Бейсенбі, 30 Мамыр 2024 14:07

Музей – ғылыми-зерттеу ошағы

Қазақстан тарихын зерттеуде қол жеткізген табыстар аз емес, алайда ғылымда бұл салада шындығы ашылмаған тың және жаңа қырынан қарауды қажет ететін тақырыптар баршылық. Солардың ішінде жаңа көзқараспен зерделеуді қажет ететін тақырып – өткен ғасырдың 20-50 жылдар аралығындағы сталиндік репрессиялық саясаттың зардаптары.

Коммунистік режимнің солақай саясатының нәтижесінде отарланған ұлтты бас көтертпей, құлақкесті құл қылу үшін көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, сталиндік қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде №2200 «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңды қабылдады.1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы» деп жариялау туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің жарлығы шығып, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдын-дағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы еді. Талай аты аталмай, жазықсыз жалаға ұшыраған құрбандарға тарихта тиесілі бағасы берілді.

Сол 1993 жылғы аталмыш Заңды орындау жолында елімізде талай игілікті іс-шара атқарылды. Шымкент қаласында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі, Қарағанды облысындағы бұрынғы Карлаг лагерінің орнында саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі және кейінірек Астана қаласының іргесінен атақты АЛЖИР құрбандарына арналған музей ұйымдастырылды. Сондай игілік-ті істің бірі – 2018 жылдың аяғында Алматы облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ашылуы болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына лайықты үн қосып, Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы мен репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының бастамасымен мыңдаған Алаш арыстарының сүйегі жатқан Жаңалық ауылына сол кездегі Алматы облысының әкімі А.Баталов музей ғимаратын салуға ықпал етті. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі сол кезде 17 аудан мен 3 қаланы қамтыған ұлан-байтақ Жетісу өңірі мен Алматы қаласындағы НКВД түрмесінде азапталып, ажал құшқан барша «Үлкен террор» құрбандарының трагедиялық тағдырын айғақтайтын экспозициялармен жабдықталды. Музейдің үш залындағы архивтік фото материалдар, құрбандардың электронды каталогы, екі бірдей ауқымды лед-экраннан көрсетілетін аудио және видео жазбалар, арнайы конференц-залда апта сайын өтіп тұратын түрлі тақырыптық жиындар, жоспарлы іс-шаралар музейдің бірден аяқтан тұрып, жұртшылық арасында жақсы атаққа ілініп, бедел жинауына көмектесті.

2018 жылы ашылғаннан бастап музейдің басты бағыты – ғылыми зерттеу ісін жандандыру болды. Бұл өркениетті елдерде музей саласында уақтылы қолға алынған заманауи талап болатын. Оның үстіне саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық мәселесі кеңестік 70 жылда «аса құпия» грифі соғылған «ақтаңдақ» тақырып екені белгілі. Ал саяси қуғын-сүргіннің өзі тек атып, асуды ғана емес, қазақ жұрты үш рет бастан кешкен алапат ашаршылық, халық көтерілістері, кәмпеске, босқыншылық, детдомдар, түрмелер, депортация, азаматтық құқы шектелу мен сайлау құқынан айырылу, Түркістан легионы, әскери тұтқындар, диссиденттер сынды ондаған тақырыпты қамтитын аса күрделі де күрмеулі, зерттеушілер түрен салмаған тың тарихи сала еді. Сол себепті де музей өзінің алдына таяу болашақта зерттеу объектісі ретінде бұрын-соңды арнайы ғылыми ізденістер жүргізілмеген қос өзекті тақырыпты – Жетісу Алаш ордасы және Жетісу жеріндегі халық көтерілістері мен босқыншылықты барынша толыққанды зерттеуді қолға алды.

Ал шын мәнінде ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Жетісу өңірін қамтитын бұрынғы Алматы округіне сонау Сергиополь-Аягөзден бастап, қазіргі Қырғызстан аумағы түгелге жуық кіретін. Міне, сол себепті де музей жанынан үш рет қазақ-қырғыз тарихшыларының бірлескен халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Тарих ғылымында «Жетісу Алаш ордасы» ұғымы орнығып, «Алаш» партиясының қырғыз қанаты» атты монография жарияланды. Бұл іс жалғасын тауып, 2023 жылы қос елдің саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Қырғызстанда атылған қазақтар хақында арнайы «Азалы кітапты» жарыққа шығарды. Сондай-ақ осы орайда Монғолиядағы сталиндік зұлмат туралы кітаптың жарық көргенін және музей қызметкерлері Ресейдің Омбы облысында атылған қазақтарды түгендеп, үлкен ғылыми еңбек дайындап жатқанын айта кеткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында қабылданған «Қуғынсүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссиялар құру туралы» №456 Жарлығының жариялануы музей жұмысына жаңа қарқын беріп, ғылымизерттеу істерінің екінші тынысы ашылды. «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес мемлекеттік комиссияға мүше болғандықтан, 2021 жылдан бері Алматы және Жетісу облыстарында осы комиссияның жұмысын үйлестірушілердің бірі болып келеді. Оның басшылығымен «Жетісудың шерлі тарихы» атты авторлық ғылыми-экспедициялық жоба дайындалып, жоба Алматы облысының әкімдігінен қолдау тапты. Жобаның мақсаты – Алматы облысы бойынша саяси қуғынсүргін мен ашаршылық, тәркілеумен босқыншылық, шаруалар көтерілістері мен депортация құрбандарын анықтау.

Үш жылға арналған (2021-2023 жж.) жобаның алғашқы жылының қорытындысы бойынша музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Алматы облысына қарасты жеті ауданға ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Аудандарда өлкетанушылармен және жұртшылықпен кездесу барысында естеліктер жиналып, аудандық архивтерден көптеген тың мәліметтер табылды. Мәселен, осы күнге дейін беймәлім болып келген Райымбек ауданында «Көрсай» (Қытайға босқан қазақтар шекарада екі жақтың пулеметпен атқылауынан қырылған) және Ұйғыр ауданында «Үлкен Ақсу» (1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс үшін кек аламыз деп Ақсу ауылының 500-ге жуық тұрғынын түгел қырған) қорымдары анықталды. Панфилов ауданында болған «Харгос қырғыны» туралы көптеген жаңа дерек анықталды. Жергілікті архивтен «Шекарадан өтпек болған 200 бандитті тоқтатып, қырдық» деген жазба табылды, олар босқынға ұшыраған қазақтар болатын. Көптеген тың деректер аталмыш жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша жарық көрген «Жетісудағы аштық», «Жетісудағы мүлікті тәркілеу тарихынан: Қастек ауданы» кітаптарында, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «Жетісудағы мүлікті тәркілеу тарихынан: Балқаш ауданы» атты еңбектерде алғаш рет жария болды.

1937-1938 жылдардағы «Үлкен террор» кезеңінде жазықсыз атылған 25 мың құрбаннның 5 мыңға жуығы Алматы қаласындағы НКВД ғимаратында атылып, Жаңалық елді мекеніне жасырын жеткізілген деп есептейміз. 2023 жылы жазда Қазақстанда алғашқы рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен репрессия қоры-мына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, т.ғ.д. профессор Досбол Байгунаковтың жетекшілігімен «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қалдықтарының археологиялық вирификациясымен тарихи идентификациясы: пән аралық зерттеулер» жобасы бойынша 50 құрбанның сүйегі қазылып алынып, генетикалық сараптама жүргізуге арнайы лабораторияға жөнелтілді.

Әрине, мұндай іргелі істерді атқару үшін музей ұжымы ғылыми қызметкерлермен толығып, арнайы орталық не бөлім ашылып жатса құба-құп. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Жаңа Қазақстандағы жаңа музейлер ісін ғылыми-инновациялық форматта дамытып, отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдарды көптеп тартып, тың үрдістер пайда болады деген үмітіміз зор. Және оған сенеміз де, өйткені бұл – заман талабы.                   

Мейіржан МУСАБАЕВ,

Талғар ауданы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары»

музейінің меңгерушісі.

Оқылды 266 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 14, 2024

Преодоление. Пять лет созидания

Касым-Жомарт Токаев, подлинный интеллектуал, искусный дипломат и эффективный…
Маус 13, 2024

Реформаның үштағаны: жасампаздық пен…

Барша қауымға белгілі, жалпы жұртқа жария бір ақиқат бар. Еліміз кейінгі бес жылдың…
Маус 13, 2024

145 юных гениев: Алматинская область…

Инвестиции в будущее: 145 школьников получили награды за достижения на международных и…
Маус 13, 2024

Құрбандық шалу – ежелгі салт

Күллі мұсылман қауымы зор құлшылықпен Һәм құрметпен атап өтетін діни мерекелердің бірі –…
Маус 13, 2024

Тынымбике ТӨЛЕУБАЕВА: Салаға реформа…

Дәрігерлік – мәңгілік мамандық болып есептеледі. Қызығы көп қызметтің қаншалықты…
Маус 13, 2024

ПМСП – основа здравоохранения

Одной из главных целей Национального проекта модернизации здравоохранения РК –…
Маус 13, 2024

Ізгі іс абырой әкеледі

Ауырған адамды емдеп, сырқатынан айықтыру – расында, нағыз бақыт, ерен еңбек. Ақ халатты…
Маус 12, 2024

«Наша семья нашла свое счастье на…

О большой уникальной семье кандасов из Монголии мне рассказали в Жамбылском районном…
Маус 08, 2024

ОБЩЕНАЦИОНАЛЬНАЯ ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ АКЦИЯ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН - это акция, направленная на очистку от мусора загрязненных территорий,…

Күнтiзбе

« Маусым 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет