СЫНАПТАЙ СЫРҒЫҒАН УАҚЫТ ЖЫЛЖЫҒАН САЙЫН ӘЛЕМДІК ТЕХНОЛОГИЯ ДА ІЛГЕРІЛЕП, АДАМЗАТ ӨМІРІНЕ ЖАҢАШ ҚАУІПСІЗ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА. ӘСІРЕСЕ, ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ ҚАУПІН ТУДЫРЫП, ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗЕТІН ЭНЕРГИЯ ӨНДІРУ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС. БҮГІНДЕ САРҚЫЛАТЫН МИНЕРАЛДЫ РЕСУРСТАРДЫҢ КӨМЕГІМЕН ЭНЕРГИЯ ӨНДІРУ ӘДІСІНЕН ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ БАС ТАРТЫП, БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ДАМЫТУДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ. ӘРІ АРЗАН ӘРІ САРҚЫЛМАЙТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ПАЙДАЛАНУ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ ҚАРҚЫН АЛЫП, ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА.
Сарқылатын минералды ресурстардың көмегімен энергия өндіру, яғни, көмір, мұнай, газ және уран арқылы энергия өндіру өткен ғасырдың естелігіне айналып барады. Біріншіден, бұл қоршаған ортаға белгілі бір деңгейде зиянын тигізсе, екіншіден, жерасты байлықтары күндердің бір күнінде таусылары сөзсіз. Сондықтан, табиғаттың әлеуетін тиімді пайдалану адамзат үшін аса маңызды. Энергияны баламалы жолмен өндіру салыстырмалы түрде жаңа сектор болып есептеледі. Бұған күн сәулесі, жел, өзендегі су, жер астындағы жылу және биомассаның көмегімен энергия өндіру жатады. Бұлар әлемдік ғалымдар тарапынан сарқылмайтын әрі қоғамдық ортаға зиянсыз деп танылған.
Шындығында, қазіргі заманды электр энергиясынсыз мүлдем елестету мүмкін емес. Сол себепті де, электр энергиясын алудың шығыны аз, экологиялық таза көздерін табу бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналып отыр. Әлем бойынша электр энергиясын ең көп өңдіретін елдерге Америка Құрама Штаттары мен Қытай жатады. Бұл елдерде электр энергиясының өндірісі әлемдік өндірістің 20 пайызын құрайды. Соңғы кездері экологиялық проблемалар, пайдалы қазбалардың жетіспеушілігі және оның географиялық біркелкі емес таралуы салдарынан электр энергиясын өндіру жел-энергетикалық құрылғыларды, күн батареяларын, газ генераторларын пайдалану арқылы жүзеге аса бастады. Сондықтан, болашақты ойласақ баламалы энергия көздерін қолданысқа енгізуге басымдық беруіміз керек.
Ғалымдардың зерттеуіне сенсек, сағат сайын Жер Күннен 1014 кВт энергия алады. Күн энергиясының 1-2 пайызы жел энергиясына түрленеді. Бірнеше мыңдаған жылдар бойы адамдар желді энергия көзі ретінде пайдаланған. Жел энергиясын пайдаланып желкен көмегімен жүзген. Жер суландыру кезінде, жел диірмені ретінде дәнді-дақыл өнімдерін ұнтақтау үшін қолданған. Жел энергиясының қоры бүкіл планета өзендерінің гидроэнергиясынан 100 есе асып түседі. Сондықтан желдің әлеуетін пайдалану тиімді және қауіпсіз болып есептеледі.
Болашақта атауы айтып тұрғандай, сарқылатын байлықтардың түбі көрінетіні айдан анық. Бұл жағдай жел мен күн, су энергиясы секілді сарқылмайтын энергия көздерін қолданысқа енгізуге алып келеді. Әлем қазірден-ақ осы қадамға бет бұруда. Арзан электр энергиясын қолданысқа енгізуге бағытталған «Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жел және су күшімен өндірілетін электр энергиясына қол жеткізу жолдары қарастырылуда.
Ғасырлар бойы түрлі мақсаттарда адам баласына қызмет еткен жел энергиясы бүгін электр қуатын өндіру үшін қолданылуда. Жел әлеуеті жоғары жағалауларға, ашық теңіздерге, сайларға құрылатын жел трибуналары кинетикалық энергияны электр энергиясына айналдырады. Осы әдіс өте арзан және таза. Әртүрлі көлемде болатын жел трибуналары аймақтық және жеке қолдану үшін де ыңғайлы. Электр қуатын жеткізу қиын және қымбат жерлерде осы әдіспен электр өндіруге болады. Жел энергиясы – табиғи ресурстардың және табиғат балансының қорғалуында ең ықпалды құралдардың бірі.
Негізінен, әр мемлекет өз табиғатының әлеуетіне қарай баламалы энергия көздерін дамытуды қолға алған. Айталық, қазіргі күннің өзінде Ирландия мемлекеті жердің геологиялық мүмкіндіктерін, яғни гейзерлерді пайдалану негізінде геотермальды энергия бағытын дамытуда. Ғалымдар геотермальды энергия көздерінің небәрі 1 пайызы игерілсе, адамзаттың энергияға деген тәуелділігі мүлдем жойылады дейді. Ал Испания мен Италия, Нидерланды мемлекеттері территориясы кең аймақтарға күн энергиясын өндіретін алып аппараттарды орналастырып жатыр. Сол тәрізді АҚШ елі Флорида штаты мен Маями қаласының маңынан өтетін мұхиттағы ең үлкен Гольфистрим ағысынан энергия өндіруді жоспарлап отыр. Негізінде, ХХ ғасырдың басында-ақ океонограф-ғалымдардың өзі мұхит кеңістігін энергия көзі ретінде игерілсе, адамзаттың миллиондаған жылына жетер энергияны өндіруге болатындығын айтқан.
Ал баламалы энергия көздерін дамытуға Қазақстанның әлеуеті қандай? Батыспен және Еуропа елдерімен салыстырғанда бұл салада Қазақстанның әлеуеті әлдеқайда жоғары. Ирландиядағыдай гейзерлер болмаса да, елімізде жыл он екі ай дамылдамайтын жел дәліздері, ағысы қатты өзендер, күн сәулесі тікелей түсетін жерлер жетіп-артылады. Дүниежүзі бойынша жел жіктелімінің 20 дан астам түрі тұрақты кездесетін, географиялық орналасуы және өте қатты ауа ағынының бар болуы елімізге мол жел энергиясын өндіру мүмкіндігін береді. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, еліміздің кейбір аудандарында желдің орташа жылдамдығы қалыпты жағдайда секундына 6 метрге дейін жетеді. Демек, Қазақстанның жел-энергетикалық әлеуеті жылына 929 млрд КВт-ты құрайды. Сол себептен жердің бетінен үлкен биіктікте соғатын жел энергиясын пайдалану біз үшін өте тиімді. Аудан аумағында да желдің өтінде орналасқан аймақтар бар. Шелек өңіріндегі Шелек жел дәлізінің әлеуеті жоғары, жел энергиясын өндіруге аса тиімді. Сондықтан бұл аймақта түрлі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, баламалы энергия көздері кеңінен қолданылуда.
Осы салаға жауапты аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2 жел электр станциялары электр қуатын өндіруде. «СамрукГринЭнерджи» ЖШС-нің қуаттылығы 5 МВт-ты құрайтын жел электр станциясы 2019 жылы іске қосылған. Сонымен қатар, «ВЭС Нұрлы» ЖШС-нің қуатылығы 9 МВт-ты құрайтын жел электр станцияларының алғашқы кезеңі 2019 жылы, екінші кезеңі 2021 жылы іске қосылып, жұмыс жүргізуде.
Аталған бөлім басшысы Нұрболат Серғалидің айтуынша, қазіргі таңда аудан тұрғындары 28-30 МВт электр қуатын тұтынады. Ал Есік қаласына қажетті электр энергиясы 8-10 МВт-ты құрайды. Сондықтан, аудан Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 21 ақпанындағы №72 қаулысымен бекітілген «2017-2025 жылдарға арналған қайта жаңартылатын энергия көздерін дамыту» бағдарламасын орындауға баса назар аударуда. Бұл салаға инвесторлар тартылып, көлемді қаражат игерілуде. Биылғы жылдың өзінде ауданда 2 жел электр станцияларының құрылысы аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Масақ ауылдық округінде «ЖерұйықЭнерго» ЖШС-нің қуаттылығы 50 МВт-ты құрайтын жел электр станциясының құрылысы 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталады. Жоба құны 16 млрд теңгені құрайды. Жобаға сәйкес, қазіргі таңда барлық 25 жел электр станцияларының қондырғылары орнатылған, сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, әкімшілік ғимарат, электр станциялары салынды, электр желілері толығымен тартылған.
Екінші ауқымды жоба Шелек ауылдық округінің аумағында жүзеге асуда. «Энергия Семиречья» ЖШС-нің қуаттылығы 60 МВт-ты құрайтын жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 25 млрд теңге. Қазіргі уақытта барлық 24 жел қондырғылары орнатылған, қондырғылар сынақтан өткізілуде. Аталған жел электр станциясы ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын түрі болып есептеледі әрі экологиялық жағынан да қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Сондықтан, күн энергетикасына деген сұраныстар жыл сайын артып келеді. Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын 100 пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен 30 жыл. Әр елдің ғалымдары осы қосымша энергия түріне ерекше мән беріп, оны дамыту жолдарын қарастырумен айналысуда. Осыған орай Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын құрылғыларды пайдалану деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл құрылғылар, бірінші кезекте, қауіпсіз әрі сарқылмайды. Десек те, қиындық тудыратын тұстары да бар. Айталық, күн электр станциясының қондырғылары қымбат әрі күтімді қажет етеді. Сонымен қатар, қондырғылар орнатылған жердің аумағы ыстық болады. Күн энергиясын қолданысқа енгізу оңай емес. Ол ғылыми-зерттеу мен осы бағытта ерен физикалық еңбекті талап етеді. Сондай-ақ ауқымды инвестиция да қажет. Өйткені күн энергиясын алатын тиімді қондырғылардың құны да қымбат. Ал жел электр станциясында мұндай қиындықтар жоқ, тіпті, жел қондырғыларын ауыл шаруашылығы жерлеріне орнатуға болады. Ғалымдардың пайымынша, Қазақстандағы күн энергетикасының әлеуеті жылына 2,5 млрд кВт-ты құрайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданымызда күн электр станциясын салу бойынша инвесторлар тартылып, Сөгеті ауылдық округінің аумағында ірі жобаны қолға алу жоспарланған. Бірақ, белгілі себептерге байланысты жоба жүзеге аспай қалды.
Электр энергиясын өндіруде су электр станциялары да жетекші рөл атқарады. Елімізде баламалы энергия көздерінің басым бөлігі осы су электр станцияларына тиесілі. Ауданымызда да өзендердің әлеуетін тиімді пайдалану жүзеге асып, бүгінгі таңда бірнеше гидроэлектр станциясы жұмыс істеуде. Есік өзенінің бойында қуаттылығы 12,5 МВт болатын 4 су электр станциялары, Түрген өзенінің бойында қуаттылығы 1,4 МВт-ты құрайтын су электр станциясы жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, Асы ауылдық округінде «Алтын Гидро» ЖШС 2023 жылы қуаттылығы 5 МВт-ты құрайтын су электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, алдағы жылдарда Сөгеті ауылдық округінде «Жарық Су ЛТД» ЖШС қуаттылығы 33,1 МВт су электр станциясын салады. Жоба құны 2,5 млрд теңгені құрайды.
Қалай десек те, баламалы жаңартылған энергия көздері адамзат үшін тиімді, қоршаған ортаға пайдалы екені сөзсіз. Сондықтан әлемнің алдыңғы қатарлы елдері толығымен баламалы энергия көзіне ауысу үшін қамданып жатыр. Еліміз де көштен қалмай, мүмкіндігінше табиғаттың әлеуетін тиімді пайдалануда.
С.НҰРАДИН.