Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024 18:20

Күркіреп өтті-ау сол күндер

Тәуелсіздік туын тіккен Қазақстан үшін 1986 жыл өшпестей боп тарихта қалды. Өткен ғасырдың соңғы онжылдықтарындағы бұл елеулі оқиға, желтоқсан көтерілісі, асырып айтқандық емес, әлемді дүр сілкіндіргені рас. Алматыдағы Л.Брежнев атындағы алаңдағы қазақ жастарының жалынды намыс-жігерге толы кеуделерін солдаттардың саперлік қалақша-күректеріне қарсы қоюы жетпіс жыл тоталитарлық жүйеде өмір сүрген мемлекеттердің бұғаудан шығуына бірден-бір бастау-бұлақ болғаны даусыз. Мезгілі жетіп піскен жеміс түспей,үзілмей қоймайды. Бұл да көп жыл шешімін күткен ең күрделі мәселенің бірі еді. Сол кезеңдерде дүние есігін ашқан жастар желтоқсан көтерілісіне қатысты мәліметтерді естіп, дереккөздерінен оқып,есейді. Қыршын кеткен Қайрат Рысқұлбеков сол кезде небәрі 21 жаста еді ғой...

 

Желтоқсандағы жаңбыр...

 

1986 жыл. Сол жылы Алматы өңіріне қар қалың түсті. Көп кешікпей желтоқсан айының басында күшіне енген қыс айында, құдайым-ау, найзағай ойнап,күннің күркірегенін қайтерсің! Нөсерлетіп жаңбыр жауды. Ол қарды сығымдап, сірестірген көктайғақ мұзға айналдырды. Қызметім Алматы облыс-тық «Жетісу» газетінде болғанымен, қаланың сыртында тұрушы едім. Автобустан аялдамадан түскен соң, тура 1,5 шақырым  жаяу жол жүретін мен үйіме жеткенше мұзға неше мәрте құлап-сүрініп, әрең келетінім әлі күнге есімде.Үлкендердің екі-үш күн қатарынан көкте найзағай ойнап, қыстағы күңіренген бейсауыт мынау орынсыз «қылығын» көріп: «Құдайым-ау, өзі сақтасын! Жаман ырымның бастамасы болмасын бұл. Соғыс  басталатын 1941-ге ауысатын жылғы қыста дәл осындай найзағай ойнап еді» дегендерін естіп, мұны қалайда жамандыққа емес, жақсылыққа ырымдап жорығанымызбен, тәңірім, сол жылы бәрібір төңкеріс жасауға әкеп бір-ақ тіреді. Бірақ бұл төңкеріс біздер үшін, қандастарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Қантөгіспен.

 

Бас редактордың белмесінде

 

1986 жылғы оқиға жаңа бастау алған 16 желтоқсан күні мен редакция-да түнеп шықтым. «Жетісу» газеті бас редакторының кабинетінде, басшының үлкен жұмыс столында жаттым дегенім болмаса, таң атқанша көз ілгенім жоқ. Бір жатып, бір тұрып, елегізумен болдым. Редакциямыз көк базардың тура қарсы бетіндегі көп қабатты әйнектелген көк үйде. Республикалық бүкіл газет-журнал, облыстық, қалалық барлық басылымдар бүгінгідей әр жерде емес, бір ғимаратқа шоғырланған. Тоғыз қабаттың біз 6-шы қабатындамыз. Көрпесіз, жазық тақтай стол жамбастан өткен соң, қайта-қайта терезеге келіп, тау жаққа қараймын. Қала шамдары жымыңдап тұр. Бәлендей ештеме білінбейді.

Күндіз осы оқыс оқиғаға катысты Фрунзе аудандық партия комитетіне (бүгінгі Медеу ауданы) шұғыл төтенше жиынға барып келген бас редактор Баймолда Мусин ағай дереу бүкіл редакция кызметкерлерін жиып, оқиғадан кысқаша хабардар еткен. «1917 жылғы Октябрь төңкерісі кезінде алдымен пошта, байланыс орындары басып алынған. Сондықтан редакцияға түнге кезекшілікке бір адам қалу керек», – деп шешкен редакция басшылығының ұйғарымы маған түскен. Коммунистпін. Бөлім меңгерушісі әрі редакцияның алқа мүшесімін. Жауапкершілікті жақсы сезінем. Ешқашан қоғамдық жұмыс-тан қашып көрген емеспін. Редакция кәсіподақ комитетінің төрағасы, Алматы облыстық партия комитеті партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, Қа-зақстан Журналистер одағы бастауыш ұйымының хатшысы, қабырға газетінің редакторы... Қойшы, әйтеуір, атқаратын жұмысым жетерлік. Қазір аңыз, өтірік естелік сияқты. Құдайым-ау, осының бәріне уақыт тауып, негізгі міндетімді де атқарып, газетке үзбей мақала-материалдар жазып, бәріне  де үлгергеніме, шыны керек, қазір кейде таң қаламын.

Таңды да атырдым-ау, әйтеуір. Сағат 9-да редакция ұжымы да түгел жиыла бастады. Бәрінің көңілі жабырқау, қабағы түсіңкі. Қайда болса да күбір-күбір, сыбыр-сыбыр, жыбыр-жыбыр әңгіме. Әңгіме төркіні түсінікті. «Елімізді талай жыл басқарған Д.Қонаевтың орнына бізден адам табылмағаны ма?! М.Горбачев Г.Колбинді сырттан неге бізге жібереді!?» Орыс, неміс, ұйғыр редакциялары да бар бұл ғимаратта. Журналистер бір-бірімізді бір жерде отырған соң, жақсы танимыз. Мына оқиғадан кейін өзге ұлт өкілдері мен біздің арамызға сызат түсе бастағаны салқын сөйлесулерінен айқын сезіледі.Емен-жарқын бұрынғыдай ашық әңгіме жоқ.

Желтоқсанның 17-сі, әлде 18-і күні «Саяхат» автовокзалынан Хасен Қожахметті кездестірдім. Оны сыныптасым Алтайдың туған бажасы болғандықтан, соның үйінде бір-екі рет дастархандас болғанымыз бар, сонау 70-ші жылдардың басынан танушы едім. Будан бұйра шашы толқын-толқын Хасеннің бүгінгі кескін-келбеті маған ұнай қоймады. Ішін кернеген ыза-кек сыртқа шығып, тебірене сөй-лейді. «Атаңа нағылет, бәрін терезеден көрдік қой. Телевидениеден бізді сыртқа шығармады. Ұрғанын, соққанын. Әсіресе, кыздарды аясашы!..» – дейді.

Ол сол кезде Л.Брежнев алаңы маңындағы телевизияда істейтін еді. Композиторлығы бар. Кроссвордтарын да ара-тұра редакцияларға әкеп беріп  тұратын. Ол  Есіктегі үйіне беттеді, мен Талғарға тарттым.

Кешікпей Хасен Қожахметтің қамауға алынып, ұсталғанын, оның үстінен іс қозғалғанын естідім. Уақыт төреші бәріне, өз орнына қояды ғой. Абақтыдан Хасен де кейін босатылды.

 

Куратор құтқарған қыз

 

Газет-журналдардың бәрі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің редакция маңына орналасқан бас-паханасында басып шығарылады.Баспаның кадрлар бөлімінің бастығы қызметіне көп жылдар  бірнеше аудан-дық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеп, зейнеткерлікке шық-қан, көпшілікке  сыйлы да, беделді бір азамат тағайындалған-ды. Қазір аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Өмірден озды. Сол кісі қолы бос, уақыты көп қой деймін, түс ауа келеді де, бас редактордың кабинетіне кіріп алып шықпайды. Жасы үлкен кісі. Редактор да «жұмысым бар еді» деп айтпайды. Әйтеуір не айтатыны белгісіз, отырып алатынды шығарды. Ол кісі іште отырғанда шаруасымен келген адам да бас редакторға баса-көктеп кіре алмайды. Оның үстіне отырған хатшы қыз да жібермейді. Әйтеуір күнде келіп, бас редакторды зығырдан еткен болуы керек, бір күні басшымыздың өзі: «Ол кісі отырып алған кезде ішке біреулерің бас сұғып, жиналыс басталатын уақыт болды деп айтыңыздаршы» деп  қызметкерлеріне өтініш жасады. Айтқандай-ақ, солай істейтін болдық. Ішке бас сұғып, айтқаннан әлгі кісі «Жарайды енді» деп, есікке карай беттейтін болды. Редакторымыз «қадірлі» ағадан осылай құтылды. Кейін түсінді-ау дейміз, келуін сиретті. Кірсе де «жиналыстарың бар шығар» деп, көп ұзамай жөнімен кететін болды. Күнде сағат бесте келесі күнгі газеттің  макетін талқылаймыз. Оған редакция алқасы, бөлім меңгеру-шілері түгел қатысады. Одан іле-шала шығып жатқан газеттің «оттискасы» сол құраммен тағы қаралып, сүзгіден өткізіледі. Әлгі аға осындайда кіріп ап басшымыздың көп уақытын «жеп» қоюшы еді. Мәселе мұнда да емес. Ол кісінің мақтаныш қып үнемі жиі айтатыны «Желтоқсан оқиғасына қатысқан бәлен деген жұмысшыны шығардым, түген дегенді жұмыстан қуғыздым» болатын. Осы сөзді естіген көп жігіттер ол кісіні жақтырмай, оған суына қарай бастаған. Расында да, оның несін мақтаныш етеді дерсің.

Қазір аты-жөні есімде калмапты,өзі де көп істемеді, корректор болып бір қазақтың қызы келген-ді. Жиі ауырады.Жұмысқа жарамсыздық қағазын (бюллетень) кәсіподақ комитетінің төрағасы болғандықтан, маған тапсырады. Бір күні білмек болып, сыр тарттым. Сонда көзіне мөлдіреп жас үйірілген әлгі қыз баланың біраз үнсіз отырып, былай деп тіл қатқаны есімде: «Аға», – деді маған жанарын тік қадап, «Мен енді ешқашан жар сүйе алмаймын, жар сүйгенмен, бала туып, шаңырағымызды шаттыққа бөлейтін сәби күлкісін мен... мен енді... ешқашан сәби  сыйлай алмаймын». Бұл сөзді естігенде менің де көзіме жас үйіріліп, жүрегім сыздап, ләм-мим дей алмай, тілім күрмеле берген. Жағдайды бірден түсіндім. Сол кездегі Абай атын-дағы педагогика институтының көркем графика факультетінің үшінші курсында оқып жүрген ол студент құрбы-қыздарымен бірге әйгілі алаңға барған.Сарт-сұрт етіп, сауыт киген солдаттар шашынан сүйреп, ұрып-тепкілеп, машинаға тиегенін біледі, арғы жағы есінде жоқ. Танған есін камерада бір-ақ жиған. Қан-жоса жағалай отырған қазақтың кіл жастары. Қайсы бірі ауыр соққыдан ыңырсиды, есінен танып жатқан, бүрсиіп отырғандары қаншама!

Содан қудалау басталған. Оқу орнына соңынан куып, шара қолдану жөніндегі тиісті орындардың жіберген қаралау қағаздары да жеткен. Кураторы адамгершілігі зор бір орыс әйелі екен, әлгі байғұс мұны арашалап алып қалу үшін талай әлекке түсіп, шыр-пыр болыпты. Әділдігін айтып, жақсы оқитындығын, тәртібінің түзу  екендігін желеу етсе де, ізіне түскендер көнбепті. Ақыры мұның қыр соңынан қалмайтынын білген кураторы бұған «арыз жазып, денсаулығыңа байланыс-ты бір-екі жылға демалыс ал» деп ақыл-кеңес беріпті. «Сол кураторыма, орыс әйелге мың да бір рахмет!», – деді ол көзінің жасын тыйып.

Тепкіден жатыры зақымданыпты.Ота жасалынып, алып тастапты. Басы да қатты жарақат алған. Осылардың  зардабы екен жиі ауыратындығы. Міне, бұл шындық. Дәл осы қыздың тағдырына ұқсас жайттардың көп болғанын жоққа шығара алмаймыз.

 

Дәйекті сөйлеген  директор

 

Желтоқсан көтерілісін басуға қатысқан, сол іспен айналысқан біраз кісілер сексенінші жылдардың соңына таман марапатталып жатқанда, ол марапатты алудан бір қазақ полиция қызметкері бас тартты. Ол баршаның есінде.

Сол жылдары газеттің өнеркәсіп, кұрылыс және транспорт бөлімін басқарушы едім. Алматыдағы барлық зауыт, фабрикаларда, көптеген өнеркәсіп, құрылыс орындарында болғаным бар. Сонда бірде Алматы кілем фабрикасы директорының кабинетінде сұхбаттасып отырған біздің үстімізге ай-шай жоқ екпіндете сарт-сұрт еткен екі-үш жігіт кіріп келді. Аман-саулық жоқ, бірден:«Сіз алаңға барған жұмысшыларыңызды  қашан жұмыстан шығарасыз, қандай шара қолданғаныңызды бізге қағаз жүзінде мәлімдейтін болыңыз!» – деді өктем дауыспен. Үш әріптің, сол кездегі КГБ-ның қызметкерлері екенін түсіне қойдым. Директор әйел еш сасқан жоқ. Оларға: «Мен ешкімді де жұмыстан шығара алмаймын. Барса, жұмыстан кейін барды олар алаңға. Ешқандай бізде тәртіп бұзған жоқ. Олардың бәрі де еңбек озаты қатарындағы қыздар», – деді міз бақпай. Ойланып отырып қалды да, сәлден соң сөзін жалғады. «Қанша күн болды, маза бермей келіп жүр. Тәртіп бұзбаса әрі жұмыстан кейін барса, барғанның өзінде де ешкімге ешқандай залал келтірмеген болса, мен қалай қыздарымды жазаламақпын», – деді күйіне сөйлеп, шығып кеткен әлгілерді жазғыра. «Осы қазақ бауырларым қызық», – деді сөзін түйіндеп, «Шаш ал десе, бас алатындары бар.Бізде болса ғой, Өзбекстанда, мұндайға жол бермес еді».

Бұған дейін директормен талай рет сөйлесіп жүріп, материал жазып, интервью алып жүріп, ол кісінің өзбек қызы екенін шындығында білмеп едім. Үнемі қазақша мүдірмей әрі таза сөйлейтін директор ханым ұлтын өзі айтпаса, білмейтінім анық еді.

Міне, содан бері отыз сегіз жыл жылжып өтті. Әйтсе де, сол сұрапыл күндер есімнен кетер емес. Тәуелсіздігімізге қол жеткізуімізге бұлақ бастаушысы болған қазақтың қайсар қыздарына, жасымай-тын жігерлі жігіттеріне, жазықсыз құрбан болған желтоқсандықтарға мың тағзым!

 

 

Марат ӘБДІХАЛЫҚ,

Қазақстанның

құрметті журналисі,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақ

журналистикасының қайраткері.

Оқылды 209 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…
Желт 19, 2024

Экономиканы ырықтандыру жөніндегі…

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылғы 8…
Желт 19, 2024

Алматы облысы Әділет департаменті…

Жыл бойы тұрғындардан 6502 өтініш түсіп, олардың әрқайсысына толық әрі қанағаттанарлық…
Желт 18, 2024

Еңбекшіқазақ ауданында «AMANAT»…

Аудандық партия филиалының төрағасы Б.Б.Рахимов арнайы брифинг өткізіп, атқарылған…
Желт 13, 2024

Алматы облысында балық шаруашылығын…

Өңірде балық шаруашылығы саласын дамыту қарқын алуда. Балқаш-Алакөл бассейндік балық…
Желт 13, 2024

Алматы облысында жүк көліктерінің…

Жолдың жағдайын ретке келтіру мемлекеттік саясаттық басым бағыттарының бірі. Бүгінгі…
Желт 13, 2024

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және…

«Алматы облысы өнеркәсіп, сауда және экспортта рекордтық өсім көрсетті» Астанада Орталық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет