Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін үлкен көңіл бөлген. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезімін бейнелегендей.
Иә, Алла, көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң – қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!
Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер – ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тартқан. Бұл – тәрбие басы. Бұл – халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағап, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі. Ертеде қазақ баласының балалық шағы, тәрбиесі қандай болып еді?! «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашан да береке мен қуанышқа толы. Алланың берген таптырмас сыйын қазақ халқы қалай тәрбиеледі?
Біздің бүгінгі әңгімеміз, осындай киелі де, қасиетті шаңырақта өсіп-жетілген аяулы, ардақты бойжеткен хақында болмақ. Бұл бойжеткен өз қатарластары секілді қылықты қыз болып қуыршақ ойнамай, кішкентайынан атасы мен әкесінің жетелеуімен бокспен шұғылданған – Томирис Мырзақұл. Томирис небәрі 16 жасында еліміздің атын шығарып, Азия чемпионатаның күміс жүлдегері атанды. Бұл біз үшін, ауыл аймақ, туыс-туған, тіпті Еңбекшіқазақ ауданы үшін қандай мәртебе десеңізші!
Томирис Мырзақұл 2005 жылы Асысаға ауылында дүниеге келіп, 2011 жылы Асысаға ауылындағы Т.Қабылов атындағы орта мектепке 1 сыныпқа барған. Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, елдің батыраларының ерлік хиқаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты бұлай тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыздың елден шыққан тентегіне де «Сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген. Томиристің атасы Мырзақұл да жас кезінен спортқа жақын адам екен, өзінің балаларын спортқа дайындап шыңдаған. «Осы немерем дүниеге келгенде Томирис ханшайымдай батыр болсын деген ниетпен атын өзім қойға-мын» – деген атасы қуанышын жасыра алмады. Дегенмен «Бір бала атадан өте туады, енді бірі жете туады» демекші, өз балалары емес немересі ата арманын орындап, жетістіктерге жетуде. Асысаға ауылындағы мектепке барған сәтінен бастап өз әкесі Руслан жаттықтырушысы болып, қызының боксқа деген қызығушылығын шыңдады. Одан әрі Томирис 2016 жылы Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне барады. Ол қазіргі күні осы мектептің 11 сынып оқушысы. 2020 жылы Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2021 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орын иеленді. Ал биылғы жылы Дубай қаласында өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, ел намысын тағы да биіктен көрсетті. Қазіргі күні жаттықтырушысы қазақстандық қыздар командасының бас жаттықтырушысы – Елдос Сейдалин. Томирис Мырзақұлдың жетістігіне қуанған ауыл ақсақалы Сейсен Жетенұлы өзінің ақжарма тілегін былай жеткізді:
Күміс келді ауылға, күміс келді,
Ауыл тарихында болмаған бір іс келді.
Дубайға таңдай қақтырып, қаршадай қыз,
Алтынға енді жол ашқан жүріс келді.
Жаңалық бұл елдегі кереметтей,
Қалай ғана отырмыз елең етпей.
Енді алда келеді алтын болып,
Жетістігін ұстаса төмендетпей.
Шаттықтың шығар биік басы болсын,
Мерейі тасып, әр кез басым болсын.
Спортпенен білімді бағындырар,
Томириске таудай бақ, ақыл қонсын.
Ендеше алдағы уақытта да боксшы қызымызға сәт-сапар тілеп, жеңіс туын әрдайым желбірете берсін дейміз.
Н.САБАҚАНОВА.