Кешегі 1986 жылдың желтоқсаны халқымыздың тарихында өшпейтін қасірет қалдырғаны анық. Қаншама жас қыршын кеткен сол бір күн ұлтымыздың жазылмас жарасына айналып қала берді. Қаншама ғұмырдың болашағына балта шабылғаны тағы бар. Еркіндік пен теңдікті аңсаған қазақ жастарының ешкімнің үгіт-насихатына ермей, бәрі бір ауыздан, өз еріктерімен көтеріліске шыққанына, алаңда көрсеткен ерліктеріне қайран қаласың. «Қазақты қазақ қана басқарсын» деп шырылдаған сол кездегі жастардың ерлігі зор құрметке лайық. Әрі оларды ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Тәуелсіздік мерекесі таяғанда 1986 жылдың 16 желтоқсандағы көтеріліске қатысушы, республикалық «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Арыстанбек Құлахметовпен сұхбаттастық.
– Құрметті Арыстанбек аға, сұхбатымызды бастамас бұрын өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз.
– Мен 1961 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында Ғани Мұратбаев ауылында туғанмын. Сол ауылдың орта мектебінде білім алдым. 1980-1983 жылдар аралығында теңіз флотында қара теңізде әскери борышымды өтедім. Әскерден оралып Қазалы ауданында 2 жыл құрылыс бригадирі болып қызмет жасадым. 1985 жылы Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік жоғарғы оқу орнына (АГУ) көркем сурет графика факультетіне түсіп, оқуымды 1990 жылы тәмамдадым. Кейін жолдама-мен Есік қаласына аттандым. Бұл жақта Есіктегі Р.Тоқатаев атындағы тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына атсалыстым. Аудандық білім бөлімі мен Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде қызметтер атқардым. 2008 жылдан бері Бөлек ауылы М.Горький атындағы орта мектебінде мамандығым бойынша сызу пәнінен сабақ беремін.
– Келесі сұрақ бәріне қызық болар. Алаңға қалай шықтыңыз? Ол жерде көзбен көргендеріңізді баяндап берсеңіз.
– 1986 жылы мен 25 жастамын. Абай атындағы мемлекеттік университетте 2 курста оқып жүрген кезім еді. Асханада тамақтанып отырған кезімізде көрші университеттің бір топ студенті келіп: «Қонаев атамызды орынынан алып тас-тап, біз танымайтын айдаладағы Ульновск губерниясының бас хатшысын Қазақстанға бастық етпекші екен» деп шулады. Бәріміз ойланбастан алаңды бетке алып, жол-жөнекей басқа да оқу орындарындағы жастарды қоса ертіп аттана бердік. Біз алаңға жеткен сәтте 10 мыңдай адам болды. «Урал» машиналарымен алаңды қоршап қойған екен. Дегенмен көптің күшіне таңқалдым. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын халық әні «Елім-ай» әнін бүкіл жастар айтқан кезде, денеміз тітіркеніп, рухымыз қатты көтерілді. Әннің де құдіретіне таңқалдым. Сондай екпінмен қарсылық көрсеткенімізде «Урал» машиналарын сіріңкенің қорабындай етіп тас-талқанын шығардық, қоршауды бұзып-жардық. Сол жерде өз талабымызды айтып, таяқтың астында қалдық. Мен қазақ қыздарының батырлығына басымды идім сол кезде. Жігіттеріміздің намысын жанитын сөздерді айтып, алға ұмтылғандары әлі көз алдымда. Біз қолдан келгенше соққыға жығылған қазақ қыздарын қауіптен құтқаруға тырыстық. Өзіміз де таяқтың астында қалдық. Біздің екпінімізді қайтара алмайтындарын түсініп, өрт сөндіру көліктерімен су шашты, БТР көліктерімен де қысым көрсетті.
Кеңес одағынан көрген езгіден әбден шаршаған шағымыз еді. Қонаевты қызметінен алу сонша жылғы іштегі жинақталып қалған шер мен ызаны шығару үшін себеп болып кетті. Бүгінгі ұрпақ білмеуі мүмкін, сол кезде дүкен-дерге кірсең сатушылар «орысша сөйле» деп тұратын. Өз елімізде шектен тыс өгейлік көрген едік. Мен желтоқсан оқиғасын «ұлт-азаттық көтеріліс» деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі бостан-дықты аңсаған жастардың ісі еді бұл. Ол кездегі жастардың пат-риоттық сезімін мен сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Қазіргі таңда аудан көлеміндегі желтоқсаншылар ұйымын басқарып отырсыз. Осы ұйым жұмыстары мен мақсаты жөнінде мәлімет берсеңіз.
– Біздің жұмысымыздың негізгі мақ-саты – келешек ұрпаққа тәрбие беру. Тәуелсіздікті өз өмірінен артық көрген, алаңда ерліктерін танытқан замандастарымызды үлгі ету. Жастардың отансүйгіш, егемендікті қадірлейтін, ел мен жерді шынайы жақсы көретін азамат болып жетілуіне атсалысу. Осы орайда айта кетпесем болмас, Есік қаласынан жер алып, Желтоқсан батырларына арнап ескерткіш қойсақ деген ойымыз бар. Бұл туралы аудан әкіміне хат жолдадық, алдағы уақытта оң шешімі табылады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Желтоқсан батырларына аудан көлемінде жеңілдіктер берілсе деген ұсынысымыз бар.
– Әрине, Желтоқсан батырларына деген құрмет үнемі санада тұру керек деп есептейміз. Боздақта-рымыздың ерлігін ел ұмытпауға тиіс. Бүгінде желтоқсаншылардың ақталу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?
– Жуырда Алматы қаласында прокуратурада кездесу өтті. Бұрын қақтығыс кезіндегі суретке түскендер ақталатын еді, қазір түрмеге түскендерді ақтап жатыр. Мен ақталу деген дүниені түсінбеймін. Өз басым үнемі шақыртулар болса да, былтырғы жылдың желтоқсанында ғана желтоқсаншы болып тіркелдім. Өзіме «неге?», «не бітірдім?» деген сұрақтарды қоятынмын. Мінезім де көп адамға жақпаған соң, көп дүниеге көңілім толмайтыны тағы бар, тіркелуге ұмтылмаған едім. Тіркелген себебім, желтоқсаншы курстастарым қоғамдық бірлестікке барған сайын мені «бізді бастап барған адам сол еді» деп айта берген екен. Кейін бірлестік басшысы өзі хабарласып шақырып, қолыма бірден куәлігімді ұсынды. Қолды бастап алаңға барған кезімді дос-жарандарымның бәрінен естіген соң, бас тартсам да қолқалап, аудандағы қоғамдық бірлесті-гіміздің филиалына төраға етіп мені тағайындады.
– 86-дағы боздақтарымыздың ерліктерін насихаттау жұмыста-рына көңіліңіз тола ма?
– Иә, жастармен патриоттық тақы-рыпта кездесу шараларына жиі шақыр-ту алып тұрамыз. Көргеніміз бен біл-генімізді бөлісуден шаршамаймыз. Жалпы насихат жұмыстары мектептерде жақсы жүргізіледі. Жастарымыздың патриоттық сезімдері мақтайтын хәлде емес, оны жасырмаймыз. Бұлай болуының өзіндік себептері де бар. Ұстаз болғандықтан білеміз, қазір құрылысшы, егінші, көлік жөндеуші секілді мамандықтарды игеремін дейтін жасты кезіктірмейсің. Ойлары заңгер, экономист, прокурор, сот болу, бәрі бір жердің бастығы болғысы келеді. Қала берді шетелге көшіп кеткісі келетін жас-тар көп. Бұл қуанатын нәрсе емес. Ел мен жерге, болашақ үшін еңбектенетін буын қалыптасса екен дейміз. Үлкен-дерді толғандыратын жайт осы.
– Сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін мың алғыс!
Тілдескен
Ринат НАРХАНОВ.