Алайда, кейбір елді мекендерде ата-бабамыздан жалғасқан салиқалы салт-дәстүрімізбен қатар, кейбір нанымдардың да байқалып қалатынын көріп жүрміз. Әсіресе, ол кісі қайтыс болған кезде орын алады. Мәселен:
Сүйекті үйден шығарып бара жатқанда басынан нан немесе дән айналдырып қалу және мәйіттің басын табалдырыққа үш рет тигізіп алу, мәйіт үйден шыққан соң табалдырыққа шеге қағу, жаназа намазы оқылардың алдында немесе табытты көтерген кезде теңге шашу, мәйітті жерлеп, ақымның аузын жапқанда кілті мен құлпыны қосып көму тағы басқалар...
Егер осындай ырымдардың Құран мен Хадиске және ғылымилыққа ешқандай қатысы болмаса, онда бұл күнә болып саналады. Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы ешқашан құрапилыққа құрылмаған, ондай болғанда, салт-дәстүріміздің ешқайсысы да ғасырдан-ғасырға жалғаспаған болар еді. Яғни, құрапилық орын алған күннің өзінде табиғи сұрыпталып, өздігінен жойылып отыратыны белгілі.
Дана халқымыз Құран-Хадисті ұлттық құндылығымен үндестіріп отырғандықтан, ешқашан жалған наным-сенімдерге жол бермеген. Енді осындай құндылықтар жағынан қарастырып көрейік. Мәселен: сүйек жатқан жерге жаназадан кейін дән сеуіп қоятын болған. Себебі, көшіп-қонып жүретін халқымыз үшін мәйіт жатқан жер топырақ екені белгілі, дәл сол дымқылданған топыраққа бидай немесе күріш дәні себілсе, апта өтпей жатып-ақ оның көгере бастайтындығын көруге болады. Бұл сол жердің атмосферасын тазартумен қатар, артта қалған қаралы жандарға көңілділік сыйлайтындығын да байқаймыз. Ал, бүгінде цемент пен әсем тас едендерге дән себу еш ақылға сыймайтын әрекет.
Сондай-ақ, «Түнде тырнақ алуға болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыздың заманында электр жарығы болмағанын бәріміз де білеміз. Оның үстіне қолайлы тырнақ алатын құралдар да жоқ, көбінесе асханасы да, тамақ ішетін, жататын жері де бір болғандықтан, мұндай ортада қараңғыда не қолыңызды кесіп аласыз немесе ыршыған тырнағыңыз ыдыс-аяқ, тамаққа араласып кетуі әбден мүмкін. Міне, сондықтан түнде тырнақ алу шектелген, ал қазір жап-жарық арнайы тазалық бөлмесінде, қолайлы құралдармен неге тырнақ алмасқа?!
Демек, әр уақыттың өзіндік ерекшелігіне қарау керек. Ары қарай айтар болсақ, мәйіт жатқан орынға шырақ жағып қоятын болған. Тамырлы тарихымыздан алып қарасақ, там үйлердің терезелері ашыла бермейтін еді. Яғни, ауа алмастыру қиынға соғатын. Ал, шырақ иіс-қоңыстың тазаруына, микробты жоюда өзінше рөл атқаратын. Сондай-ақ, мәйіт жатқан жер үрейлі болатыны да жасырын емес. Кеш бола бастағанда, ол орыннан жас балалар немесе аяғы ауыр келіндер қорқып қалмасын деп шырақ жағып қоятын болған.
Ертегідегі «Қоян неге қашты?» деп барлық аңдардың дүрмекке ілесіп қашқаны сияқты, мән-мағынасын білместен, күндіз де, түнде де шырақ жағып, сау ақылға сыймайтын «Мәйіттің алғашқы жатқан жері жарық болса, қабірі де жарық болып тұрады» деп болжаудың бәрі қисынсыз.
Сондай-ақ, қайтқан кісіні жерлеп жатқанда ақымға әрбір адам қолдарымен шымшып топырақ салуы да шарт емес. Бұл ауру-сырқау және кәрі кісілердің күрекпен топырақ сала алмайтындығына байланысты айтылған. Мәселен:
Бір кісіні жерлеуге мың адам жиналған болса, сол мың адамның барлығына бір шымшымнан топырақ салдырсақ, онда алыс-жақыннан келген, асыққан адамдардың уақытына жасалған қиянат болып есептеледі. Тіпті, бұған қарамастан саламын дейтіндер болса, дәретпен «Таһа» сүресінің 55-аятын оқып, яғни: «Сендерді жерден жараттық, сол жерге қайтарамыз да, қайтадан сол жерден шығарамыз» деп арабшасын білген адам арабшасын, білмеген адам қазақшасын айтып салған абзал. Шын мәнінде, қолмен шымшып салынған топырақпен, күрекпен салынған топырақтың еш айырмашылығы жоқ, барлық іс шынайы ниетте.
Тағы бір ескерер нәрсе, көп жасаған кісі немесе молда, қожа, әулие адам деп қабірінің басынан топырақ алу – Исламда шектелген, абайламаса ауыр күнәлардың қатарына жататынын да білуіміз керек.
Сондай-ақ күрекпен топырақ салғанда, адамның қолына бермей күректі жерге тастау үрдісі де кең таралған. Бұл – адамдарды мәжбүрлемей, әркім өз еркімен істесін деген ниеттен келіп шыққан. Егер күн жаңбырлы болып, топырақ батпаққа айналса, күректің сабы адамдардың қолы мен киімдерін ластайтын жағдайда, күректі қолға берудің еш әбестігі жоқ, қайта сауап.
Көптеген адамдар мән-маңызын аңғармаған тағы бір іс, сүйекті ақымға кіргізіп бара жатқанда күн түспесін, күн түспесін деп қалқалайтыны тағы бар. Мұны тура мағынасында қабылдаған адамдар табыттан алып кілемді шешкенде ақ мәйітке күн түспеуі керек екен деп ұғынады. Олай емес, мәйітке күннің тусуі себебінен мейлі ер, мейлі әйел болсын кебіннің ар жағынан әурет жері көрініп қалмасын деген сақтықтан келіп шыққан.
Егер табытты көтергенде сүйектің бетін жапқан мата абайсызда ашылып қалып күн түсер болса, мұның еш келер-кетері жоқ, жоғарыда айтқанымыздай мәйіттің денесі көрінбесе болғаны.
Баяғыда біреу «Есек аңыраса намаз бұзылады» депті, мұны түсінбеген адамдар: «Оны кім айтты?» десе, молда айтты депті. Молдекеңнен сұраса, іс былай болыпты. Бір жолаушы шөл далада есекке мініп келе жатып есегінен айырылып қалыпты. Есектің үстінде азық-түлігімен суы бірге кетіпті. Дәл сол кезде намаздың уақыты да кірсе керек. Құбылаға қарап намаз оқып тұрса, артынан есегі келіп аңырайды. Демек, су келді деген сөз. Міне «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, бір істің байыбына бармастан, мәні мен мағынасын түсінбестен көргенін істеу дұрыс емес. Ислам діні ғылыми дәлелдермен дәйектердің үстінде құрылған, ешқашан жалған наным-сенімдерге жол бермейді. Ата-бабамыздан жалғасқан салт-дәстүріміз де осыған сай болып отырған.
Бәрімізге белгілі, қабірді «Көр» деп атаймыз. «Көр қазып жатыр» екен дейміз. Негізі, дана бабаларымыз бұйрық райлы етістікпен «Көр» деп айтып тұр, яғни «Баратын соңғы тиянағың осы жер, міне көр, фәнидің бес күндік жалған екенін біл» деген ұлағаттан осы бір ұғымның қалыптасуын байқау тым қиын болмаса керек.
Қорыта келсек, мақаламыздың басында айтқанымыздай, өлім шыққан үйдің табалдырығына шеге қағу, жерлегенде кілті мен құлпыны қоса көму – сонда Алланың ажалын осылай тоқтатып тұруға бола ма? Бұл ақылға сыймайтын әрекет. Жап-жаңа құлпыны жерге көмуі, табытты көтергенде теңге шашу бұл – ысырапшылдық. Оданда мұны кедей-кембағалдың қолына берсе, қандай сауап екенін білсе еді ғой, шіркін! Құранда Алла тағала: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы» деген (Исыра сүресі, 27-аят).
Сонымен қатар, өлім болған үйде «Кедей байға жетсем, бай – байдан ассам» деген бәсекемен немесе қиналып, қарызданып «Ұят болды» деумен мал сойып, дастарқан жаю да дұрыс емес. Ата-бабаларымыздан тартып, бүкіл ғұламалар орта халде болуды құптаған, негізі сауап болатын істерге қарай және ғылым-білімге ұмтылу әрі ұрпағымызды да солай тәрбиелеу маңызды бүгінде. Қасиетті Құранда Алла Тағала адамдарды ой жүгіртіп терең ойлауға, өз ақыл-ойын іске қосуға шақырады. Ислам – кім не айтса барлығына соқыр санамен сене беретін емес, ой жүгіртіп, пікірлесетін ұлы Алланың кемел діні. Алла Тағаланың елшісі (с.ғ.с): «Тафаккүрдің (терең ойлану, ой жүгіртудің) бір сағаты мың жыл жасаған нафіл ғибадаттан артық» деген.
Сөз соңында айтарымыз, «Түнде әтеш шақырса, сиыр мөңіресе, ит ұлыса жамандықты ырымдап, кеселі тиеді» деп оларды өлтіру дұрыс емес. Сапар айында өлім-жітім көп болады, бұл ай сұм ай деу, сейсенбі сергелдең күн, сапарға шықса болмайды, шаш тараса, тырнақ алса болмайды деу, жұма ауыр күн кір жууға болмайды деу Ислам дінінде жоқ, барлығы құрапилық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бірер нәрсені ырымдау деген адамның көңіліне келіп қалатын әрі әдеттеніп қалған нәрсесі, алайда, оның негізі жоқ, оған алданып ниет етіп істемекші болған істеріңді тастамаңдар, ол қорыққан, сенген адамға зиянды, ал көңіліне алмаған адамға түйірде зиян тигізе алмайды» – деген.
Бағдат ДАУЫТҚАНҰЛЫ,
Алмалы ауылы «Есенбай ата»
мешітінің имамы.