Дүйсенбі, 29 Мамыр 2023 20:32

Қазақ әліппесінің атасы

Алаш алыптарының ең биігінде тұрған, қазақ тілі білімінің іргетасын қалаушы ғалым, Ыбырай Алтынсариннен кейінгі еңбегі ерекше ағартушы педагог, қазақ баспасөз білімінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, дарынды ақын, аудармашы, әдебиет сыншысы әрі ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысы, Торғай ауданында Сарытүбек деген жерде дүниеге келген.

Ахмет он үш жасқа келгенде әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас ояз начальнигі полковник Яковлевтің озбыр қылығына шыдамай оны атынан аударып түсіріп, сабап, қасындағы нөкерлерін қамшымен ұрып, ауылынан қуып шығады. Жабайы киргиздің мұндай басбұзарлық әрекетін патша жендеттері кешіретін бе еді? Көп ұзамай жазалаушы отряд келіп, ауылды өртеп, мал-мүлкін талап, Байтұрсын мен Ақтасты Сібірге он бес жылға жер аударады. Жаратылысынан зерек Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі ауылдағы көзі қарақты адамдардан хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауатын ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі класты орысша-қазақша училищесінде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдан бастап Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы төңірегінде бала оқытады. Қарқаралыда қызмет еткен жылдарында А.Байтұрсынов қоғамның саяси өміріне белсене араласады. Мұнда ол патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы революциялық қозғалыстарға қатысады, қазақтың мүддесін сөйлей бастайды. 1905 жылы бір топ қазақ зиялылары болып, патша өкіметінің жоғары басқару орнына петиция жібереді. Ондағы басты мақсат қазақ халқына әлеуметтік теңдік берілуін, жер мәселесінде қазақтардың мүддесі көзделуін, қазақ даласында оқу-ағарту ісін жолға қою керектігін талап етеді. Ресей отаршылдарына қарсы күресі үшін ол 1909 жылы 1 шілдеде жолдастарымен бірге тұтқындалып, Қарқаралы түрмесіне біраз отырып шығады. Әрине, бұған патша өкіметі адамдары ғана емес, сол тұста шен құмар қазақ арасынан да шыққан пысақай тілмаш адвокаттардың «Петиция авторлары» үстінен арыз доностарының да себебі болғаны анық еді. «Іштен шыққан жау жаман» демекші А.Байтұрсыновтың сол кездері жазған:

«Қинамады абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны»  – деп қамығуы осының дәлелі.

1910 жылдың 9 наурызында Ахмет Орынборға келеді. Осы қалада 1917 жылдың соңына дейін қызмет етеді. Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының және басқа да оқыған азаматтардың демеуімен 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарады. 1913 жылдан 1917 жылдың соңына дейін осы газеттің редакторы болған А.Байтұрсынов қыруар жұмыстар атқарады. Сол кезде 8000 данамен бүкіл қазақ даласына тарап тұрған «Қазақ» газеті ең алдымен қазақ халқының ұлттық азаттығы мен мәдени әлеуметтік дамуы үшін күрескен және қазақ қоғамының мүдделерін көздейтін мәселелерді көтеріп, оларға әлеуметтік үн бере білген орган болды.

Газет, әсіресе, тіл мәселесін бірінші орынға қойды. Қазақ тілін сақтап, әрі қарай дамыту керектігін, ұлт мектептеріндегі оқу тәрбие ісін дұрыс жолға қою қажеттілігін жиі жазды. «Қазақ» газеті халқымыздың мәдени тарихында ерекше орын алды. Газет тіл мен стилі жағынан революцияға дейінгі қазақ баспасөзінің ең жақсы үлгісі, әсіресе, қазақ әдеби тілінің нормасын қалыптастырған ең озық басылым болды. Бұл туралы 1923 жылы Мұхтар Әуезов өзінің бір мақаласында: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде оқу білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын А.Байтұрсынов салған өрнекті біліп, Ахмет ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгел ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, қазақтың жан дүниесін ширықтырған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ондағы екпін кімнің екпіні еді? Ол халқы үшін ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахмет Байтұрсыновтың екпіні еді» – деп бағалап, оған қазақ әдебиетінің көшбасшысы деп баға берген.

А.Байтұрсынов 1917 жылдың соңында газеттен кетіп, осы кезден бастап, 1919 жылдың наурыз айына дейін «Алаш» партиясының жұмысына араласады. «Алашорда» атты уақытша Халық Кеңесінің оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамына қызмет етеді. «Алаш» жылдың орта тұсында құрылып, 1920 жылдың орта шенінде тарайды. Ахмет «Алашқа» қызмет ете жүріп, ол өзге партиялардың да ұстанған бағыттары мен көздейтін мақсаттарына үңіледі, оны қазақ халқы үшін қайсысының бағдарламасы қолайлы деген ой толғандырады. «Алаш» партиясының Қазақ революциясынан кейінгі ұстанған автономшыл ұлтшыл платформасы қазақ қоғамының әрі қарайғы дамуына қол емес екенін түсінеді. Сондықтан ол 1919 жылдың наурыз айынан бастап өз қалауымен Совет үкіметі жағына шығады да, бірден ме, мемлекеттік істерге араласады. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика Халық ағарту комиссары,  Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі, Қазақстан Академиялық орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор, сөйтіп жаңа заман үшін белсене жұмыс атқарады.

1925 жылы 15-19 сәуір күндері жаңа астанада Қызылордада Қазақ АССРы Советінің V съезі шақырылады. Міне, осы съезде А.Байтұрсынов үлкен азаматтық танытып, халқымызға өзінің «Қазақ» деген атын қайтаруды, республикамызды «Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасы» деп атауды ұсынады.  Ахмет Байтұрсынов барша жұрт алдында: «Бәрімізге белгілі қырғыз бұл күнде қазақтан бөлініп, отауын өзінің Алатауына апарып тігіп жер жүзіне олар да «Қырғыз Автономиясы» деген ұрандарын айтып отыр. Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де, бұл күнге дейін оған ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Енді тарихи шын атымызды айдай әлемге дұрыс әйгілеу біздің де міндетіміз деп ұғынсақ, осы жолы қазақтың басы түгел қосылып отырған Ақмешіттегі осы топтың қалдыратын бір ізі «Шын атымыз қырғыз емес, қазақ» деуі керек. Бұған келіспеу біз сияқты 6-7 миллиондық ұлы бір ұлттың өз атын жоғалтып, иә, жасырып, басқаның атына зорлық, иә, қанағат қып жүре беру тарих алдында ұят болмақ» деп ашына үн қатып, өзінің нағыз ұлт перзенті екенін паш етеді. Советтер съезі А.Байтұрсынов пікірін бірауыздан мақұлдайды. Бұл атаулар алғаш орысша «Казак», «Казакский АССР» деп жазылып жүрді де казак орыстардың атымен шатастыра бермеу үшін Республика Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1936 жылғы 9 ақпандағы қаулысы бойынша «Казах», «Казахский АССР» деп жазылатын болды. Сөйтіп, халқымыздың ежелгі өз атын алуы да, республикамыздың заңды түрде дәл аталауы да А.Байтұрсынов есімімен тікелей байланысты. Міне, осы үшін де қазақ халқы А.Байтұрсыновқа мәңгі қарыздар.

Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік еңбектері өз заманында да аса жоғары бағаланған. Осы қазақ азаматының қазақ тарихындағы орнын, оның әлеуметтік қоғамдық істерін өте жоғары бағалаған кісінің бірі – Сәкен Сейфуллин еді. Ол «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы 13 қаңтардағы санында «Ахмет Байтұрсынов елуге толды» деген мақаласында: «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның арам құлықтың атармын шабармындарының қорлығына, мазағына түскен қазақтың намысын жыртып, дауысын шығарған осы Ахмет еді. Қазақтың сол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, арларын сатып ұлықтың істеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жаны ашып, ұлты үшін отқа да, суға да түскен жан болатын. «Қазақ» газетіне редакторлық етіп, қалың ұйқыдағы қазақты оятқан, «Қырық мысал», «Маса» сынды кітаптарды шығарып, қазақтың тұңғыш «Әліппесін» құрастырған Ахмет Байтұрсынов елі үшін таудай іс атқарған асқар беліміз» деп жоғары баға береді.

Қазақстандағы бір билікті қолына алып, «Кіші Октябрь» саясатын жүргізе бастаған Ф.Голощекиннің білек сыбана бір көрінген тұсы ұйып келе жатқан қазақ интеллегенциясын сүтше іріту еді. 1929 жылдың 2 маусымында алғаш қамауға алынған 30-ға тарта оқығандардың алды болып нысанаға қазақтың рухы биік көсемі А.Байтұрсынов ең бірінші болып ілінді. Алматы түрмесінен Ахметті ОГПУ Архангельскіге айдайды, әйелі Бадрисифа мен қызы Шолпанды Томскіге жер аударады. Халықаралық Қызыл Кресті арқылы жазушы Максим Горькидің әйелі Е.Пешкованың жәрдемімен кесімді мерзімі біткен 1934 жылы босап, әуелі Батыс Сібір өлкесіне, кейінірек Алматыға оралады. Бірақ, ол бостандық баянды  болмай, 1937 жылы екінші рет қайта ұсталып, ақыры Сталиндік репрессияның пышағына ілініп, атылады асыл ер. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ол туралы: «Ахмет Байтұрсынов істеген қызмет қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Ахаңның адал ісімен өзіне орнатқан ескерткіші мәңгілік ескерткіш» деп баға берсе, қазақтың асыл перзенті Ахмет Байтұрсынов көзі тірісінде:

«Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,

Жол сілтедім жақын емес алысқа.

Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,

Дедім сен де қатарыңнан қалыспа» - деп жырлағандай, Алаштың ардақтысы, ұлт руханиятының көшбасшысы А.Байтұрсыновтың туғанына биыл 150 жыл толды. Қазақ аспанында мәңгі өшпес жұлдыздай жарқырап тұрған Ахмет Байтұрсынов тұлғасы қазақ ұлты барда мәңгі өшпек емес.  

Дайындаған Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

Талғар ауданы. 

Оқылды 6764 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет