертеді.Облыста 7 ірі өзеннен бөлек, ыстық шөлдалалар, мыңдаған шағын және үлкен сарқырамалар, көлдер мен өзендерді, ормандар мен Алатаудың қарлы шыңдарын кездестіруге болады.Жетісу өңірі Сиверс алмасының отаны болып есептелінеді.Бұл өлкенің көркем табиғаты туристердің көз жанарын жаулайтыны анық. Осы себепті Жетісу өлкесі саяхатшылардың аялдайтын мекені болуға әбден лайықты.

Туристерді тұрақты түрде қабылдайтын аймақтың дамуы мен келешегіне қатысты туристік жобалардың бірқатарын Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаеваайтып берді.

Бәрімізге айқын, жеті өзені тоғысқан ұлы өлке   шығыста Қытай Халық Республикасымен шектесіп, Солтүстік Тянь-Шань жоталарының арасында орналасқан. Теңдесі жоқ қазақ жерін «алтын бесік» деп атайды. Жұмбағы көп жұмақ мекеннің көркемдігін жер жаһанға мәшһүр ету мақсатында  Алматы облыстық туризм  басқармасы 2019 жылдан бастап өлкенің көрікті жерлерін кеңінен таныту үшін "Google", "Yandex", "Wikipedia" жаһандық платформаларымен жұмыс істеуді бастаған.

Туристік салаға, тамақтану, демалыс объектілеріне, көлік қызметтеріне қатысты барлық мәліметтерді  осы платформаларға түсіреді. Бұл қызметтерді мобильді телефон арқылы тез табуға көмектеседі. Бизнесмендердің пікірлері бойынша кейбір нысандарда алдын ала орындарға тапсырыс беруге  болатын онлайн қызметтерді қолдануға болады. Бұл Жетісу туристік брендінің дамуы мен танылуына өте тиімді әсер етіп жатыр.

Өткен жылдың ерекше оқиғаларынның бірі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауы. Онда басым бағыттар анықталған. Республика бойынша 10  үздік жобаға Алматы облысының екі жері – Алакөл және Алматы тау кластері кіреді. Ал 50 үздік жобаға "Қорғас" , Жоңғария, Балқаш көлінің жағалауы кірген.

2019 жылы облысқа 40 млрд.теңге жеке инвестиция тартылған сол арқылы  көптеген жаңа нысандардың құрылысы басталады. Осы жылы Алакөл көлінің жағалауында коттедж қалашығы бой көтермек, сондай-ақ Ұйғыр ауданында тау кластерінің көз тартарлық бір неше нысандары салынып, саяхатшыларға есігін айқара ашады деп жоспарланған.

2020 жылы  туристік маршруттарды жайғастыру үшін бірыңғай брендбук  туристік бағыты іске асыру жоспарлануда. Алғашқы бағыт,  Шарын саябағында, Көлсай көлдерінде, Іле Алатауы және Жоңғар Алатауы ұлттық парктеріне бет алады . Сонымен қатар, биылғы жылы біз Алтын Емел паркінде геосаябаққа қатысты саяхатшыларға арналған  турөнімдерді даярлап отырмыз,-  деп хабарлады Жанар Галифулдақызы

Бұған дейін Алматы облыстық туризм басқармасы зерттеу институтымен  3 жыл бойы геологиялық парк құру бойынша зерттеу жүргізген болатын. Осы жылдан бастап, маусым айына дейін геоэкскурстарды таныстыруды жоспарлап отыр. Саяхатшылар  демалумен қатар медициналық қызметтерді де ала алады. Биылғы маусымнан бастап, Алакөлдің бірнеше нысандарына медицина қызметкерлерін тартады деп күтілуде.  Бұдан басқа, ішкі нарық үшін ауқымды маркетингтік стратегияны әзірлеу қолға алынған.

Іске асып жатқан Тау-кен кластерінің жобалары 8 бағытқа бөлінген. Бүгінгі күні жоба Талғар ауданынан бастап Шарын, Көлсай, Қаскелеңге дейін  қамтылды.

Жақын арада демалыс орындарын  кеңейтіледі.Демалыс орындары екі алаңға бөлінеді: "Апорт" және "Ақтас". Сондай - ақ қазір "Түрген" жобасы бойынша инвесторлармен жұмыс  жасалуда, бұл Түрген шатқалындағы ірі тау курорты. Бұдан басқа, Шарын шатқалына жақын жерде "Парк –шатқал"жобасы жүзеге асырылады. Жоба өзінің бірегейлігімен қызықты. Онда аспалы көпірлері бар локация ұсынылады деп тілге тиек етті басқарма басшысы.

Жетісу өңірінде жергілікті және шетелдік туристер қызығушылық танытатын бірнеше үздік  орындар бар. Олар Алматы облысының төл құжаты болып саналады. Алайда, өңірдің туризм басқармасы жүргізген  зертетуінің барысында туристердің қызығушылығын тудыратын 162 қызықты  нысан анықталды. Бүгінгі таңда тұтынушылар, соның ішінде шетелдік туристер баратын туристік орындар қалыптасқан. Ең көп келетін орындар: Алакөл, Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы. Бұдан басқа, саяхатшыларға Жоңғар-Алатау ұлттық паркі, Корин шатқалы,  суда ескекпен есу сайысын  жүргізу үшін жақсы сипаттамасы бар өзендер кіретін Жоңғар кластері үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Ел басының  "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға келер болсақ, "Киелі жерлер "бағыты бойынша жұмыс жасалуда. Таңбалы тас " - жартастағы ресурстаркөрмесі, өте қызықты және тарихи маңызды бар  нысан. Бірақ, біраз уақытқа дейін автожолдың сапасына байланысты оған өту мүмкін емес еді.Соған байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп, биыл аяқталады деп сенім білдірді Жанар ханым.

Алматы облысында әлемнің әр шетінен келген қонақтарды қабылдайтын бірнеше этноауылдың болуы үлкен қуаныш. Мәселен, мұндай тарихы бар этноауыл – Талғар ауданындағы "ғұндар". Сонымен қатар, Қарасай ауданындағы "Номад" этноауылы да бар. Өткен жылы онда Тұңғыш Президенттің "Ұлы даланың жеті қыры"атты бағдарламалық мақаласының идеяларын жүзеге асыруға бағытталған тақырыптық фестивальдер өткізілген. Ағымдағы жылы аталған фестивальдар коммерциялық мәртебеге ие болады. Яғни, бұл нысан өз туристерін қабылдауға және ірі іс-шараларды ұйымдастыруға дайын.

Шетелдік туристер Алматы облысына  экологиялық  таза мекен деп ат басын бұрады. Ұшса қыран құстың қанаты талатын, сайын даланың болмысына тамсанбайтын адам кемде кем. Облыстың экономикасының дамуына үлес қосатын айшықты саланың сансыз жетістіктері ел игілі үшін екені даусыз. Топырағында мәдениет пен өркениеттің тамыры кеңінен жайылған осынау өлкеге келгендер өзгеше сезімге бөленетіні һақ. Әлемнің 7 кереметі туған өлкенің көркемдігіне жетпес, Қазақ даласының кербез бөлігі болған Жетісу өңірі саяхатшылардың сая табар орнына айналуда. 

Гүлжанат Нұрасыл

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет