Жуырда ауданымыздың бас имамы болып Қондыбаев Ибрагим Нұрахмедұлы тағайындалғаны мәлім. Ауқымы кең ауданымызда дін саласында жетекші болған адамға атқаратын жұмыстар аз емес. Осы орайда жаңа имаммен ұлтымыздың ұйытқысындай дініміздің төңірегінде азды-кем сұхбат құрдық.
– Құрметті Ибрагим Нұрахмедұлы, өзіңізді бұрыннан дінге қызмет етіп жүрген жан ретінде жақсы білеміз. Жақында ауданымызға бас имам болып тағайындалдыңыз. Сұхбатымызды өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастасаңыз.
– Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келдім. Әкемнің есімі Нұрахмед, ол кісі соғыс ардагері. 1938 жылғы Фин соғысына, ҰОС-на қатысқан. Өмірінің 7 жылын соғыс майданында өткізген жан. Қондыбай атам да діндар адам болған. Сондай-ақ әкем де қазіргі Өзбекстан жеріндегі Бұхара өлкесінде діни білім алған, өз заманында Қызылордадағы Ақмешіт атты мешітте имам болып қызмет атқарған. Әулетіміздің жеті атадан келе жатқан үрдісі бар, ол – әр отбасы өзінің кенже баласын дінге қызмет етуге баулу. Сол себепті мен де үйдің кенжесі болғандықтан, әкем: «Еті сенікі, сүйегі менікі» – деп жастайымнан молдадан тәлім алғызды. Мектеп жасымда жазғы дема-лысымның көбін медреселерде өткіздім. Жалпы Қазақстанда дін саласында институт жоқ болатын. 1998-2000 жылдары Хазірет Рәтбек қажы ашқан еліміздегі алғашқы институттан білім алдым. Содан бері дінге қызмет етудеміз. Қызылорда өңіріндегі «Ыбырайым молда» мешітінің наиб имамы болып қызметімді бастаған едім. Сонымен қатар ШҚО Өскемен орталық мешітінде және Алматы қаласындағы бірнеше аудандардағы мешіттерде наиб имам, бас имам болып қызметтер атқардым. Соңғы 3 жылдың көлемінде Есік қаласындағы «Имам Мұхаммед» мешітінде бас имаммын. Алланың қалауымен жуырда Алматы облыстық діни басқарманың өкілі Мадияр Тағайбайұлы келіп, осы ауданға бас имам қылып мені тағайындады және «аудандық мешіт» статусын «Имам Мұхаммед» мешітіне берді.
– Қазіргі жастар жайлы ойыңызды білдірсеңіз, дінге бет бұру, адамгер-шілік сипаттары қалай көрініс беруде?
– Жалпы мемлекеттің де, діннің де өркен жаюы жастардың қолындағы дүние. Аллаға шүкір, бүгінде мешіт жамағатының 85 пайызы жастар деп айта аламын. Көпшілігі ежелден бабаларымыздан келе жатқан Имам ағзам Абу Ханифа мәсхабын ұстанады. Дегенмен бәріне топырақ шаша алмаймын, отбасының немесе орта-сының әсері болар, жастардың ішінде бөтен бағыт-бағдарды ұстанатындары да кездесіп жатады. Негізінен, жас буынның ынтасы жақсы.
Жастар дегеніміз – тап-таза ақ парақ сияқты ғой, оған қандай сия түссе соған қарап тәрбиеленеді. Сондықтан бала тәрбиесін отбасынан бастауымыз керек. Біздің кезімізде үлкендер «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген үш қана сөзбен тәрбие бере білді. Қазіргі таңдағы ақпараттар майданында сан түрлі елдің мәдениетіне еліктеудің салдарынан баласын дұрыс тәрбиелеу кімге де болса оңай соғып тұрған жоқ. Жастарымызды ұлттық құндылықтарымызға баули білсек рухы биік ұрпақ қалыптастырарымыз анық. Ел ішінде жалынды жастар көп, өзіміз де сол жолда қолдан келгенше қызметімізді атқарудамыз.
– Жат ағымдардың мәселесі де, салдары да күрделеніп кетті. Осы тақырып жөнінде әңгімелесеңіз.
– Негізінен жат ағымдар еліміз егемендігін енді алып, етек-жеңін жия алмай жатқан шақта, яғни 90-шы жылдардың басында көптеп еніп кеткен еді. Олар тоқырау кезеңін пайдаланып, қаржылай көмек беру арқылы кіріп, дінін толық меңгермеген елдің санасын оңай улады. Теріс ағымдардың дендеп белең алған уақыты 2000-шы жылдардың басы еді. Ал, жан-жақтан енген түрлі ағымдарға түсіп кеткен жандарды Алланың қалауы болмаса, бетін бері бұру өте қиын.
Әбден фанатизмге беріліп, шекара асып кеткен қандастарымызды қайтару мүмкін болмай тұр. Ендігі міндет – осы дүниелердің қайталануына жол бермеу. 10 жылдан астам уақыт жат ағымдағы адамдармен түсіндірме жұмыстарын атқарып келеміз.
Жалпы әр мұсылманның діни тұрғыда іргетасы мықты болуы тиіс, яғни білімі. Діни сауаты төмен адамның алданып қалуы өте оңай.
– Жалпы жат ағымдар қалай пайда болды?
– Жат ағым дегеніміз – дінді жамылып дүние үшін, жеке мүддесі үшін елді азғыратын, діннің дұшпандары болып табылатын жандардың ойлап тапқан ісі. Жат ағымдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзі тірі кезінде де болған. Негізінен қандай да бір адамға, ұлтқа зиян тигізуге шариғатымыз түбегейлі қарсы. «Бір адамды жазықсыз өлтірген адам – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең күнәні арқалайды, кімде-кім бір адамды тірілтетін болса, яғни тура жол нұсқай білсе, бүкіл адамзатты тірілткенмен бірдей дәрежеде сауап алады» делінген аят бар Құранда. Сирия секілді елдердегі болып жатқан атыс-шабыстар ілімсіздіктің кесірінен орын алуда. Бұның артында арам пиғылды, саяси топтардың бары анық. Біздің де өркендеуімізді көре алмайтын сыртқы күштер ішімізден ыдырату үшін осындай әрекетке барады.
– Бұл жайсыз жайттар діннің атына да күйе жағып жатыр ма?
– Өкінішке қарай сөзіңіздің жаны бар. Ата-бабаларымыздың ұстанымдарын, салт-дәстүрін жоққа шығарып тастайтындар белең алды. Мұсылмандық парызын өтеп, өзімен-өзі жүрген жандарға да салқын көзқараспен қарайтын қоғам пайда болды. Мешіттің де деңгейін төмендетіп жібердік. Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенімде мешітте азан айтуға қарсы болып, шағымданатын қазақтарды көрдім. Қоғам болғандықтан әртүрлі дінді ұстанатындар, атеистер де өмір сүреді ғой. Жеке адамның көзқарасына, наным-сеніміне араласуға хақымыз жоқ. Дегенмен біздің ұлтқа мұсылмандығымызды нығайту қажет. Ауызбіршілігімізді сақтасақ, бұл сындардан да өтерміз.
– Қоғамымызда нәзік жандылардың киім киісі де өзекті мәселеге айналғандай. Осы орайда қаракөздерімізге қандай кеңес бересіз?
– Дініміз де, қазақы дәстүріміз де әйел адамның қысқа киінуіне қарсы екені мәлім. Бірақ бет-жүзіңді түгел тұмшалап алу дұрыс емес. Ақылға салып қарайтын болсаңыз, қыз баласы жалаңаштанып жүргенше, әуретті жерлерін жауып жүргені жөн емес пе? Біріншіден, орамал Алланың әмірі, екіншіден, әйел адамды жаманшылықтан сақтайтын нәрсе. Әсіресе тұрмыстағы келіншектер осыны ойдан шығармағаны дұрыс.
– Қыз баланың білім алуы жайлы дініміз не дейді? Әйтпесе «Ауғанстан, Ирак сияқты елдерде қыз бала білім алмайды екен, дін сондай елге айнал-дырады» деп уәж айтатындар көп.
– Оқудың да түрі көп. Ауған қылып та, қазақ қылып та оқытуға болады. Нағыз Ислам ізгілікке бастайды. Қыз баланың оқуына, білім-ғылыммен айналысуына, мамандық иесі болуына ешқандай қарсылық жоқ. Тек қана діні мен дәстүріне берік болуы керек. Неге десеңіз, қыз-келіншектердің жалаңаштануы, ішімдік ішуі, шылым шегуі секілді салтымызға жат әдеттері ешқандай жақсылық әкелмейтіні айтпаса да түсінікті шығар.
Ислам – ғылым-білімге үндейтін дін. Құранда Алла Тағала: «Білімді мен білім-сіздің айырмасы жер мен көктей» деп айтады. «Мұсылман адам тек қана намаз оқып, уағыз тыңдаумен айналысу керек» деу қате ұғым. Мұсылман барлық саланы меңгеру қажет. «Ислам елдері ғылымнан, өркениеттен кенде қалып жатыр» деген сөздің жаны бар. Өйткені, дінге қалай көңіл бөлсек, ғылымға, технологияны меңгеруге дәл солай көңіл бөлу қажеттігін естен шығарып алып жатамыз. Құс секілді адамның да қос қанаты бар. Адамның бір қанаты – рухани білімі, бір қанаты – зайырлы білімі.
– Қазақ халқы шын мәнінде салт-дәстүрге бай. Осы дәстүрлеріміздің дінмен байланысы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда ҚМДБ-ның 5 бағытының бірі – дін мен дәстүр. Бұл өте ауқымды дүние. Құранда мынадай аят бар «Мен сендерді ұлт қылдым, ұлыс қылдым, өздеріңе жараса тіл бердім. Не себептен бұлай жасады десеңдер бір-бірлеріңді тану үшін» – дейді Алла Тағала. Әр ұлтты өзгелерден ерекшелендіретін әрине – дәстүрі. Дәстүрімізді танымағандықтың кесірінен идеологиямызда келеңсіздіктер көп. Қазақтың дәстүрі мен діні – егіз ұғым. Әрбір салтымыз, ырым-тыйымдарымыз дінмен тығыз байланысты. Сондықтан да жылдан-жылға дәстүрімізді дәріптеу жұмыстары жақсы қарқын алып келеді.
– Имамдар елмен тығыз байланыста жүреді. Осы орайда имамдарға қойылатын талаптар қандай?
– ҚМДБ-нан «Концептуалды құжат» деген кітап шыққан. Бұл кітаптың ішінде мұсылман адам қандай болуы керегі жазылған. Соның ішінде мұсылмандарға жетекшілік қылып жүрген имамдардың деңгейі қандай болуы керектігі айтылады. Имамдардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, киім үлгісі, халықпен сөйлесу жұмыстары, тұлғалық келбеті сынды бүкіл талаптар қамтылған. Діни басқармамен бекітілген осы кітаппен емтихан тапсырып тұрамыз. Бұл жерде қойылған талаптарға сай болу – міндетіміз. Сөздің шыны керек бізде осы мәселе ақсап тұр. Осы кітап бойынша имамдармен жиі семинарлар мен сабақтар өткіземіз. Аталған кітап Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қағидаларының негізінде жазылған.
– Сөздің шыны керек, әлеуметтік желілерде тәңіршілдік бағыттамыз дейтін қазақтардың Ислам діні жайлы ауыр сөздер айтуы жиілеп кетті. Бұдан жастар санасының улануы әбден мүмкін. Қалай сақтанамыз?
– Сіз айтып отырған топтардың сөзіне еріп кету білімсіздіктен. Тәңіршілдердің шынымен дінімізге қарсы әрекеттері белең алып кетті.
Қазақ – Алла десе оң қолын, аруақ десе сол қолын көтеретін халық. Мысалы, сіздің дүние салып кеткен бабаңызды айта қалса, сіз де елең етесіз. Ата-бабаларыңызбен мақтанасыз. «Бір бабаңызға арнап ас береміз» – десе, жан-тәніңізбен қызмет көрсетесіз. Өйткені біз аруақты сыйлаған елміз. «Олар болмаса өмірге келмес едім» – деп, өткендерге құран бағыштауды ұмытпаймыз. Міне қазіргі таңдағы тәңіршілдер біздің осы нәзік тұсымызды ұстап алған. Ата-бабамызды алға тартып, мысалдар келтіріп өз мүдделеріне бұрмалауда. Бұларды секта, жат ағым деп айтса болады, бірақ қазақы үнде.
Қазақ даласына Ислам діні келмей тұрып шынымен бабаларымыз әртүрлі наным-сенімде болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ қазақ сол арқылы ақиқатты іздеген, Исламды ақиқат деп танып, қабылдаған. Исламды қабылдағаннан бері ешқандай дінді ұстанбаған.
Тәңіршілдердің бұрынғы тарихи деректерді алдыңа әкеле беретіні сондықтан. Біздің жақсы болып кеткенімізді қаламайтындар көп қой, олардың да артында белгілі деңгейде саяси күштер тұрған секілді. Дәл осылай дінді қаралау жалғаса берсе жақсылық әкелмесі анық, бұл қорқынышты, қауіпті мәселе.
– Келелі сұхбатыңызға рахмет, қызметіңізге сәттілік тілейміз!
Ринат НАРХАНОВ.