Білім күні мерекесі қарсаңында Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданымыздағы ұлағат иелерінің басын қосқан дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылау және жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттерін айқындайтын шара биыл «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық, отаншылдық қасиет» тақырыбымен ұйымдастырылды. Жиынға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Байғоджаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов, ардагер ұстаздар қатысып, алдымен білім ошақтары ұйымдастырған көрмені аралады.
Шара барысында алғашқы болып сөз калған Бауыржан Мыныханұлы ұстаздардың ерен еңбегіне алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мұғалімдер қауымына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен тарихтағы ең ұлы істің бірі» демекші ұлт пен мемлекет алдындағы ұлы істердің барлығы сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен іске асады. Содан болар, ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу – парыз. Олардың жағдайын жасап, жақсылығын асыру – міндет. Сапалы білім – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекелестікке түсудің, кемел келешектің, қарқынды дамудың басты шартына айналды. Сол үшін де біз әрқашан білім саласына қолдау көрсетудеміз. Біз үшін бұл мемлекеттік саясаттың ажырамас саласына айналған үлгілі үрдіс. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ұстаздар мүддесі мемлекет назарынан қалт кеткен емес. Оның нәтижесі де көз алдымызда, – деді Б.Бименов
Рас, бүгінгі таңда ұстаздарға деген құрмет ерекше. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен педагог мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар атқарылуда, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Педагог мәртебесі туралы» заңды табысты іске асыру педагогтің беделін арттыруға мүмкіндік береді. Педагогтердің жалақысы артты, келесі жылы Президенттің тапсырмасымен тағы да 25 пайызға көбейеді. Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі оқу жүктемесі азайтылды, осыған орай оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды. Үш ауысымды мектептерден басқа барлық оқу ошағы бескүндік жұмыс форматына көшеді. Мұндай өзгеріс педагогтердің 56 күндік еңбек демалысына еш әсер етпейді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағытында қанатқақты жоба ретінде апробациядан өткізіліп жатқан «Екі тәрбиеші» жобасы еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарға енгізіле бастайтынын күні кеше оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов атап өткен болатын. Десе де, қай кез, қандай заман болмасын ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, айтылар тілек те, қойылар талап та көп. Оның бастысы – осы заманғы озық білімнің, тәрбие мен тәлімнің қайнар көзі болудан шаршамау. Осы бір тұста, халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар. Өйткені заман «білектінің емес, білімдінің заманы» екені даусыз.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Бименов аудан аумағында білім беру саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ағымдағы жылы білім саласының бюджеті 43,4 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 11 млрд теңгеге артып отыр. Ал соңғы үш жылда білім саласына бөлініп отырған қаржы 15 млрд теңгеге өсті. Соңғы жылдардағы өмірімізге елеулі өзгеріс алып келген дағдарыс жағдайлары мен жаңа талаптар адамдардың күнделікті өміріне ғана емес, сонымен қатар білім беру саласына да әсерін тигізген болатын. Ол өз кезегінде білім беру жүйесіндегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуден бастап, ресурстарды қажеттіліктерге сәйкес келтіру, сапалы цифрландыруды қолжетімді ету сияқты көптеген кемшіліктер мен теңсіздіктерді көрсетті. Сондықтан, ауданның мектептері 100 пайыз кең жолақты интернетке қосу, заманауи цифрлық платформаларды дамытуды қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы жеке компьютер алуға жергілікті бюджеттен 24 млн, «STEM» кабинет жабдықтауға 15 млн және мектептің кітапханасын модернизациялау үшін 13,6 млрд теңге бөлінді. Ауданның білім беру мемлекеттік мекемелерінің жүйелерін информатизациялауға 19 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту бойынша кешенді жұмыс жүргізу арқылы қамтуды 99,7 пайызға дейін жеткіздік. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға 9,5 млрд теңге қаражат игерілді. Демографиялық өсім мен көші-қон аудандағы мектептерде оқушыларды оқу орнымен қамтамасыз етуге әсерін тигізуде, ауданда үш ауысымда 5 мектеп бар, сонымен қатар 7 мектептің ауысу қаупі туындауда. Сондықтан, бүгінгі таңда Есік қаласында 5,3 млрд теңгеге «BI-GROUР» мердігерлік компаниясы 1500 орындық мектептің құрылысын жүргізуде. Осы мектепті салу арқылы Есік қаласындағы мектептердің бірегейінде үш аусымды оқу мәселесін шешу күтілуде. Төле би ауылындағы сметалық құны 2 млрд теңге болатын 450 орындық білім ошағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2000 орындық жекеменшік мектеп ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды, жер телімі бойынша сұрақтар бүгінгі күнде қарастырылуда. Сонымен қатар Бәйтерек ауылында салынған 500 орындық жекеменшік мектептің лицензиясы жасалуда. Оған қоса, Ташкенсаз ауылындағы Абдуллин атындағы орта мектептің және Қазақстан ауылындағы Қайыпов атындағы орта мектенің жанынан 2,6 млрд теңгеге 300 орындық жапсаржайлардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстар бойынша сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешілуге тиіс біраз мәселелер бар екенін атап өткен жөн. Соның ішінде білім саласын сапалы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, сұранысқа ие мамандардың тапшылығын шешу, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылымға, цифрландыру мен материалдық қорға байланысты мәселелерге назар аудару – маңызды фактордың бірі. Бұдан бөлек бейімделген мектептердің орнына жаңа 12 мектептің құрылысына жобалық құжаттарын әзірлеуге өтінім берілді. Білім беру нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес аудандағы 84 мектептің 29-на күрделі жөндеу қажет, – деді Бауыржан Бименов.
Сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
– Әрбір білім беру ұйымының міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру. Сол себепті 2022-2023 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда білім беру мекеме басшылары білім алушылардың білімін толықтыру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету, цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау, білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету сынды міндеттерге баса назар аудару қажет. Республика бойынша сапалы білім мен тәрбие беруде биылғы оқу жылындағы басты жаңалық – оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу аптаға, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптаға ұзартылады. Сабақтың апталық ұзақтығы (үшауысымдық мектептерден басқа) 5 күндік жүйеге көшу толығымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар бес күндік режимде жұмыс істейтін мектептердің әкімшілігі мен мұғалімдері де 5 күндік жүмыс жүйесіне көшеді. Кезінде Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз тілінде тәрбие көрмесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген екен. Сондықтан баланың өз ана тілінде әліпбиді тануы арқылы дүниетанымының қалыптасуы және үлгерімін көтеру үшін қажет деп танып, биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1 қазақ сыныптарында «Әліппе» мен «Ана тілін», орыс, ұйғыр сыныптарында орыс тілі мен қазақ тілін оқытуға басымдық беріліп, шет тілдерін 2, 3 сыныптан бастап оқыту көзделуде. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі әрбір сабақта оқушыларды уақтылы қолдау, оқудағы прогресс, балаларды оқуға ынталандыру, білімдегі олқылықтарды анықтау және олардың оқу жетістіктерін көрсету, көңіл күйдегі қобалжуын психологиялық қолдау үшін «Оқушылардың көңіл-күйін бақылау» журналын жүргізу ұсынылады, – дейді Бәтес Маратқызы.
Білім беру саласында педагогтердің статусын көтеріп, кәсіби құзыреттілігін арттыру елімізде жүріп жатқан инновациялық жаңғырту жағдайында жүзеге асуда. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарына тек кәсіби білімі бар ғана емес, оның ішінде кәсіби құзыреттілігі жоғары, инновациялық үдеріске тез бейімделіп, жаңашылдықты қолдайтын, өзіндік ұстанымы бар педагогтер қажет. Ағымдағы жылы «Білім туралы» Заңға өзгеріс еніп, ұстаздар қауымы біліктілікті арттыру курстарынан үш жылда бір рет өтетін болды. Ауданда 6500 педагог сапалы білім мен тәрбие беруде. 4000-нан астам ұстаз өз біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен. Ал биыл жаз айларында пәндік құзыреттілікке бағдарланған «Өрлеу» және педагогикалық шеберлік орталықтары өткізген курстан 982 ұстаз біліктілігін көтерді. Сонымен қатар біліктілігін арттыру курстары «Blended Learning» режиміндегі курстар да өтуде. Бұл курс тыңдаушыларға өндірістен қол үзбей өз бетімен білім алуға, дәстүрлі әдістемелер мен өзекті технологияларды біріктіруге, жұмысты өз бетінше ұйымдастыруға және жоспарлауға, білім алуға және талдауға, ақпаратты іздеуге және іріктеуге, шешімдер қабылдауға, жобаларды таныстыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Конференцияда балаларды балабақшамен қамту мәселесі де айтылды. Баланы әлеуметтендіретін ең бірінші орта, барлық білім беру жүйесінің негізі – мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 173 мектепке дейінгі ұйымдарда 16564 бала қамтылған, бұл балаларды балабақшамен қамтудың 99,7 пайызын құрайды. Балаларды ерте жастан дамыту мәселесі ерекше маңызға ие. Бүгінде мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелерде тәрбиелеу мен оқыту сапасын бағалау жүйесінің болмауы, тексеру рәсімін оңайлату, лицензиялауды алып тастау, мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне хабарлама тәртібі енгізілген болатын. Ал «Балапан» бағдарламасының мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында ашылған балабақшаларда лицензиялау үдерісі мүлде болған емес. Кейбір жекеменшік балабақшаларға бейімделген ғимараттардың нормативтік талаптарға сай келмеуі, білікті мамандардың аздығы тәрбиелеу мен оқыту сапасының төмендеуіне алып келуде. Сондықтан да мемлекет тарапынан балабақшаларды лицензиялау жұмыстарының механизмін бірте-бірте енгізу қарастырылуда.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданымызда 234 бала инклюзивтік білім алуды қажет етеді. 328 мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқиды. Яғни, әлі де қамтылмаған балалардың қажеттілігін өтеуде арнайы бағдарланған шаралар ұйымдастырылуы керек. Бұл өзекті мәселені шешуде арнайы білікті мамандар мен материалдық база үшін қаржы қажет екендігі белгілі. Инклюзивті білім беруге қолайлы орта қалыптастыруға жағдай жасау мақсатында ауданымыздың 39 мектебіне 27 млн теңгеге пандус қойылған. Сонымен қатар 90 мемлекеттік білім беру мекемелеріне 138 млн теңгеге пандус қоюға облыстық білім басқармасынан қосымша қаражат бөлуге сұраныс берілген.
Балаларымыздың еңбекқорлығын, оқуға құштарлығын арттыруда ел Президентінің бастамасымен республика бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынғаны мәлім. Осы жоба аясында әр білім мекемесінде электронды кітапхана бұрышы, «Буккросинг бұрышы» QR кодтары бар кітап тақтайшаларын орнату арқылы оқырманның кез келген орында кітап оқуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Кітапханаларда ескі сөрелерді жаңа тенденцияларға сәйкес модернизациялау жүзеге асуда. Оның айғағы, ауданымыздағы 15 мектептің кітапханасы заманауи жаңа келбетке ие болды.
Бәтес Аманова өз баяндамасында қашықтан оқыту жүйесі мен балалардың жеткен жетістіктеріне ерекше тоқталды.
– 2020 жылдың 16 наурызынан бастап білім беру жүйесінде бұрын соңды болмаған жаңа ұғым пайда болды. Қашықтықтан оқыту ұғымы қоғамда болған ауыр пандемия салдарынан өмірімізге дендеп енді. Ешкім де қашықтықтан оқуға дайын болмағаны жасырын емес. Қашықтан білім беру кезінде оқушылардың білімінде пайда болған олқылықтармен жұмыс екі жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Осыған байланысты жазғы мектеп жұмыстары ұйымдастырылуда. Ұстаз еңбегінің өлшеусіз ерен екендігі осы тұста айқын көрініс тапты. Олқылықтармен жұмыс жүргізуде ауданымызда білім сапасын көтеруге бағытталған, тәрбиенің ұлттық құндылықтарына негізделген тың жобалар қолға алынып, ауыл мектептерін қала мектептеріне жақындастыру мақсатында «Білім сапасын арттыруда тиімді жұмыс істеу режимі», педагогикалық менеджментті жетілдіруде «Табысты мектеп акселераторы» жобалары іске асуда. Сонымен қатар мұғалімдер арасында аудандық білім бөлімі жалпы білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың білім сапасын арттыру, олқылықтарды жою және толықтыру бойынша жоғарғы оқу орындарымен бірлескен кешенді жұмыс жоспары құрылып, іс-шаралар орындалуда. Осы жобалардың нәтижесінде ұстаздардан тәлім-тәрбие алған оқушыларымыз да өз білімдерін, қабілеттерін облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобаларда сынға салып, жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтар болсам, республикалық және облыстық ғылым негіздері бойынша пән олимпиадасынан 54 бала, облыстық «Дарын» ғылыми жобасынан 12 оқушы, облыстық «Зерде» шығармашылық байқауынан 8 оқушы, республикалық және облыстық оқу байқауларынан 13 оқушы, «Мың бала» ұлттық олимпиадасынан 10 оқушы, «Айқанат» олимпиадасынан 10 оқушы, сонымен қатар спорттық ойындардан 21 команда жеңіс тұғырынан көрінді. 5 баламыз «Елбасы» медалінің иегері атанды.
Дана халқымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді. Жетістікпен марқайып, кемшіліктерімізді байқамасақ, ілгері дами алмайтынымыз анық. Сондықтан мектеп басшыларына алдағы оқу жылында дарынды балалармен жұмысты жандандыруды тапсырамын. Сонымен қатар, айта кететін биылғы жылғы жаңалықтардың бірі – облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері мен олардың жетекшілеріне бір реттік сыйақы тағайындалып, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері жоғарғы оқу орындарына түсу гранттарын еш кедергісіз иеленетін болады, – деді бөлім басшысы. Сондай-ақ, Бәтес Маратқызы Бауыржан Мыныханұлынан балалардың бос уақытында интеллектуалдық қабілеттерін арттырып, еңбекқорлыққа баулуға ықпалын тигізетін қосымша біліммен қамтуға арналған ауданымыздың орталығы Есік қаласы мен Шелек ауылында «Оқушылар үйін» салуға ықпал етуін сұрады.
Тамыз кеңесінде жарыссөзге шыққан Абылай хан атындағы орта мектеп директоры Ләйлә Тункаева мен директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Ерболатқызы, Саттаров атындағы орта мектеп директоры Айгерім Сарыбаева және директордың орын-басары Ақбота Нұрланқызы, Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құлпынай Жандуллаева мен аудандық №14 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің әдіскері Гүлназ Бідібай, №1 Рахат орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Еділ және жасөспірімдерді қорғау аға инспекторы, полиция капитаны Айгерім Акимжанова білім беру жүйесін дамытудағы, балалардың құқығын қорғаудағы, инклюзивті білім берудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын барысында білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет еткен мәслихат хатшысы Бекет Ахметовке сөз кезегі ұсынылып, Бекет Төлегенұлы балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, ардагер ұстаздарға алғысын білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов мұғалімдерді түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады. Тамыз кеңесінің соңы аудан өнерпаздарының ұйымдастырған мерекелік концертіне ұласты.
С.НҰРАДИН.