Қазіргі таңда ірі мегаполистерде қоғамдық көлік мәселесі жөнге келтіріліп, жолаушы тасымалына үлкен көңіл бөлінуде. Алып қаланың іргесінде орналасқан ауданымыз үшін де осы мәселеге назар аударып, жолаушы тасымалындағы қызметтің сапасын арттыратын күн жеткен секілді. Осы орайда, аудан аумағындағы түрлі бағыттағы маршруттардың қызмет сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Тоқтап қалған маршруттар қайта іске қосылады ма? Ескірген аялдамалар мәселесі қашан шешіледі? Тұрғындардың көкейінде жүрген осы сұрақтарды аудандық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Искаков Бейбіт Құлжамбайұлына қойған болатынбыз.
– Бүгінде ауданымыздағы қоғамдық көлік мәселесі бір жүйеге келмей, салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. Айталық, Есіктен Алматыға қатынайтын автобус биыл сиреп кетті. Оған не себеп?
– Аудан орталығынан Алматыға жүретін №420 автобустың азаюына бірнеше себеп бар. Біріншіден, жолаушыларға Мегаполистегі «Саяхат» автобекетіне кіру қиындап кетті. Бұл жайтты аталған автобекеттің басшылығымен талқылаған болатынбыз. Сонымен қатар, Райымбек пен Пушкин көшесінің қиылысындағы жеке микроавтобус пен такси жүргізушілері №420 автобустың жолаушыларын алып кетіп, жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді. «Шелек–Тұлпар» ЖШС-нің тарапынан жүргізілген тексеріс нәтижесінде автобустар дизель отыны мен жүргізуші, кондуктордың шығынын ақтамайтындығы анықталған. Сондықтан, сыйымдылығы үлкен қоғамдық көліктерді алып тастауға тура келді. Ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап орнына шағын автобустар жолаушы тасымалымен айналыса бастады. Бүгінгі таңда №420 бағытта 15 шағын және 2 үлкен автобус жолаушы тасымалымен айналысады. Сондай-ақ, 18 адамдық отандық 4 автобус лизингқа сатып алынды. Жолаушы тасымалындағы қызмет сапасын арттыру мақсатында осындай отандық автокөліктерді сатып алу жоспарлануда. Айта кетерлік жайт, жоғарыда аталған мәселелерге қарамастан, №420 бағыттағы қоғамдық көліктердің бағасы көтерілген емес. Себебі, тұтынушылардың басым көпшілігі – зейнеткерлер мен студенттер.
– Былтырғы жылы Бөлек пен Есік қаласының жоғарғы жағына жолаушыларды тасымалдайтын №2 маршруттық автобусы қайта жаңғырып, қуантып еді. Қазіргі уақытта тасымалдаушылар бірде жүйелі жұмыс істесе, кейде болмай қалады. Бұған кім жауап береді?
– Жасыратыны жоқ, қаладағы заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын такси жүргізушілерінің кесірінен Есіктегі №2 маршрутының тұтынушылары азайып кеткен. Өзіңізге мәлім, орталықтағы бірнеше жерде такси жүргізушілері қаумалап тұрады. Біздің комиссия арнайы тексеруге шыққанда олардың бірін де ұстай алмай қаламыз. Сондықтан, қазіргі таңда аталған бағыттағы маршруттың жұмысын тұрақтандыру мүмкін болмай тұр. Шыны керек, осы мақсатта аудан аумағында атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Осы орайда, аудан әкімінің тапсырмасымен өз шығынын ақтамайтын маршрут шығындарының бір бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялау көзделуде.
– Аудандағы, аудан орталығындағы аялдамалардың да жайы мәз емес. Қаланың шеті былай тұрсын, орталықтағы автобус аялдамаларының өзі кеңестік кезеңнің естелігі. Жауын-шашын мен боранды күндері жолаушыларға пана бола алмайды. Осыны ескеріп, жаңа аялдамалар жасау жоспарда бар ма?
– Оныңыз рас, аудандағы аялдамалардың басым бөлігі кеңес үкіметі тұсында бой көтеріп, қазіргі таңда ескірген. Жарамсыз күйге түскен осындай аялдамаларды арнайы комиссияның шешімімен жою жұмыстары басталып кетті. Бүгінде аудан орталығындағы орталық аурухана мен қаланың кіре-берісіндегі (Автошкола) аялдама жаңартылды. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің демеушілігімен автобус аялдамалары жаңа типке ауыстырылады.
– Шелек өңірінде де қоғамдық көліктің проблемасы әлі күнге шешілмей тұр. Ауыларалық автобустардың жоқтығынан такси бағасы шарықтап кеткен. Олқылықтың орнын толтыру жоспарда бар ма?
– Шелек ауылында орналасқан автобекетте күнделікті №364 Шелек –Алматы және №201 Шелек – Есік рейстерін жөнелтіп отыратын диспетчер жұмыс істейді. Күніне 4 рет Шелек – Алматы және Алматы – Шелек (бір рет Ащыбұлақ ауылы арқылы өтеді) бағытында 30 орындық автобус және де 18 орындық шағын автобустар қатынайды. Жол ақысы бір адамға 500 теңге. Осы уақытқа дейін №364 Шелек – Алматы маршруты күніне 12 рейске дейін қатынайтын болған. Қазіргі таңда жеке микроавтобустар мен жеңіл автокөліктердің көп болуына байланысты аталған маршруттарда қатынайтын адам саны 90 пайызға дейін азайған. Салдарынан, №364 бағыттағы машруттардың шығындары көбейіп, рейс саны қысқартылды. Оның үстіне, автобустардың техникалық жөндеу жұмыстары қомақты қаражатты талап етеді, ал жолаушыларды тасымалдаудан түскен қаржы жол жүру шығындарын да ақтамайды.
Бүгінде аудан әкімдігі аталған мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда. Әкімдік тарапынан жоғарыда аталған әлеуметтік мәні бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың шығындарының бір бөлігін бюджет есебінен субсидиялау бойынша арнайы комиссия құрылып, қажетті қаражат көлемі анықталып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаражат бөлу мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды. Қазіргі таңда қаражат қарастырылу үстінде. Бұл өз кезегінде кейбір ауылдарда тоқтап қалған автобус маршруттарын жандандыруға және қазір жұмыс істеп тұрған маршруттарды тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде, жол ақысын өсірмеуде үлкен септігін тигізетіні анық. Сіз көтеріп отырған мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.
Жаз шықса кейбір ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп, сығырайған су көзіне үңіліп отырады. Енді бірі, үйіндегі бар ыдысын арқалап, көрші елді мекеннен су тасуға мәжбүр. Айта кету керек, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін қаржы бөлініп, бірнеше ауылдарға ауыз су жүйесі тартылуда. Десек те, бұл жақсылықтың шарапатын биыл көрмейтін ауылдар да бар. Осы күнге дейін редакцияға түскен хаттар мен тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібековке қойған болатынбыз.
– Дәурен Сайлаубайұлы, былтырдан бері ауданымызда ауыз су құбырларын жөндеуге көп көңіл бөлініп, бірнеше елді мекен тіршілік нәріне қанықты. Сол жайында қысқаша айтып өтсеңіз.
– Иә, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары ескірген құбырларды жаңартып, жаңа су құбырларын орнатуға ауқымды қаржы бөлініп, бүгінгі таңда игерілуде. Былтырғы жылдан биылғы жылға ауыспалы кезең ретінде Көлді, Қазатком, Екпінді, Ащысай, Нұрлы ауылдарының ауыз су құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар осы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс.
–Жаз мезгілі басталса, Есік қаласы мен кейбір ауылдарда су тапшылығы туындап, тұрғындар әлекке түседі. Бұл мәселенің түйіні қашан шешіледі?
– Жаз мезгілінде күннің ысуына байланысты кейбір елді мекендерде ауыз су тапшылығы байқалады. Есік қаласымен қатар, Бөлек, Аймен, Қарасай ауылдары және саяжай тұрғындарына су жетіспей жатыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 2014 жылы Есік топтық су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Жобаға сәйкес, 4 млрд теңгеден астам қаржыға аудан орталығы және айналасындағы 8 ауылдың ауыз су мәселесі шешіледі. Оның ішінде жоғарыда аталған елді-мекендер де бар. Бүгінде қаржының бөлінбеуіне байланысты сметалық жобаның мерзімі өтіп кетті. Жаңарту үшін қайта қаржы бөлуге сұраныс жіберіп қойдық.
– Қаладағы судың сапасы өте төмен. Сумен келген қоқыстан үйдегі фильтрлер, тіпті, құбырлар бітеліп қалады. Ай сайын ауыз судың ақысын төлеп отырған тұтынушыға «Есік Су» мекемесінің сапалы тауар беруге мүмкіндігі бар ма?
– Бізге осы күнге дейін судың сапасы таза еместігі жөнінде шағым түскен емес. «Есік Су» мемлекеттік мекемесіне қарайтын құбырмен берілетін ауыз су айына екі рет хлорланады. Біздегі сапасыз ауыз су Қызылжар (Көктөбе-2) мен Тауқаратұрық ауылдарынада ғана. Жаңбыр жауса ауыз су лайланып кетеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қызылжар ауылының ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда мерзімі өтіп, жобаны қайта жаңарту керек. Десек те, қызыжарлықтарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін 292 млн теңге көлемінде қаражат керек.
–Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда тұтынушыларға жақын болып, кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желіде тіркелу керек. Қаладағы Инстаграм топтардағыарыз-шағымның көпшілігі сіздерге бағытталған. Оларға жауап бересіздер ме?
–Шыны керек, өзім Инстаграм парақшасында тіркелмедім. Десек те, ауданда бізге бағытталған шағымдарға жауап қайтарып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгінде бізге негізінен Бөлек пенсаяжай тұрғындары арызданып жатады. Жоғарыда айтқандай, Бөлектің мәселесін біз көтеріп, ауылды Есік топтық су жүйесіне кіргіздік.
Саяжайлықардың жайы қиын болып тұр. Себебі, саяжайлар ауылшаруашылық жері болып есептеледі. Оларға ауыл статусы берілмейінше, біз су құбырын жүргізіп, жолдарын жасап бере алмаймыз. Қателеспесем, 2007 жылдары саяжайдың жоғары жағындағы Бәйтерек шағын ауданына су құбырын тартқан болатынбыз. Саяжайлықтар өздері қаржы жинап, сол құбырдан үйлеріне дейін су тартып алған. Мектепке тартқан құбырға да жергілікті тұрғындар қосылған.
– Әлеуметтік желідегі бір хатта «Бір апта бойы үйімізде су жоқ. Себебі, орталық құбырлардың бірі тесілген. Оны реттеуге келген мамандар жөндеу жұмыстары үшін бізден ақша сұрап жатыр» – деп шағымданған. Бұл қаншалықты дұрыс?
–Біздің бөлімге немесе «Есік Су» мекемесіне осы тақырыптағы арыз түскен жоқ. Алайда, Есік қаласының төменгі жағындағы (Автопарк) көпқабатты үйлердің су құбыры «Есік Су» мекемесінің теңгерімінде емес. Демек, құбыр жарылып, су жүйесіне зақым келсе, тұрғындар өз есебінен жасауы керек. Біраз уақыт бұрын көпқабатты үйлердің бірінде құбыр зақымданып, суға жауапты мекеме жасауды тұрғындардың өздеріне қалдырған. Бірақ, біздің бөлім іске араласып, су жүйесін қалпына келтіріп берді. Нақты айтсақ, «Есік Су» мекемесіне қарасты магистральді құбырлардың барлығын жауапты мекеме өздері жасайды.
– Азаматтарымыз суды бақшаға жіберіп, егінін суарады. Зардабын басқа тұтынушылар тартады. Осы бассыздыққа тосқауыл бола ма?
– Әрине, бүгінгі таңдағы ауыз су тапшылығының негізгі себептерінің бірі осы. Біздегі бар мамандармен үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Оларға судың өз мақсатымен пайдалануды тапсырып, кесірін қалалықтар көріп отырғандығын айтамыз. Алайда, Есік қаласындағы арық жүйелері жоқ болғандықтан, бірқатар азаматтар құлақ аспай, бақшасын суаруды жалғастыра береді. Аталған мәселені шешу үшін алдымен арықтарды жөнге келтіру керек.
– Рахаттықтардың бас ауруына айналған тіршілік нәрі жайлы не айтасыз?
– Қызылжар ауылы секілді Рахатқа да су жүйесін жүргізуге жобалық- сметалық құжаттары 2013 жылы жасалған. Алайда, оның да мерзімі өтіп, жобаны қайта есептеуге қаржы сұрап отырмыз. Оған қарамастан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылып, ауылдың жоғарғы жағындағы таудан су құбыры жүргізілуде.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Тілдескен Сардарбек НҰРАДИН.
«Еңбегі көптің өнбегі көп» деген дана қазақтың айтқаны айдай келеді. Шындығында, еңбек адамның екінші анасы: ол сені асырайды, өсіреді, өндіреді. Асын адалдан тауып отырған кәсіпкер Демесінова Балжан Ерланқызының бұл өмірлік ұстанымы. Былтырдан бері іс қылып, Түрген шатқалының бойынан демалыс аймағын аймағын ашты. «Алтын .» деп айдар тағып, демалушылардың бар жағдайын жасауда еңбектенуде.
«Ерінбесең жеңерсің» демей ме бұрынғылар. Жалпы көлемі жарты гектар жерді айналдыра қоршап, отызға жуық әртүрлі шатырларды көріктендіре тіккен кәсіпкер тазалыққа баса көңіл бөлетінін ашып айтты. – Ең бірінші, тазалық керек. Себебі, бұл көпшілік демалатын орын. Мұнда келушілерге бар жағдай жасау менің міндетім деп білемін. Ашылғалы бүгінгі күнге дейін 1000-ға жуық демалушылар келді. Әрбірімен жеке пікір алмастым. Ойын білдім. Әрқилы пікірлерін, ұсыныстарын жеткізді. Мен қуана қабыл алдым. Өйткені, біз демалушылар үшін жұмыс істейміз ғой, – деп ағынан жарылды Балжан Ерланқызы.
Қазіргі уақытқа дейін 40 млн теңгеге жуық инвестиция салып үлгерген кәсіпкер еңбек пен білімді қос қанатым деп түсінеді. Осы себепті, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдады. – Көбіне, онда білім алушылар жеңілдетілген пайызбен несие алу мақсатында ғана оқиды емес пе? Алайда, мен ең бірінші кәсіпкерлік ілімімді толықтыруға баса көңіл бөлдім.
Себебі, бизнес – терең ізденісті талап етеді. Ал ол оқу-біліммен шыңдалмақ. Сондықтан курсты толық аяқтадым. Нәтижесінде, 6 млн теңге жеңілдетілген пайызбен несиеге де қол жеткіздім. Оны осы бастаған бизнесімді дамытуға салдым, – дейді. Бүгінде мемлекеттен алынған қаражатқа заманауи сәнді жасалған 3 қазақ үй орнатқан. Сегіз қанатты әр шаңырақтың әрбіріне 30 адамнан емін-еркін демалуына мүмкіндік жасалған. Бұдан өзге 28 шатыр демалушыларын күтуде. – Әлемдегі бірде-бір мемлекетте кәсіпкерлерге мұндай жағдай жасамайды. Бізде кәсіпке тегін оқытады, қажет қаражатыңды жеңілдетілген пайызбен қолыңа ұстатып, кәсібіңді бастауға мүмкіндік береді. Тіпті, салықтан да жеңілдіктер қарастырады. Қаражаттың қайтарымын өз ыңғайыңа қарап, күнтізбесін орнатуыңа да болады. Бұдан асқан қандай қамқорлық қажет? Тіпті, қазір жөнсіз тексерулерге де шектеу қойылған, – дейді Б.Демесінова.
Сонымен қатар мұнда келушілер форель балығын аулап, таза ауада демалуына бар жағдай жасалған. Ол үшін екі көлге 4000-нан астам бас форель балығын жіберген. Мұның бәрі кәсіпкердің мұратқа жетуге жасалған қадамдары.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
«Бірге – Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы басталғалы қалалар мен ауылдар жаңарып, жасарып, бір ерекше күйге енуде.
Аталған экологиялық шараға Есік қаласының және 25 ауылдық округтің тұрғындары да белсене атсалысты. Атап айтсақ, 1500-дей адам, 20 түрлі техника жұмылдырылды берекелі іске. Күл-қоқыстан тазарған ауыл-аймақ, артық заттардан арылған көшелер, арықтар, мәдени орындар – бәрі-бәрі еркін «тыныстады». Жұдырықтай жұмылған тұрғындардың күшімен барлығы 13 гектар жер тазартылып, 150 тонна қоқыс шығарылды.
Алмагүл НҰҒМАН.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкеңнің тарихын танып, киелі жерлерді аралау мақсатында аудан қонақтарымен Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне экскурсия жасадық. Шара барысында «Сақтардың тарихы мен мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан археологиясы» және «Уақытша көрмелер залы» атты 4 экспозициялық зал мен «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі - археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың мемориалдық бөлмесін аралап тамашалады. Есік көлі мен Түрген сарқырамасына жол тартқан туристер мен қонақтар алдымен кіре берістен тарихтан сыр шертер өлкеміздің мақтанышы, ең көрнекті мәдени мекемесі «Есік» тарихи-мәдени музейіне бас сұғады.
– Біздің шаңырақта мәдениет майталмандары да, атақты актер әншілер де қонақ болып, «Алтын адам мекенін» тамашалады. Бекжан Тұрыс, Ғанн Құлжанов, Ұлықбек Есдәулет сынды аға буын өкілдер, тіпті, шетел ақын-жазушылары таңдай қағысып, мәдениетімізбен танысты. Болашақ ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойына елжандылық дарытуды, адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіруді мұрат ете отырып, әр мереке қарсаңында, былай күндері де концерттер, ойындар өткізіп, мәдени ошақты насихаттап, мұрамызды жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз, – деп қастерлі мекеме қызметкерлері өз жұмыстарымен таныстырды.
Еліміздің тарихы мен мәдениетінен хабар беріп, халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өлкеміздің өткені мен бүгінін жалғап отырған рухани мекемеден аудан қонақтары тамаша әсер алып қайтты.
Жансая ЫСҚАҚ
Көк байрақтың астында жатырқамай, жатсынбай 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату тәтті ғұмыр кешуде. Әркім өз салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстанамын десе де шектеу жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, тұрақтылық пен ынтымақтастық құруға жіті көңіл бөлді. Еліміздегі әрбір этномәдени бірлестіктің емін-еркін жұмыс жасап, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау зор. 54 ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын біздің ауданда қазіргі таңда 8 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Ешбір мемлекетте ұлыстарды қанатының астына алып, қамқорлық көрсететін Қазақстандай ел жоқ екенін тілге тиек етеді. Осы ретте өңірдегі этномәдени бірлестік басшыларынан бүгінгі хәл-ахуалы мен атқарып жатқан іс-шаралары туралы білген едік.
Надо НАДЫРОВ. Күрд мәдени орталығының төрағасы:
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әр ұлттың алдында үлкен таңдау: Қазақстанда қалу немесе басқа елге кету деген ой тұрды. Бірақ барлық өзге ұлт өкілдері «Отанымыз – Қазақстан» деген ұранмен елде қалуды құп көрді. Бүгінгі күнге дейін достық туын желбіретіп бір шаңырақ астында өмір сүрудеміз. Біздің бірлестік 1999 жылы құрылып, содан бері 58 адам белсене жұмыс істеуде. Мен 2010 жылдан бері орталыққа төрағалық етемін. Мақсатымыз – жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру арқылы өз ұлттық әдет-ғұрыптарымызды ұмытпауға тәрбиелеу. Осы жылдың өзінде «Біздің күшіміз – бірлікте», «Күрд халқы – Қазақ халқының ынтымақты шаңырағында» атты ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырдық. Жыл басында Түрген, Қарасай, Бәйдібек би, Ақбастау, Әймен, Бөлек ауылдық округтерінде Ұлыстың Ұлы күнінде өз мәдениетімізді танытып, қазақ халқының салт-дәстүрін сыйлайтынымызды көрсеттік. Сондай-ақ күрд тарихына тоқталып, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын насихаттайтын қысқаметражды фильм түсірдік. Ендігі кезекте спорттық іс-шараларға көңіл бөліп, зиянды әдеттерден аулақ, білімге құштар, саламатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеу басты мұратымыз.
Ирина Таркова. Славян этномәдени орталығының төрайымы:
Біздің басты байлығымыз – ынтымағымыз бен бірлігіміз. Бір үйдің баласындай тату тәтті өмір сүріп жатқанымыз қазақ бауырларымыздың қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің арқасында. Атадан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымызды сақтауға мүмкіндік берді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бөліп-жармай, бір-бірімізге құрметпен қарайтын зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызға үлкен алғыс білдіремін. Орталығымыз алғаш 1992 жылы Ломоносов атындағы орта мектеп директоры Галина Сидельникованың бастамасымен ашылды. 2006 жылы ресми тіркеліп «Алматы облыстық орыс әтномәдени бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық филиалы» аталды. Сол кезңнен 2012 жылға дейін Нина Мантариди басқарды. Содан бүгінге дейін ұлтаралық келісімді ту етіп, бірлікті сақтап, ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтып мен басшылық етіп келемін. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы орта мектептің базасында жұмыс істеудеміз. Жас ұрпақтың тәрбиесі үшін орталық мүшелері тынбай еңбек етіп, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, бойына салт-санамызды сіңіруді міндет етеміз. Мысалы, «Масленица» мерекесі, «Рождество шыршасы» арқылы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй ғана сыйлап қоймай, ежелгі мейрамдарымызды жаңғыртып отырамыз. Жуырда ұлттық тағамдарымызды, киімдерімізді дәріптеп, әдет-ғұрпымыздан хабар берер орыс ертегілер желісі бойынша көрініс ұйымдастырдық бүлдіршіндерге. Қойылым барысында өнерлі балалар орыс халық әндерін орындап, ұлттық билерін ортаға салды.
Баспаға әзірлеген Жансая ЫСҚАҚ
«Ештеңені білмейтін, ештеңені білуге талпынбайтын адамның жағдайы қиын. Өйткені оның бойында екі кесел бар: бірі – топастық, екіншісі – жалқаулық» деген екен Платон. Әлбетте, «Алма піс, аузыма түс» деп жатудан артық азап жоқ. Себебі, жетістік – еңбек еткенге иіледі. Бұған дәлел Айсара Кабулованың табысты тірлігі. Айналасы 18 сотық жеріне қора-жай салып, мал басын көбейтуді мақсат еткен кейіпкеріміз кәсіппен айналысуға бел буады. Арнайы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдап, жобасын қорғайды. Жолдасы Нұрлан Кабулов қолдау білдіріп, 2 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізеді. Сөйтіп, оған сегіз сүтті бағыттағы сиырларды сатып алады. Жуырда аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Саят Бизаковпен бірге Айсара Бақытқызының үйінде болып, шаруашылығымен таныстық.
Ә дегенде әңгімеміз кәсіп ашуға мемлекеттік қолдаудың толағай екенінен басталып кетті. – Осы іске бет бұрар алдында біраз адамдардан сұрадым. Алайда, оңды жауап алмадым. «Ой, ол болмайтын тірлік қой. Қаражатынан қағазын жинау қиын. Ары-бері жүрісі ұзақ» деушілер басым болды. Әйткенмен, бел шешіп кіріскенімде асып бара жатқан қиындықты көргенім жоқ. Бір ай курс оқыдым. Онда бизнестің қыр-сырын меңгеруге барынша дағдыландырды. Сонымен арнайы сертификатын алып, өз жобамды ұсындым. Ауылда тұрамыз, қолымызда бірді-екілі ірі қара, жылқы басы бар. Қысқасы, бір мал бақсаң да, он мал бақсаң да сол еңбек керек. Сөйтіп, сүтті бағыттағы сиырлар алу мақсатын алдыма қойдым. Жолдасым қолдады. Биыл сол арманымызға жеттік – дейді. Қазір күніне шамамен 60-70 литрдей сүт алады. Өнімді қабылдап алушылар үйінен әкетеді. Бұдан өзге қолдан май, ірімшік жасайды. Таза табиғи өнімге қай жерде болсын сұраныс мол екені белгілі. Оған да өз алушылары жетерлік.
– Таңнан тұрып мен сиыр сауамын, жолдасым жем-шөбін береді. Жуырда тағы екі асыл тұқымды жылқылар алып келдік. Ендігі ойымыз – малдың төлдерін алып, мал басын көбейтсек, бірқатарын арнайы бордақыласақ деген жоспар бар. Қазір жеріміздің көлемі 18 сотық. Уақытша малдарды ұстап тұруға мүмкіндігіміз бар. Кәсібіміз жүріп жатса, бұдан да үлкен шаруашылыққа айналуға құлшыныс жоқ емес. Мұның бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, еңбек етуден ерінбеу – дейді А.Кабулова.
Төрт баласын еңбекке тәрбиелеп отырған отбасының ұстанымдары да бір: еңбек, еңбек және еңбек. Себебі, табан ет, маңдай тердің өтеуі – табысты жетістік.
Тақырыпқа тұздық:
Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде мамыр айынан күні бүгінге дейін небәрі үш ай ішінде айданда 23 адам несие алып, тәтті еңбектің дәмін татып үлгерді. Бұл турасында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Берік Иманбаев былай дейді: – Ауданымызда «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 101 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Бүгінде толық 101 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Оқыған азаматтардың ішінен 23 адам шағын несиеге қол жеткізді. Оның 21-і – ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жалпы сомасы 79 млн теңге, екеуі – несие серіктестіктері арқылы 8 млн 900 мың теңге. Ал қалғандары несие алмаймын, шағын қаражатпен кішігірім кәсіп бастаймын деушілерге 250 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар берілді. Мәселен биылғы жылдың басынан 35 адам грант алды. Сол секілді осы шілде айының өзінде аталмыш бағдарламаға қатысушы тағы 35 адамға әрқайсына 250 мың теңгеден гранттар берілуде. Сонымен қатар жастар жылына орай 100 жас азаматты «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқытып, шағын несие немесе 200 айлық есептік көрсеткіш болатын (500 мың теңге) гранттар беріледі. Қазірдің өзінде 40 жас оқуын бастады. Мұндай мемлекеттік қамқорлыққа тек жастар емес, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жұмыс істеуге ыңғайы келетін мүгедектігі бар азаматтар да ие бола алады. Басты шарт – «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқуы міндетті. Бұл 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Осындай ұранмен Шелек ауылы Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің спорт залында волейбол жарысы өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы және «Мәңгілік ел тұғыры»қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан турнирде 10 команда тартысты.
Бас төреші Талғат Бижанов жарыстың өту барысын, шарттарын түсіндіріп, алдын-ала таратылған жеребе арқылы ойын ретін белгіледі. Тартысты өткен ойын барысында үздік ойын көрсетіп, «Үздік ойыншы» номинациясын Шелек ауылдық округінің ойыншысы Алмат Умбеталиев және «Үздік шабуылшы» номинациясын Малыбай ауылдық округінің ойыншысы Назымжан Бакиров иеленді. Жарыс нәтежесінде 3 орынға Қаражота ауылдық округі, 2 орынға Малыбай ауылдық округі, 1 орынға Есік қаласының волейбол командасы ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.
Өз тілшіміз.
Жалындаған жастығында тау қопарып, шаһар тұрғызбаса, білім алып, ілім жинамаса, желіп жүріп жер танымаса, ел қамын ойлап, мемлекетке пайдасын тигізбесе оның несі жастық?! Сондықтан да болар, халықта «Жастықта жиған білімің, қартыққа жұмсар мүлігің», «Парасат көрсең – қарттықтан, тамаша көрсең – жастықтан» дейтіні. Назым Хикмет Ран: «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы» деп адамның қайталанбас керемет шағын жеткілікті сипаттап бергендей. Ендеше, бүкіл халық сенім артып отырған «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастарымыздың қарқыны қандай? Аудан арманшылдарының алға қойған мақсаттары мен бағдары айқын ба?, – деген сұрақтармен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ілебаев Айбек Қасымханұлын сұхбатқа шақырған едік...
Сұхбаттасқан Алмагүл НҰҒМАН.
Начало купального сезона в текущем году, показало печальную для Жетысусцев статистику. По состоянию на 25 июля, в водоемах области утонули 25 человек, 10 из них – дети, - сообщает служба коммуникаций Алматинской области.
О причинах ЧП, а также о мерах безопасности на воде и о соблюдении правил пожарной безопасности в пожароопасный период и при уборке урожая, на площадке региональной службы коммуникаций рассказали представители ДЧС Алматинской области.
По словам спикеров, причиной трагедий, является ненадлежащий контроль родителей и купание в неположенных местах. Они также озвучили что больше всего люди тонут в Капчагайском водохранилище. Все это несмотря на то, что есть специально оборудованные пляжи, люди зачастую купаются на стихийных или так называемых диких пляжах.
«Вопреки проводимой работе, буквально недавно, в вечернее время, на Капшагайском водохранилище погибли два человека 1997 и 2000 года рождения. В Илийском районе на одном из необорудованных мест для купания погиб ребенок 10-12 лет. Дети находились без присмотра взрослых. В связи с этим хотелось бы до наших граждан донести основные требования по безопасному проведению их отдыха у воды: ни в коем случае нельзя купаться в необорудованных местах», - говорит начальник отдела ДЧС Алматинской области Игорь Жуков.
Хотя купальный сезон стартовал давно, Департамент чрезвычайных ситуаций Алматинской области все же проводит массовые рейды и комплекс практических и профилактических мероприятия, в целях предупреждения гибели людей на воде и возгорания сухостоев. Сотрудники Службы спасения проводят регулярные рейды по профилактике безопасности на воде на Алаколе, Балхаше и Капшагае. Раздают памятки и учат элементарным правилам оказания первой медицинской помощи при утоплении.
«Причинами чрезвычайных ситуаций на воде является неорганизованный отдых граждан на неконтролируемых спасателями водоемах, незнание или несоблюдение правил безопасности на воде, не выполнение владельцами частных зон отдыха требований безопасности на воде, неумение плавать, переоценка сил при плавании и оставление детей у воды без должного присмотра взрослых. Однако стараниями наших коллег, из водоемов региона, личным составом спасательных подразделений было спасено 46 человек», - говорит руководитель Оперативно-спасательного отряда Сайлаубек Чарапиев.
Рассказали спикеры и о количестве возгорания сухой травы за этот сезон.
- «С начала пожароопасного периода 2019 года в связи с устоявшейся жаркой погодой на территории области зарегистрировано 10 лесных и 2 степных пожара, произошло более 600 загораний, из которых вне территории населенных пунктов 291 загорание на площади более 300 Га, зерновых культур- 2 случая, на общей площади 6 Га. Просим граждан беречь нашу природу от пожаров» - отметил начальник Управления снижения рисков бедствий и контроля в области гражданской защиты Константин Канин.
Мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген еліміздің басты мақсаттарының бірі – бәсекелестікке қабілетті тауар шығарып, қызмет көрсетуге бағытталған теориялық алғышарттарды экономикалық нақты көрсеткіштерге ұластыру қажет. Ол – бүгінгі күннің көкейтесті талаптарының бірі. Ол үшін, экономистердің пайымдауынша, әр ел әлемдік шаруашылықта өз тауарымен және қызметімен өз орнын табуы тиіс. Яғни, мемлекет ішкі азық-түлік және киім-кешек сұранысын мейлінше өзі қамтамасыз еткен жағдайда ғана ұлттық экономика бәсекеге қабілетті болмақ және ол тұрақты экономикалық даму кепілі. Осыны көздеген Тұңғыш Президентіміз шөбі шүйгін, топырағы құнарлы кең байтақ даламызда ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударуды тапсырды Үкіметке. Сәйкесінше, мемлекеттен түрлі қолдаулар көріп, төрт түлігін түгендеген шаруалар бүгінгі таңда ұлттық экономиканың дамуына өз үлестерін қосуда.
Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекет ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп отыр. Еліміздің агроөнеркәсібінің негізгі мақсаты – ішкі нарықты өзіміздің азық-түлікпен және отандық өнімдермен 80 пайызға дейін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған бағдарламасы әзірленген. Бұл салада ауқымды жұмыстар күтіп тұр» – деп, болашақтың іргетасын қалап кеткен еді. Аграрлы ауданымызда да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, жеміс-жидек, сүт пен ет өнімін өндіру қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе, қос кеменің басын тең ұстап, өсімдік пен мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар жетерлік. Солардың бірі – Бартоғай ауылдық округінде орын тепкен «Шелек» өндірістік кооперативі.
Ірі шаруашылықтың іргетасы 1995 жылғы аумалы-төкпелі заманда құрылған. Негізін қалаған ауданымыздың құрметті азаматы Аянбек Дауытқұлов 20 жылға жуық шаруашылықты өзі басқарып, дамытып келген. 2012 жылы өзінің ұлы Исламбек Аянбекұлы өндірістік кооперативті өз қолына алған. Жақында бартоғайлықтарды тұрақты жұмыспен қамтып, сүтті бағыттағы мал өсіруде көпке үлгі болып отырған шаруашылыққа арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан болатынбыз.
Жаз маусымында кеңсе мен үйде отырмайтын шаруалардың жайы бізге мәлім болғандықтан, тікелей егістікке жол тарттық. Ойлағанымыздай іздегенімізді егістік алқабынан тауып, кооператив басшысы Исламбек Аянбеков алдымен өсімдік шаруашылығы жайлы әңгіме қозғады. Бүгінде 1050 гектарға соя, жүгері, жоңышқа мен көпжылдық шөп отырғызған олар күз айы таяған сайын жиын-терім науқанына қызу дайындық үстінде. Мұндағы өнімдердің негізгі бөлігі Алматы қаласының маңындағы ірі фермаларға сатылады. Қалғаны өз малдарының қысқы азығына сақталады.
– Біз секілді шаруаларға мемлекет бүгінде үлкен көмек көрсетіп отыр. Өнімдерімізге субсидия бөледі. Жеңілдетілген несие қарастырылған. Осыны пайдаланып осыдан 4 жыл бұрын лизингке соя мен бидай оруға комбайн алған болатынбыз. Оның да белгілі бір бөлігін мемлекет қаржыландырды – деген Исламбек Аянбеков ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуда ұйымдастырылған лизинг барлығы үшін тиімді екенін айтты.
«Шелек» өндірістік кооперативінің негізгі бағыты – сүтті бағыттағы ірі қара өсіру. Қазіргі таңда фермада 135 бас «Алатау» мен «Черная пестрая» тұқымды сауын сиыры бар. Арнайы сиыр сауатын отандық аппаратпен қамтамасыз етілген шаруашылықтың өнімдері «ФутМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтіледі. Бұл құрылғылар да жақын арада ауыстырылады. Исламбек Аянбекұлының айтуынша, бағасы 16 млн теңге болатын сиыр сауатын ресейлік «Елочка» құрылғыларына тапсырыс берілген.
– Ірі қара сатып алғанда мемлекет көмек беріп, қордан несие алған болатынбыз. Қазіргі таңда малдарды толықтай игерудеміз. Келешекте мал басын арттырып, сүт өнімін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Негізгі бағытты мал шаруашылығына бұрсақ деген ниет бар – деп жоспарларымен де бөлісті кооператив басшысы. Қазіргі уақытта шаруашылықта 35 ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлықты есептеу шетелдік принциппен жүзеге асады. Яғни, жұмысшылардың жалақысы істеген сағатына байланысты. Соның өзінде ауылдықтардың орташа айлығы 150-155 мың теңгені құрайды.
Әңгіме барысында кооператив басшысы мал дәрігері маманының жетіспейтіндігін айтып қалды. Сұрастырсақ, округтегі ветеринарлық маман малдың көптігіне байланысты үлгермейді. Десек те, вакциналарын тұрақты жасап тұрады. Сондықтан, білікті жас маман іздеген кооператив жалақы мен тұрғын үй мәселесін шешіп беретіндігін жеткізді.
Сардарбек НҰРАДИН.
Тарихи мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында жалпы саны 386 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Оның ішінде 284 ескерткіш археологиялық, 102 ескерткіш архитектуралық ескерткіштер бар.
Биылғы жылы ескерткіштерді қорғау мен сақтаудың тиімділігін артыру мақсатында Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығымен бірлесе отырып аудан бойынша барлық ескерткіштерге бақылау-барлау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, ауданымызда орналасқан ең көне ескерткіштерден бастап соңғы жылдары жаңа салынып мәдени мұраларымыздың қатарына енген барлық қала және сәулет ескерткіштері, археологиялық ескерткіштердің орналасу орындары мен бүлінбей сақталуы барлығы дерлік қайта сүзгіден өткізіліп, мемлекеттік тізімге ілікпей қалған мәдени мұраларымыз комиссия шешімімен арнайы мемлекеттік тізімге алынатын болады. Қазіргі кезде 34 архитектуралық ескерткіш, Шелек ауылындағы тарихи-өлкетану музейі, 200 археологиялық ескерткіш мемлекеттік тізіміне алынған болса, қалған 84 археологиялық ескерткіш алдын-ала тізімде тұр. Былтырғы жылы мемлекеттік тізімге ұсынылмай қалған 68 архитектуралық ескерткішке жергілікті қала және ауылдық округ әкімдерімен төлқұжаттары жасалынып, облыстық комиссияға ұсынылған болатын. Алдағы уақытта барлау нәтижесі негізінде ұсынылған ескерткіштердің жай-күйі нақтыланып, мемлекет қорғауына алынуы тиіс ескерткіштер қайта іріктелінетін болады. Қазіргі уақытта Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қала құрылысы ескерткіштерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Серік Оңғарбаев мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі Жандос Адамжанов бастаған топ ауданымыздың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарымен бірлесе отырып, ескерткіштер орналасқан барлық елді-мекендерді қала және ауылдық округтің ескерткіштерге жауапты мамандарымен аралап, сараптама жүргізу үстінде. Барлау барысында анықталған жаңадан табылған археологиялық мұралар есепке алынып, оларды жоюдан, бүлінуден қорғау мақсатында кешенді түрде іс-шараларды жүргізу қолға алынатын болады.
Балауса Шарғынова,
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.
Өздеріңіз білетіндей, өткен нөмірлердің бірінде ауданымыздағы «Тау-Жаңашар» жазғы лагеріне демалуға Арыс қаласынан балалар келгенін жариялаған болатынбыз. Жақында лагерьге арыстық балаларға сыйлықтарымен келген қонақтар олардың күн тәртібімен танысып, жасалған жағдайларын көрді. Игі істі ұйымдастыруға ұйытқы болған «Жетісу білімі» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының директоры Күләнда Батырбекова: «Біздің жұмыс негізінен, балалармен жүргізілгендіктен кішкентай азаматтардың өміріне бей-жай қарай алмаймын. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Десек те, осында Арыстың балалары келді дегенді естіген соң, жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, тез арада қаржы жинадық. Атсалысқандардың ішінде қоғамдық қорлардың мүшелері, іскер әйелдер қауымдастығы, облыстық, аудандық кәсіпкерлер палатасы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қауымдастығы бар. Қаржы жиналған соң, балалардың сұраныстарына қарай қажет заттарын алдық. Атап айтсақ, 121 балаға 1 289 300 теңгеге спорт костюмдарын, крассовкалар, суға түсуге арналған костюмдарын алып, бүгін соны жеткізіп отырмыз», – дейді.
Демалыстарын қызықты әрі пайдалы қылып өткізіп жатқан балдырғандар тіпті «Бізге бұл жер қатты ұнады, сондай қызық» деп бала көңілдерін де білдіріп үлгерді.
Алмагүл НҰҒМАН.
«Қыран бүркіт не алмайды күтсе баптап..» Абайдың осы жолдары еске түседі мына суреттегі бір қанаты жартысына дейін сынған, «бүркіт тұмсық» деп қыр мұрынды азаматтардың теңейтін қазақтың жүйрік ат, алғыр тазыдан кейінгі қолқанаты бүркіттің бүгінгі тас мүсіндегі болса да мүсәпірлік кейпі. Көп жылдардан бері тұр Алматы – Талдықорған автобанының Қапшағай су қоймасының гидроэлектростансаға түсер жеріндегі жарқабақта. «Жаралы» бүркіттің мүсіні. Жалпы жол бойындағы тас мүсіндер өнер туындылығы жағынан жолаушыларға эстетикалық әсер етумен қатар аумақтың жануарлар әлемінен де ақпарат беріп отырады. Бұл тұрғыда оңтүстік мегаполисті Талдықорғанмен жалғастыратын автобан бойында ілбіс, арқар дегендей Жетісу жануарларының мүсіндері көз тартады.
Мына екінші суреттегі еліктің құлағы мен мүйізін ғана алып қоймай түз тағысы қасқыр ішін жарып, ішек қарнын да жерге түсіргенге ұқсайды. Бұл мүсін енді солтүстік өңірдегі Көкшетау – Қостанай тас жолының бойында «мүсәпірлік» күй кешуде.
Ал Көкшетау – Нұр-Сұлтан тас жолының бойындағы мүсіндер әдебиет-өнер саласындағы тарихи тұлғаларға көп назар аударылғанын айғайлап айтып тұр десе де болады.
Көкшеден шыға берісте аты аңызға айналған Ақан серінің әйгілі Құлагері тұр аспанға қарап арқырай кісінеп...
Ат үстіндегі Ақан сері бейнесі, Үкілі Ыбырай мен батыр тұлғалы балуан бабамыз Балуан Шолақ тұлғасы да еріксізден өзіне назар аударады. Ал белгілі жазушы атбегі Сәдібек Түгелдің Елорда шекарасына орнатқан қанатты тұлпар Құлагер кешені кәдімгідей ат басын тіреп, көп мағлұмат алатын ат айдаушылардың да (автожолаушыларды айтам) бір мезет дамылдап тыныстайтын тірегіне айналған.
Тас мүсіндер, скульптура, бюсттер, ескерткіштер туралы толғау тақырыптар жалғасады. Дей тұра оқырман-көрермендерге өз ұсыныстарын, фото, сурет туындыларын жіберіп тұруды ұсынамыз mezet.kz мекен-жайларына.
Х.АХМЕТЖАНОВ
Есік – Қапшағай – Балқаш – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Көкшетау