1940 жылдың 24 сәуірі
Олжаевтар әулеті үшін
ерекше күн болды. Өйткені, нақ аталған күні Сухан Олжаевтың шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Осы кезеңде Кеңес одағының құрылғанына
жиырма жылға жуықтаған болатын. Ата-ана ақылдаса келе, ұлына азан шақырып, Кеңес деп ат қояды. Сол Кеңес кешегі Кеңес одағы кезінде Республикада жүздеген жоғары білімді балық мамандарының бірі әрі бірегейі болды.
Кеңес Суханұлының туғанына биыл 85 жыл толады. Кезінде ерен еңбегінің арқасында «Қазақстандағы балық ша-руашылығының бағбаны» атанған танымал азаматтың өмір жолы, халқына істеген адал еңбегі ел аузында. Әсіресе, бұрынғы Шелек ауданының тұрғындары үшін танымалдылығымен есте қалды.
Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде, оның ішінде ихтиолог-балық өсіруші мамандығы бойынша білім алып, дипломын қолына алмай жатып, кімнің көзі түскені белгісіз, Кеңес Сұхановқа «құда» түсушілер кө-бейді. Өйткені, қазақ баласы қызығушылық таныта бермейтін мамандық иесі атанған Кеңес Қызылорда облы-сының Қазалы ауданындағы Арал теңізіне жақын, негізінен егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысатын «Қызылту» ұжымшарында өскендіктен, агроном болсам дейтін.
Алайда, Кеңесті тағдыр өзі иіп әкеліп, балықшылық кәсіптің арнасына түсірді де жіберді. 1964 жылы шілде айынан бастап, жолдамамен Шелек тоған балық өсіру шаруашылығына бас балық өсіруші болып алғашқы жұмысын бастайды.
Кеңес бұл жұмысқа келгенде шаруашылықта бес үй, шабақ алу, өсіру, күтіп- бағу ісімен айналысатын небәрі 24 адам жұмыс істейтін. Барлығы да жергілікті адамдар. Бұрын егін егіп, мал бағумен айналысқанмен, балық аулау ісін де меңгергенді. Алайда, оны қолдан өсіру-дің жайын біле бермейтін. Көпшілігі уақытша маусымдық жұмысқа ғана келетін адамдар еді. Ол Шелек тоған шаруашылығын қабылдап алған кезде, оның тек қағаз жүзіндегі сұлбасы ғана болатын. Су ағатын арналар тазаланбаған, балдырлар басқан тоғандарды кеңейтіп, тазарту жұмыстарын қолға алды. Сыммен қоршалып, бөлінген жер аумағында әбден тозығы жеткен оншақты ескірген техника тұратын. Балық өсіретіндердің жағдайы да мәз емес-ті. Кеңес Суханов көшіріп әкелген аралдық білікті және жергілікті балықшыларды жұмысқа жұмылдырудың нәтижесінде биік белес-ке көтерілген болатын.
Осындай іскерлік іс ілгері басып, 1964 жылы мемлекетке 124, 1965 жылы 650, 1966 жылы 1302 центнер балық өткізілді. Оның үстіне, бұдан кейінгі үш жыл бойы үстемелеп берілген жоспарды орындау тапсырмасы тоған шаруашылығын әбден тығырыққа тіреді. Балықшылар тұрақтамай, шаруашылықтың екінші кезеңін іске қосу мүмкін болмай, тіпті күнкөрістік табыстан қағыла бастады. Оның негізгі себебі, Шелек Алматы тоған шаруашылығынан жеке бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерген болатын. Осындай қиын кезеңде Республиканың Балық шаруашылығы министрлігі Кеңес Сухановты осы тоған шаруашылығының басшылығына тағайындайды.
Кеңес Суханұлы 1980 жылы Ленинградта өткен халықаралық «Ипрыбпром – 80» көрмесінде уылдырықты шелден айыру тәсілін ұсынды. Бұл зерттеуші ғалымдармен бірігіп жасалған жаңалықтардың бірі болғандықтан, тез кәсіби қолдау тапты.
Кеңестің еңбекқорлығы, жауапкер-шілігі, бастаған ісін аяғына дейін тыңғы-лықты орындау қабілетінің арқасында 300 млн ұрық беретін инкубация цехы ашылып, жасанды тоғандар, жасалып, іске қосылды. Қапшағай көлінен балық аулау көлемі ұлғайтылды.
Осындай еңбегі ескерілген Кеңес балық шаруашылығы саласында бірінші болып «Қазақстанға еңбегі сіңген балық өсіруші» деген дәрежеге ие болды. Шындығында ол заманда қызметте өсу жайы қазіргідей таныстық емес, тек өз еңбегіңе байланысты болатын. Он төрт жыл аталмыш шаруашылықтың басшысы болған Кеңес Сухановтың еңбегі өлшеусіз болғанын әріптестері әрдайым еске алып отыратын. Себеп қарапайым Шелек тоған балық шаруашылығын аяғынан тік тұрғызып, республикаға әйгілі етуінде.
Балық шаруашылық министрлігінде, Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында және Алматы тоған шаруашылығында бес жылдай қажырлы жұмыс атқарғанда да, ол ешқашан бірінші істеген жұмысын ұмытқан емес. Сондықтан болар, 1991 жылы Шелек балық комбинатына директор болып тағайындалды. Мұнда сегіз жыл, жеке қожалық ашқанға дейін істеді. Уақыт өте келе заман да өзгерді. Шаруашылық өтпелі ауыр кезеңді бастан өткізді. Қоғамда болып жатқан түбегейлі өзге-рістерге бейімделіп, шаруашылық аты мен басқару жүйесі де өзгерді.
Жетістікке жету үшін де кәнігі кәсіп иелерінен команда жасақтай білу қажет. Қыруар шаруаны игеруге де тәжірбиелі балықшылар керек. Бұл ойы туралы Кеңес Суханов «Тоған байлығы» атты кітабында: «Енді бізге тұрақты жұмыс істейтін, балық шаруашылығына шын берілген, оны кәсіп деп қарайтын маман балықшылар керек болды. Өйтпеген күнде осыншама көлемдегі жерге ба-лық өсіру мүмкін емес еді. Осыған орай балықшыны балығы бар жерден іздеуге Қазақ КСР Балық шаруашылығы минис-трлігінен рұқсат алдым», – деп жазады.
Осы ойын іске асыру үшін Аралға баруды жөн көреді. Өйткені Аралдың суы тартылғаннан бері ондағы балықшылар амалсыздан басқа шаруашылықтармен айналысуға мәжбүр болған еді. Алайда, оларды Алматы облысына әкелу оңай шаруа болмады. Осы сапары туралы ол: «... Сол кездері Арал теңізінің суы тартылуына байланысты көптеген балық колхоздары мал бағуға маманданып кеткен еді. Мен Арал ауылына қарайтын «Бөген» балық аулау базасында болып, ел басшыларымен, балықшылармен, олардың отбасыларымен кездесіп, келген шаруамды мәлімдедім. Бір күні таңертеңгісін жұмысқа шығар алдында ауыл басшысы балықшыларды жинап берді де:
– Ал Кеңес, осы отырғандардың бәрі теңіз толқынында шыныққан майталман балықшылар, абзал азаматтар. Сөйлес, тіл тапсаң, келіссе бізден ешқандай қарсылық болмайды, – деді.
Мен жиналғандарға Шелек тоған шаруашылығының жай-жапсарын, ерек-шелігін толық әңгімелеп бердім. Зал толы адам бір-біріне қарап үнсіз отыр. «Балық та өскен суын қимайды» дегендей, кіндік қаны тамған, туған жерін қимай отырғандары түсінікті», – деп еске алыпты Кеңес өз кітабында.
Екі ұшты ойда отырған балықшылар: «Тоғанда балық өсіреміз дейсіз, ол жерде өзен де, көл де, теңіз де жоқ. Сонда балық өсіретін мол суды қайдан аласыздар?» – деп сауал тастады. Кеңес те іркілместен: «Алматы облысы Алатаудың жанында емес пе?! Ол жақтағы аймақты Жетісу деп бекерге атамаған шығар. Жеті өзеннің Бал-қашқа құятынын жақсы білесіздер. Соның бірі – Іле өзені. Осы Іле өзенінің бір тармақшасы Лавар, біздің тоған шаруашылығы осы өзен бойында орна-ласқан», – деп жауап беріп, өзінің де осы «Қызылту» ұжымшарында дүниеге келгенін, әкесі Сухан Олжаев екенін айтқанда, тым-тырыс отырған балық-шылар:
– Ә, бәсе, өзіміздің бала екенсің ғой. Олжаев Суханды кім білмейді! Кезінде Қорғаныс қорына 100 мың сом (заманында қыруар қаржы) өткізіп, Сталиннен арнайы хат алған ардагер азамат қой, – деп дабырласып кетеді.
Осыдан кейін балықшылар Кеңеспен келісімге келеді. Ең алдымен «Бөген» балықшысы және «Социалистік Еңбек Ері» Төлеген Әлімбетов: «Арал теңізінің толқынында тербеліп өскен адам едім. Көңілім тоған балық шаруашылығына толыңқырамай тұр. Аралдың бір кездегі тайдай тулаған сазаны, күмістей жылтылдаған табаны, ақ шағаладай жарқылдаған ақ балықтары мен ақ марқалары жойылып барады. Сол себептен де болашақта сол балықтарды қолдан өсіру кең өріс алуы керек деп ойлаймын. «Қармақшының көзі қалтқыда» дегендей, біздің көзіміз балықта. Жатсақ та, тұрсақ та балық деп өскен жандармыз ғой. Балықсыз өмір сүре алмаймыз», – деп Кеңеске қолдау көрсетті.
Бұл туралы Кеңес кітабында: «Сол-ақ екен, біртіндеп көшетіндер көбейе түсті. Осы жолы Аралдан 10 отбасын көшіріп әкелдім», – деп еске алады.
1976 жылы көшіп келген және жергілікті балықшылар Қапшағайдан жылына 400-500 тонна балық аулауға қол жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар да шетінен шешіліп, екі пәтерлі 12 үй, балалар бақшасы, дүкен, орталық монша салынып, орталық қазандық іске қосылып, су құбырлары тартылды. Тоған жұмыс-шыларының айлық жалақылары көте-рілді. Жыл қорытындысында 8-15 мың сомға дейін сыйлықтар алды.
Кеңес Суханов жылына 300 млн уылдырық беретін инкубациялық цехтың салынуына ұйытқы болды. Оның өнімін көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның көптеген шаруашы-лықтарын амур, дөңмаңдай (толстолоб), тұқы (карп) балықтарының уылды-рығымен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, ҚазҰӨӨБШ (Каз-НПОРХ) институтымен бірлесіп селекция жасау, балықтардың тез өсіп жетілетін, жергілікті климатқа төзімді түрлерін өсіру жұмыстарымен айналысты. Соның нәтижесінде 1980 жылдары тоған шаруашылығы жылына 1500-1800 тонна өнім өндіруге қол жеткізді. Республикадағы ең алдыңғы қатарлы тоған шаруашылығы болып есептелді. Сол жылдары жұмысшы, қызметкерлер де орден, медальдардың иегерлері атанып, 3 адам «Үздік еңбегі үшін», 4 адам «Еңбек даңқы», 1 адам «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Шелек тоған балық шаруашылығы-ның жетістіктері туралы республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Казахстанская Правда», облыстық «Жетісу», «Огни Алатау», аудандық «Еңбек туы» газеттерінде мақалалар жиі жарияланып тұрды. Оныншы бесжылдықтың қорытындылары бойынша республика-лық жарыста жеңімпаз атанып, Қазақ-стан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР министрлер кеңесінің, Кәсіп-одақтардың, Қазақ Республикалық Кеңесі мен Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің ауыспалы «Қызыл Туымен» және дипломмен марапатталып, Қазақ КСР Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі республикалық «Құрмет тақтасына» жазылды. Бұл жөнінде баспасөздерде Шелек тоған шаруашылығына арналған арнайы бет жарық көрді. Осы жылдар ішінде ұжымның 15 мүшесіне «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағы беріліп, 16 озат «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісімен марапатталды. Қазақ КСР балық шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына 10, Құрмет дипломына 10 адам ие болды. Ал жүзден жүйрік шыққан 2 балықшы «КСРО балық өнеркәсібі социалистік жарыстың озаты» белгісін кеудесіне тақты. Майталман жүргізуші Алтынбек Арапов ерен еңбегі үшін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері атанды.
Кеңес Сухановтың өзі шаруашы-лықтағы жетістіктері үшін 1976-1978 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1979 жылы «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген балық өсіруші» атағына ие болды. Бірнеше дүркін Шелек аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өмірлік жолдасы Күлсара Орынбаева Қазақтың қыздар педагогикалық институтының аға мұғалімі қызметін атқарған. Қазір ол кісі де бақилық болған. Ұрпақтары өсіп-өнуде. Ұлы Руслан, қыздары Жанар мен Аида – бәрі жоғары білімді, өз ортасына танымал азаматтар, бала-шағалы болған өнегелі отбасы.
Осы сәуір айының 26 күні Көлді ауылында Кеңес Сухановқа арналған ас берілмекші. Аптал азамат арамыздан өтсе де өнегелі істері ұрпаққа үлгі. Ол атқарған сан алуан игі істері халық жадынан, тарих тақтасынан өшпек емес.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.