Бейсенбі, 24 Қыркүйек 2020 10:07

Тозаққа түсірер тұзақ

Тозаққа түсірер тұзақ google.kz

Бүкіл әлем – біртұтас, әрі ондағының бәрі бір-бірімен тығыз байланыста. Яғни ешкім де, ешнәрсе де жеке-дара болып, өмір ағысынан тыс қала алмайды. Әсіресе, қазіргі ақпараттық қоғамда бұған мүлде мүмкіндік те жоқ. Коммуникация дамып, техника тетігін бесіктегі бала да меңгерген бұл заманда «бүкіләлемдік желі» атанған интернет бар дүниенің бәрін бірге матастырып, тіпті оп-оңай шатастырып тастауға да қабілетті екеніне көз жетті. Бұған бір дәлел – діни экстремизм мен терроризмнің тереңге тамыр жаюындағы желі ролінің артып отырғаны.

Бүгінде әлеуметтік желіде екінің бірі тіркелген десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, жастар бір емес, бірнеше желіден жеке парақшасын ашып, белсенді қолданып келеді. Олар күнделікті ақпараттың негізгі бөлігін әлеуметтік желілерден алады. Біреулер үшін интернеттегі бұл кеңістік – табыс табу жолы болса, енді біреулер білім алып, тәжірибесін дәл осындағы платформаларда шыңдауда. Дегенмен, әлеуметтік желіге тіркелгендердің көпшілігі онда бос уақытын өткізіп, ермек қылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, интернет қолданушыларының дәл осы тобы, яғни нақты мақсатсыз, жай ермек үшін желіні қолданатындар – түрлі тұзаққа оңай түсетіндер екен.

 

Ол қандай тұзақ?

Интернет маркетинг дәуірлеп тұрған тұста «тұзақтың» да түр-түрі толып жатыр. Әрі олардың көпшілігі жастар пайдаланатын әлеуметтік желілерде орналастырылады. Өйткені көз алдындағы ақпаратты жан-жақты талдауды, оның ақ-қарасын ажыратуды білмейтін немесе оған мән бермейтін бұл топ – белгілі маркетингтік жүйемен жұмыс жүргізетіндер үшін оңай олжа. Басқаша айтсақ, іздегенге – сұраған. Интернетте ерігіп отырғандар «жылт» еткеннің бәрін бір көруге құмар. Ал ондағы жарнама мен жасырын ойды оқуға уақыт, байқауға білім жетпей жатады. Соның салдарынан тұзаққа түсіп, батпаққа бататындар да көп. Қажетсіз затты сатып алу, құмар ойындар, қаржы пирамидалары мен несиелер – бұл батпақтың бергі жағы. Жылтылдағанның соңынан еремін деп, түбінде радикалды діни ағымдарға кіріп, экстремистік топқа мүше болып, Сириядан бір-ақ шығып жатқандар қаншама?! Олар – желіде жарияланған ақпараттың астарын аңдамай, ойнап отырып, от басқандар.

Психолог мамандардың айтуынша, желі террористерінің қақпанына қандай да бір қиындыққа тап болған, өмірге өкпелі, өз ортасының қолдауын көрмеген, ата-анасының, жақындарының мейіріміне зәру жандар түседі екен. Олар туыстарынан сезіне алмаған жылуды желідегі «жерлестерінен» іздейтін көрінеді. Сондықтан бұл топқа жататындар үшін монитордың арғы бетінде кімнің отырғаны, оның түпкі ойы мен мақсат-міндеті емес, сол сәтте өзіне қолдау білдіріп, қолпаштап отыруы маңызды.

«Құрбанының» психологиясын бес саусағындай білетін уағызшы бастапқыда бас изеп, олар не десе де қолдау білдіріп хат алмасқанымен, уақыт өте өз дегенін орындатып, өзгелерге қарсы қояр жендет дайындап шығады. Әлеуметтік желілерде хат алмасу процессі айлап, тіпті жылдап жалғасуы мүмкін. Мұнда оң-солын әлі танып үлгермеген жас қыздар «махаббат құрып», басы айналып отырып-ақ кибертеррористердің қуыршағына айналады. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар еліміздің кейбір өңірлерінде тіркелгені туралы БАҚ беттерінен оқып та жүрміз.

 

Тұзаққа түскендердің әрекеті

Интернет арқылы арампиғылдылар әлемнің кез келген нүктесінде өздерінің жымысқы ойларын іске асыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Әрі террористік топтар үшін ақпараттық технологиялармен жұмысын жүргізу әлдеқайда арзан, қолжетімді, үлкен аумақты оңай қамти алады. Осылайша терроризмнің жаңа түрі – кибертерроризм деген ұғым да пайда болды. Терроризм дегеніміз – жекелеген адамға, қоғамға, мемлекетке қарсы күш қолдану, зорлық-зомбылық жасау болса, кибертерроризм өз мақсатын жаңа ақпараттық технология, интернет күшімен орындайды. Яғни денеңізге ешқандай жарақат салмаса да, санаңызды улап, ойыңызды өз ыңғайына қарай өзгертеді. Аудио-видео материалдар арқылы тыңдаушыға гипноз жасайды.

Мұндай «вирусты» мәліметпен сусындаған желі қолданушысының ары қарайғы әрекеті белгілі. Қоғамнан бөлектеніп, әдепкі өмір салтын өзгертуден бастайды. Киім киісі, жүріс-тұрысы танымастай өзгеріп, тіпті туыс-туғанымен ара қатынасы алшақтайды. Өзінен өзгелердің барлығын кәпір көріп, «мұсылмандықтың ақ жолына түстім» деп, қараңғылықтың тас түнегіне еніп бара жатқанын байқамайды да. Санасы, психологиясы уланған адам тек өзінікін дұрысқа балап, өзгені тыңдауға құлық танытпайды.

Құрбанының дәл осы күйін күткен кибертеррористер оған араласатын «өз ортасын» тауып береді. Осылайша әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде олардың топтары, чаттары пайда болады. Сол жерде білімдерін жетілдіріп, теріс пиғылды идеологтардың уағыздарын тыңдайды. Әрі бір-бірімен бөлісіп, экстремистік сипаттағы мәліметтердің интернет желісінде көбеюіне, кеңінен таралуына себепші болады.

 

Мониторинг мәліметі мынандай

«Интернет желісі арқылы таралып жатқан алдау-арбау мен зорлық-зомбылыққа, экстремистік сипаттағы мәліметтерге тоқтау қояр қандай да бір шаралар жасалып жатыр ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Өйткені барлығымыз да – ақпараттық технологиялардың тұтынушысымыз. «Абайсызда кибертеррористердің тұтқынына айналмаймыз ба?» деген де қауіп жоқ емес. Бұл сұрақты Алматы облысының Дін істері басқармасы Мониторинг бөлімінің басшысы Айдос Игенбайға қойдық. «Терроризм – бүгінде бүкіл әлемге төніп тұрған қауіп. Оның алдын алу және жою жұмыстары қай елде де тыңғылықты жүргізіліп отырады. Әлеуметтік желілерде таралып жатқан экстремистік сипаттағы мәліметтер, діни терроризм мен экстремизмді насихаттайтын аккаунттар мен топтарға үнемі мониторинг жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, жыл басында облыс бойынша теріс ағымды насихаттайтын топтарға тіркелген желі қолданушыларының саны 40 мыңның үстінде еді. Тиісті жұмыстардан кейін бұл көрсеткіш 20 мыңға түсті. Мұнда ескере кететін жайт, интернет қолданушыларының саны күн санап артып жатқандықтан, бұл көрсеткіш үнемі жаңарып отырады», – дейді Айдос Игенбай. Басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, теріс ағымдарды насихаттайтын топтарда тіркелген осы 20 мың адамның 1561-і біздің Еңбекшіқазақ ауданынан екен.

Алматы облысы бойынша дәстүрлі емес діни ағымдардың әлеуметтік желідегі аккаунттары мен топтарына тіркелген қолданушылардың басым бөлігі – 18-30 жас аралығындағы жастар. Ал екінші орында 18 жасқа да толмаған жасөспірімдер тұр. Тағы да мониторинг мәліметтеріне мән берсек, дәл осы 18 жасқа толмағандардың басым бөлігі ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне тіркелген. Жалпы, елімізде қазіргі таңда 4 миллион белсенді интернет қолданушысы бар екен. Яғни жеке парақшаларына күнделікті бірнеше пост жариялап, өзге аккаунттар мен топтардың материалдарын бөлісіп, пікір алмасып, әлеуметтік желінің басқа да функцияларын кеңінен қолданатын белсенді қолданушылар. Бұлардың тең жартысы – жоғарыда айтқан «ВКонтакте» желісінде тіркелгендер. 53,8 %-ы – ерлер, ал 46,2 %-ы әйелдер.

Әлеуметтік желілердің белсенділігі жағынан екінші орында «Инстаграм» тұр. Соңғы уақытта жедел қарқынмен дамып келе жатқан бұл желі қолданушыларының негізгі бөлігі – әйелдер. Мұндағы белсенді 1,5 миллион адамның 71,9 %-ы қыз-келіншектердің үлесінде, ал 28,1 %-ы – ер адамдар.

Қолданушыларының белсенділігі жағынан үшінші орында ресейлік тағы бір әлеуметтік желі «Мой мир» орналасқан. Одан кейін «Facebook», «Одноклассники», «Twitter» тұр. Осы аталған желілерде тіркелген қолданушыларды жалпы алып қарасақ, олардың басым бөлігі – 53 %-ы – әйелдер, ал 47 %-ы ерлер екен.

Теріс ағымдарды насихаттайтын, олардың жұмысын жүргізетін аккаунттар мен топтардың 90%-ға жуығы көршілес Ресейдікі көрінеді. Деструктивті ағымдар туралы әлеуметтік желілерде таралатын мәліметтердің негізгі бөлігі орыс тілінде жарияланған.

 

Заң алдында жауап береді

Дәстүрлі емес діни ағымды насихаттайтын уағызшылардың аудио-видео материалдары сан мыңдаған қаралыммен әлеуметтік желілерде де, видеохостингтерде де толып тұр. Мессенджерлер арқылы таралып жатқаны қаншама?! Бір өкініштісі, бұл материалдарды таратушылардың көпшілігі білімнің жоқтығынан, аудио-видеода айтылған ойдың түп-төркініне үңілместен, негізінен, жақсы пиғылмен жақындарына жіберіп жатады. Мысалы, жұма сайын қолымыздағы телефонға жан-жақтан толып түсетін «Жұма мүбәрак болсын!» деген сынды жазуы бар сурет-видеоларда араб әліпбиімен жихадқа шақыратын мәтіндер жазылған жайттар да кездеседі екен. Біз тілді білмегендіктен, еш арам ойсыз оларды таратып жатырмыз. Ал бұл білімсіздік пен бейқамдықтың салдары заң алдында жауап беруге дейін апаратынын ойламаймыз да.

Діни экстремизм белгілері бар материалдарды әлеуметтік желілерде қайта орналастырғаны және ондағы ұнату белгісін басқаны, бөліскені үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал осы заңның 256-бабында терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе таратумен айналысқандарға бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны жазылған.

Иә, дәстүрлі емес діни ағымды насихаттаушылармен күрес жан-жақты жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да өз жемісін беруде. Әлеуметтік желілерді жымысқы ойлары үшін кеңінен қолданатын арампиғылдыларға қарсы күрес қылмыстың тамырына балта шаппай, жұмысын тоқтатпайды. Осы орайда тек тиісті органдар ғана емес, еліміздің әр тұрғыны жоғарыда айтқандарымызды ескере отырып, бұл күресте бірлесе күш жұмсаса дейміз. Өйткені бұл қылмыстың белең алуына жағдай туғызып отырған да – өзіміз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Оқылды 1652 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет