Дүйсенбі, 19 Сәуір 2021 14:34

Иірім

Жеңісбек Әуелжанұлы Көкенов 1983 жылы 3 мамырда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгеті ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Әңгімелері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған. «Бақ іздеген ауыл» прозалық кітабының авторы.

 

Иірім

– Е-е-ей, қайсың барсың? Батты ғой ана қыз. Е-е-ей, өлді ғой ана қыз.

Кезекті демалысымды алып, Қапшағай жағажайында демалып жатқан болатынмын. Жанұшыра айғайлаған әйелдің ащы даусынан атып тұрып, апыл-ғұпыл киіне салдым да, елдер топталып жиналып тұрған жерге лезде жетіп бардым. Барсам, судың қақ ортасында бір қыз бір батып, бір шығып, жағаға малтып шыға алмай тұншығып жатыр екен.

– Күте тұрыңыздар, қазір құтқарушылар келеді, – деп адамдарды жан-жаққа итермелеп, суға ешкімді жақындатпай тұрған күзетшілердің сөзіне қарамастан қалың топты жарып өтіп, суға бірден қойып кеттім. Толқынмен алысып жүріп, қызды жағаға алып шығып жерге жатқызғанда барып бір нәрсе есіме түскендей болды. Жаңылыспасам, бұл сол қыз... Соның өзі... Сонша жылдан бері жолықтырмай келіп, енді кезіккенін қарасаңшы! Одан бері қаншама жыл өтті? Қаншама жыл?..

***

Дәл осындай оқиғаға мен мектепте алтыншы сынып оқып жүргенде куә болдым. Оқу жылы аяқталысымен ұлдар-қыздар бәріміз жиналып, сынып жетекшімізбен бірге «Бартоғай» су қоймасынан ағатын өзен жағасына көкке шықтық. Өзеннің тастай суық суы аспанға ақ көбігін шашып, күркіреп  ағып жатты. Бас кезінде суға жақындамақ түгілі, маңайына да жолай алмай жүрдік. Алыстан тұрып лақтырған тасымызды қылқ еткізіп жұтып қояды да, біраз жерге дейін ағызып барып, артынша өзеннің сарқырамасына құлап жоқ болып кетеді.

Балалардың көңілі алғашында суға емес, қаладан келген қызға ауған еді. Қаладан келген қызымыз – баяғыда өзімізде бастауыш сыныпта оқып кеткен Айсұлу. Бәрінің екі көзі сонда. Бір-біріне қарап:

– Мә, қандай әдемі болып кеткен, – деп таң қалып қояды.

Олжас деген қылжақбас Айсұлуға қалай жақсам екен деп ана жағынан бір, мына жағынан бір шығып, жерден құшақ-құшақ гүл теріп беріп әлекке түсіп жүр. Жерге түсіп қалған гүлдерін қолына қайта жинап береді. «Болды, керек емес» десе де қояр емес. «Мә, алсаңшы, ал деймін» деп құшағына зорлап тықпалай береді.

Кейбір ұлдар өздерінше Айсұлуды сырттай иемденіп алған. Сол үшін бір-бірімен ерегесіп, төбелесіп те алды. Оларға ұқсамай бойымды тік ұстап, өзімді салмақты көрсетуге тырысып, бөтен қылықтардан аулақ жүрдім. Тауға барғалы Айсұлу Жанар апайдың қасынан алысқа ұзап шықпады. Қыздар да сол айналада. Ал ұлдар болса балақтарын  түріп тастап, жалаң аяқ футбол ойнап жүр. Өзеннің арнасынан тасып аққан жайдақ майда суларды кешіп, ойынның қызығына кіріп кеткен.

Көктемнің бүгінгі жанға жайлы шуақты күні тіпті ерекше. Жер әлем адам танымастай құлпырып, өзгеріп кеткен. Жаныңды рахатқа бөлейтін осындай қызықты күндер көп болса ғой деп тілейсің.

Ешкімнің ойына кіріп шықпайтын түрлі нәрселерді ойлап тауып, бәрімізді таң қалдырып жүретін Бекзат осы кезде шыныменен естіді ме, жоқ әлде ойдан шығарды ма білмейміз, аяғына доптың тигені сол еді:      

– Ананы қараңдар, – деді қыздар жақты нұсқап.

Бекзат айтқан жаққа жалт бұрылып қарағанымыз сол еді, біздің қақпаға рахаттанып тұрып бір гол соғып үлгерді. Допты қолға алып, қайта қарадық. Қыздар жақ расында да абыр-сабыр болып кетті. Қолдарын бұлғап, «бері келіңдер» деп шақырғандай болды. Қызықты өтіп жатқан ойынымызды қиып кете алмай, қайта жалғастырдық.

Бір кезде алыстан айғайлап, Мақпал мен Қорлан қасымызға жүгіріп келді.  Екеуі ентігіп сөйлей алмай:

– Ана жақта... ана жақта..., – дей берді.

– Не ана жақта?

– Айсұлу...

– Не болды?

– Айсұлу... суға ағып...

Бір жағдай болғанын сезе қойдық. 

– Не қарап тұрсыңдар, жүр кеттік, – деп бәріміз сол жаққа лезде жүгіре басып жетіп бардық.

Барсақ, адамның құшағы жетпес үлкен ағаштың  суға иіле өскен бұтағынан мықтап тұрып ұстап алған Айсұлу жағаға ұрып-соққан  толқыннан ары-бері ырғатылып, тербетіліп тұр екен. Не жылағанын, не айғайлағанын анық біле алмайсың.

Өзеннің күркіреп аққан ағынды суы ешбір дыбысты естіртер емес. Бізден бұрын барған Нұрбол желаяқ ағаштың басына әлдеқашан өрмелеп шығып кеткен. Жақындап барып Айсұлуға қолын созып көріп еді, жете алмады. Қолын созған Нұрболға Айсұлу да ұмтылды. Бірақ ол да жете алмады. Байқаусызда бір қолы тайып кетіп, екінші бұтақтан ұстап тұрып қалды. Жан-жақтан айғайлап шыңғырған дауыстар адамды сасқалақтатып, одан ары зәреңді алады.

Нұрболдан кейін ағаштың басына Бекзат шыққан. Бір бұтақтан екінші бұтаққа асығыс секіре бастады. Тағы бір қарғып еді, табаны тиген жіңішке бұтақ сынып кетіп, жерге шалқасынан құлап түсті. Абырой болғанда еш жері жарақаттанбады.

Анадай жерде жандарын шүберекке түйіп қарап тұрғандар бұл көріністі көруге дәттері жетпей, алақандарымен беттерін басып теріс бұрылып тұра қалған. Ендігі кезек кімдікі екен дегендей бір-бірімізге қарай бастадық. Қолыма ұстап тұрған спорттық костюмімді үстіме іле салып, ағаштың басына өрмелей шықтым. Алақандарымен беттерін жауып, саусақ арасынан сығалай қарап тұрғандардың жүректері орнына түскендей болды.

Көршінің балаларымен күнде ағаштың басында «шүр» ойнап жүргендіктен, бұл іс маған еш қиындық тудыра қоймады. Ағаштың үстіңгі жағымен өрмелеп келіп, Айсұлу тұрған жерге ақырын секіріп түстім. Мен ұстаған бұтақ екі адамды көтере ала ма екен дегендей, Айсұлудың оң қолынан ұстап өзіме қарай тартып көрдім. Көтере алатын сияқты. Қайтадан төмен еңкейіп келіп, Айсұлудың қолынан ұстап жоғары көтере бергенімде, бір қолым абайсызда тайып кетіп, құлап кете жаздадым. Енді басқа әдісті қолдану керек. Оң қолыммен шашынан мықтап орап ұстап, қайтадан жоғары көтердім. Өзіме қарай тартып шығарып алдым да, ағашты жағалай жүріп келіп, жерге түсіріп алдым. Жанар апай ажал аузынан қайтқан Айсұлуды тыныштандырмақ болып, тас қылып құшақтап алды. Қыздың қорқынышы сейілді-ау деген кезде біз ортаға ағаш отын үйіп, от жақтық. Отты жағалай қоршап алып, бұл оқиғаның қалай болғанын бір-бірімізден сұрай бастадық. Сөйтсек, оқиға былай болған екен. Айсұлу мен Салтанат өзеннің жағасында әңгімелесіп отырып, суға тас ата бастайды. Соңында екеуі кімнің алысқа  көп тас лақтырғаны туралы айтып, бір-бірімен дауласа түседі. Айсұлу өзінің алда екенін дәлелдегенімен, Салтанат оны мойындағысы келмей Айсұлудың жағаға шешіп қойған аяқ киімін алып суға лақтырып жібереді. Міне, содан келіп осы дау-дамай туындап отыр.

Күнге кепсін деп ағашқа жайып қойған спорттық костюмімді Айсұлудың  арқасына  жауып, қасына барып отырғаным сол еді:

– Рақмет, – деді иығыма басын қойып. Бойымды тоқ ұрып өткендей болды. Жалма-жан жүзіне жалт бұрылып:

– Не үшін?– дедім.

–Құтқарып алғаның үшін, – деді. – Мен сенің бұл ерлігіңді өмір бойы ұмытпаймын. Өзің білесің ғой, мен – бір үйдің тұңғышымын. Егер бағана мен суға ағып кететін болсам, не болар еді? Әкемнен айрылып қайғы жұтып отырған анам мен кішкентай ініме бұл жағдай тым ауыр тиетін еді ғой.

Қыздың ауыр ойын басқа жаққа аудармақ болып, алақаныммен су алып бетіне шашып жібердім.

– Ой, бұның не? – деп орнынан қарғып тұрды.

Бас салып ұрса ма екен деп ойлап тұрғам. Жоқ, олай болмады. Керісінше екеуміз бір-бірімізге су шашысып ойнап, өзенді жағалай жүгіріп кеттік.

Бағана Олжас ұсынған дала гүлдеріне оң шырай таныта қоймаған Айсұлу мен теріп берген гүлдерге құшағын толтырды.  Бар өнерімді салып, түрлі-түсті гүлдерден шашына алқа тоқып тағып едім, тіпті көңілденіп кетті. Құлпырған дала гүлдері сұлудың шашына әр беріп, оның жайнаған жүзіндегі шыраймен астасып кеткендей.

Екеуміз оңаша отырып ұзақ әңгімелестік. Баяғыдай емес, Айсұлу қалаға барғалы өз ойын қашан да ашық айтатын болған. Көңіліңе келсін, келмесін, бетіңе сарт еткізіп айта салады. Оның бұл мінезі оған бұрыннан да тәнті болып жүрген маған өте ұнайтын. Айсұлудың қасында отырып, балғын балалық шақтың естелігіне айналған күндерім санамда жаңғыра бастады. Бұрын бастауыш сыныпта оқып жүргенде «сені бір қыз қатты жақсы көреді» деп менің қасымда отыратын Перизат ылғи айтып жүретін. Перизаттың сол айтқан қызы – осы Айсұлу. Дәл қазір қасымда отыр. Онда не тұрыс? Айсұлудың отбасы ол кезде қалаға көшіп кетіп, өзінен барып сұрай алмай қалғам. Соның реті енді келген сияқты. Одан бері қанша жыл өтсе де, Айсұлудың өзінен сұрап білгім келді. Жігіттігіміді көрсетіп, оған көңілімді білдіру үшін қыздың мен туралы не ойлайтынын анықтап алғым келді. Көңілімді түрткілеген бұл жайды тақырып етпек болсам, екінші бір әңгімені бастай жөнеледі. Ештеңені ұмытпапты. Соған қарағанда, ол да мені әлі ұнатуы мүмкін ғой.

Бүкіл дүние күннен-күнге жаңарып өзгеріп отырса, адамдар да сол сияқты өзгермей ме?! Мүмкін, өзгермейтін шығар? Жо-жоқ, мүлдем олай емес. Өзгереді. Дүние де жаңарады. Адамдар да өзгереді. Адамдар бұрынғы ойлаған ойларымен мүлдем қатып қалмайды. Олар да өзгереді. Жаңа орта, жаңа достар. Егер өзгермесе ше? Онда мен сұрағалы отырған сұрақтың жауабы дәл шығуы мүмкін. Нар тәуекел! Тағы да оқталдым. Әңгімеден аузы босар емес. Сол кезде Айсұлудың өзінен барып неге дұрыстап сұрамадым екен? Мүмкін ол кезде оның реті келмеген шығар? Тағы да оқталдым. Қанша ұмтылсам да, батылым жетер емес.

Шөпті сытырлатып қасымызға Мақпал келді. – Сендерді Жанар апай тамаққа шақырып жатыр, жүріңдер, – деді де кері жүгіре жөнелді.

Екеуміз күлкілі әңгімелер айтып мәз болып келгенімізде, сол жерде отырған барлық ұл-қыздың көзі бізде еді. Айсұлуды төр жақтағы Перизаттың қасына апарып отырғызып, өзім төменгі жақтағы бос орынға жайғастым.

Ас-суымызды ішіп болғаннан кейін ауылға қайтатын болдық. Жүктерімізді машинаға  тиеп, жинала бастадық. Жанар апай қайтарда Айсұлуды қасына алып, машинаның алдыңғы кабинасына отырды. Ал менің ішім болса өртеніп барады. Бағанадан бері қасында жүріп бір ауыз жөн сұрай алмадым. Енді ауылға қашан келерін бір құдай біледі. Ауылға барған кезде де жөнді сөйлесе алмадық. Жанар апай балаларды машинамен үйді-үйіне таратып «болыңдар, болыңдар» деп қарап тұрғаннан кейін:

– Ал, сау бол, әлі кездесеміз ғой, – деп бетімнен шөп еткізіп сүйді де, атасының үйіне жүгіріп кіріп кетті.

Одан кейін қайтып кездесе алмадық. Мектептегі алғашқы бес жылдыққа да келмеді. Он жылдықта тағы күттім. Онда да қара көрсетпеді. Естуімше, тұрмысқа шыққан екен. Кімге шықса да бақытты болуын тілеп қала бергем...

 

***

Аяқ-қолын уқалап, аузына үрлеп дем бергенде барып көзін ашты. Сол баяғы өзімді аңсатқан жанарға қадала қарадым. Сол тұнық жанардың дәл өзі.  Көзін ашып есін жиғандай болды. О, ғажап! Көңіл көкжиегіне өзім әлдеқашан түріп қойған іңкәр сезімімді оның бір ауыз сөзі тірілтті. Ол мені жазбай таныды да:

– Алмас, бұл сенбісің? –деді.

– Иә, бұл менмін.

– Маған не болды?

– Сәл есіңді жи... Сосын...

Тізерлеп отырған бойы, бір-бірімізді кұшақтай алдық. Айрылысар емеспіз. Құшағымызды қайта ашып, бір-бірімізге қайта қарадық. Көл-көсір қуанышымды әлдекім ұрлап кетердей Айсұлуды қатты құшақтап, баурыма басып, жіберер емеспін.

– Алмас, бұл шыныменен сенбісің?

– Иә, менмін.

– Сене алар емеспін. Дәл баяғыдай болды ғой. Дәл баяғыдай...

– Иә, дұрыс айтасың. Дәл баяғыдағыдай болды. Сол күнгідей... Сен ол кезді әлі ұмытпадың ба?

– Жоқ, неге ұмытамын. Ол кезде де мені сен құтқарғансың. Қазір де қаһарманым сенсің. Қиналған кезде ылғи сені ойлайтынмын. Бірақ...

Ойын басқа жаққа аударып, алақаныммен су алып бетіне шашып жібердім. Селк етіп орнынан ырғып тұрды да, ол да маған су алып шашты. Бір-бірімізге су шашып ойнап, жағалауды жағалай жүгіріп кеттік.

Айнала қоршап тұрған адамдар бір-біріне үн-түнсіз қарап тұрды да, жан-жаққа тарай бастады.

Үндесе соққан қос жүректің мейрамына күн де масаттанып, аспанның қақ төрінде нұрын шашып тұрды...

 

 

 *****

Жалғыз ағаш

Ауылдың айналасына көрік беріп жайқалып тұрған ағаштарды осы жердің тұрғылықты адамдары  аз уақыттың ішінде түгел отап бітірген. Ағаштардың осыншама азайып құрып кетуі Тұрсын деген тынымсыз шалдың кесірінен болды.

Бірде ол ауыл адамдарын ертіп, ағаштарды кесіп әдемілеп күзейміз деп әкімшілікке барған. Ондағылар сол кезде-ақ «олай еткендеріңіз бола қоймас» деп рұқсаттарын бермеген. Бұлар өлердегі сөздерін айтып жүріп, ақыр соңында көндірген-ді. Содан кейін-ақ ауыл тұрғындары «рұқсат қағазымыз бар» деп, кез келген өсіп тұрған ағашты кесе беретін болды. Келе-келе түптамырымен бір-ақ кесіп алатынды шығарды. Айналасы бес-алты жылдың ішінде ауылдың айналасы құйрық-жалын күзеген тайдай шұнтиып шыға келді.

Бұл күндері ауыл маңында  құстар ұшып-қонып ұя салатын, боран-желде ық болатын  бірде-бір ағаш қалмаған. Ауылдың төменгі жағында жалғыз бір үлкен ағаш қана қалған. Бірақ ол ағаштың қасына ешкімнің батылы жетіп бара алмайтын. Бұтағын отынға пайдаланып, төңірегін ластаған тұрғындардың талайы лсы ағашты отаймын деп келіп, белгісіз жағдайда о дүниелік болған.

Ауылда осындай болып жатқан жаңалықтардан Райхан кемпірдің жалғыз баласы Есен ғана хабарсыз еді. Бүгін  ерте тұрған ол қолына ара-балтасын алып, отын әкелуге аттанды. Көзіне жалғыз ағаштан басқа ештеңе көрінер емес. Ағашты асығыс балталай бастағаны сол еді, арқасына бір нәрсе сарт ете қалды. Жалт бұрылып жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Жұмысын қайта жалғастыра бергенде, арқасына екінші мәрте тиген қатты соққыдан ұзынынан сұлап түсті. Қолындағы балтасы өзіне тиіп, үсті-басын тіліп, қан-жоса қылды.

Кенет жоғарыдан шыққан әлдебір дауыс.

– Сені мұнда кім жіберді? – деді.

– Анам,– деп дірілдеді Есен есін жыя алмай.

– Әкең қайда?

– Бір жыл бұрын қайтыс болған.

– Көрдің бе, балам, сендерді қарғыс атқан. Жыл сайын көптеген ағаштар кесіліп, оталып жатыр. Қанша ағаш кесілсе, сонша ағаштың көз жасы бар. Ағаштарды осылай жыл сайын көптеп кесе беретін болсаңдар, көп ұзамай бүкіл ауыл қырылады. Менің осы айтқандарымды ауылдағы жан біткеннің бәріне бұлжытпай  жеткіз.  Ұқтың ба, балам?

– Иә, ұқтым ата. –Есен көзіне көрінбеген дауыс иесін қалай «ата» деп атағанын өзі де білмей бұғып отырған күйі әзер тілге келді.

– Онда бұл арадан тез табаныңды жалтырат! Әйтпесе мерт боласың! Мерт боласың! Мерт боласың!

Жаңғырып шыққан дауыстан Есен қолындағы ара-балтасын тастай салып, ауылға қарай тұра қашты. Келе салып ауылдағыларға болған жайды жіпке тізіп айтып еді, ел дүрлігіп жағаларын ұстады.

Осы оқиғадан кейін ауылдан ұзап ешкім алысқа шықпады. Елдің бәрі оған құдайдай сенгенімен, күнде арақ ішіп мас болып жүретін Серікжан арақкеш қана нана қоймады. Иланбағаны былай тұрсын, бүкіл ауылды мазақ қылып күлді.

– Ха-ха-ха... Жалғыз ағашқа тіл бітті екен деп, қатып өліңдер. Ал менің қақаған қыста қатып өлер жайым жоқ, – деп, есік алдындағы соңғы ағаштарын кесіп жатқан көрші Нұрбол мен Асқардың қолындағы ара-балтасын тартып алып, ол аздай есек арбасын жегіп, солай қарай жүріп кетті.

Жиырма жыл түрмеде отырып қайтқан қандықолды ешкім тоқтата алмады. Ол кетісімен-ақ жойқын боран басталды. Жалғыз ағашқа лезде жетіп барған ол ерніндегі насыбайын шырт түкіріп, ағашты шаба бастады.

Желдің қатты соққанынан ба,  әлде пенденің еліре екіленген сиқынан сескенді ме, жалғыз ағаш жерге гүрс етіп құлап, айналаны тіптен күңірентіп жіберді.

Ауыл адамдары  жиналып барғанда, ағаш астынан ыңырси  естілген дауыс сап тыйылды. Оның жаны шыққанын күтіп тұрғандай, боран да сап тыйылды...

 

*****

 Бақ іздеген ауыл

Таңертең аудан басшысы жұмыс бабымен қалаға бара жатып, жолдың арғы бетіне белгісіз бір ауылдың көшіп келгенін көріп таң қалды. Алғашында ол өз көзіне өзі сенбей, состиып тұрып қалды. Кеше ғана ол жерде ешкім жоқ болатын. Ал қазір қаптаған халық. Тіпті жас балалардың өздері де ересек адамдарша ерте тұрып, ел қатарлы жұмыстарын істеп жүр.

Түкке түсіне алмады. Ұйқым қанбаған шығар деп, екі көзін уқалап, қайта қарады. Өзі көрген тұп-тура жаңағы көрініс. Не де болса бара көрейін деп, көлік жүргізушісіне солай қарай апаруын бұйырды.

Ханның тағындай биік етіп жасалған ағаш орындыққа ауыл ақсақалы дүмін басыпты. Түрі суық, денелі кісі бір ауылға емес, күллі әлемге әмірлік ететіндей паң қарап отыр.

– Балам, қайдан келесің? – деді.

Қатқыл шыққан дауыстан аудан басшысы шошып кетіп, бойын тез жиып ала қойды. Сосын тамағын кенеп:

– Сіздер қайдан көшіп келдіңіздер, соны білейін деп едім? – деді сасқалақтап.

– Шұрайлы жер іздеп, көшіп-қонып жүрген елміз.

– Егеменді елміз ғой, неге әлі көшіп-қонып жүрсіздер?

–Кезбе бақтың соңынан сандалып жүрміз, –  деп мырс етті сұсты қария. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғады.

– Мына жер мал бағып, егін салғанға қолайлы жер екен. Осы жерде біраз қоныстанып, еңбек етіп, күн көреміз, – деді кесімді үнмен.

–Ойбай-ау, тас дәуірінен келгенсіздер ме? Заң деген бар, жерді заңдастыру деген тағы бар.– Шыр-шыр еткен әкімнің сөзін қарт құлағына іле қоймады.

– Олай болса, қоныстарыңыз құтты болсын! Сіздерге бүгіннен бастап жаңа ауыл әкімін жіберемін, жерді де заңдастырып дегендей, – деді аудан басшысы.

– Керек емес.

– Неге?

– Біздей бақ іздеген бейбақтарды менен өзге біреу түсінер деп ойламаймын.

Қапсағай денелі қария емес, жер астынан шыққан жын көргендей болған аудан басшысы  машинасына отырып, үндемей жүріп кетті. Аз күннің ішінде бірталай жер айдалып, егін салынды. Әйелдер бау-бақша, гүл егіп, үлкен адамдар мен жас балалар жаңа егілген ағаш шыбықтарына кезек-кезек су  құйып, тіршілік жанданып кетті.

Көп кешікпей ауылға жаңа әкім келді. Халықты жиып алып, салықтың түр-түрін салды. Еркіндікте өмір сүріп қалған оларға, әкімнің айтқандарының бәрі бос сөз болды. Одан қала берді үйді-үйді аралап, аузы көпіріп сөйлеп, кейбір түсініксіз жайттарды қайталап айтып түсіндірді. Бірақ оның бірде-бір тапсырмасы орындала қоймады. Қатты ашуланған ауыл әкімі «көрсетемін сендерге» деп, аудан басшысын ертіп келуге орталыққа кеткен.

Ауыл әкімі ертесі аудан басшысын ертіп келгенде, кешегі тіршілігі бұрқырап қайнап жатқан ауыл орнында жоқ болып шықты. Екі басшы бір-біріне қарап, аңырып тұрып қалды. Жұртта  жалғыз ақсақ  ит пен арбаның сынық дөңгелектері ғана қалған. Бықсып жанған жер ошақтың айналасында құмыра мен шыны ыдыс-аяқтардың сынығы күнге шағылысып жылтырап жатыр.

Ауыл әкімі болған жағдайды аудан басшысына айтып түсіндірген.

– Солай ма? – деп темекісін тұтатып, құшырлана бір сорған үлкен әкім түтінін сыртқа үрлеп жіберді.

– Иә, солай, – деді ауыл әкімі.

– Қам жеме, бұған сен кінәлі емессің. Жүр, кеттік, машинаға отыр, жылжиық, – деді.

Бір кезде ит басын оң жаққа бұрып иіс алды да, аспанға қарап, даусын созып, ұзақ ұлыды. «Ауууу... ауууу...»

Бұлар ит ұлыған жаққа қарады. Көште шұбатылған арбаның іздері ирелеңдеп сайрап жатыр.

Ауылдың бұл жолғы беталысы батыс жақ екен...

 

 

 

 

 

 

 

Оқылды 3785 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет