ҚР Ішкі істер министрлігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде әкелінген көліктерді елімізде ресми тіркеу үшін жүргізушілер қанша ақша төлеуі керектігін түсіндірді.

«Сома салық заңнамасы аясында бекітілген. Ол барлығы үшін бірдей. Армениядан және басқа аумақтан әкелінген көлік құралдары үшін еш айырмашылығы жоқ. Көлік иесі мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатына шамамен 10 мың теңге және бастапқы тіркеу үшін көлік құралының шығарылған жылына байланысты 600 мыңнан 1 млн теңгеден астамға дейін сома төлеуі керек», - деді Үкімет отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Сонымен қатар, ол автомобильдерді тіркеу үшін бөлінген мерзімді де түсіндіріп берді.

«Азаматтардың арасында жалған ақпарат тарап, ХҚКО-ларда дүрбелең болмауы үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай тіркеуді азаматтар өз көліктерін заңдастырып үлгеруі үшін барынша ұзақ уақыт жүргіземіз. Төлем жасау мерзімі шегерілген мүмкіндігі бар аталған жеңілдік кезеңі ақпанда басталып, 2021 жылдың наурызына дейін жалғасады», - деді ол.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 28 қаңтарда 2020 жылғы үлгідегі 200 теңгелік монеталарды айналымға шығарады.

«Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды. Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді»,- деп хабарлайды Ұлттық банк.

Биколорлы айналыстағы монеталардың сипаты: Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген.

Монеталардың сырт жағында орталық бөлігінде ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде – тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде – тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип) көрсетілген.

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс

Массасы: 7,5 грамм

Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкі дискі – 18,3 мм

Қалыңдығы – 1,90 мм

Қыры: 16 ойықтар.

Айта кету керек, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу бойынша алынады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленген, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты.

Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты - ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру.

Сайтта жарияланған мәліметтерге қарағанда, 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120.

Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге).

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылы ҚР Үкіметі 2 031 адамды қамтитын оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол мынадай түрде бөлінді: Қостанай облысы бойынша – 815, Павлодар облысы бойынша – 550, Ақмола облысы бойынша – 306, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-250, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам.

Жалпы алғанда, 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған болатын.

Сейсенбі, 28 Қаңтар 2020 09:09

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жеке мәліметтерді қорғау күні

Жеке мәліметтерді қорғау туралы конвенцияға сәйкес 28 қаңтар Мәліметтерді қорғау күні болып белгіленді. Бұл күнді өткізудегі мақсат - азаматтардың өздері туралы қандай мәліметтерді не үшін жиналып жатқанынан хабардар ету болды. Бұл күн 2007 жылы белгіленді және алғаш рет сол жылы атап өтілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі Асқар Тоқпанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы жанынан театр факультетін ашты, 1977 жылы оның базасында Алматы театр-көркемсурет институты құрылды. 1989 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтына Қазақстанның тұңғыш халық ағарту комиссары, мәдениет пен өнерді дамытуға сүбелі үлес қосқан Темірбек Қараұлы Жүргеновтің есімі берілді. 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институты Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 ақпандағы №236 қаулысына сәйкес, бұрынғы Қазақ мемлекеттік театр және кино институты мен Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы негізінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы құрылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын қабылдады.

1994 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында ұлы Абайдың шәкірті, ақын Көкбай Жанатайұлы атындағы қор ашылды.

1994 жылы «Қазақстан-Заман» бірлескен қазақ-түрік газетінің базасында қазақ тіліндегі халықаралық тәуелсіз апталық - «Түркістан» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Бірінші бас редакторы - Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов.

2010 жылы Ақын Мұзафар Әлімбаевтің соғыс жылдарында Татарстан композиторы Мақсұт Латиповке жолдаған өлеңдері мен хаттары Астанадағы Қазақстанның ұлттық мұражайына табысталды. Қолжазбаларды Татарстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Сағиқ Жақсыбаев тапсырды. Хаттың жартысы орыс тілінде, жартысы – қазақ тілінде, ал соңғы сөздері латын әліпбиімен жазылған.

2010 жылы Шымкент арқылы ағып өтетін Қошқарата өзені айрықша қорғалатын аумақ мәртебесіне ие болды. 12,3 гектар аумақ - өзен бастауын алатын бұлақтан қаланың ортасындағы Ордабасы алаңына дейінгі жер бұдан былай қалалық дендрабақтың бөлігі болып саналады.

2011 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Болашақты бірге жасайық!» Жолдауын таныстырды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) өзінің ресми сайтын, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі веб-ресурсы - ortcom.kz таныстырды.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Тайқазан», «Amir Timur», «Боран», «Шәкен Айманов», «8 наурыз» және «Баскетбол. Олимпиада ойындары-2016» естелік монеталарын шығарды. Монеталар 925-ші сынамалы күмістен шығарылған. Максималдық тиражы - 3 мыңнан 13 мың данаға дейін.

2015 жылы Қазақстан «Ғарыш байланысының республикалық орталығы» (ҒБРО) АҚ және ресейлік «Академик М.Ф.Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» ААҚ қазақстандық «KazSat-3» жерсерігіне тапсырыс беруші және оны дайындаушы ретінде «KazSat-3» ғарыштық байланыс жүйесін құру туралы жариялады. Қазақстанда «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының топтамасы құрылып, еліміз «KazSat» спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды.

2017 жылы Алматыда Бүкіләлемдік XXVIII Универсиада басталды. Оны хоккейшілер бастап берді. Спорттың осы түрінен Универсиада медальдарын Ұлыбритания, Қазақстан, Канада, Қытай, Словакия, Латвия және Жапония құрамалары сарапқа салды.

2017 жылы Венгрияның Шымкент қаласындағы консулдығының ашылу салтанаты өтті. Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Құрметті консулы болып «OTAU Group» компаниясының президенті, белгілі меценат Қайрат Молдасейітов тағайындалды. Бүгінгі таңда Венгрия Қазақстанның Шығыс Еуропадағы ең белсенді экономикалық әріптесі. Географиялық алшақтығына қарамастан, Қазақстан ТМД елдерінің арасында Ресей мен Украинадан кейін Мажарстан 3-ші сауда серіктесі.

2018 жылы Қытайда өткен Global golden chart awards салтанатында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Үздік әртіс» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Салтанатты шара Бейжіңдегі «Жұмысшылар» стадионында өтті. Димаш қытай тілінде ән айтты.

2019 жылы Атырауда Қазақстанның халық әртісі, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровқа ескерткіш орнатылды. Қаршыға Ахмедияров шебер орындаушы ғана емес, өскелең ұрпақты өнер жолына баулыған, ұлттық сананың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген педагог болды,

Бес жасында қолына алған қазақтың қасиетті домбырасы өмірлік серігіне айналды. Қаршыға Ахмедияров белгілі күйшілердің шығармаларын орындап қана қойған жоқ, өзі де 60-тан астам күй шығарды.

Дүйсенбі, 27 Қаңтар 2020 09:32

Асық атудан жарыс өтті

Жақында Тескенсу ауылдық округіне қарасты Толқын орта мектебінің спорт залында аудандық жастар ресурстық орталығы мен Толқын орта мектебінің дене шынықтыру пәні ұстаздарының ұйымдастыруымен ұлттық ойындарымызды насихаттау мақсатында «Асық – қазақтың ұлттық ойыны» атты аудандық асық ату жарысы өтті.

Талап бойынша жарыс екі кезеңнен тұрды. Мерген балалар сақаны иіріп жіберіп асқан бір құмарлықпен ойынның сәнін кіргізді. Сақа сарт етіп тиген асық, шыр көбелек айлана шеңбер ішінен шыға берді. Ненедей мықты мерген жігіттер ұлттық дәстүріміздің әлі де өміршең боларын меңзегендей сыңай танытты. 

Сайыс қазылар алқасы тарапынан әділ бағаланды. Нәтижесінде, 1-орынды Асы ауылдық округінен Айбар Алмухамбет алса, 2-орынды Толқын ауылынан Мақсат Жетпісбай еншіледі. 3-орын Асы ауылдық округінен Ерғалиға Қали бұйырды. Абзал Нұрғазы және Бағлан Аханбаева үздік асық атудың шебері номинациясына ие болды.

Жәнібек Болғамбай,

Тескенсу ауылдық округінің

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 қарашадағы №273-VI Заңымен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызметке қабылдану, мемлекеттік қызметтің өткерілуі және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты болды.

 

Лауазымға тағайындалу

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бос лауазымдарға орналасу тек конкурс арқылы екені белгілі, бірақ жекелеген тұлғалар конкурстан тыс тағайындала алады.

Қызметтегі судьялар, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеуден өтпестен орналаса алатынын білеміз.

Бұдан басқа, заңнамаға соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, уәкілетті комиссия айқындайтын халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған адамдар, квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқаратын адамдар және Президенттік жастар кадр резервіне енгізілген адамдар лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындала алады.

Мемлекеттік органның бірінші басшыларының көмекшілері, кеңесшілері, баспасөз хатшыларының бос лауазымдарына да конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі. Алайда, аталған адамдарды мемлекеттік орган ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді. Олар ішкі конкурстарға тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда қатыса алады.

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтен шығарылған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тестілеуден өтпестен, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсқа және сайлауға қатысуға құқылы.Бұл жағдайда оларға міндетті арнайы тексеруден өту, декларация тапсыру сияқты талаптар қойылмайды.

Заңнамаға соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді, тек жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

Өзгертулер енгізілмей тұрғанда, конкурс өткізу қағидасына сәйкес, ішкі конкурстың бірінші кезеңіне тек сол мемлекеттік органның қызметшілері ғана қатыса алатын. Енді мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері  арасында өткізілетін ішкі конкурсқа (жергілікті атқарушы органдарда)осы облыстың барлық жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері де қатыса алады.

Сонымен қатар, конкурс өткізу кезеңдеріне де толықтырулар енгізілген. Ол мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңдарға сәйкес, кандидатпен әңгімелесу өткізу кезеңінің алдында олардың кандидатураларын министрліктер, комитеттермен келісу қажеттілігі.

Бұдан басқа, егер негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай, жұмыстан босатылған жағдайда, осы уақытша бос мемлекеттік лауазымда қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметші конкурс өткізілместен, жұмысын тұрақты негізде жалғастыра алады.

Заңнамаға енгізілген тағы бір жаңалық ол қызметке қабылдаған мемлекеттік қызметшіге оның мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын сәйкестендіру картасы берілетін болады.

 

Сынақ мерзімі туралы

Мемлекеттік қызметке қайта қабылданған тұлғаларға сынақ мерзімі тағайындалмайтын болады. Егер мемлекеттік қызметтен теріс себептермен, сынақ мерзімінің нәтижесі, аттестация немесе бағалау нәтижесі бойынша жұмыстан босатылған болса, ондай қызметшілерге міндетті түрде сынақ мерзімі тағайындалады.

Егер сынақ мерзімінде жүрген мемлекеттік қызметші конкурс арқылы басқа лауазымға тағайындалып жатса және оның функционалдық міндеттері өзгермеген жағдайда қайтадан сынақ мерзімі тағайындалмайды, бұрынғы тағайындалған сынақ мерзімі жалғаса береді.

Сонымен қатар, заңнамада тәлімгерлердің бекітілуіне қатысты да өзгерістер бар. Ендіоблыстық атқарушы органдар және аудан, қалалық атқарушы органдар басшылары лауазымдарына тағайындалған азаматтарға сынақ мерзімі қолданылмайды.

 

Шектеулер мен талаптардың күшейтілуі

Мемлекеттік қызметте болуға байланысты белгілі бір шектеулер болатынын білеміз, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің тікелей басшылығында қызмет атқаратын туыстарына қатысты шектеулер.

Заңға сәйкес, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) тікелей басшығында қызмет атқаруға болмайды. Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жекжаттары(жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілер қызмет бабында ілгерілеуіне қатысты талаптар да күшейтілген. Мәселен, мемлекеттік қызметшіде оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстар арқылы басқа лауазымға орналасуына жол берiлмейдi.

 

Мемлекеттік қызметшінің оқытылуы

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарынан өте алады.

 

Міндеттердің жүктелуі туралы

Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге өзінің атқаратын қызметінен босатылмай, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.

Облыстық атқарушы органдар, аудан, қалалық атқарушы органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының міндеттері уақытша үш айдан аспайтын кезеңге ғана жүктеле алады.

Осы ретте, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшының міндеттері жүктелмейді.

 

Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі

Бірінші басшы өзінің қызметшісінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған жағдайда (сот шешімімен) тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

Саяси мемлекеттік қызметшілер егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан, қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде облыстың әкімі, өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде аудан әкім отставкаға өтініш береді.

         Ляззат Бейсеқұлова,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің

Алматы облысы бойынша

Департамент басшысының орынбасары

Дүйсенбі, 27 Қаңтар 2020 09:07

Лыжные гонки на Кубок района

В начале января в г.Есике  состоялись  лыжные гонки среди учащихся на Кубок района. В соревнованиях приняли участие 11 команд, лыжники выступали в трех возрастных группах. Девушки выступали на дистанции  1000 м,  юноши – на дистанции  3000 м. На торжественом открытии участников гонок поздравили ветеран спорта, тренер специализированной областной ДЮСШ по зимним видам спорта, мастер спорта Алпыс ага Ермагамбетов и методист райОО Кайрат Аукен. Они пожелали юным лыжникам воли к победе  и спортивного счастья.

По итогам забегов определились чемпионы в своих группах: среди юношей –  Әуелбек Бекжан, Тұрсынали Әсет, Жолашар Адлет. Среди  девушек чемпионские титулы завоевали Әуелбек Аяулым, Анастасия Пашнина, Жүнісбай Аяулым. Абсолютным чемпионом гонок  среди юношей стал  стал Тұрсынали Әсет (тренер К.Биримбаев), среди девушек – Анастасия Пашнина (тренер А.Ермагамбетов). В командном зачете победила команда СШ имени И.Шорманова, второе место у команды  СШ имени В.Терешковой, третий результат      у команды СШ имени К.Сатпаева. Победителей и призеров поздравили почетные гости соревнований и главный судья К.Биримбаев, преподаватель физкультуры СШ имени И.Шорманова. Они вручили лучшим лыжникам грамоты районного отдела образования и поблагодарили всех за активное участие в соревнованиях.

 

И.ВИКТОРОВ

Дүйсенбі, 27 Қаңтар 2020 09:04

Есте қалар оқиғалар

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні

2005 жылдың 1 қарашасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы бекіткен. 1945 жылы қаңтардың 27-сінде Освенцим концлагері тұтқындары азат етілген бұл күнді бірқатар елдер атап өтеді. Освенцим концлагері 1940 жылы саяси тұтқындар үшін салынды. Темір жол торабына жақын орналасқан лагерьде 40-қа жуық түрлі нысан - барактар, газ камералары, крематорийлер мен адамдарға тәжірибе жүргізілетін зертханалар болды. Күн сайын мұнда мыңдаған адам тиелген бірнеше эшелон келетін. Оларды жою үшін нацистер Циклон-Б улы газын ойлап тапты. Освенцим «ажал фабрикасы» деген атқа кездейсоқ ие болған жоқ. Лагерь жұмыс істеген 5 жылдың ішінде мұнда 28 ұлттың 1,5 миллион адамы қаза болды. 1979 жылы ЮНЕСКО концлагерьді халықаралық маңыздағы ескерткіштер тізіміне енгізді.

Комьюнити-менеджерлер күні

Жыл сайын әлемнің түрлі елдерінде қаңтардың төртінші дүйсенбісінде тойланатын кәсіби мереке. Комьюнити-менеджерлер — жасампаздық, даму, басқару және қоғамдастық өкілдерімен қарым-қатынас жасауға жауапты қызметкерлер. Олар, сондай-ақ UGC-жүйелерді жасап, оларды қолдаумен айналысады. Комьюнити-менеджердің жұмысы PR, HR, әлеуметтік психология және басқа да гуманитарлық салалардың тоғысында жатыр.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс басқармасының бұйрығымен Қазақ мемлекеттік жобалық және ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бөлімі базасында Қазақ сейсмикалық төзімді құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық институты («ҚазСҚҒЗИ») құрылды. ҚазСҚҒЗИ-дің алғашқы директоры болып инженер-құрылысшы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Төлеубай Жүнісов тағайындалды.

1992 жылы Өскемендегі мыс-қорғасын комбинатында салмағы 10,5 кг Қазақстанның тұңғыш алтын кесегі өндірілді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Дауоста (Швейцария) өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты. Форум барысында болып өткен көптеген кездесулердің арасынан Елбасының Еуропаның бірнеше мемлекеті, Америка, Азия мемлекеттерінің басшыларымен және бірнеше ірі халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесуін атап өтуге болады. Әңгімелер барысында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі «Қазынашылық» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы ашық инвестициялық қорды тіркеді.

2006 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамы Әубәкір Ысмайыловтың шығармашылығына арналған «Бейнелеу өнері» сериясының пошта маркасын айналымға енгізді. Маркада суретшінің 1928 жылы салған Абай портреті бейнеленген. Соңғы 10 жыл төңірегінде Г.Ысмайлованың «Қыз Жібек», С.Калмыковтың «Фантастикалық натюрморт», Х.Наурызбаевтың «Шопан портреті», Ж.Шәрденовтің «Биік таулар», М.Кенбаевтың «Асауға құрық салу», А.Ғалымбаеваның «Кеседегі қымыз», С.Айтбаевтың «Бақыт» сияқты туындылары «Бейнелеу өнері» сериясымен пошта маркаларында бейнеленген болатын.

2010 жылы Мәскеуде Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырылған «Аңызға айналған батыр» («Легендарный батыр») атты жинағы жарық көрді.Қазақ және орыс тiлінде шығарылған жинаққа халық батыры Бауыржан туралы қазақ жазушылары Шерхан Мұртаза, Елена Әлiмжанова, Мұхамеджан Катимханның естелік шығармалары және Мәскеудің мұрағаттарында сақталған бұрын жарияланбаған Бауыржан Момышұлының күнделіктері кірді.

2011 жылы Мемлекет басшысы «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.

2012 жылы «Қазпошта» АҚ «Ескерткіш, мерейтойлық даталар және мерекелер» сериясында көрнекті мемлекет және партия қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған көркемсуретті пошта маркаларын айналымға шығарды.

2016 жылы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Әкім Тарази Ұлттық Академиялық кітапханаға өзінің жазған кітаптары, сондай-ақ, жеке кітапханасында жинаған өте құнды 978 кітапты тарту етті.

2017 жылы Тәжікстанда Ресей-Тәжік университетінің профессоры Абдусаттор Нуралиевтің «Тәжікстан қазақтары» атты кітабы жарық көрді. Онда Тәжікстанда тұратын қазақ диаспорасының тарихы, осы елді дамытуға қосқан үлесі туралы баяндалады.

2017 жылы «Қазақстан мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» «Орталық Азиядағы үздік ақылды орталық» номинациясы бойынша алғаш рет әлемдік сараптамалық орталықтар рейтингіне кірді.

Дереккөз: https://www.inform.kz 

Жұма, 24 Қаңтар 2020 15:29

Ақтық сапарды атқару- ақылы

Бүгінгі күні марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды табыс көзіне айналдырып отырғандар баршылық.

Құзырлы органдардың айтуынша, бұл сала — бір шеңберде жұмыс істейтін бизнес: аталған шеңберге мәйіт қызметкерлері, полиция органдары, жедел жәрдем, ауруханалар кіреді. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы мәлімдеді.

Осы саламен айналысатын сарапшылар мен мамандардың айтуынша салттық бизнес – бұл көлеңкелі бизнесттің бірі болып табылады.  Жерлеу рәсімдерін атқарушы бизнес өкілдері сыбайлас жемқорлыққа жол береді деседі. Олар зираттардағы орындар мен қайтыс болғандар туралы мәліметті сатуға дейін барады екен.

Осыған байланысты, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе Алматы облысы тұрғындарының бірқатар өтініштері мен шағымдарының негізінде Алматы облысында салттық қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді.

Мониторинг барысында анықталғандай, жыл сайын Алматы облысында шамамен 13 мың адам өмірден өтеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша Алматы облысында 2018 жылы 13 286 өлім фактісі тіркелді, 2017 жылы – 13 486, 2016 жылы – 13 457. Мониторинг барысында осы бағытта туындайтын және республикалық деңгейде шешілуі қажет негізгі мәселелер мен сыбайлас жемқорлық  қауіпі анықталды.

Сорақысы сол, жақынынан айырылып, етегін жасқа малып отырған отбасының қайғысы өзгеге табыс әкеліп отыр. Жерлеу рәсімін ақылы түрде өткізетін кәсіпкерлердің нәпақасын арттыруға медицина қызметкерлері мен құқық қорғау саласының мамандары ықпал ететінге ұқсайды. Олар «Марқұм» туралы хабарламаны ақысын ала  отырып жеткізеді.

Бұл ақпаратты бірнеше жылдар қатарынан аталған қызметті ұсынып жүрген Евгений Мельников растап отыр. Оның айтуынша, өзі 2005 жылдары осы саладан табыс табуды бастапты. Бірақ мен барлығын заң шеңберінде іске асырып келемін. Ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркелдім дейді.

 Сөзіне сенсек, өзге жерлеу рәсімімен айналысатын азаматтар құзырлы органдармен байланыста отыр екен. Олар әлде кімнің өмірден озғаны туралы  туыстарынан бұрын біліп отырады. Әрине барлығы да тегін ақпарат бермейді. Солайша екі-үш жақтап кәсіпті жүргізіп отыр. Өз басым құптамаймын деп ағынан жарылды кәсіпкер.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы аталмыш қызмет көрсету саласын тексеретін бірде бір мекеменің жоқтығын алға тартты.

 Монополияға қарсы мекемелер жерлеу рәсімін ұйымдастыратын тұлғаларды тексермейді екен. Сондықтан да олардың қызметі лицензияланбайды. Этикалық нормалар еш жерде жазылмаған. Салттық (жерлеу) қызмет көрсету үшін тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жеткілікті болып табылады. Сол себепті де оларда шекті баға жоқ. Бір сөзбен айтқанда тапсырыс берушінің қалтасы қалың болса тиісінше қызметтің барлық түрі көрсетіледі.

Тіркелу демекші, кәсіпкер ретінде кәсібін заңдастырғандар некен-саяқ. Мәселен, Алматы облысында жерлеу рәсімін өткізетін  37  ұйым тіркелген. Ал, тіркеуден өтпегені қаншама. Марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салудың айналасындағы даулы мәселе мұнымен бітер емес. Қорымдардағы орындарды сататын пысықтарда табылады-мыс.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабының 3-тармағына сәйкес, зираттар орналасқан және соларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнедi»- деп ашық жазылған. Бірақ заңды аяқ асты етіп, зираттардағы жерді сатып қалтасын қалыңдататындар да кездеседі.

Журналист Сандуғаш Дүйсенова  зираттардағы жер дауын зерттеп осы мәселенің  бел ортасында жүргендердің бірі. Ол да, өмірден өткен адамдарды жерлейтін жерді сатуға қарсы. Журналист ханым бұл әрекетті бассыздыққа санайды. Дейтұрғанмен, қабірлерді назардан тыс қалдырмау керек дейді. Себебі, онда көлікпен өтетіні былай тұрсын зиратты бұзып кететіндермен, қоршаусыз қалған бөбектердің мәйітін аяқасты ететін жағдайлар болатынын жасырмады. Сондықтан қабір орналасқан аумақты ретке келтіру керек деген ұсынысын баспасөз-мәслихаты кезінде білдірді.

Дау-дамай тутырған мәселені еліміздің басты арналары әлде қашан көрсетіп, дабыл қаққан болатын. Бірақ, нәтиже мәз емес. «өлі риза болмай, тірі байымайды» дейміз ғой әдетте. Өзгенің өлімін өзінің пайдасына жараттып жатқандарға «Тоқта!» деп айтқанмен құлақ аспайды-ау. Бірігейік, түйіткілді мәселенің түйінін тарқатайық.

Талдықорған қаласының әкімдігі жанынан TALDYQORGAN –ADALDYQ ALAṄY жобалық кеңсесі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратында «Open Taldykorgan» кеңсесі ашылды.

Енді қала тұрғындары әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан алаңға келіп, шенеуніктерге өтініштерін қалдыра алады, сондай-ақ олармен жеке кездесіп, туындаған мәселелерді талқылайды. Сонымен қатар, хатты Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. электронды мекен-жайына жіберуге немесе +7 747 246 91 45 нөміріне хабарласуға болады.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаевтің айтуынша, бұл кеңсені ашудағы басты мақсат — сыбайлас жемқорлыққа жалпыға бірдей төзбеушілік қағидасын қалыптастыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, және тиісті ұсыныстар мен ұсынымдарды жіберуге қолайлы жағдай жасау арқылы қала тұрғындарын жан-жақты ақпараттандыру.  

Ал, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов өз сөзінде, әкімдердің күнделікті қабылдауы бұрынғыдай кестеге сай   жалғаса беретіндігін сонымен қатар  «Адалдық алаңына» келген тұрғын қай басшыға кездескісі келсе, еш кедергісіз осы кеңседе жолығып, өз талабын жеткізе алатын болады деп мәлімдеді.

Айта кету керек, «TALDYQORGAN-ADALDYQ ALAṄY» мемлекеттік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, құрылыс сәулеті мен жер қатынастары сынды мемлекеттік қызметтердегі туындайтын мәселелерді шешуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет