Бейсенбі, 15 Желтоқсан 2022 11:29

Қазақтың батыр қызы

СОҒЫС – ТАЛАЙ АДАМНЫҢ ЖАНЫН ЖАЛМАЙТЫН АЛПАУЫТ ӘЗІРЕЙІЛ. БІРАҚ, ЗАМАННЫҢ БАТЫРЫН ТУДЫРАТЫН ҚАСЫРЕТТІ СЫНАҚ. ЕРЛЕРШЕ САУЫТ КИІП, САДАҚ АСЫНЫП, ҚАНДЫ МАЙДАННЫҢ ШАҢЫН ҚАҚҚАН, ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНЕН ӨШПЕЙТІН ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ТАЛАЙ-ТАЛАЙ НӘЗІК ЖАНДЫЛАР АРТЫНА ҚАЛДЫРҒАН ІЗДЕРІМЕН ҰРПАҚТЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛЫП ОТЫР. САҚ ПАТШАЙЫМЫ ТОМИРИСТЕН ТАРТЫП, КҮНІ КЕШЕГІ КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ҚАРЫНДАСЫ БОПАЙ ХАНЫМ ЖАСАҒАН ЕРЛІКТЕР ӘЛІ ДЕ ХАЛЫҚ ЖАДЫНАН ҰМЫТ БОЛА ҚОЙҒАН ЖОҚ. ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ЕРЛІКТІҢ АЛТЫН ЕСКЕРТКІШІН ТҰРҒЫЗҒАН, КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫР АТАҒЫН БІРІНШІ БОЛЫП АЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – МӘНШҮК ЖИЕНҒАЛИҚЫЗЫ МӘМЕТОВНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІНЕ БИЫЛ 100 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР.

Мәншүк Мәметова 1922 жылы  Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Мәнсия. Анасы Тойшылша қызын еркелетіп Моншағым деп атап жүрсе керек. Мәншүктің балдырған тілі Моншағым деп айтуға толық келмей, өзін Мәншүк деп айтады екен де, кейін осы есім құжатқа да жазылып кетеді. Содан бастап Мәнсия аты ұмыт болып, Мәншүк деген атымен бүкіл Республиканың мақтанышына айналып, тарих дәптеріне жазылып қала береді. Мәншүктің  балалық шағы Қазақ КСР-да, Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Отбасы нашар жағдайда өмір сүрді. Әкесі – Жиенғали қоймада күзетші болып жұмыс істесе, ал анасы – Тойшылша бала тәрбиесімен айналысты. Қазақта хатқа түспеген «Бала табылады, бауыр табылмайды» деген нақыл бар. Бұл нақыл Мәншүк Мәметованың да тағдырын теріс айналып өткен жоқ. Мәншүктің әкесі Жиенғалидың немере інісі болып келетін Ахмет Мәметов 1927 жылы Мәншүкті өз баурына басады. Бұның да өзіндік себебі бар. Біріншіден, Ахмет пен жұбайы Әмина бала сүйе алмай бір шикі өкпеге зар болып жүрсе керек. Кейбір ырымдары дәстүрге айналып кеткен ұлтымыздың жақсы қасиеті бойында бар Жиенғали бауыр көңілін қалдырмас үшін, Мәншүктің артынан бала ерсін деп ырымдап қаракөз бүлдіршіндерін інісі мен келінінің қолқасын қия алмай берсе, екінші, себеп, жоғары білімді әрі қалада тұратын Ахмет пен Әминаның тәрбиесінде өссе, оқыса халықтың қалауынан шығатын жан болып өсер деген ата-ананың үміті мен арманы еді. Өйткені өздері ауылда тұратын, жағдайлары нашар, отбасы Мәншүктің жақсы жерде алаңсыз білім алуына жағдай жасап берер шамалары жоғын да сезсе керек. Ахмет Мәметов қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі және Алашорда қайраткерлерімен, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан, бірге көп жұмыс жасаған көкірегі ояу азамат болса, Ахметтің әйелі Әмина Мәметова – Әбілқайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйел-дер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұратын көреген жандардың бірі екен. Осындай екі себепті тең ойлаған Жиенғали мен Тойшылша ішкі қимастықтарын жеңіп, Мәншүкті қалаға жібереді. Осы мезгілден бастап Мәншүк өміріндегі аласапыранның алғашқы желемігі басталады. Ес кіріп қалған Мәншүктің асырап алған ата-анасына бірден бауыр басып кетпесі баршаға мәлім жағдай. Заттық жағынан ауыртпалық көрмесе де, рухани жағынан көптеген соққыларға ұшырағаны анық. Бірақ, күндер өте келе бауыр басып, асырап алған әкесі сияқты дәрігер болуды армандап, әкесіне еліктеп бойжете бастайды. Қаладағы өмірі де өзіне ұнап, Мәншүк Мәметова 1931-1938 жылдары  Алматыдағы №28 мектепте білім алады. Дәл осы уақытта Мәншүктің туған анасы және 2 жылдан кейін туған әкесі қайтыс болып кетеді. Кейбір деректерде туған әкесі Жиенғали 1931-32 жылғы аштықта қайтыс болған деседі.

Қазақтың жадынан мәңгілік өшпейтін, рухани әлеміндегі ең ауыр соққылардың бірі – 1937-1938 жылдардағы сұрапыл. Бұл жылдары ел тұтқасын ұстаған егей ерлеріміз – Алашорда өкілдерінің бірі қудалауға түсіп, бірі атуға кесіліп жатқан, қазақ аспанын қара тұман басқан ауыр нәубетке толы болды. Осы жылдардың ұйтқыған дауылы бүлдіршін Мәншүктің жүрегіне жазылмас жара салды. 1938 жылы дәрігер болып қызмет етіп жүрген Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметовке «халық жауы» деген жала жабылады. Осындай нақақ жаламен абақтыға қамалған Ахмет сол жылы ату жазасына кесіледі. Бұл оқиға әкесін қатты жақсы көріп, еліктеп өскен қыздың өміріне де әсер етеді. Кіш-кентайынан әкесі секілді дәрігер болуды армандаған Мәншүк басынан осындай қиындық  өткеннен кейін жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Ендігі арманы мен мақсаты әкесі Ахметті түрмеден шығару үшін барын салу болады. Мәншүк өмірінде бірінен кейін бірі жалғасқан ауыр жылдар жылжып жатады. Сол кездегі қыңыр саясаттың салдары Ахметтің әйелі Әминаның да басқан ізін аңдумен болады. Одан жиі жауап алынып, жесірді халық жауының әйелі ретінде көрді. Өз басының қамын ойлаған, бұрын Ахмет пен Әминаның талай жақсылығын көрген, жақын араласқан достары да Ахметтер отбасынан теріс айналады. Бұл ауыр жағдай Әминаның мінезін де өзгертіп, әбден тығырыққа тірейді. Тұрмыстары нашарлайды. Мәншүк пен анасы Әминаның арасына да салқындық түседі. Бұған бола Әминаны да кінәлауға болмас. Сүйеніші өлім жазасына кесілген, достары теріс айналған, бейғам тіріліктері беймазаға айналған нәзік жанның ашушаң, кінәмшіл болмасына да амалы жоқ. Тек бұған кінәлі сол кездегі саяси жағдай ғана. Анасымен болған салқындықтан кейін Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа тұрады. Өзі жалғыз қалған Мәншүк 1940 жылы ауылдағы ағаларына және басқа туыстарына хат жазып, аз болса да септігі тиер деген ниетпен материалдық көмек сұрайды. Бірақ «халық жауының» қызы атанған Мәншүкпен байланыс жасаудан туыстары да қорқып, ешқандай жауап бермейді.

Мәншүктің басынан осындай күндер өтіп жатқан кезде соғыс басталып кетеді. Бұл соғысты Мәншүк өз пайдасына шешкісі келеді. Себебі әкесі Ахметтің атылып кеткенінен бейхабар болған қыз, соғыста ерлік көрсетіп, әкесін түрмеден шығаруды көздейді. Өйткені осы кезде «Егер «халық жауының» балалары Отан қорғауға өз еркімен барса, онда ата-анасына жағылған қара күйе, қылмыстық жаза кешіріледі» деген алып-қашпа әңгіме Мәншүктің құлағына жетеді. Осылайша от пен өрттің арасында өмір үшін жанталасатын қанды-қасап майданға Мәншүк өз еркімен сұранып аттанады. Осы орайда бір жайтты ашып айту керек сияқты, Мәншүктің майданға сұранып баруы – Кеңес одағын қорғау үшін емес екені белгілі. Өйткені туған әкесі аштықтан өлген, баққан әкесін халық жауы деп түрмеге жапқан Кеңес одағын Мәншүктің сүюі мүмкін емес. Қайта Мәншүктің жанында Кеңес одағына деген өшпенділік пен кек қана бары айқын. Оның басты арманы соғысқа бару арқылы әкесін құтқару болатын. Мәншүк бір жылға жуық майданға өз еркімен баруға өтініш білдіріп, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырумен болады. Ол өз өтінішінде: «Мен Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сізден ағаларыммен және апаларыммен (қарулас) бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді, өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасым да) жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі. 27.08.1941ж.(М.Мәметова)» деген. Өтінішіне зер сала қарасақ, «майданға баратындай ағайым да, апайым да жоқ» деп жазады. Осы сөзінің өзі-ақ, Мәншүктің әкесін құтқару үшін майдан даласына аттанғанын аңғартады.

Бұл кезде Кеңес билігі әйел адамдарды соғысқа алу туралы әлі де бұйырық шы-ғармаған екен. Ал 18-ге енді келген қазақ қызының қан майданға аттануы қанда бар қасиет болса керек. Қайсарлық танытқан қазақ қызы ақыры дегеніне жетіп, 1942 жылдың 13 тамызында Алматыда құрылған жасақпен соғыс алаңына жол тартады. Ол 100-ші атқыштар бригадасы еді.  1942 жылдың жаз айында  Мәншүк Мәметова және дәрігер қазақ қызы Мәриәм Сарлыбаева бар, бүгінгі күні бүкіл халық сүйіп оқитын «Махаббат қызық мол жылдар» романының авторы Әзілхан Нұршайықов, қаламгер Тахауи Ахтанов және өзімен қарайлас  Райымбек Байсейітов, Нұржан Құсайынов, Сұлтан Жиенбаевтар бар жалпысы 4890 жауынгер Алматыдан аттанды. 100-ші бригаданың командалық құрамында командир қызметінде Сақтаған Бәйішев, Асқар Закарин, Ыбырайым Сүлейменов, Мәлік Ғабдуллин, Әбілқайыр Баймолдин болды. Осы күні майданға аттанғандарды шығарып салуға қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев келіп: «Жаудан меселдерің қайтпасын!» – деп ақ батасын беріп аттандырған деседі ақпарат көздерінде.

Соғысқа бару сұранысы қабыл болып, әскер қатарына алынған Мәншүк ұрыс алаңына аттанардан бірнеше күн бұрын бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары міндетін атқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Мәншүктің өтінішін қабыл алып, оны пулеметшілер ротасына жіберу туралы шешім қабылдайды. Жастайынан өмірдің қатал илеуінде тез есейген қазақ қызы майданда да ерекше қайсарлық танытады. Ол өзін қызбын, әлсізбін деп ойлап көрмеді. Ерлермен бірге күндіз-түні жер бауырлап, орман кезіп, су кешіп жүрді. Майдан даласында да қазақ қызының қандай болатынын көрсете білді. Томиристен бері сарқылмаған рухты алдаспандай жарқылдатты. Мәншүк 1942 жылдың қарлы қысында Великие Луки қаласын жау қолынан азат етуге тікелей қатыса жүріп, ұрыс алаңында санитар нұсқаушы болып шайқасты. Кішкентай кезінде әкесі Ахметке еліктеп дәрігер болуды арман еткен ол медициналық институттың бірінші курсын тәмамдап үлгерген болатын. Ақыры қан майданда жауынгерлерге көмек көрсетіп, «Қайырымды солдат» атанды. Арасында бос қалған пулеметпен жау әскерін атқылай жүріп, көзге ерекше түседі. Ақыры, өжет қыздың бұл ерілігі оны пулеметші боламын деген арманына жеткізеді. 1943 жылы командир Мәншүктің өтінішін орындап, алдыңғы шепке алады. Сөйтіп, Мәншүк пулеметшілер батальонына алынады. Тіпті бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алады. Сансыз жауды өлтірді, көптеген майдандастарын жаудан қорғады. Бірақ қанды майдан әзірейілі оны да тірі қалдырмады. Өзінің және ұлтының арына дақ түсірмеген Мәншүк Мәметова 1943 жылдың 15 қазанында ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Мәншүктің қаза болғаны майдандастарының да қабырғасын қайыстырды. Сол кездегі ақпарат көздері Мәншүк туралы жарыса жазып, Мәншүк есімін елге ұран етті. Қаза болған соң 6 айдан кейін Кеңес одағының батыры атағы берілді.

Атақты ақын Қасым Аманжоловтың:

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...

Келемін қайтып,

Өлеңімді айтып,

Қайда екен қайда,

Дәриға сол қыз, – деген өлеңі бар. Күркіреп күндей соғыс өткенмен, біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің ағасы, біреудің інісі және басқа да жақын-жанашыры майданда қалды. Жау кетті, жара қалды. Сол ерлермен бірге етігімен су кешкен біздің Дәриға сол қызымыз, анасы еркелеткен Моншағымыз, батыр Мәншүгіміз жүрегімізде қалды.

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

Оқылды 2730 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет