Дүйсенбі, 20 Наурыз 2023 15:17

Көркем әдебиетіміздегі көктем жаршысы

Тіршілікке жан бітірген жазғытұрыммен жағаласа келген кішкентай құсқа – Наурызек деп ат қойып, осы мейрамда мейманына ұсынатын асын – Наурыз көже атайтын, бұл күні ықылас сұрап, қол жайған жұртқа айтылатын тілекті – Наурыз батасы деп айшықтайтын, тіпті осы Жаңа жыл мерекесінде орындалатын ән-жырды – Наурыз жыры деп әспеттейтін қазақтан басқа қай халық бар? Қазақ әдебеиетінде де Наурыз туралы жырлардың алар орны айрықша. Өйткені Ұлыстың ұлы күні ұлтымыз өмір-салтының ажырамас бөлігіне айналғаны  ақиқат.

Ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі – Наурыз жыры. Қыстың ызғары кетіп, елдің ауыр еңбектен қолы босап, аққа аузы тиеді. Оны кәрі-жастың «құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен Ұлыстың ұлы күні» дейді. Наурыз күні

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар.

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын!

Бәле-жала жерге енсін!.. – деген өлең жолдарымен үлкен-кіші, кәрі-жас бір-біріне игі тілек тілеген.

Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурыз тілегі» атты өлеңінде де:

Біреуім екеу болып, мал қосылды,

Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды.

Ызғарлы, қыс-зымыстан, суық кетіп,

Аспаннан күн күлімдеп, шырай енді.

Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,

Сай-сала күрілдесіп, суға толар!

Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,

Шалғынға көкорайлы ауыл қонар, – деп өмір мен табиғаттың жадырап салған, жайнаған кезі суреттеледі.

Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлағандай  бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды «кiлем» төселедi.

Бейімбет Майлиннің 1926 жылы 22 наурызда жазылған «Наурыз күні» атты өлеңінде қарапайым қазақ отбасының Наурыз күнін қалай қарсы алатыны туралы біршама айқын детальдар бар. Ескі-құсқыны жаңалап, жыртық-тесікті жамап жаңғырту – Наурыз келуіне орай атқарылатын әрекеттердің бірі. Бұл туралы өлеңде былай дейді:

Күн шуақта маужырап,

Бүргіштеп ескі құрымын,

Айналад Ұлжан баласын:

– Қарағым,сәулем, құлыным!

Қысқы ызғарда бүрісіп,

Мүгедек болып өліп ең.

Жаңарсын деп жаз туа –

Кенептен көйлек тігіп ем.

«Бүргіштеп ескі құрымын», – деуі – байлар сияқты жаңадан жаңғыртып жасандырып жібермесе де, барымен базар болып, киіз үйдің ескі киізін жамап-жасқаудың ишарасы. Ал «кенептен көйлек тігуі», бұл – Наурыз күні адамның ішкі жан дүниесі де, сырты да жаңғыруы керек деген байырғы салттың белгісі. Наурыз күні әр адам шама-шарқынша жаңа киім киіп шығатын болған. Сондай-ақ Наурыз – келіп жеткен көктемге, жаңа жылға деген жарқын үміттің, қуаныштың лепесі:

Қалың қар еріп су болып,

Сай-салалар гүрілдер.

Көк шөбі шығып желкілдеп,

Ертең дүние күлімдер.

Күлімдер дүние...ойнарсың,

Күрең тайың ат болып,

Бәйгеге қоссаң келерсің, – деп алдағы күндердің қызық-думанына қиял қанатын қақтырады. Наурыздың барша түрленіп, гүлденудің басы екенін айтып, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына жеткен, алты ай қыстың соңындағы самарқау қалыпқа қан жүгірткендей болады. Ендігі диалог суатқа барамын деп шуаққа жылынып сейілдеп жүрген шалына алаңдаған ене мен келіні арасында өтеді.

– Айтпақшы, ене, наурызға

Астың ба көже, етіңді?

– Асқан болдым бірдеме

Көк аттың салып шекесін.

– Әлде өзің құр массың?

Қылмың-қылмың етесің.

– Наурызды тойлар не күй бар.

Сойған жоқпыз соғымды.

– Ұлы күнде үйдеме!

Тап дей ме саған жоғыңды?

Диалог өлең құрудың шебері Бейімбет Майлин кейіпкерлерінің осы бір кезекпе-кезек жауаптасуынан ХХ ғасыр басындағы қазақ отбасының барымен базар болып Наурызды қарсы алып жатқан шынайы көрінісін аңдаймыз. «Шеке беру», «шекеге шақыру» дейтін салт қазіргі күнге дейін қазақ әлемінің көп жерлерінде, әсіресе, солтүстік өңірлерде жақсы сақталған. Соғымға сойылған малдың басын шекелеп, бір бөлігін Наурыз келгенде асу үшін арнайы сақтап қоятын болған. «Ұлы күнде үндеме» – деуін – Ұлыстың ұлы күні Наурызда өзара өкпе-ренішке, ұрыс-керіске баруға болмайды дегенді ишаралағаны деп ұғамыз.

Міржақып Дулатұлының ұлық мереке жайында: «Наурыз – қазақтың шын мағы-насындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі» деуінің себебі де осы секілді. Міржақып Дулатұлының «Наурыз» өлеңінде:

Аспанда күннің нұры,

Мақпалдай жердің түрі.

Куаныш мал мен жанда,

Қыс шыққан өлмей тірі.

Ойнаған анау бала,

Көк орай жалын дала.

Егіндік егін еккен,

Ұзамай болар жаңа.

Бай, жарлы келген күйі,

Ойын-той ауыл, үйі.

Қой сойып, қонақ асы,

Мырзалық еткен сыйы, – деп қазақ өмірі мен кестедей келісім тапқан табиғаттың алуан бояумен түрлеген тұсын керемет тілмен сипаттайды.

Кеңес кезеңінде бұл мейрам бейресми ғана тойланған. Себебі ол кезде билік көктем мерекесін атап өтуге тыйым салған. 1926 жылдан бастап Кеңес Одағы кезіндегі халықтар Наурыз мерекесін тойлай алмады. Бұл 1988 жылға дейін жалғасты. Қазақ халқының Наурызды ресми тойлай алуына мұрындық болған – Мұхтар Шаханов. Ол туралы әйгілі ақын өз еңбектерінде «1988 жылы да мен үшін рухани жеңіс жылы. Колбинмен және бір топ өз ұлтымыздың нигилистерімен өткен мылтықсыз шайқаста асығым алшысынан түсті. «Наурыз – ислам дінінің қалдығы» деген сыңаржақ пікірді малданып, көлденең тұрмақ болғандар жеңілді. Кең байтақ, қазақ жеріне, іле-шала күллі Орта Азияға 62 жылғы үзілістен соң «Наурыз» мерекесінің қайта оралуына септігім тигеніне қуаныштымын».

Сәлем, Наурыз!

Сен біздің арамызға

Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.

Сен ең көне жырысың санамыздың,

Рухи шаттығымсың тасып толған.

Сені тойлап, бабасы бабамыздың

Әжемнің әжесіне ғашық болған», – деп ой  толғайды.

ТҮЙІН: 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген екен. Наурыз – көктем жаршысы. Ендеше, оны халқымыздың құнды руханиятының бөлшегі ретінде бұрынғыдай бірнеше күн бойы фестивальдық сипатта мерекелеп, ұлттың рухани түлеуіне түрткі еткен абзал. Ұлы күннің ұлттың дүниетанымындағы өзгеше орны  халқымызбен мәңгі бірге жасай бермек.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 6571 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Есіңе мені алғайсың... Қазақ әліппесінің атасы »

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет