Жұма, 19 Наурыз 2021 10:17

«Балалар әдебиеті» жылы балдырғандарға не бермек?

Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім ордасы. Сондықтан бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан  тысқары қалмауы керек. Мәдениет және спорт министрілігі биылғы жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады. Амандық болса, балалар әдебиетіне тыңнан олжа  салатын игі жобалар қолға алынбақ.  Бұл игі бастама  өңіріміздегі  балдырғандарға тамаша тарту сыйлайтынына сенгіміз келеді.

Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Сарапшылардың сөзінше, бүгінде шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығаратыны тағы бар. Иә, балалар әдебиетіне қолдау керек. Ол үшін жас жазушыларға серпін беру қажет. Мүшәйра, байқаулар өткенімен, үдеден шығар шығарма жоқ. Бар шығар, бірақ тасада қалады. Ол үшін сарапшылар айтқандай балалар әдебиетінің үлес салмағына мән беру керек. Балалар психологиясын зерттейтін мамандар «Балаға ата-анасы аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, ол қатарынан 6 айға озады. Ал, баласы 5 жасқа толғанша анасы кітап оқып бермесе, онда құрдастарынан 2 жыл артта қалып қояды», – дейді зерттеушілер. Қолына планшет ұстап ұйықтайтын қала баласымен, ата-әжесі айтқан ертегіге елітіп, кітапты құмартып оқып, басын жастыққа қояр, интернеті жоқ ауыл баласының қайсысы озарын сіз де білесіз.

«Кітап оқуды сүйетін балалардың сөздік қоры бай, әртүрлі салада білімі мол, мектептегі оқу үлгерімі жоғары болады, өмірде жетістікке жетеді, заңбұзушылықтарға бармайды, тәртіпті әрі тәрбиелі болып қалыптасады» – дейді зерттеушілер. Демек кітап оқу балалардың рухани кемелденуі үшін  аса маңызды қадам екені шындық. Алайда балалардың үздіксіз кітап  оқуына жол ашуға  жеткілікті кітап қоры болуы қажет. Дегенмен, бәрімізді ауылдық жерлердегі кітапханалар қоры жеткілікті ме деген сауал толғандарады. Өз өңірімізде де бұл мәселенің көңіл көншітпейтіні анық. Аудандық кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, бүгінде кітапханада  балаларға арналған кітап қоры мүлдем жетіспейді.  Бұл ретте аудандық  кітапхана басшысы Гүлнар Жұмашқызы:

– Біз өз мүмкіндігімізше оқырмандарымызға қызмет көрсетіп келеміз. Біздің оқырмандардың басым бөлігін балалар құрайды. Сондықтан балалар әдебиетіне деген сұраныс жоғары. Бірақ бізде балаларға арналған кітаптар мардымсыз. Кітаптардың  саны шектеулі болғандықтан, балдырғандардың қалаған әдебиетін ұсына алмай қалып та  жатамыз. Соңғы кездері кітапханаға түсетін жаңа кітаптардың саны тым азайып кетті. Сондықтан да біз тек балаларға арналған мерзімді басылымдарға ғана басымдық беріп отырмыз. Биылғы «Балалар әдебиеті» жылы аясында жаңа  кітаптарға  қол жеткіземіз деген үміттеміз, – дейді.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ақпаратына сәйкес, 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті әрқайсысы 1000, 1500 данамен жарық көрген. Ал кезінде балалардың ең қастерлі оқулығына айналған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесті 300 мың данамен сан қайтара басылыпты. Жоғарыдағы санаққа зер салсақ, 2017-2020 жылдары басылған  барлық  балалар әдебиетінің  тым аз  тиражбен таралғаны,  ол әдебиеттердің шалғай өңірлердегі кітапханағаларға жетпейтіні түсінікті.

Балдырғандардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру ісін мектеп кітапханаларынан бөліп қарауға келмейді. Сондықтан бүгінде мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды. Өйткені қазір жағдайы сын көтермейтін мектеп кітапханалары аз емес. Тіпті жаңадан берілген ғима-раттардың өздерінде кітапханаға жеткі-лікті орынның бөлінбегендігі тағы бар. Дегенмен, мектеп қабырғасындағы балдырғандардың кітап оқуына жақсы мүмкіндік жасап отырған білім ордалары да жоқ емес. соның бірі – Рахат №1 орта мектебі. Мектепте балдырғандарды кітап оқуға баулитын бастауыш сыныптар арасында «Атам, әжем  бір күн мектепте», «Оқуға құштар мектеп», «Өнер алды қызыл тіл», «Зерделі бала» атты жобалар қолға алынған.

– Қазір мектеп кітапханасында  цифрландыру бағытында  жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағытта мектеп оқулығының барлығы Ұлттық деректер базасына енгізілмек. Сонымен қоса, болашақта көркем әдебиеттер де Ұлттық деректер базасына енгізіліп, оқушылардың кітапқа құмарлығының қаншалықты деңгейде екенін, қандай кітапты оқитыны және сол әдебиеттердің балалар қызығушылығын қаншалықты арттыратындығы бақыланбақ. Міне, солай кітапханамыз электронды кітаптармен толыға түспек. Бұл қадам, сөз жоқ, балалардың көптеп кітап оқуына оң әсер тигізеді. Олай дейтініміз қазір балдырғандар арасында электронды кітаптарға сұраныс артып келеді. Алайда біз классикалық туындыларды да назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Рахат №1 орта мектептің кітапхана әдіскері Дариға Жанабилова.

Жақыннан бері қолға алынған, ҚР Білім және ғылым министрлігі бас болған «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқушыларының кітап оқуына тың серпін бермек. Бүгінгі күннің өзінде де мектеп оқушыларының, жалпы жастардың кітап оқуға құмарлығының бар екендігі, осы бағытта мектептердің де жұмыс істеп жатқандығы байқалады. Аталған жоба негізінде енді жергілікті  әкімдіктер мектеп кітапханаларын жыл сайын 20%-ке көркем әдебиетпен толықтырып отыратын болса, балалардың  кітап оқуға ынтасының одан әрі арта түсетіні сөзсіз. Бұл үдеріс балалар әдебиетін жаңа туындылармен қауыштырады деген үміттеміз.

Бүгінде балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген авторлар аз емес. Алайда олар өз оқырмандарын қанағаттандыра алмай отыр. Әрине, қазіргі таңдағы балалар әдебиеті өзге ел мәдениеті мен әдебиеті дәстүрінен үлгі алған сапада ғана емес, жаңашылдыққа бой алдырған төл шығармалар болуы қажет. Осы орайда авторларымыз ер жүрек, өз отанының патриоты, ардагері болуға жетелейтін адал адамның қазіргі заманғы образын жасайтын шығарма жазуды игеруі қажет сияқты. Балалар әдебиетіне берері мол жас жазушының бірі Серікбол Хасан «Қазіргі қазақ әдебиеті де, жалпы баспа саласы советтік вакуумда қалып қойған. Вакуумнан шығу керек. Балалар әдебиеті деген өзіңнің балалық шағыңды жазып шығу емес. Қазіргі балаларға не керек екенін ескеру. Бүгінгі балалардың таным-түсінігі басқа. Қызығатын дүниелері мүлдем бөлек. Шығармаларда қазіргі дала, қазіргі қала болу қажет. Балалар шығармалардан дәл қазір қолданып жүрген заттарын, дос-құрбыларын, анығында өзін көргісі келеді», – дейді.Әдебиет зерттермендері балаларға арнап жазу бәрінен қиын екендігін айтады. Өйткені ақ қағаздай кіршіксіз жүректерге жол жарту үшін шығарма бойында риясыз адалдықтың исі аңқып тұруы шарт.  Үндінің  ұлы ақыны Рабиндранат Тагор: «Балалардан үйреніңдер, олар әсте болашақтан күмәнданбайды», – дейді. Біз де балалар әдебиетінің болашағынан  әсте күмәнданбаймыз.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 1638 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет