Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 14:36

Қатарға қосыл, құрдас

Биыл – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы ­– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Сонымен қатар «Волонтер жылы» деп белгіленді. Еріктілер қатарында 7 жылдан бері жұмыс істеп жүргендіктен, жастарды осынау үлкен іс-шараға атсалысуға шақырамын.

Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Бүгінде, жалпы, аудан бойынша 65 781 жас тіркелген екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрқайсымыз қолғабыс жасап, қолымыздан келгенінше мерейтойдың мәнді-мағыналы, үлкен дәрежеде өтуіне атсалысатын болсақ, оның өзімізге де пайдасы мол. Еріктілер қатарында мұндай шараларға қатысып, ұйымдастырушылықпен айналысуда рухани мол байлық аламыз. Ортамыз кеңейіп, өрісіміз артады. Әрі осындай үлкен істің бір жағында жүрудің өзі қай-қайсымызға мол тәжірибе болады.

«Болашақ жастардың қолында» дейміз. Болашақты жасайтын – өзіміз. Ендеше, жарқын болашақ үшін аянып қалмаңыз.

                                                                                                                                      

Қ. Ю. ТЮЛЮПОВ,

Жетісу заң колледжінің  ЖАС ОТАН ЖҚ төрағасы

Қоғамдық мониторинг аясында мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды.

«Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды. Оларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі (орташа балл 4,99 және 4,95 сәйкесінше) көшбасшы болып отыр. Рейтингте Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық банк, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі жоғары позицияларда», - делінген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктігі мәліметінде.

Агенттік мәліметінше, негізінен азаматтардың наразылығы кері байланыс сапасына, мемлекеттік қызмет мерзіміне, сондай-ақ қызмет көрсетуші қызметкерлер құзіреті мен жеделдігінің жетіспеушілігіне байланысты болды. «Мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жақсарту, соның ішінде оларды жеңілдету, құжаттар тізімі мен мерзімін қысқарту, бизнес-процестерді автоматтандыру және оңтайландыру үшін ұсынымдар пысықталды. Тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қанағаттануы деңгейі 74,8 пайыз (бес балдық баған бойынша орташа баға 4,73 балды құрады) болса, бұл өткен жылғыдан 2,4 пайызға жоғары», - делінген хабарламада.

Мамандардың пікірінше, тұрғындарға қызмет көрсетумен байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдар жұмысын оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл жерде Мемлекеттік корпорация филиалдары мен мемлекеттік органдар арасындағы сапалы өзара байланыс та маңызды. «Өкілетті мемлекеттік органдарға қатысты айтар болсақ, онда электрондық мемлекеттік қызмет көрсету «бір терезе» қағидатына толық сәйкес келуі және әкімшіліктік кедергілерге жол бермеуі тиіс. Мысалы, электрондық өтініш берудің кейбір жағдайларында қызмет алушының құжаттарды жеткізіп беру, көрсетілетін қызмет қорытындысын алу және өзге де қызметтер үшін мемлекеттік органдарға жеке баруына тура келеді. Қызмет көрсетушілер бұл мәліметтерді мемлекеттік органдардың базасынан өздері сұратып алуы қажет. Бұл лицензияларды, рұқсаттамаларды, қорытындыларды, анықтамаларды және өзге де құжаттарды жинау мен берумен байланысты көптеген процестерді айтарлықтай жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтілген агенттік ұсынысында. Сонымен қатар, үйде берілетін мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ үйінде отырып қызмет алуға құқығы бар азаматтар категориясы тізімін кеңейту керек. Өйткені мүгедектерге ғана емес, сонымен қатар жасы бойынша зейнетке шыққандар, көпбалалы аналар үшін қызмет көрсету орындарына бару кейбір қиындықтарды тудырады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеу бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу аяқталды. Ол Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында атқарылды. Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша рейтингте ең жоғары баға алған мемлекеттік қызметтер анықталды.


Дереккөз:  https://www.inform.kz

ТМД елдерінің үздік тау-шаңғылы курорттарының рейтингін жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТурСтат порталына сілтеме жасап.

Порталдың мәліметінде, ТМД елдеріндегі үздік тау-шаңғылы курорттары Қазақстан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан мен Арменияда орналасқан. «Туристер жиі баратын тау-шаңғылы курорттардың алғашқы үздік ондығына Қазақстандағы тау-шаңғылы курорттары - Шымбұлақ, Алтай Альпілері мен Нұртау, Беларусьтегі Логойск пен Силичи, Әзербайжандағы Шахдаг пен Туфандаг, Армениядағы Цахкадзор, Қырғыз Республикасындағы Қаракөл, Өзбекстандағы Шымған кіреді», - делінген хабарламада. ТОП10-ға кірген Шымбұлақ Алматы, ал Алтай Альпілері мен Нұртау тау-шаңғылы курорттары Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.


Дереккөз: https://www.inform.kz/

Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге қосылады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

«Тиісті түзетулер жаңа жылдан бастап күшіне еніп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы қабылданды. Көзделіп отырғандай, жаңалық жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі іскерлік белсенділігін арттыруға және ШОБ-ты дамытуға ынталандырады», - делінген министрлік хабарламасында. Республикалық бюджетке КТС түсімі тек тізбе бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана түседі. Кәсіпкерлердің тізбесі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен үш жылда бір рет бекітіледі. Сондай-ақ облыс мәслихаттарына облыс және аудан бюджеттерінің арасындағы ШОБ-тың КТС-ын бөлу нормативтерін белгілеу құқығы беріледі. Бұрын корпоративтік табыс салығының түсімдері толық көлемде республикалық бюджетке түсетін. Министрліктің есебі бойынша, табыс салығынан босату 1,2 млн. микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады. Бұл бизнеске үш жыл ішінде 380 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге, босаған қаражатты өз қызметін дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді. Айта кетсек, арнайы салық режімі қолданылатын микро- немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер корпоративтік, жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа), әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын төлеуден үш жылға босатылады.


Дереккөз:  https://www.inform.kz

Қазақстанда тірі малдың экспортына тыйым салынды.

Өткен жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылды. Бұл ретте, басым көпшілігі – 121,6 мың бас немесе 78% Өзбекстан Республикасына, тағы 14% Армения еліне экспортталған. Сондай-ақ, елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан астамы аналық мал. Ұсақ мүйізді малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстан мемлекетіне, 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзербайжанға және шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.

«Тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болды. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне алып келді. Орташа алғанда, 2019 жылы қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі тірі малдың жаппай экспортының салдарынан шикізат тапшылығы болды. АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҚР АШМ-да қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын шығарудағы кейбір мәселелер туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Айта кетсек, аталмыш бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Бұл өзгерістер барлық ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малдың жыныстық-жастық топтары бойынша тірідей басын өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салады», - делінген АҚШ мәліметінде.

Атап өтілгендей, құжаттың жобасы салалық сараптама ұйымдарымен және облыс әкімдіктерімен келісілген және «Атамекен» ҰКП оң қорытындысы алынған. Сондай-ақ Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мақұлдауына ие болды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісім жасалуда. «Аталған бұйрыққа өзгерістер енгізу таяу жылдары Қазақстанда мал басын сақтап, ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын қолайлы бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді», - деді министрліктен.


Дереккөз:  https://www.inform.kz

Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 09:19

Өткен жыл үздіктері

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – түрлі салада жетістікке жетіп, жастар арасында көпке үлгі болып жүрген азаматтарды анықтады.

Алғашқы жылы, яғни, 2017-де 102 адам  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған еді. 2018 жылғы 100 жаңа есімді 29 азамат құрады.

Өткен жылғы республикалық байқау «100 жаңа есім: табысты қазақстандықтардың тарихы» деген ұстаныммен өтті. Оған жалпы 1673 өтінім қабылданып, 2-ші кезеңде 700 мыңнан астам қазақстандық дауыс берген Ал 3-ші кезеңде әділ-қазылар отырысында қоғам, медицина, білім, ғылым, мәдениет, бизнес, спорт номинациялары бойынша 32 адам жеңімпаз атанды. Оның ішінде елімізді шетелде танытып жүрген жалынды жастардың қарасы қалың.

Бүкілхалықтық дауыс беру бойынша жүзден жүйрік шыққан азаматтар елге үлгі болуға лайық. Осы орайда, «100 жаңа есім» жобасының 2019 жылғы жеңімпаздары туралы ақпараттар газетіміздің әр нөмірінде жарық көретін болады.

 

 

Қуандық Қанатов

Семей қаласы 35411 әскери бөлімінің қызметшісі

Шығыс Қазақстан облысы

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығының 35411 әскери бөлі-мінің қызметшісі ефрейтор Қуандық Қанатов 2019 жылдың ақпан айында жанып жатқан үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысып, Семей қаласының жатақханалардың бірінде болған өрттен 15 адамды құтқарып қалған.

Қызметі барысында өрт қауіпсіздігі бойынша алған біліктілігінің арқасында ерлік танытып, Қазақстан Республикасының наградасы – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрінің алғыс хаты;
  • Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қол-басшысының бірінші орынбасарының мақтау қағазы;
  • Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығының 35411 әскери бөлімінің командирінен алғыс хат;
  • Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хаты;

 

 

Нұрбек Әлібек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы

Нұр-сұлтан қаласы

 

 Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» /мюзикл/ – Шеге (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері);

Ж.Пило, О.Шультез «Моцарт» /мюзикл/ – Фридолин Вейбер (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері);

Ә.Кекілбаев «Нартәуекел» /халықтық қаһармандық драмалық дастан/ – Ресей елшісі (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері);

Ж.Сомжүрек «Тілеп–Сарықыз» /трагедия/ - Тортай (Тілептің досы) (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері);

Д.Саламат – «Жаңа жылды кім ертіп келеді?» /ертегі/ Әтеш (Қоюшы режиссер – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері);

Ж.Құлмамбетов «Жасауыл» /парабола/әфсана/ - Ер адам (Қоюшы режиссер – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері);

Дж.Родари «Чиполлино» /ертегі/ Қызанақ (Қоюшы режиссер – Айнұр Рахипова);

Ж. Омар «Құлыншақ пен бөлтірік» /ертегі/ - Қасқыр(Қоюшы режиссер – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері);

 Д.Урбан «Ірімшік құмар тышқандар» /ертегі/ - Альбин (Қоюшы режиссер – Нұрфат Вахитов, Қазақ мәдениетінің қайраткері).

Осындай рөлдерді сомдаған Әлібек Нұрбек күндіз қойылым қойса, бос уақытында қайырымды іспен айналысады. Ауыр дертке шалдыққан балалардың жанына дауа іздеуге көмектеседі.

Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 08:31

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮН

Әзербайжанда бүкілхалықтық аза тұту күні 1990 жылы 00 сағат 20 минутта КСРО-ның басқа өңірлерінен келген совет әскері Әзербайжан КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының келісімінсіз Баку қаласына баса-көктеп кіріп, КСРО және Әзербайжан КСР Конституцияларын, сондай-ақ республиканың егемендігі туралы Конституциялық заңды өрескел бұзды. Қарулы акция салдарынан жүзден астам бейбіт тұрғын, негізінен әзербайжандар қаза тапты. Қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын тексеру жөніндегі республикалық комиссияның деректеріне сәйкес, 131 адам қаза тауып, 744 адам жараланған. Сол күн «Қаралы қаңтар» деген атпен Әзербайжан тарихында қалды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы қазіргі Алматыда Жетісу жыршы-ақындарының слеті өтті. Оған халық ақыны Жамбыл Жабаев та қатысты.

1932 жылы Қазақ Өлкелік Комитетінің ІІІ Пленумының Қаулысымен «Советская степь» газеті «Казахстанская правда» болып өзгерді.

1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық жазушысы» құрметті атағы бекітілді. Құрметті атақты алғашқылардың бірі болып Ғабит Мүсірепов, Дмитрий Снегин, Тұрсынхан Әбдірахманова иеленді. 1999 жылдан бастап «Қазақстанның халық жазушысы» атағын беру тоқтатылды.

1994 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Галс» телехабар таратудың алғашқы ғарыштық қондырғысы ұшырылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның мамандандырылған коммерциялық жинақ банкі Халық банкі болып қайта құрылды.

1996 жылы Қазақстанның екі палаталы Парламенті – заңнамалық қызметтерді атқаратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілетті органы өз жұмысын бастады

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана.

2010 жылы Ақордада ядролық қаруды таратпау жөнінде ҚР Президенті жанынан құрылған Комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мәжіліс барысында ядролық қаруды таратпау, Қазақстанның осы саладағы халықаралық серіктестіктері мен Вашингтонда өтетін саммитке қатысатын Қазақстан делегациясының дайындығы талқыланды.

2010 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Болат Сембиновтың басшылығымен қазақстандық делегацияның Брюссельге сапары барысында «НАТО+Қазақстан» форматында отырыс өтті, онда НАТО-мен Қазақстан әріптестігінің жеке іс-қимыл жоспарының (ӘЖІЖ) екінші циклі мақұлданып, қабылданды.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған, үш партия өкілдері енген V шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясын ашты. 2012 жылдың 15 қаңтарында болған кезектен тыс сайлауда үш саяси партия: «Нұр Отан» ХДП, «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның ұлттық коммунистік партиясы жеткілікті дауыс жинап, Парламент Мәжілісіне өтті.

2015 жылы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «1941 – 1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалі туралы» Жарлыққа қол қойды. 2016 жылы Алматыда Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясы ашылды. ҚР Тұңғыш Президент Қорының арқасында аз қамтылған отбасылардың балалары цирк студиясында тегін білім алады.

2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы Абай мен Жюль Верннің құрметіне «Абай-Верн» стипендия бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаны Франция үкіметі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен бірлесіп қаржыландыруда. Бағдарлама жыл сайын 100 стипендия тағайындайды.

2018 жылы әлемдегі ірі кітапханалардың бірі – Нью-Йорк кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті.

2019 жылы Мәскеудегі Третьяков галереясында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің арнайы көрсетілімі болды. Тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген. Фильм сценарийін жазушы Смағұл Елубай Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша дайындаған. «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен.

2019 жылы Қазақстан алғаш рет Германияда өткен ауқымды халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты. Оған әлемнің 65 елінен 1700 компания қатысты. Еліміз отандық 10 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімін таныстырды. Олар жақсы дайындықпен барып, Берлинде өнімнің түр-түрін көрсетті. Жент,құрт және халуадан бастап танымал қазақстандық шоколадқа дейін. Тәттіден бөлек түйе сүті мен балық әкелінді. Бірақ көпшілік бие сүтінен жасалған шоколадқа таңданды. Қант пен трансмай қосылмаған өнімді шетелдіктер бірегей деп танып, рахаттана дәмін татты.

Дереккөз: https://www.inform.kz/

Өткен жылы атқарылған жұмыстар аясында 2000-ға жуық борышкер жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев мәлім етті.

«Жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Енді азаматтар министрлік немесе Республикалық палата сайттарында ең тәжірибелі және білікті сот орындаушысын таңдай алады», - деп тоқталды вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде. Оның сөзіне қарағанда, берешектерді төлеу бойынша сервис қамтамасыз ету шараларын, оның ішінде шетелге шығуға шектеуді автоматты түрде алып тастай отырып жұмыс істейді.

Сервисті іске қосқан сәттен бастап 108 мың борышкер жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қарызын төледі. Бұл борышкердің сот орындаушысымен байланыс жасау қажеттігін жоққа шығара отырып, іс жүргізу шешімдерінің жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

«Алимент өндіру бойынша жағдай айтарлықтай өзгерді. «Алимент өндіріп алудың тиімді жүйесін құру бойынша 30 қадам» іс-шаралар жоспары бекітілді және іске асырылуда. Министрлік әкімдермен және Республикалық палатамен бірлесіп алимент өндіру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарды іске асыруда. Онда борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелері қамтылған», - деді А. Мадалиев. Оның айтуынша, өткен жылы атқарылған жұмыстар аясында 2000-ға жуық борышкер жұмысқа орналастырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде проблемалық алименттер санын азайтуға қол жеткізілді. Егер 2018 жылы олардың саны 25 мыңға жуық болса, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңға дейін азайды. «Әрине, мұндай құжаттардың орындалуы әлі де жоғары деңгейде емес және біз олардың орындалу сапасы мен уақтылығын бақылауды жалғастырамыз», - деді вице-министр.

Жұма, 17 Қаңтар 2020 14:15

Рухани кемелдену кілті

«Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» дейді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Әлбетте, Абай – халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық идеологиямыз, оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту – біздің ғұмырлық парызымыз.

Шындығында, Абайдың туғанына 175 жыл уақыт өтсе де, оның еңбектері халық жадында сайрап, оған нұрлы өмірге жол көрсетіп тұр.

Абай есімі мәңгі ұмытылмайды. Абай ілімдері бір ғасырдан аса уақыт бойы өсіп-өніп, ұлттық әдебиетімізді, мәдениетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтуде. Абайдың тамаша  дәстүрлері қазір жаңа мазмұнға ие болып, кейінгі толқынға өнеге болып, ілгері дамытуы арқылы толысып келеді.

Қай халықтың болмасын мақтан тұтар асылдары мен ардақтылары аз болмаған. Қазақ халқының тарихында да ойшыл, кемеңгер ұлт мақтанышына айналған небір биік тұлғалар өткен. Сондай шоқтықты шоғырдың арасынан Абай есімі, Абай тұлғасы айрықша дараланып тұратыны анық. Көрнекті қазақ ақыны Мұзафар Әлімбаев: «Абайы бар елдің бақ-талайы бар, Абайсыз бізді өзгелер қалай ұғар?!» – деген сөзі-ақ халқымыздың маңдайындағы күні, таңдайындағы үні болған теңіздей терең данышпан бабамыздың керемет құдіретін жеткізіп тұрғандай. Біртуар қайталанбас тұлғаның ойға сыймас, қыр-сыры мол дүние. Абай – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздағы ерекше, шын мәніндегі жаңашыл тұлға. Абай қамтымаған сала (тақырып)  жоқ сияқты. Поэзия, өнер, философия, дін, тарих, музыка, этика, педагогика т.б салалар. Абайды әлемге танытқан заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Абай – дария. Мен одан шөмішпен қалқып алдым» – деген болатын әйгілі «Абай жолы» романының жазылуы  туралы. Сондай дариядан барынша сусындаған жастан болашақта үлкен үміт күтуге болады. Демек, жастарды тәрбиелейтін әрбір орындарда  ұлы ақын мұраларын оқып-үйреніп, оны басшылыққа алып отыру маңызды. Міне, осындай баға жетпес Абай мұрасын, Абай сөзін өрелі салт-санамызды қалыптастыруда, әсіресе, кітапханаларда, мектептерде, басқа да жерлерде маңызы зор.

«Көкірегі сезімді тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» – деп Абай атамыз мақсат еткендей, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында да биылғы жылға көпшіліктің оқуы үшін М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы түсіп отыр. Кітап – ұрпақтарға әсер етуші құдіретті құрал. Осы құралдың күші арқылы Абайдың әр жанрдағы шығармасы жастардың, жасөспірімдердің бойына ізгілік, адамгершілік, сұлулық сияқты асыл қасиеттерін қалыптастырады. Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. «Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды». Әуезов өзінің төрт томдық «Абай жолы» арқылы күллі әлемге, керек десеңіз тіпті, қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты.

Қорыта келе, Абайды тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз. Бүгінде Абай есімі жеткілікті деңгейде ұлықталып жатыр. Бірақ оның шығармаларымен жаңғыру деңгейіне әлі жете қоймадық. Міне, осыны мақсат еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы рухани кемелденуіміздің кілті болды.

ХХІ ғасырда кез келген қоғамның парқын, түптеп келгенде, адам сапасымен өлшеу үрдісі бірінші орынға шығып отыр. Бұл ретте Абай армандаған «Бүтін адам», Абай көксеген «Толық адам» тұжырымдамасы ең озық идея ретінде бүгінгі зерделі оқырманды да бей-жай қалдырмайды. Данагөй ақынның терең ойлары мен асыл сөздері, өлеңдері мен қара сөзері қай заманда болмасын жақұттай жарқырап, көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай береді.

 

 

Г.САУРЫҚОВА,

 аудандық кітапхана қызметкері

Жұма, 17 Қаңтар 2020 14:12

Қоғамдағы заңның орны ерекше

Заң – адамзаттың өзара қатынасын реттейтін, түрлі қылмыстық әрекеттерді тізгіндейтін аса маңызды қағидаттар жинағы десек, елдің дамуы үшін де аталған заңның алар орны ерекше. Сол үшін жыл сайын заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырады. Кейбір баптар ескірсе,  кейбірі жетілдіруді қажет етеді.

Жақында ауданымызға ҚР Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Волков Владимир Васильевич арнайы іс-сапармен келді. Мақсаты – заңнамаға енген өзгерістер мен толықтыруларды жеткізу және ұсыныстарды тыңдау. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған топ алдымен аудандық прокуратураға ат басын бұрды.  Мұнда заңның негізгі функциялары мен оған енген өзгерістер сөз болды. Мысалға, биылғы жылдан бастап істің сотсыз шешілуін қамтамасыз ететін медиация яғни, екі жақтың өзара келісімі көп жағдайда қолданылмайды. Себебі, бұрын мал ұрлап ұсталған ұры мал иесіне құн төлеп жауапкершіліктен босатылып кететін. Сөйтіп, қайта барып ұрлық жасайтын. Ендігі, ұрлық жасап қолға түссе бірден жаза кесіледі. Сондай-ақ, кейбір заңдағы баптардың бір-біріне қайшы келетін тұстары да айтылды. Айталық, аудан аумағында жыныстық қатынасқа жастардың ерте жастан түсу фактілері көптеп тіркелген.

Халқымыз үшін «ар» мен «абырой» дейтін аса маңызды құндылықтардың белінен басып, бесіктен шықпай жатып бетімен кеткен жастар 14 пен 15 жас аралығында. Ал заң 16 жасқа толмаған тұлғаларға қарсы қандай да бір жыныстық іс-әрекеттерді қолдануға тиым салады. Бұл орайда кейбір өзге ұлт өкілдерінің қыз баласын 14-15 жасынан ұзатып жіберетін дәстүрі барын ескерсек,  заң мен салт бір-бірімен қабыспай тұр. Заң сақшылары заң шығару барысында халықтың салт-дәстүр ерекшеліктерін ескере жүрген абзал екендігін жеткізді. Сонымен қатар, өзара келісім арқылы жыныстық қатынасқа түскен жастардың жауапкершілік салмағын көбіне жігіт арқалап, сотты болып кете баратын тұстарын да сөз етті сақшылар. Осы жауапкершілікті екеу ара бөліп, жазаны қыз да тартатындай заң қабылдау қажеттігін жеткізді. Бұл орайда халқымыздың «құнажын көзін сүзбесе, буыршын жібін үзбейді» дейтін мақалы мәселенің маңызын ашып тұр. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, мал ұрлығы мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.  Мал құжаттарын түгендеп ұстауға салғырт қарайтын тұрғындар,  тексеріс барысында қолдағы малдың қайдан келгенін айтып бере алмайды. Бәйдібек би ауылында орналасқан мал базарына әр жексенбі аудан, тіпті, облысты қойып Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан мал тасымалданады. Ондағы ірі-қара, ұсақ малдың ұрлық жолымен келмегенін анықтау мүмкін болмай отырғандығын жеткізді заң қызметкерлері. Бұл орайда аудан прокурорлары аудан әкімдігімен бірлесіп жасаған  мал ұрлығын тоқтатуға арналған пилоттық жоба ұсынды. Онда мал терісіне алты таңбалы сан соғу және мал иесінің таңбасын басу арқылы шығу тегін анықтау мүмкіндігі қарастырылған. Ол дегеніміз кәдуілгі көліктің шанағына соғылатын VIN-код  іспетті болмақ. Бұл арқылы біз көліктің қазіргі және бұрынғы иесін анықтай алатын болсақ, мал терісіне соғылған алты таңбалы сан және басылған таңба малдың тіпті сойылып кетсе де терісі арқылы тегін тексеруге мүмкіндік бермек. Осыдан кейін кезекті жиын аудандық полиция басқармасында өтті. Халық қалаулысын жеке құрамға Алматы облыстық полиция департаментінің міндетін атқарушы полиция полковнигі Жүнісбеков Серік таныстырды. Мұнда да заңға енген өзгерістер мен қылмыспен күрес мәселелері сөз болды. Тоқтала кететін жәйт, ендігі көліктерді себепсізден себепсіз тоқтатуға тиым салатын заң шығарылмақ. Бұл депутат сөзі. Өз кезегінде Серік Жүнісбеков  көлік тоқ-татылған жағдайда патрульдік полиция қызметкері қойған талаптарды орындамай, құжаттарын ұсынудан бас тартып, тіпті, балағаттап, ұялы телефонға түсіріп оны әлеуметтік желіге жүктеп жіберетін жү-генсіз жүргізушілерге қарсы жазалайтын заң қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге де қатаң жаза қолдану жоспарлануда. Себебі, ол өз өмірін қатерге тігіп қана қоймай, сонымен қатар көлік жүргізушілерін де, жақындарын да ыңғайссыз жағдайға қалдыратындығын жеткізді. Келелі жиын соңында халық қалаулысы аудандық полиция басқармасының жеке құрамымен естелік ретінде суретке түсті. Іссапар ауданаралық көпсалалы ауруханада жалғасын тапты. Емхана меңгерушісі Абеуова Жамиля халық қалаулысын заманауи форматтағы халыққа қызмет көрсету сапасымен және жабдықтармен таныстырды. Емхана ішін емін-еркін аралап көрген сенат депутаты тұрғындар денсаулығы үшін күндіз-түні көз ілмейтін ақ халатты абзал жандарға қызмет сапасын әрмен қарай жақсарта беру жолында сәттілік тіледі.

 

Әділет САРЫБАЙ

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет